Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алынуына жатады.
5. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне мемлекеттік заңды тұлғалардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың атаулы тізбесі кіреді. Мемлекеттік заңды тұлғаларды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, қайта тіркеу, атауларын өзгерту мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алынуға жатады.
6. Мемлекеттік заңды тұлғалар есепке алу объектілері деректерінің мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілуін, сондай-ақ мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген бірыңғай мерзімде, бірыңғай әдістеме және деректер пішімі бойынша мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік мүлікті түгендеу мемлекеттік мүліктің нақты бар екенін анықтауды, сондай-ақ ескерілмеген және бекітіп берілмеген мемлекеттік мүлікті анықтауды және оны одан әрі мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіп беруді қамтамасыз етуге тиіс.
7. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректері мемлекетке тиесілі.
8. Мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік мүлік тізілімінің деректерін пайдаланушылар болып табылады. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне қол жеткізуді мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы қамтамасыз етеді.
9. Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор:
1) мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу үшін қажетті бағдарламалық қамсыздандыруды әзірлеуді, енгізуді және жаңғыртуды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізудің техникалық және бағдарламалық құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталын құруды, оның жұмыс істеуін және техникалық сүйемелденуін қамтамасыз етеді;
4) мемлекеттік мүліктің тізілімін пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді;
5) мемлекеттік мүліктің тізілімін пайдаланушылардың мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді;
7) мемлекеттік мүлікті есепке алуды жүзеге асыру кезінде техникалық жобаларды басқару функциясын жүзеге асырады;
8) мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алу объектілері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
9) мемлекетке тиесілі немесе мемлекеттің оларға қатысты мүліктік құқықтары бар бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функциясын жүзеге асырады.
10. Мемлекеттік мүліктің тізілімін қалыптастыруға және жүргізуге арналған шығыстарды қаржыландыру тиісті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
201-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі
1. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу:
1) тізілімге есепке алу объектісі туралы деректерді енгізу;
2) есепке алу объектісі туралы деректерді өзекті ету;
3) есепке алу объектісін тізілімнен алып тастау арқылы жүзеге асырылады.
2. Объектіні мемлекеттік мүліктің тізіліміне қосу осы Заңның 199-бабында көзделген мәліметтерді тізілімге енгізуді білдіреді.
3. Есепке алу объектісіне мемлекеттің құқықтарының тоқтатылуына байланысты оны тізілімнен алып тастаған кезде осы объектіні байқау тоқтатылады.
Есепке алу объектісін бір мемлекеттік органның басқаруынан екіншісіне беру, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға иеленуге және (немесе) пайдалануға беру есепке алу объектісін тізілімнен алып тастауға негіз болып табылмайды.
Мемлекеттік мүліктің тізілімінен алып тасталған есепке алу объектісі туралы деректер тізілім деректері базасының мұрағатына ауыстырылады.
4. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау және пайдаланушыларға мемлекеттік мүліктің тізілімінен мәліметтер ұсыну тәртібін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
202-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгiн бағалау және мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылау
1. Мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгiн бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
Бағалау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгi туралы жылдық есеп ұсынылады.
2. Ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік заңды тұлғалар мүлкінің сақталуына және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарының орындалуына бақылау жасауды тиісті саланың уәкілетті органы және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік мүліктің мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауды және артық, пайдаланылмаған не мақсатқа сай пайдаланылмаған мүлікті алып қоюды, республикалық мүлікке қатысты - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, коммуналдық мүлікке қатысты жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен кемінде үш жылда бір рет жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі әдістемелік басшылықты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
16-тарау. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалау
203-бап. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалау туралы жалпы ережелер
1. Осы тараудың қағидалары стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру, мемлекет меншігіне алу, реквизициялау, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару, мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу төлеміне беру, мемлекеттік заттай гранттарды табыс ету кезінде мүлікті бағалауға қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекет сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалауды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізеді.
3. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
4. Бағалау нәтижелерінің дәйектілігі туралы, сондай-ақ қайта бағалау жүргізу және оның дәйектілігі туралы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шешіледі.
5. Мемлекеттің мүлікке құқықтарға ие болуы және олардың тоқтатылуы, мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру кезінде туындайтын мүлікті бағалау жөніндегі қатынастарға «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қағидалары қолданылады.
204-бап. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалаушыны айқындау тәртібі
Осы Заңның 203-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекет сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүліктің жекелеген түрлері үшін бағалаушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
205-бап. Мемлекет меншігіне алу кезінде мемлекет сатып алатын мүлікті бағалаудың ерекшеліктері
1. Мемлекет меншігіне алынатын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы мүліктің алдағы мемлекет меншігіне алу туралы хабарландырудың нәтижесінде өзгеруі ескерілместен оның нарықтық құны белгіленуге тиіс.
2. Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің меншік иесінің талап етуі бойынша мемлекет меншігіне алынатын мүліктің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізіледі. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
3. Мемлекет меншігіне алынатын мүлік құнының өтемін өзге мүлікпен төлеу кезінде меншік иесіне мемлекет меншігіне алынатын мүліктің орнына берілетін мүлікті бағалау осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша жүргізілуге тиіс.
206-бап. Стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру кезінде мемлекет сатып алатын мүлікті бағалау ерекшеліктері
1. Стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру кезінде мемлекет сатып алатын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы Заңның 188-бабының 1-тармағына сәйкес стратегиялық объектінің меншік иесі табыс еткен стратегиялық объектіні бағалау туралы есепте айқындалған стратегиялық объектінің нарықтық құны, мемлекеттің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыруы туралы хабарландырудың нәтижесінде оның өзгеруі ескерілмей белгіленуге тиіс.
2. Стратегиялық объектіге қайта бағалау жүргізу осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша айқындалатын бағалаушыға тапсырылуы мүмкін. Стратегиялық объектіге бастапқы бағалауды жүргізген бағалаушы стратегиялық объектіні қайта бағалауды жүзеге асыра алмайды.
3. Стратегиялық объектінің меншік иесінің талап етуі бойынша стратегиялық объектінің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізілуі мүмкін. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
207-бап. Реквизициялау кезінде мемлекет сатып алатын мүлікті бағалау ерекшеліктері
1. Реквизициялау кезінде бағалаушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган айқындайды.
2. Реквизициялау кезінде мүлікті бағалауды реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган бекітеді.
3. Реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын өтеу мөлшерін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
208-бап. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде мемлекет ие болатын мүлікті бағалау ерекшеліктері
1. Мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы мүліктің нарықтық құны осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдау нәтижесінде оның өзгеруі ескерілмей белгіленуге тиіс.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті бағалау, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітетін бағалау стандартына сәйкес жүргізіледі.
2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің меншік иесінің атқарушы органға жіберілетін талабы бойынша мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізілуге тиіс. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті қайта бағалауды мүлікті бастапқы бағалауды жүргізген бағалаушы жүзеге асыра алмайды.
3. Өтемді ақшадан өзгеше мүлікпен ұсыну кезінде оны бағалау осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша жүргізілуге тиіс.
209-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне берілетін мемлекеттік мүлікті бағалау ерекшеліктері
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне берілетін мемлекеттік мүліктің құнын бағалаушы растауға тиіс.
2. Мүлікті пайдалану құқығын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне беру кезінде осы салымның мөлшері немесе акциялар төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 59-бабы 1-тармағының қағидалары бойынша және «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдары бойынша осындай мүлікті пайдаланғаны үшін төлеммен айқындалады.
17-тарау. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті
есепке алу және пайдалану ерекшеліктері
210-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алу ерекшеліктері
1. Осы тарауда көзделген мүлікті есепке алу ерекшеліктері мынадай:
1) тәркілеу;
2) сот актілерінің негізінде заттай айғақтарды мемлекет кірісіне айналдыру;
3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді табу;
4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне берілген, арнаулы мемлекеттік қорға өтеусiз тапсыруға жататын сыйлықтар;
5) республикалық мүліктің құрамына - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның iшiнде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiнде ресiмделген тауарлар мен көлiк құралдарын өтеусіз беру;
6) коммуналдық меншікке түскен жылжымайтын затты соттың иесі жоқ деп тануы;
7) өсиет бойынша мұрагерлік;
8) иесіз қалған мүліктің мемлекетке өтуі;
9) олжаның мемлекетке өтуі;
10) қараусыз қалған жануарлардың мемлекетке өтуі;
11) мүлікті коммуналдық меншік құрамына өтеусіз беру (сыйға тарту);
12) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұрмайтын көмбелерді табу негіздері бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүліктерге қолданылады.
2. Осы Заңның 15-тарауының қағидалары, осы мүлік дереу жойылуға немесе өткізілуге жататын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алуға қолданылады. Мұндай жағдайларда осы мүлік туралы мәліметтер есепке алынуға жатады, бірақ мемлекеттік мүліктің тізіліміне ұсынылмайды.
211-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алуды, сақтауды және одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын органдар
1. Атқарушылық іс жүргізу органдары республикалық меншiкке айналдырылған (түскен) мынадай мүлiктi:
1) тәркіленген мүлікті;
2) сот актілерінің негізінде мемлекет кірісіне айналдырылған заттай айғақтарды;
3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді;
4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне берілген, арнаулы мемлекеттік қорға өтеусiз тапсыруға жататын сыйлықтарды;
5) республикалық меншікке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеусіз өткен мүлікті, оның iшiнде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiнде ресiмделген тауарлар мен көлiк құралдарын есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мынадай мүлікті:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған;
2) мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен, сондай-ақ иесіз қалған мүлікті;
3) олжаларды;
4) қараусыз қалған жануарларды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткен мүлікті;
6) мәдени құндылықтарға жататын заттарды қамтымайтын көмбелерді (қазыналар үлесін) есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша түскен мүлікті одан әрі пайдалану, осы тарауда белгіленген жағдайларды қоспағанда, оны өткізу арқылы жүзеге асырылады.
4. Осы бапта көрсетілген негіздер бойынша мемлекет алған мүлікті заңды және жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға беруге тыйым салынады.
212-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алу және сақтау қағидалары
1. Мүлiктi есепке алу:
1) тиiстi сот актілерi;
2) нотариус беретiн, мемлекеттiң мұрагерлiкке құқығы туралы куәлiк;
3) кедендiк ресiмдеу аяқталғаннан кейiн мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiне сәйкес мәлiмделген кедендік жүк декларациясы;
4) мемлекеттің меншiк құқығы туындағанын растайтын өзге де құжаттар негiзінде жүзеге асырылады.
2. Мүлiк тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актiсi негiзiнде беріледi. Мүлiктi тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актiсi онда көрсетiлген тараптардың санына қарай жасалады.
3. Мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерін есепке алу үшін актілерді есепке алу кітабы жүргізіледі. Актілерді есепке алу кітабында мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілері олардың түсуіне қарай тіркеледі. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті есепке алуды жүргізу тәртібін, мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерінің және актілерді есепке алу кітабының нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Осы баптың қағидалары бойынша мемлекетке түскен мүлікті сақтау осы Заңның 211 және 213-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.
213-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті өткізу
1. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алған мемлекеттік мүлікті өткізу мынадай тәртіпті сақтау арқылы жүргізіледі:
1) комиссия шартының негiзiнде сауда ұйымдары арқылы:
жарамдылық (сақталу) мерзiмi шектелген азық-түлiк тауарлары;
бұрын пайдалануда болған өнеркәсiп тауарлары (көлiк құралдарынан, антикварлық бұйымдар мен тауарлардан басқа) өткізіледі;
2) қор биржасындағы сауда-саттықта бағалы қағаздар өткізіледі;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген өзге де мүлік аукциондарда өткізіледі.
Егер сауда ұйымдары арқылы немесе аукциондарда өткізуден кейін мүлік толықтай немесе iшiнара өткізілмей қалса, атқарушылық іс жүргізу органы немесе жергілікті атқарушы орган осы мүлікті қайта бағалауды жүргізеді.
Ең төменгі баға бойынша өткізілмеген жылжымалы мүлікті пайдаланудың және жоюдың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Осы баптың қағидалары бөлшектелген көлiк құралдарына, өнеркәсiптік және өзге де жабдықтар объектілеріне, аяқталмаған құрылысқа не мәнi жағынан ұқсас басқа мүлiкке пайдаланылады. Көрсетілген мүлік қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары немесе қара және түсті металдардың сынықтары ретiнде бағаланады және өткізіледі.
3. Осы бапта көрсетілген мүлiктi өткізуден түскен қаражат Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.
