252. Ақылы қызметтер ҚБШ не демеушiлiк, қайырымдылық көмек ҚБШ бойынша операцияларды қайта жасау инкассолық өкiм орындалғаннан не инкассолық өкiм керi қайтарылғаннан кейiн жүзеге асырылады.
253. Инкассолық өкiмді орындаған кезде инкассолық өкiмдерді есепке алу журналында оның орындалғаны туралы белгі соғылады.
Инкассолық өкiм толық орындалғаннан кейiн аумақтық қазынашылық бөлiмшесi атқарушы құжаттың түпнұсқасын төлеуге берілетін шоттың көшірмесін қоса бере отырып, екі жұмыс күні ішінде атқарушы құжаттарды орындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ілеспе хатпен қайтарады.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.03.07. № 688 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 254-тармақ өзгертілді
254. Аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне сот актілері, анықтау және алдын ала тергеу органдарының қаулылары, белгілі бір ақша сомасына тыйым салуды қолдану туралы прокурор санкциялаған атқару өндірісі органдарының қаулылары түскен кезде қазынашылықтың жауапты орындаушысы:
1) мемлекеттік мекеменің кодына:
мемлекеттік мекеменің қызметін ұстау жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша, мыналар:
жалақы және басқа да ақша, оның ішінде штаттан тыс қызметкерлер бойынша жалақы төлемдерi;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген ақшалай өтемақы;
салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер;
жәрдемақы, алимент;
мiндеттi зейнетақы жарналары;
әлеуметтiк аударымдар;
банк қызметтеріне ақы төлеу бойынша төлемдер мен ақша аударымдары жүзеге асырылатын БСК-сін қоспаған жағдайда;
2) ақылы қызмет ҚБШ-ына немесе демеушілік, қайырымдылық көмек ҚБШ-ына атқарушы құжаттың сомасына инкассолық өкім қойылған жағдайда;
Тыйым салу қолданған кезде талап - арыздарды қамтамасыз етуге тыйым салу қолданылатын ақшаның сомасы талап - арыздың сомасы мен сот шешімдерін, үкімдерін, анықтамалары мен қаулыларын орындаумен байланысты мемлекеттік баж және шығыстардың мөлшерінен аспауға тиіс. Атқару өндірісі органдары тұтқындау жазасын қолданған кезде атқарушы құжаттың орындалуын қамтамасыз етуге ақшаның сомасы мен тұтқындау жазасы қолданылған мүліктің құны өндіріп алушыға берілетін соманы өтеу үшін қажетті, сондай-ақ атқарушы құжатты орындау процесінде борышкерге қолданылған айыппұлдар және атқарушы құжатты орындау бойынша шығыстардың сомасынан аспауға тиіс.
255. Аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне салық қызметi (кеден) органдарының мемлекеттік мекеменің коды бойынша, ақылы қызметтер мен демеушiлiк, қайырымдылық көмек шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы бірінші басшының қолы қойылған, (кеден) органдарының мөрімен расталған, прокурор санкциялаған өкімдері келіп түскен кезде аумақтық қазынашылық бөлiмшесiнiң жауапты орындаушысы барлық шығыс операцияларын тоқтатады.
Салық қызметi (кеден) органдарының өкiмдерi бойынша өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздемелер бойынша ғана қаралуы мүмкін.
Салық органы тиым салуды қолдану немесе шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді кері қайтару және (немесе) бас тартуды салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек сомаларын өтегеннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 256-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
256. Аумақтық қазынашылық органына инкассолық өкім ұсынылғанға дейін мемлекеттік мекеменің атқарушы құжатты өздігінен орындауы олар белгілеген мерзімдерде төлеуге берілген шоттың негізінде 155 «Атқарушы құжаттарды, сот актілерін орындау» ерекшелігі бойынша жүзеге асырылады.
32-тарау. Трансферттердi төмен тұрған бюджеттерге аудару тәртібі
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.03.07. № 688 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.08.12. № 1321 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 257-тармақ өзгертілді
257. Қазақстан Республикасының Үкіметі және облыстың жергілікті атқарушы органы резервінің қаражаты есебінен трансферттерді қоса алғанда, төмен тұрған бюджеттерге трансферттерді белгіленген тәртіппен бекітілген төлемдер бойынша тиісті бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) қаржыландырудың жеке жоспарының, нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің негізінде бюджеттік бағдарлама әкімшісі төмен тұрған бюджеттердің кірісіне аударады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдерін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органдардың тиісті қаулылары қабылданғаннан кейін екі апта мерзімде іске асырылуына тиісті жергілікті бюджеттерде қаражаты көзделген жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар туралы жиынтық ақпаратты ағымдағы жылға және жоспарлы кезеңге арналған жылдық сомаларды объектілер бөлігінде көрсете отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға және тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жібереді.
Жергілікті атқарушы органдарға бір бюджеттік бағдарлама шегінде жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттерінің есебінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың сомасын бюджеттік инвестициялық жобаның сметалық құнын арттырумен байланысты шығыстарға, сондай-ақ жаңа бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қайта бөлуге тыйым салынады.
Нысаналы даму трансферттері жоғарғы тұрған бюджеттен төменгі тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің және белгіленген тәртіппен бекітілген төлемдер бойынша тиісті бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) қаржыландырудың жеке жоспарының негізінде оларды объектілер бойынша бөлместен, бір сомамен аударылады.
Бюджеттік субвенциялар жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрғандарға республикалық бюджет туралы заңмен және тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген сомалар шегінде беріледі. Аударуды жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жоғары тұрған бюджеттің түсімдерін және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарында көзделген сомалар шегінде айдың бірінші он күндігі ішінде жүзеге аырылады.
Трансферттерді аударуды жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жоғары тұрған бюджеттiң бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi төлем мақсатын көрсету үшiн 02 «Мемлекеттік басқарудың жоғары тұрған органдарынан түсетiн трансферттер» сыныбының 4-санатының ҚР ББС-нiң түсiмдер кодтарын қолдана және дамуға арналған нысаналы ағымдағы трансферттердi және нысаналы трансферттердi әрбiр аудару бойынша төлеуге берiлетiн шоттар көшiрмесiн тиiстi төмен тұрған бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның қаперне жеткiзе отырып, төлеуге берiлетiн шот негiзiнде жүргiзедi.
Осы тармақтың төртінші бөлігін қоспағанда, бір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) шеңберінде және бір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, бір аудан (облыстық маңызы бар қала) шегінде бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатының үнемделуі пайда болған жағдайда:
облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары Республикалық бюджет комиссиясының қарауынсыз республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісімен келісім бойынша;
аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары тиісті бюджет комиссиясының қарауынсыз облыстың жергілікті атқарушы органымен келісім бойынша жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында соманы көшіруді жүзеге асырады.
Көрсетілген жағдайларда жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшілері Нысаналы даму трансферттері жөніндегі нәтижелер туралы келісімдерге енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды 10 жұмыс күні ішінде келіседі. Нысаналы даму трансферттері жөніндегі нәтижелер туралы келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін тиісті жергілікті атқарушы органдар белгіленген тәртіппен жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдерін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органдардың қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасасқаннан кейінгі он күннің ішінде, сондай-ақ оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейінгі он күннің ішінде олардың көшірмелерін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға олар бюджеттік мониторинг жүргізген кезде пайдалану мақсатында жібереді.
258. Нысаналы трансферттерді аудару осы Ереженiң 257-тармағының бірінші абзацында көзделген нормаларды сақтай отырып, жоғары тұрған бюджет бағдарламасы әкімшісі төлеуге берілетін шотты ұсыну негізінде жүргізіледі.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі нысаналы трансферттерді аумақтық қазынашылық бөлімшесіне аударуға төлеуге берілетін шотты беру негізділігі мен заңдылығын қамтамасыз етеді.
Жоғары тұрған бюджеттен берiлетiн трансферттердiң есебiнен iске асырылатын жергiлiктi бюджеттік бағдарламалар бойынша төмен тұрған бюджет бағдарламалары әкiмшiлерiнiң шығыстары шығыстардың экономикалық сыныптамасының пайдаланылатын ерекшелiгiне байланысты осы Ережеде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
259. Нысаналы ағымдағы трансферттер және дамуға арналған нысаналы трансферттер бойынша, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жоба бойынша республикалық бюджеттi және жергiлiктi бюджеттердi атқару туралы есептер деректерiнде алшақтықтар болған жағдайда, бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган заңнамада белгiленген тәртiппен тиiстi бақылау объектiсіндегі есеп деректерiнiң растылығын тексеру үшiн iшкi бақылау жөніндегі уәкiлеттi органға материалдарды бередi.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 260-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
260. Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемін қолдану кезеңінде мемлекеттік органдардың функцияларын мемлекеттік басқарудың төмен тұрған деңгейінен жоғары тұрғанға беруге байланысты шығыстарды арттыруға әкеп соқтыратын заңнамалық актілерді, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін қабылдаудан туындайтын жоғары тұрған бюджеттердің залалын өтеген жағдайда, төмен тұрған бюджеттен нысаналы ағымдағы трансферттерді аударуды белгіленген тәртіппен бекітілген төлемдер бойынша тиісті бюджеттік бағдарламаны қаржыландырудың жеке жоспары негізінде төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсі жүзеге асырады.
Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемін қолдану кезеңінде шығыстарды арттыруға және (немесе) жергілікті бюджеттердің кірістерін қысқартуға әкеп соқтыратын заңнамалық актілерді, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін қабылдаудан туындайтын төменгі тұрған бюджеттердің залалын өтеген жағдайда, жоғарғы тұрған бюджеттен нысаналы ағымдағы трансферттерді аударуды белгіленген тәртіппен бекітілген төлемдер бойынша тиісті бюджеттік бағдарламаны қаржыландырудың жеке жоспары негізінде жоғарғы тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жүзеге асырады.
Трансферттердi аударуды төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілеты органы төмен тұрған бюджеттiң бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi төлем мақсатын көрсету үшiн 01 «Мемлекеттік басқарудың төмен тұрған органдарынан түсетiн трансферттер» сыныбының 4-санатының ҚР ББС-нiң түсiмдер кодтарын қолдана және дамуға арналған нысаналы ағымдағы трансферттердi және нысаналы трансферттердi әрбiр аудару бойынша төлеуге берiлетiн шоттар көшiрмесiн тиiстi төмен тұрған бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның қаперіне жеткiзе отырып, төлеуге берiлетiн шот негiзiнде жүргiзедi.
261. Мақсатқа сай пайдаланылмаған нысаналы трансферттер сомасы осы трансферттерді бөлген жоғары тұрған бюджетке мемлекеттік қаржылық бақылау актісіне қол қойылғаннан кейін міндетті түрде қайтаруға жатады.
Төмен тұрған бюджеттің жоғары тұрған бюджеттен алынған нысаналы трансферттердiң мақсатқа сай пайдаланылмаған сомаларын бюджетті түзету жолымен тиісті нысаналы трансферттер бойынша ағымдағы қаржы жылының нысаналы трансферттері бойынша да, өткен жылдың нысаналы трансферттері бойынша да жоспарлы тағайындалымын азайту есебінен өтеу жүргізіледі. Егер тиісті жергілікті бюджеттерде өткен жылдар үшін нысаналы трансферттер көзделмесе, онда тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерді нақтылаған кезде жергілікті атқарушы органдар жоғарыда тұрған бюджеттен алынған нысаналы трансферттердің мақсатқа сай пайдаланылмаған сомасын өтеу үшін қаражат көздейді.
Бұл сомалар жоғары тұрған бюджет үшiн нысаналы трансферттердi өтеу сомалары, ал төмен тұрған бюджет үшiн - нысаналы трансферттердi өтеу жөніндегі шығыстардың сомалары болып табылады.
Қаражат аударуды төмен тұрған бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті орган ҚР ББС бюджет шығыстары функционалдық сыныптамасының тиісті бюджеттік бағдарламасы бойынша төлеуге берiлетiн шот және мемлекеттік қаржы бақылау органының ұсынымы негізінде жүргізеді. Бұл ретте төмен тұрған бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті орган мақсатқа сай пайдаланылмаған қаражатты әрбiр қайтару бойынша төлеуге берiлетiн шоттың көшiрмесiн және мақсатқа сай пайдаланбауға жол берiлген шығыстардың бюджеттік сыныптамасының кодтарын қамтитын негiздеме хаттың көшiрмесiн үш күндiк мерзiмде жоғары тұрған бюджетке жеткізеді.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.03.07. № 688 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.08.12. № 1321 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 262-тармақ өзгертілді
262. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен және облыстың жергілікті атқарушы органдары резервінен бөлінген нысаналы трансферттерді қоспағанда қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған (жете пайдаланылмаған) республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердiң сомалары келесі қаржы жылында оларды мақсатқа сай сақтай отырып пайдаланылылуы (жете пайдаланылуы) мүмкін.
Өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (түгел пайдаланылмаған) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде жоғары тұрған бюджеттің бюджет қаражатының қалдығы есебінен пайдалануға (түгел пайдалануға) рұқсат етілген нысаналы трансферттердің сомасы және ол ағымдағы қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған жағдайда тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарлама әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру жолымен ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейін қайтаруға жатады.
Өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (түгел пайдаланылмаған) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде жергілікті бюджеттердің бюджет қаражатының қалдығы есебінен пайдалануға (түгел пайдалануға) рұқсат етілген нысаналы трансферттердің сомасы және ол ағымдағы қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған жағдайда тиісті бюджетті түзету және бюджетті атқару жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органның «Пайдаланылмаған (түгел пайдаланылмаған) нысаналы трансферттерді қайтару» түсімдер кодына аударуы жолымен ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанынан кешіктірмей жоғары тұрған бюджеттің кірісіне қайтаруға жатады.
Республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлінген, өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (түгел пайдаланылмаған), ағымдағы жылы жылдың басындағы бюджет қаражаты қалдықтары есебінен одан әрі пайдалану (түгел пайдалану) туралы олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі қабылданбаған нысаналы трансферттердің сомаларын қайтару тиісті бюджетті түзету және бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органның ҚР ББС түсімдердің сыныптама кодына оларды бөлген жоғары тұрған бюджеттің кірісіне аудару жолымен ағымдағы қаржы жылының 1 наурызына дейін жүргізіледі.
Жоғары тұрған бюджеттiң бөлiнетiн бюджеттік бағдарламасы әкiмшiсiнiң кассалық шығыстарын қалпына келтiру жөніндегі төмен тұрған бюджеттің шығыстары нысаналы трансферттердi қайтару жөніндегі шығыстары болып табылады, олар бюджеттi түзету негiзiнде қаржыландырудың жиынтық жоспарларына енгiзiлген өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылады.
Қаражатты қалпына келтiру мен аударуды бөлiнген қаражатты пайдаланбау (жете пайдаланбау) себептерiн қамтитын негiздеме хатты қоса бере отырып және нысаналы трансферттердi әрбiр қайтару жөнiнде төлеуге берiлетiн шоттың көшiрмесiн және негiздеме хаттың көшiрмесiн жоғары тұрған бюджетке дейiн жеткiзе отырып, ҚР ББС бюджет шығыстары функционалдық сыныптамасының тиісті бюджеттік бағдарламасы бойынша төлеуге берiлетiн шот негiзiнде төмен тұрған бюджеттiң бюджеттік бағдарлама әкiмшiсi жүргiзедi.
Ағымдағы қаржы жылы жоғары тұрған бюджеттен алынған, жоғары тұрған бюджетті нақтылау (түзету) немесе секвестрлеу кезінде азайтылған (шығарып тасталған) нысаналы трансферттер сомасын қайтару үшін төмен тұрған бюджеттер белгіленген тәртіппен тиісті бюджетті нақтылауды (түзетуді) жүзеге асырады. Төмен тұрған бюджеттер жоғары тұрған бюджет әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру жолымен бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының тиісті кодынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қаулылары қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оларды бөлген жоғары тұрған бюджетке азайтуға немесе алып тастауға жататын нысаналы трансферттер сомасын қайтаруды қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметінің 2011.22.02. № 165 Қаулысымен 263-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
263. Бөлiнген бюджеттік бағдарламалар қаражаты есебінен алынған, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi жете пайдаланбаған бюджет қаражаты Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның тиісті резервінен қаражат бөлу туралы қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның белгiленген тәртiппен әзiрленген және қабылданған қаулысының негiзiнде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның тиісті резервін қалпына келтіру жолымен резервке ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейін қайта бағытталады. Тиісті қаулы қабылданғаннан кейін осы Ереженің 5-тарауында айқындалған тәртіппен тиісті қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізіледі.
Бұл ретте, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсiнiң жазбаша өтiнiшi (еркiн нысанда) негiзiнде аумақтық қазынашылық бөлiмшелерi бөлiнетiн бюджеттік бағдарламалар есебiнен iс-шаралар өткізуге байланысты шығыстарға тақауын қояды.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 264-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
264. Төмен тұрған бюджеттер ағымдағы қаржы жылы жоғары тұрған бюджеттiң бөлiнетiн бюджеттік бағдарламасынан алынған қаражатты жете пайдаланбаған кезде жоғары тұрған бюджеттің бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның тиісті резервтен қаржы бөлу туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның қаулыларын әзірлейді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қабылданған қаулысының негізінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюжет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер енгізу жолымен тиісті жергілікті бюджетті түзетуді жүзеге асырады. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюжет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысының негізінде осы Ереженің 5-тарауында белгіленген тәртіппен төлемдер бойынша түсімдердің және қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді.
Төмен тұрған бюджеттің бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы жоғары тұрған бюджеттің бөлінетін бюджеттік бағдарламасы әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру жолымен бюджет түсімдері сыныптамасының тиісті кодынан жоғары тұрған бюджеттің бөлінетін бюджеттік бағдарламасынан алынған пайдаланылмаған қаражатты қайтаруды жүзеге асырады.
