Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы № 868 Қаулысы
Осы редакция 2011 жылғы 14 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік кәсіпорын туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) құрылсын.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (келісім бойынша) кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.
3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні ғылым саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.
4. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (келісім бойынша) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге енгізсін;
2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
5. «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі мынадай мазмұндағы бөліммен және реттік нөмірі 535-жолмен толықтырылсын:
«Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті
535 | «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық жүргізу құқығында) | Астана қаласы». |
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |