Қазақстан Республикасының
Заңы
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
(2010.02.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 10 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қара
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу саласындағы мақсаттарды, міндеттер мен құқықтық негіздерді айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басым мүдделер - осы Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және мемлекеттік тіркеусіз жарамды деп танылатын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары);
2) бұрын туындаған құқық (құқықтар ауыртпалығы) - 1996 жылғы 1 наурызға дейін туындаған және ол тиісті құқық туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы);
3) есептік тіркеу - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын), оның ішінде бұрын туындаған құқықтарды есепке алу мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) тіркеу;
4) жеке сервитут - үстемдікке ие жылжымайтын мүлік объектісін иеленуіне байланысты емес белгілі бір адамның пайдасына сервитут;
5) жылжымайтын мүлік — жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;
6) жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу (бұдан әрі - мемлекеттік тіркеу) - осы Заң мен өзге де заңдарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі;
7) жылжымайтын мүліктің бастапқы объектісі - әр түрлі функционалдық мақсаттағы ғимараттар және құрылыстар, сондай-ақ ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері;
8) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісі - құқықтарды тіркеу мақсатында меншіктің жеке (бөлек) құқық (өзге де заттық құқық) объектілері ретінде оларға кадастрлық нөмірлер берілетін тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар;
9) жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығы - Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеу;
10) жылжымайтын мүлік объектісін қалыптастыру - жылжымайтын мүлік объектісінің бірегей сәйкестендіру сипаттамаларын белгілеу және оған кадастрлық нөмір беру процесі;
11) қызмет ететін жылжымайтын мүлік объектісі - сервитутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлік объектісі;
12) жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары - жылжымайтын мүліктің орналасқан жерін, түрін, кадастрлық нөмірін, меншік нысанын, құрамдастарының санын, жерлерінің санаттарын, бөлінуін, нысаналы мақсатын, қабатын, ауданын (жалпы, тұрғын, пайдалы) қоса алғанда, жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтер;
13) заңдық талаптар - жылжымайтын мүлікке құқықтарға, онымен жасалатын мәмілелерге қатысты үшінші тұлғалардың даулауы не мүддесінің бар екендігін айғақтайтын заңдық фактілер;
14) кадастрлық нөмір - жылжымайтын мүлік объектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке, қайталанбайтын нөмірі;
15) кондоминиум объектісі - жер учаскесінен (жер учаскелерінен), бастапқы және кейінгі объектілерден тұратын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке меншік белгіленетін кондоминиум нысанындағы мүліктік кешен;
16) құқық белгілейтін құжаттар - солардың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туындайтын, өзгеретін және (немесе) тоқтатылатын құжаттар;
17) құқықтық кадастр — жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың және онымен жасалатын мәмілелердің, азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, “өзен-теңіз” жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар туралы мәліметтердің бірыңғай мемлекеттік тізілімі;
18) бұрын туындаған құқықтарды құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған және егер олар туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келсе, жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) есептік тіркеу;
19) құқықтық кадастрдан мәліметтер - құқықтық кадастрда қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері;
20) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру - үйлердің, ғимараттардың және олардың құрамдастарының құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын айқындау;
21) мемлекеттік тіркеу объектісі - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар мен құқықтар ауыртпалықтары, мәмілелер, сондай-ақ заңдық талаптар;
22) өтініш беруші - құқық иесі, сатып алушы және мүддесі үшін мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатын өзге де адамдар;
23) өтініш берушінің уәкілетті өкілі - өтініш берушінің атынан өтініш беретін және сенімхатқа, заңнамаға, соттың шешіміне не құқықтық актіге негізделген өкілеттіктерге орай мемлекеттік тіркеуге байланысты өзге де әрекетті жүзеге асыратын адам;
24) сервитут - бөтен жер учаскесін және (немесе) жылжымайтын мүліктің басқа да объектісін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану және өзге де қажеттер үшін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы;
25) техникалық паспорт - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерудің нәтижелері бойынша жасалған, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті, бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын белгіленген нысандағы құжат;
26) тіркеу ісі - құқықтық кадастрдың мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін объектілік принцип бойынша сақтау жүзеге асырылатын бөлігі;
27) тіркеуші орган — мемлекеттік тіркеуді жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жүзеге асыратын аумақтық әділет органдары;
28) уәкілетті орган - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мен мемлекеттік техникалық зерттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
29) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе жылжымайтын мүліктің өзге де объектісінің пайдасына сервитут - басқа, әдетте, көрші жылжымайтын мүлік меншік иесінің (өзге құқық иесінің) пайдасына оның қажеттіктерін қанағаттандыру үшін, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, су жүргізу және басқа да мақсаттар үшін белгіленетін сервитут;
30) үстемдікке ие жылжымайтын мүлік объектісі - меншік иесінің (өзге құқық иесінің) бөтен жылжымайтын мүлікті шектеулі нысаналы пайдалану құқығы (сервитуты) бар жылжымайтын мүлік объектісі.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жөніндегі қатынастарға қолданылады.
2. Азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, “өзен-теңіз” жүзу кемелеріне құқықтарды (ауыртпалықтарды) жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілер ретінде тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық авиация, сауда мақсатында теңізде жүзу, ішкі су көлігі саласындағы заңдарымен реттеледі.
3-бап. Мемлекеттік тіркеу объектілері
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) және онымен жасалатын мәмілелердің туындауы, өзгеруі немесе тоқтатылуы, сондай-ақ заңдық талаптар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Осы Заңның 6-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда белгіленген тәртіппен осындай құқық тіркелмейінше, жылжымайтын мүлікке құқықты беру де, оның ауыртпалығы да, өзгеруі немесе тоқтатылуы да құқықтық кадастрда тіркелмейді.
4-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
Жылжымайтын мүлікке мынадай құқықтар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады:
1) меншік құқығы;
2) шаруашылық жүргізу құқығы;
3) оралымды басқару құқығы;
4) кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы;
5) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына кемінде бір жыл мерзімге сервитуттар;
Өзге құқықтар құқық иеленушілердің қалауы бойынша тіркелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәмілелер құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге жатады.
5-бап. Жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалықтарын мемлекеттік тіркеу
Жылжымайтын мүлікке құқықтардың мынадай ауыртпалықтары құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады:
1) кемінде бір жыл мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде жалға беру, өтеусіз пайдалану, сервитуттар, өмір бойы қарауында ұстау құқығы;
2) сенімгерлікпен басқару құқығы, оның ішінде қорғаншылық, қамқоршылық кезінде, мұралық құқық қатынастарында, банкроттықта және басқаларында сенімгерлікпен басқару құқығы;
3) кепіл;
4) тыйым салу;
5) мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде жылжымайтын мүлікті пайдалануға, оған билік етуге немесе белгілі бір жұмыстарды орындауға шектеу қоюы (тыйым салуы);
6) басым мүдделерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жылжымайтын мүлікке құқықтардың өзге ауыртпалықтары.
6-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) өзгерістерін мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлік объектісінің құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі;
2) құқықтық кадастрдың тіркеу парағында қамтылған құқық иесі туралы мәліметтердің өзгеруі;
3) заңнамалық актінің негізінде құқық түрінің өзгеру жағдайын қоспағанда, құқық түрінің өзгеруі;
4) егер олар тіркеу парағында қамтылған мәліметтерге қатысты болса, жылжымайтын мүлік объектісіне белгіленген құқықтардың көлеміне әсер етсе немесе олар тараптардың келісімі бойынша тіркелуге тиіс болса, шарттар талаптарының өзгеруі жатады;
5) егер, бұл осы Заңда, өзге де заңнамалық актілерде немесе тараптардың келісімінде көзделсе, өзге өзгерістер құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады.
7-бап. Мемлекеттік тіркеудің құқықтық маңызы
1. Осы Заңның 4, 5 және 6-баптарына сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды.
Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу сәті болып өтініш берген сәт танылады.
2. Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының тиісті қатынастарды реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес туындайды.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, олар тіркелгеннен кейін жасалған деп есептеледі.
4. Бұрын туындаған құқықтар осы Заңның 6-тарауында көзделген тәртіппен құқықтық кадастрда есептік тіркеуге жатады.
