Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушымен тікелей келіссөздер негізінде өндіруге келісімшарт жасалмаған жағдайда оның келісімшарттық аумақты (келісімшарттық аумақтың бөліктерін) өндіру бойынша одан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау жөніндегі міндеттемесі осы бапта белгіленген тәртіппен өткізілетін конкурстың жеңімпазын анықтау кезінде тоқтатылады.
12. Егер келісімшарт күшіне енгеннен кейін белгіленген мерзімде өндіруге арналған келісімшарт жасалған жер қойнауын пайдаланушы конкурс нәтижелері бойынша кен орнын тапқан және бағалаған тұлғаға барлауға арналған шығындарды осы баптың 5-тармағының талаптарына сәйкес өтемесе, онда мұндай тұлға құзыретті органнан осы жер қойнауын пайдаланушымен жасалған келісімшартты дереу бұзуды немесе қайталама конкурс өткізуді талап етуге құқылы. Бұл ретте, кен орнын тапқан және бағалаған тұлға өндіруге арналған келісімшартты жасасқан және барлауға арналған шығыстарды өтеу жөніндегі міндеттемелерін осы баптың 5-тармағына сәйкес орындамаған тұлғадан залалды өтеуді талап етуге құқылы.
13. Тікелей келіссөздердің не осы бапқа сәйкес өткізілген конкурстың қорытындылары бойынша өндіруге арналған келісімшарт жасалғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 5-тармағы 2) тармақшасының және (немесе) 11-тармағының қағидаларына сәйкес жүргізілген шығыстары осындай өндіруге арналған келісімшарт бойынша шығыстарға жатқызылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.
6-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН КЕЛІСІМШАРТ
61-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың түрлері
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін келісімшарттардың мынадай түрлері:
1) барлауды жүргізу үшін - барлауға арналған келісімшарт;
2) өндіруді жүргізу үшін - өндіруге арналған келісімшарт;
3) бірлескен барлау мен өндіруді жүргізу үшін - бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
4) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды жүргізу және (немесе) пайдалану үшін - барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарт;
5) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу үшін - жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) қолданылады.
Келісімшартты жасасу, орындау, өзгерту немесе тоқтату осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшартты (шартты) қоспағанда, келісімшарттың талаптары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жер қойнауын пайдалану түрлері бойынша модельдік келісімшарттардың ережелері ескеріліп айқындалуға тиіс және мынадай талаптарды:
1) анықтамаларды;
2) келісімшарттың мақсатын;
3) келісімшарттың қолданылу мерзімін;
4) келісімшарттық аумақты;
5) мүлікке және ақпаратқа меншік құқығын;
6) мемлекеттің пайдалы қазбаларды сатып алу және реквизициялау құқығын;
7) тараптардың жалпы құқықтары мен міндеттерін;
8) барлау немесе өндіру кезеңін (келісімшарт түріне қарай);
9) коммерциялық табуды;
10) пайдалы қазбаны өлшеуді;
11) мердігерлік жұмыстарды орындауды;
12) қаржыландыруды;
13) салық салуды;
14) бухгалтерлік есепті;
15) сақтандыруды;
16) консервациялауды немесе таратуды және тарату қорын;
17) жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауды;
18) халықтың және персоналдың қауіпсіздігін;
19) жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығын;
20) еңсерілмейтін күшті;
21) құпиялылықты;
22) құқықтар мен міндеттер беруді;
23) қолданылатын құқықты;
24) дауларды шешу тәртібін;
25) келісімшарт тұрақтылығының кепілдіктерін;
26) келісімшарттың қолданысын тоқтата тұру және тоқтату талаптарын;
27) келісімшарт тілін қамтуға тиіс.
Келісімшарт: қол қойылған бонусты төлеудің мөлшері мен талаптары бойынша; өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстардың мөлшері мен талаптары бойынша; кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша; Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келісімшартты орындау кезінде тартылған қызметкерлерді оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға немесе құзыретті органмен келісілген мамандықтар тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға бағытталатын шығыстардың мөлшері бойынша; тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту бойынша; жұмысқа тартылған шетелдік персоналға қатысты, мердігерлік жұмыстармен айналысатын персоналды қоса алғанда, қазақстандық персонал үшін еңбекақы төлеудің тең жағдайларын қамтамасыз ету бойынша; келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшері бойынша міндеттемелерді қамтуға тиіс.
Келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының технологиялық процестің үздіксіз болуын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мүлікті беру жөніндегі міндеттемелері, сондай-ақ осы Заңның 72-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда құзыретті органның осындай мүлікті беру жөніндегі өкілеттіктерін көрсету қамтылуға тиіс.
Сол бойынша келісімшарт бұған дейін тоқтатылған жер қойнауы учаскесіне келісімшарт жасалған жағдайда жаңа жер қойнауын пайдаланушымен жасалатын келісімшартта, осы Заңның 72-бабының 10-тармағына сәйкес берілген мүліктің құнын қоса алғанда, бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы және сенімгерлікпен басқарушы бұған дейін жүргізген шығындарды өтеу жөніндегі міндеттемелер, сондай-ақ сенімгерлікпен басқарушыға сыйақы төлеу жөніндегі міндеттеме қамтылуға тиіс.
Келісімшарттың талаптары жер қойнауын пайдаланушының өзі қабылдаған, оның ішінде тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша, келісімшартта көзделген салықтық емес сипаттағы төлемдер бойынша міндеттемелерді орындамағаны, тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық төлемі (айыппұлдар, өсімпұлдар) мөлшерін қамтуға тиіс.
Көмірсутек шикізатын өндіруге арналған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының ілеспе газды қайта өңдеу (кәдеге жарату) жөніндегі міндеттемелері қамтылуға тиіс.
Келісімшарт басқа да ережелерді қамтуы мүмкін.
3. Келісімшарт талаптарының Қазақстан Республикасы үшін тиімділігі тікелей келіссөздердің қорытындылары бойынша не конкурстық ұсыныста белгіленген талаптардағыдан төмен болмауы керек.
4. Бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша стратегиялық маңызы және (немесе) күрделі геологиялық құрылымы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты ғана жасалады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе:
барлауды жүргізу кезеңінде мұндай келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңдарында барлауға арналған келісімшарт үшін көзделген ережелер қолданылады;
кен орны табылып, бағаланғаннан және тиісті жобалау құжаттары белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін коммерциялық табумен байланысты өндіруге арналған айрықша құқықтың негізінде келісімшартқа өндіру сатысымен байланысты өзгерістер енгізіледі, содан соң мұндай келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңдарында өндіруге арналған келісімшарт үшін көзделген ережелер қолданылады.
5. Геологиялық немесе тау-кендік бөлу және жұмыс бағдарламасы, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарттарды (шарттарды) қоспағанда, келісімшартқа міндетті қосымшалар болып табылады.
6. Келісімшарттардың талаптарында Қазақстан Республикасы құқығының келісімшарттар бойынша қолданылатын құқық болып табылатыны міндетті түрде көзделуге тиіс.
7. Келісімшарт қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Келісімшарт тараптарының келісімі бойынша келісімшарттың мәтіні өзге тілге аударылуы да мүмкін.
8. Жер қойнауын пайдаланушылардың, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттардың талаптарын орындауын бақылауды құзыретті орган жүзеге асырады.
Кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты жер қойнауын пайдаланушылардың барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттар талаптарын орындауын бақылауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттың талаптарын бұзған жағдайда құзыретті орган, ал кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттарға қатысты - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жазбаша түрде хабардар ете отырып, жер қойнауын пайдаланушының белгіленген мерзімде мұндай бұзушылықты жою жөніндегі міндетін атап көрсетеді.
9. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жасалады.
62-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасын дайындау
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасын конкурстың жеңімпазы не онымен келісімшарт тікелей келіссөздер негізінде жасалатын тұлға әзірлейді және ол келіссөздер арқылы құзыретті органмен немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісіледі.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасы модельдік келісімшарттың, тікелей келіссөздер хаттамасының немесе жеңімпаздың конкурстық ұсынысының және белгіленген тәртіппен әзірленген және бекітілген жобалау құжаттарының негізінде жасалып, бекітілген жұмыс бағдарламасының негізінде әзірленеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасының ережелері келісімшарт талаптарына осы Заңда қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Барлауға, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың жобасы осы Заңның талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының бағалау жұмыстарының жобасын әзірлеу жөніндегі міндеттемелерін көздеуге тиіс.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасы оған қол қойылғанға дейін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасына сонымен қатар құқықтық, экологиялық, экономикалық міндетті сараптамалар жасалуға тиіс.
Сараптама келісімшарт ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келу тұрғысынан жүргізіледі. Сонымен қатар келісімшарт талаптарының соның негізінде конкурс жеңіп алынған конкурстық ұсынысқа немесе тікелей келіссөздер талаптарына сәйкестігін тексеру, жобаны іске асырудың экономикалық жағынан мақсатқа сай болуы мен әлеуметтік мәнін бағалау экономикалық сараптаманың нысанасы болып табылады.
Сараптамалық қорытындыларды тиісті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде күнтізбелік отыз күн ішінде береді, ал экологиялық сараптаманы мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттік орган тиісті сараптаманы жүргізуге қажетті құжаттардың толық пакетін берген кезден бастап үш айдан кешіктірмей береді.
Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол теріс немесе оң болуы мүмкін.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға мемлекеттік органның сараптамалық қорытындыда жазған ескертулерін жою мақсатында келісімшарт жобасын пысықтайды.
Аталған ескертулер жойылған жағдайда мемлекеттік орган қайталама сараптаманы жүргізеді. Мемлекеттік қайталама сараптама жобалау және өзге де құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін өзгерістер енгізілген жағдайларда да жүргізіледі.
Құқықтық және (немесе) экономикалық сараптаманың ескертулерімен келіспеген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға өзінің дәлелді қарсылықтарын құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оларды келісім комиссиясында қарау үшін жіберуге құқылы.
Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынылған қарсылықтарды қарау үшін он күндік мерзімде келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясының құрамына құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының, ескертулер ұсынған мемлекеттік органдардың және келісімшарт жасасуға үміткер тұлғаның өкілдері кіреді. Келісім комиссиясы отырыс нәтижелері бойынша хаттамада көрсетілетін ұсынымдарды әзірлейді. Келісім комиссиясының ұсынымдары ескеріле отырып, келісімшарт қайталама сараптамаға жіберіледі.
4. Келісімшарт жасасуға үміткер тұлға келісімшарттың және жұмыс бағдарламасының жобаларын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келіскенге және қажетті сараптамалардың нәтижелерін алғанға дейін, бірақ жобалау құжаттарын белгіленген тәртіппен бекітуден ерте болмайтындай етіп, келісімшарттың және жұмыс бағдарламасының жобаларын құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына келісуге жіберуге құқылы.
Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыс бағдарламасы бар келісімшарт жобасын келісуді олар келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде жүргізеді.
5. Келісімшарттың және жұмыс бағдарламасының жобаларын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келіскеннен, барлық қажетті сараптамалар жүргізілгеннен және келісімшарт жасасуға үміткер тұлға сараптамалық қорытындыларда көрсетілген барлық ескертулерді жойғаннан кейін келісімшарт жасасуға үміткер тұлға келісімшарт жобасын жұмыс бағдарламасымен, барлық бекітілген жобалау құжаттарымен, келісулердің және сараптамалардың нәтижелерімен қоса түпкілікті келісу үшін құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жібереді.
Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы келісімшарттың және жұмыс бағдарламасының түпкілікті мәтінін келісуді келісімшарт жасасуға үміткер тұлға құжаттарды ұсынған күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде жүргізеді.
63-бап. Жұмыс бағдарламасы
1. Жұмыс бағдарламасы келісімшарттың міндетті бөлігі (қосымшасы) болып табылады, белгіленген тәртіппен әзірленген және бекітілген жобалау құжаттарының негізінде жасалады және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
Жұмыс бағдарламасын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісу келісімшарт жобасына сараптама жүргізумен бір мезгілде жүзеге асырылады. Жұмыс бағдарламасын келісу мерзімі жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға жұмыс бағдарламасы келіп түскен күннен бастап бір айдан аспайтын уақытты құрайды.
2. Жобалау құжаттарының көрсеткіштері өзгерген кезде, соның нәтижесінде жұмыс бағдарламасының көрсеткіштері өзгерсе, жұмыс бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілуге тиіс.
Жобалау құжаттарына өзгерістер енгізуге байланысты жұмыс бағдарламасына өзгерістерді келісу жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның жобалау құжатын бекітуімен бір мезгілде жүргізіледі. Аталған өзгерістер жұмыс бағдарламасына жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы арасындағы келісімшартқа қосымша келісімге қол қою жолымен жұмыс бағдарламасы жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде енгізіледі.
64-бап. Іздестіру жұмыстарының жобасы
1. Барлауға, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа қол қойылғанға және ол тіркелгенге дейін конкурстың жеңімпазы не тікелей келіссөздер негізінде онымен келісімшарт жасалатын тұлға іздестіру жұмыстарының жобасын әзірлейді.
Іздестіру жұмыстарының жобасы аумақтарды зерттеудің іздестіру мен зертханалық-талдамалық зерттеулердің қазіргі заманғы және дәлділігі жоғары әдістерін қамтитын анағұрлым тиімді әрі қарқынды бағдарламасын қамтуға тиіс, олар жер қойнауы учаскесін тиімді әрі кешенді зерттеуді қамтамасыз етуге және пайдалануға берілген жер қойнауы учаскесінің аумағын толық қамтуға тиіс.
Іздестіру жұмыстарының жобасы іздестіру жұмыстары сатысының бүкіл мерзімінде кен орнын іздестіру және табу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған шығындар көрсетілген қаржылық бөлікті қамтуға тиіс.
2. Іздестіру жұмыстарының жобасына міндетті түрде мынадай:
1) мемлекеттік экологиялық;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы;
3) санитарлық-эпидемиологиялық міндетті сараптамалар жүргізілуге тиіс.
3. Іздестіру жұмыстарының жобасын әзірлеу мен келісу мерзімі тікелей келіссөздер негізінде онымен келісімшарт жасалатын тұлға үшін тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап немесе конкурстың жеңімпазы деп танылған тұлға үшін конкурс қорытындылары жарияланған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес не ұлттық басқарушы холдинг және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғалар үшін көзделген сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне сәйкес жобалау жөніндегі жұмыстарды сатып алуды жүзеге асыратын тұлғалар үшін өндіру жұмыстарын жүргізуге арналған жобалау құжаттарын әзірлеу мен келісу мерзімі Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында не ұлттық басқарушы холдинг және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғалар үшін көзделген сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде белгіленген міндетті рәсімдер ескеріле отырып, құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде ұзартылуы мүмкін.
Іздестіру жұмыстарының жобасы алты жылға дейінгі мерзімге әзірленеді.
Құзыретті орган теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде барлауға, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін осы Заңның 69-бабының 1-тармағына сәйкес ұзартқан жағдайда іздестіру жұмыстары жобасының қолданылу мерзімі ұзартылуға тиіс.
4. Кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, пайдалы қазбалар бойынша орталық комиссия іздестіру жұмыстарының жобасын орталық комиссияға жоба келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган орталық комиссиядан ұсыныстар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде бекітеді.
Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша өңіраралық комиссия іздестіру жұмыстарының жобасын өңіраралық комиссияға жоба келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өңіраралық комиссиядан ұсыныстар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде бекітеді.
5. Бекітілген іздестіру жұмыстарының жобасында айқындалған жұмыстардың шарттары мен көлеміне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда іздестіру жұмыстарының жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар жобасы жасалады, оны осы баптың 4-тармағында айқындалған органдар қарайды және бекітеді.
Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген сараптамалардың бірінің теріс қорытындысы болса, жер қойнауын пайдаланушының іздестіру жұмыстарының жобасына осындай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне рұқсат берілмеуі мүмкін.
Бағалау жұмыстарының жобасына өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды қарау және бекіту мерзімі іздестіру жұмыстарының жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар жобасы орталық комиссияға немесе өңіраралық комиссияға келіп түскен күннен бастап бір айдан аспауға тиіс.
6. Бекітілген іздестіру жұмыстарының жобасы келісімшарт жасау және жасасу үшін негіз болып табылады.
Белгіленген тәртіппен бекітілген іздестіру жұмыстарының жобасынсыз, сондай-ақ іздестіру жұмыстары жобасының талаптарын бұзып, кен орындарын іздестіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
65-бап. Бағалау жұмыстарының жобасы
1. Кен орны табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы бұл жөнінде құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына отыз жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бір ай ішінде бағалау жұмыстары сатысына көшуге рұқсат береді. Бағалау жұмыстары сатысына көшу кезінде міндетті түрде келісімшарттың жұмыс бағдарламасына өзгеріс енгізіледі.
Табуды растау мен бағалау мерзімдерін айқындауды құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы бойынша белгілейді. Коммерциялық табуды жер қойнауын пайдаланушы жариялайды.
2. Бағалау жұмыстарының жобасына міндетті түрде мынадай:
1) мемлекеттік-экологиялық;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы;
3) санитарлық-эпидемиологиялық міндетті сараптамалар жүргізілуге тиіс.
3. Бағалау жұмыстарының жобасы кен орны қорларын толық және кешенді бағалау мен есептеу, сондай-ақ кен орны жатқан қабаттың тау-кен-геологиялық жағдайларын, пайдалы қазбаны алудың технологиялық параметрлерін және оны игерудің экономикалық жағынан орындылығын айқындауға қажетті мерзімге әзірленеді.
Бағалау жұмыстарының жобасы бағалау жұмыстары сатысының бүкіл мерзімінде кен орнын зерттеу және бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған шығындар көрсетілген қаржылық бөлікті қамтуға тиіс.
4. Қатты және кең таралған пайдалы қазбалар бойынша бағалау жұмыстары тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасын қамтуы мүмкін.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобалау құжаттарында белгіленген мерзімдер ішінде және көлемдерде пайдалы қазбаны өндіру процесінде де жүргізілуі мүмкін.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің көлемі мен мерзімдері жер қойнауын алдын ала сараптау нәтижелері бойынша айқындалады.
Көмірсутек шикізаты бойынша бағалау жұмыстары сынамалық пайдалану жобасын қамтуы мүмкін.
Сынамалық пайдалану жобасы бұрғыланған барлау ұңғымаларын уақытша пайдалануды көздейді.
Сынамалық пайдалануды жүргізу қажеттігі мен мерзімдері туралы ұсыныстарды орталық комиссия жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
5. Кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, пайдалы қазбалар бойынша бағалау жұмыстарының жобасын және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасын орталық комиссия тиісті жоба орталық комиссияға келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган орталық комиссиядан ұсыныстар алынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде бекітеді.
Сынамалық пайдалану жобасын орталық комиссия жоба орталық комиссияға келіп түскен күннен бастап үш ай ішінде қарайды және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган орталық комиссиядан ұсыныстар алынған кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде бекітеді.
Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша бағалау жұмыстарының жобасын және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасын өңіраралық комиссия тиісті жоба өңіраралық комиссияға келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері өңіраралық комиссиядан ұсыныстар алынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде бекітеді.
6. Бағалау жұмыстарының жобасын әзірлеу және келісу мерзімі бағалау жұмыстарының сатысына көшу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес айдан аспауға тиіс.
7. Бекітілген жобаларда айқындалған жұмыс шарттары мен көлемдерін өзгерту және (немесе) толықтыру қажет болған жағдайда, бекітілген жобаларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың жобалары жасалады, оларды осы баптың 5-тармағында айқындалған органдар қарайды және бекітеді.
Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген сараптамалардың бірінің теріс қорытындысы болса, жер қойнауын пайдаланушының мұндай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне рұқсат берілмеуі мүмкін.
Жобаларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды қарау және бекіту мерзімі орталық комиссияға немесе өңіраралық комиссияға тиісті өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың жобасы келіп түскен күннен бастап бір айдан аспауға тиіс.