1.Yй жасауының заттары, керек-жарақтар:
1) аң терiсiнен тігілген және басқа да бағалы киім-кешектер (егер ең төмен күнкөрiс деңгейiн қамтамасыз ету үшiн оны алмастыра алатын өзге де киім-кешек бар болса), асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киім-кешек, аяқ киім, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;
2) борышкерге және оның отбасы мүшелерiне ең аз мөлшерде қажеттi жиhаз (әрбір адамға бір төсек пен бір орындықтан, отбасына бір үстел, бір шкаф және бір сандық);
3) балаларға арналған барлық жабдықтар.
2. Егер борышкердiң негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, борышкер мен оның отбасы үшiн жаңа астыққа дейiн қажетті мөлшердегі тамақ өнiмдерi, шаруашылық құрылыстары және борышкер мен оның отбасының қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға қажеттi мөлшердегі үй малы, сондай-ақ малға арналған жем-шөп, ал басқа жағдайларда - тамақ өнiмдерi және жалпы сомасы ең төменгi жалақыдан аспайтын мөлшердегi ақша.
3. Тамақ даярлауға және отбасының тұрғын үй-жайын жылытуға арналған отын.
4. Борышкер соттың үкімімен белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе ол құрал-сайманды қылмыс жасау үшiн пайдаланған жағдайларды қоспағанда, борышкердiң кәсiби қызметiн жалғастыруына қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар).
5. Мүгедектердiң жүрiп-тұруына арналған арнайы көлiк құралдары.
6. Борышкер марапатталған халықаралық, мемлекеттік және өзге де жүлделер.
Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлік осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана өндіріп алынуы мүмкін.
2-параграф. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
62-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
1. Сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындауды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде борышкердің атқарушылық құжаттағы талаптарды ерікті түрде орындауы үшін белгіленген мерзім ішінде борышкер мүлкіне, оның ішінде заңмен көзделген жағдайларда соттың санкциясы бойынша тыйым салуға құқылы. Бұл ретте сот орындаушысы борышкердің мүлкінен өндіріп алудың кезектілік қағидаларын қолданбауға құқылы.
2. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу осы мүлiкке иелік етуге тыйым салудан, сондай-ақ борышкердiң банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомаларын пайдалануға және оларға иелік етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
3. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгiленген шектеулер ескерiле отырып), тыйым салынуы мүмкiн.
Сот орындаушысы банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшаға және өзге де мүлікке сот санкциясымен ғана тыйым салады.
Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлікке азаматтық сот ісін жүргізу барысында осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана тыйым салынуы мүмкін.
4. Егер борышкер мүлкiнiң басқа тұлғаларда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болған жағдайда, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi талап-арыз iсін жүргiзу тәртібімен сот шешедi.
5. Сот орындаушысының мүліктен өндіріп алу жөніндегі әрекеттерді жасауына кедергі келтіру, сот орындаушысының тыйым салынған мүлікке билік етуге немесе оны пайдалануға тыйым салуын бұзу, сондай-ақ тыйым салынған мүлікке қатысты өзге де заңсыз іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
63-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртібі
1. Мүлiкке өндiрiп алуды қолдану кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, нақты құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттік тiркеуге жатпайтын мүлiктiң кiмге тиесiлi екенiн анықтау қиын болған және бұл мүлiк борышкерге тиесiлi деп жорамалдауға негiздер болған жағдайда, сот орындаушысы оның кімге тиесiлi екендігі анықталғанға дейiн мүлiкке тыйым салуға құқылы.
Егер мүлік борышкерге тиесілі болмаса, онда ол сот орындаушысына тыйым салынған мүліктің тиесілігін белгілейтін қажетті дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2. Сот орындаушысы мүліктің борышкерге тиесілі екенін анықтап, оны тізімдемеге енгізеді, өндіріп алу мөлшеріне қарай бүкіл мүлікке немесе оның бір бөлігіне тыйым салады және тыйым салу туралы қаулыны тиісті мемлекеттік тіркеу органдарына жібереді.
3. Сот орындаушысы кепiлге салынған мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
64-бап. Тыйым салынған мүлікті пайдалану тәртібін айқындау
1. Қажет болған жағдайда сот орындаушысы тыйым салынған мүлiкті алып қоюды жүргізуге немесе борышкердің тыйым салынған мүлiкті пайдалану жөніндегі құқықтарын шектеуге құқылы. Шектеудің түрлерін, көлемдері мен мерзімдерін сот орындаушысы әрбір нақты жағдайда осы мүлікке тыйым салудың мақсаттарын, мүліктің ерекшеліктерін, оның меншік иесі немесе қожасы үшін маңызын, шаруашылық, тұрмыстық немесе өзгедей пайдаланылуын және басқа да факторларды ескере отырып айқындайды.
