3. Жеке немесе заңды тұлғаның онда бар жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықтары туралы жинақталған, тіркеуші орган растаған деректер құқық иесінің (уәкілетті өкілдің), құқық қорғау, сот органдарының, іс жүргізіліп жатқан қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот орындаушыларының, салық органдарының, нотариустардың, мұрагерлердің, банкроттық рәсімдеріндегі конкурстық және оңалтушы басқарушылардың, қорғаншы және қамқоршы органдардың сауалдары бойынша беріледі.
4. Құқықтық кадастрдан ақпаратты, сондай-ақ құқықтық кадастрдың тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелерін тіркеуші орган ақпарат алуға сұрау салу берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.
5. Құқықтық кадастрдан ақпарат беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3-тарау. Ғимараттарды, Құрылыстарды және (немесе) олардың
құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеру
18-бап. Ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексерудің маңызы және түрлері
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеудің қажетті шарты ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеру болып табылады.
2. Ғимараттарды, құрылыстарды және/немесе олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеруді жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындар жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік техникалық тексеру бастапқы және кейінгі зерттеуді, сондай-ақ ғимараттарға, құрылыстарға немесе олардың құрамдастарына кадастрлық нөмір беруді қамтиды.
Бастапқы тексеру жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жүргізіледі. Жылжымайтын мүлік объектісін бастапқы тексеру нәтижелері бойынша техникалық паспорт жасалады.
Кейінгі тексеру ғимараттарды, құрылыстарды немесе оның құрамдастарын реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау нәтижесінде олардың техникалық және (немесе) сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде, осындай сипаттамалардың өзгеруі техникалық паспортта кейінгі тексеру жүргізбестен көрсетілуі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, оның ішінде кадастрлық нөмірі, орналасқан жері өзгерген кезде жүргізіледі.
Кейінгі тексерудің нәтижелері бойынша анықталған өзгерістер көрсетілетін техникалық паспорт ресімделеді.
4. Мемлекеттік техникалық тексеруді жүргізудің тәртібі мен мерзімін, бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне кадастрлық нөмір беру тәртібін, сондай-ақ техникалық паспорттың нысанын уәкілетті орган айқындайды.
19-бап. Мемлекеттік техникалық тексеру үшін ақы
Ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеру үшін ақы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады және оны ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын техникалық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар алады
4-тарау. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді
мемлекеттік тіркеу тәртібі
20-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүргізу тәртібі
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) мемлекеттік тіркеу үшін осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды қабылдау;
2) жасалатын мәміленің және (немесе) жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтары) туындауына, өзгеруіне, тоқтатылуына негіз болып табылатын өзге де заңдық фактілердің (заңдық құрамдардың) заңдылығын немесе мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін тексеруді қоса алғанда, мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексеру;
3) тіркеу парағына жүргізілген тіркеу не осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеуден бас тарту немесе оны тоқтата тұру туралы жазба енгізу;
4) құқық белгілейтін құжатта жүргізілген мемлекеттік тіркеу туралы жазба жасау;
5) жүргізілген тіркеу туралы белгісі бар құқық белгілейтін құжатты, не осы Заңда көзделген негіздер бойынша мемлекеттік тіркеуден бас тарту немесе оны тоқтата тұру туралы құжатты беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге құжаттар қабылдау
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу құқық иесінің, мәміле тараптарының (қатысушыларының), мемлекеттік органның (оның уәкілетті өкілінің) немесе өзге де уәкілетті адамдардың тіркеуші органға берген өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі және мынадай құжаттарды:
1) белгіленген үлгідегі мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті;
2) жылжымайтын мүлікке техникалық паспортты және (немесе) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын қоса бере отырып, құқық белгілейтін және тіркеу объектісін растайтын өзге де құжаттарды;
3) өтініш берушінің (жеке тұлғаның) және өтініш берушінің уәкілетті өкілінің жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін;
4) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге алым төлегенін растайтын құжатты;
5) осы Заңда көзделген өзге де құжаттарды ұсынуға тиіс.
