Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1730 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 8 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы Заңының 6-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ереже бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден қорғау жөніндегі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 1 тамыздағы № 773 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 31, 311-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 13 мамырдағы № 454 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар мен өзгерістердің 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 24, 241-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 30 қазандағы
№ 1730 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден
және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ереже (бұдан әрі - Ереже) «Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
алып қою актісі - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда залалданған карантинге жатқызылған өнімді алуға өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор беретін құжат;
карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру - карантинге жатқызылған өнімді пестицидтермен, оның ішінде фумиганттармен өңдеу (газды дезинсекция), карантиндік және басқа зиянды организмдерді жою мақсатында рефрижерациялау (жемістерді салқындату), сондай-ақ жүктерді және көлік құралдарын арамшөптерден босату үшін оларды тазалаудың механикалық тәсілдерін қолдану;
Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау - әкелу, әкету, мемлекетішілік тасымалдау және карантинге жатқызылған өнімді өткізу тәртібі мен шарттарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өсімдіктер карантині жөніндегі шараларды өткізуге бағытталған фитосанитариялық шаралар кешені;
карантинге жатқызылған өнімнің сараптамасы - карантиндік объектілерді, бөтен текті түрлерді және басқа зиянды организмдерді анықтау мақсатында карантинге жатқызылған өнім легінен іріктелген үлгілерді зерттеу және олардың түрлік құрамын айқындау;
карантинге жатқызылған өнім легі - сауда және басқа мақсаттарда тасымалданатын, өзінің құрамы мен шыққан жерінің біркелкілігімен ерекшеленетін, бір мезгілде бір пункттен әкелініп, бір жүк алушының мекен-жайына жіберілген, фитосанитариялық немесе карантиндік сертификатпен, бір жүк құжатымен куәландырылған карантинге жатқызылған өнімнің бір түрінің белгілі бір саны;
карантиндік зертхана - мемлекеттік мекеменің карантинге жатқызылған импорттық және отандық өнімдегі карантиндік объектілерді анықтау мәніне олардың үлгілеріне сараптама жүргізілетін және объектілердің карантиндік және бөтен текті түрлерге тиесілілігі белгіленетін, аспаптармен және карантиндік объектілер жөніндегі әдебиетпен жабдықталған стационарлық зертханасы;
карантиндік тексеру - карантиндік және басқа аса қауіпті объектілерді анықтау мақсатында көлікті, карантинге жатқызылған өнімді көру арқылы ресми түрде тексеру, қажет болған кезде шекарада, сондай-ақ осы өнім келіп түсетін соңғы пунктте үлгілерді іріктеу және сараптау;
карантиндік тексеру актісі - карантинге жатқызылған өнімнің және көлік құралдарының карантиндік тексеру сәтіндегі карантиндік жай-күйі туралы куәландыратын, карантинге жатқызылған өнімді тікелей тексерген өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор беретін және растайтын құжат;
карантиндік хабарлама - өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органды алдағы уақытта карантинге жатқызылған өнімнің түсетіні, оның жай-күйі және (немесе) ол жеткізілетін пунктте егжей-тегжейлі тексеру қажеттігі туралы хабардар етуші құжат;
қайтару актісі - әкелуге жатпайтын карантинге жатқызылған импорттық өнімді қайтаруға немесе карантинге жатқызылған өнімді тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнімді өсімдіктер карантині жөніндегі бақылауға көрсетуден бас тартқан жағдайда өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор беретін құжат;
өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - өсімдіктер карантині саласындағы басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды, сондай-ақ өз өкілеттігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
өсімдіктер - тұқымдарын қоса алғанда, тірі өсімдіктер және олардың бөліктері;
өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар - карантинді объектілердің таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою, залалданған, карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру, техникалық қайта өңдеу, тазарту және жою, үй-жайлар мен көлік құралдарын залалсыздандыру мен тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге бағытталған мемлекеттік іс-шаралар жүйесі;
өсімдік салымдары - почта жөнелтімдеріндегі, жолаушылардың қол жүгі мен багажындағы өсімдіктер карантині жөніндегі бақылауға жататын өсімдік тектес өнім;
өсімдіктердің сыртқы карантині - карантиндік объектілердің карантинге жатқызылған өнімнің импортымен әкелінуінің және экспортымен әкетілуінің алдын алуға бағытталған өсімдіктер карантині;
өсімдік тектес өнім - өзінің табиғаты және (немесе) қайта өңдеу тәсілі бойынша карантиндік объектілердің Қазақстан Республикасының аумағына енуі және (немесе) онда таралуы қатерін төндіретін қайта өңделмеген өсімдік тектес материал (шикізат);
өсімдіктердің ішкі карантині - карантиндік объектілердің Қазақстан Республикасының ішінде таралуының алдын алуға, карантиндік объектілердің ошақтарын уақтылы анықтауға, оқшаулауға және жоюға бағытталған өсімдіктер карантині;
рефрижерация - жеміс шыбындарынан залалсыздандыру мақсатында жаңа піскен цитрус жемістерін арнайы ыдыстарда суыту;
транзит елі - карантинге жатқызылған өнім сақталмай, бөліктерге бөлінбей, қайта оралмай өтетін және осы елде карантиндік объектілермен залалдану қатеріне ұшырамайтын ел;
фитосанитариялық бақылау бекеті - өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органның шекара және кеден пункттерінің (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің) аумағында орналасқан, қажетті жабдықтармен және аспаптармен жарақтандырылған, өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын бөлімшесі.
3. Өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден қорғауға, оларды анықтауға, оқшаулауға және жоюға, өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға бағытталған.
Уәкілетті орган осы Ережеде көзделген карантинге жатқызылған өнімнің импортына/экспортына қажетті барлық құжаттарды қамтитын бірыңғай рұқсатты, сондай-ақ қажет болған кезде ветеринария саласындағы заңнамада белгіленген бақылауға жатқызылған жүктердің импортына/экспортына рұқсат құжаттарын береді.
4. Өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар:
ауыл шаруашылығы, орман және сәндік дақылдардың тұқымдары мен отырғызылатын материалын, өсімдіктерге және олардың бөліктеріне (қалемшесі, жуашығы, түйнегі, жемісі), басқа өсімдік тектес өнімге;
жәндіктердің, өсімдіктер ауруларын қоздырушылардың коллекцияларына, гербарийлерге және тұқымдар коллекцияларына;
почта жөнелтімдеріндегі, жолаушылардың қол жүгі мен багажындағы өсімдік салымдарына;
көкөністерге, жемістерге, жидектерге, саңырауқұлақтарға, сондай-ақ жаңғақтарға, жер жаңғағына, ұнға, жармаға, дәнді кофеге, какао-бұршаққа, кептірілген жемістер мен көкөністерге, темекіге және шикі қантқа;
азық-түліктік, жемдік және техникалық астыққа және оның қайта өңделген өнімдеріне, копраға, ашытқыға, күнжараға, жомға, мақтаның, зығырдың және басқа жіп иіру дақылдарының талшықтарына, дәрілік өсімдік шикізатына, сондай-ақ былғары шикізатына және жүнге;
ыдысқа, ағашқа, буып-түю материалдарына (синтетикалықтарды қоспағанда), топырақ құймалары мен үлгілеріне;
басқа мемлекеттерден немесе карантиндік аймақтардан келген көлік құралдарына;
өсімдік тектес өнімді өсіретін, дайындайтын, жинайтын, қайта өңдейтін және өткізетін ұйымдардың, шаруа (фермер), үй маңы және саяжай қожалықтарының аумағына және үй-жайларына;
ауыл шаруашылығы, орман, су және басқа мақсатқа арналған жерлерге қолданылады.
5. Қызметі өсімдік текті өнімді өндіруге, дайындауға, сатуға, тасымалдауға байланысты жеке тұлғалар кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары осы ұйымдарда карантиндік іс-шаралардың орындалуына жауапты адамдарды айқындайды және олардың жұмыс істеуі үшін жағдайлармен қамтамасыз етеді.
2. Карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезіндегі қорғау тәртібі
(өсімдіктердің сыртқы карантині)
6. Жеке және заңды тұлғалар карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жеткізуге шарттар жасасу кезінде уәкілетті органнан карантиндік объектілердің әкелінуінің алдын алу жөніндегі карантиндік шаралар туралы қажетті ақпарат алады және уәкілетті орган белгілеген әкелу шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді.
7. Карантинге жаткызылған өнімді Қазақстан Республикасына әкелу фитосанитариялық бақылау бекеттері арқылы ғана:
осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес уәкілетті органның импорттық карантиндік рұқсаттары;
экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легіне берілген фитосанитариялық сертификаттары болғанда жүзеге асырылады.
8. Импорттық карантиндік рұқсаттар карантинге жатқызылған өнімнің легіне жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтінімдерінің негізінде бірыңғай рұқсат құрамында беріледі.
9. Импорттық карантиндік рұқсаттар алу үшін жеке және заңды тұлғалар карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасына әкелгенге дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес өтінім береді.
Импорттық карантиндік рұқсат немесе оны беруден дәлелді бас тарту оны алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ресімделеді.
Өтінімде дұрыс емес мәліметтер беру, өтінім беруші қолының болмауы, карантинге жатқызылған өнімді әкелуге белгіленген тәртіппен енгізілген шектеудің (тыйымның) болуы оны беруден дәлелді бас тартуға негіз болып табылады.
10. Карантинге жатқызылған өнімді әкелуге импорттық карантиндік рұқсат алуға арналған өтінімде өтінім беруші өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралардың өз есебінен орындалуына кепілдік береді.
11. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне немесе өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы мемлекетаралық шарттарға сәйкес карантинге жатқызылған өнімді, сондай-ақ карантиндік объектілермен және бөтен текті түрлермен залалданған көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсат етілмейді.
12. Импорттық карантинге жатқызылған өнім Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жабық немесе изотермиялық, жарамды және пломбаланған контейнерлерде, герметикалық орамдарда, вагондарда, автофургондарда, авторефрижераторларда және басқа көлік құралдарында тасымалданады.
13. Уәкілетті органның рұқсатымен, оларды жерсіндіру-карантиндік көшеттіктерде міндетті тексеру шартымен, карантиндік объектілермен залалданудың жасырын нысанын алып келетін карантинге жатқызылған өнімді:
ғылыми-селекциялық мақсаттар және сортты сынау үшін тұқымдардың үлгілері мен отырғызу материалын;
ғылыми-зерттеу мекемелері және ботаникалық бақтар арасында алмасу тәртібімен тұқымдардың үлгілері мен отырғызу материалын әкелуге рұқсат етіледі.
14. Карантинге жатқызылған өнімді кедендік ресімдеу фитосанитариялық сертификаттарға және әкелуге (әкетуге) рұқсат туралы тауар-көліктік құжаттарға өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың тиісті белгісін қоя отырып, өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды өткеннен кейін жүзеге асырылады.
15. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, сондай-ақ артықшылықтар мен иммунитетті пайдаланатын тұлғалардың карантинге жатқызылған өнімді әкелуі осы Ережеге сәйкес жүргізіледі.
16. Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнімді өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті органның фитосанитариялық бақылау бекеттерінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
17. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау, сондай-ақ фитосанитариялық бақылау бекеттерінде, карантинге жатқызылған өнім жеткізілетін пункттерде тексеру осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес тиісті актіні ресімдей отырып, карантинге жатқызылған өнімді кедендік тексерудің алдында немесе онымен бір мезгілде жүзеге асырылады.
18. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнім иелеріне Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы қолданыстағы заңнамасын түсіндіреді, импорттық карантиндік рұқсаттың және экспорттаушы елдің ұлттық карантиндік қызметінің фитосанитариялық сертификатының болуын тексереді, көлікті, карантинге жатқызылған өнімді сыртқы байқауды жүргізеді. Карантинге жатқызылған өнімнен үлгілер іріктеуді, карантиндік зиянкестерді, өсімдіктер ауруларын және арамшөптерді анықтау мақсатында оларды сол жерде зерттеуді жүргізеді. Карантиндік объектілерді сол жерде айқындау мүмкін болмаған жағдайда, үлгілер және объектілер Республикалық карантиндік зертханаға объектілердің карантиндік түрлерге түрлік тиесілілігін растауға жіберіледі.
19. Егер тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнімді өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауға ұсынудан бас тартқан жағдайда, онда бұл өнім экспорттаушы елге оның иесінің есебінен қайтарылуға жатады, бұл туралы өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор осы Ереженің 4-қосымшасына сәйкес қайтару актісін ресімдей отырып, уәкілетті органға, Қазақстан Республикасының шекара және кеден органдарына хабарлайды.
20. Карантиндік объектілер табылған карантинге жатқызылған өнім қайтарылуға, залалсыздандыруға, карантиндік арамшөптерден тазартылуға немесе техникалық қайта өңдеуге жатады. Карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге байланысты шығыстарды оның иелері төлейді.
