3. Бағалы қағаздардың қайталама нарығында акционерлік қоғамдардың дауыс беретін акцияларының отыз және одан көп процентін сатып алудың «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртібі Қорға немесе дауыс беретін акцияларының елу проценттен астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.
16-бап. Мүлікке мемлекеттік меншікті оны Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге енгізу арқылы тоқтату
1. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігіндегі басқа мүлікке айырбастау арқылы Қордың меншігіне берілуі мүмкін.
17-бап. Қордың тобына кіретін компаниялар мен өзге де ұйымдарды басқарудың жекелеген мәселелері
1. Қордың тобында барлық дауыс беретін акциялары меншік және (немесе) сенімгерлікпен басқару құқығымен Қорға тиесілі компания деңгейінде бірыңғай орталықтандырылған ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін. Барлық дауыс беретін акциялары меншік және (немесе) сенімгерлікпен басқару құқығымен Қорға тиесілі компания деңгейінде орталықтандырылған ішкі аудит қызметін құру туралы шешімді Қордың басқармасы қабылдауы мүмкін және бұл шешім өздеріне қатысты компанияның орталықтандырылған ішкі аудит қызметі өз функцияларын жүзеге асыруға құқылы болатын ұйымдардың жарғыларында көрсетілуге тиіс.
2. Компанияларда және (немесе) Қордың тобына кіретін, барлық дауыс беретін акцияларын тікелей не жанама түрде компаниялар иеленетін өзге ұйымдарда директорлар кеңестері құрылмауы мүмкін. Осы шешім тиісті қоғамның жарғысында бекітілуге тиіс.
Көрсетілген жағдайда «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау қоғамдардың жарғыларында жалғыз акционердің құзыретіне енгізіледі.
3. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде тұрған компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер, жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді немесе оны жаңа редакцияда бекітуді, ерікті түрде қайта ұйымдастыруды немесе таратуды, директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындауды, оның мүшелерін сайлауды және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар беру мөлшері мен шарттарын айқындауды, «алтын акцияны» енгізуді және оның күшін жоюды қоспағанда, көрсетілген компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
4. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде тұрған компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер, қызметтің басым бағыттарын айқындау, акцияларды орналастыру (өткізу) туралы, оның ішінде жарияланған акциялар шегінде орналастырылатын (өткізілетін) акциялардың саны, оларды орналастыру (өткізу) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау; қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау; атқарушы органның сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаны) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату; атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және олардың еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы берудің шарттарын айқындау; ішкі аудит қызметінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің және сыйлықақы берудің мөлшері мен шарттарын айқындау; корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттігінің мерзімін айқындау, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық айлықақысының мөлшерін және оған сыйақы беру шарттарын айқындау мәселелерін қоспағанда, көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
4-тарау.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
18-бап. Қордың және оның лауазымды адамдарының жауаптылығы
Қор және оның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздерде жауаптылықта болады.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 1-тармағының 3) тармақшасын және 9-баптың 3-тармағының 15) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы ақпанның 13-і.
№ 134-IV ҚРЗ