13) 79-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігінде:
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) осы қоғам активтерінің бес және одан да көп пайызын құрайтын сомаға қоғамның мүлкін кепілге (қайта кепілге) беруі;»;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) қоғамның жарғысына, сондай-ақ қоғамның акцияларды шығару проспектісіне сәйкес оның акционерлерінің мүдделерін қозғайтын өзге де ақпарат қоғам акционерлерінің мүдделерін қозғайтын ақпарат деп танылады.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қоғамның акционерлердiң мүдделерiн қозғайтын қызметi туралы ақпарат беру осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде ақпаратты жариялау (акционерлердің назарына жеткізу) мерзімдері көзделмесе, осы ақпарат ол пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жарияланады (акционерлердің назарына жеткізіледі).
Акционерлерге сотта корпоративтiк дау бойынша iс қозғалғаны туралы ақпарат соттың корпоративтiк дау жөніндегі азаматтық iс бойынша тиiстi хабарламасын (шақыруын) қоғам алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде берiлуге тиiс.
Қоғам қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты иеленуші қоғам қызметкерлерiнiң тiзiмiн мiндеттi түрде жүргiзудi қамтамасыз етедi.»;
14) 80-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігінің 11) және 13) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«11) акционерлердің жалпы жиналыстарының хаттамалары, дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалар мен бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), акционерлердің жалпы жиналыстарының күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;»;
«13) директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары мен бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;»;
3-тармақтың бірінші бөлігі «белгіленген тәртіппен» деген сөздерден кейін «, бірақ қоғамға осындай талап келіп түскен күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын.
11. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 14, 119-құжат; 2004 ж., № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат):
1) 9-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) эмитенттің міндеттемелерін қамтамасыз ету болып табылатын, сондай-ақ әрбір активтің құны мен тиісті шарттардың қолданысы аяқталған күні көрсетіліп, сенімгерлікпен басқаруға берілген активтердің жалпы көлемінің кемінде он пайызын құрайтын эмитенттің активтері туралы;
4-2) облигацияларды қамтамасыз ету туралы (қамтамасыз етілген облигациялар шығарылған жағдайда);»;
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«10) облигацияларды ұстаушылардың өкiлi туралы (инфрақұрылымдық облигациялар, айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын шығарған облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлем жүргізілетін облигациялар, сондай-ақ ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);»;
мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
«10-1) облигациялық қарыздың нысаналы мақсаты туралы;»;
4-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Осы баптың 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген облигациялар шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгертуді мынадай шарттар сақталған кезде:
1) эмитент сатып алған облигацияларды қоспағанда, орналастырылған облигациялардың жалпы санының кемінде сексен бес пайызын иеленген ұстаушылар осы шешім үшін дауыс берген;
2) эмитент сатып алған облигацияларды қоспағанда, облигацияларды ұстаушылардың құрамында осы шығарылым облигацияларының он пайызынан астамын иеленген екі және одан да көп адам болған жағдайда, шығарылым шарттарын өзгерту үшін осындай облигацияларды ұстаушылардың жалпы санының жетпіс бес және одан да көп пайызы дауыс берген жағдайда, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы шешімінің негізінде эмитент жүзеге асырады.
Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарына немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.»;
2) 15-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымы қайта құрылымдауды жүргiзген кезде оған, сондай-ақ эмитенттер айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын шығарған облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлем жүргізілетін облигацияларды шығарған жағдайда оларға қолданылмайды.»;
3) мынадай мазмұндағы 18-2-баппен толықтырылсын:
«18-2-бап. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы
1. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көзделген облигацияларды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдау мақсатында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізіледі.
2. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге құқығы бар облигацияларды ұстаушылардың тізімін, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілетін күнгі бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесінің негізінде тіркеуші жасайды.
3. Эмитент осы эмитенттің бағалы қағаздарымен мәмілелер жүзеге асырылатын жүйеде сауда-саттықты ұйымдастырушыға, тіркеушіге, орталық депозитарийге облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізу туралы хабарлама жібереді және облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізу туралы ақпаратты кемінде он бес мың дана таралыммен шығарылатын, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қазақ және орыс тілдерінде таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және (немесе) өзінің интернет-ресурсында және (немесе) қор биржасының интернет-ресурсында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілетін күнге дейін кемінде он бес жұмыс күнінен бұрын жариялайды.
