Апелляциялық сатының үкімдеріне, қаулыларына олар жария етілген күннен бастап алты ай ішінде, ал күзетпен қамауда отырған сотталған адам оған үкімнің көшірмесі тапсырылған кезден бастап нақ сондай мерзімде кассациялық наразылық немесе кассациялық шағым беруі мүмкін.
6. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі себептері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына қарай онша ауыр емес қылмыс туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты, немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкелетін өзге негіздер бойынша кассациялық сатыда қайта қарау туралы шағым, наразылық беру мерзімдермен шектелмейді.
446-2-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық сатыдағы сот үкімді (қаулыны) шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын сақтауын тексереді және соның негізінде үкімнің (қаулының) заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-3-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-3-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданған соттың атауы;
2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлға туралы, оның іс жүргізудегі жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері көрсетілген деректер;
3) шағымдалып немесе наразылық беріліп отырған үкім немесе өзге де шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңын дұрыс қолданбаудың неге байланысты екені және ол сот шешімінің мәніне қалай әсер еткені, өтініштің неден тұратыны көрсетіліп, шағым немесе наразылық берген тұлғаның дәйектері;
5) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелетін материалдардың тізбесі;
6) шағым немесе наразылық авторының қолы болуға тиіс.
2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ аяғына дейін ресімдеу үшін мерзімі көрсетіліп кері қайтарылады. Егер қайта жасалғаннан кейін кассациялық шағым, наразылық аталған мерзім ішінде сотқа табыс етілмесе, олар берілмеген болып есептеледі.
3. Соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкіміне, қаулысына шағым жасалған жағдайда, кассациялық шағымда, наразылықта апелляциялық сатының үкімімен, қаулысымен келісетіні немесе келіспейтіні туралы негіздер көрсетілуге тиіс.
446-4-бап. Істі кассациялық сатыда қарау мерзімдері
Іс кассациялық сатыға келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің қиындығына немесе көлемінің үлкендігіне байланысты, сондай-ақ өзге де дәлелді себептер болған кезде істі қарайтын соттың қаулысымен, бірақ әр ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-5-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-5-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын белгілеу
1. Шағым, наразылық келіп түскен кезде кассациялық сатының судьясы істі талап етіп, ол келіп түскеннен кейін оны қарау күнін белгілейді.
2. Тараптарға істің кассациялық сатыда қаралатын уақыты мен орны туралы хабарланады. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды шақырту туралы мәселені кассациялық сатыдағы сот шешеді. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан оның жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде кассациялық сатының сот отырысына қатысу туралы өтініш түскен кезде, кассациялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.
3. Кассациялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген тұлғалардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды. Кассациялық сатыдағы соттың отырысына прокурордың қатысуы міндетті.
4. Кассациялық шағымдар, наразылықтар келтіру құқығы бар тұлғалар, сондай-ақ үкім, қаулы шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі кассациялық сатыдағы соттың отырысына барлық жағдайда жіберіледі. Оларға өздерінің өтініштері бойынша берілген шағымдарды немесе наразылықтарды не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-6-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-6-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Судья істі тыңдауға дайындау кезінде немесе сот кассациялық шағыммен немесе наразылықпен бірге келіп түскен істі қарау кезінде өз бастамасы немесе тараптардың өтініш жасауы бойынша:
1) сотталған адамның денсаулық жағдайына, отбасы жағдайына және бұрынғы сотталғандығы туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алуға;
2) уақыт, кеңістіктік тұрғысынан заңның қолданысын айқындау үшін және бірінші және апелляциялық сатылардағы сот істі шешкен кезде қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын дұрыс қолданғанын айқындау үшін қажетті мәліметтерді талап етіп алуға құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-7-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-7-бап. Кассациялық сатының істерді қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кассациялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды.
2. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс және кімнің кассациялық шағымы немесе наразылығы бойынша қаралып жатқанын хабарлайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын тұлғалардың және сот отырысына қатысып отырған тұлғалардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін хабарлайды және отырысқа қатысып отырған тұлғаларға істі кассациялық сатыда қарау кезіндегі құқықтарын түсіндіреді.
