4. Келісімшарт талаптарында және суды пайдалануға арнайы рұқсатта көзделмеген мақсатта немесе осы талаптарды бұза отырып жер асты суларының кенін игеруге тыйым салынады.
5. Жер асты суларының кенін барлау мен игеру келісімшарт және суды арнайы пайдалануға арналған рұқсат талаптарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген нормалар мен талаптар сақталып жүзеге асырылуға тиіс.
6. Жер асты суларына барлау және (немесе) оны шығару жұмыстарын жүргізетін табиғат пайдаланушылар:
1) жер асты суларының кенін ұтымды барлау мен игеруге, сөйтіп судың толық кешенді зерделенуіне және ұңғымаларды пайдаланудағы кемшіліктер есебінен судың орны толмас шығын болмауына және олардың сапалық қасиетінің жойылмауына қол жеткізілуін;
2) су тұтқыш жиектердің ластану ықтималдығын болғызбауды;
3) егер бұл жобада көзделмеген болса, әртүрлі жиектегі судың араласып кету, бір жиектен екінші жиекке құйылу ықтималдығын болғызбауды;
4) жер асты суларының бақылаусыз, реттелмей шығарылуына жол берілмеуін, ал авариялық жағдайларда судың шығын болуын жою жөнінде жедел шаралар қабылдануын;
5) пайдалы құрауыштары бар жер асты суларының кешенді пайдаланылуын;
6) атмосфералық ауаның, жердің беткі қабатының, ормандардың, сулардың және басқа да табиғи объектілердің, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстардың зиянды әсерінен қорғалуын;
7) барлау және (немесе) өндіру процесінде жарамсыз күйге келтірілген жер учаскелерінде кешенді қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
7. Жер қойнауын пайдаланушы гидрогеологиялық, оның ішінде өздігінен ағып шығатын және барлау ұңғымаларын, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымаларды реттегіш құрылғылармен жабдықтауға, консервациялауға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоюға тиіс.
8. Егер жер қойнауы басқа пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін пайдаланылған кезде су тұтқыш жиектер ашылса, табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер асты сулары объектілерін қорғау жөнінде шаралар қабылдауы қажет және бұл жөнінде қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдарға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органына хабарлауға тиіс.
9. Жер астының ашылған су тұтқыш жиектері олардың ластануын болғызбайтындай сенімді оқшаулаумен қамтамасыз етілуге тиіс.
10. Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылуы мүмкін су тұтқыш жиектер ашылған кезінде бұрғылау мен цемент ерітінділерін дайындау үшін (өңдеу үшін) қолданылатын химиялық реагенттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен келісілген уыттылық сипаттамасы болуға тиіс.
11. Қазақстан Республикасының Су кодексінде және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыз суға жарамды сапасы бар жер асты суларын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға байланыссыз қажеттіліктер үшін пайдалануға жол берілмейді.
12. Жер асты суларының су тартқыштарын оларды суды реттейтін құрылғылармен, су өлшегіш аспаптармен жабдықтамай, сондай-ақ санитарлық қорғау аймақтарын белгілемей және жер асты сулары объектілерінің жай-күйі көрсеткіштерін қадағалайтын бекеттер құрмай пайдалануға беруге тыйым салынады.
13. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органдармен, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген жер асты сулары объектілеріне зиянды әсер етудің жол берілетін шекті нормативтерін сақтауға міндетті.
14. Жер асты сулары объектілерін пайдалануға байланысты су тартқыштарды орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру және пайдалану кезінде олардың жоғарғы қабаттағы су объектілері мен қоршаған ортаға зиянды әсерін (аумақты су басуын, шөлейттенуін, жердің батпақтануын, топырақтың көшуі мен шөгуін) болғызбайтын шаралар көзделуге тиіс.
15. Табиғат пайдаланушылар жер асты суларының мемлекеттік есебін, оның пайдаланылуын бақылау және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) жер асты сулары объектілерінен алынатын және оларға ағызып жіберілетін судың бастапқы есебін қоршаған ортаны қорғау, су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен және мерзімде жүргізеді;
2) су тарту және су құю құрылыстарын су шығындарын өлшейтін құралдармен жабдықтайды, сондай-ақ өздігінен ағатын ұңғымаларға реттегіш құрылғылар орнатады;
3) жер асты сулары кен орындарының ағымдағы игерілуіне бақылау, ұңғымалардың жұмысын жедел бақылау және кен орындарын игерудің бекітілген жобасы немесе технологиялық схемаға сәйкес, технологиялық режимнің орындалуына бақылау жасайды. Бақылаудың мерзімділігі игеру жобасында (технологиялық схемада) белгіленеді;
4) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекітетін статистикалық әдіснамаға сәйкес жер асты суларын пайдалану туралы алғашқы статистикалық деректерді табыс етеді.
222-бап. Су асты кабельдері мен құбырларын жобалау, төсеу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Әрбір нақты объектіні салу мен пайдалануға арналған трассалар, конструкциялар, жабдықтар, технологиялар мен техникалық құралдар орналастырылатын жерлерді таңдау қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайту мақсатында баламалы негізде жүргізілуге тиіс.
2. Құбыр трассасына немесе су асты кабельдеріне бес жүз метрден жақын арақашықтықта бұрғылау-жару жұмыстарына және пневматикалық және басқа да қуатты толқындар (сейсмикалық дабыл) тудыру көздерімен сейсмикалық барлауға тыйым салынады.
3. Құбырлар мен су асты кабельдері трассаларын кесіп өтетін жолмен сейсмикалық косты сүйреуге және балық аулау кемелеріне тралмен балық аулауға тыйым салынады.
4. Салынуға тиіс құбырлар мен соған ілеспе инженерлік құрылыстарды жобалау:
1) олардың беріктігінің, қауіпсіздігінің, олардың техникалық жай-күйін қорғау мен бақылаудың жоғары деңгейі;
2) кездейсоқ ахуалдарға жедел ден қою мүмкіндігі;
3) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жеделдігі мен сапасы;
4) қоршаған ортаға теріс әсердің неғұрлым аз болуы қамтамасыз етілуге тиіс.
5. Жобада міндетті түрде құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің талаптарына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның нұсқамалық құжаттарына сәйкес келетін дербес "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімі болуға тиіс.
6. Жобалау-сметалық құжаттамалардың толықтығы мен дұрыстығына тапсырыс беруші мен жобаны әзірлеуші жауап береді.
7. Бекітілген жобаны қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді арттыратындай өзгерту және одан ауытқу мемлекеттік экологиялық сараптамадан қайта өтуді талап етеді.
8. Құбыр төсеу жобаларында құрылыстарды салған және кейіннен пайдаланған кезде оларды қорғау жөніндегі шаралар көзделу қажет. Құрылыстың әрбір кезеңінде және көмірсутегі шикізаты мен оның өңделген өнімдері тасымалданатын құбырды пайдаланған кезде қоршаған ортаны, сондай-ақ тәуекелі жоғары объектілерге жататын құбырларды қорғау жөнінде шаралар қабылдануға тиіс.
9. Құбырлардың кеме жүзетін өзендермен және каналдармен қиысу орындары жағалауларда навигациялық белгілермен белгіленеді. Навигациялық белгілер магистральдық құбыр салған кезде Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі саласындағы заңнамасына сәйкес орнатылады.
10. Құбырлардың зақымдану ықтималдығын болғызбау үшін оларды төсеудің кез келген түрінде күзет аймағы:
1) су асты өтпе жолдарының бойымен - өтпе жолдардың шеткі сызықтарының осінен әрбір жағынан жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтар арасында орналасқан, су үстінен түбіне дейінгі су кеңістігінің учаскесі түрінде;
2) өнімді тасымалдауға дайындаудың технологиялық қондырғыларының, басты және аралық, қайта айдайтын және құятын насос станцияларының, резервуарлық парктердің, компрессорлық және газ бөлетін станциялардың, өнім өлшейтін тораптардың құятын және ағызатын эстакадалардың, мұнай мен мұнай өнімдерін қыздыратын пункттердің айналасында - аталған объектілер аумағы шекараларының жан-жағынан жүз метр қашықтықта орналасқан тұйық сызықпен шектелген жер учаскесі түрінде белгіленеді.
11. Күзет аймақтарын, оның құрамына кіретін коммуникациялар мен объектілерді қоса, құбырлардың нақты жағдайының материалдары оларды аудандық жер пайдалану карталарына енгізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органдарға берілуге тиіс. Жергілікті атқарушы органдар мүдделі заңды тұлғаларға олардың сұраулары бойынша құбырлардың орналасқан жері туралы мәліметтер береді.
12. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында олардың қалыпты пайдаланылуының бұзылуына не бүлінуіне әкеп соғуы мүмкін іс-әрекет жасауға:
1) навигациялық айырым белгілерін, бақылау-өлшеу пункттерінің орнын ауыстыруға, оларды көмуге және сындыруға;
2) кабель байланысының қызмет көрсетілмейтін пункттерінің люктерін, қақпалары мен есіктерін, тораптық арматуралар тораптарының қоршауларын, катодтық және сорғыту қорғаныс қондырғыларын, желілік және қарап көруге арналған құдықтар мен басқа да желілік қондырғыларды ашуға, крандар мен жылжытқыштарды ашып, жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбырлар телемеханикасы құралдарын қосуға немесе ажыратуға;
3) қоқыс үйінділеріне айналдыруға, қышқылдар, тұздар мен сілтілер ерітінділерін төгуге;
4) жағалауларды бекітетін құрылыстарды, су өткізетін қондырғыларды, құбырларды бұзылудан, ал іргелес аумақтар мен айналадағы жерді тасылатын өнімдердің авариялық жайылып төгілуден сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылыстарды (қондырғыларды) бұзуға;
5) зәкір тастауға, түсірілген зәкірлермен, шынжырлармен, лоттармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбін тереңдететін және топырағын аршитын жұмыстар жүргізуге;
6) от жағуға және ашық немесе жабық от көздерін орналастыруға тыйым салынады.
13. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында магистральдық құбыр желісі меншік иесінің жазбаша рұқсатынсыз кез келген жұмысты атқаруға, оның ішінде ұңғымалар, шурфтар орнатумен және топырақ сынамасын алумен байланысты геологиялық-түсіру, геологиялық-барлау, іздеу, геодезиялық және басқа іздестіру жұмыстарына, сондай-ақ жару жұмыстарын жасауға тыйым салынады. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында жару жұмыстарын жүргізуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргізетін ұйым Жару жұмыстары кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай ережелерінде көзделген тиісті материалдарды табыс еткеннен кейін ғана беріледі.
14. Құрамында күкіртті сутегі бар мұнай және су авариялық жағдайда төгілген кезде оларды дереу жинау және сол жерде залалсыздандыру немесе көмуге алып кету керек.
15. Газ-, мұнай-, конденсат құбырлары қиылысатын темір және су жолдарына, автомобиль жолдарына, жыраларға және басқа да табиғи кедергілерге, бұрылыс бұрыштарына, адамдар көп жиналуы мүмкін пункттерге, газ-, мұнай-, конденсат құбырлары технологиялық тораптарына тиісті қауіпсіздік белгілері мен жазбалар қойылады. Аталған жерлер үшін жобада шығарындылардың қауіптілігін болғызбайтын немесе азайтатын қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс.
223-бап. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды су деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болғызбайтындай немесе барынша азайтатындай етіп жүргізуге міндетті.
2. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы, өзінің келісімшарт аумағында теңіз ластанған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының кінәсі болмаса да, қоршаған ортаға, жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген залал мен шығындар үшін жауаптылықта болады.
33-тарау. Суды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
224-бап. Су объектілерін пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Су объектілерінде суды ортақ пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілеген суды ортақ пайдалану ережелерін сақтауға міндетті.
3. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғаудың, жер қойнауын қорғаудың, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, су ресурстарын молайту мен ұтымды пайдаланудың талаптары мен ережелерін сақтай отырып, сондай-ақ аталған объектілер қызметінің экологиялық салдарлар ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау, жою, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органының оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады.
225-бап. Сарқынды суды ағызып жіберу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Табиғи су объектілерін сарқынды суды ағызып жіберу үшін пайдалануға осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға тиісті экологиялық рұқсат бар болған кезде сарқынды суды жер үсті су объектілеріне және жер қойнауына ағызып жіберуге жол беріледі.
Бұл ретте, сарқынды суды жер үсті су объектілеріне ағызып жіберуге - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша, сарқынды суды жер қойнауына ағызып жіберуге Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.
3. Сарқынды суды жинақтаушысы бар табиғат пайдаланушылар оның қоршаған ортаға әсерін болғызбайтын қажетті шаралар қабылдауға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейін осы жинақтаушылар орналасқан жердің қайта өңделуін жүзеге асыруға міндетті.
4. Табиғат пайдаланушы ластаушы заттардың сарқынды суда белгіленген шоғырлану нормативтерін асыра немесе сарқынды судың құрамына экологиялық рұқсатта көзделмеген жаңа заттарды қоса алмайды. Аталған талаптар бұзылған кезде сарқынды суды ағызып жіберу тоқтатылуға тиіс. Ашық су айдынына ағызылатын су мөлдір, бояусыз, иіссіз болуға, құрамында ауру тудыратын бактериялар және гигиеналық нормативтерден асатын шоғырлануларда адамның денсаулығы мен жануарлар үшін зиянды заттар болмауға тиіс. Ағызылатын судың температурасы Цельсий бойынша 30 градустан аспауға тиіс.
5. Ағызылатын суда бетон мен металды бүлдіріп-бұзатын заттар болмауға тиіс.
6. Сарқынды суды, олардың тазалану деңгейіне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғалу аймақтарындағы, курорттардағы, суға түсуге арналған жерлердегі су айдындарына ағызып жіберуге жол берілмейді.
34-тарау. Ормандарды және өзге де өсімдіктерді пайдалану
кезіндегі экологиялық талаптар
226-бап. Аралық пайдалану мақсатында ағаш кесуді жүзеге асырған кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры санатындағы ормандарда бағалылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелерді реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ғана жүргізіледі.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 227-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
227-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асырған кезде орман пайдаланушылар:
1) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтін, ормандардың жай-күйі мен молықтырылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектілердің жай-күйіне теріс әсерді болдырмайтын немесе оны шектейтін және жануарлар дүниесі мен олардың тіршілік ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізуге;
2) ағаш сүрегін дайындаған кезде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобаларда көзделген техника мен технологияны пайдалана отырып, ормандарды табиғи түрде молықтыру үшін оңтайлы жағдайларды сақтау жөніндегі талаптарды ұстануға;
3) ағашы кесілетін жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудің белгіленген мерзімі аяқталған соң кесілмеген және дайындалған ағаш сүректерін қалдырмауға;
4) ағаш сүрегін дайындаумен бір мезгілде кеспеағаш аймағын кесілген ағаштардың қалдықтарынан тазартуды жүргізуге;
5) мемлекеттік орман қорының орман пайдалануға бөлінген учаскелерінде ағаштың заңсыз кесілуіне және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын өзгедей бұзуға жол бермеуге;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес, орманды қайта жаңартуды қоса алғанда, ағашы кесілген алаңның екі еселенген мөлшерінен астам алаңға ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
7) ағашы кесілген жерлерде және өздерінің қызметі нәтижесінде өскіндері жойылған, ағаш пен бұта өсімдіктері құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебінен жүзеге асыруға;
8) ормандардың санитарлық жай-күйін қамтамасыз ету мен жақсарту жөніндегі ережелерді сақтауға;
9) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде мемлекеттік орман қоры учаскелерін орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
10) мемлекеттік орман иеленушілерді мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшін оларға бөліп берген учаскелерінде орман зиянкестері мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға орман қорының мемлекеттік есебін, мемлекеттік орман кадастрын, мемлекеттік орман мониторингін жүргізу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерін анықтау үшін қажетті ақпаратты беріп тұруға міндетті.