3. Заңды тұлғалар осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа құрылтай құжаттарын ұсынады. Өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде не құрылтай құжаттарында көзделген жағдайларда жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуға немесе иеліктен айыруға құрылтайшылар (қатысушылардың, директорлар кеңесінің, акционерлер кеңесінің) жиналыстарының хаттамаларын (олардан үзінділер) ұсынады.
Шетелдік заңды тұлғалар сауда тізілімінен заңдастырылған үзінді немесе шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжатты мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі нотариат куәландырған аудармасымен ұсынады.
2008.25.12 № 113-ІV ҚР Заңымен бап 3-1-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді)
3-1. Егер тіркелуге берілген өтініште сатып алынатын немесе сатылатын активтердің жиынтық баланстық құны Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген мөлшерден асып кеткендігі туралы мәліметтер бар болса, онда өтініш беруші осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген құжаттармен қатар монополияға қарсы органның алдын ала жазбаша келісімін табыс етеді.
4. Егер мәмілені нотариат куәландырмаса, онда тіркеуші орган мәмілені жасаған адамдардың (олардың уәкілетті өкілдерінің) қойылған қолдарының растығын, олардың іс-әрекетке қабілеттілігін (құқықтық қабілеттілігін), сондай-ақ олардың ерікті түрде жасалғандығын тексеруге міндетті.
Бұл талап банктік қарыз шартын қамтамасыз ету үшін жасалған кепіл шарттарына қолданылмайды.
5. Бір ғана сол жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты бір ғана сол құқықты (құқық ауырпалығын) мемлекеттік тіркеуге бірнеше өтініш болған кезде өтініштің басымдығы осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес айқындалады.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беру
1. Құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) нотариат тәртібімен куәландырылған мәміле негізінде туындаған жағдайда, тіркеу мәміленің кез келген тарапының (қатысушысының) өтініші бойынша жүзеге асырылады.
2. Құқықтар (құқық ауыртпалықтары) шарттың немесе өзге де мәмiленiң негiзiнде туындаған жағдайларда, оларды нотариат куәландырмаған кезде мәмiленiң барлық қатысушылары белгiленген тәртiппен өтiнiш беруге тиiс.
Банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген, кепілдің басталуын және өзгеруін тіркеуге өтінішті кепіл беруші және (немесе) кепіл ұстаушы береді.
Өтінішті кепіл ұстаушы берген жағдайда, осындай тіркеуге кепіл берушінің нотариатта куәландырылған келісімі талап етіледі.
3. Тіркеу туралы өтініш тіркеуші органға почта байланысы бойынша мынадай:
1) тіркеуші органның орналасқан жерінен тыс, оның ішінде басқа мемлекеттерде орналасқан мемлекеттік уәкілетті органдарға берілетін өтініштер (өтініш жасау, қолдаухаттар, талап-арыздар) негізінде туындайтын заңдық талаптарды тіркеген;
2) тіркеуші органның орналасқан жерінен тыс, оның ішінде басқа мемлекеттерде орналасқан мемлекеттік органдардың актілері негізінде туындайтын ауыртпалықтарды немесе заңдық талаптарды тіркеген жағдайларда жіберілуі мүмкін.
4. Ортақ бірлескен меншік құқығының туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеген кезде тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар не олардың біреуі қалған қатысушылардың нотариат тәртібімен куәландырған келісімін ұсына отырып беруі мүмкін.
Мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті құқық иелерінің біреуі қалғандарының келісімінсіз осы баптың 5-тармағы екінші бөлігінде көзделген жағдайда да беруі мүмкін.
5. Ортақ үлестік меншік құқығының (өзге ортақ құқықтың) туындауын, өзгеруін, тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу кезінде мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар (уәкілетті өкілдер) беруі тиіс.
Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе заңды тұлғаның атауы, тіркеу нөмірі өзгерген кезде өзгерістерді тіркеу туралы өтінішті осындай өзгерістердің оған қатысы бар құқық иесі беруі мүмкін.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен өзгеше туындамаса, ортақ үлестік меншіктегі үлеске қатысты мәмілелер жасалған кезде өтініш қалған құқық иелерінің басым сатып алу құқығы сақтала отырып, белгіленген тәртіппен беріледі.