3. Төрағалық етуші іс бойынша процеске қатысушылардан бас тартуы мен жасайтын өтініштерінің бар-жоғы туралы сұрайды және сот оларды қарау нәтижелері бойынша осы Кодекстің 325-бабында көзделген тәртіппен қаулы шығарады.
4. Істі қарау кассациялық шағым немесе наразылық берген процеске қатысушының сөйлейтін сөзінен басталады. Егер мұндай қатысушылар бірнешеу болса, төрағалық етуші тараптардың пікірін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Процеске қатысушылар сөйлеген сөздерінде бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы соттың заңды қолданудағы бұзушылықтарға байланысты кассациялық қарау нысанасына жататын қандай мән-жайларға жол бергенін, оның неден көрінгенін және іс бойынша қабылданған шешімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсетеді.
5. Кассациялық шағымда немесе наразылықта келтірілген уәждерді растау немесе теріске шығару үшін сөз сөйлеушілер кассациялық сатыға қосымша материалдар беруге, бұл ретте олардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауға құқылы. Қосымша материалдарды тергеу іс-әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Істің шешілуі үшін маңызы бар болса, қосымша материалдар, егер мұндай материалдардағы деректер немесе мәліметтер қосымша тексеруді талап етпесе, үкімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болуы мүмкін. Өзге жағдайларда қосымша материалдар сот үкімінің, қаулысының күшін жою және егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған болса, істі апелляциялық сатыдағы сотқа немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу үшін негіз болуы мүмкін.
6. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қабылданатын шаралар осы Кодекстің 326 және 327-баптарының қағидаларында айқындалады. Судьялардың кеңесу және шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 370-бабының қағидаларында айқындалады. Қаулыны қабылдаудан бұрын судьялардың кеңесуі болады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-8-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-8-бап. Кассациялық саты қабылдайтын шешімдер
Істі кассациялық тәртіппен қараудың нәтижесінде сот өз қаулысымен мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші саты үкімін және апелляциялық саты қаулысын өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) сот актілерінің күшін жояды және істі тоқтатады;
3) апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және бірінші саты үкімін өзгеріссіз қалдырады;
4) апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді;
5) бірінші сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған болса, сондай-ақ бірінші сатыдағы сотта іс алқабилердің қатысуымен қаралған болса, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді;
6) бірінші саты үкімін және апелляциялық саты қаулысын өзгертеді;
7) үкімнің күшін жояды және істі осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қосымша тергеуге жібереді;
8) осы Кодекстің 387-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде жеке қаулы шығарады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-9-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-9-бап. Кассациялық сатының үкімнің, қаулының күшін жоюының немесе оларды өзгертуінің негіздері
Кассациялық тәртіппен үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
2) қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы;
3) үкімнің әділетсіздігі негіз болып табылады.
446-10-бап. Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы
Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлігінен (тармағынан) басқасын қолдану;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы бабының санкциясында көзделгеннен гөрі неғұрлым қатаң жаза тағайындау болып табылады.
446-11-бап. Қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы
1. Істі сотта қарау кезінде осы Кодекстің принциптері мен өзге де жалпы ережелерін іске қатысушы тұлғаларды заңда кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, сот ісін жүргізу рәсімдерін сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге кедергі келтіретін, сот төрелігі үкімін шығаруға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу деп танылады.
2. Егер сот осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берсе, онда үкімнің күші барлық жағдайда да жойылуға жатады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-12-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-12-бап. Үкімнің әділетсіздігі
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 52-бабының талаптарына сәйкес келмейтін жаза тағайындалған үкім әділетсіз деп танылады.
2. Кассациялық сатыдағы сот осы Кодекстің 446-17-бабының қағидалары бойынша үкімнің әділетсіздігіне байланысты оны өзгертуге құқылы.
3. Егер үкім негізсіз ақтау, онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану салдарынан немесе жазаның шамадан тыс жеңілдігіне байланысты әділетсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде жазаны күшейтуге не неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы.
446-13-бап. Істі қысқарта отырып айыптау үкімінің күшін жою
Сот істі кассациялық тәртіппен қарай отырып, осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде және 38-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жояды және істі қысқартады.
446-14-бап. Ақтау үкімінің күшін жою
1. Кассациялық сатыда ақтау үкімінің күші тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбірленушінің немесе оның өкілінің шағымы бойынша, сондай-ақ сот арқылы ақталған адамның ақталу негіздерімен келіспеген шағымы бойынша ғана жойылуы мүмкін.
2. Егер ақталған адамның кінәсіздігі немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің мәні күмән туғызбаса, ақтау үкімінің, істі қысқарту туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің күшін қылмыстық іс жүргізу заңы елеулі бұзылды деген себеппен жоюға болмайды.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-15-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-15-бап. Істі жаңадан қарауға жібере отырып, үкімнің күшін жою
1. Егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаса, кассациялық саты үкімнің заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда ғана, іс жаңадан апелляциялық қарауға немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберіліп, үкімнің күші жойылуға жатады.
2. Осы Кодекстің 446-12-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша да істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, үкімнің күші жойылуы мүмкін.
3. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін тұжырымдарды алдын ала шешуге құқылы емес.
446-16-бап. Істі қосымша тергеуге жібере отырып күшін жою
Кассациялық сатыдағы сот негіздер болған кезде тараптардың өтініштер жасауы бойынша үкімнің күшін жоюға және осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қосымша тергеуге жіберуге құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-17-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-17-бап. Yкімді өзгерту
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда, кассациялық сатыдағы сот сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы заңды қолдануға және жасалған әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы, сондай-ақ ол неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және тағайындалған жазаны күшейтуге құқылы.
2. Кассациялық сатыдағы сот, егер шамадан тыс қатаңдығы салдарынан жаза әділетсіз деп танылса, сотталған адамға тағайындалған жазаны саралануын өзгертпестен төмендетуге құқылы.
3. Кассациялық сатыдағы сот, егер жаза мөлшерін ұлғайту арифметикалық қателерді немесе алдын ала күзетпен ұстау мерзімін есептеу кезіндегі қателерді жоюға байланысты болса, үкімдер мен қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындауды реттейтін қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоя отырып, жаза мөлшерін ұлғайтуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот, сотталған адамға түзеу мекемесінің заңда көзделгеннен гөрі неғұрлым жеңіл түрінің үкімде дәлелденбей тағайындалуының күшін жоюға және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес түзеу мекемесінің түрін тағайындауға құқылы.
4. Кассациялық сатыдағы сот осы бапта көзделген сотталған адамның жағдайын нашарлататын өзгерістерді, егер осы негіздер бойынша прокурордың наразылығы енгізілсе немесе жәбірленушінің, жеке айыптаушының немесе олардың өкілдерінің шағымдары берілген жағдайда ғана енгізуге құқылы.
5. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемде тексереді. Сот актісіне кассациялық шағымда (наразылықта) көрсетілмеген негіздер бойынша, сондай-ақ кассациялық шағым (наразылық) берілмеген басқа сотталған адамдарға қатысты өзгерістер енгізуге өзіне қатысты кассациялық шағым берілген сотталған адаммен бірге қатысып жасалған қылмысты саралауды өзгерту кезінде ғана жол беріледі, бұл ретте олардың жағдайы нашарламайды. Сот прокурордың наразылығында немесе кассациялық шағымда көрсетілген сотталған адамдарға ғана қатысты жағдайларын нашарлату туралы шешім қабылдауға құқылы. Соттың сотталған адамның немесе оның қорғаушысының не өкілінің кассациялық шағымы бойынша оның жағдайын нашарлатуға құқығы жоқ.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-18-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-18-бап. Кассациялық қаулының мазмұны
1. Кассациялық қаулы кіріспе, сипаттамалық-дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және кассациялық алқаның құрамы;
3) кассациялық шағым берген немесе кассациялық наразылық келтірген тұлғалар;
4) істі кассациялық сатыда қарауға қатысқан тұлғалар көрсетілуге тиіс.