2. Сот орындаушысының мүлiкке билік етуге салған тыйымын бұзу немесе борышкердің тыйым салынған мүлкін пайдалану құқықтарын шектеуді сақтамау атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындамағаны үшін осы Заңда көзделген салдарларға әкеп соғады.
3. Вексельдерге, түбіртектерге, ұсынушының жинақ кітапшаларына, депозиттік және жинақ сертификаттарына, облигацияларға және борышкерге ақша сомасын төлеу міндеттемесі бар өзге де мүлікке тыйым салу кезінде сот орындаушысы алып қою туралы хаттаманы толтыра отырып, аталған мүлікті алып қояды.
65-бап. Бағалы қағаздарға тыйым салу
1. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу олардың тұрған орны бойынша жүргізіледі. Құжатсыз бағалы қағаздарға тыйым салу осы қағаздар иелерінің құқықтарын есепке алу орны бойынша жүргізіледі.
2. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығарады. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу туралы сот орындаушысы осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен хаттама да жасайды.
3. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынған бағалы қағаздардың жалпы саны, олардың түрі, сәйкестендіру нөмірі, осы бағалы қағаздардың эмитенті туралы мәліметтер, бағалы қағаздарды сәйкестендіруге, сондай-ақ олардың борышкерге тиесілілігін анықтауға мүмкіндік беретін басқа да деректер көрсетіледі.
4. Борышкерге тиесілі бағалы қағаздарға тыйым салу борышкердің оларға билік етуіне (сатуға, өз міндеттемелерін немесе үшінші бір адамдардың міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде беруге, өзге де түрде ауыртпалық түсіруге) тыйым салуды білдіреді. Өзге де шектеулерді, оның ішінде борышкердің кіріс алуға құқықтарын және бағалы қағаздармен бекітілген басқа да құқықтарын шектеу кезінде сот орындаушысы белгіленген шектеулерді бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда санамалап көрсетуге міндетті.
5. Бағалы қағаздарға тыйым салу эмитенттің (басқарушы компанияның) оларды өтеу, олар бойынша кірістерді төлеу, оларды өзге бағалы қағаздарға айырбастау немесе алмастыру жөніндегі әрекеттер жасауына, егер мұндай әрекеттер тыйым салынған бағалы қағаздарды шығару шарттарында (пайлық инвестициялық қордың қағидаларында) көзделсе және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынбаса, кедергі келтірмейді. Аталған әрекеттердің жасалуы туралы эмитент (басқарушы компания, басқарушы) сот орындаушысына дереу хабарлайды.
6. Айырбастау немесе алмастыру нәтижесінде алынған өзге бағалы қағаздар, егер бұл тыйым салу мақсаттарына қайшы келмесе, тыйым салу туралы қаулы бойынша тыйым салынған бағалы қағаздар секілді сол шарттармен тыйым салуда тұрған болып есептеледі. Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға қосымша осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалған берешектің мөлшерін ескере отырып, айырбастау немесе алмастыру нәтижесінде алынған бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығаруға міндетті.
7. Егер атқарушылық құжатта борышкердің бағалы қағаздар бойынша кіріс алуға құқықтарын шектеу белгіленсе, онда осы бағалы қағаздар бойынша барлық кірістер аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептелуге тиіс.
8. Сот орындаушысы тыйым салынған құжаттық бағалы қағаздарды алып қояды және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы хаттамаға қол қойғыза отырып, осы хаттаманың көшірмесін сақтаушыға сақтауға береді. Сот орындаушысы осы бағалы қағаздарды кастодианға сақтауға беру туралы шешім қабылдай алады.
9-тармаққа өзгерістерді қара - 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
9. Тыйым салынған құжатсыз бағалы қағаздар алып қойылмайды және құқықтарды есепке алу үшін басқа тіркеушіге (номиналды ұстаушыға) берілмейді.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 9-1-тармақпен толықтырылды
9-1. Тыйым салынған құжатсыз бағалы қағаздарды тіркеушінің құқықтарды есепке алу үшін бірыңғай тіркеушіге беруіне жол беріледі.
