Осы редакция 2008 жылғы 18 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 16 ақпандағы
№ 148 қаулысымен
бекітілген
Әуе көлігінде өрт қауіпсіздігі жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу және өрт салдарларын жою
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Әуе көлігінде өрт қауіпсіздігі жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу және өрт салдарларын жою ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі және «Өрт қауіпсіздігі туралы» 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңдарына сәйкес әзірленген.
Өрт қауіпсіздігі жөніндегі алдын алу жұмыстарын азаматтық авиация ұйымы жүргізеді және қамтамасыз етеді. Алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде мыналарға бағытталған шаралар қабылданады:
1) жаңа құрылыс және қолданыстағы объектілерді қайта жаңарту кезінде өртке қарсы іс-шаралардың уақтылы орындалуына, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану кезінде тиісті өртке қарсы режимді ұстауға;
2) азаматтық авиация объектілерінде өрт сөндірудің жедел жоспарларын әзірлеуге, оларды машықтандыру бойынша жоспарлық жаттығулар мен оқуларды ұйымдастыруға;
3) өрт қаупін төмендетуге бағытталған жаңа техникалық шешімдер енгізуге;
4) объектінің өрт қауіпсіздігі жай-күйін, өртке қарсы қорғану жүйелерінің болуы мен жарамдылығын және ұйымның өртке қарсы қызметінің жауынгерлік әзірлігін тұрақты тексеруге.
2. Өрт қауіпсіздігін және өрт сөндіруді қамтамасыз ету азаматтық авиация ұйымының басшысына жүктеледі. Ұйымның басшысы жекелеген объектілердің (өндірістік цехтардың, учаскелердің, қондырғылардың, қойма үй-жайларының, қонақ үйлердің) өрт қауіпсіздігі үшін жауаптыларды белгілейді.
3. Азаматтық авиация ұйымдарының басшылары осы Ереже, өрт қауіпсіздігі саласындағы салалық нұсқаулықтар мен басқа да нормативтік құқықтық актілер негізінде тұтастай ұйым және әрбір жекелеген объекті үшін өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы тиісті нұсқаулықтарды әзірлеуді, өртке қарсы қызметтің аумақтық органдарымен келісуді және бекітуді ұйымдастырады.
4. Бұл ретте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мынадай іс-шаралар келісуге жатады:
1) аумақтарды, ғимараттарды және үй-жайларды, оның ішінде эвакуациялық жолдарды ұстауға қойылатын талаптар;
2) технологиялық процестерді жүргізу, жабдықтарды пайдалану, өрт қаупі бар жұмыстарды жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
3) жарылғыш-өрт қаупі бар және өрт қаупі бар заттар мен материалдарды сақтау және тасымалдау нормалары;
4) темекі тарту, ашық отты қолдану және отпен жұмыстар жүргізу орындары;
5) жанғыш заттар мен материалдарды жинау, сақтау және жою, арнайы киімді ұстау және сақтау жөніндегі талаптар;
6) ауытқуы өрт немесе жарылыс туындатуы мүмкін бақылау-өлшеу құралдарының (манометрлердің, термометрлердің) шекті көрсеткіштері;
7) өрт кезінде қызмет көрсететін персоналдың іс-қимылдары, оның ішінде:
өртке қарсы қызмет бөлімшелерін шақыру жүйелілігі;
технологиялық жабдықты авариялық тоқтату жүйелілігі;
желдеткішті және электр жабдығын ажырату жүйелілігі;
өрт сөндіру құралдарын және өрт сендіру автоматикасы қондырғыларын қолдану ережелері;
адамдарды, жанғыш заттарды және материалдық құндылықтарды эвакуациялау жүйелілігі;
азаматтық авиация ұйымының (бөлімшелерінің) барлық үй-жайларын тексеру және өрт жарылыс қауіпсіздігі жай-күйіне келтіру.
5. Технологиялық процесті және жұмыс шарттарын өзгерту кезінде, сондай-ақ объектіде болған өрт, авариялар және жарылыстарды талдау негізінде Өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы нұсқаулықтар үш жылда кемінде бір рет қайта қаралады.
