6. Ақшаны уақытша орналастыру шотынан қамтамасыз ету сомасын қайтару кезінде, ол бойынша сыйақы төленбейді, сомалар индекстелмейді, банк қызметтерін көрсету жөніндегі тарифтерді кеден органы аударылатын ақша есебінен төлейді.
7. Төлеушінің өтініші бойынша ақшаны уақытша орналастыру шотынан қамтамасыз ету сомасын кеден органы алда болатын кедендік баждар мен салықтардың есебіне және (немесе) төлеушінің кеден органдары алдындағы басқа міндеттемесі бойынша кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде есепке жатқызады.
8. Төлеушінің ақшаны уақытша орналастыру шотынан қамтамасыз ету сомасын қайтаруға немесе осындай соманы басқа міндеттемелер бойынша есепке жатқызуға өтініші болмаған жағдайда, кеден органы мынадай талаптар бір уақытта сақталған:
төлеуші міндеттемені орындаған;
осы Кодекстің 132-бабында белгіленген талап қою мерзімі аяқталған кезде ақшаны уақытша орналастыру шотынан қамтамасыз ету сомасын бюджетке аударады.
9. Осы баптың 4-6-тармақтарының ережелері, уақытша демпингке қарсы, арнайы және өтемдік баждардың қайтарылуына да қолданылады.
10. Егер төлеуші кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде мүліктік кепіл шартын табыс еткен болса, мүліктік кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің орындалуы туралы төлеушінің жазбаша өтініші бойынша кеден органы төлеушінің осындай өтініші тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде төлеуші міндеттемесінің орындалғанын растайды.
11. Банк кепілдіктері бойынша міндеттеменің тоқтатылуы, міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Төлеуші кедендік баждардың, салықтардың төленуін бас қамтамасыз ету ретінде енгізген банк кепілдемелері бойынша тоқтатуды кеден органы төлеушіде кедендік баждардың, салықтардың төленуін бас қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі ішінде пайда болған соңғы міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
12. Кепілгерлік шарттары бойынша міндеттемелерді тоқтатуды кеден органы міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады. Бас қамтамасыз етуді көздейтін кепілгерлік шарттары бойынша міндеттеменің тоқтатылуын кеден органы кедендік баждардың, салықтардың төленуін бас қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі ішінде төлеушіде туындаған соңғы міндеттеме орындалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
18-тарау. Кедендік баждар, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өндіріп алу
157-бап. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өндіріп алудың жалпы ережелері
1. Кедендік төлемдер мен салықтар белгіленген мерзімдерде төленбеген немесе толық төленбеген жағдайда берешек қалыптасады. Кеден органдары берешекті осы тарауда айқындалған тәртіппен төлеушілерден өндіріп алады.
2. Кедендік төлемдер мен салықтар белгіленген мерзімде төленбеген немесе толық төленбеген жағдайда кеден органдары кедендік төлемдер мен салықтарды төлеушінің ақшасы және (немесе) басқа да мүлкі есебінен, оның ішінде артық төленген кедендік төлемдер мен салықтар және (немесе) аванс төлемдерінің сомасы есебінен, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, кедендік баждар, салықтар есебінен мәжбүрлеп өндіріп алады.
3. Кеден органдары берешекті өндіріп алу үшін мынадай:
1) осы Кодекстің 159-бабында көзделген тәртіппен төлеушіге хабарлау;
2) осы Кодекстің 161-бабында көзделген тәртіппен кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті кедендік баждар мен салықтардың артық төленген сомалары есебінен не кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомалары есебінен өндіріп алу;
3) берешекті өтеуді қамтамасыз етудің мынадай тәсілдерін қолдану:
берешек сомасына өсімпұл есептеу;
төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару;
4) мынадай тәртіппен:
төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен;
төлеуші дебиторларының шоттарынан;
төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану әрекеттерін жүзеге асырады.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген әрекеттер, кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешек сомасына өсімпұл есептеуді қоспағанда, бірінен кейін бірі қолданылады.
5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкерден және заңды тұлғадан берешекті және өсімпұлды өндіріп алу даусыз тәртіппен жүргізіледі. Жеке тұлғадан берешек пен өсімпұл өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.
6. Кедендік төлемдер мен салықтарды өндіріп алу:
1) осы Кодексте көзделген төленбеген кедендік төлемдерді, салықтарды өндіріп алудың талап қою мерзімі өткен соң;
2) егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда тоқтатылса, жүргізілмейді.
7. Кедендік төлемдерді, салықтарды және өсімпұлдарды, осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тауарлар шығаруды жүргізген кеден органы, ал кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарларға қатысты - кедендік шекара арқылы заңсыз өткізу фактілерін анықтаған кеден органы өндіріп алады.
8. Осы Кодекстің 331-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімдерде төленбеген кедендік баждарды, салықтарды кеден одағына мүше мемлекеттің кедендік баждардың, салықтардың қамтамасыз етілуі берілген кеден органы осындай қамтамасыз ету есебінен өндіріп алады.
Осы Кодекстің 331-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімде төленбеген кедендік тасымалдаушы төлеуге тиіс кедендік баждарды, салықтарды кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тұлға кедендік тасымалдаушы ретінде танылған кеден органы өндіріп алады.
9. Осы баптың 8-тармағына сәйкес өндіріп алынған кедендік баждарды, салықтарды кедендік баждар, салықтар төленуге тиіс кеден одағына мүше мемлекетке аудару тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
158-бап. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешек сомасына өсімпұлдар есептеу
1. Берешек пайда болған кезде төлеуші өсімпұл төлейді. Өсімпұл деп кедендік төлемдер мен салықтардың мерзімінде төленбеген сомасына есептелген, осы баптың 2-тармағында белгіленген мөлшер танылады.
2. Кедендік баждар мен салықтарды төлеудің мерзімі өткен әрбір күн үшін, төлеу күнін қоса алғанда, кедендік төлемдер мен салықтардың төлеу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерінде әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есепке жазылады.
Өсімпұл берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдерін және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершіліктің өзге шараларын қолдануға қарамастан есепке жазылады және төленеді.
3. Банкрот деп танылған төлеушіде пайда болған берешек сомасына сот шешім қабылдаған күннен бастап не оған қатысты мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылданған, не оңалту рәсімін қолдану туралы ұйғарым қабылданғанда осындай шешім немесе ұйғарым күшіне енген күннен бастап өсімпұл есепке жазылмайды.
4. Жеке тұлғаны хабарсыз жоғалып кеткен деп тану туралы соттың шешімі күшіне енген күннен бастап осы шешімнің күші жойылған күнге дейін берешек сомасына өсімпұл есепке жазылмайды.
5. Өсімпұлға және айыппұл сомасына өсімпұл есепке жазылмайды.
6. Артық төленген кедендік төлемдер мен салықтардың сомасына есепке жатқызуды жүргізу жолымен өтелген берешек сомасына есепке жатқызуды жүргізуге арналған төлем құжатының күнінен бастап өсімпұл есепке жазылмайды.
7. Кедендік төлемдер мен салықтар сомалары бюджетке аударылған кезде:
1) банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар төлеушінің банк шотынан ақшаны есептен шығару күнінен бастап;
2) төлеуші банкоматтар немесе өзге де электронды құрылғылар арқылы төлемді жүзеге асырған күннен бастап;
3) төлеуші қолма-қол ақшаны банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға енгізген күннен бастап өсімпұл есептелмейді.
8. Төлеушінің жеке шотында бар кедендік төлемдер мен салықтардың осы түрі бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың артық төленген сомасына барабар кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешек сомасына төлеушінің жеке шотында пайда болған артық төленген сома негізделген төлем құжатының күнінен бастап өсімпұл есепке жазылмайды.
159-бап. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама
1. Төлеушінің кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті төлеу жөніндегі міндеттемесін орындау қажеттігі туралы кеден органы төлеушіге қағаз тасымалдағышта жіберген хабарлама кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама болып танылады. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаның нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2. Кедендік бақылау нәтижелері бойынша кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама:
төлеушіге кедендік тексеру актісі берілген күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей;
кеден органы төлеушінің жеке шотындағы кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті анықтаған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей төлеушіге жіберіледі.
3. Төлеушіге кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама оның әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылғанына қарамастан жіберіледі.
4. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламада:
1) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
2) төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе толық атауы және заңды мекенжайы;
3) кеден органының атауы;
4) хабарламаның күні;
5) кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешек сомасы;
6) хабарлама берілген күнгі өсімпұлдар сомасы;
7) кедендік төлемдерді, салықтарды және өсімпұлды төлеу бойынша міндеттемені орындау туралы талап;
8) хабарламаны жіберу үшін негіздеме;
9) кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша берешекті өтеу кезінде өсімпұлды есептеу тәртібі;
10) шағымдану тәртібі;
11) кедендік декларацияны түзетуді және (немесе) кедендік тауарлар құнын түзетуді ресімдеу жөніндегі талап және оларды ресімдеу мерзімдері көрсетілуге тиіс.
5. Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама тіркелген сәттен бастап өтелген күн қоса есептелетін мерзімге дейін есептеуге жататын, өсімпұл есепке алынбаған кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешекті өтеген кезінде кеден органы бұрын берген кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламасына қосымша хабарлама береді.
6. Осы Кодекске сәйкес оларға қатысты кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама жіберілген кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешек сомалардың өзгеруіне әкеп соққан негізделген фактілер анықталған жағдайда, кеден органы кедендік төлемдер, салықтар бойынша берешекті және өсімпұлдарды өтеу туралы жіберілген бастапқы хабарламаны кері қайтарып алумен бір мезгілде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы жаңа хабарлама жібереді.
7. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны кері қайтарып алу және жаңасын жіберу кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешек сомалардың өзгергенін куәландырылатын фактілер расталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
160-бап. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны тапсыру және орындау тәртібі
1. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама төлеушіге қолын қойғыза отырып, жеке өзіне немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жіберіледі. Төлеушіге хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жіберілген кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама төлеуші почта байланысы немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасында белгі қойған күннен бастап тапсырылды деп саналады.
2. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламадағы талаптарды орындау мерзімі, төлеуші көрсетілген хабарламаға шағымдану жағдайын қоспағанда, төлеушіге хабарлама тапсырылғаннан кейінгі күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен аспайтын мерзімді құрайды.
3. Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаға шағымдануды осы Кодекстің
19-тарауында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, көрсетілген хабарламадағы талаптарды орындау мерзімі шағым берілген күннен бастап шағым бойынша шығарылған шешім заңды күшіне енген күн қоса алынғанға дейінгі уақыт кезеңінде тоқтатыла тұрады. Бұл ретте шағым жасау өсімпұлдарды есепке жазуды тоқтата тұрмайды.
161-бап. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті кедендік төлемдер мен салықтардың артық төленген сомалары есебінен не кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомалары есебінен өндіріп алу
1. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламадағы талаптар орындалмаған кезде кеден органы аталған берешекті кедендік төлемдердің және (немесе) салықтардың түрлері бойынша кедендік төлемдердің және (немесе) баждардың артық төленген сомалары есебінен не кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомалары есебінен өндіріп алады.
Бұл ретте, кедендік төлемнің және (немесе), салықтың өзге түрі бойынша кедендік төлемдердің және (немесе) салықтардың артық төленген сомалары есебінен кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті кеден органы осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес есепке жатқызу жолымен өндіріп алады.
2. Осы бапқа сәйкес кеден органы кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешектің өндіріп алынған сомасы туралы оларды өндіріп алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде төлеушіге жазбаша хабарлайды.
162-бап. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
1. Кедендік төлемдердің және (немесе) салықтардың артық төленген сомалары не ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізілген қамтамасыз ету сомалары берешекті өтеу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы кеден органының өкімін шығарады.
2. Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру мыналардан:
1) төлеушінің берешек пен өсімпұлды дербес өтеуі жөніндегі операциялардан;
2) ақшаны:
адам өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтін атқару құжаттары бойынша;
еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақы төлеу, клиенттің міндетті зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару жөніндегі міндеттемелері және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша есеп айырысу үшін ақшаны алып қоюды көздейтін атқару құжаттары бойынша;
берешек пен өсімпұлды өтеу бойынша, сондай-ақ мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша алып қою жағдайларынан басқа, төлеушінің барлық шығыс операцияларына қолданылады.
Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешімдерінің негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.
3. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген нысан бойынша шығарылады және банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшіне енеді.
4. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар бұлжытпай орындауға тиіс.
5. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің күшін банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себебі жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай өкімді шығарған кеден органы жояды.
163-бап. Төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
1. Төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кейіннен оларды кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу есебіне аудару үшін ақша тапсыру бойынша операциялардан басқа, кассадағы қолма-қол ақшалардың барлық шығыс операцияларына қолданылады.
Төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша екі дана етіп жасалады, оның бір данасы төлеушіге қол қойғызып немесе жіберу мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен тапсырылады.
2. Кеден органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін төлеуші бұлжытпай орындауға тиiс.
3. Төлеуші осы баптың талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4. Кеден органы төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтегеннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей кеден органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің күшін жояды.
164-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу есебіне төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару
1. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламада белгіленген мерзімдер ішінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешек өтелмеген жағдайда кеден органы төлеушінің мүлкіне билік етуіне шектеу қояды.
2. Төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешімді кеден органы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген нысан бойынша шығарады.
3. Төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім бағаны айқындау тәсіліне қарай баланстық немесе нарықтық құны берешек пен өсімпұл сомасына сәйкес келетін меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлікке қатысты шығарылады.
Қаржы лизингі мен кепілді қоса алғанда, төлеушінің жалға берілген мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығарылған кезде осы мүлікке қатысты кеден органы шешім шығарған кезден бастап және ол жойылғанға дейін жалға алушы мен кепілді ұстаушыға мұндай мүлікке меншік құқығын беруге тыйым салынады.
4. Осындай шешімнің негізінде кеден органы төлеушіге мүлікке иелік ету, пайдалану және билік ету шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескерте отырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген нысан бойынша билік етуі шектелген мүлікке тізімдеме актісін жасайды.
Билік етуі шектелген мүліктің тізімдемесі төлеушінің бухгалтерлік құжаттамасының деректері немесе Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін тәуелсіз бағалау негізінде айқындалатын оның бағасы көрсетіле отырып жүргізіледі және екі дана етіп жасалған актімен ресімделеді.
5. Кеден органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің және мүлік тізімдемесі актісінің бір-бір данасын төлеушіге беруге міндетті.
6. Мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін осындай шешім шығарған кеден органы мүлікке билік етуді шектеудің себептері жойылғаннан кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.
165-бап. Берешек пен өсімпұлды төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу
2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар бойынша берешекті және өсімпұлды өтеу туралы хабарламада белгіленген мерзімдер ішінде берешек пен өсімпұлды өтемеген жағдайда, кеден органдары жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарынан даусыз тәртіппен ақша өндіріп алу туралы шешім шығарады.
Осы тармақтың ережелері банк берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын, көрсетілген қарыздың өтелмеген негізгі борышы мөлшеріндегі ақша сомасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамалық актілеріне сәйкес өндіріп алуға жол берілмейтін банк шоттарына қолданылмайды.
2. Даусыз өндіріп алу туралы шешім қажетті ақшаны төлеушінің шотынан есептен шығаруға және бюджетке аударуға кеден органының инкассолық өкімін төлеушінің шоты ашылған банкке жіберу нысанында қабылданады.
3. Банк төлеушінің бір банк шотынан берешекті өндіріп алу туралы кеден органының инкассолық өкімін орындаған жағдайда, егер кеден органы төлеушінің көрсетілген банкте ашқан басқа банк шоттарына дәл осы сомаға және берешек түріне инкассолық өкім шығарған болса, банк кеден органының инкассолық шешімін орындау фактісін растайтын төлем құжатын қоса тіркей отырып, мұндай инкассолық шешімді орындамай, кеден органына қайтарады.
4. Шоттардан даусыз тәртіппен берешекті және өсімпұлды өндіріп алу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және шетел валютасымен жүргізіледі. Шоттардан берешек пен өсімпұлды шетел валютасымен өндіріп алу төлеушінің шотынан берешек пен өсімпұлды өндіріп алған күні Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленуге тиісті кедендік төлемдер, салықтар және олар бойынша өсімпұл сомасына барабар сомада жүргізіледі.
5. Кеден органының инкассолық өкімін орындауды банк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырады.
166-бап. Төлеушінің берешегі мен өсімпұлын оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу
1. Төлеушінің - дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарында ақша болмаған және қолма-қол ақшасы болмаған жағдайда, кеден органы төлеушінің алдында берешегі бар үшінші тұлғалардың (бұдан әрі - дебиторлардың) банк шоттарындағы ақшасынан пайда болған берешек пен өсімпұл шегінде өндіріп алуға құқылы.
Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарлама жіберген кеден органына дебиторлық берешектердің сомаларын көрсете отырып дебиторлардың тізімін және бар болған жағдайда дебиторлармен бірлесіп жасаған және дебиторлық берешек сомаларын растайтын өзара есеп айырысулардың салыстыру актілерін ұсынуға міндетті.
Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеген жағдайда дебиторлар тізімі мен өзара есеп айырысуды салыстыру актісі табыс етілмейді.
Өзара есеп айырысуды салыстыру актісі бар болған кезде кеден органы дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алу туралы хабарламаны дебиторлар алған күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өндіріп алу туралы инкассолық өкімдерді дебиторлардың банк шоттарына шығарады.
2. Дебиторлық берешек сомасын растайтын табыс етілген дебиторлар тізімі негізінде кеден органы дебиторларға дебиторлық берешек шегінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу есебіне олардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алу туралы хабарлама жібереді. Дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алу туралы хабарламаның нысаны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
Дебитор хабарламаны алған кезден бастап жиырма күннен кешіктірмей, хабарламаны алған күні төлеушімен бірлесіп жасаған өзара есеп айырысудың салыстыру актісін хабарлама жіберген кеден органына беруге міндетті.
3. Төлеуші мен оның дебиторы арасындағы өзара есеп айырысуды салыстыру актісінде мынадай мәліметтер:
1) төлеушінің және оның дебиторының атауы, олардың сәйкестендіру нөмірлері;
2) орналасу жері бойынша тіркеу есебінде тұрған төлеуші және оның дебиторы есепте тұрған кеден органының атауы;
3) төлеушінің және оның дебиторының банк шоттарының деректемелері;
4) дебитордың төлеуші алдындағы берешек сомасы;
5) төлеушінің және оның дебиторының заңды мекенжайлары, мөрлері мен қолдары;
6) салыстыру актісі жасалған күн қамтылуға тиіс.
4. Кеден органы дебиторлық берешектің сомасын растайтын өзара есеп айырысуды салыстыру актісінің негізінде дебитордың банк шотына төлеушінің берешегі мен өсімпұлын өндіріп алу туралы инкассолық өкім шығарады.
5. Дебитор-төлеушілердің банкі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымы осы Кодекстің 165-бабында айқындалған талаптарға сәйкес кеден органы шығарған төлеушінің берешегі мен өсімпұл сомасын өндіріп алу туралы инкассолық өкімін орындауға міндетті.
167-бап. Төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен өндіріп алу
1. Төлеушінің банк шоттарында ақша, қолма-қол ақшасы және оның дебиторларының банк шоттарында ақша жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда кеден органдары оның келісімінсіз төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өндіріп алу туралы қаулы шығарады.