3. Қаулының сипаттамалық-дәлелдеу бөлігінде шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғалардың дәйектері, кассациялық сатыдағы сотқа қатысқан басқа тұлғалардың қарсылықтары, сондай-ақ қабылданған шешімнің себептері қысқаша баяндалуға тиіс. Егер шағым немесе наразылық қанағаттандырылмай қалдырылса, шағымдардың немесе наразылықтың дәйектерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі.
Yкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны және бұл бұзушылықтың неден тұратыны; бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот тағайындаған жазаны әділетсіз деп танудың негіздері көрсетіледі. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілген жағдайда қандай заң бұзушылықтар жойылуға тиіс екені көрсетіледі. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы және бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын шешуге құқылы емес.
4. Жаңа уәждердің болмауына байланысты шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде кассациялық қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қараудың нысанасы болып табылмайтын уәждер келтірілген жағдайда, сипаттау-дәлелдеу бөлікте жаңа уәждер негізсіз деп танылатын негіздер көрсетілуі тиіс.
5. Қаулының қарар бөлігінде кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-19-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-19-бап. Кассациялық қаулы шығару
1. Кассациялық қаулы осы Кодекстің 423-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, кеңесу бөлмесінде шығарылады,
2. Кассациялық қаулы жария етілген кезінен бастап заңды күшіне енеді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-20-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-20-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысын орындауға кірісу
1. Кассациялық сатының қаулысы ол шығарылғаннан кейін үш тәуліктен кешіктірілмей, іспен бірге үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа орындау үшін жіберіледі. Іс қосымша тергеуге жіберілген кезде кассациялық сатының қаулысы іспен бірге тиісті прокурорға жіберіледі. Бұл жағдайда үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа кассациялық саты қаулысының көшірмесі жіберіледі.
2. Сотталған адам күзетпен ұстаудан босатылуға жататын қаулы, егер сотталған адам кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда кассациялық қаулының көшірмесі немесе кассациялық қаулының қарар бөлігінің үзінді-көшірмесі сотталған адамды күзетпен ұстаудан босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-21-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-21-бап. Істі кассациялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер қандай да бір себептер бойынша кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде берілген шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты іс қаралғаннан кейін келіп түссе, сондай-ақ егер сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы, осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түскен болса, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және ол бойынша қаулы шығаруға міндетті.
2. Егер қайта шығарылған қаулы бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, кассациялық сатыдағы сот істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-22-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-22-бап. Үкімнің күші жойылғаннан кейін істі бірінші, апелляциялық сатыда қарау
1. Үкімнің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады.
2. Егер айыптау тарапының кассациялық шағымында, наразылығында мұндай өтініш болса және оны кассациялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, бірінші, апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезінде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол беріледі.
3. Істі жаңадан қараған кезде бірінші, апелляциялық сатыдағы сот:
1) егер айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша үкімнің осы бөлігінде күші жойылмаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкіммен алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;
2) егер бастапқы үкімнің күші айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша жойылғанымен, ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе жазаны неғұрлым қатаң режимдегі колонияда өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-23-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-23-бап. Істі жаңадан қарау кезіндегі жаза тағайындаудың шектері
Істі жаңадан қараған кезде бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағымдануға болады. Бұл ретте, егер бірінші үкімнің күші сотталған адамды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екінші үкімнің күші айыптау тарабының жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттілігіне байланысты берілген шағымы, наразылығы бойынша жойылса, істі үшінші рет қарап жатқан сот екінші үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол бірінші үкімге қарағанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
9-бөлім. Сот шешімдерін орындау
49-тарау. Сот үкімдері мен қаулыларын орындау
11.07.01 ж. № 238-II ҚР Заңымен; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 447-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 447-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 447-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
447-бап. Үкімнің заңды күшіне енуі және оны орындауға кірісу
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы сот үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық келтірілмесе, апелляциялық шағым жасау немесе наразылық келтіру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға жатады.