10-тармаққа өзгерістерді қара - 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
10. Тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын тіркеушінің (номиналды ұстаушының) тиісті лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не тоқтатылған жағдайда, тіркеуші (номиналды ұстаушы) ол туралы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не тоқтатылғандығы туралы хабарлама алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей сот орындаушысына хабарлайды.
11-тармаққа өзгерістерді қара - 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
11. Эмитент (басқарушы компания) тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын тіркеушімен (номиналды ұстаушымен) шартты бұзған жағдайда, тіркеуші (номиналды ұстаушы) ол туралы шарт бұзылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей сот орындаушысына хабарлайды.
12. Эмитент (басқарушы компания, басқарушы) борышкерге тиесілі тыйым салынған бағалы қағаздар төлемінің немесе оны өтеудің мерзімі басталған жағдайда, аталған бағалы қағаздар бойынша төлем сомасын құрайтын ақшаны аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептейді.
13. Тыйым салынған бағалы қағаздарды мүліктің және (немесе) мүліктік құқықтардың иесіне беру нысанында өтеген жағдайда сот орындаушысы мұндай мүлікті және (немесе) мүліктік құқықтарды осы Заңда белгіленген тәртіппен өндіріп алады.
14. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салынғаны туралы қаулының көшірмелерін, оны шығарған (жасаған) күннен кейінгі күннен кешіктірмей, атқарушылық іс жүргізу тараптарына, сондай-ақ:
1) бағалы қағаздарды берген адамға (эмиссиялық бағалы қағаздарды қоспағанда);
2) тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын тіркеушіге (номиналды ұстаушыға);
3) егер бағалы қағаздарға тыйым салу осы бағалы қағаздарға бекітілген құқықтарды шектеуден тұратын болса, эмитентке (басқарушы компанияға) жібереді.
15. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулының көшірмесін алған күннен бастап, осы баптың 14-тармағында аталған адамдар:
1) аталған қаулымен борышкердің шектелген құқықтарын іске асыруға бағытталған борышкердің талаптарын орындауға құқылы емес;
2) сот орындаушысының қаулысында аталған ақшаның мөлшерін негізге ала отырып, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының арнаулы шотындағы борышкердің ақшасымен және жеке шоттарындағы және депо шоттарындағы бағалы қағаздарымен операцияларын дереу тоқтата тұруға міндетті.
16. Номиналды ұстаушының клиенттеріне тиесілі ақшаны есепке алу жүзеге асырылатын, номиналды ұстаушының банктік шоттарына номиналды ұстаушының міндеттемелері бойынша тыйым салына алмайды.
66-бап. Борышкер мүлкiнiң тiзiмдемесi
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы, орындау жөніндегі шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметтеріне төлейтін шығыстарды өтеуге қажеттi мөлшерде борышкер мүлкiнің тiзiмдемесін жүргізеді. Осы Заңның 55-бабының 5-тармағында көзделген жағдайда, тізімделетін мүліктің құны атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алудың мөлшерiнен асып түсуi мүмкiн. Сот орындаушысының тiзiмдемеге түскен заттарға сүргi сала алады.
2. Мүлiкке тiзiмдеме жасау борышкердiң және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлуге тиiс. Атқарушылық әрекеттер жасалатындығы туралы алдын ала хабардар етілген, борышкер болып табылатын жеке адам немесе заңды тұлғаның өкiлi болмаған жағдайда, тiзiмдеме куәгерлердiң қатысуымен жасалады.
3. Мүлiктер тiзiмдемесiне әр заттың атауы, оның ерекше белгiлерi (салмағы, метражы, тозу дәрежесi, бұйымның маркасы және өзге де өлшемдері), әр заттың жеке-жеке бағасы және барлық мүлiктiң құны енгiзiледi.
Тiзiмдемеге оны жасау кезiнде қатысқан адамдар қол қояды.
4. Сот орындаушысы тізімдемеге қатысушы маманның қорытындысы бойынша жылжымалы мүлікке тізімдеме жасамауға не маманның қорытындысы бойынша оны сату мүмкін болмаса немесе оны сатудан түскен сома орындау жөніндегі шығыстардан кем болатын болса, оны кейін тізімдемеден алып тастауға құқылы.
