2. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағын сақтамаған жағдайда, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардан кен орнында бірыңғай объект ретінде бірлескен барлау немесе өндіру туралы шарт жасасуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Бірлескен барлау немесе өндіру туралы шартты жасасу кезінде бүкіл кен орны үшін бірыңғай жұмыс бағдарламасы әзірленеді, ол жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен міндетті түрде келісуге жатады.
3. Бірлескен барлауды немесе өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне келісімшартта, сондай-ақ жұмыс бағдарламасында жүктелген міндеттемелерді орындау жөнінде ортақ жауапкершілікте болады.
91-бап. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік белгіленген талаптарды сақтау, адам өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенін орындау, жерүсті және жерасты құрылыстары мен жабдықтарын салу мен пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын жасау, сондай-ақ ықтимал аварияларды болғызбау арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Мұнай, сондай-ақ оның өмірлік циклінің процестері техникалық реттеу объектілері болып табылады.
3. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын жабдық пен өзге де мүлік техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Мұнайды төгу және құю режімі, сақтау және тасымалдау құралдарының конструкциясы және оларды пайдалану шарттары мұнайға және оның өмірлік циклінің процестеріне қатысты техникалық регламенттерде белгіленген өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес келуге тиіс.
5. Мұнай өңдейтін зауыттарға өңдеу үшін жеткізілетін мұнай Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге тиіс.
6. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шараларының кешені белгіленген тәртіппен бекітілген тиісті жобалау құжатында көзделуге тиіс.
92-бап. Ұңғымаларды салу
1. Ұңғымаларды салу және оларды пайдалануға беру жөніндегі барлық операциялар ұңғымаларды салу жобасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Ұңғымаларды салу жобалары өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады.
1. Мынадай:
1) газда күкіртті сутегінің көлемі алты пайыздан астам болатын;
2) тереңдігі бес мың метрден астам болатын құрлықта;
3) тереңдігі төрт мың метрден астам болатын теңізде;
4) сағалық қысымы отыз бес мегапаскальдан астам болатын ұңғымалар салынған жағдайда, ұңғымаларды салу жобаларын құзыретті орган бекітеді.
Ұңғымалардың өзге де түрлері бойынша құрылыс жобасын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
3. Ұңғымаларды салу жобалары құзыретті орган бекітетін ұңғымаларды салу жобаларын жасау жөніндегі арнаулы талаптар ескеріліп әзірленеді.
9-тарау. ТЕҢІЗДЕ ЖӘНЕ ІШКІ СУ АЙДЫНДАРЫНДА МҰНАЙ ОПЕРАЦИЯЛАРЫН ЖҮРГІЗУ
93-бап. Теңізде және ішкі су айдындарында мұнай операцияларын жүргізудің жалпы шарттары
1. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды теңіз кеме қатынасына, балық аулауға және әдетте, теңіздің нақты учаскесінде жүзеге асырылатын өзге де заңды қызметке кедергі және зиян келтірмейтіндей етіп жүзеге асыруға тиіс.
2. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар теңізде қоршаған ортаны қорғаудың ең озық практикасын басшылыққа алуға міндетті.
3. Ұлттық компанияның тиісті келісімшартында кемінде елу пайыз мөлшерінде жер қойнауын пайдаланушы ретінде үлестік қатысу теңізде мұнай операцияларын жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстардың міндетті шарты болып табылады.
Теңіз түбінде мұнай операцияларын жүргізу үшін теңіз түбін пайдалану құқығы жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның рұқсат беруі жолымен беріледі.
4. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы теңізде жүргізілген мұнай операцияларының нәтижесінде пайда болған теңіздің ластануы жағдайында қоршаған ортаға және жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген зиян үшін, егер зиянның еңсерілмейтін күштің немесе зардап шегушінің пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, кінәнің болуына қарамастан жауапты болады.
5. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы теңіздің ластануын болдырмау жөніндегі арнаулы бағдарламаларды әзірлеуге және оларды жобалау құжаттарының құрамында бекітуге міндетті.
Бұл бағдарламалар:
1) жүргізілетін мұнай операцияларына ішкі бақылау;
2) персоналды оқыту;
3) ұңғымаларды бақылауға алу, авариялық және өзге де қауіпті жағдайлар туындаған және теңіз ластанған жағдайда қажетті жабдықтармен және материалдармен қамтамасыз ету;
4) теңізде аварияларды және олардың зардаптарын жоюға маманданған өзге де ұйымдарды тарту жөніндегі іс-шараларды қамтуға тиіс.
