2. Бұдан басқа, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында:
1) апелляциялық шағым немесе наразылық берген тұлғаның атауы;
2) шағым немесе наразылық берген тұлғаның талаптары, олардың негіздемелері;
3) апелляциялық сатыдағы соттың бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруының, оның күшін жоюының не оны өзгертуінің негіздері;
4) апелляциялық сатыдағы соттың өз тұжырымдарын жасауына алып келген уәждер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
5) апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары көрсетіледі.
3. Жаңа уәждердің болмауына байланысты шағымдар, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде апелляциялық қаулының дәлелдеу бөлігінде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодекспен көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы соттың қарау нысанасы болып табылмайтын жаңа уәждер келтірілген жағдайда, қаулының дәлелдеу бөлігінде жаңа уәждер негізсіз деп танылған негіздемелер көрсетілуге тиіс.
4. Осы Кодекстің 358-бабының 3) тармақшасымен көзделген жағдайда қабылданған апелляциялық шешімнің мазмұны осы Кодекстің 221-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
5. Осы Кодекстің 230-232-баптарында көзделген жағдайларда және тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот кеткен қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы мәселені қарауға, қосымша шешім, қаулы шығаруға немесе шығарылған шешімнің, қаулының мәнін өзгертпей оны түсіндіруге құқылы. Апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген мәселелер жөніндегі шешімі, қаулысы шығарылған күнінен бастап күшіне енеді.
361-бап. ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 361-бап алып тасталды
362-бап. Іс апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін түскен апелляциялық шағымды немесе наразылықты қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіргеннен кейін берілген апелляциялық шағым немесе наразылық басқа шағымдар бойынша іс қаралғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сотқа түскен жағдайда, сот мұндай шағымды немесе наразылықты өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Апелляциялық сатыдағы сот өзінің бұрын шығарған актісінің күшін жояды және аталған шағымда немесе наразылықта оның күшін жоюдың негізі көзделсе, істі толық көлемінде қарайды.
363-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
364-бап. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюдың не оны өзгертудің негіздемелері
1. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға немесе оны өзгертуге:
1) іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберінің дұрыс анықталмауы және дұрыс айқындалмауы;
2) бірінші сатыдағы сот белгіленген іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуі;
3) бірінші сатыдағы сот шешімінде баяндалған қорытындылардың істің мән-жайына сәйкес келмеуі;
4) материалдық нормалардың немесе іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады.
2. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күшін бір ғана үстірт пікірлер бойынша жоюға болмайды.
365-бап. Материалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы
Материалдық құқық нормалары, егер сот:
1) қолданылуға тиісті заңды қолданбаса;
2) қолданылмауға тиісті заңды қолданса;
3) заңды дұрыс түсіндірмесе;
4) заңға ұқсас қалыпты немесе құқыққа ұқсас қалыпты дұрыс қолданбаса, бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі.
366-бап. Іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы және дұрыс қолданылмауы
1. Бірінші сатыдағы сот шешімінің күші мына жағдайларда, егер:
1) істі бұл істі қарауға құқығы жоқ судья қараса;
2) сот, істі сот отырысының уақыты мен орны хабарланбаған, іске қатысушы адамдардың біреуі болмаған жағдайда қараса;
3) істі қарау кезінде сот ісі жүргізіліп отырған тіл туралы ереже бұзылғанда;
4) сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселелерді шешкенде;
5) шешімге судья қол қоймағанда немесе шешімде көрсетілгеннен басқа судья қол қойғанда;
6) істе сот отырысының хаттамасы болмағанда;
7) істе осы Кодекстің 255-бабына сәйкес жасалуы міндетті жеке іс жүргізу іс-әрекетінің хаттамасы болмағанда шағым, наразылық дәлелдеріне қарамастан жойылуға тиіс.
2. Басқа да іс жүргізудің бұзылуы орын алған жағдайда, егер бұл бұзушылық істі дұрыс шешпеуге әкеп соқтырса немесе әкеп соқтыруы мүмкін болса, шешімнің күші жойылуға тиіс.
367-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту немесе арызды қарамай қалдыру арқылы шешімнің күшін жою
Осы Кодекстің 247, 249-баптарында аталған негіздер бойынша іс жүргізуді қысқарту немесе арызды қарамай қалдыру арқылы сот шешімінің күші апелляциялық тәртіппен жойылуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 368-бап жаңа редакцияда
368-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілерінің заңды күшіне енуі
Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
369-бап. Істі бірінші сатыдағы сотқа қайтару
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарағаннан кейін оны бірінші сатыдағы сотқа қайтарады.
42-тарау ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен алып тасталды
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 42-1-тараумен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 42-1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
42-1-тарау. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, ұйғарымдарына
және қаулыларына кассациялық тәртіппен шағымдану және наразылық келтіру
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-1-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-1-бап. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағымдану және наразылық келтіру құқығы
1. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық шағымдану және наразылық келтіру құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа тұлғаларға тиесілі.
2. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ соттар олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім, қаулы немесе ұйғарым шығарған тұлғалар да кассациялық шағым беруге құқылы.
3. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық наразылық келтіру құқығы істі осы сатыларда қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына наразылық келтіруге құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-2-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-2-бап. Кассациялық шағымдар мен наразылықтарды қарайтын соттар
Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық шағымды немесе наразылықты облыстық және оған теңестірілген сот кемінде үш судья құрамында қарайды.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 383-3-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
383-3-бап. Істі талап ету, кассациялық шағымды немесе наразылықты беру тәртiбi
Кассациялық шағымдар мен наразылықтар iске қатысушы адамдардың санына сәйкес көшiрмелерiмен қоса тiкелей кассациялық сатыдағы сотқа жолданады және берiледi. Прокурордың кассациялық наразылығы, шағымы азаматтық іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа жіберіледі.
Қажеттi жағдайларда сот кассациялық шағым немесе наразылық берген адамды, шағымға немесе наразылыққа қоса тiркелген жазбаша дәлелдемелердiң көшiрмелерiн iске қатысушы адамдардың санына сәйкес ұсынуды мiндеттей алады.
Азаматтық істі тиісті соттан кассациялық наразылық беру құқығы бар прокурорлар кассациялық тәртіппен тексеру үшін талап ете алады. Прокурордың істі талап ету туралы сұрау салуын сот заңды күшіне енген сот актілерін орындау үшін іс жүргізу әрекеттерін орындағаннан кейін ғана орындайды.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-4-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-4-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық беру мерзімі
1. Кассациялық шағым немесе наразылық бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың шешімі, қаулысы, ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.
2. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілген шағым немесе наразылық қараусыз қалдырылады және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаға кері қайтарылады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-5-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-5-бап. Кассациялық шағымның немесе наразылықтың мазмұны
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданған соттың атауын;
2) шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның атауын;
3) шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған шешімнің, қаулының және ұйғарымның көрсетілуін;
4) шешімнің, қаулының және ұйғарымның дұрыс еместігі, сондай-ақ шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның өтініші неге саятындығының көрсетілуін;
5) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген жазбаша материалдардың тізбесін қамтуға тиіс. Кассациялық шағымға шағым берген тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Кассациялық наразылыққа прокурор қол қояды.
2. Егер кассациялық шағымданған өкілдің істі жүргізуге берілген сенімхатында кассациялық шағым беру құқығы арнайы айтылмаса немесе ол бірінші сатыдағы сотта істі талқылау уақытында процеске қатыспаса, кассациялық шағымға өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-6-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-6-бап. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру
1. Кассациялық шағымды немесе наразылықты берген тұлғалардың қолы қойылмаған, шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған қаулы, шешім және ұйғарым көрсетілмеген немесе барлық қажетті көшірмелер қоса тіркелмеген кассациялық шағым немесе наразылық берілген кезде облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады және шағым немесе наразылық берген тұлғаға кемшіліктерді жою үшін мерзім тағайындайды.
2. Егер шағымды немесе наразылықты берген тұлға ұйғарымдағы нұсқауларды белгіленген мерзімде орындаса, шағым немесе наразылық сотқа алғаш тапсырылған күні берілген деп есептеледі. Олай болмаған жағдайда шағым немесе наразылық берілмеген деп есептеледі және соттың ұйғарымымен шағым немесе наразылық берген тұлғаға қайтарылады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-7-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-7-бап. Судьяның кассациялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейінгі іс-әрекеті
Облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы кассациялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін:
1) азаматтық істің материалдарын талап етіп алдыруға;
2) пікір беру мерзімін бере отырып, іске қатысушы тұлғаларға шағымның немесе наразылықтың және оларға қоса тіркелген жазбаша материалдардың көшірмелерін жіберуге;
3) іске қатысушы тұлғаларға кассациялық шағымның немесе наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлауға;
4) қарауға тағайындалған істер туралы прокурорға хабарлауға міндетті.
383-8-бап. Кассациялық шағымға қосылу
Процесте кассациялық шағым берген тұлғаның жағында әркет еткен тараптар және үшінші тұлғалар берілген шағымға жазбаша арыз беру арқылы қосыла алады.
383-9-бап. Кассациялық шағымға немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысушы тұлға кассациялық шағымға немесе наразылыққа пікірді, шағымдарға қатысты қарсылықтарды растайтын құжаттарды қоса тіркеп, іске қатысушы басқа тұлғаларға және кассациялық сатыдағы сотқа жібереді. Кассациялық сатыға жіберілетін пікірге іске қатысушы басқа тұлғаларға пікірдің жіберілгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
2. Пікір сот отырысы басталғанға дейін онымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде жіберіледі.
3. Пікірге іске қатысушы тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжаттар қоса тіркеледі.
383-10-бап. Кассациялық шағымнан бас тарту және кассациялық наразылықты кері қайтарып алу
1. Кассациялық шағым берген тұлға одан бас тартуға құқылы. Алайда сот осы Кодекстің 8-бабының төртінші бөлігінде белгіленген негіздер бойынша бас тартуды қабылдамай тастауға және істі кассациялық тәртіппен қарауға құқылы.
2. Кассациялық наразылық келтірген прокурор, сондай-ақ жоғары тұрған прокурор сот отырысы басталғанға дейін наразылықты кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықтың кері қайтарылып алынғаны туралы сот іске қатысушы тұлғаларға хабарлайды.
3. Егер шешімге басқа тұлғалар шағымданбаса немесе наразылық бермесе, сот шағымнан бас тартуды қабылдау туралы және наразылықты кері қайтарып алған кезде кассациялық іс жүргізуді қысқартатын ұйғарым шығарады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 383-11-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-11-бап. Талап қоюдан бас тарту, тараптардың бітімгершілік келісімі және дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Кассациялық шағым немесе наразылық берілгеннен кейін жасалған талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы, тараптардың бітімгершілік келісімі немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім кассациялық сатыдағы сотқа жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс. Сот талап қоюдан бас тарту қабылданғанға дейін, бітімгершілік келісімі немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілгенге дейін талап қоюшыға немесе тараптарға олардың іс жүргізу іс-әрекеттерінің салдарын түсіндіреді.
2. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдау, тараптардың бітімгершілік келісімін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекіту кезінде кассациялық саты шығарылған шешімнің күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады. Егер сот осы Кодекстің 49-бабы екінші бөлігінің негізінде талап қоюдан бас тартуды, бітімгершілік келісімін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді қабылдамаса, ол істі кассациялық тәртіппен қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 42-2-тараумен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
42-2-тарау. Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-12-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-12-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық шағым, наразылық бойынша кассациялық сатыдағы сот бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар шығарған, заңды күшіне енген шешімдердің, қаулылардың және ұйғарымдардың заңдылығы мен негізділігін тексереді.
383-13-бап. Істі қараудың шектері
1. Істі кассациялық тәртіппен қараған кезде сот істе бар материалдар бойынша шағымның, наразылықтың дәлелдері шегінде бірінші және апелляциялық сатының сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді.
2. Кассациялық сатыдағы сот мәлімделген талап қоюдың шегінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға дәлелді себептермен табыс етілмеген жаңа дәлелдемелерді зерттейді.
383-14-бап. Кассациялық сатыда істі қарау мерзімдері
Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағым немесе наразылық бойынша істі ол келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде қарауға тиіс.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-15-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-15-бап. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қарау тәртібі
1. Төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай істің, кімнің шағымы немесе наразылығы бойынша және қандай соттың қаулысына, ұйғарымына орай қаралуға жататынын хабарлайды. Істі сот талқылауына дайындау бөлігінде сот осы Кодекстің 180, 189-баптарын басшылыққа алады.
2. Осы Кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, кассациялық сатыдағы соттың отырысына іс бойынша қорытынды беретін прокурор қатысады.
383-16-бап. Іске қатысушы тұлғалар мен өкілдердің сот отырысына келмеуінің салдарлары
Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған іске қатысушы тұлғалар мен өкілдердің сот отырысына келмеуі істі қарауға кедергі болып табылмайды.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-17-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-17-бап. Істі баяндау
Кассациялық сатыдағы сотта істі қарау судьялардың біреуінің баяндамасымен басталады. Баяндамашы істің мән-жайын, бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың шешімінің, қаулысының және ұйғарымының мазмұнын, кассациялық шағымның, наразылықтың уәждерін және оларға келіп түскен пікірлерді баяндайды, сондай-ақ шешімнің дұрыстығын тексеру үшін соттың қарауы қажет болатын өзге де деректерді хабарлайды.
383-18-бап. Іске қатысушы тұлғалардың түсініктемелері
Сот баяндамадан кейін сот отырысына келген, іске қатысушы тұлғалар мен өкілдердің түсініктемелерін тыңдайды. Кассациялық шағым немесе наразылық берген тұлға және оның өкілі бірінші болып сөз сөйлейді. Шешімге екі тарап шағымданған жағдайда талап қоюшы бірінші болып сөйлейді.