6. Деректері құқық белгілеуші құжатта көрсетілмеген жұбайының біреуінің құқығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес неке жасына жеткен мәмілеге қатысушы тіркеуге берілген өтініште оның неке қатынастарында тұрғаны туралы фактінің жоқ екендігі туралы мәліметтерді не неке қатынастарының бар екендігін растайтын құжатының көшірмесін қоса бере отырып өзінің жұбайы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс.
2008.25.12 № 113-ІV ҚР Заңымен бап 6-1-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді)
6-1. Егер сатып алынатын немесе сатылатын активтердің жиынтық баланстық құны Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген мөлшерден асып кетсе, онда өтініш беруші мұндай мәліметтерді тіркелуге берілген өтініште көрсетеді.
7. Бір құқық белгілейтін құжат екі немесе одан да көп мемлекеттік тіркеу объектілерін қамтыған жағдайда өтініш берушіге өтініште тіркеудің барлық объектілерін көрсетуі қажет немесе мүдделі адамдар мемлекеттік тіркеудің әрбір объектісін тіркеуге жеке өтініш беруге тиіс.
Құқық белгілейтін құжатта мемлекеттік тіркеудің бірнеше объектілері болған кезде, өтініште біреуі ғана көрсетілетін жағдайларда тіркеуші орган өтініш берушіге тіркеудің басқа объектілерін мемлекеттік тіркеу және бұл үшін тиісті алым енгізу қажеттігін көрсетуге құқылы.
8. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен өзгеше туындамаса, мемлекеттік органдар және өзге де уәкілетті адамдар салған ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Үшінші тұлғалардың мүдделері үшін құқық қорғау, сот және өзге де мемлекеттік органдардың актілеріне сәйкес салынған ауыртпалық үшінші тұлғаның өтініші негізінде тіркелуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар тіркеуші органға беріледі.
9. 2009.22.04. № 151-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
10. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және тіркеудің өзге де объектілерін тіркеу туралы өтініштің нысаны мен мазмұнын уәкілетті орган айқындайды.
23-бап. Мемлекеттік тіркеу жүргізу мерзімдері
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарды (осындай құқықтар ауыртпалықтарын) және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу тіркеуші органға өтініш түскен сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүргізілуге тиіс.
2. Мемлекеттік органдар және өзге де уәкілетті адамдар салатын ауыртпалықтарды, сондай-ақ заңдық талаптарды тіркеу тіркеуші органға өтініш түскен сәттен бастап дереу жүргізілуге тиіс.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толыктырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (осындай құқықтардың ауыртпалықтарын) және онымен мәмілелерді жеделдетілген тәртіппен мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген алым сомасының бюджетке төленуі шартымен тіркеуші органға өтініш келіп түскен күннен кейінгі күннен кешіктірмей жүргізіледі.
24-бап. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар
1. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын), сондай-ақ бұрын туындаған құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) қоспағанда, жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) растайтын құқық белгілейтін және басқа да құжаттар тіркеу сәтінде оларға қойылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растайтын құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тиісті түрде ресімделуі, мөрмен бекітілуі, арнайы бланкілерде орындалуы, оларда тараптардың немесе заңнамада айқындалған лауазымды адамдардың тиісті қолдары болуға тиіс. Соттардан, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардан шығатын құжаттар тиісті құжаттарға қойылатын нысанда орындалуға тиіс.
Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда құқық белгілейтін және өзге де құжаттар нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс.
3. Тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер немесе өзге де келісілмеген түзетулер бар құжаттар, сондай-ақ қарындашпен орындалған құжаттар қабылданбайды.
4. Құқық белгілейтін құжаттар тіркеу парағына енгізілетін құқық иелері туралы, тіркелген құқық (құқық ауыртпалығы) түрі, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
5. Тиісті жазбаларды тіркеу құжаттарына енгізу үшін хабарлама нысаны (міндеттеменің орындалмауы туралы, жүргізілетін тіркеуді немесе тіркелген құқықты даулау ниеті туралы және т.б.) уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
6. Жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтардың туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растайтын құжаттар тіркеуші органға екі данада ұсынылады, олардың біреуі түпнұсқа немесе нотариат куәландырған көшірме болып табылады.