228-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығын ұйымдастыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығын жүргізу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыру ағаш кесудің ғылыми негізделген жүйесін іске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендік негізде тұрақты ормандық тұқым базасын жасау және оны тиімді пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтіп-баптау үшін ағаш кесу мен санитарлық ағаш кесуді қоса алғанда, орманды күтіп-баптау, орман шаруашылығы мақсатында жол салу, басқа да орман шаруашылығы іс-шараларын өткізу нәтижесінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыру жөніндегі іс-шараларды орман мекемелері мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргізеді.
229-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру кезіндегi экологиялық талаптар
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттік орман қорының ағашы кесілген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтіру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнімділігін арттыру, мемлекеттік орман қоры жерлерінің ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсірудің мақсаты бұрын орман өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру жөніндегі іс-шаралар орман өсіру жағдайлары мен экономикалық мақсатқа сәйкестігі ескеріле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзімде өнімділігі жоғары және төзімді екпелер жасауды қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
4. Мемлекеттік орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі жұмыстар көлемі мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
230-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру үшін орман тұқымдары мен екпе материалдарды дайындау, өңдеу, сақтау, орнын ауыстыру, сату және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Сатуға және егу үшін пайдалануға жататын орман тұқымдарының егу сапасын, олардың мемлекеттік стандарттарға, техникалық шарттарға және орман тұқым шаруашылығы жөніндегі басқа да нормативтік құжаттарға сәйкестігін айқындауды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеруден өтпеген орман тұқымдарын сату мен егуге тыйым салынады.
3. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектілерді қалыптастыру, оларды мемлекеттік орман қоры учаскелерінде пайдаланудың режимін белгілеу мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
231-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсірген кезде мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсірген кезде мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
232-бап. Қалалық ормандар мен орман саябақтарында орманды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
Қалалардың шекарасы шегінде орналасқан ормандар (қала ормандары мен орманды саябақтар) халықтың тынығуына, мәдени-сауықтыру және спорт шараларын өткізуге, сондай-ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтауға арналған. Қалалық ормандарда және орманды саябақтарда басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге және осы ормандардың мақсатымен сыйыспайтын орман пайдаланудың өзге де түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
233-бап. Жер учаскелерінің меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш және бұта өсімдіктерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерінің меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешенді жүргізу үшін берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш және бұта өсімдіктерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану Қазақстан Республикасының Орман кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
2. Пайдалануына мемлекеттік орман қоры учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Орман кодексінде белгіленген тәртіппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргізуге және орман қорының мемлекеттік есебін жүргізуге қатысуға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ағаш және бұта өсімдіктерінің жай-күйін, күзетілуін, қорғалуын, пайдаланылуы мен молықтырылуын бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
234-бап. Басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерін күзету, қорғау, пайдалану, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерін күзетуді, қорғауды, пайдалануды, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшін мемлекеттік орман иеленушілердің Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен бөтен жер учаскесін шектеулі мақсатта пайдалану (сервитут) құқығы бар.
2. Табиғи өсіп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсерлерден қорғау үшін басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерінің шекарасын бойлай ені жиырма метр болатын күзет аймақтары белгіленеді.
3. Күзет аймағы шегінде мемлекеттік орман қоры учаскесінің жай-күйіне кері әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынады.
235-бап. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желілік құрылыстарға бөліп берілген белдеулердегі қорғаныштық екпелерді күзету, қорғау және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар