68-тарау. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды
алу және пайдалану тәртібі
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 622-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
622. Осы тарау мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың есебiнен қаржыландырылуға ұсынылатын инвестициялық жобаларды (бұдан әрi - инвестициялық жобалар) іріктеу тәртібін және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) беру рәсiмдерiн анықтайды.
623. Мемлекеттік кепiлдiктер беру процесi мынадай негiзгi кезеңдердi:
1) инвестициялық жобаларды iрiктеудi;
2) басым бюджеттік инвестициялық жобалар тiзбесiн қалыптастыруды, қарау мен бекітудi;
3) мемлекеттік кепiлдiктi берудi қамтитын іс-шаралар кешенінен тұрады.
624. Мемлекеттік (үкiметтiк, тәуелсiз) (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) кепiлдiктер беру процесінің негiзгi қатысушылары қарыз алушылар, салалық уәкiлеттi органдар, экономикалық жоспарлау жөніндегі, бюджеттi атқару жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау, еңбек жөніндегі уәкiлеттi орган, әдiлет органы, Республикалық бюджет комиссиясы, Қазақстанның Даму Банкi болып табылады.
625. Қарыз алушылар:
1) техникалық-экономикалық негiздеменi (бұдан әрi - ТЭН) және инвестициялық жобалардың бизнес-жоспарларын даярлауды жүзеге асырады;
2) осы Тәртiпке және мемлекеттік кепiлдiктер беру процесiне қатысушылардың талаптарына сәйкес инвестициялық жобаларды қарау үшiн талап етiлетiн құжаттамаларды ұсынуды қамтамасыз етедi.
626. Салалық уәкiлеттi органдар:
1) инвестициялық жобаларға салалық сараптама жүргiзедi;
2) салалық сараптаманың нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындыларды ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 627-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
627. Бюджет атқару жөніндегі уәкілетті орган:
1) инвестициялық жобалардың қаржылық сараптамасын жүзеге асырады;
2) мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздарды беру шарттары бойынша ықтимал кредиторлармен келiссөздер жүргiзедi;
3) мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісім жасасады;
3-1) республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жоспарланып отырған мерзімге мемлекеттік кепілдіктер беру лимиті бойынша ұсынысты, инвестициялық жобалардың тізімінің жобасын қалыптастырады және енгізеді;
4) мемлекеттік кепiлдiктер бередi.
628. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық уәкiлеттi орган жоспарланған қызметтi iске асыруға, оларды iске асыру туралы шешiм қабылдау алдындағы кезеңдегi жоспарланған қызметтiң экологиялық талаптарына сәйкестiгiн бағалауға байланысты ықтимал терiс салдарларын алдын алу және өндiрiстiк күштердi орналастыру және дамыту салдарынан экологиялық жағдайдың болжамданған өзгеруiн сараптамалық қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаның мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асырады.
629.Еңбек жөніндегі орталық уәкiлеттi орган iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында инвестициялық келісім-шарттар жобаларының сараптамасын жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 630-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
630. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган:
1) инвестициялық жобаларды қарау үстінде ұйымдық басшылықты қамтамасыз етедi;
2) инвестициялық жобалардың экономикалық қорытындысын жүзеге асырады;
3) мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды тарту үшiн несие капиталының нарықтарын (iшкi және сыртқы) анықтайды;
4) ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
631. Әдiлет органы мемлекеттік кепiлдiктермен жасалатын қарыз шарттарына заң сараптамасын жүргiзедi.
632. Қазақстан Даму Банкi:
1) банк сараптамасын жүзеге асырады;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген инвестициялық жобаларға қызмет көрсету жөніндегі агенттiң функциясын орындайды.
633. Республикалық бюджет комиссиясы:
1) жоспарланған кезеңге мемлекеттік кепілдіктер беру лимитін анықтайды;
2) инвестициялық жобалардың тізілімін анықтайды;
3) әр инвестициялық жоба үшін жоспарланған жылға мемлекеттік кепілдіктерді беру шегінде мемлекеттік кепілдік мөлшерін анықтайды.
634. Мемлекеттік кепiлдiктер беру үстінде өз құзыретiнiң бөлiгiнде заңнамаға сәйкес инвестициялық жобаларды бағалауды (сараптаманы) жүргiзуге өкiлеттiк берiлген уәкiлеттi басқа мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар қатысады.
69-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiмен мемлекеттік
емес қарыздар қаражатының есебiнен қаржыландыру
үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеу
635. Мемлекеттік кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар мынадай құжаттарды:
TЭH;
салалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктiк сараптамасының және заңнамаға сәйкес қажеттi басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын қоса бере отырып, ағымдағы қаржы жылының 1 наурызынан кешiктiрiлмеген мерзiмде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға өтiнiмдi ұсынады.
636. Жоғарыда көрсетiлген талаптарға сәйкес толық емес құрамдағы құжаттармен ұсынылған өтiнiмдердi мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган қарамайды.
Жоғарыда көрсетiлген мерзiмнен кейiн ұсынылған өтiнiмдер кезекті жылы мемлекеттік кепiлдiктер беру тұрғысынан қаралмайды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 637-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
637. Осы Ереженiң 639-тармағына сәйкес өтiнiмдi ұсынғаннан кейiн мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасын жүргiзудi ұйымдастырады және екi ай iшiнде экономикалық сараптамасын әзiрлейдi.
638. Инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасы - жоба TЭH әзiрлеу шеңберiнде, осы Ережеде көзделген сараптамалар бойынша қорытындылар негiзiнде жүргiзiлген инвестициялық жобаны экономикалық талдауды кешендi бағалау, ол мыналарды:
жоба мақсаттарының басым мемлекеттік инвестицияларға сәйкестiгiн бағалауды;
экономикалық талдауды бағалауды;
инвестициялық жоба iске асырылған жағдайда республикалық және жергiлiктi бюджеттерге салық түсiмдерiнiң ағынын талдауды қамтиды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 638-1-тармақпен толықтырылды
638-1. Мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін инвестициялық жобалар бойынша ТЭН әзірлеуге немесе түзетуге және экономикалық сараптамаға талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтайды.
Мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін инвестициялық жобаларға экономикалық сараптаманы Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған заңды тұлға жүзеге асырады.
639. Осы тарауда көрсетiлген сараптамаларды жүргiзу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесiн тиiстi мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 639-1-тармақпен толықтырылды
639-1. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін инвестициялық жобалар бойынша ТЭН экономикалық сараптаманы есепке ала отырып қарайды және олар бойынша экономикалық қорытындыны мемлекеттік кепілдікті алуға үміткер заңды тұлғаларға жібереді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 639-2-тармақпен толықтырылды
639-2. Мемлекеттік кепілдікті алуға үміткер заңды тұлғалар бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін инвестициялық жобалар бойынша бекітілген ТЭН-ні, ол бойынша оң экономикалық қорытындыны және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет басқа да қорытындыларды ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 639-3-тармақпен толықтырылды
639-3. Бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады.
640. Осы Ереженiң 635-тармағында көрсетiлген сараптамаларға оң қорытындылардың бары-жоғы мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiне инвестициялық жобаны енгізу үшiн шарт болып табылады.
70-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiмен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн қалыптастыру, қарау және бекіту
641. Республикалық бюджет комиссиясы жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейiнгi мерзiмде жоспарланып отырған үш жылдық кезеңге мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiн анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 642-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
642. Бюджеттік жоспарлау-жөніндегі уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 20 шiлдесiнен кешiктiрмеген мерзiмде экономикалық қорытындылар негiзiнде жобалар бойынша экономикалық қорытындыларын қоса бере отырып, мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қалыптастырады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 643-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
643. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган ұсынған инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қарау кезiнде кезекті жылға арналған мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiне енетiн, бiр жылға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 644-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
644. Республикалық бюджет жобасын қалыптастыру барысында бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет комиссиясының шешiмi бойынша инвестициялық жобалардың тiзбесiн пысықтайды және әрбiр инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік кепiлдiктердiң сомасын қайта қарайды.
