4. Басқарма шешімі Басқарма мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан жағдайда Басқарма мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Басқарма төрағасының дауысы шешуші болады.
5. Шешім Басқарма төрағасы болмаған кезде қабылданған жағдайда ол бір апта мерзімнен кешіктірілмей Басқармаға шешімін өзінің қарсылықтарымен қоса қайта талқылау және дауыс беру үшін қайтаруға құқылы. Басқарма төрағасының қарсылықтары Басқарма мүшелері жалпы санының үштен екісінің даусымен еңсерілуі мүмкін.
6. Басқарма өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қаулы қабылдайды.
7. Басқарманың отырысында хаттама жүргізіледі. Төраға Басқарма хатшысының функциясын Басқарманың кез келген мүшесіне немесе монополияға қарсы органның қызметкеріне жүктей алады.
8. Басқарма отырысында қарауға арналған құжаттар Басқарма отырысы басталардан күнтізбелік он күннен кешіктірілмей енгізіледі. Басқарма төрағасы материалдарды алдын ала қараудың өзге де мерзімдерін белгілеуге құқылы.
42-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің құқықтары
Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқарған, оның ішінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қараған, монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы туралы істі тергеген, экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асырған және бәсекелестік деңгейінің жай-күйін айқындаған кезде өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қызметтік куәліктерін және монополияға қарсы орган басшысының Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуына тергеу жүргізу туралы шешімін көрсеткен кезде:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік органдар мен нарық субъектілерінің үй-жайлары мен аумақтарына кедергісіз кіруге;
2) мемлекеттік органдардан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды және өзге де жеке және заңды тұлғалардан ақпарат, оның ішінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының жол берілген бұзушылық фактілері бойынша жазбаша және (немесе) ауызша түсініктемелер сұратуға және алуға құқығы бар.
43-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтау жөніндегі міндеті
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы орган өзінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып табылатын ақпарат жария етілуге жатпайды.
2. Монополияға қарсы органның қызметкерлері коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып табылатын ақпаратты жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
3. Монополияға қарсы органның не оның лауазымды адамдарының коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып табылатын ақпараттарды жария етуі нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
7-тарау. МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАННЫҢ РЕТТЕУШІ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ
ОРГАНДАРЫМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
44-бап. Монополияға қарсы және реттеуші органдардың өзара іс-қимылы
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттігі шегінде реттеуші органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады:
1) тауар нарықтарын талдау нәтижелері бойынша реттеуші органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызу жөнінде, оның ішінде мемлекет реттейтін бағаларды енгізу орынды болатын өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасы бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) тауар нарығын реттелетін нарыққа жатқызған кезде реттеуші органдарға және осы нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісіне тізілімнен үзінді көшірме жібереді;
3) реттеуші органдарға табиғи монополия субъектілерінің немесе қызметін реттелетін нарықтарда жүзеге асыратын нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзуының анықталған белгілері туралы хабарлайды және ақпаратты немесе материалдарды береді;
4) реттеуші органдармен бірлесіп, нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзуының жолын кесу жөнінде бірлескен іс-шаралар жүргізуге қатыса алады.
2. Реттеуші органдар өз өкілеттігі шегінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимылды жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызу жөнінде, оның ішінде мемлекет реттейтін бағалар енгізу орынды болатын өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасы бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) монополияға қарсы органға табиғи монополиялар субъектілерінің немесе қызметін реттелетін нарықтарда жүзеге асыратын нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзуының анықталған белгілері туралы хабарлайды және ақпаратты немесе материалдарды береді;
3) монополияға қарсы органмен бірлесіп, нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзуының жолын кесу жөнінде бірлескен іс-шаралар жүргізуге қатыса алады.
