3. Егер іс бойынша бірнеше адам айыпталып жатса, егер олардың ең болмағанда біреуі қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш білдірсе, алқабилердің қатысуымен сотта оны қарау барлық сотталушыларға қатысты осы бөлімде көзделген ережелер бойынша жүргізіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 544-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
544-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді.
545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилердің қатысуымен бүкіл сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушыға, жәбірленушіге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестің басқа да қатысушыларына осы істі қарауға қатысушы алқабилермен белгілеген тәртіптен тыс араласуға тыйым салынады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 546-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
546-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш
1. Осы бөлімде көзделген ережелерге сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асыру айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Тергеуші алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін айыпталушыға істің барлық материалдарын таныстыру кезінде оған соттың оның ісін алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беру құқығын, сондай-ақ соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкіміне шағым жасау және шағымды қарау ерекшеліктерін қоса, осындай өтінішті қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсіндіруге міндетті.
3. Айыпталушыға алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарлаған және істің барлық материалдарын танысу үшін ұсынған кезде, сондай-ақ келесі кезеңде, оның ішінде сотта істі алдын ала тыңдауда, бірақ соттың басты сот талқылауын тағайындауына дейін оның істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш мәлімдеуге құқығы бар.
4. Тергеуші айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы не өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауына құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтінішін айыпталушыға тергеу әрекеттері мен оның құқығын түсіндірудің аяқталғандығын хабарлау жөніндегі хаттамада көрсетуге міндетті. Кейіннен мәлімделген өтінішті айыпталушы жазбаша түрде береді және ол соттауына осы іс жататын сотқа дереу жіберіледі.
5. Сот басты сот талқылауын тағайындағаннан кейін айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргізілгенге дейін және алдын ала тыңдау барысында өз ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы мәлімдеген өтінішінен бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтінішінен бас тартуы алдын ала тыңдау барысында өтініш расталғаннан кейін қабылданбайды.
58-тарау. Сот отырысын тағайындаудың ерекшеліктерi
547-бап. Сот отырысын соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш болған кезде тағайындау
Айыпталушының істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болған кезде судья алдын ала тыңдау жүргізеді.
548-бап. Алдын ала тыңдау жүргізудің ерекшеліктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды міндетті түрде прокурордың, соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш білдірген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында жеке дара жүргізеді.
2. Егер іс бойынша сотталушылардың ең болмағанда біреуінің істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болса, алдын ала тыңдау іс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргізіледі.
3. Судья сот отырысы басталарда қай істің қарауға жататынын жариялайды, отырысқа қатысушы адамдарға өзін таныстырады, кімнің мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенін хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлімделген қарсылықтарды шешеді. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлігін жария етеді. Судья сотталушыға айыптаудың түсінікті болғанын-болмағанын анықтайды, қажет жағдайларда оған айыптаудың мәнін түсіндіреді және ол ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы берген өз өтінішін растайтынын-растамайтынын сұрайды.
4. Егер сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растаса, онда судья осы өтініштің қанағаттандырылғаны туралы шешім қабылдайды және мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші, сотталушы және оның қорғаушысы мәлімдеген басқа өтініштерді қарауға көшеді.
5. Қажет жағдайда дәлелдемелер ретінде пайдалануға болатындығын тексеру үшін іс материалдары алдын ала тыңдауда жария етілуі мүмкін.
6. Егер сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растамаса, осы Кодекстің 301-бабының бірінші бөлігінде көзделген басқа да негіздер болмаған кезде, судья алдын ала тыңдау аяқталды деп жариялайды. Істі бұдан әрі жүргізу осы Кодекстің 40-тарауында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
7. Судьяның істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы қаулысы түпкілікті болып табылады. Қаулы бұдан әрі істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауынан сотталушының бас тарту себептері бойынша қайта қаралмауға тиіс.
549-бап. Алқабилердің қатысуымен сот отырысын тағайындау кезінде алдын ала тыңдау тәртібімен шығарылатын шешімдердің ерекшеліктерi
1. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша судья осы Кодекстің 302-307-баптарында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда сот істі алқабилердің қатысуымен қарайтындығын көрсетеді және осы сот отырысына шақырылуға тиіс алқабиге кандидаттардың санын анықтайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиіс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша, осы Кодекстің 116-бабына сәйкес, іс материалдарынан дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды деп танылған нақты деректерді алып тастайды.
550-бап. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдаудың тәртібi
1. Істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейін судья сот отырысының хатшысына, алқабилерге іріктеу үшін, осы сот отырысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттардың келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді.
2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бірыңғай және қосалқы (жылдық) тізімдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді.
3. Бір адам алқаби ретінде сот отырыстарына жылына бір реттен артық қатыса алмайды.
