4. Егер мемлекеттік айыптауды бiрнеше мемлекеттік айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi өз сөздерiнiң кезектілігiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысында үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер аталған адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектілігi туралы келісімге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз кезегi туралы қаулы алады.
5. Сот жарыссөзiне қатысушылар өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасауға құқылы емес. Сотқа жаңа айғақтар ұсыну қажет болса, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiш жасай алады.
6. Сот сот жарыссөзiнiң ұзақтығын белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысушы азаматтардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
7. Сот отырысына қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылғандар бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертпелерiн /репликаларын/ бiлдiруге құқылы. Соңғы ескертпенi айту құқығы барлық жағдайларда сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
8. Әрбiр сот жарыссөзiне қатысушы сотқа осы Кодекстiң 371-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-6-тармақтарында аталған мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымын жазбаша түрде табыс ете алады. Ұсынылатын тұжырымның сот үшiн мiндеттi күшi жоқ.
365-бап. Сотталушының соңғы сөзi
1. Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
2. Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
366-бап. Сот тергеуiн қайта бастау
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сот тергеуiн қайта бастайды. Қайта басталған сот тергеуi сот аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан ашады және сотталушыға соңғы сөз бередi.
367-бап. Соттың кеңесу бөлмесiне кетуi
1. Сотталушының соңғы сөзiн тыңдап, сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi, ол туралы төрағалық етушi сот отырысы залындағы қатысушыларға хабарлайды.
2. Үкiмнiң жарияланатын уақыты процеске қатысушыларға судьялар кеңесу бөлмесiне кетер алдында хабарлануы мүмкiн.
44-тарау. Үкім шығару
368-бап. Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығару
Қазақстан Республикасындағы соттар Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығарады.
369-бап. Үкiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi
1. Сот үкімі заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Егер үкiм заңның барлық талаптары сақтала отырып және заң негiзiнде шығарылса, ол заңды болып танылады.
3. Егер үкiм сот отырысында сотқа ұсынылған дәлелдемелердi жан-жақты және объективтi зерттеу негiзiнде шығарылса, ол негiздi деп танылады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 370-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
370-бап. Үкім шығару құпиясы
1. Істі қараған судья үкімді оған қандай да болсын ықпал ету мүмкіндігін болғызбайтын жағдайда шығарады. Үкім шығару кезінде өзге тұлғалардың, оның ішінде запастағы судьяның болуына жол берілмейді.
2. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күні ішінде судья кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жасауға құқылы.
3. Үкім жарияланғанға дейін судья іс бойынша шешімді айқындайтын өз пікірі мен пайымдауын жария етуге құқылы емес.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңдарымен 371-бап өзгертілді
371-бап. Соттың үкiм шығару кезiнде шешетiн мәселелерi
1. Сот үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде мынадай мәселелердi шешедi:
1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл әрекет қылмыс болып табыла ма және ол нақ қандай қылмыстық заңда көзделген (бабы, бөлiгi, тармағы);
3) сотталушының бұл әрекеттi жасағаны дәлелдендi ме;
4) сотталушы бұл қылмыстың жасалуына кiнәлi ме;
5) оның жауаптылығы мен айыбын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар бар ма;
6) сотталушы жасаған қылмысы үшiн жазаға тартылуға тиiс пе;
7) сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiс;
8) жаза тағайындамай үкiм шығару үшiн немесе жазада босатуға не қылмыстық жазаны өтеудi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында және 74-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда кейiнге қалдыру туралы негiздер бар ма;
9) бас бостандығынан айыруға сотталушы түзеу немесе тәрбие беру мекемесiнің қандай түрi мен режимдегiсiнде жазасын өтеуге тиiс;
10) азаматтық талап-арызды қанағаттандыруға жата ма, кiмнiң пайдасына және қандай мөлшерде, сондай-ақ егер азаматтық талап берiлмесе, мүлiктiк зиян өтелуге жата ма;
11) азаматтық талап-арызды немесе ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктi не iстеу керек;
12) заттай дәлелдемелердi не iстеу керек;
13) iс жүргiзу шығыстары кiмге, қандай мөлшерде жүктелуге тиiс;
14) сот сотталушының құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыруға (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізуге) тиiс пе;
15) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 88-бабында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы;
16) қылмысты жасауға әсер ететiн мән-жайлардың болуы туралы;
17) сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы;
18) бұрынғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы.
2. Ақтау үкімін шығару кезiнде сот тергеу, прокуратура, сот органдарының заңсыз iс-әрекетiмен ақталушыға келтiрiлген зиянды өтеу туралы мәселе жөнiнде шешiм қабылдайды.
3. Сотталушы бiрнеше қылмыс жасағаны үшiн айыпталған кезде сот әрбiр қылмыс бойынша жеке-жеке осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-7 тармақтарында көрсетiлген мәселелердi шешедi.
4. Егер қылмыстың жасалуына бiрнеше сотталушы айыпталса, сот оның жасалған әрекеттегi ролi мен дәрежесiн айқындай отырып, әрбiр сотталушыға қатысты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген барлық мәселелердi шешедi.
5. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiзгi мәселелердi шешiп, мынадай қосымша мәселелердi шешуге көшедi:
1) сотталушының, ал қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң ата-анасыз қалған, кәмелетке толмаған балаларын жайғастыру туралы;
2) сотталушының мүлкiн, қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң мүлкiн қорғау туралы;
3) жеке қаулы шығару қажеттiгi туралы.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 372-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
372-бап. Сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселенi шешу
1. Алдын ала тергеу немесе сот талқылауы кезiнде сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселе туындаған жағдайларда сот үкiм шығару кезiнде бұл мәселенi тағы да бiр рет талқылауға мiндеттi.
2. Сотталушыны әрекет жасаған уақытта есi кiресiлi-шығасылы күйде болған немесе қылмыс жасағаннан кейiн оның өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауiптілігiн ұғыну не оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын психикалық науқаспен ауырған деп таныған сот, қылмыстық iстi тоқтатуға және егер қорғаушы iске айып тағылған сәттен бастап қатысса, сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, қорғаушы айып тағылған кезден бастап іске қатыспаса, сот қылмыстық істі осы Кодекстің 515-бабында белгіленген тәртіппен қарауға беру туралы қаулы шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 373-бап өзгертілді
373-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
374-бап. Үкiмдердiң түрлерi
Сот үкімі айыптаушы немесе ақтаушы болуы мүмкiн.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 375-бап толықтырылды
375-бап. Айыптау үкімі
1. Айыптау үкімі сотталушыны қылмыс жасауға кiнәлi деп тану туралы сот шешiмiнен тұрады.
2. Айыптау үкімі:
1) сотталушы өтеуге тиiс қылмыстық жаза тағайындала отырып;
2) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып;
3) қылмыстық жаза тағайындала және оны өтеуден босата отырып;
4) қылмыстық жаза тағайындалмай;
5) қылмыстық жазаны өтеу кейiнге қалдырыла отырып шығарылады.
3. Айыптау үкімі болжауларға негiзделуге тиiс емес және сот талқылауы барысында сотталушының қылмыс жасаудағы кiнәсi соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен дәлелденген жағдайда ғана шығарылады.
4. Сотталушы өтеуге тиiс жазаны тағайындаумен айыптау үкімін шығара отырып, сот оның түрiн, мөлшерiн, режимiн және мерзiмдi өтеудi есептеудiң басталуын дәл айқындауы қажет.
5. Сот, егер осы қылмыс үшiн адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi өтiп кетсе, сондай-ақ осы Кодекстiң 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда айыптау үкімін адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, шығарады.
6. Сот, егер үкiм шығару кезiнде:
1) сотталушыға осы үкiммен тағайындалған жазаны қолданудан босататын кешiрiм актiсi шығарылған;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62-бабында белгiленген алдын ала қамауды есептеу ережелерiн ескере отырып, осы iс бойынша сотталушының қамауда болу уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыған жағдайларда, айыптау үкімін жазаны тағайындап және одан босата отырып шығарады.
7. Егер оны шығару кезiнде сотталушы қайтыс болса, сот iстi тоқтатады немесе тараптардың өтiнiшi бойынша айыптау үкімін жазаны тағайындамай шығарады.
8. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында және 74-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот айыптау үкімін қылмыстық жазаны өтеудi кейiнге қалдыра отырып шығарады.
376-бап. Ақтау үкімі
1. Сот ақтау үкімімен сотталушы қылмыстық жауаптылыққа тартылып, сотқа берiлген айыптау жөнiнде оның қылмыстың жасалуына кiнәсiздiгiн таниды және жариялайды.
2. Егер:
1) қылмыс оқиғасы болмаса;
2) сотталушының әрекетiнде қылмыс құрамы болмаса;
3) қылмыс жасауға сотталушының қатысуы дәлелденбесе, ақтау үкімі шығарылады.
3. Аталған негiздердiң кез келгенi бойынша ақтау соттың сотталушының кiнәсiздiгiн тануды бiлдiредi және оның толық ақталуына әкеп соғады.
4. Егер ақтау үкімі шығарылған жағдайда қылмыс жасаған адам анықталмай қалса, үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн сот қылмыстық iстi прокурордың өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттiгi туралы мәселенi шешуi үшiн соған жiбередi.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 377-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
377-бап. Үкiмдi жасау
1. Осы Кодекстiң 371-бабында көрсетiлген мәселелердi шешкеннен кейiн сот үкiмдi жасауға көшедi.
2. Үкiм сот талқылауы жүргiзiлген тiлде баяндалады.
3. Үкiм кiрiспе, сипаттамалы-дәлелдi және қорытынды бөлiмдерден тұрады.
4. Үкімді судья қолдан жазуы, машинкаға басу тәсілімен не компьютерлік тәсілмен дайындауы мүмкін және ол оған қол қояды.
5. Үкімдегі түзетулер ескертілуге және ол жарияланғанға дейін үкімнің тиісті бетінде судьяның қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
6. Үкiмге ол жарияланғаннан кейiн өзгерiс енгізуге жол берiлмейдi.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 378-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
378-бап. Үкiмнiң кiрiспе бөлiмi
Үкiмнiң кiрiспе бөлiмiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны; Судьялар бiрнеше тәулік бойы кеңескен жағдайда, үкiмнiң шығарылған күнi оның жария етiлген күнiмен айқындалады;
3) үкiм шығарған соттың атауы, соттың құрамы, сот отырысының хатшысы, процеске қатысушылар, олардың өкiлдерi, аудармашы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты, оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты орны, жұмыс орны, кәсiбi, білімi, отбасы жағдайы және сотталушының жеке басы туралы iс үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасағанына сотталушы айыпталып отырған қылмысты көздейтiн қылмыстық заң (бабы, бөлiгi, тармағы) көрсетiледi.
379-бап. Айыптау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi
1. Айыптау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi жасалған орны, уақыты, оның жасалу тәсiлi, кiнә нысаны, қылмыстың себептерi мен салдарлары көрсетiле отырып, сот дәлелденген деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасын қамтуы қажет. Үкiмде соттың сотталушыға қатысты шешiмi негiзделген дәлелдер және сот басқа дәлелдердi жоққа шығарған себептерi келтiрiледi. Жауаптылықты жеңiлдететiн не ауырлататын жағдайлар, ал айыптаудың бiр бөлiгi негiзсiз деп танылған немесе қылмыстың терiс саралануы белгiленген жағдайда - айыптауды өзгертудiң негiздерi мен себептерi көрсетiледi.
2. Сот сондай-ақ қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелер шешiмiнiң себептерiн көрсетуге мiндеттi.
3. Сипаттамалы-дәлелдi бөлiкте осы Кодекстiң 371-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01. № 238 Заңдарымен 380-бап өзгертілді
380-бап. Айыптау үкімінiң қорытынды бөлiгi
1. Айыптау үкімінiң қорытынды бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) сотталушыны қылмыс жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiм;
3) сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық заң (бабы, бөлiгi, тармағы);
4) жасағанына кiнәлi деп танылған әрбiр қылмысы үшiн сотталушыға тағайындалған жазаның түрi мен мөлшерi, сондай-ақ бұрынғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы шешiм және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58, 60-баптарының негiзiнде өтеуге жататын түпкiлiктi жаза түрi. Жаза түрi ретiнде бас бостандығынан айыру тағайындалған кезде сот үкiмде сотталушының оны өтеуге тиiс мекемесiнiң түрi мен режимiн көрсетедi;
5) шартты түрде сотталған кезде сынақ мерзiмнiң ұзақтығы мен сотталушыға жүктелетiн мiндеттер;
6) сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыру (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізу) туралы шешiм;
7) егер үкiм қабылдағанға дейiн сотталушы ұсталса және оған қамау, үйде қамап ұстау түрiнде бұлтартпау шаралары қолданылса немесе ол арнаулы медициналық ұйымға орналастырылса, алдын ала қамауда ұстауды есепке алу туралы шешiм;
8) мәжбүрлеп емдеудi қолдану және сотталушыға қорғаншылық белгiлеу туралы шешiм;
9) үкiм заңды күшiне енгенге дейiн сотталушыға қатысты бұлтартпау шаралары туралы шешiм көрсетiлуге тиiс.
2. Егер сотталушыға қылмыстық заңның бiрнеше бабы (баптың бөлiктерi, тармақтары) бойынша айып тағылса, онда үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде сотталушы олардың қайсысы бойынша ақталғаны және қайсысы бойынша сотталғаны көрсетiлуi тиiс. Сотталушының iс-әрекеттерiн қайта дәрежелеу қажеттiгi туралы тұжырымға келiп немесе кейбір баптардың (бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының) артық тағылғанын анықтап, сот үкiмнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде әрекеттi сол бойынша дәрежелеу керек болатын қылмыстық заңның бабын (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) көрсетедi және артық тағылған бапты (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) алып тастау керектiгiн көрсетедi.
3. Сотталушы қылмысты өтеуден босатылған немесе үкiм жаза тағайындалмай шығарылған немесе жазасын өтеудi кейiнге қалдыру қолданылған жағдайда, бұл туралы үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде көрсетiледi.
381-бап. Ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi
1. Ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнiсi; сот белгiлеген iстiң мән-жайы; сотталушының қылмыс жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдердi сот дұрыс емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болатын дәлелдер; азаматтық талап-арызға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады.
2. Ақтау үкімінде ақталушының кiнәсiздiгiне күмән тудыратын тұжырымдарды қолдануға жол берiлмейдi.
382-бап. Ақтау үкімінiң қорытынды бөлiгi
Ақтау үкімінiң қорытынды бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм; ақтау негiздерi;
3) егер бұлтартпау таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) мүлiктi тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ егер мұндай шаралар қабылданған болса, залалды өтеудi қамтамасыз ету шараларын жою туралы шешiм қамтылуға тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 383-бап өзгертілді
383-бап. Үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде шешуге жататын өзге де мәселелер
Айыптау, сондай-ақ ақтау үкімінiң де қорытынды бөлiгiнде осы Кодекстiң 380, 382-баптарында санамаланған мәселелерден басқа:
1) ұсынылған азаматтық талап-арыз бойынша шешiм;
2) заттай айғақтар туралы мәселенi шешу;
3) iс жүргiзу шығыстарын бөлу туралы шешiм;
4) апелляциялық шағымдардың не үкiмге наразылық келтiрудiң тәртібі мен мерзiмiн түсiндiру қамтылуға тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 384-бап өзгертілді
384-бап. Үкiмдi жариялау
1. Төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімнің кіріспе және қарар бөлігін түрегеліп тұрып жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрі үкімнің кіріспе және қарар бөлігін түрегеліп тұрып тыңдайды.
2. Егер үкімнің кіріспе және қарар бөліктері сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде оқылса, онда аудармашы үкімнің кіріспе және қарар бөліктері жарияланысымен немесе iлеспе түрде оны сотталушының ана тіліне немесе ол бiлетiн басқа тiлге дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталушыға (ақталушыға), процестiң басқа да қатысушыларына үкiмге шағым жасаудың тәртібі мен мерзiмiн, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстi апелляциялық қарауға қатысу туралы өтiнiш беру құқығын түсiндiредi. Ақталушыға оның заңсыз ұстаумен, айыпкер ретiнде тартумен, бұлтартпау шараларын қолданумен, сотқа заңсыз тартумен келтiрiлген зиянның орнын толтыруға деген құқығы, сондай-ақ осы құқықты жүзеге асыру тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.
4. Егер сотталушы ерекше жаза түрi - өлiм жазасына кесiлген болса, төрағалық етушi оған кешiрiм жасау туралы өтiнiш беру құқығын түсiндiредi.
385-бап. Сотталушыны қамауда ұстаудан босату
Сотталушы ақталған кезде не жаза тағайындамай немесе жазаны өтеуден босатумен, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес немесе бас бостандығынан шартты түрде айыруға жаза кесу арқылы айыптау үкімін тағайындаған кезде қамауда ұсталған сотталушы сот отырысы залында қамаудан дереу босатылуға жатады.
