Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысы
(2010.15.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2010 жылғы 8 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 82-бабының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттің атқарылу және оған кассалық қызмет көрсету ережесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 сәуірдегі № 352 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
3-тармақтағы «27» деген сандар алынып тасталсын.
3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен осы Ереженің бүкіл мәтіні бойынша және 78, 79, 80, 87, 88-қосымшаларда «карт-шоттарды», «карт-шотқа», «карт-шоттарға», «карт-шот», «карт-шоты», «карт-шоттарына», «карт-шотты», «карт-шоттағы», «карт-шоттан», «карт-шотынан», «карт-шотына(н)», «карт шотына», «карт-шотын», «карт-шотындағы», «карт-шоттарынан», «карт-шоттары», «корт/шоттарына», «карт/шот», «карт-шоттың», «карточка-шот» деген сөздер «ағымдағы шоттарды», «ағымдағы шотқа», «ағымдағы шоттарға», «ағымдағы шот», «ағымдағы шоты», «ағымдағы шоттарына», «ағымдағы шотты», «ағымдағы шоттағы», «ағымдағы шоттан», «ағымдағы шотынан», «ағымдағы шотына(н)», «ағымдағы шотына», «ағымдағы шотын», «ағымдағы шотындағы», «ағымдағы шоттарынан», «ағымдағы шоттары», «ағымдағы шоттың» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 26 ақпандағы
№ 220 қаулысымен
бекітілген
Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету
ережесі
1-бөлiм. Жалпы ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу және оған кассалық қызмет көрсету тәртібін, мемлекеттік мекемелердің және уәкілетті мемлекеттік органдардың бюджетке түсімдердің түсуін қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ бюджеттің тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бойынша іс-қимыл тәртібін айқындайды.
2-бөлiм. Міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау және жүргізу тәртібі
2-тарау. Қаржыландыру жоспарларының түрлері
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бюджеттің атқарылуы үшін қаржыландыру жоспарларының мынадай түрлерін:
мемлекеттік мекемелер - мемлекеттік мекеменің міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарын (бұдан әрі - міндеттемелер бойынша жеке жоспар) және мемлекеттік мекеменің төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарын (бұдан әрі - төлемдер бойынша жеке жоспар);
бюджеттік бағдарламалар әкімшісі - міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарын және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын (бұдан әрі - бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыру жоспары);
бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган - түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын әзірлейді.
Қаржыландырудың жеке жоспарлары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін қаржыландыру жоспарлары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдеріне, кезекті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларына, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтініміне, Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасына (бұдан әрі - ҚР ББС), Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің анықтамалығына (бұдан әрі - Мемлекеттік мекемелердің анықтамалығы) сәйкес және осы Ережеде белгіленген тәртіппен әзірленеді.
Қаржыландырудың жеке жоспарлары бөлшек қалдықтары бар, үтірден кейін бір белгісі бар сандармен мың теңгемен қалыптастырылады, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландыру жоспарлары, бюджетке түсетін түсімдердің жиынтық жоспары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бөлшек қалдықсыз бүтін сандармен мың теңгемен қалыптастырылады.
3-тарау. Қаржыландырудың жеке жоспарларын, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын және түсімдер жоспарларын
жасау және бекіту тәртібі
3. Бюджеттің атқарылу процесінде қаржыландырудың жеке жоспары мемлекеттік мекеменің негізгі құжаты болып табылады ол: осы Ереженің 1-4-қосымшаларына сәйкес нысан бойынша шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасына сай міндеттемелер бойынша жеке жоспар, төлемдер бойынша жеке жоспар нысанында қалыптастырылады.
4. Міндеттемелер бойынша жеке жоспар бюджеттік бағдарламалардың іс-шараларын іске асыруға арналған бюджет қаражатының жылдық көлемдері шегінде ақшалай түрдегі мемлекеттік мекеме қабылдаған міндеттемелердің ай сайынғы көлемдерін анықтайды.
5. Төлемдер бойынша жеке жоспар қабылданған міндеттемелерді орындау есебінен төлемдерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекемеге қажетті бюджет қаражатының жылдық көлемдері шегінде бюджет қаражатының ай сайынғы көлемін анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларының жобаларын шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасы бойынша мемлекеттік мекемелер мынадай талаптардың:
бюджет комиссиясы мақұлдаған және бюджетті бекіткен немесе бекіту немесе нақтылау кезінде қабылданған шешімдерді ескере отырып пысықталған бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімінде (бұдан әрі - бюджеттік өтінім) ұсынылған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша шығыстардың есептері;
бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мақсатында қабылданған нормативтік құқықтық актілер;
басқа да нормативтік құқықтық актілер;
міндеттемелерді уақтылы қабылдауды және орындауды қамтамасыз ету;
өткен қаржы жылдарында міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларының орындалу серпіні негізінде;
шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын ескере отырып әзірлейді.
Экономикалық сыныптама ерекшелiктерi тұрғысынан мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарының жылдық сомасын айлар бойынша бөлу мiндеттемелердi қабылдау мерзіміне, операциялық жоспарда көзделген iс-шараларды орындау мерзiмiне немесе мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсiмдердi өткізу мерзiмiне, жұмыстарды жүргiзу маусымдылығына, бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) iске асыру үшiн нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау мерзiмiне сәйкес келуi тиiс.
Төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарының жылдық сомасын айлар бойынша бөлу операциялық жоспарда көзделген әрбір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша тиісті қаржы жылы ішінде іс-шараларды іске асыру мерзіміне сәйкес алынатын тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша төлемдерді жүзеге асыру мерзіміне сәйкес келуі және аванстық төлемдерді төлеудің болжамды мерзімін ескеруі тиіс.
7. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және бағдарламалық құжаттарда көзделген міндеттерді орындау мақсатында заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын арттыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды іске асыратын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының бюджеттік бағдарламалар нысанында белгіленген іс-шаралар мерзімдеріне сәйкес міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын жасайды.
8. Қаржыландырудың жеке жоспарларының жобаларына орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - басшы немесе ол өкілеттік берген тұлға, олардың жасалуына жауапты мемлекеттік мекеменің құрылымдық бөлімшесінің басшысы, ал соңғылары болмаған кезде тиісті бұйрықтармен міндеттерді атқару жүктелген тұлғалар қол қояды және мемлекеттік мекеменің елтаңбалық мөр бедерімен куәландырылады, жоғарыда көрсетілген тұлғалар қол қойған қаржыландырудың жеке жоспарларының жобаларын айларға бөлу есебі мен негіздемелері қаржыландырудың жеке жоспарларымен бірге оларды белгіленген мерзімде бекіту және бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаржыландыру жоспарларын әзірлеу үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне беріледі.
9. Мемлекеттік мекеме қаржыландырудың жеке жоспарлары жобаларының жасалу дұрыстығын және оларды тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісіне уақтылы берілуін қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары осы Ереженің 5-8-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларын жиынтықтау жолымен қалыптастырылады.
Бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісін қаржыландыру жоспарларының жылдық сомасы кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген, мәслихаттың кезекті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімімен бекітілген сомаларына сәйкес келуі тиіс.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның республикалық бюджет туралы заңын іске асыру туралы қаулысы немесе кезекті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға айларға бөле отырып, жоспарларды айға бөлу негіздемесімен бірге:
бюджеттік бағдарламалар деңгейінде бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасына сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыру жоспарларының жобаларын;
қаржыландырудың жеке жоспарларының жобаларын ұсынады.
Төмен тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттер бойынша, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің бюджеттік кредиттер бойынша қаржыландыру жоспарларының жобаларын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға тұтастай бюджеттік бағдарлама бойынша да, сол сияқты төмен тұрған бюджеттер бойынша да ұсынады. Осы бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыру жоспарларының жобаларына облыс әкімі, республикалық маңызы бар қаланың (астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) немесе төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның басшысы қол қойған әрбір төмен тұрған бюджетті қаржыландыру жоспарлары жобаларының көшірмелері қоса беріледі.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісін қаржыландыру жоспарларының жобаларын бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган белгілеген пішімде қағаз және магнит (электрондық) тасығыштарда, қаржыландырудың жеке жоспарларының жобаларын тек магнит (электрондық) тасығыштарда ғана ұсынады.
Бюджеттік бағдарлама әкімшісі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін қаржыландыру жоспарлары мен қаржыландырудың жеке жоспарлары жобаларының шынайылығын, дұрыс ресімделуін және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 12-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
12. Түсімдер жоспарының жобаларын жасау үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган кірістер бойынша түсімдердің, бюджет кредиттерін өтеудің, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдердің және қарыздардың болжамдық жылдық сомасын бекіту туралы бұйрық, сондай-ақ ерекшеліктер тұрғысында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін, бюджетке түсетін түсімдердің жылдық көлемін бекіту туралы бұйрық (бұдан әрі - бұйрық) әзірлейді. Бюджеттің кіріс бөлігі түсімдерінің болжамдық жылдық сомасын ерекшеліктер бойынша бөлу кірістердің жалпы көлемінен ағымдағы қаржы жылының іс жүзіндегі (күтілетін) түсімдерінің үлес салмағы және бірқатар жылға іс жүзіндегі түсімдер серпіні назарға алына отырып, жүзеге асырылады.
Іс жүзіндегі (күтілетін) түсімдердегі кірістердің үлес салмағы мен серпінін есептеген кезде жоспарланбаған (біржолғы) сипаттағы түсімдер алып тасталады.
Болжамдық жылдық сомасын ерекшеліктер бойынша бөлу кезінде салық және кеден заңнамасына сәйкес салық және басқа да міндетті төлемдерді төлеу ставкалары мен мерзімдері ескеріледі.
Бюджеттің атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бұйрықты әзірлеген кезде қажет болған жағдайда, салық және бюджетке түсетін басқа да түсімдерді өндіріп алуға жауапты уәкілетті органдардан ерекшеліктер тұрғысынан кірістер түсімдерінің болжамды сомасы бойынша ұсыныс сұратады.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 13-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
13. Кезекті қаржы жылына арналған түсімдердің жылдық болжам сомасын және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілген бюджетке түсетін түсімдердің жылдық көлемін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң және мәслихаттардың жергілікті бюджеттер туралы шешімдері қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде бекітеді және бюджеттік сыныптаманың тиісті кодтары бойынша түсімдер жоспарының жобасын жасау үшін салық және бюджетке түсетін басқа да міндетті түсімдерді, салықтық емес түсімдерді, негізгі капиталды сатудан түсетін, трансферттерді, бюджет кредиттерін өтеу сомасын, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды өндіріп алуға жауапты уәкілетті органдарға жібереді.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 13-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Бюджетке түсетін түсімдердің жоспары және ерекшеліктер бойынша бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін бюджетке түсетін түсімдердің жылдық көлемі тиісті бюджет түсімдерінің сомасына және кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңда немесе мәслихаттың кезекті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімінде бекітілген түсімдердің санаттары, сыныптары және кіші сыныптары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорына жіберілетін бюджетке түсетін түсімдердің көлеміне, ал ерекшеліктер бөлінісінде бюджет атқару жөніндегі уәкілетті органның бұйрығына сәйкес келуі тиіс.
Салықтық, салықтық емес түсімдерді, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджет кредиттерін өтеу сомасын, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды өндіріп алуға жауапты уәкілетті органдар бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға қоса берілетін есептеулермен және негіздемелермен осы Ереженің 10-12-қосымшаларына сәйкес айлар бөлінісінде ҚР ББС-ның бюджет түсімдерінің сыныптамасына сәйкес қалыптастырылған түсімдер жоспарларының жобаларын ұсынады.
Осы жобалар бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның бұйрығы қабылданғаннан кейін 2 күннің ішінде беріледі.
15. Бюджеттік алымдар түсімдерінің жоспарларын республикалық бюджет туралы заңға немесе кезекті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне сәйкес және осы Ереженің 16-тарауында анықталатын тәртіппен төмен тұрған бюджеттерден алынатын бюджеттік алымдарды ай сайынғы аудару мөлшерін және төмен тұрған бюджеттер кірістерінің ай сайынғы болжамдық көлемін қолдана отырып, есеп айырысулар негізінде жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады.
Кірістер түсімдерін, бюджеттік кредиттерді өтеуді, қаржы активтерді сатудан түскен түсімдерді және қарыздарды айлар бойынша бөлуді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бюджетке төленетін төлемдерді төлеудің белгіленген мерзімдерін, өткен жылдарға бюджетке түсетін түсімдер серпінін, мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілік серпінін және бағалы қағаздар нарығындағы сұраныстар пен ұсыныстар деңгейін талдауды, жасалған кредиттік шарттар, қарыз шарттары, гранттар туралы келісімдер талаптарын негізге ала отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
Жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілген бюджеттік кредиттер бойынша сыйақылар бойынша жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілген бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша жоспарлардың жобаларын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган аталған түсімдердің коды бойынша тұтастай және сол сияқты төмен тұрған бюджеттер бойынша жасайды.
4-тарау. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасаудың және бекітудің тәртібі
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
16. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджетке түсетін түсімдердің жиынтық жоспары жобасының, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша осы Ереженің 13-16-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша, қаржыландыру жоспарларының жобалары негізінде жасалады.
Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджет түсімдері сыныптамасының санаттары, сыныптары, кіші сыныптары және ерекшеліктері бойынша жасалатын түсімдердің жиынтық жоспарынан және бюджет шығыстары функционалдық сыныптамасының функционалдық топтары, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджеттік бағдарламалар бойынша жасалатын төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарынан тұрады. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары осы Ереженің 16-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасалады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 17-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысы қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді.
Облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы облыстың, Алматы және Астана қалаларының әкімдігі жергілікті бюджет туралы облыстық мәслихат шешімін іске асыру туралы қаулы қабылдағаннан кейін 8 жұмыс күні ішінде төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі жергілікті бюджет туралы аудандық мәслихат шешімін іске асыру туралы қаулы қабылдағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді.
18. ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
19. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына енгізу үшін қабылдаған бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларының жобаларын жиынтықтау жолымен және мынадай шарттарды ескере отырып жасалады:
міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларындағы бюджеттік бағдарламалардың жылдық сомасы қабылданған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес келуі тиіс, ал жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша жылдық сома кезекті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешіміне сәйкес келуі тиіс;
міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспары шығыстарының жиын сомаы міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарындағы бюджеттік бағдарламалар сомасына сәйкес келуі тиіс;
жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілетін трансферттер мен кредиттердің сомасы төмен тұрған бюджеттің төлемдер бойынша түсімдері мен қаржыландырудың жиынтық жоспарындағы, міндеттемелері бойынша жиынтық жоспарындағы сияқты дәл сондай көлемде және дәл сол айларда жоғары тұрған бюджеттің қаржыландырудың жиынтық жоспарларында ескеріледі;
төмен тұрған бюджеттен жоғары тұрған бюджетке берілетін трансферттер, кредиттерді қайтару сомасы және жоғары тұрған бюджеттен алынған кредиттер бойынша төмен тұрған бюджет төлеген сыйақы сомасы жоғары тұрған бюджеттің түсімдері бойынша жиынтық жоспарындағы сияқты дәл сол көлемде және дәл сол айларда төмен тұрған бюджеттің қаржыландырудың жиынтық жоспарларында ескеріледі;
Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары теңгерімделуі тиіс, бұл жыл басынан өсу қорытындысымен айлар бойынша түсімдерден шығыстардың артуына жол бермеуді білдіреді.
20. Бастапқы қалыптастырылған және бекітілген жиынтық жоспарлар электрондық дерекқор көшірмесі түрінде қаржы жылының соңына дейін сақталады, оған өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
21. Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерін атқару жөніндегі уәкілетті орган кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Үкіметтің қаулысын бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде төмен тұрған бюджеттерге трансферттер мен бюджеттік кредиттерді аударуға байланысты бюджеттік бағдарламаларға әкімшілік ететін орталық атқарушы органға айлар бойынша бөлінген оларға көзделген трансферттер мен бюджеттік кредиттер сомасын береді.
22. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерін атқару жөніндегі уәкілетті орган облыстық бюджеттер бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді бөлумен байланысты бюджеттік бағдарламаларға әкімшілік ететін жергілікті атқарушы органға айлар бойынша бөлінген облыстық бюджеттен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне берілетін трансферттер мен бюджеттік кредиттер сомасын береді.
23. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық бюджет бойынша міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның басшысы немесе өзі өкілеттік берген тұлға бекітеді, оларды әзірлеуге жауапты бөлімшенің басшысы қол қояды және олардың мөрімен куәландырылады. Жергілікті бюджеттер бойынша - бюджетті атқару жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органның басшысы немесе өзі өкілеттік берген тұлға бекітеді, оларды әзірлеуге жауапты бөлімшенің басшысы қол қояды және олардың мөрімен куәландырылады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның басшысы немесе өзі өкілеттік берген тұлға және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның басшысы болмаған жағдайда, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын тиісті бұйрықпен олардың міндеттерін атқару жүктелген тұлғалар бекітеді.
24. Жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бекітілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде бюджеттік алулар, жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілген кредиттер мен кредиттерді қайтару бойынша сыйақылар сомасын айлар бойынша бөлуді төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға айлар бойынша бөлінген қаржыландырудың жиынтық жоспарларымен бекітілген міндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды қаржыландырудың жылдық сомаларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің каперіне жеткізеді.
Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшілері міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жоспарларын бекіткеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның қаперіне айлар бойынша бөлінген жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттердің сомаларын жеткізеді.