33-тарау. Нысаналы трансферттер бойынша
нәтижелер туралы келісімді әзірлеу тәртібі
265. Тәртіп Бюджет кодексіне сәйкес Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімді (бұдан әрі - Келісім) әзірлеуге бірыңғай амалды қамтамасыз ету үшін әзірленді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 266-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
266. Келісім:
шешіміне нысаналы трансферттер бөлінетін мақсат пен міндеттерді;
нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілуге тиіс тура және түпкілікті нәтижелер;
жергілікті атқарушы органның қол жеткізілген тура және түпкілікті нәтижелері туралы есепті тиісті жоғарғы тұрған бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне ұсынуы туралы міндеттемені;
тараптардың шешімі бойынша анықталатын басқа да талаптар.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 267-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
267. Келісім бір қаржы жылына осы Ереженің 93-қосымшасына сәйкес ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан кешіктірмей:
жоғары тұрған бюджеттік бағдарламалар әкімшісі мен облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің.
Республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берілген нысаналы трансферттерді одан әрі бөлген жағдайда, аудандар бюджеттері арасында (облыстық маңызы бар қалалар) облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы мен аудан әкімі (облыстық маңызы бар қала) арасында жасалады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 268-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
268. Келісім әрбір нысаналы трансферттер бойынша жеке жасалады:
Дамытуға арналған нысаналы трансферттер бойынша бірнеше инвестициялық жобалар болған жағдайда - 1, 2 және 3-қосымшаларды инвестициялық жобалар бойынша толтырылады.
Бірнеше нысаналы трансферттер бойынша бір Келісімді жасауға рұқсат беріледі.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 269-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2010.08.12. № 1321 Қаулысымен 269-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
269. Келісім жасасу кезіндегі негізгі сәттер:
1) Келісім жасасу кезінде мақсаттарды, міндеттерді, тікелей және соңғы нәтижелерді ескерген жөн, онда:
«Мақсаттары» деген 2.2-тармақта мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына сәйкес түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағытталған мақсаттары көрсетіледі;
«Міндеттері» деген 2.3-тармақта мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына сәйкес мақсатқа қол жеткізуге бағытталған міндеттері көрсетіледі;
«Тікелей нәтижелер» деген 2.4-тармақта Әкімнің нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізуі тиіс орындалатын мемлекеттік функциялардың, көрсетілетін қызметтердің, іс-шаралардың (оның ішінде сандық сипаттамасының) көлемі көрсетіледі. Нысаналы даму трансферттері бойынша жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшісі ағымдағы қаржы жылына ұсынған бюджеттік өтінімге сәйкес нысаналы даму трансферттері шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жобалардың атауы бойынша тізбесі көзделеді. Бұл ретте жалғаспалы сипаттағы объектілерді іске асырған жағдайда ағымдағы қаржы жылында орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі көрсетіледі, ал олар аяқталған жағдайда ағымдағы қаржы жылында аяқталған инвестициялық жобалардың атаулары көрсетіледі.
«Түпкілікті нәтижелер» деген 2.5-тармақта бюджеттік бағдарламаның және мемлекеттік орган қадағалайтын саланың (жүйенің) мақсатына қол жеткізуге тура нәтиженің әсер ету деңгейі (дәрежесі) көрсетіледі.
Түпкілікті нәтижені айқындау кезінде саладағы (қызмет аясындағы) бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға байланысты проблемалардың шешілуін көрсеткен жөн.
3.2-тармақта (аудару мерзімі) нысаналы ағымдағы трансферттер бойынша немесе нысаналы даму трансферттері бойынша нысаналы трансферттің түрін ескерген жөн;
2) Келісімнің 1-қосымшасын толтыру бойынша:
Бұл қосымшада нысаналы трансферттерді айларға бөлу келтіріледі, бұл ретте бөлу жоғары тұрған бюджеттің төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына, төмен тұрған бюджеттің төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес болуы тиіс;
Келісімнің 1-қосымшасы мынадай тәртіппен жасалады:
«Нысаналы трансферттің атауы» деген жолда жоғарғы тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферт іске асырылатын бюджеттік бағдарламаның атауы көрсетіледі;
«Кезең» деген жолда жоғары тұрған бюджеттің нысаналы трансферттерді бөлу кезеңі көрсетіледі;
«Жоғары тұрған бюджеттен алынған қаражат сомасы» деген жолда жоғары тұрған бюджеттен алынған нысаналы трансферттердің сомасы көрсетіледі;
«Өлшем бірлігі» деген жолда өлшем бірлігі көрсетіледі;
«Бағдарлама» және «Кіші бағдарлама» деген бағандарда жоғары тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер іске асырылатын төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламасының және кіші бағдарламасының атаулары толтырылады;