645. Республикалық бюджет комиссиясының қарау нәтижелерi бойынша мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жеке шешiмiмен бекітіледi және жариялануға тиiс.
71-тарау. Мемлекеттік емес қарыздар бойынша
мемлекеттік кепiлдiктер беру рәсiмi
646. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiгiмен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық жобалардың тiзбесiн бекiткеннен кейiн және бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен келісілген қарыз шартының жобасы бар болған кезде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган қарыз алушылармен және Қазақстанның Даму Банкiмен мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісім жасасады.
647. Қарыз алушылар TЭH жобасын, салалық сараптаманың, экономикалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктiк сараптамасының және заңнамаға сәйкес қажеттi басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын ұсынғаннан кейiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық жобаның сараптамасын жүргiзудi ұйымдастырады және екi ай iшiнде тиiстi қорытындыны әзiрлейдi.
648. Инвестициялық жобаның сараптамасы бойынша бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның қорытындысы мыналарды:
мемлекеттік кепiлдiкпен берiлген мемлекеттік емес қарыздың қаржылық шарттарын;
мемлекеттік кепiлдiктердi алғаны туралы өтiнiш бiлдiргенге дейiн үш жылдан кем емес кезеңде қарыз алушының қаржылық жай-күйiн және заңды мәртебесiн;
қарыз алушы беретiн мемлекеттік кепiлдiктер бойынша қамтамасыз етудi;
қаржылық және техникалық тәуекелдердi;
мемлекеттік кепiлдiктi алуға үмiткер тұлғаларға қойылатын Бюджет кодексiнiң талаптарына қарыз алушының сәйкестiгiн бағалауды қамтиды.
649. Мемлекеттік кепiлдiк қарыз берушiге қарыз шартын, мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісімдi жасасқаннан, сондай-ақ бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның оң қорытындысы болған кезде қарыз алушының мемлекеттік кепiлдiктi бергенi үшiн алдын ала бiржолғы төлемдi (алымды) төлегенiнен кейiн берiледi.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 650-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
650. Мемлекеттік кепiлдiктi беру туралы келісім мыналарды:
1) қарыз алушыға қойылатын талаптарды:
а) қарыз бойынша ағымдағы мiндеттемелердi қамтамасыз ету үшiн қажеттi алдағы төлемдер мөлшерiнде шартты салымның (қызмет көрсету шотының) арнайы шотында ақша сомасын жинауды жүргiзудi;
б) бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органға және Қазақстан Даму Банкiне бар, оның iшiнде Қазақстан Республикасының ҰБ-дағы, екiншi деңгейдегi банктердегi, шетелдiк банктер мен заңнамада белгiленген тәртiппен банктiк операциялардың жекелеген тyрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы банктiк шоттар туралы мәлiметтердi ұсынуды;
в) қарыз толық өтелгенге дейiн сенім бiлдiрiлген өкілге (банк-агентке) жыл сайынғы бизнес-жоспарды ұсынуды;
г) ай сайын қаржылық есептiлiктiң үлгiлiк нысанын (бухгалтерлiк балансты, қаржы-шаруашылық қызметтiң нәтижелерi туралы есептi) және қаржылық жай-күйдi анықтайтын басқа да қажеттi құжаттарды Қазақстан Даму Банкiне ұсынуды;
д) банк кепiлдiгiнiң не қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келісім бойынша бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлейтiн қарыздарды қайтаруды қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын сақтандыру шартының болуын;
Банк кепілдігі қарыз шарты қолданылатын тұтас мерзімге бір рет беріледі және негізгі борыштың сомасын, сондай-ақ қарыз шартына сәйкес қарыз алушы жүзеге асыратын сыйақылардың, комиссиялардың, тұрақсыздық айыптарының (өсімпұл, айыппұл) және өзге де төлемдердің барлық сомаларын жабады.