Жарияланымды интернет-ресурта орналастыру уақыты бір айдан кем болмауға тиіс. Интернет-ресурста жарияланымды орналастыру күні мен уақыты көрсетілуге тиіс. Егер облигацияларды ұстаушылардың саны елу ұстаушыдан аспаса, хабарлама ұстаушыларға жазбаша хабарлама жіберу арқылы олардың назарына да жеткізілуге тиіс.
4. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізу тәртібі эмитенттің басқару органы бекітетін эмитенттің ішкі құжаттарымен белгіленеді.
Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысында дауыс беру «бір облигация - бір дауыс» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешім қабылдауы осы Заңның 9-бабы 4-1-тармағында белгіленген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Эмитент көрсетілген мерзімде қабылданған шешім туралы уәкілетті органды, орталық депозитарийді және тіркеушіні хабардар етеді.
6. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген облигацияларды шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгерту мәселелері бойынша облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілген күннен бастап, бұқаралық ақпарат құралдарында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешім жарияланғаннан кейінгі күнге дейінгі кезеңде облигацияларды орналастыру және олардың айналымы тоқтатыла тұрады.
Облигацияларды ұстаушылар осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көзделген облигацияларды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдаған жағдайда, облигацияларды орналастыру және олардың айналымын тоқтата тұру мерзімі облигацияларды шығару проспектісіне өзгерістер мемлекеттік тіркелгеннен кейінгі күнге дейін ұзартылады.»;
4) 19-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Инфрақұрылымдық облигациялар, айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын шығарған облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлем жүргізілетін облигациялар, сондай-ақ ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялардың шығарылымы мен айналымы кезiнде эмитент алдында облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигацияларды ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi - өкiл) жүзеге асырады.»;
5) 20-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Өкіл облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында:
1) облигацияларды шығару проспектісінде белгіленген облигацияларды ұстаушылардың алдындағы өзінің міндеттемелерін орындау туралы талаптармен эмитентке;
2) уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына;
3) сотқа жүгінуге құқылы.»;
6) 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын орналастырған (эмитент сатып алған облигацияларды шегергенде) облигациялар бойынша талап құқықтарымен облигацияларды төлеген жағдайларды қоспағанда, облигацияларды төлеу ақшамен ғана жүзеге асырылады. Орналастырылатын облигацияны толық төлегенге дейiн эмитент облигацияларды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесіндегі (номиналды ұстаушыны есепке алу жүйесіндегі) оны иеленушiнiң жеке шотына осы облигацияларды есептеу туралы бұйрық беруге құқылы емес.
Облигацияларды бұрын талап құқықтарымен төленген облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлеуге жол берілмейді.»;
7) 30-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«30-1-бап. Облигациялар шығарылымын жою
1. Облигациялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган мынадай негіздердің бірі бойынша:
1) мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
осы шығарылымдағы бірде-бір облигация орналастырылмаған;
бағалы қағаздардың қайталама нарығында эмитент осы шығарылымның барлық облигациясын сатып алған;
облигациялар айналымының мерзімі біткеннен кейін эмитент осы шығарылымның барлық облигациялары бойынша талап құқықтарын сатып алған;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарын қайта құрылымдау рәсімін жүзеге асырған кезде облигациялар шығарылымын жою туралы эмитент органының шешімі болғанда;
2) тарату үдерісінің аяқталғанын растайтын құжаттарды мәжбүрлі тәртіппен таратылатын эмитенттің тарату комиссиясы ұсынғанда қабылдайды.
Уәкілетті орган облигацияларды жою үшін қажетті құжаттарды ұсынбастан, Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде тарату туралы мәлімет қамтылған эмитенттердің облигациялары шығарылымын жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
2. Облигациялар шығарылымын жою шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
3. Облигациялар эмитентінің ерікті түрде тарату туралы шешімді, егер осындай шешім қабылданған күні ол шығарған облигациялар толық көлемде өтелмесе немесе облигациялар шығарылымы жойылмаса, қабылдауға құқығы жоқ.».
12. «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 15, 87-құжат; 2005 ж., № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 18, 143-құжат; № 19, 149-құжат; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; 2009 ж., № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):
1) 4-баптың 2-тармағының 6) тармақшасындағы «қарау жатады.» деген сөздер «қарау;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы
7) тармақшамен толықтырылсын:
«7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.»;
2) 17-бап мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
«8-1) ақпарат жеткізушіден ақпарат алғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, тиісті субъектінің кредиттік тарихына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;»;
3) 19-баптың 2-тармағының 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) ақпарат беру туралы шартта айқындалған тәртіппен кредиттік тарих субъектісіне қатысты кез келген деректер өзгерген немесе алынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде кредиттік бюроға хабарлауға міндетті.».
13. «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 2, 17-құжат):
1) 1-бапта:
5) тармақша «, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша оларға тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан ірі кәсіпкерлік субъектілері» деген сөздермен толықтырылсын;
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«13) шағым - адамның өзiнiң немесе басқа адамдардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қалпына келтiру немесе қорғау туралы, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалардың, өздеріне тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін жою, сондай-ақ олардың заңсыз шешiмдерiнiң күшiн жою туралы талабы.»;
2) 7-бапта:
2-тармақтағы «заңды тұлғалардың» деген сөздерден кейін «мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін» деген сөздермен толықтырылсын;
6-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.»;
3) 15-баптың 2-тармағының 12) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Осы тармақшаның талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.»;
4) 16-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс қағаздарын жүргізу
Мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғаларда жеке тұлғалардың өтініштері бойынша іс қағаздарын жүргізу және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс қағаздарын жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен іс қағаздарын жүргізудің басқа түрлерінен бөлек, ірі кәсіпкерлік субъектілерінде іс қағаздарын жүргізу жөніндегі ішкі регламентке сәйкес жүргізіледі.».
14. «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу туралы» 2007 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 18, 142-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; № 24, 126-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16-құжат; № 8, 41-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат):
1) 21-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Бұл талап банктік қарыз шартын қамтамасыз ету үшін жасалған кепіл шарттарына қолданылмайды.»;
2) 22-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Құқықтар (құқық ауыртпалықтары) шарттың немесе өзге де мәмiленiң негiзiнде туындаған жағдайларда, оларды нотариат куәландырмаған кезде мәмiленiң барлық қатысушылары белгiленген тәртiппен өтiнiш беруге тиiс.
Банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген, кепілдің басталуын және өзгеруін тіркеуге өтінішті кепіл беруші және (немесе) кепіл ұстаушы береді.
Өтінішті кепіл ұстаушы берген жағдайда, осындай тіркеуге кепіл берушінің нотариатта куәландырылған келісімі талап етіледі.».
2-бап.
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 1-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының он бесінші абзацының, 3) тармақшасының, 4-тармағы 2) тармақшасының сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, елу алтыншы, елу тоғызыншы, алпысыншы, алпыс бірінші, алпыс екінші, алпыс үшінші абзацтарының күші осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады.
Осы Заңның 1-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының отыз бірінші абзацының күші бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды.
Осы Заңның 1-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының елу сегізінші абзацының күші бұрын жасалған банктік қарыз шарттарының ол қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайтын қатынастарына қолданылады, оның шарттарымен қарыз алған күннен бастап бір жылдан асатын мерзімде негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтегені немесе мерзімінен бұрын толық өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алу көзделген.
Осы Заңның 1-бабының 5-тармағы 2) тармақшасының төртінші, бесінші, он үшінші, он төртінші абзацтарының, 3) және 4) тармақшаларының күші, кепілге қойылған жылжымайтын мүлік сот тәртібінен тыс өткізілген ипотекалық шарттарды қоспағанда, бұрын жасалған ипотекалық шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микрокредиттік ұйымдар және кредиттік серіктестіктер өз қызметін оның талаптарына сәйкес келтірсін.
Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган осы Заңның 1-бабының 4-тармағы 3) тармақшасының оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші абзацтарының талаптарына сәйкес өкілдер кеңесін құратын болсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы ақпанның 10-ы.
№ 406-IV