4) уәкілетті органмен келісе отырып, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнінде шешімдер қабылдайды;
5) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкілетті органмен келісе отырып, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлуді түзету жобаларын бекітеді;
6) уәкілетті органмен келісе отырып, өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзірлейді және бекітеді, оларды күзетуді, қорғауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етеді;
7) заңды тұлға мәртебесі бар жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтер мөлшерін бекітеді;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізуге қатысады;
9) уәкілетті органмен келісе отырып, өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекітеді және паспорттарды уәкілетті органға тіркеуге береді;
10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрін құру үшін жерді резервте қалдыру жөнінде шешімдер қабылдайды;
11) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау аймақтары шегінде осы аумақтардың экологиялық жүйелерінің, экологиялық дәліздердің жай-күйіне, сондай-ақ оларды қорғау және пайдалану режиміне теріс әсер ететін қызметтің барлық түрін шектей отырып, осындай аймақтарды белгілеу жөнінде шешімдер қабылдайды;
12) өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне, күзетілуіне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
13) уәкілетті органның ұсынымы бойынша жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумағының шекарасын және қорғау режимінің түрлерін бекітеді.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдарына жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын бекітуге ұсынады.
11-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылау жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
3-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен міндеттерi
12-бап. Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке тұлғалар:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдалануға;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мәселелер бойынша уәкілетті органға ұсыныстар енгізуге;
3) табиғат қорғау ұйымдарымен бірлесіп, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі іс-шараларға қатысуға;
4) қызметі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға бағытталған қорлар құруға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың қызметіне қатысуға;
5) тиісті мемлекеттік органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және экологиялық желілердің жай-күйі мен олардың жұмыс істеу мәселелеріне қатысты қажетті ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
2. Жеке тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
13-бап. Заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерi
1. Заңды тұлғалар:
1) уәкілетті органға ұсыныстар енгізуге және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбелерін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту бағдарламаларын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілер саласындағы бағдарламалар мен жобаларға қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге;
3) табиғат қорғау ұйымдарымен жасалған шарт бойынша мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі іс-шараларға қатысуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшін қызметі өтеусіз қаржылай көмек көрсетуге бағытталған қорлар құруға және олардың қызметі мен оларды басқаруға қатысуға;
5) тиісті мемлекеттік органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілердің жұмыс істеуі, оларды күзету, қорғау және пайдалану мәселелеріне қатысты қажетті ақпарат сұратуға және алуға;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ғылыми-техникалық кеңестерінің жұмысына қатысуға құқылы.
2. Қызметі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға бағытталған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшін гранттар, қаржылай және техникалық көмек беруге маманданған заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын гранттар беретін үкіметтік емес ұйымдар мен қорлардың тізбесіне енгізіледі.
3. Заңды тұлғалар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
4-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру
14-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары мен түрлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар санаттарға жатқызылады.
2. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимінің түрлеріне байланысты мынадай түрлерге бөлінеді:
1) мемлекеттік табиғи қорықтар;
2) мемлекеттік ұлттық табиғи парктер;
3) мемлекеттік табиғи резерваттар;
4) мемлекеттік зоологиялық парктер;
5) мемлекеттік ботаникалық бақтар;
6) мемлекеттік дендрологиялық парктер;
7) мемлекеттік табиғат ескерткіштері;
8) мемлекеттік табиғи қаумалдар;
9) мемлекеттік қорық аймақтары.
3. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимінің түрлеріне байланысты мынадай түрлерге бөлінеді:
1) мемлекеттік өңірлік табиғи парктер;
2) мемлекеттік зоологиялық парктер;
3) мемлекеттік ботаникалық бақтар;
4) мемлекеттік дендрологиялық парктер;
5) мемлекеттік табиғат ескерткіштері;
6) мемлекеттік табиғи қаумалдар.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлері көзделуі мүмкін.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды республикалық маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі, жергілікті маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары жүргізеді.
6. Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесін төмендетуге әкеп соғатын бір түрден басқа түрге ауыстыру, табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан оның ерекше құндылығы мен бірегейлігі сипатының ішінара немесе толық жоғалуына байланысты жүргізіледі.
Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесін төмендетуге немесе арттыруға әкеп соғатын бір түрден басқа түрге ауыстыру туралы шешімді жаратылыстану-ғылыми негіздеме жасалған мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органы қабылдайды.
15-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттік мекеме нысанында құрылады.
2. Табиғат қорғау мекемелеріне жер учаскелері тұрақты жер пайдалану құқығымен беріледі.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар және ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлік объектілері табиғат қорғау мекемелеріне жедел басқару құқығымен беріледі.
4. Табиғат қорғау мекемесін қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
16-бап. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарының құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар және мемлекеттік дендрологиялық парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылады.
2. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына жер учаскелері тұрақты жер пайдалану құқығымен беріледі.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар мен ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлік объектілері мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығымен беріледі.
4. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары өздерінің міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауаптылықта болады.
Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарының қалған мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді.
5. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
17-бап. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың және мемлекеттік қорық аймақтарының заңды тұлға ретінде мәртебесі болмайды және олар мемлекет қорғауында болады.
Заңды тұлға болып табылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақта мемлекет меншігінде болатын жылжымайтын мүлік объектілерін жедел басқару құқығы өзінің қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ болатын табиғат қорғау мекемесіне немесе мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесіне беріледі.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдар олардың негізінде мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер құру кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды және мемлекеттік қорық аймақтарын тарату кезінде республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбелерінен алынып тасталуға тиіс.
18-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік өңірлік табиғи
парктердің қорғау аймақтары
1. Қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің айналасында, бұл аймақтар шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелері мен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынады және (немесе) шектеу жасала отырып, қорғау аймақтары белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің қорғалу аймақтарының аумағында табиғат пайдаланудың мөлшері, шекарасы, режим түрлері және тәртібі оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерімен айқындалып, осы Заңға және Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешімдерімен айқындалады.
Бұл орайда меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгіленетін және жер бетінде арнайы белгілер қойылатын қорғау аймағының ені екі километрден кем болмауға тиіс.
19-бап. Табиғат қорғау ұйымдарының рәміздерi
1. Табиғат қорғау ұйымдарының рәміздері (эмблемасы мен туы) болады.
2. Табиғат қорғау ұйымдары өздерінің рәміздерін пайдаланудың ерекше құқығына ие болады және оларды жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде пайдалануға рұқсат етуі мүмкін.
20-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе кеңейту
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту туралы шешім экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің негізінде қабылданады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобаларын әзірлеуді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдары екі кезеңде жүргізеді.
2. Бірінші кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми негіздемесі (бұдан әрі - жаратылыстану-ғылыми негіздеме) әзірленеді, онда:
1) зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендерінің және онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігі, маңыздылығы және репрезентативтілігі;
2) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың жай-күйін бағалау;
3) зерттеліп отырған аумақтың мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйі, оларды сақтау жөніндегі тәуекелдер, қауіптер және оларды күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі шаралар;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын санаты мен түрі;
5) ұсынылатын шекарасы, ауданы, сондай-ақ функционалдық аймақтары және олардың қорғалу режимінің түрлері және пайдалану айқындалады.
3. Екінші кезеңде уәкілетті орган бекіткен немесе онымен келісілген жаратылыстану-ғылыми негіздеменің негізінде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөніндегі техникалық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі - техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленеді, ол:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, координаттары сипатталған жерлерді бөлудің жерге орналастыру жобасын, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алып қойылатын (сатып алынатын) жер учаскелерінің санаттары мен аудандарын, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерін алып қоймай олардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына қосылатын санаттары мен аудандарын, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен аудандарын;
2) меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерін сатып алуға және (немесе) оларды алу жөніндегі залалдарды жабуға, қорғалу аймақтарында шаруашылық қызметті шектеуге байланысты, сондай-ақ жерді алып қоймай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрған жағдайларда жұмсалатын шығындарды;
3) инфрақұрылым құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты күтіп ұстауға, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін күзету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындарды;
4) аумақты белгіленген функционалдық аймақтарға бөлуді, қорғалу режимінің түрлері мен рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып, осы аймақтар шегінде табиғи кешендерді реттелмелі туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану шарттарын;
5) экологиялық туризмді дамытуды ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасын және оның инфрақұрылымын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын), туристік соқпақтарды, қарап көру алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлікке арналған тұрақтарды, кемпингтерді, шатырлы лагерьлерді, қонақ үйлерді, мотельдерді, туристік базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді, құбырларды, электр және байланыс желілерін, жолдарды қамтиды.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Балық аулау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін не балық ресурстары және басқа да су жануарлары қорларының өсімін молайту үшін маңызы бар су обьектілерін және (немесе) учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына енгізу жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша әрі осы су объектілері және (немесе) учаскелері бекітіп берілген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылады.
4. Техникалық-экономикалық негіздеме жер учаскелерінің меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарымен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық органдарымен келісіледі және осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітіледі.
21-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары экологиялық желілерді қалыптастыру және олардың жұмыс істеу принциптерінің негізінде әрбір табиғи аймақ шегінде олардың оңтайлы алқабы деңгейіне дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді қалыптастырудың мемлекет жоспарлап отырған кезеңдерін айқындайтын негізгі құжаттар болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларын мүдделі мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын ескере отырып, оларды әзірлеуге мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдарын тарта отырып, табиғат қорғау қызметі саласындағы бағдарламаларды ескеріп, уәкілетті орган әзірлейді.
22-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің, мемлекеттік зоологиялық парктердің, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық парктердің және мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің жерлері жатады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтарды, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді, мемлекеттік табиғи резерваттарды, мемлекеттік өңірлік табиғи парктерді, мемлекеттік зоологиялық парктерді, мемлекеттік ботаникалық бақтарды, мемлекеттік дендрологиялық парктер мен мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру кезінде жер учаскелері басқа санаттардағы жерлер құрамынан бөлініп, оларды осы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларынан алып қою жолымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына ауыстырылады.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар қорғалу аймақтарының жер учаскелері, оларды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алмай және жер санатын өзгертпей, басқа жер санаттарының құрамында бөлінеді.
Мемлекеттік табиғи қорықтар мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және олардың экологиялық жүйелерін қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметке ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағы шегінде шектеу жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне ауыртпалық болып енгізіледі және жерге орналастыру құжаттамасында ескеріледі.
4. Жер учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына жатқызу туралы шешімдерді:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ үшін - уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ үшін - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары қабылдайды.
Мемлекеттік орман қоры жерінде мемлекеттік өңірлік табиғи парк құрылған жағдайда осы жердің учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің санатына жатқызу туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік орман қорының жерін ауыстыру туралы шешімінің негізінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары қабылдайды.
5. Мемлекеттік табиғи қорықтарды, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді, мемлекеттік табиғи резерваттарды, мемлекеттік өңірлік табиғи парктерді, мемлекеттік зоологиялық парктерді, мемлекеттік ботаникалық бақтарды, мемлекеттік дендрологиялық парктерді және мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру және кеңейту үшін жер учаскелерін алып қою Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте жылжымайтын мүлік меншігіне құқық тоқтатылған жағдайда мүлікті меншік иесінен алып қою Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 26 тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендері толық немесе ішінара, мерзімсіз немесе белгілі бір мерзімге шаруашылық пайдаланудан алып қойылады және олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген тәртіппен, мемлекеттік табиғи қаумалдары мен мемлекеттік қорық аймақтарын қоспағанда, төлем шартымен пайдаланылады.
23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері орналасқан өзге де санаттардағы жерлердің жер учаскелері мемлекеттік меншікте болады және жекешелендіруге жатпайды.
2008.01.12. № 94-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін алып қоюға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген учаскелерді ғана және ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде, мемлекеттік бағдарламаларда көзделген туризм объектілерінің құрылысына және жұмыс істеуіне арналған босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерінде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін кез келген қызметке тыйым салынады.
24-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жерді резервте қалдыру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларына және бекітілген жаратылыстану-ғылыми негіздемелерге сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру туралы шешімдер қабылдайды.