Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдары кеден одағының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті және табыс етілуі кеден одағының кеден заңнамасында көзделген құжаттар мен мәліметтерді ғана табыс етуді талап етуге құқылы.
2. Тауарларды шығару үшін қажетті құжаттар мен мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну мерзімі осы Кодекспен белгіленеді.
3. Кеден органының тауарлардың шығарылуы туралы шешім қабылдауына әсер ететін, құжаттарда бар деректерді өзгертпейтін жаңылыс жазудың, техникалық немесе грамматикалық қателердің болуынан кеден органдары құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.
4. Тауарларды шығару үшін қажетті құжаттар осы Кодекске сәйкес электронды құжаттар нысанында ұсынылуы мүмкін.
5. Кеден құжаттарының нысандары Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
Кеден құжаттары, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, қазақ және орыс тілдерінде толтырылады.
6. Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына және кеден одағына мүше мемлекеттердің шет мемлекеттермен халықаралық шарттарына сәйкес, тауарларды шығаруды оңайлату мен жеделдету мақсатында кедендік мақсаттар үшін пайдаланылатын басқа мемлекеттердің кеден құжаттары қолданылуы мүмкін.
275-бап. Тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде мүдделі тұлғалардың және олардың өкілдерінің қатысуы
1. Мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде қатысуға құқылы.
2. Кеден органының талабы бойынша мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдарына оларды жасауға жәрдем көрсету үшін қатысуға міндетті.
276-бап. Тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік рәсіммен орналастырудың бірінші кезектегі тәртібі
Дүлей зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қажетті тауарлар, бейбітшілікті сақтау не оқу-жаттығу өткізу бойынша акцияларды орындау үшін қажетті әскери мақсаттағы өнім, сондай-ақ тез бұзылуға ұшырайтын тауарлар, тірі жануарлар, радиоактивті материалдар, жарылғыш заттар, халықаралық почта жөнелтімдері, экспресс-жүктер, гуманитарлық және техникалық көмек, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған хабарлар мен материалдар, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектер, қозғалтқыштар, шығыс материалдары, жабдықтар мен құралдар және осындай басқа да тауарлар кедендік рәсімге бірінші кезекте орналастырылады.
32-тарау. Тауарларды кедендік декларациялау
277-бап. Тауарларды кедендік декларациялау туралы жалпы ережелер
1. Тауарлар кедендік рәсіммен орналастырған кезде не осы Кодекске сәйкес белгіленген өзге де жағдайларда кедендік декларациялауға жатады.
2. Тауарларды кедендік декларациялауды декларант не декларанттың атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін кеден өкілі жүргізеді.
3. Кедендік декларациялау жазбаша және (немесе) кедендік декларация пайдаланыла отырып, электронды нысандарда жүргізіледі.
278-бап. Кедендік декларация
1. Тауарларды кедендік декларациялаған кезде мәлімделген кедендік рәсімдерге және тауарларды өткізетін тұлғаларға қарай кедендік декларацияның мына түрлері қолданылады:
1) тауарларға арналған декларация;
2) транзиттік декларация;
3) жолаушыларға арналған кедендік декларация;
4) көлік құралына арналған декларация.
Кедендік декларацияны толтыру нысандары мен тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
2. Кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтер тізбесі кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мен алу, кедендік статистиканы қалыптастыру және кеден одағының кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын қолдану үшін қажетті мәліметтермен ғана шектеледі.
3. Тауарларға арналған кедендік декларацияда және транзиттік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтер кедендік рәсімдерге, тауарлардың санаттарына, оларды өткізетін тұлғаларға, көлік түріне қарай Кеден одағы комиссиясының шешімімен не, егер бұл Кеден одағы комиссиясының шешімінде көзделсе, Қазақстан Республикасының заңнамасымен қысқартылуы мүмкін.
Жолаушыларға арналған кедендік декларацияда және көлік құралына арналған декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтер Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
4. Кедендік декларация ретінде көлік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) тауарларды кедендік рәсімге сәйкес шығару үшін қажетті мәліметтер бар өзге де құжаттар осы Кодексте немесе Кеден одағы комиссиясының шешімінде айқындалатын жағдайларда және тәртіппен пайдаланылуы мүмкін.
5. Кедендік декларация осы Кодекске сәйкес электронды құжат түрінде ұсынылуы мүмкін.
Кедендік декларацияны электронды құжат түрінде ұсыну және қолдану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
6. Кеден одағы комиссиясының шешімінде көзделген жағдайларда, егер Кеден одағының кеден кодексінде, Кеден одағы комиссиясының шешімінде не Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны жазбаша нысанда беру кеден органына табыс етілген электронды көшірмесімен бірге жүруі тиіс.
Кедендік декларацияның электронды көшірмесінің құрылымы және форматы, сондай-ақ оны табыс ету және пайдалану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
279-бап. Тауарларға арналған декларация
1. Кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, кедендік рәсімдерге орналастыру кезінде кеден органына тауарларға арналған декларация табыс етіледі.
2. Тауарларға арналған декларацияда, оның ішінде кодталған түрде мына негізгі мәліметтер көрсетіледі:
1) мәлімделетін кедендік рәсім;
2) декларант, кеден өкілі, тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер;
3) тауарларды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары және (немесе) оларды кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен тасымалдау туралы мәліметтер;
4) халықаралық тасымалдау көлік құралдары және (немесе) олармен тауарлар кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен тасымалданған (тасымалданатын) көлік құралдары туралы мәліметтер;
5) тауарлар туралы мәліметтер:
атауы;
сипаты;
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың сыныптау коды;
шығарылған елінің атауы;
жөнелткен (жеткізу межеленген) елдің атауы;
орамдардың сипаты (саны, түрі, таңбалануы және реттік нөмірлері);
килограм (брутто салмағы және нетто салмағы) және басқа да өлшем бірліктеріндегі мөлшері;
кедендік құн;
статистикалық құн;
6) кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу туралы мәліметтер:
кедендік төлемдер мен салықтардың ставкалары;
кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолдану;
есептелген кедендік төлемдер мен салықтардың сомалары;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін және осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу үшін қолданылатын валюталардың нарықтық бағамы;
7) сыртқы экономикалық мәміле және оның негізгі шарттары туралы мәліметтер;
8) шектеулерді сақтау туралы мәліметтер;
9) тауарларды өндіруші туралы мәліметтер;
10) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтауды растайтын мәліметтер;
11) осы Кодекстің 281-бабына сәйкес ұсынылатын құжаттар туралы мәліметтер;
12) тауарларға арналған декларацияны жасаған тұлға туралы мәліметтер;
13) тауарларға арналған декларацияны жасау орны және күні.
280-бап. Транзиттік декларация
1. Тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған кезде тауарларды жөнелткен кеден органына транзиттік декларация табыс етіледі.
2. Транзиттік декларация ретінде көлік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтер бар құжаттар табыс етілуі мүмкін.
3. Транзиттік декларацияда:
1) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жөнелтуші, алушы;
2) тауарды жөнелтуші ел, оларды жеткізу межеленген ел;
3) декларант;
4) тасымалдаушы;
5) тауарлар тасымалданатын халықаралық тасымалдаудың көлік құралы;
6) коммерциялық құжаттарға, көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарлардың атауы, мөлшері, құны;
7) Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне немесе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың алғашқы алты белгіден кем емес деңгейдегі коды;
8) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының немесе Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесінің әрбір коды бойынша тауарлардың брутто салмағы немесе көлемі, сондай-ақ қосымша өлшем бірліктеріндегі мөлшері (мұндай мәліметтер болған жағдайда);
9) жүк орындарының саны;
10) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жеткізу межеленген пункт;
11) егер мұндай өткізу осы құжаттар болған кезде жол берілсе, тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
12) жолда тауарларды жоспарланған қайта тиеу немесе жүк операциялары туралы мәліметтер болуға тиіс.
Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген транзиттік декларация ретінде қабылданатын құжаттарда осы тармақта көрсетілген барлық мәліметтер болмаса, жетіспейтін мәліметтер кеден органына табыс етілетін, мұндай транзиттік декларацияға қоса берілетін не онымен бірге жүретін құжаттарда болуға тиіс.
4. Кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, декларанттан басқа да мәліметтерді талап етуге құқылы емес.
5. Транзиттік декларацияны кеден органы тіркейді, оның ішінде кеден органдары қолданатын ақпараттық жүйелерді және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып тіркейді.
Транзиттік декларацияны беру және тіркеу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
281-бап. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттарды табыс ету
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны беру кеден органына олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттардың табыс етілуімен бірге жүруге тиіс.
Мұндай құжаттарға:
1) кедендік декларацияны беретін тұлғаның өкілеттіктерін растайтын құжаттар;
2) сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжаттар не сыртқы экономикалық мәміле шеңберінен тыс иемдену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын растайтын өзге де құжаттар және декларанттың билігінде бар өзге де коммерциялық құжаттар;
3) көлік (тасымалдау) құжаттары жатады.
2. Қажет болған кезде, осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға мына құжаттар:
1) Қазақстан Республикасының валюта заңнамасында көзделген жағдайда валюталық бақылау саласындағы талаптардың сақталуын растайтын құжат;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, Кеден одағы комиссиясының шешімдерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда тыйым салулар мен шектеулердің, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдануға байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
3) осы Кодекстің 138-бабына сәйкес кедендік төлемдер мен салықтардың төленгенін растайтын құжаттар;
4) егер тауарлар мұндай қамтамасыз етуді ұсыну шартымен шығарылған жағдайда, кедендік баждар, салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжаттар;
5) осы Кодексте, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, кедендік рәсімдерге сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатуды растайтын құжаттар табыс етіледі.
3. Электронды құжаттардың тізбесін және оларды табыс ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Егер кедендік декларация толтыру үшін негізге алынған жекелеген құжаттар кедендік декларацияны беру кезінде табыс етіле алмайтын болса, декларанттың дәлелді өтініші бойынша кеден органы мұндай құжаттарды тауарлар шығарылғанға дейін табыс етуге рұқсат етеді.
Егер жекелеген құжаттар декларанттың дәлелді өтініші бойынша көрсетілген мерзімдерде табыс етіле алмайтын болған жағдайда, егер құжат тауарларды шығару туралы шешім қабылдау үшін міндетті болып табылмаса, кеден органдары кейін құжаттарды алу үшін қажетті мерзімдерде, бірақ оларды кедендік декаларация тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей бере отырып, олардың көшірмелерін беруге рұқсат етеді. Декларант құжаттарды белгіленген мерзімдерде табыс етпегені не құжаттардың бұрын берілген көшірмелерінде мәліметтерді дұрыс мәлімдемегені үшін жауапты болады.
5. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттардың түпнұсқалары не олардың көшірмелері табыс етіледі. Кеден органы табыс етілген құжаттар көшірмелерінің олардың түпнұсқаларына сәйкестігін тексеруге құқылы.
Егер тауарларды кедендік декларациялау кезінде кеден органына кедендік декларациялау кезінде пайдаланылатын құжаттар бұрын табыс етілсе, мұндай құжаттардың көшірмелерін табыс ету не кеден органына мұндай құжаттарды табыс ету туралы мәліметтерді көрсету жеткілікті.
6. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттар осы Кодекске сәйкес электронды құжаттар түрінде табыс етілуі мүмкін.
Электронды құжаттарды табыс ету және пайдалану тәртібі кеден одағының кеден заңнамасында айқындалады.
7. Егер кеден органына мұндай құжаттар бұрын табыс етілсе не олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейін табыс етілуі мүмкін болса, кедендік декларацияны электронды нысанда беру кеден органына олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттардың, оның ішінде осы Кодекстің 344, 357, 369, 398, 403 және 413-баптарында белгіленген құжаттардың табыс етілуімен ілесе жүрмеуі мүмкін.
8. Кеден органдары кедендік декларациялау кезінде кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде және шет тілдерде жасалған құжаттар мен мәліметтерді қабылдауы және пайдалануы мүмкін. Кеден органы құжаттарда бар мәліметтердің қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын талап етуге құқылы.
9. Декларанттың немесе кеден өкілінің электронды (автоматтандырылған) түрдегі есебін алу мақсатында кеден органына мына құжаттар:
1) заңды тұлғалар үшін:
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе оның құрылымдық бөлімшесі үшін есептік тіркеу туралы кәуліктің нотариат куәландырған көшірмесі;
банктен заңды тұлғаның банк шотын ашқаны туралы анықтама;
сәйкестендіру нөмірі;
2) жеке тұлғалар үшін:
жеке басын куәландыратын куәлігі;
банктен банк шотын ашқаны туралы анықтама (ол болған жағдайда);
сәйкестендіру нөмірі табыс етіледі.
282-бап. Кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес кедендік декларациялау кезінде табыс етілетін қосымша құжаттар
Тауарларды мәлімделген кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 281-бабында көрсетілген құжаттарға қосымша:
1) кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімі кезінде - осы Кодекстің 344-бабының 1-тармағына сәйкес тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі кезінде - қайта өңдеу мақсаты жөндеу болып табылатын жағдайларды қоспағанда, тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
3) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімі кезінде - тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
4) кері импорттың кедендік рәсімі кезінде - тауарларды әкету кезінде қабылданған кедендік декларация және тауарларды әкету кезінде оларды кедендік шекара арқылы өткізген күнді растайтын құжаттар;
5) ішкі тұтыну үшін бұрын кедендік шығару рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кері экспорттың кедендік рәсімі кезінде - мыналар:
тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелу жағдайы (сыртқы экономикалық мәмілені жасағанын растайтын құжаттарды негізге ала отырып);
сыртқы экономикалық мәміленің шарттарын орындамау;
осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру;
осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтер бар құжаттар;
6) жою кедендік рәсімі кезінде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы органның тауарларды жою мүмкіндігі туралы қорытындысы;
7) еркін кедендік аймақ және еркін қойма кедендік рәсімдері кезінде - кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес құжаттар табыс етіледі.
283-бап. Кедендік декларацияны беру мерзімдері
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарларға арналған кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, олар кеден одағының кедендік аумағынан кеткенге дейін беріледі.
3. Қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық қаруы, құралы немесе мәні болып табылған тауарларға, қайтару туралы шешім қабылданған және осы Кодекске сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарларға қатысты кедендік декларация:
1) қылмыстық (әкімшілік) жауапкершіліктен босату туралы сот шешімі;
2) әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы кеден органының (лауазымды адамның) шешімі;
3) соттың немесе кеден органының (лауазымды адамның) қылмыстық (әкімшілік) іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі;
4) соттың немесе кеден органының (лауазымды адамның) әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік декларация белгіленген мерзімде берілмеген тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
284-бап. Декларант
Мыналар:
1) кеден одағына мүше мемлекеттің:
сыртқы экономикалық мәміле жасасқан тұлғасы не оның атынан (тапсырмасы бойынша) осы мәміле жасалған;
сыртқы экономикалық мәміле болмаған кезде тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығы бар тұлғасы;
2) шетелдік тұлғалар:
жеке пайдалануға арналған тауарларды алып өтетін жеке тұлға;
осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кедендік жеңілдіктерді пайдаланатын тұлға;
кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында белгіленген тәртіппен құрылған өкілдігі бар ұйым, - уақытша әкелу, кері экспорт кедендік рәсімдерін, сондай-ақ осы өкілдіктердің жеке мұқтаждары үшін әкелінетін тауарларға ғана қатысты ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсімін мәлімдеген кезде;
кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы мәміле тараптарының бірі болып әрекет ететін, мәміле шеңберінен тыс тауарларға билік ету құқығы бар тұлға;
3) кедендік транзит кедендік рәсімін мәлімдеу үшін - осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ:
тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
экспедитор, егер ол кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылса, декларант бола алады.
285-бап. Декларанттың құқықтары
Тауарларды кедендік декларациялау және тауарларды кедендік рәсімге орналастыру үшін қажет өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) кедендік бақылаудағы тауарларды қарауға, өлшеуге және жүк операцияларын орындауға;
2) кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін осы Кодекстің 247-бабында көзделген шарттар сақталған кезде кеден органының рұқсатымен алуға;
3) кеден органдарының лауазымды адамдары тауарларды кедендік қарау мен кедендік тексеріп қарау кезінде және тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алған кезде қатысуға;
4) өздері декларациялайтын тауарлардың кеден органдарында бар сынамалары мен үлгілерін зерттеу нәтижелерімен танысуға;
5) осы Кодекске сәйкес құжаттар мен мәліметтерді электронды құжаттар түрінде ұсынуға;
6) кеден органдарының шешімдеріне, кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
7) өзі декларациялайтын тауарлар туралы мәліметтерді нақтылау үшін сарапшыларды тартуға;
8) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
286-бап. Декларанттың міндеттері
Тауарларды кедендік декларациялау және тауарды кедендік рәсіммен орналастыру үшін қажет өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) тауарларды кедендік декларациялауды жүргізуге;
2) егер кеден одағының кеден заңнамасында өзгеше белгіленбесе, кедендік декларация толтыру үшін негізге алынған құжаттарды кеден органына табыс етуге;
3) декларацияланатын тауарларды осы Кодексте белгіленген жағдайларда не кеден органының талабы бойынша көрсетуге;
4) осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуге және (немесе) олардың төленуін қамтамасыз етуге;
5) тиісті кеден рәсімінде тауарларды пайдаланудың талаптары мен шарттарын сақтауға;
6) осы Кодексте көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
287-бап. Декларанттың жауапкершілігі
Декларант осы Кодекстің 286-бабында көзделген міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, кедендік декларацияда көрсетілген, оның ішінде кеден органы тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып тауарлар шығару туралы шешім қабылдаған кезде дұрыс емес мәліметтерді мәлімдегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
288-бап. Кедендік декларацияны беру және тіркеу
1. Кедендік декларацияны декларант немесе кеден өкілі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны тіркеуге құқылы кеден органына береді.
2. Кеден органы кедендік декларацияның, оның электрондық көшірмесінің және қажетті құжаттардың берілген күні мен уақытын, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдана отырып, белгілеп қояды.
3. Кеден органы кедендік декларацияны Кеден одағы комиссиясының шешімінде айқындалатын тәртіппен кедендік декларация берілген кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде тіркейді немесе тіркеуден бас тартады.
4. Кеден органы кедендік декларацияны тіркеуден, егер:
1) кедендік декларация кедендік декларацияны тіркеуге құқылы емес кеден органына берілсе;
2) кедендік декларацияны уәкілетті емес тұлға берсе;
3) кедендік декларацияда осы Кодекстің 278 - 280-баптарында көзделген қажетті мәліметтер көрсетілмесе;
4) кедендік декларацияға қол қойылмаса не тиісті түрде куәландырылмаса немесе белгіленген нысан бойынша жасалмаса;
5) декларацияланатын тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес кедендік декларация берілгенге дейін немесе берілуімен бір мезгілде жасалуға тиіс әрекеттер жасалмаса, бас тартады.
5. Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартуды кеден органының лауазымды адамы жазбаша нысанда бас тарту себебін көрсете отырып ресімдейді.
Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартылған жағдайда кедендік декларация және табыс етілген құжаттар декларантқа не кеден өкіліне қайтарылады.
6. Егер кедендік декларацияны кеден органы тіркемесе, ондай декларация кедендік мақсаттар үшін берілмеген болып саналады.
7. Кедендік декларация тіркелген кезден бастап заңдық маңызы бар фактілер туралы куәландыратын құжатқа айналады.
8. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды кедендік декларациялау кезінде қолданылмайды.
289-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру
1. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер кеден органының рұқсатымен декларанттың дәлелді жазбаша өтініші бойынша тауарлар шығарылғанға дейін бір мезгілде мына шарттар сақталған кезде:
егер енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тауарларды шығару туралы шешім қабылдауға ықпал етпесе және тауарлардың кедендік құнын түзету және тыйым салулар мен шектеулерді сақтау жағдайларын қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтар сомаларының мөлшерін анықтауға әсер ететін мәліметтерді өзгерту қажеттігіне әкеп соқтырмаса;
декларанттың өтінішін алған кезде кеден органы оны кедендік тексеріп қарауды өткізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе және (немесе) тауарларға қатысты кедендік бақылаудың өзге нысандарын жүргізу туралы шешім қабылдамаса, өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
Тіркелген кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру тіркелген кедендік декларацияда көрсетілгеннен өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге әкеп соқпайды.
2. Кедендік декларацияға тауарларды шығарғаннан кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.
3. Кеден органдарының өз бастамасы, тұлғаның тапсырмасы немесе өтініші бойынша кеден декларациясын толтыруға, енгізілуі кеден органдарының құзыретіне жататын мәліметтерді, тауарлардың кедендік құнын түзетуді және (немесе) тауарларды шығарғаннан кейін кедендік төлемдер сомасының мөлшерін анықтауға ықпал ететін өзге де мәліметтерді өзгертуді және кеден одағы кеден заңнамасының ережелеріне сәйкес жүргізілетін тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды қоспағанда, кеден декларациясында көрсетілген мәліметтерді өзгертуге немесе толықтыруға құқылы емес.
290-бап. Кедендік декларацияны кері қайтарып алу
1. Декларант жазбаша өтініші бойынша шетел тауарларына тіркелген кедендік декларацияны кеден органы тауарларды шығару туралы шешім қабылдағанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін.
Кедендік декларацияны кері қайтарып алу кезінде жаңа кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі шегінде берілуі тиіс.
Кедендік декларация осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде берілмеген кезде тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
2. Декларанттың жазбаша өтініш бойынша кеден одағының тауарларына кедендік декларация тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан нақты шыққанға дейін, оның ішінде тауарларды шығару туралы шешім қабылданғаннан кейін кері қайтарып алынуы мүмкін.