10. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікке билік ету бойынша шектеулер белгіленеді.
Сенімгерлікпен басқарушының өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен жарамсыз деп танылады.
Сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікті өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалану арқылы немесе өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерінен туындайтын міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттер сенімгерлікпен басқарушыда туындайды.
11. Сенімгерлікпен басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруды жеке өзі жүзеге асырады.
Сенімгерлікпен басқарушы өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті басқару үшін қажетті іс-әрекет жасауды, егер оған мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында осыған уәкілеттік берілген болса не құрылтайшының мүдделерін қамтамасыз ету үшін мән-жайларға байланысты осыған мәжбүр болса және бұл ретте оның нұсқауларын сұратып алуға мүмкіндігі болмаса, басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлікпен басқарушы өзі таңдап алған сенім білдірілген адамның іс-әрекеті үшін де өзінің іс-әрекетіндей жауап береді.
Сенімгерлікпен басқарушы басқаға сенім білдіру туралы құрылтайшыға дереу хабарлауға міндетті. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарушының құрылтайшысы бұл жағдайда сенімгерлікпен басқарушыға бұрын шығарылған шығыстарды өтеп, ал мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында көзделген жағдайларда - залалдарды өтеп, мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тоқтату туралы мәлімдеуге құқылы.
12. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша өзгертіледі және бұзылады.
Мемлекеттік мүлікті оның бір түрінен екіншісіне немесе жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тоқтатпайды.
13. Тараптардың бірінің бастамасы бойынша шарт тоқтатылған жағдайда екінші тарап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше мерзім көзделмесе, кемінде үш ай бұрын хабардар етілуге тиіс.
14. Осы Заңның 105, 106, 120, 145, 176-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты сенімгерлікпен басқарушыға сенімгерлікпен басқаруға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды көздеуі мүмкін.
76-бап. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты
1. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартына осы Заңның 77, 120, 145-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мүлікті өтеусіз пайдалану шарты (несие шарты) туралы ережелері қолданылады.
2. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша мемлекеттік мүлік осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда ғана берілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты осы Заңның 120-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда несие алушыға өтеусіз пайдалануға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды көздеуі мүмкін.
4. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша берілген мемлекеттік мүлікті кез келген жақсарту мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) жазбаша келісімімен жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты тоқтатылған кезде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) келісімімен жүргізілген ажыратуға болмайтын жақсартудың құны тиісті бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мемлекет меншiгiндегi және тарих пен мәдениет ескерткiшi болып табылатын ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және өзге де мүлiктi дiни бiрлестiктерге өтеусiз пайдалануға берген жағдайларда мемлекеттiк мүлiктi өтеусiз пайдалану шарты «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалады.
77-бап. Мемлекеттік заттай гранттарды өтеусіз пайдалануға беру
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік заттай гранттарды «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес өтеусіз пайдалануға береді.
78-бап. Мемлекеттік мүлікті мердігерлік шарты бойынша беру
Мемлекеттік мүлікті мердігерлік шарты бойынша беру тапсырыс берушінің - мемлекеттің жұмыстарды орындауда мердігерге жәрдем көрсету жөніндегі міндеттемелерді орындауы шеңберінде мердігерлік шартында көзделген көлемде және тәртіппен жүзеге асырылады.
79-бап. Мемлекеттік мүлікті концессия шарты бойынша беру
Мемлекеттік мүлікті концессия шарты бойынша беру «Концессия туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүзеге асырылады.
80-бап. Табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шарттар
Жер учаскелерін, жер қойнауы учаскелерін, су объектілерін, мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға беру мүліктің әрбір түрі туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тиісті шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
81-бап. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт
1. Мемлекеттік мүлік сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарт бойынша оның сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке және заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің сақтау туралы қағидалары осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса мемлекеттік мүлікті сақтау туралы қатынастарға қолданылады.
2. Мемлекеттік мүлікті сақтау оны сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті (заттарды) сақтауға қабылдау туралы шарт негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мүлікті сақтау оның сақталуын қамтамасыз етуге қабілетті кез келген тұлғаға жүктелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сақтауды кәсіпкерлік қызмет ретінде сақтау жөніндегі қызметтер көрсететін мамандандырылған ұйымдар ғана жүзеге асыра алады.
3. Мемлекеттік мүлікті сақтау нысанасы жылжымалы заттар болуы мүмкін.
Жылжымайтын мүлікті күзетуге осы баптың күші қолданылмайды.
4. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт жазбаша нысанда жасалады. Сақтаушы жүк берушіге сақтау қолхатын, түбіртекті, куәлікті, сақтаушы қол қойған өзге де құжатты беру арқылы шарттың жасалғанын куәландыруы мүмкін.
5. Мемлекеттік мүлікті сақтау мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сақтау шарттарында не сақтауға қабылдау туралы шарттарда айқындалады. Сақтау мерзімі өткеннен соң мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында, тиісті шарттарда өзгеше көзделмесе немесе мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің мәнінен туындамаса, сол мерзімге жасалған деп есептеледі.
Жүк беруші болып табылатын немесе оның жазбаша тапсырмасы бойынша өкілдік ететін уәкілетті мемлекеттік орган кез келген уақытта сақтаушыдан мүлікті (затты) талап етуге құқылы. Бұл жағдайда, егер мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттарда өзгеше көзделмесе, жүк беруші міндеттеменің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған залалдарды сақтаушыға өтеуге міндетті.
6. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт өтеулі болып табылады. Сақтаушыға берілетін сыйақының мөлшері тараптардың келісімімен, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, ставкалар мен тарифтерге сәйкес айқындалады.
7. Егер сақтау шартында өзгеше көзделмесе, сақтаушы жүк берушінің келісімінсіз затты үшінші тұлғаның сақтауына беруге құқылы емес, жүк берушінің мүдделерінде мән-жайларға байланысты ол осыған мәжбүр болған және оның келісімін алуға мүмкіндігі болмаған жағдайлар бұған кірмейді. Сақтаушы заттың үшінші тұлғаға сақтауға берілгендігі туралы жүк берушіні дереу хабардар етуге міндетті. Сақтаушы өзі затты сақтауға берген үшінші тұлғаның іс-әрекеті үшін өзінің іс-әрекетіндей жауап береді.
8. Сақтаушы өзіне берілген мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін шартта көзделген барлық шараны, сондай-ақ басқа да қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Мемлекеттік мүліктің сақталуы техникалық нормативтер мен сақтау және (немесе) қорғау шарттары жөніндегі талаптарға сәйкес қамтамасыз етілуге тиіс.
Сақтаушы сақтауға қабылдаған мемлекеттік мүліктің жоғалғаны, жетіспеушілігі немесе бүлінгені үшін жауап береді. Ол, егер заттың жоғалуы, жетіспеушілігі немесе бүлінуі өзінің кінәсінен болмағанын дәлелдейтін болса, жауаптылықтан босатылады.
Сақтаушы сақтауға берілген мемлекеттік мүлік жетіспеген кезде мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқандалған мерзімде жетіспейтін мүлікті заттай өтеуге, ал ондай мүмкіндік болмаған кезде - жоғалған немесе жетіспейтін мемлекеттік мүліктің құны мөлшерінде өтеуге міндеттенеді.
9. Осы баптың қағидалары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлікті сақтаудың жекелеген түрлеріне қолданылады.
10. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау шарты негізінде мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомстволық бағынысындағы ұйымдарда немесе сақтау пункттерінде (мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды және оларға қызметтер көрсетуді шарт негізінде жүзеге асыратын заңды тұлғаларда) сақталады.
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау шартынан туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
82-бап. Жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікті пайдалану құқықтарын жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікке:
1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасының заңдарымен жалпы пайдаланудағы мүлікке жатқызылған өсімдіктер мен жануарлар әлемі, өзге де табиғи ресурстар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен ені белгіленген жағалау белдеулері бар кеме жүзетін және сал ағызылатын өзендердің арналары, сондай-ақ көлдер, қойнау-қолаттар мен өзге де табиғи су айдындары;
3) порттар, айлақтар, шығанақтар, рейдтер мен қойнаулар, сондай-ақ бөгеттер, молдар, толқын бөгеттері мен өзге де жағалау құрылыстары;
4) иеліктен шығарылған белдеулері және қосымша құрылыстары мен қызметтері бар жалпы пайдаланудағы жолдар, тас жолдар мен көпірлер;
5) жер суландыру, мелиорациялау мақсатында және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарда салынған орлар, тоғандар, су қоймалары, каналдар, үймелер мен шұңқырлар;
6) алаңдар, тротуарлар, көшелер, қоғамдық саябақтар мен демалыс орындары, зираттар және өзге де қоғамдық құрылыстар мен үйлер;
7) храмдар мен қоғамдық мақсаттағы өзге де ғибадатханалар;
8) көркем, тарихи және археологиялық ескерткіштер;
9) ұлттық саябақтар, қорықтар, қаумалдар, резерваттар;
10) ұлттық өнер бұйымдары;
11) мұрағаттар, мұражай экспонаттары, көркем және ғылыми коллекциялар, оның ішінде ғылыми және мәдени құндылықтарға жататын жекелеген құжаттар, қолжазбалар, жарияланымдар, карталар мен басқа да жылжымалы заттар;
12) жалпы пайдаланудағы сервитуттар (көпшілік сервитуттар);
13) Қазақстан Республикасының заңдарымен жалпы пайдаланатын мүлікке жатқызылған өзге де мүлік жатқызылуы мүмкін.