Егер карантиндік объектілермен залалданған карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру, тазарту, қайта өңдеу мүмкін болмаса және оны қайтаруға жағдайлар болмаса, онда бұл өнім уәкілетті орган белгілеген тәртіппен алынуға және жойылуға жатады.
Карантиндік объектілермен залалданған ерекше ғылыми немесе өзгеше құндылығы бар тұқымдар мен отырғызу материалы олардың иелерінің өтініші бойынша тексеру үшін жерсіндіру-карантиндік көшеттіктерге берілуі мүмкін. Карантиндік объектілермен залалдануы жойылғаннан кейін тұқымдар мен отырғызу материалы олардың иелеріне қайтарылады.
Карантинге жатқызылған өнімді алып қоюды (оның ішінде почта жөнелтімдерінен, қол жүгінен және багаждан) өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор жүзеге асырады, ол туралы осы Ереженің 5-қосымшасына сәйкес алып қою актісі жасалады.
21. Карантинге жатқызылған өнім карантиндік тексеруден өткізілгеннен және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар жүргізілгеннен кейін өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор жеткізу пунктіне әкелуге рұқсат бере отырып, тауар-көліктік ілеспе құжаттарға өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылаудан өткені туралы белгіленген үлгіде мөртабан қояды және оның иесіне осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес карантиндік тексеру актісін береді.
Карантинге жатқызылған өнім карантиндік тексеруден өткізілген кезде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнім түскен жердің уәкілетті органының атына осы Ереженің 6-қосымшасына сәйкес карантиндік хабарлама жібереді.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бақылау және міндетті карантиндік тексеру өткізілгеннен кейін фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнімдермен жүргізілетін жүк операцияларын (басқа көлік құралдарына қайта тиеуді) өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың рұқсаты бойынша оның иелері жүргізеді.
Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзушылықтар болмаған жағдайда карантиндік тексеру актісі бір күн ішінде ресімделеді.
22. Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантиндік тексеруден өткен әкелінетін карантинге жатқызылған өнімге, сондай-ақ көлік құралдарына карантинге жатқызылған өнім жеткізілетін соңғы пунктте карантиндік тексеру жүргізіледі.
23. Карантинге жатқызылған өнім жеткізілетін пунктте карантинге жатқызылған өнімді және көлік құралдарын тексеруді, талдау мен сараптауға үлгілер іріктеуді кейіннен зиянкестердің, өсімдік ауруларының және арамшөптердің түрлік құрамын белгілеуге сараптай отырып, уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады, олардың нәтижелері бойынша осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес осы өнімді пайдалану шарттары туралы жазба жасай отырып, тексеру актісі жасалады.
Объектілердің карантиндік түрлерге тиесілілігін Республикалық карантиндік зертхана растайды.
Фитосанитариялық сараптама куәліктерін бере отырып, карантиндік объектілердің түрлік құрамын айқындау:
зиянкестер мен арамшөптер үшін - 3 жұмыс күніне дейінгі;
өсімдік аурулары - 10 жұмыс күніне дейінгі мерзімді құрайды.
24. Карантинге жатқызылған өнімнің түсетін соңғы пунктте карантиндік объектілер анықталған жағдайда уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы осы Ереженің 20-тармағында айқындалған шараларды қолданады.
25. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы мемлекетаралық шарттарында және келісімдерінде, сондай-ақ импорттаушы елдердің өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметтерінің импорттық карантиндік рұқсатта жазылған талаптарында көзделген шарттарда жүзеге асырылады.
26. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан әкетуге осы Ереженің 7-қосымшасына сәйкес уәкілетті органның фитосанитариялық сертификаттары болғанда ғана рұқсат етіледі.
27. Жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық сертификат алу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне карантинге жатқызылған өнімді тиеп-жөнелтудің болжамды мерзімінен он бес тәулік бұрын осы Ереженің 8-қосымшасына сәйкес өтінім береді.