6. Азаматтық авиация ұйымдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін құрамына ұйымның бас инженері немесе бірінші басшысының орынбасары, объектінің өртке қарсы қызметі бөлімшесінің бастығы (орынбасары) немесе еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, күрделі құрылыс, жердегі құрылыстар, жанар-жағармай материалдары, радиотехникалық жабдық пен байланыс, авиациялық-техникалық база қызметтерінің басшылары және азаматтық авиация ұйымы басшысының қалауы бойынша басқа да тұлғалар енген өрт-техникалық комиссиялары құрылады. Ірі құрылымдық бөлімшелерде (жанар-жағармай материалдары мен радиотехникалық жабдықты және байланыс пен басқа да пайдалану қызметтерінде) өрт-техникалық комиссиясынан басқа, құрылымдық бөлімшесінің бастығы цехтық (объектілік) өрт-техникалық комиссияларын құруы мүмкін.
2. Авиациялық техниканы және объектілерді өртке қарсы қамтамасыз ету
7. Авиациялық техниканы және объектілерді өртке қарсы қамтамасыз ету авиациялық техникада және объектілерде өрт пен тұтанулардың туындауын болдырмауға, ал өрт туындаған жағдайда оларды уақтылы анықтауға және сәтті сөндіруге, адамдарды және материалдық құндылықтарды қауіпсіз эвакуациялауға бағытталған іс-шаралар кешені болып табылады.
8. Авиациялық техниканы және объектілерді өртке қарсы қамтамасыз етудің негізгі нысаны өрт пен тұтанулар туындау қатерін тудыратын себептерді уақтылы анықтау және жою мақсатында жүргізілетін өрттің алдын алу жұмыстары болып табылады.
Өрттің алдын алу жұмысы жоспарлық тексерістердің, тұрақты бақылау тексерулердің және белгіленген өртке қарсы нормалар мен ережелердің сақталуына және техникалық қызмет көрсету кезінде объектілер мен әуе кемелерінде анықталған кемшіліктердің жойылуына күн сайынғы қадағалаудың жиынтығы болып табылады.
9. Өрттің алдын алу жұмыстарын мыналар жүзеге асырады:
1) жоспарлық тексерістер (кемінде жылына екі рет) жолымен өрт-техникалық комиссиялар;
2) тұрақты - құрылымдық бөлімшелерде (қызметтер, бөлімдер, қоймалар, цехтар, қонақ үйлер басшылары) өрт қауіпсіздігі үшін жауапты тұлғалар;
3) барлық объектілер бойынша тұрақты - азаматтық авиация ұйымдарындағы өрттің алдын алу жөніндегі тиісті лауазымды тұлғалар (инженерлер, нұсқаушылар).
10. Объектіде өрттің алдын алу тексеруін жүргізу кезінде мыналар анықталады:
1) өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтардың болуы және оларды сақтау дәрежесі;
2) объектінің өрт қауіпсіздігінің нақты жай-күйінің белгіленген өртке қарсы нормалар мен ережелерге сәйкестігі;
3) бұрын белгіленген өртке қарсы іс-шаралардың орындалу дәрежесі;
4) ұйым (объекті) қызметшілерінің өрт туындаған жағдайда өрт қауіпсіздігінің белгіленген тәртіппен ережелері мен іс-қимылдарын білуі;
5) өрт байланысының, өрт сөндірудің бастапқы құралдарының және өрт автоматикасы қондырғыларының болуы және техникалық жай-күйі.
11. Өрттің алдын алу тексерулерінің, бақылау тексерулері мен күн сайынғы бақылаудың нәтижелері бойынша мынадай шаралар қабылданады:
1) өрт-техникалық комиссиялар өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы анықталатын, айқындалған бұзушылықтар белгіленетін өрт-техникалық тексеру актісін жасайды, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзатын кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
2) құрылымдық бөлімшелер басшылары анықталған өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарының бұзушылықтарын жою және осы бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдайды;
3) өртке қарсы қызмет бөлімшесінің бастығы азаматтық авиация ұйымының басшысына объектілердегі өрт қауіпсіздігінің жай-күйі туралы баяндайды және оны жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) өрт-техникалық тексеру актісі азаматтық авиация ұйымының басшысы бекіткеннен кейін орындауға жатады. Актіде өртке қарсы іс-шаралардың нақты мерзімдері мен орындаушылары көрсетіледі. Актіден үзінділер орындаушыларға қолхат арқылы беріледі.
