Кеден одағының комиссиясы туралы
шарт
(Душанбе, 2007 жылғы 6 қазанда)
Осы редакция 2010 жылғы 9 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2008 жылғы 24 маусымдағы № 45-ІV ҚР Заңымен ратификацияланды
2008 жылғы 10 қазанда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар кеден одағының біртұтас тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы ретінде Кеден одағының комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
Комиссияның негізгі міндеті кеден одағының жұмыс істеуі мен дамуы жағдайын қамтамасыз ету болып табылады.
2-бап
Комиссия өзінің қызметін келесі қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
Тараптардың мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің бір бөлігін Комиссияға ерікті түрде кезек-кезеңімен беруі;
Тараптардың өзара пайдасы мен ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету;
қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігі;
ашықтық, жариялылық және әділдік.
3-бап
Комиссия өзінің қызметін осы Шартта, Тараптар арасындағы басқа да халықаралық шарттарда, сондай-ақ Кеден одағының жоғарғы органының шешімдерінде көзделген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
4-бап
Комиссияға әрбір Тараптан қажетті өкілеттіктер берілген үкімет басшысының орынбасары немесе үкімет мүшесі болып табылатын бір өкілден кіреді. Тараптардың өкілдері Комиссияда тұрақты негізде жұмыс істейді.
Комиссия құрамын Кеден одағының жоғарғы органы бекітеді.
Әрбір Тараптан Комиссия мүшелерінің саны мен олардың мәртебесі кеден одағының қалыптасуы аяқталғаннан кейін өзгертілуі мүмкін.
5-бап
Комиссияның отырыстары айына кемінде бір рет өткізіледі. Тараптардың тым болмаса бір өкілінің өтініші бойынша Комиссияның кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.
Комиссиядағы төрағалық кеден одағының жоғарғы органы белгілеген тәртіппен кезекпен жүзеге асырылады.
Комиссияның рәсімді ережесін кеден одағының жоғарғы органы бекітеді.
6-бап
Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
кеден одағының жоғарғы органы қабылдаған шешімдерді орындайды;
кеден одағының қалыптастыру жөніндегі халықаралық шарттардың орындалу мониторингін жүзеге асырады;
кеден одағының қалыптастыру және оның жұмыс істеу мәселелері бойынша Тараптар үкіметтерінің қатысуымен кеден одағының жоғарғы органы үшін ұсынымдар әзірлейді;
өзінің өкілеттіктері шегінде кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінгенге дейін дауларды кедендік одақ шеңберінде реттеуде Тараптарға жәрдем көрсетеді;
өзінің өкілеттіктері шегінде Тараптардың мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
кеден одағының қалыптастыру жөнінде халықаралық шарттардың депозитарийі функциясын атқарады;
Комиссияның өз қызметінің нақты салаларындағы функцияларын жүзеге асыру тәртібі мен талаптары Тараптар арасындағы жекелеген халықаралық шарттармен белгіленеді.
7-бап
Комиссия өзінің өкілеттіктері шегінде Тараптар үшін міндетті сипаты бар шешімдер қабылдайды.
Комиссия міндетті сипаты жоқ ұсынымдарды қабылдай алады.
Комиссияның әрбір мүшесі бір дауыс құқығына ие болады. Комиссияның шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады, ал шетін мәселелер бойынша шешімдер ымыраға келу арқылы қабылданады. Ымыраға келу арқылы қабылданатын мәселелер тізбесін кеден одағының құқықтық негізін қалыптастыратын шарттарға сәйкес кеден одағының жоғарғы органы бекітеді.
Кез келген Тараптың кеден одағының жоғарғы органына Комиссияның шешімін қайта қарау туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар.
Егер шешімді қабылдау кезінде қажетті дауыс саны жиналмаған болса, Комиссия мәселені кеден одағының жоғарғы органының қарауына беруге құқылы.
8-бап
Комиссияның міндетті сипаты бар шешімдері ресми жарияланған күнінен бастап кемінде бір айдан соң күшіне енеді.
9-бап
Комиссияның қызметін қаржыландыру Комиссиядағы Тараптарға берілген дауыстар санына тепе-теңдікте Тараптардың үлестік жарналарының есебінен жүзеге асырылады.
10-бап
Комиссия кеден одағына мүше мемлекеттерде өзінің өкілдіктерін аша алады.
Комиссия барлық Тараптардың аумақтарында заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады.
11-бап
Комиссия Хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық) Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Хатшылықтың функциялары мен құрылымы, оның персоналының саны және лауазымды тұлғаларының мәртебесі Комиссияның функцияларын негізге ала отырып, Тараптар арасындағы халықаралық шарттармен белгіленеді.
Хатшылық Комиссияның жұмысын ұйымдастыруды және оның жұмысын ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
12-бап
Орыс тілі Комиссияның жұмыс тілі болып табылады.
13-бап
Комиссияның орналасқан жері Мәскеу қаласы болып табылады.
Комиссияның және оның өкілдіктерінің орналасқан мемлекетінде болу жағдайлары Комиссия мен орналасқан мемлекет арасындағы жекелеген шартпен белгіленеді.
14-бап
Осы Шартқа ескертпелер жасауға жол берілмейді.
15-бап
Осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
16-бап
Осы Шартты түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
17-бап
Осы Шарт ратификациялауға жатады.
Осы Шарттың күшіне ену, одан шығу және оған қосылу тәртібі 2007жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында Кеден одағының шарттық-құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен белгіленеді.
2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Шарттың түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, оның функциялары Комиссияға берілгенге дейін депозитарийі Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылады.
Депозитарий осы Шарттың куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жібереді.
Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |