3) құқық бұзушылықтар профилактикасы жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
4) құқық бұзушылық жасауға бейім әскери қызметшілерді профилактикалық есепке алуды жүргізеді және оларға профилактикалық бақылауды жүзеге асырады;
5) әскери бөлімдер және мекемелер қолбасшылығымен құқық бұзушылық профилактикасы бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
6) өзге де құқық қорғау органдарына өздеріне белгілі болған, сол органдардың құзыретіне жататын дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлайды;
7) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қылмыстық қудалауды, іс жүргізуді жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.».
13. «Сыртқы барлау туралы» 2010 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 10, 46-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат):
1) 2-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сыртқы барлау субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде барлау қызметін жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.»;
2) 6-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
әскери, әскери-саяси, әскери-экономикалық және әскери-техникалық салаларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі әскери құрамдасының мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда; халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында, елдің қорғаныс мүдделерінде Қазақстан Республикасының аумағынан және одан тысқары жерлерден радиоэлектрондық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып шифрленген, құпияланған және арнайы байланыстың өзге де түрлері саласында жүзеге асырады.»;
3) 9-баптың 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«12) оның объектілерінде құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстау, оларды кейіннен құқық қорғау органдарына тапсыру;»;
4) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
«9-1-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құзыретіне осы Заңның 8-бабында көзделген ережелерден басқа, осы Заңның 9-бабының 2) - 4), 7), 10), 14), 16) және 26) тармақшаларын қоспағанда, осы Заңның 9-бабының ережелері жатады.»;
5) 13-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері кадрлар есебінде, қолданыстағы резервте және запаста тұрады. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару мен арнайы құралдарды алып жүруге, сақтауға құқығы бар.
Сыртқы барлау органының басшысы қызметкерлердің жекелеген санаттарының сыртқы барлау органындағы қызметке алынғанға дейінгі еңбек өтілін олардың еңбек сіңірген жылдарына есептейді.».
14. «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 4-құжат; 2011 жылғы 15, 16 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 15, 16 және 19 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 9 қарашадағы Заңы):
10-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына - жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрам лауазымдарына - отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.».
15. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат):
1) 48-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«48-бап. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялаудың негіздері мен тәртібі
1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарында және тауарларды өндірудің, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетудің тиісті кезеңге арналған жоспарында көзделмеген мүлікке қажеттілік жаңадан туындаған жағдайда жүргізіледі.
2. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамалары бойынша жүзеге асырылады.
3. Қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамасы бойынша жүзеге асырылады.
4. Әскери басқару органдары мен әскери бөлімдердің қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау жөніндегі қызметіне жалпы басшылық жасауды және оны үйлестіруді «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының бұйрықтары негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы жүзеге асырады.»;
2) 49-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету шаралары ретінде реквизициялау қажет болған кезде реквизициялауға жататын мүліктің тізбесін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы айқындайды.»;
3) 50-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«50-бап. Соғыс уақытында қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялаудың ерекшеліктері
1. Соғыс уақытында соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істемейтін аумақта қорғаныс мұқтаждары үшін қажетті реквизициялауды, бұл туралы кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне хабарлай отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы дербес жүргізеді. Реквизициялауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы реквизициялауды жүргізетін жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімдердің командирлеріне (мекеме басшыларына) нұсқама береді.
2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы акт бойынша жүзеге асырылады, онда:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы нұсқамасының деректемелері көрсетілген реквизициялау жүргізудің негіздері;
2) алып қоюды жүргізу уақыты мен орны;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды адамның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті адамдарды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің иесі туралы, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтер;
4) салмағы, мөлшері, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесі;
5) мүлікті бағалау және өтем мөлшері туралы мәліметтер;
6) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Жүргізілген реквизициялау туралы есеп жасалады, ол қоса берілген реквизициялау туралы актілермен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабына жіберіледі.»;
4) 51-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабына реквизициялау туралы есеп пен актілерді қоса бере отырып, жүргізілген реквизициялау туралы дереу хабарлауға міндетті.»;
5) 52-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы реквизицияланған мүліктің меншік иелеріне кейіннен өтем жасау үшін мүліктің алып қойылғаны туралы есептерді және реквизициялау туралы актілерді қоса бере отырып, қорғаныс мұқтаждары үшін жүргізілген реквизициялау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне дереу хабарлауға міндетті.»;
6) 53-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Қорғаныс мұқтаждары үшін берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді және оны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы ұйымдастырады.».
16. «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 16, 127-құжат):
56-баптың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса - осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;».
2-бап. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 7-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 16-ы.
№ 562-IV