соттың немесе аралық соттың сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша заңды күшiне енген шешiмiнiң не талапкердiң талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болғандығының;
соттың шешiм шығаруы сот үкімімен белгiленген қылмыс жасау нәтижесiнде мүмкiн болғандығының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады;
2) сот:
дау Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе осы дау бойынша аралық келісімдi тараптар бағындырған басқа құқыққа сәйкес аралық сотта iс қараудың нысанасы бола алмайтынын;
аралық соттың шешiмi осы баптың 1), 2) тармақшаларында белгiленген талаптар мен Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн анықтаса, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
19-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 242-бап өзгертілді
242-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті
Сот:
1) егер даулы құқық қатынасы құқық мирасқорлығына жол беретін болса, істе тарап болып табылатын азамат қайтыс болғанда немесе заңды тұлға қайта құрылған, таратылған;
2) тарап әрекет қабілеттілігінен айырылған;
3) жауапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері мен әскери құрамаларында болған немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері және әскери құрамаларында жүрген талап қоюшылардың өтініші болған;
4) азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлік сот iсiн жүргiзуде қаралып жатқан басқа істің шешілуіне дейін бұл істі қараудың мүмкіндігі болмаған;
5) егер ол осы іс бойынша қолданылуға тиісті заң немесе басқа нормативтік құқықтық акті адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтындығын байқаған және осы актінің конституцияға сай еместігін тану туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасаған, сондай-ақ Конституциялық Кеңес басқа соттың бастамашылығымен осы іс бойынша қолданылуға тиісті нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеріп жатқандығы белгілі болған;
6) құқықтық көмек көрсету жөніндегі тапсырмамен шет мемлекеттің сотына өтініш жасаған;
7) тараптар медиацияны жүргізу туралы келісім жасаған жағдайда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.
243-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру құқығы
Сот:
1) тарап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлерінде және әскери құрамаларында шақыру бойынша әскери қызметте болған немесе ол басқа да мемлекеттік міндетті орындауға тартылған;
2) тарап істі қарау мерзімінен асатын мерзімде қызметтік іссапарда болған;
3) тарап емдеу мекемесінде болған немесе оның сотқа келуіне кедергі жасайтын сырқаты болған және ол медициналық мекеменің құжатымен расталған;
4) жауапкер осы Кодекстің 135-бабында көзделген жағдайларда іздеуде болған;
5) сот сараптама тағайындаған;
6) қаралып жатқан іс бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде сотқа тапсырылған өтінішті;
7) қорғаншылық және қамқоршылық орган бала асырап алу ісі жөнінде асырап алушылардың тұрмыс жағдайын зерттеуді белгіленген жағдайларда іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұра алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 244-бап өзгертілді
244-бап. Іс жүргізуді тоқтата тұру мерзімдері
Іс бойынша іс жүргізу:
1) Осы Кодекстің 242-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шығып қалған адамның құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін немесе әрекетке қабілетсіз адамға өкіл тағайындалғанға дейін;
2) Осы Кодекстің 242-бабының 3) тармақшасында және 243-бабында көзделген жағдайларда - тарап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болуын тоқтатқанға дейін, ол мемлекеттік міндетті орындауды аяқтағанға дейін, қызметтік іссапардан оралғанға дейін, емдеу мекемесінен шыққанға немесе сырқатынан айыққанға дейін, жауапкер іздестіріліп болғанға дейін немесе сарапшының қорытындысы немесе қорғаншылық және қамқоршылық органның қорытындысы сотқа табыс етілгенге дейін;
3) осы Кодекстің 242-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда сот шешімі, үкімі, немесе соттың қаулысы шығарылғанға дейін;
4) осы кодекстің 242-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімі күшіне енгенге дейін;
5) осы Кодекстің 242-бабының 6) тармақшасында, 243-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындағанға дейін;
6) осы Кодекстің 242-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда - медиация тоқтатылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
245-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына шағымдану немесе наразылық келтіру
Соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
246-бап. Іс жүргізуді қайта бастау
Істі тоқтата тұруды туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейін іске қатысушы адамдардың арызы бойынша немесе соттың бастамашылығымен іс жүргізу қайта басталады. Іс жүргізу қайта басталған кезде сот іске қатысушы адамдарға азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы ережелері бойынша хабарлайды.
20-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 247-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
247-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың негіздемелері
Сот, егер:
1) іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының өз талабынан бас тартуына немесе тараптардың бітімгершілік келісімін, тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы соттың ұйғарымы болса;
3) талап қоюшы өз талабынан бас тартса және бас тартуды сот қабылдаса;
4) тараптар бітімгершілік келісімін жасаса және оны сот бекітсе;
4-1) тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе;
5) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе;
6) іс бойынша тарап ретінде әрекет жасайтын ұйым қызметі тоқтатылуына және құқық мирасқорлары болмауына байланысты таратылса, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
248-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың тәртібі мен салдары
1. Іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен қысқартылады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қысқартылған жағдайда сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
3. Осы Кодекстің 247-бабының 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді қысқарта отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік баждың қайтарылатыны туралы және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың күші жойылғаны туралы көрсетеді.
4. Соттың іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
21-тарау. Арызды қараусыз қалдыру
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 249-бап өзгертілді
249-бап. Арызды қараусыз қалдырудың негіздемелері
Сот, егер:
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаса және осы тәртіпте қолданудың мүмкіндігі жоғалмаса;
2) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
3) арызға қол қойған және оны берген адамның арызға қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ болса;
4) осы немесе басқа соттың іс жүргізуінде осы тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған іс бар болса;
5) егер заңнамалық актiлерде өзгеше көзделмесе, тараптар арасында бұл дауды заңға сәйкес аралық соттың немесе халықаралық коммерциялық төреліктің шешіміне беру туралы келісім жасалса және жауапкерден істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін дауды сотта шешуге қарсылық білдірілсе;
6) өздерінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген тараптар екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;
7) өзінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
8) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса;
9) талап-арызды қайтарып алу туралы өтініш берілсе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
10) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы істер жөніндегі өтініш жарияланымнан бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе, арызды қараусыз қалдырады.
250-бап. Арызды қараусыз қалдырудың тәртібі мен салдары
1. Іс бойынша іс жүргізу арызды қараусыз қалдырған жағдайда соттың ұйғарымымен аяқталады. Бұл ұйғарымда сот осы Кодекстің 249-бабында аталған істі қарауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жоюды көрсетуге міндетті. Осы Кодекстің 249-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша арызды қараусыз қалдыра отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды қайтаруды және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың тоқтатылатындығын көрсетеді.
2. Соттың арызды қараусыз қалдыру жөніндегі ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Арызды қараусыз қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін мүдделі адам жалпы тәртіп бойынша сотқа тағы да арыз беруге құқылы. 4. Талап қоюшының не жауапкердің өтінішімен осы Кодекстің 249-бабының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша, егер тараптар өздерінің сот отырысында болмауының дәлелді себептерін растайын дәлелдемелер ұсынса, сот арызды қараусыз қалдыру жөніндегі өз ұйғарымының күшін жояды.
5. Соттың осындай өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан ұйғарымына жеке шағым берілуі мүмкін.
22-тарау. Сот ұйғарымы
251-бап. Сот ұйғарымы және оны шығарудың тәртібі
1. Іс мәні бойынша шешілмейтін бірінші сатыдағы сот актісі ұйғарым түрінде шығарылады.
2. Ұйғарымды осы Кодекстің 217-бабында көзделген тәртіппен дербес іс жүргізу құжаты түрінде сот шығарады.
3. Күрделі емес мәселелерді шешкен кезде сот отырыс залынан шықпай-ақ ұйғарым шығара алады. Мұндай ұйғарым сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
4. Ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жарияланады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 252-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
252-бап. Ұйғарымның мазмұны
1. Ұйғарымда:
1) ұйғарымның шығарылған күні мен орны;
2) ұйғарым шығарған соттың атауы, сот отырысындағы судьяның және хатшының тегі, аты-жөні;
3) іске қатысушы адамдар, даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;
4) ұйғарым шығарылған мәселе;
5) соттың өз қорытындыларын шығару себептері және сот басшылыққа алып сілтеме жасаған заңдар;
6) соттың қаулысы;
7) егер ұйғарым бойынша шағымдануға болатын болса, шағым берудің тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
2. Сот отырысы залында сот шығаратын ұйғарымда осы баптың 4)-6) тармақшыларында аталған мәліметтер болуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 253-бап өзгертілді
253-бап. Соттың жеке ұйғарымдары
1. Сот отырысында заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны тиісті ұйымдарға, басқару қызметін атқаратын лауазымды немесе өзге де адамдарға жіберуге құқылы, олар өздері қабылдаған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
2. Қабылданған шаралар туралы хабарламау заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті адамдарды соттың жеке ұйғарымы бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.
3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процеске басқа қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де адамдардың әрекетінен қылмыс белгілерін тапса, ол туралы прокурорға хабарлайды.
4. Мүдделерiне қатысы бар жеке ұйғарымға адамдар осы Кодекстiң 344-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шағым бере алады.
254-бап. Іске қатысушы адамдарға сот ұйғарымының көшірмесін жіберу
Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа адамдарға іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы туралы, не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұйғарымының көшірмесі ұйғарым шығарылғаннан бастап бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.
23-тарау. Хаттамалар
255-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі
Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама жасалады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 256-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
256-бап. Хаттаманың мазмұны
1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке іс жүргізу әрекетінің хаттамасы істі қараудың немесе жеке іс жүргізу әрекетін жасаудың барлық елеулі сәттерін көрсетуге тиіс.
2. Сот отырысының хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;
3) істі қарайтын соттың атауы, сот отырысы судьясының, хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
4-1) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын және (немесе) стенографиялауды қолдануы туралы мәліметтер;
5) іске қатысушы адамдардың, өкілдердің, куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;
6) іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені туралы мәліметтер;
7) төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында соттың шығарған ұйғарымы;
8) іске қатысушы адамдардың және өкілдердің арыздары, өтініштері және түсініктемелері;
9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндірулері, мамандардың түсіндірмелері;
10) құжаттардың жария етілуі туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелерді қараудың, дыбысжазбаларды тыңдаудың, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрудің деректері;
11) осы Кодекстің 57-бабы негізінде іске қатысушы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындылары туралы мәліметтер;
12) сот отырысы залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
13) сот жарыссөздерінің мазмұны;
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) осы Кодекстің 55-бабы негізінде іске қатысқан прокурордың қорытындысы;
14) шешім мен ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені, оларға шағым беру тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы мәліметтер;
15) іске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және оған ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;
16) хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 257-бап өзгертілді
257-бап. Хаттама жасау
1. Хаттаманы сот отырысының хатшысы жасайды.
2. Әрбір сот отырысы бойынша немесе жеке іс жүргізу әрекеті бойынша жеке хаттама жасалады.
3. Хаттама қолмен, мәшинкемен, компьютермен немесе электрондық (цифрлық дыбыс-, бейнежазбаны қоса алғанда) тәсілмен жазылып, дайындалуы мүмкін. Сот отырысында осы құралдарды кезде пайдаланған алынған стенограмма, аудио-, бейнежазба материалдары cот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі және іспен бірге сақталады.
4. Іске қатысушы адамдар мен өкілдер хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету туралы, өздері іс үшін елеулі деп есептейтін мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
5. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірілмей, ал жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірілмей дайындалып, оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасын дайындау және оған қол қою бұдан да ұзақ мерзімде, бірақ сот отырысы аяқталғаннан кейін он күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Хаттамаға төрағалық етуші және хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада айтылуға және олардың қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
7. Сот іске қатысушы адамдардың немесе олардың өкілдерінің өтініші бойынша сот отырысының төрағалық етушісі мен хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы ұсынуға міндетті.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 258-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 258-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
258-бап. Хаттамаға ескертпелер
Іске қатысушы адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасы дайындалған және оған қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде онымен танысуға, хаттамада жіберілген қателіктерді немесе жасалған іс-әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып, бес күн ішінде оған жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертпелер беруге құқылы.
259-бап. Хаттамаға жасалған ескертпелерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертпелерді оған қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертпелермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Төрағалық етуші берілген ескертпелермен келіспеген жағдайда хаттамаға ескертпелер берген адамға хабарлана отырып, олар сот отырысында қаралады. Ескертпелерді қарау нәтижесінде төрағалық етуші олардың дұрыстығын куәландыру туралы не олардың толық немесе ішінара қабылданбауы туралы ұйғарым шығарады. Ескертпелер барлық жағдайда іске қоса тіркеледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар істің материалдарына қоса тіркеледі.
24-тарау. Сырттай іс жүргізу және сырттай шешім шығару
260-бап. Сырттай іс жүргізу негіздемелері
1. Отырыстың өткізілетін орны мен уақыты тиісті түрде хабарланған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзі жоқта қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талап қоюшы бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
2. Іске бірнеше жауапкер қатысқан кезде сот отырысына барлық жауапкерлер келмей қалған жағдайда іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
3. Егер сот отырысына келген талап қоюшы жауапкер жоқта істі сырттай жүргізу тәртібімен қарауға келіспесе, сот істің қаралуын кейінге қалдырады және жауапкерге жаңа сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тиісті түрде хабарланған жауапкер тағы да келмей қалған жағдайда сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарайды.
4. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады.
5. Талап қоюшы істің нысанасын немесе талаптың негіздемесін өзгерткен жағдайда сот істі соттың сол отырысында сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы емес.
261-бап. Сырттай іс жүргізу тәртібі
Сот сырттай іс жүргізу тәртібімен істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар берген дәлелдемелерді зерттейді, олардың дәлелдерін ескереді және сырттай шешім деп аталатын шешім шығарады.
262-бап. Сырттай шешімнің мазмұны
1. Сырттай шешімнің мазмұны осы Кодекстің 221-бабының ережелерінде белгіленеді.
2. Сырттай дәлелді шешім шығаруды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
3. Сырттай шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің бұл шешімнің күшін жою туралы өтініш беруінің мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
263-бап. Сырттай шешімнің көшірмесін жіберу
1. Сырттай шешімнің көшірмесі жауапкерге оның шығарылған күнінен бастап үш күннен кешіктірілмей, оның тапсырылғаны туралы хабарланатын етіп жіберіледі.
2. Сырттай шешімнің көшірмесі сот отырысына қатыспаған талапкерге ол шығарылған күннен бастап үш күннен кешіктірілмей, оның тапсырылғаны туралы хабарланатын етіп жіберіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 264-бап өзгертілді
264-бап. Сырттай шешімге шағым жасау
1. Жауапкер сырттай шешім шығарған сотқа өзі шешімнің көшірмесін алған кезден бастап бес күн ішінде бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.
2. Сырттай шешімге тараптар бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі өткен соң, ал арыз берілген жағдайда - бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған кезден бастап он бес күн ішінде апелляциялық тәртіппен шағым беруі немесе прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың мазмұны
1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызда:
1) сырттай шешім шығарған соттың атауы;
2) арыз берген тараптың атауы;
3) жауапкердің сот отырысына дәлелді себептермен келмей қалуын куәландыратын мән-жайлар туралы мәліметтер және бұл мән-жайларды растайтын дәлелдемелер, сондай-ақ шешімнің мазмұнына әсер етуі мүмкін дәлелдемелер;
4) арыз беруші тараптың өтініші;
5) арызға қоса тіркелетін материалдардың тізбесі болуға тиіс.
2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызға тарап немесе өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қойып, ол іске қатысушы адамдардың саны бойынша көшірмелермен бірге сотқа табыс етіледі.
3. алынып тасталды
266-бап. Соттың арыз қабылданғаннан кейінгі іс-әрекеттері
Сот іске қатысушы адамдарға сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың қаралатын уақыты мен орнын хабарлайды, оларға арыздың және оған қоса тіркелген материалдардың көшірмесін жібереді.
267-бап. Арызды қарау
Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды сот оның сотқа келіп түскен кезінен бастап он күн ішінде сот отырысында қарайды. Сот отырысы өткізілетін уақыт пен орын туралы хабарланған іске қатысушы адамдардың келмей қалуы арыздың қаралуына кедергі болмайды.
268-бап. Соттың өкілеттігі
Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе сырттай шығарылған шешімнің күшін жою және істі мәні бойынша соттың сол құрамында немесе өзге құрамында қайта қарау туралы ұйғарым шығарады.
269-бап. Сырттай шешімнің күшін жоюдың негіздемелері
Егер жауапкердің сот отырысына келмей қалуына дәлелді себептер болып, олар туралы сотқа мезгілінде хабарлауға оның мүмкіндігі болмағанын сот анықтаса және ол шешімнің мазмұнына ықпал етуі мүмкін дәлелдемелерді табыс етсе, сырттай шешімнің күші жойылуға тиіс.
270-бап. Істің қайта қаралуы
Сырттай шешімнің күші жойылған жағдайда сот істі мәні бойынша қайта қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған жауапкер келмей қалған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде сот шығарған шешім сырттай шешім деп танылмайды. Жауапкердің бұл шешімді сырттай іс жүргізу тәртібімен қайта қарау туралы қайталап арыз беруге құқығы жоқ.
271-бап. Сырттай шешімнің заңды күші
Сырттай шешім осы Кодекстің 235-бабының ережелері бойынша күшіне енеді.
3-бөлімше. Ерекше талап қоюмен іс жүргізу
25-тарау. Сайлауға, референдумдарға қатысушы азаматтар мен
қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздар бойынша іс жүргізу
272-бап. Арыз беру
Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, лауазымды адамдардың шешімімен, әрекетімен (немесе әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі осы Кодекстің 3-тарауы мен басқа да заңдарда белгіленген соттылыққа жататын іс бойынша арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
ҚР 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара); 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңдарымен 273-бап өзгертілді
273-бап. Арызды қарау
1. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бір ай iшiнде түскен арыз оның берілген күнінен бастап бес күн мерзімде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын, дауыс беру күнi және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн түскен арыз дереу қаралуға тиіс.