5. Жеке тіркелетін немесе жер учаскелеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеумен бірге тіркелетін бастапқы және кейінгі объектілерге құқықтарды қоспағанда, жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде бір мезгілде жер учаскесімен тығыз байланысты жылжымайтын мүлікке құқықтар тіркелген болып есептеледі.
6. Жылжымайтын мүліктің бір ғана сол объектісіне бірнеше құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) арасындағы басымдықтарды белгілеу кезінде мына ережелерді негізге алу қажет:
1) осы Заңның 4 және 5-баптарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) тіркелмегендердің алдында басымдыққа ие болады;
2) жылжымайтын мүлікке бұрын пайда болған құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) басымдығы құқықтары туындаған күн бойынша азаматтық заңнамаға сәйкес белгіленеді.
7. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді енгізген сәттен бастап құқықтық кадастр және құқық белгілейтін құжат жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) және онымен жасалатын мәмілелерді растайтын бірден-бір ақпарат көзі болып табылады.
Құқықтық кадастрда және құқық белгілейтін құжатта қамтылатын мәліметтерде алшақтықтар болған жағдайда, басымдық алшақтықтың мәні ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
8-бап. Басым мүдделер
Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын басым мүдделер:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жалпы ережелер мен тыйым салулар ретіндегі ауыртпалықтар;
2) нормативтік құқықтық актілердің негізінде туындайтын құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), оның ішінде жалпыға қолжетімді жабық емес жер учаскелерінде болу және олардан жаяу өту құқығы, жария сервитуттар;
3) кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы;
4) бөтен жылжымайтын мүлікті бір жылдан аз мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде бір жылдан аз мерзімге жалдау, өтеусіз пайдалану құқығы, сервитуттар;
5) электр желілеріне, телефон және телеграф желілеріне және бағандарға, құбырларға, геодезиялық нүктелерге және қоғамдық қажеттіктермен шарттастырылған басқа да коммуникациялық желілерге адамдардың қол жеткізу және көлік өту құқығы;
6) иелену мерзімінің ескіруіне орай іс жүзіндегі иесінің жылжымайтын мүлікке меншік құқығын белгіленген тәртіппен танығанға дейін құқық иесі болып табылмайтын адамдардың жылжымайтын мүлікті іс жүзінде иеленуі;
7) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларын пайдалану құқығы немесе жергілікті атқарушы органдардың жеке меншік тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайларын пайдалану құқығы болып табылады.
9-бап. Мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімі
1. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адам құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілеуші құжаттар берілген сәттен бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге тиіс.
2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді бұзуы Қазақстан Республикасының заңында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. 2009.22.04. № 151-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
4. Мемлекеттік органдар мен уәкілетті адамдар салатын құқықтар ауыртпалықтарын және осындай құқықтар ауыртпалықтары құқық иесінің өзінің ерік білдіруінсіз белгіленетін басқа да жағдайларда мемлекеттік тіркеу туралы өтініштер, сондай-ақ заңдық талаптарды тіркеу туралы өтініштер мемлекеттік тіркеуге дереу берілуге тиіс.
10-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және
онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін алым алу
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.
2-тарау. Құқықтық кадастр
11-бап. Құқықтық кадастрды жүргізу
1. Құқықтық кадастрды тіркеуші органдар жүргізеді және онда жылжымайтын мүлікке қолданылатын және тоқтатылған құқықтар және тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары, құқық иелері туралы мәліметтер, құқықтық кадастрдың мәліметтеріне бар сұрау салулар туралы ақпарат қамтылады.
Құқықтық кадастр тіркеуші органға оларды тіркеуге уәкілетті органдар берген азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, «өзен-теңіз» жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді де қамтиды.
2. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және құқықтық кадастрды жүргізуге қажетті басқа да сипаттамаларын ескере отырып жүзеге асырады.
3. Құқықтық кадастрдағы барлық жазбалар жылжымайтын мүліктің әрбір объектісіне және оларға теңестірілген объектілерге жүргізіледі. Жылжымайтын мүлік объектілері кадастрлық нөмірмен сәйкестендіріледі.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) және онымен жасалатын мәмілелерді, жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы барлық жазбаларды тіркеуші орган құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізеді.
Құқықтық кадастрдың бірыңғай ақпараттық жүйесін уәкілетті орган қалыптастырады.
Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесін жүргізудің және пайдаланудың тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Мемлекеттік органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөніндегі өзара іс-қимылының тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
12-бап. Құқықтық кадастрдың құрамы
Құқықтық кадастр:
1) тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабынан;
2) тіркеу кітабынан;
3) құқықтық кадастрдан мәліметтер беруге сұрау салуларды есепке алу кітабынан;
4) тіркеу істерінен;
5) азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, “өзен-теңіз” жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді есепке алу кітабынан;
6) ақпараттық жүйеден тұрады.
13-бап. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабы
1. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабын тіркеуші органдар жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және өзге де тіркеу объектілерін мемлекеттік тіркеуге берілген өтініштердің арасындағы басымдықты есепке алу және белгілеу мақсатында жүргізеді.
2. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабына енгізілген өтініштердің арасындағы басымдық мемлекеттік тіркеуге өтініш берілген күні, сағаты және минуты бойынша белгіленеді.
3. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабының нысанын, мазмұнын және жүргізілу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
14-бап. Тіркеу кітабы
1. Тіркеу кітабы жылжымайтын мүлік объектілеріне толтырылатын тіркеу парақтарынан тұрады.
Жекелеген тіркеу парақтары жылжымайтын мүліктің мынадай объектілеріне:
1) жер учаскесіне;
2) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісіне;
3) онда орналасқан бастапқы жылжымайтын мүлік объектілерімен бірге жер учаскесіне толтырылуы мүмкін.
2. Тіркеу парағы мынадай төрт бөлімнен тұрады:
1) осы баптың 1-тармағында көрсетілген жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары;
2) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе жылжымайтын мүліктің басқа объектісінің пайдасына белгіленетін сервитуттар бөлініп көрсетілген жылжымайтын мүлікке құқықтардың тізілімі;
3) кепіл бөлініп көрсетілген жылжымайтын мүлікке құқықтар ауыртпалықтарының, сондай-ақ жылжымайтын мүліктен туындайтын міндеттемелердің тізілімі;
4) заңдық талаптардың және жылжымайтын мүлікке құқықтардың немесе құқықтар ауыртпалықтарының туындауына әкеп соқпайтын мәмілелердің тізілімі.
3. Тіркеу парағына жазбаларды енгізудің нысаны мен тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
15-бап. Тіркеу ісі
1. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеу ісі әрбір жер учаскесіне жеке жүргізіледі және құқық белгілейтін және тіркеуге берілген өтінішке қоса тіркелген басқа да құжаттардың көшірмелерін, соның ішінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының, жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттардың көшірмелерін, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің осы объектісіне немесе оның құқық иелеріне қатысты тіркеуші органның құжаттарын қамтиды.
2. Кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектісінің әрбір кейінгі объектісіне жеке тіркеу ісі жүргізіледі.
3. Қажет кезде, жылжымайтын мүліктің бірнеше бастапқы объектісі орналасқан жер учаскесіне тіркеу ісі бірнеше том болып жүргізіледі.
16-бап. Құқықтық кадастрдан ақпарат беруге сұрау салуларды есепке алу кітабы
1. Құқықтық кадастрдан ақпарат беруге сұрау салуларды есепке алу кітабын тіркеуші органдар келіп түсетін сұрау салуларды және құқықтық кадастрдан берілген ақпаратты есепке алу мақсатында жүргізеді.
2. Құқықтық кадастрдан ақпарат беруге сұрау салуларды есепке алу кітабының нысанын, мазмұнын және жүргізілу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
17-бап. Құқықтық кадастрдан мәліметтер беру
1. Құқық иесінің сәйкестендіру деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің аты мен туған күнін, заңды тұлғаның атауы мен тіркеу нөмірін) қоспағанда, азаматтар және басқа да құқық иелері туралы ақпаратты ашатын мәліметтер (дербес деректер) берілмейді.
2. Құқықтық кадастрдың тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері сот, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың дәлелді сауалдары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген олардың құзыретіне сәйкес беріледі. Өзге адамдарға аталған ақпарат құқық иесінің келісімімен беріледі.