2. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлердi беру және оларды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Мемлекеттік қызметшiлер мен бюджеттік ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерi, мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттік қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттік ұйымдарда (мемлекеттік сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлердi қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
4. Қызметін өткерген кезеңде сол елдi мекенде қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген әскери қызметшiлер он жыл әскери қызмет стажынан кейiн, ал еңбек сiңiрген жылдары, науқастануы немесе штаттың қысқаруы бойынша қызметтен босаған кезде қызмет мерзiмiне қарамастан, оны (әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық объектiлерде орналасқан тұрғын үй-жайларды қоспағанда) жекешелендiруге құқылы.
Мұндай тұрғын үйдің жабық және оқшау әскери қалашықтарда, шекара заставаларында орналасуы себептi оны жекешелендiру мүмкiн болмаған жағдайларда, жекешелендiру құқығы басқа жерден тиiсiнше тұрғын үй сатып алу (салу) үшiн оның құнын төлеу арқылы өтеледi.
Күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлердiң тұрғын үй-жайды өтеусіз жекешелендiруге құқығы бар.
Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берілген әскери қызметшi қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Осы тармақта көрсетiлген жеңiлдiктер бір рет қолданылады.
Көрсетілген жеңілдіктер кемінде жиырма жыл қызмет атқарған, әскери атақтарға ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатын адамдарға да қатысты қолданылады.
5. Мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді меншік иесінің немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік органның жазбаша келісімімен мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорындағы басқа тұрғын үйге айырбастауға болады.
6. Осы баптың 3-тармағында белгіленген негіздер болған кезде тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім шығарады.
Бұл тұрғын үй кейіннен оны жалдаушының жекешелендіруі үшін коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстырылады.
7. Осы бапта көрсетілген адамдарды шығаруға осы Заңның 14-тарауында көзделген негiздер бойынша жол берiледi.
8. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
«109-бап. Қызметтiк тұрғын үйлер
1. Қызметтiк тұрғын үйлер өздерiнiң еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиiстi Қазақстан Республикасы азаматтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын жалдау шарты бойынша қоныстандыруға арналады.
2. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, егер олар мемлекеттік қызметте, бюджеттік ұйымдарда немесе мемлекеттік кәсіпорындарда (мемлекеттік сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
Қызметтiк тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғын үй берілген Қазақстан Республикасының азаматтары, егер қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрса, өздері тұратын қызметтiк тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
3. Қызметтiк тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген негіздер болған кезде тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім шығарады. Бұл тұрғын үйді жалдаушының кейіннен жекешелендіруі үшін ол коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстырылады.
110-бап. Қызметтiк тұрғын үйдi беру және оны пайдалану
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде оларды қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде оларды қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді пайдалануға осы Заңның 90, 93 және 95-баптарының қағидалары қолданылмайды.
2. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналып берілетін қызметтік тұрғын үйге осы Заңның 71-74, 90, 93 және 95-баптары қолданылмайды.»;
15) 111-баптың 1-тармағындағы «101-бабындағы 5-тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында, сондай-ақ екiншi бөлiгiнде» деген сөздер «109-бабының 2-тармағында» деген сөздермен ауыстырылсын;
16) 113-бап алып тасталсын.
2. «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 23, 430-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж. № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат):
111-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) асырап-бағуға жәрдемақы тағайындау тәртібін және оны төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.».