386-бап. Үкiм көшiрмесiн табыс ету
Үкiм жарияланғаннан кейiн бес тәулiктен кешiктiрмей оның көшiрмесi сотталушыға немесе ақталушыға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етiлуге тиiс. Егер сотқа аталған адамдардың өтiнiшi түскен болса, үкiмнiң көшiрмесi жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне нақ сол мерзiмде табыс етiледi.
387-бап. Жеке қаулы алу
1. Сот оған негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жеке қаулы шығарады, онда мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заңның бұзылу фактiсiне, қылмыс жасауға себепшi болған және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның iс-әрекетiнен қылмыс жасауға себепшi болатын әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.
2. Жеке қаулы, сондай-ақ сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде немесе iстi төменгi сот қараған кезде жiберiлген, азаматтардың құқықтарын бұзу және заңның басқа да бұзылуы байқалған кезде шығарылуы мүмкiн.
3. Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк не азаматтық борышын бұзуына аударуға құқылы.
4. Сот, егер мұны қажет деп таныса, сот талқылауының материалдары бойынша, басқа да жағдайларда жеке қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына қылмыстың жолын кесуге немесе ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығы, ерлiгi туралы жеткiзе алады.
6. Жеке қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қабылдануы және оның нәтижелерi туралы жеке қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 388-бап толықтырылды; 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 388-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
388-бап. Сот үкiм шығарумен бiр мезгiлде шешетiн мәселелер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамның кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, қараусыз қалған басқа да асырауындағылар бар болған кезде, сот айыптау үкімін қабылдаумен бiр мезгiлде аталған адамдарды қамқоршылыққа немесе туысқандарының не басқа адамдарының немесе мекемелердiң қорғаншылығына өткізу туралы, ал сотталушының қараусыз қалатын мүлкi немесе үй-жайы бар болған кезде оларды күзету жөнiнде шара қолдану туралы қаулы шығарады. Қажет болған жағдайда сот қылмыстың салдарынан жәбiрленушiнiң ауыр жарақат алуына немесе қайтыс болуына байланысты оның қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларын, еңбекке жарамсыз ата-аналарын, қамқорлығындағы басқа да адамдарды орналастыру туралы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң мүлкi мен тұрғын үйiн қорғау туралы қаулы шығарады.
2. Іске қылмыстық процесті жүргізуші органның тағайындауы бойынша қорғаушы не жәбірленушінің өкілі қатысқан жағдайда, сот үкім қабылдаумен бір мезгілде сотталушыға немесе жәбірленушіге көрсетілген заң көмегіне ақы төлеу туралы, қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы қаулы шығарады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде аталған iс жүргiзу шешiмдерi мүдделi адамдардың өтiнiштерi бойынша үкiм жария етiлгеннен кейiн де қабылдануы мүмкiн.
45-тарау. Жеке айыптау істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
389-бап. Жеке айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу тәртібі
Осы Кодекстiң 33-бабында көзделген қылмыстар туралы iске қатысты жеке айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, осы тараумен белгiленген, алынып тасталатындарды қоспағанда осы Кодекстiң жалпы ережелерiмен айқындалады.
390-бап. Жеке айыптау iсiн қозғау
1. Жеке айыптау қылмыстық iсi адам (бiрнеше адам) сотқа адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғалады. Анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға шағым берген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық оқиғаның сипаттамасы, дәлелдерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы сотқа өтiнiш, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам туралы мәлiметтер, сотқа шақырылуы қажеттi куәлердiң тiзiмi қамтылуы қажет. Шағымға оны берген адам қол қояды. "Домалақ" шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.
3. Шағымда сондай-ақ азаматтық талапты қарау туралы өтiнiш болуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа жеке айыптау iсi қозғалуға қатысты адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен берiледi.
5. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген адам жеке айыптаушы болып табылады және оған осы Кодекстiң 76-бабында және 392-бабының төртiншi және алтыншы бөлiгiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, ол туралы судья және шағым берушi адам қолдарын қойған хаттама жасалады.
6. Егер айыптауды бiрнеше адам бiр адамға қатысты қозғаса, олар шағымды бiр-бiрiнен тәуелсiз бередi.
7. Егер бiр ғана қылмыстық жазаланатын әрекетке қатысты жеке айыптау қорғауға бiрнеше адам құқылы болса және олардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша iс қозғалса, қалған адамдар басталып та кеткен iс жүргiзуге кіруге құқылы. Бұл жағдайда аталған адамдардың әрқайсысының өтiнiшi бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.