28. Әкетілетін карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін бастапқы тиеп-жөнелту орындарындағы және екінші рет, теңіз және өзен порттарында (айлақтарда), темір жол станцияларында, әуежайларда, почта байланысы ұйымдарында, ішкі сауда объектілерінде, автовокзалдарда (автостанцияларда) және өзге объектілерде экспорттық лектерді қайта тиеу (қалыптастыру) кезінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар белгілейді. Қайта тиемей әкету кезінде шекара пункті мен бекетінде тиеп-жөнелту орнынан берілген фитосанитариялық сертификаттың дұрыс ресімделуін ғана бақылау жүзеге асырылады.
29. Фитосанитариялық сертификатты карантинге жатқызылған өнімді тексеру актісі негізінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор береді және өз қолы мен белгіленген үлгідегі мөрмен (мөртабанмен) растайды. Фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легіне беріледі және оның карантиндік жай-күйін куәландыруға, жүргізілген залалсыздандыру, осы өнімді жеткізу жөніндегі басқа қосымша карантиндік талаптардың орындалғаны туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
Фитосанитариялық сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту оны алуға өтінім берілген күнінен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ресімделеді.
30. Фитосанитариялық сертификаттың түпнұсқасы карантинге жатқызылған өнімді жөнелтушіге беріледі, көшірмесі уәкілетті органның іс қағазында сақталады.
3. Карантинге жатқызылған өнімді мемлекетішілік тасымалдау
кезіндегі қорғау тәртібі (өсімдіктердің ішкі карантині)
31. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағында өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
32. Карантинге жатқызылған өнімді облысаралық тасымалдау уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы беретін осы Ереженің 9-қосымшасына сәйкес карантиндік сертификаттар болғанда жүзеге асырылады.
Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының карантиндік аймақтарынан әкетуге карантиндік сертификаттар беруді уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүргізеді.
33. Карантиндік сертификат алу үшін жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға осы Ереженің 10-қосымшасына сәйкес өтінім береді, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімді жөнелтудің болжамды мерзіміне дейін 5 жұмыс күні бұрын карантиндік жай-күйін айқындау үшін оны өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторға ұсынады.
Карантиндік сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту оны алуға өтінім берілген күнінен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ресімделеді.
34. Алып жүру жолында немесе жеткізу пунктінде карантинге жатқызылған өнімнің мекен-жайын өзгерту карантинге жатқызылған өнім иесінің жүгінуі бойынша аумағында осы операциялар жүзеге асырылатын уәкілетті органның рұқсатымен жүргізіледі.
Әкелінетін карантинге жатқызылған өнім оның жеткізу пунктінде қайтадан карантиндік тексеруге жатады.
4. Карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруды жүргізу
тәртібі және көлік құралдарын тазарту
35. Көлік құралдары және карантиндік объектілермен залалданған карантинге жатқызылған өнім, импорттық карантиндік рұқсатта оны залалсыздандыру көзделген өнім, сондай-ақ карантиндік тұрғыдан әлеуетті қауіпті карантинге жатқызылған өнім Қазақстан Республикасының Өсімдіктер карантині жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының ұйғарымы бойынша залалсыздандыруға жатады.
36. Импорттық карантиндік рұқсатта көзделген, сондай-ақ өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың ұйғарымдары бойынша, карантиндік тексерудің нәтижелері бойынша карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруды фумигациялық жасақтармен шарттық негізде карантинге жатқызылған өнім иелері жүргізеді.
Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнімде карантиндік объектілер анықталған кезде залалсыздандыру жөніндегі жұмыстар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерінде, вагондарда, контейнерлерде және көліктің баска түрлерінде жүргізіледі.
Цитрус дақылдарының жемістерін рефрижерациялауды тоңазытқыш камераларда өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың бақылауымен карантинге жатқызылған өнім иелері жүргізеді.
37. Көлік құралдарының барлық түрлері карантинге жатқызылған импорттық өнімді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының карантиндік аймақтарынан алынған өнімді тасымалдағаннан кейін қалдықтарды жоя отырып, міндетті түрде тазартуға, ал қажет болған жағдайда өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор айқындаған орындарда фумигациялауға жатады.
Көлік құралдарын және карантинге жатқызылған өнімді фумигациялауға дайындауды фумигациялық жасақтар мамандарының басшылығымен карантинге жатқызылған өнім иелері немесе көліктік ұйымдар орындайды.
38. Карантинге жатқызылған өнімді басқа мемлекеттерде залалсыздандыруды жүргізген кезде фумигациялық жасақтардың мамандары әкелінетін өнімде фумиганттардың қалдық мөлшерінің болуын тексереді.