12. Мереке күндері жұмыс істемейтін объектілердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мерекелер қарсаңында жабылуы алдында оларды тексеру мен қабылдау жүргізіледі. Объектілерді олардың мереке күндеріне жабылуы алдында өртке қарсы қатысты тексеру мен қабылдау үшін азаматтық авиация ұйымы басшысының бұйрығымен комиссия тағайындалады. Комиссияны тағайындау туралы бұйрықта тексеруге жататын объектілердің тізбесі, қабылдау нәтижелері туралы тексеру мен баяндау уақыты көрсетіледі.
13. Қолданыстағы өндіріске жаңа технологиялық процестерді енгізу кезінде технологиялық операциялардың өрт қауіптілігін төмендетуге және олардың өрттен қорғануын жетілдіруге бағытталған техникалық шешімдер әзірленеді және енгізіледі. Бұл ретте негізгі бағыттар мыналар болып табылады:
1) өрт қаупі бар органикалық еріткіштерді (бензин, спирт, керосин, уайт-спирит) өрт қаупі жоқ техникалық жуу заттарына ауыстыру;
2) өндірісте пайдаланылатын заттар мен материалдардың өрт қауіптілігі қасиеттерін зерделеу және оларды қауіпсіз қолдану жөнінде ұсынымдар беру;
3) өрт және жарылыс қаупі бар үй-жайларды өрт сөндіру автоматикасы қондырғыларымен жабдықтау.
14. Азаматтық авиация ұйымдарында әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде өрт қауіпсіздігін бұзушылықтарды уақтылы анықтау және жолын кесу мақсатында, сондай-ақ өрт туындаған жағдайда оны жедел сөндіру үшін әуе кемелерінің перрондары мен тұрақтары бойынша әскери топтары бар өрт сөндіру автомобильдерімен қарауылдау ұйымдастырылады.
Қарауылдау кезеңділігі мен бағыттары жергілікті жағдайларға және ұшулар қарқындылығына байланысты белгіленеді.
15. Азаматтық авиация ұйымдарының қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін кеңінен зерделеу, сондай-ақ өрттің алдын алу шараларын, өрт сөндірудің алғашқы және стационарлық құралдарын пайдаланудың және өрт туындаған кезде іс-қимылдар ережелерін оқыту мақсатында өндірістік оқыту жүйесінде міндетті өртке қарсы арнайы дайындықтан өтеді.
16. Өрт сигналын беру және өрт сөндірудің автоматты қондырғыларына, түтіннен қорғану, өрт туралы адамдарды хабарландыру және эвакуацияны басқару жүйелеріне техникалық қызмет көрсету мен жоспарлы-алдын ала жөндеу (бұдан әрі - ТҚК және ЖААЖ) бойынша регламенттік жұмыстар өндіруші зауыттың техникалық құжаттамасын ескере отырып жасалатын жылдық кесте-жоспарына және жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Техникалық қызмет көрсетуді және жоспарлы-алдын ала жөндеуді арнайы оқытылған қызмет көрсететін персонал немесе шарт бойынша лицензиясы бар мамандандырылған ұйым орындауы тиіс.
17. Диспетчерлік пункттің (өрт сөндіру постысының) үй-жайында өрт туралы және өрт сөндіру автоматикасы қондырғысының ақаулары туралы сигналды алған кездегі жедел (кезекші) персоналы іс-қимылының тәртібі туралы нұсқаулық ілулі тұруы тиіс.
18. Өрт сөндіру автоматикасы қондырғылары жарамды жағдайда, ұдайы дайындықта және жобалық құжаттамаға сәйкес болуы тиіс.
Нормалар мен ережелерде ескертілген жағдайларды қоспағанда, қондырғыларды автоматты іске қосудан қолмен іске қосуға ауыстыруға жол берілмейді.
19. Өрт сөндіргіш заттарының массасы мен қысымы есептік мәндерінен 10%-ға және одан артық пайызға төмен өрт сөндіру қондырғыларының баллондары мен сыйымдылықтары толық зарядтауға немесе қайта зарядтауға жатады.
20. Механикалық зақымдану қаупі бар жерлердегі спринклерлік (дренчерлік) қондырғылардың суландырғыштары суландыру картасын өзгертпейтін және жылудың таралуына әсер етпейтін сенімді қоршаумен қорғалуы тиіс.
Ашылған және жарамсыз суландырғыштардың орнына тығындар мен бекіткіштерді орнатуға жол берілмейді.
21. Өрт сөндіру станциясы өрт сөндіру кезінде байлама схемасымен және қондырғыны басқару жөніндегі нұсқаулықпен қамтамасыз етілуі тиіс.
Әрбір басқару торабында қорғалатын үй-жайлар, қондырғы секциясындағы суландырғыштардың саны мен үлгісі көрсетіле отырып кесте ілінуі тиіс. Ысырмалар мен крандар байлама схемасына сәйкес нөмірленуі тиіс.
22. Өрт туралы хабарландыру жүйелері эвакуациялау жоспарларына сәйкес барлық ғимарат (құрылыс) бойынша немесе ішінара оның жекелеген бөлімдеріне (қабаттарға, секцияларға) бір мезгілде хабарлау сигналын беруді қамтамасыз етуі тиіс.
23. Хабарлағыштар (дауыс күшейткіштер) дыбыс реттегішсіз болуы және желіге ағытпалы қондырғыларсыз қосылуы тиіс.
Хабарлау мәтіндерін берудің сенімділігін және эвакуацияны басқаруды қамтамасыз ету үшін ішкі радиотрансляциялық желі мен объектіде бар басқа да хабарлау желілерін пайдалануға жол беріледі.
24. Ұшуларды өртке қарсы қамтамасыз ету осы әуе кемелерінің борттарындағы адамдарды құтқару үшін жағдайлар жасау мақсатында азаматтық авиация әуеайлақтары аумақтарында авиациялық немесе төтенше жағдайлар кезінде туындаған әуе кемесіндегі өртті сөндіруге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды.
25. Әуе кемелерінде және объектілерде өрттен құтқару жұмыстарын орындау үшін азаматтық авиация ұйымдарында әуежайлардың авариялық-құтқару командаларының құрамына кіретін штаттық өрттен құтқару топтары құрылады.
26. Өрттен құтқару топтары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау бойынша дереу іс-қимылға дайындықты қамтамасыз ететін өрттен құтқару техникасымен, өрт сөндіру құралдарымен, арнайы авариялық-құтқару жабдығымен және құралымен жарақталады.
27. Әуежайлардағы өрттен құтқару топтары мен өрттен құтқару техникасы ұшу алаңын көзбен шолып қарауды қамтамасыз етуді және олардың әрбір ұшу-қону жолағының шетінде көрінімнің және жол беті жай-күйінің оңтайлы жағдайлары кезінде бірінші автомобиль үшін 3 минуттан аспайтын және кейінгілері үшін 4 минуттан аспайтын уақытта өрістетуді ескере отырып орналасқан авариялық-құтқару станцияларында орналастырылады.
28. Азаматтық авиация ұйымдарында өрттен қорғанудың талап етілетін деңгейі бойынша әуеайлақтың санатына байланысты авиациялық оқиға орнына өрт сөндіру автомобильдерінде бір мезгілде жеткізілетін от сөндіру құрамының нормативтік қоры жасалады.
29. Азаматтық авиация ұйымдарында әуе кемесіндегі өртті сөндіру үшін от сөндіру құрамдарының үш еселік қоры тұрақты қамтамасыз етіледі.
30. Өрттен қорғану деңгейі, өрттен құтқару автомобильдерінің саны және үлгілері, сондай-ақ олардағы өрттен құтқару топтарының сандық құрамы әуеайлақтардың жарамдылығын анықтау тәртібімен белгіленеді, олардың санатына байланысты болады.