45-бап. Монополияға қарсы және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен мынадай нысандарда өзара іс-қимылды жүзеге асырады:
1) құқық қорғау органдарына монополияға қарсы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
2) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалы ақпарат пен мониторинг деректерін береді;
3) құқық қорғау органдарының сауал салуы бойынша өз құзыреті шегінде зерттеулер, сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
4) құқық қорғау органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сауал салуы бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу жөніндегі іс жүргізу әрекеттері мен іс-шараларына қатысуы үшін сарапшылар ретінде жібереді.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өз өкілеттігі шегінде монополияға қарсы органмен мынадай нысандарда өзара іс-қимылды жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы саласында анықталған құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды;
2) монополияға қарсы органның және оның аумақтық органдарының сауал салуы мен өтініштері бойынша:
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін құқыққа қайшы іс-әрекеттердің жолын кесу үшін қызметкерлерін жібереді;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сауал салуына сәйкес Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін монополияға қарсы органға жеткізу жөнінде шаралар қолданады;
Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен монополияға қарсы орган табыс ететін қылмыстық жаза қолданылатын белгілері бар бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттердің материалдары бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдайды, ол туралы монополияға қарсы органға хабарлайды;
монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтың дәлелдемелерін табуға және бекітуге практикалық көмек көрсетеді.
4-БӨЛІМ. БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ
8-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ
ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ
46-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы орган:
1) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау;
2) экономикалық шоғырлануға бақылау;
3) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметтеріне мониторинг жүргізеді.
47-бап. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау
1. Тауар нарықтарына талдау жүргізудің мақсаты бәсекелестікті қорғау мен дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу үшін бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау болып табылады.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тауар нарығын талдау статистикалық ақпарат және мемлекеттік органдар, нарық субъектілері мен олардың бірлестіктері табыс ететін есептіліктің өзге де нысандары негізінде жүргізіледі.
3. Тауар нарығының шекаралары, егер тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарды осы аумақтың шегінен тыс жерлерден сатып алу экономикалық, технологиялық және басқа себептер бойынша орынсыз болса, тұтынушының оларды сатып алатын аумағын айқындайды.
4. Тауар нарықтарының шекаралары тауарларды сатып алудың қолжетімділігі ескеріле отырып, мынадай:
1) осы аумақта тауар сатып алу мүмкіндігінің;
2) көлік шығындарының тауар құнына қатысты алғанда негізділігі мен өзін-өзі ақтайтындығының;
3) тауарды тасымалдау кезінде оның сапасы, сенімділігі мен басқа да тұтынушылық қасиеттері сақталуының;
4) тауарларды сатып алуға-сатуға, әкелуге және әкетуге шектеулер (тыйым салу) болмауының;
5) өз шегінде тауарлардың сатылуы, берілуі жүзеге асырылатын аумақта бәсекелестікке тең жағдайлар болуының критерийлері бойынша айқындалады.
5. Тиісті тауар нарықтарының шекараларын айқындауды монополияға қарсы орган:
1) тауарлар нарықтарына талдау жасау кезінде;
2) тізілімді қалыптастыру және жүргізу кезінде;
3) жеке тұлғаның, нарық субъектісінің және (немесе) заңды тұлғалар бірлестіктерінің, сондай-ақ мемлекеттік органның дәлелді өтініші болған жағдайда;
4) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактілері анықталған кезде жүзеге асырады.
6. Тауар нарығының көлемі тауардың немесе өзара алмастырылатын тауарлардың әкеліну және әкетілу көлемдері ескеріле отырып, нарық субъектілерінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың шекаралары шегінде өткізуінің заттай көрсеткіштердегі немесе құн көрсеткіштеріндегі сомасы ретінде айқындалады.
Нарық субъектісі өз өнімінің бір бөлігін өз мұқтажына пайдаланған жағдайда, өткізу көлеміне тауар нарығындағы өткізу көлемі ғана қосылады.
7. Нарық субъектісінің тиісті тауар нарығындағы үлесі нарық субъектісінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың географиялық шекаралары шегінде өткізу көлемінің тиісті тауар нарығының жалпы көлеміне қатынасы ретінде айқындалады.
8. Нарық субъектілерінің үлесін айқындау өнім беру көлемінің үлесі өнім берудің жалпы көлемінде сексен бес проценттен асатын субъектілердің ақпараты болған кезде мүмкін болады.