Құқық белгілейтін құжат сот актісі болған жағдайларда және құқық иесіне құжаттың түпнұсқасы берілмейтін өзге де жағдайларда, тіркеу үшін осындай құжаттың куәландырылған екі көшірмесі беріледі.
7. Құжаттың түпнұсқасы не нотариат куәландырған көшірме осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларда, тіркеуден соң өтініш берушіге (уәкілетті өкілге) қайтарылады.
8. Тіркеу сенімхат негізінде жүзеге асырылатын жағдайларда жай сенімхат тіркеуші органға ұсынылады және өтініш берушіге қайтарылмайды, арнайы және бас сенімхаттар екі данада ұсынылады, олардың біреуі — түпнұсқа, екіншісі - көшірме болып табылады. Сенімхаттың көшірмесін тіркеуші орган алады, түпнұсқа өтініш берушіге қайтарылады.
9. Жылжымайтын мүліктің бір бөлігіне белгіленетін құқықтарды (құқықтар ауыртпалығын) тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжат (жалға беру, сервитуттар, мүлікті өтеусіз пайдалану туралы және басқалары) құқықтың (құқық ауыртпалығы) қолданылу аясы болып табылатын мүліктің бір бөлігінің егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтуға тиіс.
Қажет жағдайларда өтінішке техникалық паспорт немесе құқық (құқық ауыртпалығы) объектісі болып табылатын жылжымайтын мүліктің бір бөлігі көрсетілетін сәйкестендіру құжаты қоса берілуге тиіс.
Жылжымайтын мүліктің бір бөлігі кепілге қойылған кезде міндеттемені орындамауға байланысты кепіл затын иеліктен айыру жағдайларында объектіні бөлу жоспарын осы жылжымайтын мүлік объектісін бөлуді немесе қосуды жүзеге асыратын орган мақұлдауға тиіс.
25-бап. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды қабылдаудан бас тарту
1. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды қабылдаудан бас тартуға мынадай негіздер бойынша:
1) тиісті емес адам өтініш жасағанда не өтініш берушінің немесе оның уәкілетті өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты;
2) құжаттарда тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер немесе өзге де келісілмеген түзетулер болғанда;
3) тіркеуге берілетін өтініштердің нысандары дұрыс толтырылмағанда;
2008.25.12 № 113-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
4) өтініш беруші осы Заңның 21-бабының 2, 3 және 3-1 белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық пакетін ұсынбағанда;
2009.22.04. № 151-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынғанда жол беріледі
6)2009.22.04. № 151-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2. Құжаттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабында құжаттарды қабылдау туралы жазба жазылмайды. Тіркеуші орган өтініш берушіге бас тарту себебі көрсетілген хабарлама береді. Осындай хабарламаның, тіркеу туралы өтініштің және оған қоса берілетін құжаттардың көшірмелері уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сақталуға тиіс.
Тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға жоғарғы тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағымдануға болады.
Құжаттарды қабылдаудан бас тартудың негіздері жойылған кезде құжаттар тіркеуге жалпы тәртіппен беріледі.
26-бап. Құжаттарды берудің нақты уақытын көрсету
1. Тіркеуге құжаттарды қабылдау кезінде тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабына құжаттардың берілген күні, уақыты, минуты туралы мәліметтер енгізіледі.
2. Өтініш берушіге тіркеуге құжаттардың түскен күні, сағаты және минуты, құжаттарды қабылдаған жауапты қызметкердің тегі, аты (әкесінің аты), тіркеуге ұсынылған құжаттардың тізбесі, жылжымайтын мүліктің орналасқан жері көрсетіліп қолхат беріледі.
