2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:
1) қан тапсыру (донациялау) - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;
2) плазма тапсыру (донациялау) - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:
қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;
3) жасушалар тапсыру (донациялау) - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:
1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;
2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.
5. Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар
1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
3. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
164-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету
1. Донорлық қан мен оның компоненттерінің қауіпсіздігі карантиндеу, вирусинактивациялау, радиациялық сәулелендіру және Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген басқа да әдістер арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Донорлық қан мен оның компоненттері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сапасын бақылауға жатады.
3. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.
4. Донорлық қанды, оның компоненттерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
165-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері
1. Тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы айғақтары жоқ, медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген он сегіз жастан асқан жеке тұлға донор болуға құқылы.
2. Донор:
1) қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) өтеусіз жүзеге асыруға;
2) қан мен оның компоненттерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде ақылы тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау
1. Донор қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) алдында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.
167-бап. Донорға берілетін кепілдіктер
1. Донор болып табылатын қызметкерді медициналық зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.
2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмысқа шықса, оның орташа айлық жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
3. Адамды қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
4. Донор болып табылатын әскери қызметші қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан босатылады.
5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері оқу-тәрбие процесінен босатылады.
6. Донорларды көтермелеу жүйесін уәкілетті орган бекітеді.
Донорға қан мен оның компоненттерін тапсырудың (донациялаудың) жиынтық санын ескере отырып, берілетін қосымша көтермелеу шаралары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
7. Донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асырған донор қан мен оның компоненттерін тапсырғаннан (донациялағаннан) кейін өз қанының көлемі мен организмінің әл-ауқаты шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мөлшердегі оның ақшалай баламасын алады.
8. Донорлық функцияны ақылы негізде атқарған донорға қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және мөлшерде ақы төлейді.
168-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттері
1. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында:
1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына азаматтарды донорлар қатарына тартуына жәрдем көрсетуге;
2) қан мен оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге және жағдай жасауға;
3) донор болып табылатын қызметкерді зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күні жұмыстан кедергісіз босатуға;
4) донор болып табылатын қызметкерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті.
2. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге құқығы бар.
27-тарау. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау
169-бап. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау және оларды алу шарттары
1. Адам, адамның мәйіті немесе жануар тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау бойынша донор болуы мүмкін.
2. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады.
3. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады.
4. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін (басқа организмнің тіндеріне сіңісуіне жәрдемдесетін органикалық тіндердің иммунологиялық қасиеті) адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.
5. Тірі донор жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өтуге және өзінің тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) алуға болатындығы туралы консилиумның қорытындысын алуға тиіс.
6. Кәмелетке толмаған адам немесе әрекетке қабілетсіз адам болып табылатын тірі донордың тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) алу осы бапта көрсетілгендермен қатар, бір мезгілде мына шарттарды сақтағанда ғана:
1) осы Кодекстің 91-бабына сәйкес денсаулығының жай-күйі туралы қажетті ақпаратты алған оның заңды өкілдерінің нотариат куәландырған жазбаша келісімі болған;
2) тиісті келісімді беруге қабілетті басқа үйлесетін донор болмаған;
3) реципиент донордың ағасы-інісі немесе апасы-қарындасы (сіңлісі) болып табылған;
4) транспланттау реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналған;
5) ықтимал донор алуға қарсылық білдірмеген жағдайда, мүмкін болады.
7. Кәмелетке толмаған адамдардың немесе әрекетке қабілетсіз адамдардың заңды өкілдерінің келісімі медициналық араласу басталғанға дейін кез келген сәтте кері қайтарып алынуы мүмкін.
8. Тірі донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу оның нотариат куәландырған жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
9. Транспланттау үшін жұп ағзаның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола бұзылуына әкеп соқтырмайтын ағзаның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.
10. Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тірі кезінде не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің ол өлгеннен кейін оның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) репициентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға жол берілмейді.
Егер консилиум тарапынан тіркелген өлім фактісінің даусыз дәлелдемесі болса, мәйіттен транспланттау үшін тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөліктері) алынуы мүмкін.
Өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе бас миының біржола семуінің (мидың өлімінің) расталуы негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беріледі.
11. Кейіннен транспланттау үшін тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуды қамтамасыз ететін адамдардың биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынады.
170-бап. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау тәртібі
1. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау қажеттігі туралы медициналық қорытындыны тиісті денсаулық сақтау ұйымының консилиумы береді.
2. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау реципиенттің не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілінің жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.
3. Реципиент не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілі алдағы уақытта жасалатын транспланттауға байланысты реципиенттің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы ескертілуге тиіс.
4. Инфекция жұқтырған тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға тыйым салынады.
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Тірі донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу және консервациялау мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және лицензияға сәйкес «трансплантология» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында ғана жүргізіледі.
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Транспланттау мақсатында мәйіттерден тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу және консервациялау мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында жүргізіледі.
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және лицензияға сәйкес «трансплантология» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында ғана жол беріледі.
8. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға және жануардан адамға транспланттауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган белгілейді.
9. Осы баптың күші ұрпақты болу тіндерін (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар тіндерге және (немесе) ағзаларға (ағзалардың бөліктеріне), сондай-ақ қан мен оның компоненттеріне қолданылмайды.
171-бап. Донор мен реципиенттің құқықтары
1. Донор осы Кодекстің 165-бабында көзделген құқықтардан басқа:
1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты өзінің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
2) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
2. Реципиент:
1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты оның денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
2) жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор мен реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.
28-тарау. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін),
қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету
172-бап. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкелу, әкету үшін негіздер
1. Қазақстан Республикасының аумағына адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкелу:
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында және лицензияға сәйкес «трансплантология» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ Денсаулық саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында транспланттау қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасынан адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкету:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі оның азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасы азаматтарының жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілмейтін диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
4) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде;
5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) әкелуге, әкетуге рұқсатты уәкілетті орган мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының және лицензияға сәйкес «трансплантология» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын, мемлекет қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының өтініші бойынша береді.
173-бап. Қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету үшін негіздер
1. Қазақстан Республикасының аумағына қан мен оның компоненттерін әкелу:
1) Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасынан қан мен оның компоненттерін әкету:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі оның азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасы азаматтарының жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілмейтін диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
4) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде;
5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа, қан мен оның компоненттерін әкелу және әкету айырбастау тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін. Осындай айырбастау қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттері болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге рұқсатты уәкілетті орган лицензияға сәйкес «қан дайындау» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының өтініші бойынша береді.
174-бап. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін), қан мен оның компоненттерін әкелудің, әкетудің тәртібі
1. Осы Кодекстің 172-бабының 3-тармағында және 173-бабының 4-тармағында көрсетілген денсаулық сақтау ұйымдары тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) не қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге рұқсат алу үшін уәкілетті органға:
1) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету туралы өтінішті;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін;
3) тиісті лицензияның және оған қосымшалардың нотариат куәландырған көшірмесін;
4) әкелінетін (әкетілетін) тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалар бөліктерінің), қан мен оның компоненттерінің биологиялық қауіпсіздігі туралы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен берген қорытындыны;
5) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін алумен (жинаумен) байланысты рәсімдердің заңдылығы туралы шығаратын елдің уәкілетті органының құжатын;
6) тірі донордың немесе оның заңды өкілдерінің одан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға нотариат растаған жазбаша келісімін не донордың биологиялық өлімі немесе бас миының біржола семуі (мидың өлімі) жағдайында консилиумның қорытындысын;
7) осы Кодекстің 172-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында және 173-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларда, реципиент пен донордың туыстық жақындығы дәрежесін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін;
8) қан мен оның компоненттерін айырбастаған жағдайда, қан мен оның компоненттерін айырбастау шартының жобасын, сондай-ақ әкелінетін елде қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттерінің жоқтығын растайтын құжатты;
9) тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін тасымалдау үшін пайдаланылатын термоизоляциялық контейнерлердің техникалық сипаттамаларын жібереді.
2. Уәкілетті орган тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), қан мен оның компоненттерін әкелуге және әкетуге рұқсат беру мәселелері жөніндегі комиссияны құрады және оның қызметі туралы ережені бекітеді.
3. Комиссия өтініш берушінің өтінішін жеті күн ішінде қарайды.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды өтініш беруші толық көлемде бермеген жағдайда, құжаттар қаралмай, үш күн ішінде өтініш берушіге қайтарылады.
4. Комиссияның оң шешімі уәкілетті органның бұйрығы түрінде ресімделеді. Комиссияның теріс қорытындысы болған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тартуды жібереді.
5. Әкелуге және әкетуге арналған тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөліктерінің), қан мен оның компоненттерінің биологиялық қауіпсіздігін зерттеу, оларды консервациялау мен тасымалдау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
8-Бөлім. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет
29-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі
175-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі
1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, оладың біліктілігін арттыру және қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық факультеттерінде жүзеге асырылады. Клиникалық базалардың - медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық бөлімшелерінің, сондай-ақ медициналық білім беру ұйымдарымен шарт бойынша медицина және фармацевтика кадрларын даярлау үшін тиісті жағдайлар жасайтын денсаулық сақтау ұйымдарының болуы медициналық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарты болып табылады.
3. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ жоғары медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережені, оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын игерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал клиникалық мамандықтар бойынша маман сертификаты да олардың медициналық ұйымдарда қызметке орналасуы үшін негіз болып табылады.
5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. Резидентура туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
6. Қосымша білім беру қосымша білімнің білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарда жүзеге асырылады.
Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысандары болып табылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
7. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттіліктерін ескере отырып, өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.
176-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары
1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары орта (техникалық және кәсіптік), орта білімнен кейінгі, жоғары медициналық білімі бар адамдардың кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау мақсатында өткізіледі.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары:
1) медицина қызметкерлерінің клиникалық мамандыққа сәйкестігін айқындау және оларға тиісті маман сертификатын беріп, клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберу үшін - міндетті біліктілік емтихандары;
2) тиісті біліктілік санаты берілетін мамандардың кәсіптік деңгейін айқындау үшін - ерікті біліктілік емтихандары болып бөлінеді.
3. Тиісті маман сертификаты болмаған, сондай-ақ оның қолданылу мерзімі өткен жағдайда, жеке тұлғаға клиникалық практикамен айналысуға тыйым салынады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандарын өткізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде медициналық білім мен біліктілік санаттарын алған адамдарды денсаулық сақтау саласындағы мамандарға арналған біліктілік емтихандарына жіберудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Университетінде» немесе оның медициналық ұйымдарында медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе кәсiптік медициналық қызметтi жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған біліктiлiк санатын куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын санат берілмей-ақ маман сертификатына теңестіріледі.