Жалпы пайдаланудағы мүлікті пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүліктің жекелеген түрлері туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі және тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті өкілді немесе атқарушы органдары белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүлкінің жекелеген түрлері туралы заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жалпы пайдаланудағы мүлікті басқаруды және пайдалануды ұйымдастырады.
4-бөлім. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылуы
9-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері
83-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздерінің тізбесі
1. Мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері:
1) мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікті жекешелендіру немесе өзге де иеліктен шығару;
2) мемлекеттік заңды тұлғалардың өздері өндірген тауарларды немесе негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға иеліктен шығарып беруі;
3) жер учаскелерін жеке меншікке беру;
4) республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру;
5) мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы;
6) мемлекеттік мүлікті өндіріп алу;
7) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттемелері бойынша мемлекет пайдасына контрагенттің орындағанын қайтару;
8) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша алынған мүлікті қайтару;
9) мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану немесе шығару;
10) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негіздер болып табылады.
2. Осы Заңның 120, 214-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару өтеулі болып табылады.
84-бап. Мемлекеттік мүлікке құқықтардан бас тартуға тыйым салу
1. Мемлекет өзіне тиесілі мүлікке құқықтардан бас тарта алмайды. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарынан бас тартуы заңсыз болып табылады.
2. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік меншік құқықтарын және мемлекеттің өзге де мүліктік құқықтарын жүзеге асырудан бас тартуын айқын білдіретін іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіптік және өзге де жауаптылыққа әкеп соғады.
85-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті иеліктен шығаруы
Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде, өздері өндірген өнімді, шикізатты, тауарлық-материалдық құндылықтарды және негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті қоса алғанда, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға мүлікті иеліктен шығарып беруі иеліктен шығарылған мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтатуға әкеп соғады және жекешелендіру болып табылмайды.
86-бап. Жеке меншікке табыстау (беру) нәтижесінде жер учаскесіне және өзге де мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтату
1. Жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке меншікке табысталуы мүмкін.
2. Мемлекеттік заттай грант түрінде табысталған жер учаскесін қоса алғанда, мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтары грант алушының инвестициялық міндеттемелерін орындауы кезінде «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
87-бап. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы
1. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы және жойылуы мемлекеттің осы мүлікке құқықтарының тоқтатылуына әкеп соғады.
2. Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуы және жойылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ресімделеді.
3. Осы баптың қағидалары заттарға қолданылады.
88-бап. Мемлекеттің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу
1. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Бюджет қаражаттарын қоспағанда, мемлекеттік немесе жергілікті қазынаны құрайтын мүлік өндіріп алынбайды. Қазақстан Республикасының заңдарында өндіріп алынбайтын мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері белгіленуі мүмкін. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс өндіріп алуға болмайтын мүлік құнының шегінде бюджет қаражаттарымен жауаптылықта болады.
3. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің өндіріп алынатын мемлекеттік мүлікке құқықтары мемлекеттік мүлікті өндіріп алу кезінде құқықтар өтетін тұлға осы мүлікке құқықтарға ие болған кезден бастап тоқтатылады.
89-бап. Реквизициялау нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату
1. Тұлға бұрын өзіне тиесілі болған, реквизициялау кезінде мемлекет ие болған мүлікті осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша талап еткен кезде, осы мүлікке мемлекеттің құқықтары тоқтатылады.
2. Реквизициялау кезінде алып қойылған мүлікті қайтару осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
90-бап. Тәркілеу нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату
Соттың мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеуге негіз болған актінің күшін жоюы (тиісті бөлігіне өзгеріс енгізуі) мемлекеттің тәркіленген мүлікке мүліктік құқықтарын тоқтатуға негіз болып табылады.
Тәркіленген мүлікті қайтару немесе оның құнын өтеу осы Заңның 213-бабы 5-тармағының қағидалары бойынша жүргізіледі.
91-бап. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару жолымен мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату
1. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарға мемлекеттің құқықтары мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару нәтижесінде тоқтатылады.
2. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару:
1) оларды жаңартуға байланысты;
2) қарызға алу тәртібімен;
3) броньнан шығару тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды иеліктен шығару олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған не екінші деңгейдегі банктер кепілдік берген жағдайда жүргізіледі.
5. Мемлекеттік материалдық резервтен шығару кезінде материалдық құндылықтарды өткізуден алынған қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
6. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою кезiнде пайдаланылған мемлекеттік материалдық резервтiң материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен белгiленген мерзiмде заттай түрде бюджет қаражаты есебiнен өтелуге жатады.
7. Дағдарысты құбылыстар және ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасында үйлесімсіздік қаупі туындаған жағдайда мемлекеттік материалдық резервтің ресурстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін пайдаланылуы мүмкін.
92-бап. Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру
Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
10-тарау. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару
1-параграф. Жалпы ережелер
93-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi
1. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) және сатып алушы (ие болушы) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi болып табылады.
2. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган.
3. Сатып алушы (ие болушы) - мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлiктi сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға.
Сатып алушы (ие болушы) жағына бірнеше тұлға қатысқан кезде олар ынтымақтаса әрекет етеді.
4. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару объектісін сатудың (иеліктен шығарудың) шарты болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар сатып алушылар (ие болушылар) бола алмайды.
5. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін делдал тартуға құқылы.
94-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың түрлері
1. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару мынадай:
1) мемлекеттік мүлікті аукцион және тендер нысанындағы сауда-саттықта сату, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату арқылы жекешелендіру;
2) мемлекеттік мүлікті тiкелей атаулы сату арқылы жекешелендіру;
3) осы тараудың 3-параграфында көзделген тәртіппен және жағдайларда мемлекеттік мүлікті сауда-саттық жүргізбестен иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері түрлерінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік мүлiктi сатуға тiкелей алып келмейтін, бірақ оның кейiннен сатылуын көздейтiн іс-әрекеттер (мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны тиiсiнше жалдаушының (жалға алушының) не сенімгерлікпен басқарушының кейiннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға беру) жекешелендiрудiң түрлерi ретiнде емес, оның алдын ала жүргізілетін сатылары ретiнде қарастырылады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек қана мемлекетке тиесілі мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік иеліктен шығару объектісі болмайды.
Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2-параграф. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру
95-бап. Жекешелендiру жүргiзудiң негiзгi принциптері
Жекешелендiру жүргiзудің негiзгi принциптері жариялылық, бәсекелестiк, құқықтық мұрагерлік, лауазымды тұлғалардың жекешелендiру жүргiзудiң заңдылығы үшін жауапкершiлiгi және жекешелендiру объектiлері туралы ұсынылған деректердің дәйектілігі болып табылады.
96-бап. Жекешелендiру объектiсi
1. Мемлекеттік мүлiктiң мынадай түрлерi:
1) мүлiктiк кешен ретіндегі кәсіпорын;
2) жекешелендiрілуі тұйық технологиялық тiзбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бірлiктерi;
3) осы Заңның 85, 135, 145, 153, 161-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі;
4) акционерлік қоғамдардың акциялары;
5) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;
6) мемлекетке тиесiлi акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздар жекешелендiру объектілерi болып табылады.
2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган мемлекет мүлікті жекешелендiру туралы шешiм шығарған күннен бастап мемлекеттік мүлік жекешелендiру объектiсi болады.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендіруге жатпайтын тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мемлекеттік мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншікте болатын және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік жекешелендіру объектілері бола алмайды.
Мүлiктiк кешендер ретінде кәсіпорындарды немесе табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды иеленетін нарық субъектілері болып табылатын ұйымдардың мемлекетке тиесілі акцияларын жекешелендiру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Yкіметі қабылдайды және ол жекешелендiрудiң түрiне нұсқауды қамтуға тиiс.
97-бап. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіру
1. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіруге осы баптың 2-тармағында және осы Заңның 93, 95, 96, 99-101, 103, 107-112-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 25-тарауы 6-параграфының қағидалары қолданылады.
2. Жекешелендіруге жататын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына мемлекеттік материалдық резервтің онда сақталатын материалдық құндылықтары енгізілмейді.