4. Мүлiктi есепке алуға, бағалауға, сақтауға, жөнелтіп жiберуге, оны сатуды ұйымдастыруға және одан әрi пайдалану жөніндегі өзге де шығындарға байланысты шығыстар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Сот мүлiктің мемлекет меншiгiне түсуіне негіз болған актiнің күшін жойған (тиiстi бөлiгін өзгерткен) жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар мүлiктi заттай қайтаруды жүргiзедi. Егер мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өткізілген болса, оның құнын өтеу оны өткізуден алынған қаражат шегiнде жүргiзіледi.
Залалдар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.
214-бап. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы бар мүлікке құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы болуы мүмкін мүлiкке «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасның Заңына сәйкес құрылатын арнаулы комиссия сараптама жасайды.
2. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылыққа жатқызылған мүлiк тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша мемлекеттік мұражайларға өтеусiз берiлуі мүмкін.
215-бап. Ақшаға, бағалы металдарға, асыл тастарға және олардан жасалған бұйымдарға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Ақша түрiндегі мүлiк бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады.
Шетел валютасы операция жасалған күнi белгiленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары арқылы бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады. Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған, айырбасталмайтын шетел валютасын қабылдау, сақтау, өткізу тәртібін, сондай-ақ оларды өткізуден түскен ақшаны бюджет есебіне жатқызу тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
2. Ақша түріндегі мүлiктi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және олардың филиалдарына берудi осындай мүлiктi алған орган мүлiктiң сомасы, берілу уақыты және алушысы көрсетілген беру туралы хабарламаны уәкiлетті органға жiбере отырып жүргiзедi.
3. Мемлекеттік меншіктің құрамына түскен салымдар (депозиттер) сомасын банктер номиналды түрде толық көлемінде бюджеттің кiрiсiне аударады.
4. Бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жiберiледi және тапсырылады.
Мемлекет меншiгіне жекелеген негiздер бойынша айналдырылған (түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдау, қабылдау, есепке алу, бағалау, сақтау және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің келісімі бойынша атқарушылық іс жүргізу органы белгiлейді.
Арнаулы мемлекеттік қордың бағалы металдардан жасалған сыйлықтарын сараптауды, бағалауды және өткізгенге дейін сақтауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
5. Осы баптың қағидалары лотерея билеттерi бойынша ұтыс түрiнде мүлiкке қолданылады. Лотерея билеттері бойынша заттай ұтыстың құнын лотереяның ұйымдастырушысы болып табылатын тұлға бюджет кірісінің есебіне жатқызады.
Лотерея билеттерiн беру тiзiмдеме актiсi бойынша жүргiзiледi, онда лотереяның атауы, шығарылған күнi, ұтыс ойынын жүргiзген тұлғаның атауы, билеттердiң сериясы, нөмiрi және ұтыстың сомасы көрсетiледі.
216-бап. Сыйлыққа құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Лауазымдық жағдайларына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге жария түрде немесе ресми іс-шаралар кезінде, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілген (тапсырылған), құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген он айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлық болып есептеледі және мемлекеттік мүліктің құрамына түседі, ол арнаулы мемлекеттік қорды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен және шарттарда атқарушылық іс жүргізу органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарға тапсырылады.
2. Арнаулы мемлекеттік қордағы мүлікті өткізу «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып жүргiзiледi.
3. Атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар арнаулы мемлекеттік қорға сыйлықты тапсырған тұлға оны сатып алудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда ғана сыйлықты үшінші тұлғаларға өткізуге құқылы.
217-бап. Сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикізатына, тамақ өнімдеріне және өзге де мүлікке құқықтарды тоқтату ерекшеліктері
Сапасы мен қауiпсiздiгiне нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикiзатын, тамақ өнiмдерiн, шыққан елi белгіленбеген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтiн, акциздiк таңбаларсыз өткізілетін темекi бұйымдарын және құрамында темекi бар басқа да бұйымдарды, сондай-ақ тасымалдауға, сақтауға, өткізуге, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мен сертификаттауды жүргiзуге байланысты шығындары өздерінің бағалау құнынан асып түсетiн тауарлардың шамалы партияларын және өзге де мүлiктi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар құратын комиссия жояды.
Қажет болған жағдайларда комиссияның құрамына санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң қызметкерлерi және жергiлiктi атқарушы органдар мен басқа да мүдделi ұйымдардың өзге де мамандары тартылуы мүмкін.
218-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлерге құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
Осы Заңның 19-бабында көрсетілген жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорына енгізіледі.
Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша түскен тұрғын үйлерді одан әрі пайдаланудың тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.