17-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты
экологиялық желінің элементтерi
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желінің элементтері ұғымы
1. Өздерінің экологиялық жүйелерінің жай-күйі және өздерінің орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық саналуандығын сақтауды қамтамасыз ететін кеңістік тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су беті және олардың үстіндегі әуе кеңістігі учаскелерінің жиынтығын білдіретін табиғи кешендер экологиялық желінің элементтері болып табылады.
2. Экологиялық желінің элементтеріне сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетілетін аймақтары, экологиялық дәліздер, мемлекеттік орман қоры, су қорғау аймақтары, су объектілерінің алаптары және басқа да табиғи объектілердің қорғалатын учаскелері, соның ішінде аң аулау алқаптары жатады.
3. Сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы мемлекеттік орман қорының жер учаскелерін, су қорғау аймақтары мен су объектілерінің алаптарын, аң аулау алқаптарын, балық шаруашылығының су айдындарын белгілеу мен пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен реттеледі.
81-бап. Экологиялық дәліздер
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Экологиялық дәліздер барлық санаттағы жер учаскелерінде оларды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алып қоймай, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін, биологиялық саналуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтін жануарлардың табиғи қоныс аудару және өсетін өсімдіктердің таралу жолдарын қорғау мақсаттарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желінің басқа да элементтері арасындағы кеңістік байланысты қамтамасыз ету үшін құрылады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Экологиялық дәліздер учаскелерінде жабайы жануарлардың уақытша мекендейтін жерлерінде олардың сақталуын, қоныс аудару кезеңдерінде олардың жүріп өтетін жолдарының сақталуын, жабайы өсімдіктер өсетін жерлердің сақталуын қамтамасыз ететін осы жерлерді пайдаланудың реттелмелі режимі белгіленеді.
Экологиялық дәліздер режимінің ерекшеліктері ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында айқындалады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Экологиялық дәліз құру туралы шешімді жаратылыстану-ғылыми негіздеме негізінде уәкілетті органның ұсынысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Экологиялық дәліздердің шекаралары табиғи географиялық шептер бойынша белгіленеді және жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленеді.
Экологиялық дәліздерді қорғау мен басқаруды табиғат қорғау мекемелері жүзеге асырады. Экологиялық дәліздер уәкілетті органның шешімдерімен табиғат қорғау мекемелеріне бекітіп берілетін болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамудың өңіраралық схемалары, қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары мен экологиялық дәліздер аумағын қозғайтын өзге де қала құрылысы құжаттамасы уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
18-тарау. Қорытынды ережелер
82-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзушылықтан келтірілген залалды өтеу
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне залал келтірген жеке және заңды тұлғалар келтірілген шығындарды ескере отырып, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қалпына келтіруге жұмсалған шығындар мөлшерінде табиғат қорғау ұйымдарына толық көлемде өтеуге міндетті.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 83-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
83-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
84-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 32-бабын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 1997 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 жыл, № 17-18, 215-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2001 ж., № 3, 20-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 10, 57-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 7-сі.
№ 175-III ҚРЗ