4. Қылмыстық істі қарауға қатысу үшін алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейін, олардың тегі, аты, әкесінің аты және мекенжайы көрсетіле отырып, алдын ала тізім жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
5. Алдын ала тізімге енгізілген алқабиге кандидаттарға, сот талқылауы басталғанға дейін жеті тәуліктен кешіктірілмей сотқа келетін күні мен уақыты көрсетілген хабарлама тапсырылады.
6. Хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті.
59-тарау. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды іріктеу
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 551-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
551-бап. Жалпы ережелер
1. Кандидаттар арасынан алқабилерді іріктеу осы Кодекстің 331-344-баптарының талаптары орындалғаннан кейін:
1) төрағалық етушінің алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босатуы;
2) өздігінен бас тарту туралы мәселелерді шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелерді шешу;
4) алқабиге кандидаттарға дәлелсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушіге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуі туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегін көрсете отырып билет жазып береді.
3. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың алдында:
1) өзін таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай іс қаралуға жататынын хабарлап;
4) алқабилердің міндеттері мен олардың осы қылмыстық істі қарауға заңға сәйкес қатысу тәртібі туралы хабарлап, қысқаша сөз сөйлейді.
4. Алқабилерге кандидатты істі қарауға қатысудан босату туралы мәселені объективті шешу мақсатында төрағалық етуші алқабилерді іріктеу кезінде кандидаттарға жәбірленуші, айыпталушы және оның қорғаушысы жазбаша нысанда ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзінің қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшін маңызы бар басқа да сұрақтарды қоюы мүмкін. Прокурор кандидаттарға сұрақтарды өз бетінше және ауызша нысанда қояды.
5. Алқабиге кандидат істі қарауға қатысу үшін іріктеу кезінде төрағалық етуші қойған сұрақтарға шын жауап беруі, сондай-ақ оның талабы бойынша өзі туралы және іске қатысушы басқа адамдармен қатынастары туралы қажетті өзге де ақпараттар беруге тиіс.
6. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетін сұрақтар қоймайды.
7. Алқабиге кандидатты істі қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелерді, сондай-ақ өздігінен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлімделген қарсылық білдірулерді төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетпей жеке-дара шешеді.
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесінен азы келсе не сот талқылауына қатысудан олардың кейбіреулерін босатқаннан кейін немесе төрағалық етуші судья өздігінен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейін олар он жетіден азайып қалса, төрағалық етуші сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетіспейтін санын қосалқы тізімнен толықтыру туралы өкім етеді. Бұл жағдайда алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшін сот отырысында үзіліс жарияланады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 552-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
552-бап. Төрағалық етушінің алқабиге кандидаттарды істi қарауға қатысудан босатуы
1. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгіленген міндеттерін түсіндіреді, содан кейін алқабиге кандидаттардан алқаби ретінде істі қарауға қатысуда оларға кедергі келтіретін мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етуші:
1) қылмыс жасады деген күдіктілерді немесе айыпталушыларды;
2) сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамды, мылқау, саңырау, зағип адамдарды;
3) сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге ұйымдастырушылық не техникалық мүмкіндіктер болмаған кезде мүгедек болып табылатын басқа да адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босатады.
3. Төрағалық етуші судья алқабилердің ауызша немесе жазбаша өтініші бойынша:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдерді;
3) өзінің діни нанымына байланысты сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу өзі үшін мүмкін емес деп есептеген адамдарды;
4) қызметтік міндеттерін атқарудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге едәуір зиян келтіруі мүмкін адамдарды (дәрігерлер, мұғалімдер, әуежолдарының пилоттары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшін дәлелді себептері бар өзге де адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босата алады.
4. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын істің мән-жайлары туралы олардың хабардарлығын анықтайды.
5. Төрағалық етуші кез келген алқабиге кандидатты осы адамға заңсыз көрсетілген ықпал ету, онда ағат пікір болуы, ол істің мән-жайын іс жүргізу көздерінен емес, басқа көздерден білуі салдарынан оның объективтілігіне негізді күмән келтірілсе, сондай-ақ алқабиге кандидаттың алқаби ретінде істі қарауға қатысуы кезінде объективті болмау мүмкіндігін көрсететін басқа да себептермен іс бойынша алқабидің міндеттерін атқарудан босатады.
553-бап. Алқабиге кандидаттардың өздігінен бас тартуы туралы мәселелерді шешу
Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың қайсы бірін істі қарауға қатысудан босату үшін заңда көзделген себептердің бар-жоғы туралы сұрайды. Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы оның алқаби міндеттерін орындауына кедергі келтіретін дәлелді себептерді көрсетуге, сондай-ақ өздігінен бас тартуын мәлімдеуге құқылы.