67-бап. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасы
1. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасында:
1) хаттама жасалған уақыт пен орны;
2) хаттама жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ хаттама жасалған кезде қатысқан адамдардың тегі, аты және әкесінің аты;
3) соттың немесе атқарушылық құжаты орындалатын басқа да органның атауы;
4) өндіріп алушының және борышкердің тектері, аттары және әкелерінің аттары;
5) мүлікке тізімдеме жасау жүргізілгені туралы сілтеме (тізімдемені кім жүргізді, тізімделген мүліктің жалпы құны);
6) егер заттарға сүргі салу жүргізілген болса, оған сілтеме;
7) мүлік сақтауға берілген жеке адамның тегі, аты және әкесінің аты, заңды тұлғаның атауы, егер мүлікті сақтау борышкердің өзіне жүктелмесе, мекенжайлары;
8) борышкерге және басқа да адамдарға сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау тәртібі мен мерзімінің түсіндірілгені, сондай-ақ борышкерге немесе мүлікті сақтаушыға олардың сақтауға берілген мүлікті сақтау жөніндегі міндеттері және оны талан-таражға салғаны, иеліктен шығарғаны немесе жасырғаны үшін жауапкершілігі жөнінде түсіндірілгені туралы белгі;
9) өндіріп алушының, борышкердің, тізімдеме жасау кезінде қатысқан адамдардың ескертпелері мен арыздары және сот орындаушысының солар бойынша өкімдері көрсетілуге тиіс.
2. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасына сот орындаушысы және оны толтыру кезінде қатысқан адамдар қол қояды.
3-параграф. Мүлікті бағалау және сақтау
68-бап. Борышкердің мүлкiн бағалау
1. Борышкердің мүлкiн бағалауды сот орындаушысы оның нарықтық бағасы мен нақты тозуын ескере отырып жүргізеді. Бұл ретте өндiрiп алушы мен борышкер арасында қол жеткiзiлген бағалау туралы келiсiм ескерiлуi мүмкiн.
Егер жекелеген заттарды бағалау қиындық тудырса не борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жасаған бағалауға қарсы болса, сот орындаушысы мүлiк құнын анықтау үшiн маман тағайындайды. Жүргізілген бағалаумен келіспеген жағдайда қайта бағалау бойынша маманның ақысын атқарушылық іс жүргізудің бағалаумен келіспеген тарапы төлейді.
Валюталық құндылықтар, қымбат металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар, антиквариат, кескiндеме және мүсiн өнерi туындылары, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік мiндеттi түрде мамандардың қатысуымен бағаланады.
2. Мүлікті бағалауды тағайындау туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмелері қаулы шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей атқарушылық іс жүргізу тараптарына жіберіледі.
69-бап. Мүлiкті сақтау
1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтау қолхатын алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және басқа да нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
3. Егер мүлiктi пайдалану оның ерекшеліктері бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның құндылығының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
4. Борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болып табылмаса, ол сақтағаны үшiн сыйақы алады.
5. Мүлiктi сақтау жөнiнде жұмсалған қажеттi шығыстар сақтаушыға осы мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiле отырып өтеледi.
6. Мүлiктi сақтауға байланысты жұмсалған шығындар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
70-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi
Сақтауға берілген тыйым салынған мүлікті талан-таражға салған, иеліктен шығарған немесе жасырған жағдайда сақтаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
71-бап. Борышкерден алып қойылған құндылықтарды сақтау
1. Борышкерден ақшаны, бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын алып қойған кезде сот орындаушысы екі дана етіп алып қою актісін жасайды.
2. Борышкерден алып қойылған бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын сот орындаушысы банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға шарт негiзiнде жүзеге асырылатын сақтауға өткiзедi.
3. Өндiрiп алушыға берілген сомаларды және атқару жөніндегі шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы жиырма төрт сағат ішінде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгiзедi. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотындағы ақша сомаларын есепке алу, сақтау және беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Борышкерден ақшаны алып қою кезінде борышкерге алып қою актісінен бөлек түбіртек беріледі, ал алып қойылған ақша аумақтық органың қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізіледі.
8-тарау. БОРЫШКЕРДІҢ МҮЛКIН ӨТКІЗУДІҢ ТӘРТІБІ
1-параграф. Өткізудің жалпы қағидалары
72-бап. Борышкердің мүлкiн өткізудің кезектiлiгi
Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде бұл мүлiктi өткізу мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады:
1) бірінші кезекте борышкердің іс жүргізуге тікелей қатыспайтын мүлкі, оның ішінде бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, қымбат металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, жеңіл автокөлік өткізіледі;
2) екiншi кезекте - дайын өнiм (тауарлар), сондай-ақ іс жүргізуге тiкелей қатыспайтын және іс жүргізуге тiкелей қатысуға арналмаған өзге де материалдық құндылықтар;
3) үшiншi кезекте - жылжымайтын мүлiк объектiлерi, сондай-ақ шикiзат пен материалдар, станоктар, құрал-жабдықтар, іс жүргізуге тiкелей қатысуға арналған басқа да негiзгi құралдар;
4) төртiншi кезекте - жалға беру (мүлiктi жалдау), заем, прокат шарты бойынша немесе өзге де шарттар бойынша басқа адамдарға берілген мүлiк.
73-бап. Борышкердің жылжымайтын мүлкін кейіннен аукционда сату үшін оған құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
1. Меншік құқығы (шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы) жылжымайтын мүлікке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріліп алынған жағдайда, сондай-ақ жылжымайтын объектінің кадастрлық және техникалық есепке алу (түгендеу) жөніндегі жұмыстары жүргізілмесе немесе аяқталмаса, сот орындаушысы борышкерге аталған әрекеттерді жүргізуге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды кадастрлық, техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттарды табыс ету міндеттерін жүктеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.
2. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді кадастрлық және техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу бойынша шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
74-бап. Тыйым салынған мүлiктi өткізу
1. Тыйым салу негіздері мен мүлік түрлеріне қарамастан, айналымнан заң бойынша алып тасталған мүліктен басқа, тыйым салынған мүлікті өткізуді сот орындаушысы комиссиялық негіздегі сауда ұйымдары арқылы, сондай-ақ аукцион нысанындағы сауда-саттықтарда жүргізеді. Аукцион нысанындағы сауда-саттықтарды - жеке сот орындаушысы дербес, ал мемлекеттік сот орындаушысы мамандандырылған сауда ұйымы арқылы жүргізеді.
2. Мүлiктi өткізу нысанын таңдауды сот орындаушысы мүлiк түрiн және өндiрiп алушы мен борышкердiң пiкiрлерiн ескере отырып айқындайды.
3. Борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салып, оны бағалауды жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құны бойынша өткізуге құқылы.
Борышкердің мүлікті өткізуге рұқсат алуы атқарушылық әрекеттерді кейінге қалдыруға, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу аясында мүлікті сауда-саттыққа шығаруға негіз болып табылмайды. Мүлікке тыйым салу борышкер мен сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойғаннан және сатып алушы мүлікті сатып алудың барлық құнын аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізгеннен кейін ғана алып тасталады.
4. Егер тыйым салынған мүлікті өткізу туралы шешім қабылдау кезінде борышкердің дәрменсіздігі (банкрот болуы) туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалса, онда мүлікті өткізу аталған мәселе мәні бойынша қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
5. Тыйым салынған мүлікті өткізудің осы Заңмен реттелмеген мәселелері уәкілетті орган бекітетін қағидаларымен айқындалады.
75-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi өткізу
Мүлiктi тәркiлеу бөлiгiндегі қылмыстық iс бойынша сот үкімі негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен өткізіледі немесе пайдаланылады.
76-бап. Құндылықтарды өткізу
Борышкерден алып қойылған әрі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға сақтауға берiлген бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған басқа да бұйымдар, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариат Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн қағидаларға сәйкес өткізіледі.
77-бап. Тыйым салынған мүлiктi өткізу тәртібі
1. Борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
2. Борышкердің тыйым салынған мүлкін өткізу, осы Заңның 75 және 76-баптарында көрсетілгендерді қоспағанда, аукцион нысанындағы сауда-саттықта сату арқылы жүзеге асырылады.
3. Өндіріп алушы мен борышкер келіскен жағдайда мүлік комиссия шартының негізінде сауда ұйымдары арқылы сату жолымен өткізілуі мүмкін. Тез бұзылатын мүлікті, оған тыйым салу мен тізімдеме жүргізілгеннен кейін және атқарушылық іс жүргізу тараптарының білдірген еркіне қарамастан, сот орындаушысы комиссияның шарты бойынша дереу өткізуге тапсырады.
4. Борышкердің мүлкін мамандандырылған ұйымға өткізу үшін беруді сот орындаушысы қабылдау-өткізу актісі бойынша жүзеге асырады.
5. Егер маман тыйым салынған мүлік сату кезінде құнды болып табылмайды және өтімді емес деген қорытынды шығарса, бұл мүлік өткізуге берілмейді, ал оған бұрын салынған тыйым алып тасталады.
6. Құрамы жағынан біртектес мүлікті өткізу кезінде ол бірыңғай лотпен сатылуы мүмкін.
7. Сот орындаушысы оның атқарушылық округінің (атқарушылық учаскесінің) аумағындағы мүлікті ғана өткізеді.