383-19-бап. Соттың іске қатысушы тұлғалардың арыздарын шешуі
Іске қатысушы тұлғалардың кассациялық сатыда істі талқылауға байланысты барлық мәселелер жөніндегі арыздары мен өтініштерін сот іске қатысушы басқа тұлғалардың пікірін тыңдағаннан кейін шешеді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-20-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-20-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттіктері
Сот істі кассациялық тәртіппен қарап:
1) бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімін, қаулысын және ұйғарымын - өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруға;
2) бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімінің, қаулысының және ұйғарымының күшін толық немесе бір бөлігінде жоюға және егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаса, бірінші сатыдағы сотқа немесе егер кассациялық саты бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың жіберген қателіктерін түзете алмаса, апелляциялық сатыдағы, бірақ судьялардың өзге құрамындағы сотқа жаңадан қарауға жіберуге құқылы. Кассациялық сатыдағы сот қандай да бір дәлелдемелердің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы мәселелерді, сондай-ақ істі жаңадан қарау кезінде қандай шешімнің шығарылуға тиіс екені туралы алдын ала шешуге құқылы емес;
3) бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың шешімінің, қаулысының және ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жоюға және осы Кодекстің 247, 249-баптарында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға не арызды қараусыз қалдыруға;
4) бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырып, апелляциялық сатыдағы соттың шешімінің, қаулысының және ұйғарымының күшін жоюға;
5) егер іс бойынша дәлелдемелерді жинау немесе қосымша тексеру талап етілмесе, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс және толық анықтаса, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол берілсе, істі жаңадан қарауға жіберместен, бірінші сатыдағы соттың шешімінің немесе апелляциялық сатыдағы соттың шешімінің, қаулысының күшін жойып, шешімді қаулыны, ұйғарымды өзгертуге немесе жаңа сот актісін шығаруға құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-21-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-21-бап. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің, қаулыларының және ұйғарымдарының күшін кассациялық тәртіппен жоюдың негіздері
Соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің, қаулыларының және ұйғарымдарының күші осы Кодекстің 364-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша кассациялық тәртіппен жойылуға жатады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-22-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-22-бап. Кассациялық сатыдағы соттың актілері
1. Кассациялық сатыдағы соттың актілері қаулылар нысанында шығарылады.
2. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) қаулы шығарған соттың атауы мен құрамы;
3) кассациялық шағым немесе наразылық берген тұлға;
4) шағым жасалған бірінші және/немесе апелляциялық сатылардағы соттың актісінің, кассациялық шағымның немесе наразылықтың және оларға берілген жазбаша пікірлердің, кассациялық сатыда істі қараған кездегі қатысушы тұлғалар түсініктемелерінің қысқаша мазмұны;
5) соттың тұжырымдар жасауына алып келген уәждер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
6) кассациялық шағымды немесе наразылықты қараудың нәтижелері бойынша тұжырымдар көрсетілуге тиіс.
3. Жаңа уәждердің болмауына байланысты шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдырған кезде кассациялық қаулының дәлелдеу бөлігінде сот актісіне өзгерістер енгізу немесе оны жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымда, наразылықта бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың қарау нысанасы болып табылмайтын жаңа уәждер келтірілген жағдайда, дәлелдеу бөлігінде жаңа уәждерді негізсіз деп танудың негіздері көрсетілуге тиіс.
4. Кассациялық сатының қаулысы бес күннің ішінде түпкілікті нысанда жасалып болуға тиіс. Іс материалдарына қоса тіркелетін қаулының қарар бөлігін жария етуге жол беріледі.
5. Кассациялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 230-232-баптарында көзделген жағдайларда және тәртiппен қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзету туралы мәселенi қарауға, қосымша қаулы шығаруға немесе мәнін өзгертпей, шығарылған қаулыны түсіндiруге құқылы. Кассациялық сатыдағы соттың аталған мәселелер бойынша қаулысы шығарылған күннен бастап күшіне енеді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-23-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-23-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысының заңды күші
Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
383-24-бап. Іс кассациялық тәртіппен қаралғаннан кейін келіп түскен кассациялық шағымды қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өтіп кеткен мерзім қалпына келтірілгеннен кейін берілген кассациялық шағым кассациялық сатыдағы сотқа істі басқа шағымдар бойынша қарағаннан кейін келіп түскен жағдайда, сот мұндай шағымды өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Егер мұндай шағымды қараудың нәтижесінде кассациялық сатыдағы сот бұрын шығарылған кассациялық актінің заңсыздығы немесе негізсіздігі туралы тұжырымға келсе, онда оның күші жойылып, жаңа сот актісі шығарылады.
43-тарау. Қадағалау тәртібімен іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 384-бап жаңа редакцияда; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 384-бап жаңа редакцияда
384-бап. Сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуға жататын сот актілері
1. Жергілікті және өзге де соттардың заңды күшіне енген сот актілерін, оларға шағым жасалудың кассациялық тәртібі сақталған жағдайда, іске қатысушы адамдардың өтініштері және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылығы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау тәртібімен қайта қарауы мүмкін.