554-бап. Алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру туралы мәселелерді шешу
Алқабиге кандидаттардың әрқайсысына, егер:
1) алқабиге кандидат осы іс бойынша жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретінде шақырылса не шақырылуы мүмкін болса;
2) алқабиге кандидат осы қылмыстық іс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеуші, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкілі, жәбірленушінің өкілі, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретінде іс жүргізуге қатысса;
3) алқабиге кандидат жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, айыпталушының немесе оның заңды өкілінің, прокурордың, қорғаушының, тергеушінің немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-інісі, апа-қарындасы, ата-анасы және ерлі-зайыптылардың баласы) болып табылса;
4) алқабиге кандидат осы іске жеке, тікелей немесе жанама мүдделі деп санауға негіз беретін өзге де мән-жайлар болса, прокурордың, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сотталушының және оның қорғаушысының қарсылығы мәлімделуге тиіс.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 555-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
555-бап. Алқабиге кандидаттарға дәлелсіз қарсылық білдіру
1. Егер осы Кодекстің 554-бабының талаптарын орындау нәтижесінде сот отырысына қатысу үшін алқабиге кандидаттардың он жетіден астамы қалса, төрағалық етуші қалған алқабиге кандидаттардың санын жариялайды, бұдан кейін олардың тегі көрсетілген билеттерді жәшікке салады, билеттерді араластырады және жәшікте он жеті билет қалу үшін одан қанша қажет болса сонша билетті алады.
2. Осы баптың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындағаннан кейін төрағалық етуші мемлекеттік айыптаушы, сондай-ақ сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы дәлелсіз қарсылықты жүргізу үшін қалған, алқабиге кандидаттардың тегі көрсетілген он жеті билетті береді, нәтижесінде алқабиге он екі кандидат қалуға тиіс.
3. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етуші арқылы алқабиге кандидаттардың кейбіреуінің өзін таныстыруын сұрауға құқылы.
4. Егер іске бір сотталушы қатысса, дәлелсіз қарсылық білдіруді алқабиге екі кандидатқа - мемлекеттік айыптаушы, содан кейін алқабиге үш кандидатқа сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетілген кезектілікпен жүргізеді.
5. Егер іске бірнеше сотталушы қатысса, мемлекеттік айыптаушы әрі кеткенде алқабиге екі кандидатқа қарсылық білдіруге құқылы. Бұл ретте, алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру - сотталушылардың өзара келісімі бойынша, ал, осындай келісім болмаған жағдайда, егер мүмкін болса, қарсылық білдірілетін алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргізіледі.
6. Осы баптың бесінші бөлігіндегі талаптарды орындау мүмкін болмаған жағдайда бірнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі барлық сотталушының тегі көрсетілген билеттерді жәшікке салып, жеребе тастау арқылы жүргізілуге тиіс. Жеребе тастау қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргізіледі. Төрағалық етуші сотталушының тегі көрсетілген билетті жәшіктен неше рет алса, сотталушы алқабиге кандидаттарға сонша рет қарсылық білдіруге құқылы.
7. Сотталушылардың кейбірінің алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемінде он екісі қалғанға дейін оларға қарсылық білдіру құқықтарына қандай да бір шек қоюға әкеп соқпайды.
8. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегі көрсетілген билеттерге дәлелдерін көрсетпей-ақ, қолдары қойылған "қарсылық білдіру" деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі мүмкін.
9. Сотталушы өзінің қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзінің алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келісімінсіз алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруге өз бетінше қатысуға құқылы емес.
10. Сотталушы немесе, егер іске бірнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан жағдайда алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру жеребе тастау арқылы жүргізіледі, оның барысында төрағалық етуші не сот отырысының хатшысы қанша алқабиге кандидатқа қарсылық білдірілуі мүмкін болса, сонша қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегі көрсетілген билеттерді жәшіктен алып тастайды.
11. Тараптар дәлелсіз қарсылық білдірген алқабиге кандидаттардың тегі көрсетіле отырып, билеттер істің материалдарына тігіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 556-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
556-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру
1. Сотта істі қарайтын алқабилер алқасы негізгі құрамның (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) он және екі қосалқы алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
2. Алқабилер алқасын құру үшін төрағалық етуші қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегін көрсете отырып, билеттерді жәшікке салады, оларды араластырады және бір-бірлеп он екі билетті алады, әр алған сайын билетте көрсетілген алқабиге кандидаттың тегін жариялайды. Егер жәшіктен алынған және қалған билеттер қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың жалпы санын құраса, сондай-ақ, егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына әсер ететін қандай да бір бұзушылыққа жол берілмесе, онда алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте, жеребе тастау арқылы іріктелген алғашқы он алқаби - негізгі құрамның алқабиі, ал соңғы екеуі қосалқы алқаби деп есептеледі.
3. Қарсылық білдіру туралы мәселені шешу кезінде немесе алқабилер алқасын құру кезінде оның құрылуының дұрыстығына әсер еткен қандай да бір бұзушылыққа жол берілсе, сондай-ақ бір немесе одан да көп алқабиге мемлекеттік құпияға рұқсат етуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етуші алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемінде қайта іріктеy жүргізеді.
4. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы іріктелген он екі алқабидің тегін жәшіктен билеттер қалай алынса, сол тәртіппен сот отырысының хаттамасына енгізеді. Жеребе тастау арқылы іріктелген алқабилердің тегі көрсетіле отырып, билеттер іс материалдарына тігіледі.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 557-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
557-бап. Алқабилердің сот талқылауына қатысуының жалпы шарттары
1. Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші алқабилердің негізгі құрамына, жеребе тастау арқылы анықталған тәртіпке сәйкес, оларға бөлінген алқабилер орындығынан орын алуды ұсынады. Алқабилердің орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуы және әдетте сотталушылар орындығына қарама-қарсы орналасуға тиіс. Қосалқы екі алқаби олар үшін арнайы бөлінген алқаби орындығына орналасады.
2. Алқабилер және қосалқы алқабилер, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сот отырысының залында сот талқылауы кезінде тұрақты қатысады.
3. Егер сот талқылауы барысында, бірақ алқабилер мен судья шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, алқабилердің біреуінің сот отырысына одан әрі қатыса алмайтындығы немесе төрағалық етуші оны сот отырысына қатысудан шеттеткені анықталса, онда ол қосалқы алқабилердің тегі көрсетілген билет жәшіктен қандай тәртіппен алынса, сол тәртіппен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Егер шығып қалған алқабилерді қосалқы алқабилермен ауыстыру мүмкіндігі таусылған болса, төрағалық етуші өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын, осы Кодекстің 550-бабына сәйкес, алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарады.
4. Егер алқабилердің біреуінің сот отырысына қатысу мүмкіндігінің жоқтығы кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін анықталса, онда судья мен алқабилер сот отырысы залына кіріп, алқабиді ауыстыруға және қайтадан кеңесу бөлмесіне кетуге тиіс.
5. Кез келген алқаби, осы Кодекстің 559-бабының төртінші бөлігімен белгіленген шектеулерді сақтамаған жағдайда, істі қараудың кез келген кезеңінде іске одан әрі қатысудан шеттетілуі мүмкін.
6. Алқабиді шеттетуді тараптардың қатысуымен төрағалық етуші жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.
558-бап. Алқабилердің ант қабылдауы
1. Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейін төрағалық етуші немесе сот отырысының хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етуші алқабилерге ант қабылдау ұсынысымен өтініш жасайды.
2. Алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен іріктеліп алынған адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды: «Алқабидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарыма алуға, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін».
3. Алқаби «Ант етемін» деген сөздерді айтумен антты қабылдауын растайды.
4. Алқабилердің ант қабылдағаны туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.
60-тарау. Алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылау ерекшеліктерi
559-бап. Алқабилердің құқықтары, міндеттері және істi қарауға байланысты іс-әрекеттеріндегi шектеулер
1. Төрағалық етуші алқабилерге олардың құқықтарын, міндеттерін және істі қарауға байланысты іс-әрекеттеріне шектеулерді түсіндіреді, сондай-ақ міндеттерді бұзу және шектеулерді сақтамаудың салдарлары туралы ескертеді.
2. Алқаби:
1) өзінің ішкі нанымы бойынша істің мән-жайын өз бетінше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік алу үшін сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етуші арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелерді, құжаттарды тексеріп қарауға, жерді және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуіндегі барлық басқа да іс-әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушіге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және іске қатысты, өзіне түсініксіз басқа да мәселелерді түсіндіруді сұрап өтініш жасауға;
5) сот отырысы кезінде жазбалар жасауға құқылы.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртіп сақтауға және төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;
2) алқабидің міндеттерін атқару үшін, сондай-ақ, егер сот отырысында үзіліс жарияланған немесе істі тыңдау кейінге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, төрағалық етушіге келмеудің себептері туралы алдын ала хабарлауға міндетті.
4. Алқаби:
1) істі тыңдау кезінде сот отырысының залынан кетуге;
2) істі тыңдау кезінде сот құрамына кірмейтін адамдармен төрағалық етушінің рұқсатынсыз іс бойынша сөйлесуге;
3) істі қарау барысында мәліметтерді сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидің өз міндеттерін атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 560-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
560-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi
1. Алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылауы кезінде осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 1)-8), 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешіледі.
2. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстің 116-бабына сәйкес дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтін іс жүзіндегі деректер анықталатын болса, төрағалық етуші оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселені шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда олардың заңды күші жоқ деп тануға, ал оларға жасалған зерттеулерді жарамсыз деп тануға міндетті.