20) мәліметтерді, оның ішінде, өзінің басқаруындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың және оларға қатысты мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде басқаруға қатысу құқығын өзі жүзеге асыратын мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың атаулы тізбесін, бұл мәліметтерді мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсету үшін дайындайды;
21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде айқындалған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
16-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдарының коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органы:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікті басқару мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін қарайды;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлкін дамытуға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлейді;
3) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу туралы шарттардың жобаларын келіседі.
17-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жұмысын үйлестіреді;
3) облыстық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
4) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
5) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
6) облыстық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы, оларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, акционерлік қоғамдардың өздеріне тиесілі акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін иеліктен шығару туралы шешімдер қабылдайды;
7) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға оcыған уәкілеттік береді;
8) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
9) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерін қарайды, бекітеді және осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі;
10) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылау мен талдауды жүзеге асырады;
11) облыстық коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп береді;
12) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
13) облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақшаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
14) акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін облыстық коммуналдық мүлік құрамына сатып алу туралы шешім қабылдайды;
15) осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен облыстық коммуналдық мүлікті ауданның, облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкінің деңгейіне беру туралы шешім қабылдайды;
16) тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгіну туралы шешім қабылдайды;
17) облыстық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешім қабылдайды;
18) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде осы Заңның 4-тарауында белгіленген талаптар бойынша реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
19) осы Заңның 4-тарауында белгіленген жағдайларда және талаптарда реквизицияланатын мүлікке ақшалай өтем төлейді;
20) осы Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайларда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарған кезде өтем төлейді;
21) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы немесе мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
22) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жасайды;
23) облыстық коммуналдық мүліктің пайдаланылуына және сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді;
24) облыстық коммуналдық мүліктің есепке алынуын ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
25) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
26) облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен меншігіне өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға береді;
27) сенімгерлікпен басқарушының облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады;
28) өзіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
18-бап. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
2) аудандық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
3) аудандық коммуналдық мүлік объектілерінің тізбесіне енгізілген, облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімімен жекешелендіру жүргізілуі мүмкін аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімін алады;
4) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
5) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
6) аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен меншігіне өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға береді;
7) аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ олардың акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы, оларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, акционерлік қоғамдардың өздеріне тиесілі акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін иеліктен шығару туралы шешімдер қабылдайды;
8) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін) бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға осыған уәкілеттік береді;
9) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
10) аудандық коммуналдық мүліктің пайдаланылуын және сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
11) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерін қарайды, бекітеді және осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі;
12) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;
13) аудандық коммуналдық мүлікті аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп береді;
14) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
15) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақшаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
16) аудандық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, мүліктік жалдауға (жалға алуға), өтеусіз пайдалануға және сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;
17) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде осы Заңның 4-тарауында белгіленген талаптар бойынша реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
18) осы Заңның 4-тарауында белгіленген жағдайларда және талаптарда реквизицияланған мүлікке ақшалай өтем төлейді;
19) осы Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайларда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарған кезде өтем төлейді;
20) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
21) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жасайды;
22) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған, мемлекетке мұрагерлік құқығы бойынша өткен аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткізілген иесіз қалған мүліктің, олжаның, қараусыз қалған жануарлардың, құрамында мәдени құндылықтарға жататын зат жоқ көмбелердің үлестерін есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастырады;
23) сенімгерлікпен басқарушының аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асырады;
24) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын әзірлеу мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
25) өзіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2-бөлім. Мемлекеттің мүліктік құқықтарға ие болуы
3-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқықтарға ие болу негіздері
19-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарға ие болу негіздерінің тізбесі
1. Қазақстан Республикасының республикалық мүлік құқықтарына ие болуына:
1) республикалық бюджетке түсетін түсімдер;
2) республикалық заңды тұлғалардың мүлікке ие болуы;
3) тәркілеу;
4) мүлікті коммуналдық мүліктің құрамынан республикалық мүліктің құрамына беру;
5) азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және басқа да шарттар) негізінде мүлікті сатып алу және оны жасау;
6) стратегиялық объектілерге ие болуға басым құқықты іске асыру;
7) күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды сот шешімі бойынша алып қою;
8) жеке меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесіне құқықты қайта ресімдеген кезде, оған мемлекеттік меншік құқығына ие болу;
9) мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың мүлкін мұраға қалдыру, сыйға тарту немесе оның республикалық мүліктің құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
10) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару;
11) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін Қазақстан Республикасының міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруы;
12) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер негіз болып табылады.
2. Әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлік құқықтарына ие болуына:
1) жергілікті бюджетке түсетін түсімдер;
2) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлікті сатып алуы;
3) иесі жоқ және тәркіленген мүліктің коммуналдық мүлік құрамына түсуі;
4) мүлікті республикалық мүліктің құрамынан коммуналдық мүліктің құрамына беру;
5) азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және басқа да шарттар) негізінде мүлікті сатып алу және оны жасау;
6) өз бетінше салынған құрылысқа құқықтарға сот шешімі бойынша ие болу;
7) күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды сот шешімі бойынша алып қою;
8) жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар мүлкін мұраға қалдыру, иесіз қалған мүлкінің басқаға өтуі, сыйға тарту немесе оның коммуналдық мүліктің құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
9) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару;
10) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруы;
11) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер негіз болып табылады.
20-бап. Бюджетке жататын мүлік құқығына ие болу
Бюджетке жататын мүлік құқығына ие болу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалады.
21-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті сатып алуы
Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызмет нәтижесінде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де негіздер бойынша мүлікті сатып алуы мемлекеттің осы мүлікке құқыққа ие болуына және оны мемлекеттік мүлікке жатқызуға негіз болып табылады.
22-бап. Тәркіленген мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына түсуі
Тәркіленген мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына түсуі осы Заңның 210 - 212, 214, 215-баптарында айқындалған тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
23-бап. Иесі жоқ жылжымайтын заттарға мемлекеттік меншік құқығына ие болу
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Иесі жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесі жоқ жылжымайтын затты есепке алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін бұл затты аудандық коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді. Егер меншік иесі бұл туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді. Жер учаскесі иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде, осы зат аумағында табылған республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органының өтініші бойынша, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес есепке алынады.
2. Жеке тұлғалардағы немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардағы өздерінің меншікті мүлкі ретінде иеленіп келген иесі жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және аудандық коммуналдық меншікке берілмейді.
3. Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы туындағанға дейін кез келген уақытта меншік иесі өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесі жоқ ретінде есептен шығару туралы өтініш жасауға және оны өзінің іс жүзіндегі иелігіне жаңадан қабылдауға құқылы.
4. Иесі жоқ жылжымайтын заттар ретінде есепке алынған жер учаскелеріне құқықтарға мемлекеттің ие болу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленеді.
24-бап. Меншік иесі бас тартқан жылжымалы заттарға мемлекеттік меншік құқығына ие болу
1. Меншік иесі тастап кеткен немесе ол меншік құқығынан бас тарту мақсатында өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы бапта көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекет меншігіне айналдырылуы мүмкін.
2. Жер пайдалануында құнының мөлшері тастап кеткен зат табылған күні қолданылып келген айлық есептік көрсеткіштің жиырма еселенген мөлшерінен анық төмен, тастап кеткен зат не тастап кеткен металл сынықтары, жарамсыз өнім орналасқан жер учаскесі бар мемлекеттік заңды тұлға оларды пайдалануға кірісіп немесе заттардың шаруашылық жүргізуге немесе жедел басқаруға айналдырылғанын куәландыратын өзге де іс-әрекет жасап, осы заттарды өзінің шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына айналдырады.
Мемлекеттік меншіктегі жерден және жер пайдалануға берілмеген жерден осындай мүлік табылған жағдайда, мүлікті аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдау қажет болған кезде, ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша жергілікті қазынаға түседі.
3. Мүлікті аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдау қажеттігі туралы мәселе қаралған кезде:
1) экономикалық тұрғыдан орындылығы;
2) мүліктің аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылданғаннан кейінгі мақсаты мен пайдаланылуы негізгі өлшемдер болып табылады.
4. Мүлікті аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдау қажеттігі болмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган мүлікті осы Заңның 213-бабына сәйкес одан әрі өткізу үшін осы бапта белгіленген тәртіппен аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдай алады.
5. Меншік иесі тастап кеткен, құнының мөлшері тастап кеткен зат табылған күні қолданылып келген айлық есептік көрсеткіштің жиырма еселенген мөлшеріне тең және одан да жоғары жылжымалы зат, егер мемлекеттік заңды тұлғаның немесе жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша осындай затты сот иесі жоқ деп таныған болса - оны иеленген мемлекеттік заңды тұлғаның шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына немесе ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының иелігіне түскен жағдайда аудандық қазынаның құрамына келіп түседі.
25-бап. Мүлікті бюджет қаражаты есебінен сатып алу
1. Мүлікті бюджет қаражаты есебінен сатып алу «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары мен қағидаларын сақтай отырып, мүлікті сатып алу туралы азаматтық-құқықтық шарттар жасасу, жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету (сатып алу-сату, мердігерлік, өтеулі қызмет көрсету және басқа да мәмілелер) негізінде жүзеге асырылады.
2. Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып алу, акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салынатын салымды бюджет қаражаты есебінен төлеу осы Заңда және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
26-бап. Мұраның және иесіз қалған мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына түсуі
1. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда оған тиесілі мүлік өсиетке сәйкес Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен мемлекетке өтуі мүмкін.
2. Егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер жоқ болса немесе Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мұрагерлердің ешқайсысының мұра алу құқығы жоқ болса не олардың барлығы мұрадан бас тартса, жеке тұлға қайтыс болғаннан кейін қалған мұра иесіз қалған мүлік деп танылады. Иесіз қалған мүлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен мұра ашылған жердегі аудандық коммуналдық меншіктің құрамына өтеді.
27-бап. Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу
1. Жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың мүлікті мемлекетке сыйға тарту шартына осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 27-тарауының ережелері қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық жағдайына немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты берілген, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілген сыйлықтарға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңның 216-бабында айқындалады.
2. Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Жер учаскелерін сыйға тарту шарты негізінде жеке меншіктен мемлекет меншігіне беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
4. Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік мүлік құрамына жалпы пайдалану мақсатында (қайырмалдық) беру Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 516-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
28-бап. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мүлік құқықтарына ие болу
1. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мүлік құқықтарына ие болуы осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мүлікті сатып алу бюджет қаражаты немесе осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де мемлекеттік мүлік есебінен жүзеге асырылады.
3. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мемлекет сатып алатын мүлік мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға түседі.
29-бап. Көмбеге мемлекеттік меншік құқығына ие болу
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мемлекет меншігіндегі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен табылған көмбе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекет пен көмбені тапқан адамның арасында жасалған шартпен өзгеше белгіленбегендіктен, олардың меншігіне тең үлеспен түседі.
2. Егер көмбе мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын болса, олар Қазақстан Республикасының меншігіне берілуге тиіс. Осындай көмбе табылған жылжымайтын мүлік иесінің және көмбені тапқан адамның, егер олардың арасында жасалған шартта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес көмбе құнының елу пайызы мөлшерінде тең үлеспен сыйақы алуға құқығы бар. Мәдени құндылықтарға жатқызылған заттардан тұратын көмбе мемлекетке тиесілі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен табылған жағдайда, көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу пайызын алуға құқылы.
3. Мәдени құндылықтарға жатқызылған заттардан тұратын көмбені тапқаны үшін сыйақы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен бюджет қаражатынан төленеді.