6. Теңіз ластанған жағдайда теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы авариялар мен өзге де қауіпті жағдайларды болдырмау жөніндегі арнаулы бағдарламаларға сәйкес қолданылған алдын алу шараларына қарамастан, мұндай жер қойнауын пайдаланушы бұл үшін өзінің қолжетімді барлық құралдармен теңіздің ластануын жою не оның деңгейін төмендету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға міндетті.
7. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы мұндай тұлғаның меншігіндегі не пайдалануындағы теңіз құрылыстарына инспекциялар жүргізу үшін мемлекеттік органдардың өкілдерін, мұндай мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы инспекцияларды жүргізуге өкілетті болған жағдайда тасымалдауды өзінің есебінен ұйымдастыруға міндетті. Теңіз құрылыстарында мемлекеттік органдар өкілдерінің инспекцияларын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады және ол теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қалыпты қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.
8. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның жазбаша рұқсатын алмай теңіз құрылысын салуды немесе орналастыруды бастауға құқығы жоқ. Рұқсатты алу үшін мұндай жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға теңіз құрылысының жоспарланған орналастырылуына не құрылысының басталуына дейін өтініш жасауға міндетті. Өтініште жоспарланған теңіз құрылысының не осындай теңіз құрылысын салу жөніндегі жүргізілетін жұмыстардың сипаты, мерзімі мен орналасатын жері қамтылуға тиіс. Құзыретті орган теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының өтінішін қарауға және өтініш берген кезден бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті шешім қабылдауға міндетті.
Теңіздегі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу үшін жұмыстар орындауды және (немесе) қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға осы бапта белгіленген нормалар қолданылады.
9. Ішкі су айдындарындағы мұнай операцияларына теңіздегі мұнай операциялары үшін белгіленген осы Заңның ережелері қолданылады.
10. Теңізде мұнай операцияларын жүргізудің ерекшеліктері белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжаттарында көзделуге тиіс.
94-бап. Сақтық аймағының шегінде мұнай операцияларын жүргізу
1. Сақтық аймағының шегінде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды судың деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болғызбайтындай не барынша азайтатындай етіп жүргізуге міндетті.
2. Сақтық аймағының шегінде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы теңіздің ластануын болғызбау жөнінде арнаулы бағдарламаларды әзірлеуге және оларды жобалау құжаттары құрамында бекітуге міндетті. Бұл бағдарламалар:
1) барлау немесе өндіру объектілерін теңіз аясынан қорғаудың тиісті дәрежесімен жедел консервациялау жөніндегі;
2) сақтаудағы мұнайды, материалдарды, бұрғылау ерітінділерін және қоршаған ортаға зиян келтіретін өзге де заттарды су басқан аймақтан шығару жөніндегі;
3) теңіз ластанған жағдайда ластану ошақтарын оқшаулау және суды тазарту жөніндегі;
4) теңізді заңды пайдалануға және үшінші тұлғалардың өзге де шаруашылық қызметті жүзеге асыруына жол беретін іс-шараларды қамтуға тиіс.
95-бап. Теңізде барлау жүргізу мен өндіру шарттары
1. Теңізде барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы іздеу және барлау ұңғымаларын бұрғылауға келісімшарттық аумаққа барлық қажетті геофизикалық және сейсмологиялық зерттеулер жүргізілген жағдайда ғана кірісуге құқылы.
2. Бұрын бұрғыланған ұңғыма бақылаудан алынған кезде, мұндай ұңғыманы бақылауға алу үшін өзге әдістерді қолдану мүмкін емес не қалыптасқан жағдайларда тиімсіз болып табылатын қысымды шығаруға арналған тығындау ұңғымасын бұрғылауды қоспағанда, іздеу, барлау, пайдалану ұңғымаларын немесе өзге де ұңғыманы құзыретті органның жазбаша рұқсатынсыз бұрғылауға тыйым салынады. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға мұндай тығындау ұңғымасын бұрғылаудың басталуы туралы осындай тығындау ұңғымасын бұрғылау туралы шешім қабылдауға әсер еткен нақты жағдайлар мен себептерді көрсете отырып, қисынды мерзімде жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыда не өзі тартатын мердігерде бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған тиісті лицензия болған кезде, жер қойнауын пайдаланушының осы ұңғыманы бұрғылау кезінде пайда болатын тәуекелдерді міндетті сақтандыру жөніндегі міндеттемелерін сақтау фактісі болғанда, мұндай ұңғыманы бұрғылаудың жобасы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және теңіз құрылысын салуға не орналастыруға мемлекеттік органның рұқсаты болған кезде ұңғыманы бұрғылауға рұқсат береді. Мұндай өтініште көрсетілген фактілерді растайтын тиісті құжаттар өтінішке қоса берілуге тиіс.
4. Құзыретті органның жазбаша рұқсаты болмаса, қат ішіндегі қысымды ұстап тұру үшін ілеспе және табиғи газды айдауға тыйым салынады. Құзыретті орган мұндай рұқсатты қат ішіндегі қысымды ұстаудың өзге де әдістері тиімсіз болған жағдайда және мұндай айдау қоршаған орта мен адам өмірі үшін қауіпсіздіктің жеткілікті деңгейінде болса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мұндай айдауды сипаттайтын жоба бойынша берген мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысы болған кезде беруге құқылы.
5. Теңізде барлау мен өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының теңіз құрылысында не отыз минуттық қолжетерлік шектерінде теңізді тазалау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін қажетті мөлшердегі тиісті жабдықтары, материалдары мен заттары болуға міндетті. Материалдарға, заттарға, олардың санына және оларға қолжетімділігіне нормативтер мен талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
6. Барлау мен өндіруді жүргізу кезінде теңіздегі авариялық және өзге де қауіпті жағдайларды болғызбаудың осы Заңға сәйкес бекітілетін бағдарламалары теңіздің ластануы салдарынан болған ластану ошағын дереу оқшаулау және оны тазарту жөніндегі шараларды қамтуға тиіс.
96-бап. Теңізде мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану
1. Теңізде мұнай-газ құбырларын салуды және пайдалануды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы мұнай-газ құбырларын салу, монтаждау немесе тарту жөніндегі жұмысты құзыретті органның жазбаша рұқсатынсыз бастауға құқығы жоқ. Мұндай рұқсат осы Заңның 90-бабының 8-тармағында белгіленген жалпы тәртіппен беріледі.
2. Теңізде мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану кезінде жүргізілетін операциялардың адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар мен нормалардың сақталуы қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Теңізде мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану ерекшеліктері белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжаттарында көзделуге тиіс.
97-бап. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салу
1. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салынады.
2. Мұнайды уақытша (жиырма күннен аспайтын) сақтауды қоспағанда, мұндай мұнайды танкерлермен теңіз құрылыстарынан тікелей тасымалдау кезінде теңіз құрылыстарында мұнайды сақтау мен қоймада ұстауға тыйым салынады.
98-бап. Жасанды аралдар, бөгеттер, құрылыстар мен қондырғылар
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің теңізде мұнай операцияларын жүргізуге, ғылыми зерттеулер мен басқа да мақсаттарға арналған жасанды аралдарды, бөгеттерді, құрылыстар мен қондырғыларды қоршаған ортаның қорғалуы мен сақталуы жағдайында салуға, пайдалануға және іске қосуға рұқсат беру мен реттеуге құқығы бар.
2. Жасанды аралдардың, бөгеттердің, құрылыстар мен қондырғылардың төңірегіне қауіпсіздік аймақтары орнатылады, олар оның сыртқы шегінің әрбір нүктесінен бастап бес жүз метр арақашықтыққа созылып жатады. Аралдар, бөгеттер, құрылыстар мен қондырғылар, сондай-ақ оларды қоршаған қауіпсіздік аймақтары халықаралық кеме қатынасы мен балық шаруашылығы үшін елеулі мәні бар әдеттегі теңіз жолдарына кедергі болмайтын жерлерде орналасады.
3. Жасанды аралдарды, бөгеттерді, құрылыстар мен қондырғыларды ұстау мен пайдалануға жауапты ұйымдар олардың күтілуін, сондай-ақ олардың орналасқан жері туралы ескертетін тиісті құралдардың болуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Жасанды аралдар, бөгеттер, құрылыстар мен қондырғылар, егер шаруашылық немесе өзге мақсаттарға пайдаланылмайтын болса, олар адамдардың қауіпсіздігіне қатер, кеме қатынасына немесе балық шаруашылығына кедергі келтірмейтіндей дәрежеге дейін демонтаждалуға тиіс.
5. Жасанды аралдарды, бөгеттерді, құрылыстар мен қондырғыларды, сондай-ақ мұнай операцияларымен байланысты өзге де объектілерді құру, пайдалануға беру және пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелерге сәйкес жүргізіледі.
99-бап. Теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде қалдықтарды теңізге тастау мен көму
1. Теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде қалдықтарды теңізге тастауға және теңіз түбіне көмуге тыйым салынады.
