Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарымен неғұрлым ұзақ мерзімді жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы белгіленуі мүмкін.
2. Жоғары оқу орындарында оқитын азаматтық қызметшілерге жұмыс берушімен келісім бойынша емтихандар тапсыру, диплом жобасын (жұмысын) дайындау мен қорғау, оқу бітіру емтихандарын тапсыру кезеңіне ақылы оқу демалыстары беріледі.
240-бап. Азаматтық қызметшілермен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негізі
1. Қызметкерлермен еңбек шартын тоқтату үшін осы Кодексте белгіленген негіздермен қатар азаматтық қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуі олармен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негізі болып табылады.
2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік мекеменің (қазыналық кәсіпорынның) басшысы не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адам зейнеткерлік жасқа жеткен, кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары қызметкермен оның еңбекке қабілеттілігін ескере отырып, еңбек шартын жыл сайын ұзартуы мүмкін.
2009.07.12. № 222-ІV ҚР Заңымен 25-1-тараумен толықтырылды
25-1-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық даму институттары, ұлттық холдингтер және ұлттық компаниялар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары қызметкерлерінің еңбегін реттеу ерекшеліктері
240-1-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда, ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық даму институттарында, ұлттық холдингтерде және ұлттық компанияларда, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарында жұмыста болумен байланысты шектеу
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық даму институттарына, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарына басқару функцияларын атқарумен байланысты лауазымға бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа қабылдауға болмайды.
26-тарау. ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ
ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
241-бап. Өздеріне қатысты еңбек қатынастарын реттеу ерекшеліктері белгіленетін шағын кәсіпкерлік субъектілері
Осы тарауда белгіленген еңбекті реттеу ерекшеліктері қызметкерлерінің орташа жылдық саны 25 адамнан аспайтын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады.
242-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін еңбек шарттарының мерзімдері
Шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлермен еңбек шарттарын осы Кодекстің 29-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шектеусіз белгілі бір мерзімге жасаса алады.
243-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбек тәртіптемесінің ережелері
Шағын кәсіпкерлік субъектілері еңбек тәртіптемесінің ережелерін дербес бекітеді.
244-бап. Жұмыс режимі
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс беруші бекітетін кестеге сәйкес демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуды көздейтін жұмыс режимін белгілеуге, сондай-ақ жұмыс уақытының ұзақтығы жөніндегі жалпы талаптарды сақтай отырып, жұмыс уақытының жиынтық есебін немесе жұмыс күнін бөліктерге бөлуді пайдалануға құқығы бар.
245-бап. Еңбекке ақы төлеу шарттары
Шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу шарттарын жұмыс беруші белгілейді немесе өзгертеді және еңбек шартын жасасу кезінде немесе оларды бекітуге кемінде бір ай қалғанда қызметкерлер назарына жеткізеді. Жұмысқа ақы төлеу шарттарын бекіту кезінде жұмыс берушінің еңбек шартының талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
246-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік әріптестікке қатысуы
Шағын кәсіпкерлік субъектілері қатысатын еңбек қатынастарына, егер жұмыс берушілер мен қызметкерлер келіссөздер жүргізу және осындай келісімдерге қол қою үшін тиісті ұйымдарға біріккен болса, келісімдердің күші қолданылады.
247-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру ерекшеліктері
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыруды жеке немесе заңды тұлғалар шарт негізінде жүзеге асыруы мүмкін.
27-тарау. ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ АЛҚАЛЫ АТҚАРУШЫ ОРГАНЫНЫҢ
БАСШЫСЫ МЕН МҮШЕЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
248-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының еңбегін реттеудің құқықтық негіздері
Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек қатынастары осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына, құрылтай құжаттары мен еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.
249-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек шартын жасасу
Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек шартын заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында немесе тараптар келісімінде белгіленген мерзімге жасасады.
Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек шартын жасасу алдында қосымша рәсімдер белгіленуі мүмкін.
250-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының қоса атқаратын жұмысы
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлғаның уәкілетті органының не заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің, не ол уәкілеттік берген тұлғаның (органның) рұқсатымен ғана басқа ұйымдарда ақы төленетін лауазымдарды атқара алады.
251-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының материалдық жауапкершілігі
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлғаға келтірген залалы үшін осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен материалдық жауаптылықта болады.
252-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негіздері
Заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің не ол уәкілеттік берген тұлғаның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімі осы Кодексте көзделген негіздермен қатар заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек шартын тоқтатуға қосымша негіз болып табылады.
Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен еңбек шарты тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу мерзімі өткенге дейін еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзғаны үшін оған еңбек шартында айқындалатын мөлшерде өтемақы төлемі төленеді.
253-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының бастамасы бойынша еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзу
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлға мүлкінің меншік иесін не ол уәкілеттік берген тұлғаны (органды) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органын бұл жөнінде жазбаша түрде кемінде екі ай бұрын ескерте отырып, еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.
254-бап. Заңды тұлғаның алқалы атқарушы органы мүшелерінің еңбегін реттеу ерекшеліктері
Осы тарауда белгіленген атқарушы орган басшысының еңбегін реттеу ерекшеліктері, егер Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелеріне қолданылады.
28-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ, ПАРЛАМЕНТ ЖӘНЕ
МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
СУДЬЯЛАРЫНЫҢ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТЕГІ АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
255-бап. Мемлекеттік қызметшілердің, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, Қазақстан Республикасы судьяларының еңбегін реттеу
Мемлекеттік қызметшілердің, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, Қазақстан Республикасы судьяларының еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше жағдайлары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттеледі.
2010.27.05. № 279-IV ҚР Заңымен 256-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
256-бап. Әскери қызметтегі адамдар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері
1. Әскери қызметтегі адамдарға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, ұлттық қауіпсіздік органдарында, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда, Республикалық ұланда, ішкі әскерлерде, әскери-тергеу органдары мен әскери полицияда, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының азаматтық қорғанысты басқару органдары мен бөлімдерінде және әскери прокуратура органдарында әскери қызмет өткеріп жүрген адамдар жатады.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі органдарында, қаржы полициясында, мемлекеттік өртке қарсы қызметте, кеден органдарында, прокуратура органдарында қызметте тұрған, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын адамдар жатады.
257-бап. Әскери қызметтегі адамдардың және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегін реттеу
Әскери қызметтегі адамдардың және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше жағдайлары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
4-БӨЛІМ. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК
ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР
29-тарау. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК
258-бап. Әлеуметтік әріптестіктің міндеттері
Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік:
1) әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;
2) қоғамның барлық жіктерінің мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
3) қызметкерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оларды әлеуметтік қорғауды жүзеге асыру;
4) барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;
5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;
6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды талдап-тұжырымдау міндеттерін шешуге бағытталған.
259-бап. Әлеуметтік әріптестіктің негізгі принциптері
Әлеуметтік әріптестіктің негізгі принциптері мыналар:
1) тараптар өкілдерінің өкілеттілігі;
2) тараптардың тең құқықтылығы;
3) талқыланатын мәселелерді таңдау еркіндігі;
4) міндеттемелер қабылдау еріктілігі;
5) тараптар мүдделерін құрметтеу;
6) ұжымдық шарттарды, келісімдерді орындау міндеттілігі;
7) келісім бойынша қабылданған міндеттемелерді өз кінәсі бойынша орындамағаны үшін тараптардың, олардың өкілдерінің жауаптылығы;
8) әлеуметтік әріптестікті нығайту мен дамытуға мемлекеттің жәрдемдесуі;
9) қабылданатын шешімдердің жариялылығы.
260-бап. Әлеуметтік әріптестік органдары
Әлеуметтік әріптестік әлеуметтік әріптестік органдары:
1) республикалық деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі - республикалық комиссия);
2) салалық деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі - салалық комиссия);
3) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар (бұдан әрі - өңірлік комиссия) арқылы тараптардың өзара іс-қимыл жасасуы нысанында;
4) ұйымдар деңгейінде - қызметкерлердің өкілдері мен жұмыс берушінің арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелерді белгілейтін келісімдер немесе ұжымдық шарттар нысанында қамтамасыз етіледі, ал шет ел қатысатын ұйымдарда оны Қазақстан Республикасының резиденттері халықаралық шарттардың (келісімдердің) және Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде қамтамасыз етеді.
261-бап. Әлеуметтік әріптестік нысандары
Әлеуметтік әріптестік:
ұжымдық шарттардың, келісімдердің жобаларын әзірлеу және оларды жасасу жөніндегі ұжымдық келіссөздер;
еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу, қызметкерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзара консультациялар (келіссөздер);
қызметкерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысуы нысандарында жүзеге асырылады.
262-бап. Әлеуметтік әріптестік тараптары
Тиісті атқарушы органдар атынан мемлекет, белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген өз өкілдері атынан қызметкерлер мен жұмыс берушілер әлеуметтік әріптестік тараптары болып табылады.
263-бап. Әлеуметтік әріптестікті республикалық деңгейде ұйымдастыру
1. Республикалық комиссия тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері республикалық комиссияның қатысушылары болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы облыстарының, республикалық маңызы бар қалалардың жартысынан астамының аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері болып табылады.
4. Жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің республикалық одағының (қауымдастығының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктің, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктерінің өкілдері жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері болып табылады.
Аталған одақтардан (қауымдастықтардан) өкілдік ету олардың құрамына кіретін республикалық қоғамдық бірлестіктердің санына қарай пропорциялық негізде жүзеге асырылады.
264-бап. Әлеуметтік әріптестікті салалық деңгейде ұйымдастыру
1. Салалық комиссия тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестердің мүдделерін келісуді қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Осы Кодекстің мақсаттары үшін салалар тізбесін республикалық комиссия белгілейді.
2. Тиісті қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілдері салалық комиссиялардың қатысушылары болып табылады.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар салалық кәсіптік одақтар қызметкерлердің салалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері болып табылады.
4. Салалық ұйымдардың өкілдері жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері болып табылады.
265-бап. Әлеуметтік әріптестікті өңірлік деңгейде ұйымдастыру
1. Өңірлік комиссия тиісті келісімдермен және шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестердің мүдделерін келісуді қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.
2. Жергілікті атқарушы органдардың тиісті өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілдері өңірлік комиссиялардың қатысушылары болып табылады.
3. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі кәсіптік одақтар бірлестіктері қызметкерлердің өңірлік бірлестіктерінің өкілетті өкілдері болып табылады.
4. Өңірлік деңгейдегі жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері:
облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер болып табылады.
266-бап. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұйым деңгейінде реттеу
1. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуді қамтамасыз ету, ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын дайындау және оны жасасу, осы Кодекске сәйкес қызметкерлер өкілдерінің пікірі ескеріліп немесе солардың келісімі бойынша шығарылуы жүзеге асырылатын жұмыс беруші актілерінің жобаларын талқылау үшін, сондай-ақ ұжымдық шарттың орындалуын бақылауды ұйымдастыру үшін тараптар шешімі бойынша тең құқықтылық негізде тараптардың қажетті өкілеттіктер берілген өкілдерінен тұратын комиссиялар құрылады.
2. Жұмыс беруші ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес ұйымда жұмыс істейтін кәсіптік одақтың қызметі үшін жағдай жасайды.
3. Тараптардың келісімі бойынша және кәсіптік одақ мүшелері болып табылатын қызметкерлердің жазбаша өтініштері болған кезде, жұмыс беруші кәсіптік одақтың есеп-шотына қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын мүшелік кәсіподақ жарналарын ай сайын аудара алады.
267-бап. Тұрақты жұмыс істейтін республикалық, салалық, өңірлік комиссияларды құрудың принциптері мен тәртібі
1. Тұрақты жұмыс істейтін республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар мынадай принциптер:
1) комиссиялардың қызметіне атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдерінің қатысу міндеттілігі;
2) тараптардың өкілеттілігі;
3) тепе-тең өкілдік ету;
4) тараптардың тең құқықтылығы;
5) тараптардың өзара жауапкершілігі негізінде құрылады.
2. Комиссиялар қатысушыларының жеке құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы дербес құрады.
268-бап. Республикалық, салалық, өңірлік комиссиялардың негізгі мақсаттары мен міндеттері
1. Комиссиялардың негізгі мақсаттары әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісу болып табылады.
2. Комиссиялардың негізгі міндеттері:
1) әлеуметтік және экономикалық саясаттың негізгі бағыттары бойынша әлеуметтік әріптестік тараптарының ұстанымдарын келісу;
2) келісімдерді әзірлеу мен жасасу;
3) келісімдерді іске асыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, келісу және бекіту;
4) халықаралық еңбек нормаларын ратификациялауға және қолдануға байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткізу және ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
3. Комиссиялар өздері бекіткен ережелерге және жұмыс жоспарларына сәйкес жұмыс істейді. Комиссия отырыстары жылына екі реттен сирек болмайтындай етіп өткізіледі.
269-бап. Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялардың негізгі құқықтары
Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялар:
1) өз отырыстарында әлеуметтік және еңбек қатынастары саласында келісілген саясат жүргізу проблемаларын қарауға;
2) келісім жобасын әзірлеу, көрсетілген келісімді іске асыру, комиссия шешімдерін орындау кезінде атқарушы органдардың, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің мүдделерін келісуге;
3) атқарушы органдардан, жұмыс берушілерден және (немесе) қызметкерлер өкілдерінен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін, жасалатын және жасалған келісімдер туралы ақпарат сұратуға;
4) өз шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, ал жауапты тұлғалар оларды орындамаған жағдайда әлеуметтік әріптестіктің тиісті тарапына анықталған бұзушылықтарды жою және келісімнің талаптарын орындамағаны үшін кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту жөніндегі ұсыныстары бар ақпарат жіберуге;
5) атқарушы органдардан ұжымдық келіссөздер жүргізу және келісімнің жобасын әзірлеу, аталған келісімнің орындалуын бақылауды ұйымдастыру үшін қажетті әлеуметтік жағдай туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
6) уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге;
7) ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, жұмыс топтарын құруға;
8) комиссия отырысына атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлерін, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды шақыруға;
9) атқарушы органдар, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің бірлестіктері комиссия белгіленген мерзімде қарауға және орындауға міндетті бірлескен келісімдер мен шешімдер қабылдауға;
10) әлеуметтік және еңбек қатынастары мен әлеуметтік әріптестік мәселелері бойынша халықаралық, республикалық, өңіраралық кеңестер, конференциялар, конгрестер, семинарлар өткізуге аталған іс-шараларды ұйымдастырушылармен келісілген тәртіппен қатысуға құқылы.
270-бап. Қызметкерлер өкілдерінің өкілеттіктері
1. Қызметкерлер өкілдерінің:
1) қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіруге және қорғауға;
2) жұмыс берушімен жобаларды әзірлеу және келісімдерді, ұжымдық шарттарды жасасу жөніндегі ұжымдық келіссөздер жүргізуге, осы мақсаттарда еңбек қатынастары мәселелері бойынша қажетті ақпарат алуға;
3) келісімдерде немесе ұжымдық шарттарда көзделген әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге қатысуға;
4) осы Кодексте белгіленген тәртіппен қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;
5) еңбек заңнамасын бұзу мәселелері бойынша еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік инспекторларымен өзара іс-қимыл жасасуға;
6) келісімдерге және ұжымдық шарттарға сәйкес қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды зерделеу мен қолдану үшін жұмыс орындарында болуға;
7) еңбек қатынастарына және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты заңнамалық актілердің, бағдарламалардың жобаларын әзірлеу мен қарау жөніндегі консультациялық-кеңесші органдардың жұмысына қатысуға;
8) осы Кодексте белгіленген тәртіппен қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын реттеуге қатысуға;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жиналыстар, шерулер, митингілер, пикеттер, ереуілдер өткізуге құқығы бар.
2. Жұмыс берушілердің қызметкерлер өкілдеріне өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі жасауына жол берілмейді.
30-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТАРАПТАРЫ АРАСЫНДА КЕЛІСІМДЕР ЖАСАСУ ТӘРТІБІ
271-бап. Келісімдерді дайындау жөнінде келіссөздер жүргізу құқығы
1. Әлеуметтік әріптестіктің кез келген тарапы келісімді әзірлеу, оның мазмұны, оны жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздердің бастамашысы болуға құқылы.
2. Республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде қызметкерлер мен жұмыс берушілер уәкілеттік берген бірнеше өкіл бар болса, олардың әрқайсысына өздері өкілдік ететін қызметкерлер мен жұмыс берушілердің атынан келіссөздер жүргізу құқығы беріледі.
272-бап. Келіссөздер жүргізудің, келісімдерді әзірлеу мен жасасудың тәртібі
1. Екінші тараптан келіссөздердің басталуы туралы жазбаша ұсыныстар алған тараптар күнтізбелік он күн ішінде оларды қарауға және келіссөздерге кірісуге міндетті.
Тараптар арасында салалық келісімнің жекелеген ережелері бойынша келіспеушіліктер болғанда, келіссөздер басталған күннен бастап үш ай ішінде тараптар бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген шарттарда салалық келісімге қол қоюға тиіс.
2. Келіссөздер жүргізу тәртібін, келісімдерді әзірлеу мен жасасу мерзімдерін, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, оларға қосылуды комиссиялар бекітеді.
3. Келісімдер оларға тараптар қол қойған кезден бастап не келісімдерде белгіленген күннен бастап күшіне енеді. Келісімдердің барлық қосымшалары олардың ажырамас бөлігі болып табылады және солармен бірдей заң күшіне ие болады.
4. Келісімнің қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша не жаңа келісім қабылданғанға дейін белгіленеді, бірақ үш жылдан аспауға тиіс.
5. Қызметкерлерге бір мезгілде бірнеше келісімдердің күші қолданылған жағдайларда, келісімдердің қызметкерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады.
6. Бас, салалық, өңірлік келісімдерді әлеуметтік әріптестік тараптарының өкілдері қол қойып бекітеді.
7. Тараптар қол қойған салалық, өңірлік келісімдер қосымшаларымен қоса он күн мерзімде хабарламалық тіркеу үшін жіберіледі.
273-бап. Республикалық, салалық, өңірлік комиссиялардың шешімдер қабылдау тәртібі