9. Монополияға қарсы орган тауарлардың өзара алмастырылуының және оларды сатып алуға қолжетімділіктің, тауар нарығы шекараларының, оны талдаудың және бәсекелес ортаның жай-күйін бағалаудың критерийлерін айқындау әдістемесін тауардың ерекшелігін және Қазақстан Республикасының экономиканың тиісті саласын реттейтін заңнамасын ескере отырып, уәкілетті органмен келісім бойынша, ал қаржылық ұйымдар үшін қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Нарық субъектілері, олардың бірлестіктері мен басшылары, мемлекеттік органдар, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, салық және кеден органдары, олардың лауазымды адамдары монополияға қарсы органның осы Заңда көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін қажетті дәйекті құжаттарды, жазбаша және ауызша түсіндірмелерді және өзге де ақпаратты, оның ішінде коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты монополияға қарсы органның талап етуі бойынша беруге міндетті.
48-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері қызметінің мониторингі
1. Тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметі мониторингінің мақсаты, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланумен байланысты бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу болып табылады.
2. Тізілімге енгізілген нарық субъектілері монополияға қарсы органға:
1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес бірінші жарты жылдықтың қорытындылары бойынша қаржылық есептілікті - ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін, екінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша қаржылық есептілікті - келесі жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде;
2) өзінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің, пайларының) он және одан да көп процентін сату немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы тоқсан сайынғы ақпаратты - есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейінгі мерзімде;
3) өнімнің монополиялық түрлері бойынша өндіру мен өткізу көлемдері, өткізілетін монополиялық тауарлардың босатылу бағалары мен табыстылық деңгейі туралы, монополияға қарсы орган белгілейтін нысан бойынша тоқсан сайынғы ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейінгі мерзімде беруге міндетті.
49-бап. Экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылау
1. Үстем не монополиялық жағдайдың пайда болуын немесе күшеюін және (немесе) бәсекелестікті шектеуді болғызбау мақсатында монополияға қарсы орган осы Заңның 50-бабында көзделген мәмілелерді (іс-әрекеттерді) жүзеге асыруға монополияға қарсы органның алдын ала келісімін алу түрінде көрінетін экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
2. Экономикалық шоғырлануды жүзеге асыруға ниеттенген нарық субъектілері экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатпен монополияға қарсы органға жүгінеді.
3. Егер экономикалық шоғырлану конкурстық рәсімдер (аукциондар, тендерлер, конкурстар) қолданыла отырып жүргізілсе, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өтінішхат конкурс рәсімі басталғанға дейін де, одан кейін де, бірақ жеңімпаз жарияланған күннен бастап, отыз күннен кешіктірілмей берілуі мүмкін.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда тіркеуші орган нарық субъектілерін, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Монополияға қарсы органның келісімінсіз жасалып, нарық субъектісінің немесе тұлғалар тобының үстем немесе монополиялық жағдайын орнықтыруға немесе күшейтуге және (немесе) бәсекелестікті шектеуге әкеп соққан экономикалық шоғырлануды сот монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
Осы бапты бұза отырып жүзеге асырылған нарық субъектісін, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен заңсыз деп танылуы мүмкін және олардың күші жойылады.
50-бап. Экономикалық шоғырлану
1. Мыналар:
1) нарық субъектісін бірігу немесе қосылу жолымен қайта ұйымдастыру;
2) тұлғаның (тұлғалар тобының) нарық субъектісінің жарғылық капиталындағы дауыс беретін акцияларды (қатысу үлестерін, пайларды) сатып алуы, бұл ретте, егер мұндай тұлға (тұлғалар тобы) сатып алуға дейін осы нарық субъектісінің акцияларына (қатысу үлестеріне, пайларына) билік етпесе немесе аталған нарық субъектісінің жарғылық капиталындағы дауыс беретін акциялардың (қатысу үлестерінің, пайлардың) жиырма бес немесе одан да аз процентіне билік етсе, мұндай тұлға (тұлғалар тобы) аталған акциялардың (қатысу үлестерінің, пайлардың) жиырма бес проценттен астамына билік етуге құқық алады;
3) егер мәміленің (өзара байланысты мәмілелердің) нысанасы болып табылатын мүліктің баланстық құны мүлікті иеліктен шығаратын немесе басқаға беретін нарық субъектісінің негізгі өндірістік құрал-жабдықтары мен материалдық емес активтері баланстық құнының он процентінен асып кетсе, нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) нарықтың басқа субъектісінің негізгі өндірістік құрал-жабдықтарын және (немесе) материалдық емес активтерін меншікке алуы, иеленуі және пайдалануы, оның ішінде жарғылық капиталды төлеу (беру) есебінен меншікке алуы, иеленуі және пайдалануы;
4) нарық субъектісінің кәсіпкерлік қызметті басқа нарық субъектісі жүргізген кезде олардың орындауына міндетті нұсқаулар беруге не оның атқарушы органының функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін (оның ішінде сенімгерлік басқару туралы шарт, бірлескен қызмет туралы шарт, тапсырма шарты негізінде) құқықтар алуы;
5) белгілі бір жеке тұлғалардың екі және одан да көп нарық субъектілерінің атқарушы органдарына, директорлар кеңесіне, байқаушы кеңестеріне немесе басқарудың басқа да органдарына аталған жеке тұлғалардың осы субъектілердің кәсіпкерлік қызметін жүргізу жағдайларын айқындау шартымен қатысуы экономикалық шоғырлану деп танылады.
2. Мыналар:
1) нарық субъектісінің акцияларын (қатысу үлестерін, пайларын) қаржылық ұйымдардың сатып алуы, егер бұл сатып алу, оларды кейіннен қайта сату мақсатында аталған ұйымның нарық субъектісінің басқару органдарында дауыс беруге қатыспауы шартымен жүзеге асырылатын болса;
2) оңалтушы немесе конкурстық басқарушыны, уақытша әкімшілікті (уақытша әкімшіні) тағайындау;
3) осы баптың 1-тармағында аталған мәмілелерді жүзеге асыру, егер мұндай мәміле бір тұлғалар тобының ішінде жасалса, экономикалық шоғырлану болып танылмайды.
3. Егер қайта ұйымдастырылатын нарық субъектілерінің (тұлғалар тобының) немесе сатып алушының (тұлғалар тобының), сондай-ақ өзінің жарғылық капиталындағы дауыс беру құқығындағы акциялары (қатысу үлестері, пайлары) сатып алынатын нарық субъектісі активтерінің жиынтық баланстық құны немесе олардың соңғы қаржы жылында тауар өткізуінің жиынтық көлемі өтінішхат берілген күні қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен асып кеткен немесе мәмілеге қатысушы тұлғалардың бірі тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектіcі болып табылған жағдайларда осы баптың 1-тармағында аталған мәмілелерді жүзеге асыруға монополияға қарсы органның келісімі талап етіледі.
Егер қаржылық ұйым активтерінің құны не өз капиталының шамасы монополияға қарсы органның қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп белгілеген мөлшерлерінен асып кетсе, қаржылық ұйымдар қатысатын экономикалық шоғырлануға келісім беру жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Монополияға қарсы орган тиісті тауар нарықтарын талдау негізінде аталған нарықтар үшін осы бапта көрсетілген мәмілелерді жүзеге асыруға монополияға қарсы органның келісімі қажет болатын активтер құны мен тауарлар өткізу көлемінің неғұрлым жоғары мөлшерін белгілеуге құқылы.
5. Тауарларды өткізудің жиынтық көлемі осы баптың 3-тармағына сәйкес экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы өтінішхат берілген жылдың алдындағы соңғы қаржы жылы тауарларды өткізуден түскен табыс (ақшалай түсім) сомасы ретінде қосылған құн салығының және акциздің сомасы шегеріле отырып айқындалады.
Нарық субъектісі қызметін бір жылдан аз жүзеге асырған жағдайда тауарларды өткізу көлемі нарық субъектісі жұмыс істеген кезең үшін айқындалады.
51-бап. Экономикалық шоғырлануды жүзеге асыру туралы өтінішхат беретін тұлғалар
1. Осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда монополияға қарсы органға өтінішхатты тиісті шешім қабылдайтын тұлға немесе нарық субъектілерінің құрылтайшылары береді.
2. Осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2)-5) тармақшаларында көрсетілген экономикалық шоғырлануды жүзеге асыру туралы өтінішхатты монополияға қарсы органға акцияларды (қатысу үлестерін, пайларды), негізгі өндіріс құрал-жабдықтарын, материалдық емес активтерді немесе тиісті құқықтарды алатын тұлға береді.
3. Егер осы Заңның 50-бабының 1-тармағында аталған мәміленің тарапы болып бірнеше тұлға әрекет етсе, онда өтінішхатты мәмілеге басқа қатысушылардың атынан олардың біреуі беруі мүмкін. Өтінішхатта экономикалық шоғырлануды жасау туралы шешімді қабылдаған тұлғалардың мүдделерін монополияға қарсы органда білдіруге уәкілетті тұлға көрсетіледі.
52-бап. Өтінішхатты беру тәртібі
1. Өтінішхат осы Заңның 53-бабында аталған құжаттар мен мәліметтер қоса тіркеле отырып, монополияға қарсы орган белгілеген нысан бойынша жазбаша түрде жасалады.
2. Өтінішхатта көрсетілген мәліметтер және өтінішхатқа қоса тіркелген құжаттар дәйекті және толық болуға, түпнұсқа немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған түпнұсқа көшірмелері түрінде табыс етілуге тиіс. Өтінішхатқа қол қойған тұлға өтінішхатта және оған қосымшаларда берілген мәліметтер мен құжаттардың дәйектілігі мен толықтығын жазбаша растауға тиіс.
3. Өтінішхат және оған қосымшалар тігілген түрде беріледі және өтінішхат беруші тұлғаның мөрімен расталады.
Жеке тұлға табыс ететін өтінішхат және оған қосымшалар тігілген түрде беріледі және жеке тұлғаның нотариат куәландырған қолымен расталады.
4. Табыс етілетін құжаттар мен мәліметтер нөмірленеді және осы Заңның 53-бабының тармақтары мен тармақшаларының нөмірлері көрсетіле отырып табыс етіледі. Тармақтың және тармақшаның әрбір сұрағына толық жауап беріледі.
Толық ақпарат табыс ету мүмкіндігі болмаған жағдайда, экономикалық шоғырлануға қатысушы бағалау немесе болжамдық ақпаратты, оның бағалау немесе болжамдық болып табылатынын көрсете отырып береді, сондай-ақ ақпараттың алынған көздері мен пайдаланылған бағалау мен болжам жасау әдістері көрсетіледі.
5. Коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат «коммерциялық құпия» деген міндетті белгімен табыс етіледі.
6. Өтінішхатқа мәліметтер мен құжаттар өтінішхат берілген жылдың алдындағы қаржы жылы үшін, сондай-ақ уақыт кезеңі көрсетіле отырып, жыл басынан бергі ағымдағы кезең үшін табыс етіледі.
Жыл басынан бергі ағымдағы кезең үшін жасалған мәліметтер мен құжаттар болмаған жағдайда, мәліметтер мен құжаттар өтінішхат берілген жылдың алдындағы қаржы жылы үшін табыс етіледі.
Егер нарық субъектісі өтінішхат берілгеннің алдындағы соңғы қаржы жылынан аз мерзім ішінде жұмыс істеген жағдайда, мәліметтер мен құжаттар нарық субъектісінің қызметті жүзеге асыруы басталғаннан бергі уақыт үшін табыс етіледі.
7. Нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) Қазақстан Республикасында тауарлар өндіру көлемдері туралы, өткізу туралы, тауарлар экспорты мен импортының көлемі туралы мәліметтері өтінішхат берілген жылдың алдындағы екі қаржы жылы үшін, жыл басынан бастап ағымдағы кезең үшін табыс етіледі, сондай-ақ ағымдағы кезеңнен кейінгі үш жылға арналған болжам табыс етіледі.
Егер нарық субъектісі қызметін өтінішхат берілген кезге қарай екі жылдан аз уақытта жүзеге асырған жағдайда, мәліметтер мен құжаттар нарық субъектісінің қызметін жүзеге асыруы басталғаннан бергі уақыт үшін табыс етіледі.
8. Егер монополияға қарсы органның шешімі үшінші тұлғалардың осы Заңмен қорғалатын құқықтарын елеулі түрде қозғауы мүмкін болса, олар экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхаттарды қарауға қатысуға құқылы.