31. Өрттен құтқару жұмыстарын басқару үшін, сондай-ақ қосымша күштер мен құралдарды шақыру үшін авариялық-құтқару станцияларында әуе қозғалысы ұйымдарымен, қаланың өрт байланысы орталық пунктімен немесе Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - ҚР ТЖМ) ең жақын өрт сөндіру бөлімшесімен тікелей байланыс, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарының басшысымен, азаматтық авиация ұйымы өртке қарсы қызметінің өрттен құтқару және арнайы автомобильдерімен радиобайланыс болуы тиіс.
32. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде тікелей байланыс арналары бойынша келіссөздер және радиоалмасу автоматты түрде магнитофондық жазып алуға жатады.
33. Азаматтық авиация ұйымдарының әуеайлақтарында сумен жабдықтау көздеріне және авиациялық оқиғалардың анағұрлым мүмкін болатын орындарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін кірме жолдар көзделеді.ӨҰшу-қону жолағының шетінен 1000 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан ұшу және қонуға кіру аймақтарына еркін кіруді қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
34. Негізгі немесе бастапқы авариялық-құтқару станцияларындағы ұшулар кезеңінде әуе кемесінің ұшуын, қонуын және рульдеуін тұрақты қадағалау үшін өрттен құтқару тобы тұлғалары қатарынан кезекшілік белгіленеді.
35. Азаматтық авиацияның әрбір ұйымында ұйым басшысының бұйрығымен бекітілетін өрттен құтқару топтарының және апатқа ұшыраған әуе кемелерінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөнінде олармен өзара іс-қимыл жасайтын күштер мен құралдар іс-қимылдарының авариялық жоспары жасалады.
36. Авариялық құтқару жұмыстарының жетекшісі көрші тұрақтарда тұрған әуе кемелерін, сондай-ақ өртеніп жатқан әуе кемесіне жақын орналасқан объектілерді өрттен қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдайды.
37. Өрт аумағынан басқа да әуе кемелерін және жылжымалы техникалық құралдарды эвакуациялау (тіркеп сүйреу) тұрақта тұрған әуе кемесінде өрт сөндіру кезінде орындалуы мүмкін арнайы рәсім болып табылады. Осы мақсаттар үшін автомобильдік тіркеп сүйреу құралдары тартылады. Инженерлік-авиациялық қызмет ауысымының бастығы эвакуациялық жұмыстар жетекшісі болып табылады.
38. Авариялық-құтқару станциясының мұнарасындағы бақылаушы (авиакәсіпорынның өртке қарсы қызметінің диспетчері) тұрақта тұрған әуе кемесінде өртті анықтаған кезде мынадай іс-қимылдарды орындайды:
10 өрт-құтқару тобына "Дабыл" сигналын хабарлайды;
20 хабарландыру схемасына және Әуежай мен өртке қарсы қызметтің аумақтық органдары арасындағы өзара іс-қимылдар нұсқаулығына сәйкес қаланың өзара іс-қимыл жасайтын өртке қарсы қызметтерін шақырады.
39. Авариялық құтқару жұмыстарының жетекшісі бірінші кезектегі міндеттерді белгілейді, оларға мыналар:
1) авариялық жағдайдың сипатын бағалау;
2) жанып жатқан әуе кемесінің бортында адамдардың болуын (жоқтығын) тексеру;
3) авиакәсіпорынның авариялық құтқару командасының әрбір тобы үшін міндеттер қою;
4) авиакәсіпорынның және басқа (өрт бөлімдерінен басқа) өзара іс-қимыл жасайтын күштердің қосымша күштері мен құралдарын тарту туралы шешім қабылдау жатады.
40. Өрт сөндіру жетекшісі үшін (авиакәсіпорынның өрттен құтқару командасының бастығы) ондай міндеттерге мыналар:
1) өртке барлау жүргізу;
2) басқа да әуе кемелері мен объектілері үшін өрт қаупін бағалау;
3) өртті сөндіру бойынша іс-қимылдарды ұйымдастыру жатады.
41. Әуе кемесінде өртті сөндіру және оған байланысты бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет органдарының жауынгерлік жарғысының талаптары орындалады.