5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) этникалық қазақтар мен оралмандарға техникалық және кәсіптік білім берудің, ортадан кейінгі және жоғары білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес білім гранттарын бөледі;
3) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес шетелдегі жалпы білім беру мекемелерінде оқып жүрген этникалық қазақтарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің балаларының білім алуға құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Ұлттық қауіпсіздік органының құзыреті
Ұлттық қауіпсіздік органы:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
3) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына және шетелдіктердің баруы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келуін келіседі;
4) көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келген кезде көші-қон карточкаларын беруді және Қазақстан Республикасынан кеткен кезде оларды алып қалуды жүзеге асырады;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
15-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) оралмандар мен көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді;
3) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға еңбек ресурстарының қажеттілігін ескере отырып, оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) еңбек жөніндегі уәкілетті органға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) жұмыс берушілерге тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат береді, сондай-ақ көрсетілген рұқсатты тоқтата тұрады және кері қайтарып алады;
6) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шетелдік қызметкерлерге еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында жұмысқа орналасуға рұқсат береді, сондай-ақ көрсетілген рұқсатты тоқтата тұрады және қайтарып алады;
7) бизнес-көшіп келушілердің уақытша тұруға арналған рұқсатының қолданылу мерзімін ұзартуға немесе қысқартуға қолдаухат береді;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оралмандарға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес халықтың нысаналы топтарына жататын оралмандарға жұмысқа орналасуға, кәсіптік даярлықтан өтуге, қайта даярлықтан өтуге және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетеді;
4) көшіп-қонушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мектептерден, мектепке дейінгі ұйымдардан, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерден орын береді;
5) оралмандарға қазақ тілін және өздерінің қалауы бойынша орыс тілін үйрену үшін жағдай жасайды;
6) оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысы, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін береді;
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. Тарихи отанына оралу мақсатында көшіп келу
16-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасы
1. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы Қазақстан Республикасына қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасына қоныс аударған, тіркелген және оралмандар туралы деректер базасына енгізілген оралмандардан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оралмандардың көшіп келу квотасы жөніндегі ұсыныстарды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі оралмандардың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған көшіп келу квотасын белгілейді.
2. Оралмандардың көшіп келу квотасын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бойынша бөледі.
3. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу тәртібін осы Заңның 20 және 21-баптарында көзделген талаптарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
17-бап. Оралмандардың санаттары
Оралмандар мынадай санаттарға:
1) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар;
2) оралмандардың көшіп келу квотасынан тыс Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын оралмандар болып бөлінеді.
18-бап. Оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге өтініш берудің тәртібі
1. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және Қазақстан Республикасының аумағында болатын этникалық қазақтар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш береді.
2. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар:
1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне Қазақстан Республикасының аумағында тұруы ықтимал жерін көрсете отырып, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы;
2) Қазақстан Республикасының аумағына келгеннен кейін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне оралман мәртебесін беру туралы өтініш береді.
3. Өтініште Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын барлық отбасы мүшелері:
1) жұбайы (зайыбы);
2) өтініш берушінің және жұбайының (зайыбының) ата-аналары;
3) балалары (оның ішінде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелері;
4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа- сіңлілері (қарындастары) көрсетіледі.
19-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы этникалық қазақтар мен оралмандардың өтініштерін қарау үшін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі тиісті комиссияларды құрады.
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия туралы үлгі ережені халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
20-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін бұл туралы өтініш берген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру және оларды оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
1. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері оралмандардың көшіп келу квотасына енуге үміткерлердің өтініштері мен құжаттарын қабылдап алады және олар тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
2. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш беруші үміткердің ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазба негізінде белгіленеді. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін құжаттарға үміткердің ұлтын растайтын басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса береді.
3. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісімі туралы қорытынды дайындау үшін үміткерлер тұруға таңдап алған әкімшілік-аумақтық бөліністердегі аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды этникалық қазақтың өзі таңдаған әкімшілік-аумақтық бөліністе тұруына қабылдауға келісімі туралы не дәлелді негізделген себептермен оны қабылдаудан бас тартуы туралы ұсыныстар алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
Жергілікті атқарушы орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде этникалық қазақтың өзі таңдаған әкімшілік-аумақтық бөліністе тұруына қабылдауға келісімі туралы не дәлелді негізделген себептермен оны қабылдаудан бас тартуы туралы ұсыныс дайындайды және оны халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жібереді.
Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жергілікті атқарушы органның тиісті ұсынысы негізінде үш жұмыс күнінен кешіктірмей этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісімі туралы не этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден дәлелді негізделген себептермен бас тартуы туралы қорытынды дайындайды және оны оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның қарауына ұсынады.
4. Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия тиісті қорытындыны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге алдын ала келісімі туралы не этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден дәлелді негізделген себептермен бас тартуы туралы шешім қабылдайды.
Үміткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгіленген шарттарға сай болған кезде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім беріледі.
Этникалық қазақтар оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге артықшылықты мынадай кезектілік ретімен:
1) белгілі бір мамандық бойынша тиісті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі барлар;
2) көп балалы отбасылар;
3) жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндігі бар кәмелетке толған жастар;
4) саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақсыз елдерден келгендер пайдаланады.
5. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның шешімін екі жұмыс күні ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның шешімін өтініш берушіге жеткізу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жібереді.
6. Этникалық қазақтардың оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге берген өтінішін қараудың жалпы мерзімі халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға осы өтініш келіп түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
7. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі шешімін алғаннан кейін оны бір айдың ішінде этникалық қазаққа жібереді және Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсетеді не оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден бас тартылғаны туралы хабарлайды.
8. Этникалық қазақ оралмандардың көшіп келу квотасына сәйкес Қазақстан Республикасында тұратын жеріне келгеннен кейін, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оралман мәртебесін алуға өтініш береді.
9. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісу туралы бұдан бұрын қабылданған шешімін ескере отырып, өтініш жасаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелеріне оралман мәртебесін береді, оралман куәлігін тапсырады және шешім қабылдау үшін оралмандардың тізімін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияға жібереді.
10. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің өздері өтініш жасаған кезден бастап он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат алуға және тұратын жері бойынша тіркелуге құқығы бар.
11. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия оралман мен оның отбасы мүшелері тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін, сондай-ақ тұратын жері бойынша тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды.
12. Еңбек жөніндегі уәкілетті орган оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бір айдың ішінде осы Заңда көзделген жеңілдіктерді, өтемақылар мен әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін береді.
21-бап. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және сонда жүрген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру және (немесе) оларды оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
1. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтініштерін олар тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде қарайды және шешім қабылдайды.
Үміткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгіленген шарттарға сай болған кезде оралман мәртебесі беріледі.
Оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылданған жағдайда, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазаққа және оның отбасы мүшелеріне оралман куәлігін береді.
2. Оралман мәртебесін алуға үміткердің ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес расталады. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша үміткердің ұлтын растайтын басқа құжаттардың көшірмелерін жібереді.
3. Оралман мәртебесін алған этникалық қазақтар өздерін осы Заңда айқындалған жағдайларда және тәртіппен оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге және жеңілдіктер, өтемақылар және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға үміткер бола алады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін оралман ретінде белгіленген тәртіппен оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге өтініш берген Қазақстан Республикасы азаматының өзі мен оның отбасының осы квотаға енгізілуге құқығы бар.
22-бап. Этникалық қазақтардың жекелеген отбасы мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізудің ерекшеліктері
1. Отбасы оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілгеннен кейін келген оралмандар отбасының басқа мүшелері де, сондай-ақ өздерінің ата-аналары Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін Қазақстан Республикасында туған балалары да күнтізбелік жыл ішінде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізіледі.
2. Егер оралман өз отбасының құрамында отбасы бар балаларын көрсетпеген болса, онда оралмандардың отбасы бар балалары қайтыс болған, ата-ана құқықтарынан айрылған не олар Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайларда ғана балаларының отбасы мүшелері оралманның отбасы құрамында оралмандардың көшіп келу квотасына енгізіледі.
Бұл ретте оралмандардың отбасы бар балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу үшін отбасы бар балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерінің ата-анасының екеуі де қайтыс болған не ата-ана құқықтарынан айрылған жағдайларда, оралман (оралманның жұбайы (зайыбы) олардың қорғаншысы (қамқоршысы) болуға тиіс.
23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне берілетін жеңілдіктер, өтемақылар және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері
1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде өздерінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынудан босатылады.
2. Оралман мәртебесін алған адамдар мен олардың отбасы мүшелері:
1) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетумен;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей мектептерде және мектепке дейінгі ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көлемде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлінген квотаға сәйкес білім алу мүмкіндігімен;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең әлеуметтік қорғалумен;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етіледі.
3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысы үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елді мекендердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінен, көшіп келушілерге арналған жер қорынан, арнаулы жер қорынан және босалқы жерлерден жерді уақытша өтеусіз пайдалану құқығымен жер учаскелері беріледі.
Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнаулы жер қорынан, көшіп келу жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелері беріледі.
4. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына оралмандардың көшіп келу квотасынан тыс қоныс аударған оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақыларды белгілеуі мүмкін.
5. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен берілетін жеңілдіктерден, өтемақылардан, жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектің өзге де түрлерінен басқа мынадай қосымша жеңілдіктер:
1) қоныстандыру өңіріне қарай сараланған және алғашқы бейімдеу, тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақы төлемі беріледі;
2) тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлінеді немесе тұрғын үй салуға, қалпына келтіруге немесе сатып алуға жеңілдікті кредиттік қарыз алады.
6. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады.
7. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты тек қана Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаннан кейін, отбасының ұлты қазақ емес мүшелерінен басқа, отбасының кәмелетке толған мүшелерін қоса алғанда, жеке басын куәландыратын құжаттарын ұсынуы бойынша алуы мүмкін.
8. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайда біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат есептелмейді және (немесе) төленбейді.
9. Оралман немесе оның отбасы мүшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілгеннен кейін қайтыс болған жағдайда отбасының мүшелеріне немесе оралманға біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу-алмауына қарамастан төленеді.
10. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар, оларға осы баптың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес төленген біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты:
1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы үш жылдың ішінде оралмандардың көшіп келу квотасын алған кезде қоныстану үшін белгіленген өңірден тыс жерге өзінің ерік қалауымен өз бетінше ішкі көшіп-қонған жағдайларда;
2) оралман мәртебесін алған күннен бастап бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекетке өтеуге міндетті.
24-бап. Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру
1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін оралман мәртебесін алғанға дейін алғашқы қоныстандыру олардың қалауы бойынша уақытша орналастыру орталықтарында халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
2. Бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету үшін оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары құрылады.
Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тұруының тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетудің тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
25-бап. Оралман мәртебесінің тоқтатылуы
Оралман мәртебесі:
1) оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін;
2) егер ол Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш бермеген болса, оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады.
26-бап. Оралмандардың құқықтары мен міндеттері
1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің:
1) жеңілдетілген (тіркелген) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;
2) жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар.
2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелері:
1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне олардың оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініштерін қарауға қажетті дәйекті деректерді ұсынуға;