5. Дауыс беру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші алқабилердің қатысуымен жәшікті ашады және әрбір бюллетеньдегі дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесін сұрақ парағында көрсетілген негізгі үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
6. Алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық істе сақталатын конвертке салынып, желімделеді.
7. Егер алдыңғы сұраққа берілген жауап кейінгі сұраққа жауап берудің қажеттілігін жойса, төрағалық етуші алқабилердің көпшілігінің келісімімен сол кейінгі сұрақтың тұсына "жауап берілмейді" деген сөздерді жазады.
8. Егер осы Кодекстің 566-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушілердің көпшілігі дауыс берсе, айыптау шешімі қабылданған болып есептеледі.
9. Егер қойылған негізгі сұрақтардың кез келгеніне берілген құпталмаған жауапқа дауыс берушілердің алтауы және одан да көбі дауыс берсе, ақтау шешімі қабылданған болып есептеледі.
10. Егер сотталушының кінәлілігі туралы мәселе оң шешілсе, онда судья бұл әрекет қылмыс болып табыла ма деген және оның нақ қандай қылмыстық заңда көзделгені (бабы, бөлігі, тармағы) туралы мәселені шешеді, сондай-ақ осы әрекеттер үшін қандай жазалау шарасы көзделгенін алқабилерге түсіндіреді.
11. Судья алқабилердің қатысуымен соттың әрекетті дәрежелеу мәселесін шешкеннен кейін осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 5)-8) және 14) тармақтарында көзделген, шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелер үзіліс жасалмай шешіледі. Егер оған дауыс берушілердің көпшілігі жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған деп есептеледі.
Осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 9) - 13), 15) - 18) тармақтарында және бесінші бөлігінде көзделген мәселелерді судья дербес қарайды.
12. Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, егер осындай шешімге дауыс берушілердің сегізі және одан да көбі дауыс берсе, тағайындалуы мүмкін.
13. Айрықша жазалау шарасы - өлім жазасы судья мен алқабилер бірауыздан шешім шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкін.
14. Судья мен алқабилердің жауаптары бар сұрақ парағына судья мен алқабилер қол қояды және ол іс материалдарына қоса тігіледі.
570-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын шешімдердің түрлерi
Алқабилердің қатысуымен сотта қылмыстық істі талқылау мына шешімдердің бірін:
1) осы Кодекстің 324-бабында көзделген жағдайларда, істі қысқарту туралы қаулыны;
2) алқабилердің қатысуымен сот осы Кодекстің 566-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негізгі үш сұрақтың кем дегенде біреуіне теріс жауап берген жағдайларда, ақтау үкімін;
3) осы Кодекстің 375-бабының екінші бөлігіне сәйкес айыптау үкімін қабылдаумен аяқталады.
571-бап. Үкімнің қаулысы
1. Үкімге осы Кодекстің 44-тарауында белгіленген тәртіппен төрағалық етушінің мынадай ерекшеліктермен қаулысы шығарылады:
1) үкімнің кіріспе бөлімінде екінші судьяның және алқабилердің тегі көрсетілмейді;
2) ақтау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде алқабилердің қатысуымен сот ақтау шешімін шығарған айыптаудың мәні баяндалады және шешімге не мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сілтеме қамтылады;
3) айыптау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде сотталушы жасағаны үшін кінәлі деп танылған қылмыстық әрекеттің сипаттамасы, жасалған әрекеттің дәрежеленуі, жаза тағайындау себептері және азаматтық талапқа қатысты сот шешімінің негіздемесі қамтылуға тиіс;
4) үкімнің қарар бөлігінде апелляциялық сатыға үкімге шағым жасау және наразылық білдіру тәртібі туралы түсінік қамтылуға тиіс.
2. Yкімге іс бойынша төрағалық етуші қол қояды.
572-бап. Сотталушының есі дұрыс емес екендігінің анықталуына байланысты қылмыстық істі қарауды тоқтату
1. Егер алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылау барысында сотталушы өзінің психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес не оны өз іс-әрекеттеріне есеп беру немесе оларды басшылыққа алып жүру мүмкіндігінен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысымен расталған, жан күйзелісі ауруына шалдықты деп есептеуге негіз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етуші алқабилер қатысқан соттың қылмыстық істі қарауды тоқтатуы туралы қаулы шығарады және оны осы Кодекстің 12-бөлімінде көзделген тәртіппен соттың қарауына жібереді.
2. Төрағалық етушінің алқабилер қатысқан соттың істі қарауды тоқтатуы және оны осы Кодексте көзделген жалпы тәртіппен соттың қарауына жіберуі туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және апелляциялық тәртіппен шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
573-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргізу ерекшеліктерi
1. Сот отырысының хаттамасы, осы Кодекстің 328-бабының талаптарына сәйкес, осы бапта көзделген ерекшеліктермен жүргізіледі.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы міндетті түрде көрсетіледі.
3. Төрағалық етушінің жүгінуі сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтіні қылмыстық іс материалдарына тіркеліп, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
4. Сот отырысының хаттамасында соттың іс қарауының бүкіл барысы оның өтуінің дұрыстығын куәландыратындай етіп көрсетуге тиіс.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен тақырыбы өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
61-тарау. Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізудің ерекшеліктерi
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 574-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
574-бап. Алқабилердің қатысуымен сот шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдер мен қаулыларға шағымдану және наразылық беру
Алқабилер қатысуымен соттың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына шағымдану, наразылық беру тәртібі, осы тарауда белгіленген ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің 48-1-тарауында көзделген қағидалармен айқындалады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 575-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
575-бап. Алқабилердің қатысуымен сот қараған істердi кассациялық сатыда жүргізу ерекшеліктерi
1. Кассациялық сатыда сот шешімдерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін жол берілетін дәлелдемелерді талқылаудан негізсіз алып тастау;
2) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді тараптың зерттеуінен негізсіз бас тарту;
3) істің аяқталуына әсер еткен дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтын іс жүзіндегі деректерді сот отырысында зерттеу;
4) осы Кодексте көзделген қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу;
5) төрағалық етуші:
алқабилер алқасын қалыптастырған кезде;
алқабилердің қатысуымен талқылануға жатпайтын мәселелерді талқылаған кезде;
алқабилердің шешуіне жататын мәселелерді тұжырымдаған кезде;
сот жарыссөздерін жүргізген кезде;
төрағалық етушінің алқабилерге арнаған сөзінде жіберген, сот төрелігі үкімінің шығарылуына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар негіз болып табылады.
2. Кассациялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің дәрежеленуінің өзгеруіне сәйкес жазаны жеңілдетуге құқылы. Бұл ретте, кассациялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны ауырлатуға құқылы емес.
3. Қылмыстық іс жүргізу заңының прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеген бұзушылық жағдайларын, сондай-ақ осы баптың бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімі кассациялық сатыда күшін жоймауға тиіс.
62-тарау. Қадағалау сатысындағы сотта іс жүргізу ерекшеліктерi
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 576-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
576-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарау
Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулылары туралы істер бойынша қадағалау сатысында осы Кодекстің 459-бабының бірінші бөлігінің 1), 3), 6) және 7) тармақтарында және екінші бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша іс жүргізілуі мүмкін.
577-бап. Алқабилер қатысқан соттың шешімін қадағалау тәртібімен қайта қараған кезде сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттігіне байланысты айыптау үкімін, сондай-ақ сот қаулысын жазаның жеңілдігіне орай немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыратын өзге де негіздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкімін не қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысын қайта қарауға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Ақмола, 1997 жылғы 13 желтоқсан
№ 206-І ҚРЗ