2. Теңізге өндірістік және басқа да сарқынды суды ағызу мемлекеттік бақылаушы органдардың рұқсатымен және бақылауымен ғана олар белгіленген нормативтерге дейін тазартылған жағдайда жүзеге асырылады.
100-бап. Теңіздегі ғылыми зерттеулер
1. Теңіздегі ғылыми зерттеулер құзыретті органның рұқсатымен ғана жүргізіледі. Теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Теңіздегі ғылыми зерттеулерді қазақстандық та, шетелдік те жеке және заңды тұлғалар, шетелдік мемлекеттік және құзыретті халықаралық ұйымдар жүзеге асыра алады.
3. Теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу кезінде мынадай принциптер сақталуға тиіс:
1) теңіздегі ғылыми зерттеулер теңізді заңды түрде пайдалануды жүзеге асыратын басқа тұлғаларға өзін-өзі ақтамайтын кедергілер жасамауға тиіс;
2) теңіздегі ғылыми зерттеулер табиғат қорғау шаралары сақтала отырып ғылыми әдістермен және құралдармен тиісті түрде жүргізіледі;
3) теңіздегі ғылыми зерттеулер процесінде жиналған барлық деректер өңделген және талданған соң Қазақстан Республикасына берілуге тиіс және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатынсыз еркін таратылмауға немесе жарияланбауға тиіс.
101-бап. Өндірілген мұнайды өлшеу
1. Келісімшарттық аумақта өндірілген мұнайды өлшеу мен таразылауды жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ережелерге сәйкес жүргізеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушы белгіленген тәртіппен уақыттың белгілі бір кезеңі сайын құзыретті орган өкілінің қатысуымен мұнайды таразылау мен өлшеу үшін пайдаланылатын жабдық пен аспаптарды жүйелі түрде сынаудан өткізіп отырады.
3. Егер сынаған немесе тексеріп қараған кезде жабдық немесе аспаптар ақаулы болып шығып, оның бұзылу мерзімін анықтау мүмкін болмаса, ақаулық мерзімі бұрынғы өлшеген кезден бастап ақау анықталған күнге дейінгі уақыттың жартысы ретінде айқындалады.
10-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫР КӨЛІГІ
102-бап. Магистральдық құбырға меншік құқығы
1. Магистральдық құбыр бөлінбейтін технологиялық жүйе болып табылады және мемлекеттік меншікте те, жеке меншікте де болуы мүмкін.
2. Магистральдық құбырлар салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
3. Магистральдық құбырлар, сондай-ақ меншігінде магистральдық құбырлар бар заңды тұлғалардағы қатысу үлестері (акциялар пакеттері), меншігінде магистралдық құбырлар бар заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама айқындауға немесе қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке және заңды тұлғалардың қатысу үлестері (акциялар пакеттері) Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілерге жатады, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етуі мүмкін.
103-бап. Магистральдық құбырды пайдалану
1. Магистральдық құбыр объектілерін пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен техникалық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Энергиямен жабдықтайтын ұйымдардың магистральдық құбыр иесімен келіспей, энергия тұтынудың белгіленген лимиттерін шектеу жөнінде режимдік іс-шаралар жүргізуіне тыйым салынады.
3. Магистральдық құбыр иесі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының және басқа да мүдделі ұйымдардың келісімі бойынша магистральдық құбыр объектілерін қауіпсіз пайдалану шарттарын қамтамасыз ету, мүмкін болатын аварияларды, төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою жөніндегі бірлескен іс-шараларды әзірлейді.
4. Магистральдық құбыр иесі техникалық регламенттер нормаларын сақтамағаны үшін жауапты болады.
5. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылыс нормаларымен және ережелерімен белгіленген ең жақын қашықтық шегінде магистральдық құбырға қатысы жоқ қандай да болсын объектілерді салуға тыйым салынады.
104-бап. Магистральдық құбыр иесінің жергілікті өкілді және атқарушы органдармен және жүк жөнелтушілермен өзара қарым-қатынасы
1. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың магистральдық құбыр операторының мұнайды айдау, сақтау және бөлу процестерімен байланысты жедел өндірістік қызметіне араласуға құқығы жоқ.
2. Магистральдық құбырдың авариялық қызметінің қызметкерлері, авариялық және арнаулы техника басқа жұмыстарға тартыла алмайды.
3. Магистральдық құбырдың өткізу қабілетінің резерві болған жағдайда оның иесінің жүк жөнелтушіге мұнайды тасымалдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Бұл ретте жүкті жөнелтушілердің біркелкі тарифтер бойынша көлік қызметінің көрсетілуіне тең құқығы болады.
105-бап. Магистральдық құбырлардың күзет аймақтары
1. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болғызбау, сондай-ақ қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында магистральдық құбырлар трассалары бойында (оларды қандай да болсын түрде тарту кезінде), оның ішінде магистральдық құбырлар объектілерінің айналасында магистральдық құбырлардың қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламенттің талаптарына сәйкес сол жерлерде арнаулы белгілермен айқындалатын күзет аймақтары құрылады. Бірнеше құбырлар бір техникалық дәлізде орналастырылған кезде барлық құбырлар үшін бірыңғай күзет аймағы құрылады.
2. Магистральдық құбырдың күзет аймақтарына: қорғаныштық орман аймақтары, құрылыстардың, құрылғылар мен басқа объектілердің сақталуын, беріктігі мен орнықтылығын қамтамасыз етуге қажетті жер учаскелері, қызметтік жолдар, сондай-ақ сел қаупі бар, көшкін қаупі бар аймақтардағы және басқа да қауіп-қатерлер төнетін жерлерде орналасқан, магистральдық құбырға бөлінетін белдеуге іргелес жатқан жер учаскелері кіреді.
3. Күзет аймақтарының шекаралары мен физикалық қорғауға жататын магистральдық құбырлар объектілері магистральдық құбырлар қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламенттің талаптарына сәйкес белгіленеді.
4. Магистральдық құбырлар инженерлік коммуникациялармен қоса бір техникалық дәлізден өткен немесе олар өзара қиылысқан кезде осы құбырлар мен коммуникацияларды пайдаланатын ұйымдардың өзара қарым-қатынасы магистральдық құбырлардың қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламенттің талаптарына сәйкес айқындалады.
5. Магистральдық құбырлардың күзет аймақтарында магистральдық құбырлар иелерінің беретін жазбаша рұқсатынсыз және күзет ұйымдарын ол туралы хабардар етпей, шаруашылық қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
106-бап. Суасты құбырлары мен кәбілдерін орнату, тарту және пайдалану
Суасты құбырлары мен кәбілдерін орнату, тарту және пайдалану мұнай айналымы саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылады.
11-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ, ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҰТЫМДЫ ӘРІ КЕШЕНДІ
ПАЙДАЛАНУ, ХАЛЫҚТЫҢ ЖӘНЕ ПЕРСОНАЛДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ
107-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғаудың, жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдаланудың міндеттері
Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану:
1) халықтың денсаулығын және өмірін қорғауға;
2) жер қойнауының ресурстарын ұтымды әрі кешенді пайдалануға;
3) табиғи ландшафтарды сақтауға және бүлінген жерлерді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды қалпына келтіруге;
4) жер сілкінуді, көшкінді, су астында қалуды, топырақтың шөгуін болдырмау мақсатында жер қойнауының үстіңгі бөліктерінің энергетикалық жай-күйін сақтауға;
5) су объектілерінің табиғи жағдайын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, технологиялық жүйелерді және басқа да іс-шараларды қамтиды.
108-бап. Жалпы экологиялық талаптар
Жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында болжауды, жоспарлауды, жобалауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар басымдық ретімен сақталуға тиіс.
109-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін экологиялық негіз
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға, жобалау құжаттамаларына мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары мен экологиялық рұқсат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін экологиялық негіз болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жоспарланған қызметтің қоршаған ортаға тигізетін әсеріне баға беруді және «Қоршаған ортаны қорғау» деген бөлімді қамтуға тиіс барлық жобалау алдындағы және жобалау құжаттарын мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаларға ұсынуға міндетті.
110-бап. Жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар 1. Мыналар:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін, оның ішінде өндіруге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшін берілетін пайдалы қазбалар, кен орындары мен жер қойнауы учаскелері қорының ауқымы мен құрылымын нақтылы бағалау үшін жер қойнауын ілгерілей геологиялық зерттеудің толымдылығын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды әрі кешенді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) бай учаскелерді таңдап өндіруге жол бермей пайдалы қазбаларды жер қойнауынан бөліп алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
4) кен орнын игеру кезінде сыртқа шығарылатын және жер қойнауында айналыстан шыққан негізгі және онымен бір жерде жатқан пайдалы қазбалар қорларын және қосалқы компоненттерді, оның ішінде минералдық шикізатты өңдеу өнімдері мен өндіріс қалдықтарын дұрыс есепке алу;
5) бастапқы өңдеу деректері бойынша мемлекеттік баланста есепте тұрған пайдалы қазбалар қорларын түзетуді жою;
6) су жинау алаңдарында және ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын жерасты сулары жинақталған жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;