27-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру үшін негіздер
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мынадай жағдайларда:
1) сотқа берілген талап-арыздар мен өзге де өтініштер (шағымдар) негізінде соттың қаулысы (ұйғарымы) бойынша;
2) прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес заңның бұзылуы жойылғанға дейін;
2009.28.08 № 192-ІV ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
2-1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес;
3) егер қажетті құжаттардың болмауы тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылмаса, өтініш берушінің осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынуы үшін;
4) мемлекеттік органдардан, егер көрсетілген мән-жайлар құжаттарды тіркеуге қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылмаса, осындай органдардан шығатын құжаттарда ақпараттың болмауына немесе осы құжаттарда белгілі бір қарама-қайшылықтардың болуына байланысты түсініктемелер алу немесе қажетті ақпаратты талап ету үшін;
5) құқық белгілейтін құжаттардың негізінде белгіленетін тіркеу объектісінің және өтініште көрсетілген тіркеу объектісінің сәйкессіздігі кезінде олардың арасындағы қайшылықтарды жою үшін тоқтатыла тұрады.
2. Мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру туралы шешімді тіркеуші орган мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаған кезден бастап құжаттарды бергенге дейін, бірақ мемлекеттік тіркеу мерзімінің өтуінен кешіктірмей қабылдауы мүмкін.
3. Тіркеуді тоқтата тұру туралы сот актісінде өзгеше белгіленбесе, тіркеу тіркеуді тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін, бірақ бір айдан аспайтын уақытқа тоқтатыла тұрады. Егер бір айдың ішінде тіркеуді тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылмаса, мемлекеттік тіркеуден бас тартылуға тиіс.
Тіркеуді тоқтата тұру туралы мәліметтер тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабына жазылады.
4. Мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұрған кезде тіркеуші органның өз құзыретінің шегінде өтініш берушіден (өтініш берушінің уәкілетті өкілінен), өзге де жеке немесе заңды тұлғалардан, соның ішінде мемлекеттік органдардан, егер бұл шешім қабылдау үшін қажет болса, ақпаратты, түсіндірулерді және құжаттарды сұратуға құқығы бар.
5. Тіркеуді тоқтата тұрған кезде тіркеуші орган өтініш берушіге (өтініш берушінің уәкілетті өкіліне) тоқтата тұрудың себептері мен мерзімдерін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жіберуге тиіс. Хабарламада өтініш берушінің тіркеуді тоқтата тұрудың себептерін жоюдағы кейінгі әрекеттері және сол үшін қажетті мерзімдер көрсетілуге тиіс.
6. Тіркеу тоқтатыла тұрған кезде өтінішті өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) кез келген уақытта кері қайтарып ала алады. Бұл ретте кері қайтарып алынған өтініштің басымдығы жойылады.
28-бап. Құжаттардың түпнұсқалығын және оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін тіркеуді тоқтата тұру
1. Мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығына немесе оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына күмәнданған кезде тоқтата тұрады. Осындай күмәнді жою үшін тіркеуші орган қосымша мәліметтер алу және құжаттардың түпнұсқалығын растау немесе оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы жөнінде қажетті шаралар қабылдауға міндетті. Өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілдері) құжаттардың түпнұсқалығы мен оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына қосымша айғақтар беруге құқылы.
2. Қажет болған жағдайларда құжаттардың түпнұсқалығын және оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін тіркеуші орган құжаттарды сараптама жүргізуге жіберуі мүмкін.
29-бап. Мемлекеттік тіркеуді уақытша тоқтату
1. Өтініш иесі тіркеуші органға өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) тіркеуді уақытша тоқтату туралы өтінішпен мынадай жағдайларда:
1) өзінің контрагентіне жылжымайтын мүлік объектісіне оның тиісті құқықтары тіркелген кезге дейін оған басқа адамдардың құқықтары немесе тараптардың кез келгенінің ерік білдіруі бойынша туындайтын жаңа ауыртпалықтар тіркелмейтін кепілдікті беру мақсатында;
2) құқық иесі құқық белгілейтін құжатты жоғалтқан кезде немесе осындай мүлікке құқықтарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша мәжбүрлі тоқтату жағдайларын қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарын оның еркінсіз жоғалтудың негізсіз тәуекелдері туындайтын өзге де жағдайларда жүгіне алады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша құқықтарды (ауыртпалықтарды) тіркеу өтініш берілген кезден бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге уақытша тоқтатылады.