3. «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 3, 18-құжат; 2004 ж., № 2, 10-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 17-18, 76-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 10, 52-құжат; 2007 ж., № 2, 14, 18-құжаттар; № 3, 20-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 9-10, 50-құжат; №18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтiк жұмыс орны - жұмыс беруші Қазақстан Республикасының нысаналы топтардағы азаматтарын жұмысқа орналастыру үшiн жергiлiктi атқарушы органмен шарт негізінде құратын, жұмыс берушiнiң олардың еңбегiне ақы төлеу шығындары iшiнара өтелетiн жұмыс орны;
2) әлеуметтік келісімшарт - жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысушы және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
3) бос орын - жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);
4) еңбек нарығы - экономикалық тұрғыдан белсендi халыққа сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;
5) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамтылу - Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбекке, жұмыс орны мен кәсiптi таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;
6) жалақыны субсидиялау - халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастырылған қызметкерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеу шығындарының бір бөлігін өтеу;
7) жастар практикасы - жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып ұйымдастыратын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында іске асыратын еңбек қызметінің түрі;
8) жеке жұмыспен қамту агенттiгi - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген, жұмысқа орналастыруда жәрдем көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;
9) жұмысқа орналастыру - халықтың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;
10) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары - мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды мемлекеттік қолдау шаралары;
11) жұмыспен қамтылу - жеке қажеттіліктерді қанағаттандыруға байланысты және (немесе) табыс немесе кіріс әкелетін еңбек қызметі;
12) жұмыспен нәтижелi қамтылу - орнықты экономикалық өсу мен әлеуметтiк тиімділікті қамтамасыз ететiн жұмыспен қамтылу;
13) жұмыссыздар - кіріс әкелетiн еңбек қызметiмен айналыспайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге әзiр, еңбекке жарамды жастағы жеке тұлғалар;
14) жұмыссыздық - экономикалық тұрғыдан белсендi халықтың бір бөлiгiнiң еңбек нарығында қажет болмай қалуынан туындайтын әлеуметтiк-экономикалық құбылыс;
15) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;
16) Қазақстан Республикасының табысы аз азаматтары (отбасылары) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атаулы әлеуметтiк көмек және (немесе) он сегіз жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар, еңбекке жарамды жастағы жеке тұлғалар;
17) қоғамдық жұмыстар - жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын, қызметкердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, әлеуметтiк пайдалы бағыттағы және Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн уәкілеттi органның жолдамасы бойынша олар орындайтын еңбек қызметiнiң түрлерi;
18) нысаналы топтар - жұмысқа орналасуда қиындық көрiп жүрген және әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн адамдар ретiнде осы Заңмен белгiленген адамдар топтары;
19) орталық атқарушы орган - халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
20) өз бетінше жұмыспен айналысушылар - жеке тұтынуға арналған өндірісті қоса алғанда, табыс алу үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндірумен (өткізумен) дара айналысатын жеке тұлғалар, өндірістік кооператив мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін қызметкерлері және жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер;
21) уәкiлеттi орган - өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ететiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi;
22) ұзаққа созылған жұмыссыздық - он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;
23) халықты жұмыспен қамту орталығы - ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
24) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота - Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін шетелдік жұмыс күшінің саны;
25) экономикалық тұрғыдан белсендi халық (жұмыс күшi) - тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіру үшін жұмыс күшін ұсынуды қамтамасыз ететін, халықтың экономикалық белсенділігін өлшеу үшін белгіленген жастағы халықтың бөлігі (экономикада жұмыспен қамтылғандар және жұмыссыздар);
26) экономикалық тұрғыдан енжар халық - жұмыспен қамтылғандар немесе жұмыссыздар болып табылмайтын жеке тұлғалар.»;
2) 2-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
«5-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
3) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
4) жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
6) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау ұсынуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
7) микрокредиттік ұйымдарға және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру тәртібін бекітеді;
8) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тәртібін бекітеді;
9) Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.»;
3) 6-баптың 2-тармағының 9) тармақшасындағы «бекітуге міндетті.» деген сөздер «бекітуге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9-1), 9-2), 9-3) және 9-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«9-1) халықты жұмыспен қамту орталығының үлгі жарғысын әзірлеуге және бекітуге;
9-2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарына жатқызу критерийлерін айқындау тәртібін бекітуге;
9-3) ағымдағы бос орындар және болжамды жұмыс орындары дерекқорына енгізу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер ұсынуға арналған нысандарды әзірлеуге және бекітуге;
9-4) халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы үлгі ережелерді әзірлеуге және бекітуге міндетті.»;
4) 7-бап мынадай мазмұндағы 5-7) тармақшамен толықтырылсын:
«5-7) жастар практикасын ұйымдастыру;»;
5) 12-баптың 1-тармағында:
бірінші абзацтағы «әлеуметтiк-экономикалық дамудың индикативтiк жоспарлары» деген сөздер «Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары мен аумақтарды дамыту бағдарламалары» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) тармақшадағы «жұмыссыздарды кәсіби» деген сөздер «Қазақстан Республикасының азаматтарын кәсіптік» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) тармақшадағы «жұмыс орындарын ашуды көздейтiн бағдарламаларын әзiрлейдi және бекiтедi.» деген сөздер «жұмыс орындарын ашуды;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
«11) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруға бағытталған іс-шараларды көздейтiн бағдарламаларын әзiрлейдi және бекiтедi.»;
6) 2-тарау мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:
«12-1-бап. Халықты жұмыспен қамту орталығы
Халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды санаттар бойынша іріктеу мен бөлуді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын айқындауды;
2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылар болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға бейімдеу қызметтерін және психологиялық қолдау көрсетуді;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылар болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарымен және оралмандармен әлеуметтік келісімшарт жасасуды;
4) осы Заңның 20-1-бабында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруды ұйымдастыруды;
5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларын ұсынуды жүзеге асырады.»;
7) 14-бап мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұсыну.»;
8) 15-баптың 2-тармағының бесінші абзацындағы «нөмірін (СТН) ұсынған кезде қабылдайды.» деген сөздер «нөмірін (СТН);» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы алтыншы абзацпен толықтырылсын:
«оның кәсіби біліктілігін (болған кезде) куәландыратын құжатты, ал кәсібі (мамандығы) жоқ, алғаш рет жұмыс іздеп жүрген адам үшін - білімі туралы құжатты ұсынған кезде қабылдайды.»;
9) 18-1-баптың 4-тармағы алып тасталсын;
10) мынадай мазмұндағы 18-2-баппен толықтырылсын:
«18-2-бап. Жастар практикасы
1. Жастар практикасынан өту үшін жұмыс орнын ашуды жұмыс беруші жергілікті атқарушы органмен шарт негізінде жүзеге асырады.
2. Шартта тараптардың міндеттері, жұмыстардың түрлері, көлемі, еңбекақы мөлшері және оны төлеу шарттары, жастар практикасын қаржыландыру мерзімі және көздері қамтылуға тиіс.
3. Жастар практикасы уақытша жұмыс орындарын ұсыну немесе ашу арқылы ұйымдастырылады және оның мынадай ерекшеліктері бар:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері арасынан тіркелген жұмыссыздарға нақты арналады;
2) орындалатын жұмыс түлектің меңгерген кәсібіне (мамандығына) не оның біліктілік деңгейіне сәйкес келуге тиіс;
3) жұмыс орындарының саны шектелмейді, жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарын пайдалануға болмайды;
4) жастар практикасына қатысушыларға еңбекақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.»;
11) 3-тарау мынадай мазмұндағы 20-1-баппен толықтырылсын:
«20-1-бап. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары
1. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары:
1) оқытуды және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді;
2) ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді;
3) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қамтиды.
2. Оқытуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған шаралар:
1) оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;
2) стипендия төлей отырып, біліктілікті арттырудың, кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың тегін курстарына жіберу;
3) білім алушыларға (оқу орнына дейін және қайтарында жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалдаумен (жалға алумен) байланысты шығындарды өтеуге) субсидия беру;
4) лайықты бос жұмыс орындарын іздестіру және жұмысқа (оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына) орналасуға жәрдемдесу;
5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;
6) психологиялық бейімдеу арқылы іске асырылады.
3. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталған шаралар:
1) микрокредиттер беру;
2) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту;
3) консультативтік қызметтер ұсыну;
4) кәсіпкерлік негіздерін оқыту арқылы іске асырылады.
4. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға бағытталған шаралар:
1) көшуге субсидиялар беру;
2) кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқыту, сондай-ақ жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
3) психологиялық бейімдеу;
4) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына қызметтік тұрғын үй беру арқылы іске асырылады.».
4-тармақ 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 247-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 23, 117-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік келісімшарт - жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысушы және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
2) жан басына шаққандағы орташа табыс - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
3) жиынтық табыс - атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;
4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - атаулы әлеуметтік көмек) - жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем;
5) орталық атқарушы орган - халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) уәкілетті орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтiк көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
7) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;
8) халықты жұмыспен қамту орталығы - жергілікті атқарушы орган жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданда, облыстық және республикалық маңызы бар қалада, астанада құратын мемлекеттік мекеме.»;
2) 2-баптың 2-тармағында:
1) тармақша «тіркелмеген жұмыссыздарға» деген сөздерден кейін «және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан жазбаша түрде бас тартқан Қазақстан Республикасының еңбекке жарамды азаматтарына» деген сөздермен толықтырылсын;
2) тармақшаның екінші бөлігіндегі «күннен бастап, оған» деген сөздер «күннен бастап, ал Қазақстан Республикасының еңбекке жарамды азаматтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан күннен бастап» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 3-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан жағдайда, әлеуметтік келісімшарттың көшірмесі.»;