Сақтандыру шарты қарыз алушыны дефолтқа және мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді мемлекеттің орындауына әкеп соқтыруы мүмкін жобалар бойынша тәуекелдерді сақтандыруды қамтамасыз етуге тиіс.
Бұл ретте банк кепiлдiгiн беру және/немесе сақтандыру шартының және банк кепiлдiгiне және/немесе қарызды қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі сақтандыру шартына талаптарды беру мерзiмi мен талаптарын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттік кепiлдiктi беру туралы келісімде белгiлейдi.
2) шартты салымның арнайы шотындағы (қызмет көрсету шотындағы) қаражаттың есебiн жүзеге асыруды, сондай-ақ акт жасай отырып ұсынылатын құжаттамаларға кезең-кезеңде салыстыру жүргiзудi бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органнан талап етудi;
3) Қазақстанның Даму Банкiне:
а) қарыз алушының қаржы-экономикалық жай-күйiн талдауды және бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға тиiстi талдау нәтижелерi туралы ақпаратты ұсынуды;
б) шартты салымның арнайы шотында ақшаны мерзiмдi шоғырландыруды;
4) қарыз алушымен және сенім бiлдiрiлген өкілмен (банк-агентпен) бiрлесе отырып бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган анықтайтын шартты салымның арнайы шотына ақша аударудың нормасы мен кезеңдiлiгiн (кестесiн) жүзеге асыру жөнiнде қойылатын талаптарды қамтиды.
Ақшаны қарыз алушы шартты салымның арнайы шотына салықтар мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн келісімге сай тиiстi соманы тұрақты аударым жасау жолымен аударады.
Шартты салымның арнайы шотының (қызмет көрсету шотының) қаражатын жинау мен қалпына келтiру мерзiмдерiн бұзған жағдайда қарыз алушы әрбiр жолсыздық жағдайы үшiн алдағы төлемдер сомасынан мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн нөл бүтiн оннан бiр пайыз мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
651. Мемлекеттік кепiлдiктер алуға үмiткер тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған талаптарға сай болуы тиiс.
Мемлекеттік кепiлдiктер әрбiр инвестициялық жоба бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары негiзiнде берiледi.
652. Кепiлдiк мiндеттемелер нысанында берiлген мемлекеттік кепiлдiктер бiр данада мемлекеттік кепiлдiктердiң арнайы бланкілерінде ресiмделедi.
Мемлекеттік кепiлдiктердiң бланкісі қатаң есептiлiк бланкісі болып табылады.
653. Кепілдік туралы шарт нысанындағы мемлекеттік кепiлдiк екi данада ресiмделедi.
654. Банк кепiлдiгiн беру және/немесе сақтандыру шартының мерзiмi мен беру шарттарын және банк кепiлдiгiне және/немесе сақтандыру шартына қойылатын талаптарды мемлекеттік кепiлдiкпен берiлген мемлекеттік емес қарыздың шарттарына байланысты бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлейдi.
655. Банк кепiлдiгiнiң және сақтандыру шартының нысаны мен мазмұнын бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен келісім бойынша банк-кепiлгер және/немесе сақтандыру ұйымы анықтайды.
656. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган қарыз берушімен келісім бойынша мемлекеттік кепiлдiктiң мазмұны мен нысанын анықтайды.
657. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздар бойынша жарғылық капиталында мемлекеттiң қатысуы бар қарыз алушылардың мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мәселелерi Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында реттеледi.
658. Қарыз берушiнiң талабы бойынша әдiлет органы Қазақстан Республикасының кепiлдiгімен жасалатын қарыз шарттарының заңды қорытындысын ұсынады.
72-тарау. Қазақстан Республикасы жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алу тәртібі
659. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы кезекті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резерві есебінен қолма-қол ақшаның тапшылығын жабуға Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу және республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінің тапшылығын қаржыландыруға ішкі нарықта айналысы үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару түрiнде жүзеге асырылады.
Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) қолма-қол ақшасының тапшылығын тапшылығын қаржыландыру үшін облыстың жергiлiктi атқарушы органынан қарыз алу түрiнде жүзеге асырылады.
660. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) кезекті қаржы жылына арналған борыш лимитiнiң және тиісті жергілікті органның борышын өтеуге және қызмет көрсетуге жіберілетін жергілікті бюджет қаражаты көлемінің шегiнде қарыз алуды шектеудi белгiлеу;
2) қарыз алудың басым инвестициялық бағыттарын анықтау;
3) басым (республикалық немесе жергiлiктi) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастыру негiзiнде жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 661-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
661. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының борыш лимитін және басым (республикалық немесе жергілікті) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін ескере отырып, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы мен республиканың алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өлшемдері негізінде тиісті бюджет комиссиясының қарауына ішкі нарықта айналысы үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жолымен республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарыз алуы жөніндегі ұсыныстарын жібереді, жоспарланған жылдарға көзделетін қызмет көрсетуге және өтеуге арналған болжамдық көлемін айқындайды.
Тиісті бюджет комиссиясы ұсыныстарды мақұлдағаннан кейін республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы республикалық маңызы бар қаланың, астананың кезекті қаржы жылына арналған бюджеті туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімнің жобасын белгіленген тәртіппен жасайды.
662. Жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы қарыз шарты, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі нарықта айналысы үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару нысанында жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 663-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
663. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн және басым (республикалық немесе жергiлiктi) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн ескере отырып, жергiлiктi атқарушы органдардың жоспарланған бюджет тапшылығын, жоспарланған жылға арналған жергiлiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн қаржыландырудың болжамдық есептемелерiн жүзеге асырады және осы ұсыныстарды Жергiлiктi атқарушы органдардың бюджет жобаларын қалыптастыру жөніндегі Республикалық бюджет комиссиясына жiбередi.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 664-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
664. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы мен республиканың алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өлшемдері негiзiнде Республикалық бюджет комиссиясы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттiң негiзгi болжамдық көрсеткiштерiн айқындайды, сондай-ақ кезекті қаржы жылының соңына арналған жергiлiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 665-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
665. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың борыш лимитiн және басым (республикалық немесе жергiлiктi) бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн ескере отырып, жергiлiктi бюджеттердің жоспарланған бюджеттік тапшылығын қаржыландырудың болжамдық есептемелерiн жүзеге асырады және оларды қарау үшiн тиiстi Бюджет комиссиясына жiбередi.
666. Бюджет комиссиясының шешiмi және бекітілген жергiлiктi бюджеттер тапшылығы өлшемдерiнiң негiзiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен қарыз алудың көлемi мен шарттарын, сондай-ақ кезекті қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттерде бекітілетiн борышты өтеу мен оған қызмет көрсетудiң мөлшерiн анықтайды және бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен келiседi.
667. Ресiмделген қарыз шартына қол қою Бюджет кодексiнiң 187-бабына сай қабылданатын қарыз берушiнiң шешiмiне сәйкес жүзеге асырылады.
668. Қол қойылған қарыз шарттары өтеу, сыйақыларды төлеу кестесiмен және басқа да қосымшалармен бiрге бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның тiркеуiне жатады. Бұл ретте қарыз алу шарты тiркелгеннен кейiн ғана күшiне енедi.
669. Жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға кредит қаражаты бойынша борыштарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі есептi осы Ереженің 106, 107-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тоқсан сайын есептi кезеңнен кейiнгi айдың 10 күнiне дейiн табыс етедi.
73-тарау. Мемлекет кепiлдiк берген қарызды алған қарыз
алушының қаржылық жай-күйi мониторингiнiң тәртібі
670. Осы тарау мемлекеттік кепілдіктермен қарыз алған заңды тұлғаның қаржылық жай-күйi мониторингiнiң рәсiмдерiн анықтайды, мемлекет кепiлдігімен қарыз алған қарыз алушының ақпараттық қамтамасыз ету мониторингiн және қаржылық жай-күйiнiң мониторингiн жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
671. Қаржылық коэффициенттердi сенім білдірілген (банк-агент) мемлекет кепiлдiгiмен қарыз алған қарыз алушының қаржылық есептілігінің негiзiнде жылына екі рет есептейдi. Мемлекет кепiлдiгiмен қарыз алған қарыз алушы Банкке қаржылық есептiлiктi, ал қажет болған кезде тиiстi қосымшалар мен оның таратылып жазылуын ұсынады.
672. Мониторингке мемлекет кепiлдiгiмен қарыз алған және қарыз берушi не республикалық бюджет алдында борышы бар қарыз алушылар жатады.
673. Мониторинг базалық (заңды тұлғаның басшылығы, қызметiнiң, саласының түрлерi, бәсекелестерi мен нарықтары, нормативтiк құқықтық ортасы туралы ақпарат) және қаржылық ақпаратты талдаудан (қаржылық есептiлiктiң, бизнес-жоспардың талдамасы) тұратын қарыз алушылардың қаржылық жай-күйiн талдауды қамтиды.
674. Мониторингтi жүзеге асыру кезiнде мынадай қаржылық коэффициенттер:
өтiмдiлiк коэффициентi - ақша қаражаты мен қысқа мерзiмдi дебиторлық берешектердiң қысқа мерзiмдi мiндеттемелердiң мөлшерiне қатынасы;
өтеу коэффициентi - ағымдағы активтердiң қысқа мерзiмдi мiндеттемелерге қатынасы;
қарыз және меншiкті қаражаттың арақатынасы - ағымдағы мiндеттемелердiң меншiк капиталының мөлшерiне қатынасы;
тарту коэффициентi - мiндеттемелердiң ағымдағы және ұзақ мерзiмдi активтерге қатынасы;
пайда нормасы - салық салғанға дейiнгi жиынтық кiрiстiң сату көлемiне қатынасы;
меншiк капиталының пайдалылық коэффициентi - салық салғанға дейiнгi жиынтық кiрiстiң меншiк капиталының мөлшерiне қатынасы;
кредиттiк берешектiң айналымдылық коэффициентi - iске асыру көлемiнiң кредиттiк берешекке қатынасы қолданылады.
Мониторингтi жүргiзу үшiн Банк мемлекет кепiлдiк берген қарыздың және инвестициялық жобалар тәуекелiнiң шарттарына байланысты басқа да қаржы коэффициенттерiн пайдалануы мүмкiн.
675. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган жыл сайын мониторинг жүргізуге жататын қарыз алушылардың тiзiмiн Банкке жiбередi.
676. Қажет болған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен мемлекет кепiлдiк берген қарыздар алған қарыз алушылардан олардың қаржылық көрсеткiштерi туралы қосымша ақпаратты сұрата алады.
677. Банк осы ұсынылған көрсеткiштер негiзiнде анықталған қаржылық коэффициенттердi, заңды тұлғалардың өткен кезеңдегi ұқсас коэффициентiмен мемлекет кепiлдiк берген қарыз алған басқа қарыз алушылардың, ұқсас қызметiнiң ұқсас бейiнiмен және осы коэффициенттердiң жалпы қабылданған нормаларымен салыстыру арқылы заңды тұлғаның қаржылық жай-күйiне мониторинг жүргiзедi.
678. Банк тоқсан сайын қарыз алушылардың қаржылық жағдайы мониторингінің нәтижелерін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
679. Әлеуетті төлем қабiлетi жоқ қарыз алушы анықталған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бұл туралы Қазақстан Республикасының Yкіметіне хабарлайды және мемлекет кепiлдiк берген қарызды өтеу үшiн көзделген республикалық бюджет қаражатын оқшаулаудың алдын алу үшiн шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгiзедi.