3. Сақтандырушының сақтандыру шарты бойынша төлейтiн сақтандыру төлемiнiң мөлшерi осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес шектелген теңiз талаптары бойынша сақтандырылған жауапкершiлiк мөлшерiнен аспауы керек.
196-бап. Жауапкершiлiктi шектеу өлшемдерi
1. Осы Заңның 197-бабында белгiленген ережелер сақталған жағдайда мынадай теңiз талаптары бойынша:
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) адамның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлуiне не мүлiктiң жоғалуына, кем шығуына немесе зақымдануына (бүлiнуiне) байланысты, соның iшiнде кеме бортында не кеменiң пайдаланылуына немесе құтқару операцияларына тiкелей байланысты болған порт құрылыстарының, су бассейндерiнiң, кеме жүретiн жолдардың және навигациялық жағдай құралдарының зақымдануына байланысты қойылатын талаптар;
2) жолаушыларды, багаж бен жүктердi теңiз арқылы тасымалдау кезiнде жеткізу мерзiмiн өткiзiп алуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеу туралы талаптар;
3) шарттан туындамаған, қайта кеменi пайдалануға немесе құтқару операцияларын жүзеге асыруға байланысты құқықтарды бұзу салдарынан келтiрiлген өзге де залалды өтеу туралы талаптар;
4) залалды болғызбау немесе азайту жөнiнде қолданылған шаралар келтірген залал үшін жауапты тұлғадан гөрi, осындай шаралар келтiрген келесi залал үшiн жауапты тұлға ол жөнiнде осы тарауда белгiленген нормаларға сәйкес өз жауапкершiлiгiн шектей алатын тұлғаның талаптары бойынша жауапкершiлiк шектеледi.
2. Егер талаптар керi талап ету тәртібімен немесе шарттан немесе өзгеше түрде туындаған кепiлдiктер негiзiнде қойылса да, осы баптың 1-тармағында көзделген талаптар жауапкершiлiктi шектеуге жатады.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген талаптар, залал үшiн жауапты тұлғамен жасалған шарт бойынша сыйақыға қандай дәрежеде қатысты болғанына қарай жауапкершiлiктi шектеуге жатпайды.
197-бап. Жауапкершiлiктi шектеудiң қолданылмауы
1. Осы тарауда белгiленген ережелер:
1) кеме иесi мен жолаушы Қазақстан Республикасының азаматтары немесе ұйымдары болған жағдайларда, кеме жолаушыларының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы;
2) кеме иесi, құтқарушы және зардап шегушi Қазақстан Республикасының азаматтары немесе ұйымдары болған жағдайларда, кеменi пайдалануға немесе құтқару операцияларына тiкелей байланысты азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу туралы;
3) еңбек мiндеттерi кемеге немесе құтқару операцияларына байланысты кеме иесi қызметкерлерiнің немесе құтқарушының өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды олардың мұрагерлерiне, сондай-ақ олардың асырауындағы немесе олардың күтiмiнде болуға құқығы бар адамдарға өтеу туралы;
4) құтқару операцияларын жүзеге асырғаны үшiн сыйақы, соның iшiнде осы Заңның 183-бабына сәйкес арнаулы өтем немесе жалпы авария бойынша жарна төлеу туралы;
5) теңiздің кемеден аққан мұнаймен ластануынан болған залалды өтеу туралы;
6) қауiптi жүктердi теңiз арқылы тасымалдауға байланысты залалды өтеу туралы;
7) ядролық залалы өтеу туралы;
8) суға батқан кеменi, оның iшiнде сондай кеменiң бортында бар немесе болған нәрсенiң бәрiн судан алып шығуға, аластауға немесе жоюға байланысты;
9) кемеден жүктi аластауға, жоюға немесе зарарсыздандыруға байланысты талаптарға қолданылмайды.
2. Залал үшiн жауапты тұлғаның, егер залал оның әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан болғаны, қасақана немесе өрескел абайсыздықтан жасалғаны дәлелденсе, жауапкершiлiктi шектеуге құқығы жоқ.
198-бап. Жауапкершiлiктiң жалпы мөлшерi
1. Осы Заңның 199-бабында көрсетiлгеннен өзгеше және белгiлi бiр оқиғадан туындаған талаптар бойынша жауапкершiлiктiң жалпы мөлшерi былайша есептеп шығарылады:
1) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу талаптары бойынша:
сыйымдылығы екi мың тоннадан аспайтын кеме үшiн - екi миллион есептiк бiрлiк;
сыйымдылығы екi мың тоннадан астам кеме үшін сыйымдылықтың әрбiр келесi тоннасына осы тармақшаның екiншi абзацында көрсетiлген сомаға:
екi мың бiр тоннадан отыз мың тоннаға дейiн - сегiз жүз есептiк бiрлiк;
отыз мың бiр тоннадан жетпiс мың тоннаға дейiн - алты жүз есептiк бiрлiк;
жетпiс мың тоннадан жоғары - төрт жүз есептiк бiрлiк қосылады.
2) басқа да кез келген талаптар бойынша:
сыйымдылығы екi мың тоннадан аспайтын кеме үшiн - бiр миллион есептiк бiрлiк;
сыйымдылығы екi мың тоннадан астам кеме үшiн сыйымдылықтың әрбiр келесi тоннасына осы тармақшаның екiншi абзацында көрсетiлген сомаға:
екi мың бiр тоннадан отыз мың тоннаға дейiн - төрт жүз есептiк бiрлiк;
отыз мың бiр тоннадан жетпiс мың тоннаға дейiн - үш жүз есептiк бiрлiк;
жетпiс мың тоннадан жоғары - екi жүз есептiк бiрлiк қосылады.
2. Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу талаптары бойынша есептеп шығарылған сома, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, осындай талаптарды толық төлеу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес басқа талаптар бойынша есептеп шығарылған сома азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу талаптары бойынша төленбеген қалдықты төлеу үшiн пайдаланылады, ол басқа талаптармен қатар бара-бар негiзде қанағаттандырылады.
3. Кемеден әрекет етпейтiн немесе тек қана кемеде әрекет ететiн құтқарушы өзiне немесе өзiне қатысты құтқару жөнiнде қызмет көрсетудi ұсынатын құтқарушы жауапкершiлiгiнiң мөлшерi кеме сыйымдылығының екi мың тонна болуы негiзге алына отырып есептеп шығарылады.
4. Сыйымдылығы үш жүз тоннадан аспайтын кеме үшiн жауапкершiлiк мөлшерi осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптар бойынша сыйымдылығы екi мың тоннадан аспайтын кеме үшiн белгiленген жауапкершiлiк мөлшерiнiң алтыдан бiрiне тең сомада есептеп шығарылады.
199-бап. Жолаушылардың талаптары бойынша жауапкершiлiктiң мөлшерi
1. Кеме жолаушыларының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар бойынша, егер олар бiр оқыс жағдай нәтижесiнде пайда болса, кеме иесi жауапкершiлiгiнiң мөлшерi әрбiр жолаушыға шаққанда жүз жетпiс бес мың есептiк бiрлiкке тең сомамен шектеледi. Бұл орайда есеп айырысу жолаушылық куәлiкте көрсетiлген жолаушылар санына сәйкес жүргiзiледi.
2. Осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес кеме жолаушыларының өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар:
1) теңiз арқылы жолаушы тасымалдау шарты бойынша;
2) тасымалдаушының келісімiмен тасымалдау жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша жүзеге асырылатын автокөлiк құралдарымен, жануарлармен бiрге жүру үшiн зардап шегушi қойған немесе оның атынан қойылған талаптар болып табылады.
200-бап. Талаптарды бiрiктiру
1. Осы Заңның 198-бабына сәйкес айқындалған жауапкершiлiк мөлшерi қандай да бiр оқиғадан туындаған барлық талаптар жиынтығына:
1) кеме иесiне, сондай-ақ әрекетiне (әрекетсiздiгiне) кеме иесi жауапты болатын тұлғаға;
2) осы кемеде құтқару жөнiнде қызмет көрсететiн кеме иесiне, осы кемеден әрекет ететiн құтқарушыға, сондай-ақ әрекетi (әрекетсiздігі) үшін кеме иесi немесе құтқарушы жауапты болатын тұлғаға;
3) құтқару жөнiнде қызмет көрсетiлетiн, кемеде емес немесе тек қана кемеде әрекет ететiн құтқарушыға, сондай-ақ әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн құтқарушы жауапты болатын тұлғаға қолданылады.
2. Осы Заңның 199-бабына сәйкес айқындалған жауапкершiлiк мөлшерi қандай да бiр оқиғадан туындауы мүмкiн барлық талаптардың жиынтығына, кеме иесiне, сондай-ақ әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн кеме иесi жауапты болатын тұлғаға қолданылады.
201-бап. Жауапкершiлiктi шектеудiң ерiктi қоры
1. Жауапкершiлiгi жүктелуi мүмкiн тұлға, сол тұлғаның жауапкершiлiгi шектелген талап бойынша, оған талап қою берiлген сотта жауапкершiлiктi шектеу қорын құруы мүмкiн.
2. Жауапкершiлiктi шектеу қоры жауапкершiлiкке әкеп соққан оқиға күнiнен бастап, осындай қор құрылған күнге дейiн осы Заңның 198 және 199-баптарына сәйкес есептеп шығарылатын сома мөлшерiнде құрылады. Жауапкершіліктi шектеу қоры жауапкершiлiктi шектеуге негiз болған талаптарды ғана төлеуге арналады.
3. Жауапкершiлiктi шектеу қоры сот атына депозит жағдайларында ақша енгізу не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот жеткiлiктi деп таныған өзге де қаржымен қамтамасыз етудi ұсыну арқылы құрылуы мүмкiн.
4. Бiрнеше кеме иелерiнiң немесе құтқарушылардың белгiлi бiр оқиғадан туындаған талаптары бойынша жауапкершiлiктi шектеуге құқығы болған жағдайда, осындай тұлғалардың бiрi құрған жауапкершiлiктi шектеу қоры барлық кеме иелерi немесе құтқарушылар құрған деп есептеледi.
202-бап. Жауапкершiлiктi шектеу қорын бөлу
1. Жауапкершiлiктi шектеу қорын бөлу мәселелерi осындай қор құрылған сотта шешiледi.
2. Жауапкершiлiктi шектеу қоры талаптардың белгiленген сомаларына бара-бар талаптары бар тұлғалардың арасында бөлiнедi.
3. Жауапкершіліктi шектеу қорын бөлуге дейiн, талабы бойынша жауапты тұлға немесе оның сақтандырушысы осы қорға талап бойынша өтем төлеген жағдайда, мұндай тұлға осы тарауда белгiленген нормалар негiзiнде оның төлеген сомалары шегiнде өтем алған тұлға ие бола алатын құқықтарды иеленедi.
4. Жауапкершiлiктi шектеу қорын құрған жағдайда, залалдың өтелуiн талап ететiн ешбiр тұлғаның мұндай қорды құрған тұлғалардың қандай да бiр басқа мүлкi есебiнен осындай талапты қанағаттандыруға құқығы жоқ. Бұл орайда сот кеменiң тұтқындалуы мен залалды өтеу туралы талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралардың күшiн жоюға тиiс.
21-тарау. Кемеге теңіз кепілі. Кеме немесе
жасалып жатқан кеме ипотекасы
203-бап. Орындалуы кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлетiн мiндеттемелер
1. Кемеге теңiз кепiлiмен:
1) кеме капитанына және кеме экипажының басқа мүшелерiне олардың кеме бортындағы жұмысы үшiн тиесiлi жалақыға және басқа да сомаларға, соның iшiнде қайтаруға арналған шығыстарға және кеме капитаны мен кеме экипажының басқа мүшелерi атынан әлеуметтiк сақтандыру бойынша төленетiн жарналарға;
2) құрғақта немесе суда кеменi пайдалануға тiкелей байланысты азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеуге;
3) кеменi құтқару үшiн сыйақыға;
4) осы Заңда көзделген алымдарды төлеуге, сондай-ақ лоцманның қызмет көрсетуi үшiн төлемге;
5) кемемен тасымалданатын жүктен, контейнерлерден, багаждан, каюталық багаждан және жолаушылардың заттарынан басқа, кеменi пайдалану кезiнде өзге де мүлiктiң жоғалуы немесе зақымдануы салдарынан келтiрiлген нақты залалды өтеуге қатысты кеме иесiне қойылатын талаптар қамтамасыз етiледi.
2. Егер осындай талаптар:
1) кемелердiң ластануынан келтiрiлген залал немесе теңiз арқылы қауіптi жүктердi тасымалдауға байланысты залал келтiру;
2) ядролық отынның, оның өнiмдерi мен қалдықтарының радиоактивтiк қасиеттерiнiң әсер етуi не олардың радиоактивтiк қасиеттерiнің қауiптi қасиеттерiмен ұштаса отырып әсер етуi салдарынан туындаса, осы баптың 1-тармағының 2) және 5) тармақшаларында көзделген талаптар кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлмейдi.
3. Кеменi конкурстық сауда-саттық (тендер, аукцион) өткізу арқылы соттан тыс тәртiппен мәжбүрлеп сату жағдайын қоспағанда, кемеге меншiк құқығы ауысқан, оның тiркелуi өзгертiлген немесе кеменің туы ауыстырылған жағдайда кемеге теңiз кепiлi күшiн сақтап қалады.
204-бап. Кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптардың басымдықпен қанағаттандырылуы
Осы Заңның 203-бабының 1-тармағына сәйкес кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерден туындайтын талаптар, осы Заңның 220-бабының 3-тармағында көзделген талаптарды қоспағанда, өзге барлық талаптар алдында басымдықпен қанағаттандырылуға тиiс.
205-бап. Кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптарды қанағаттандырудың кезектiлiгi
1. Осы Заңның 203-бабының 1-тармағына сәйкес, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптар олардың аталған тармақтағы кезектiлiк ретi бойынша қанағаттандырылады. Кемеге теңiз кепiлi құқығын беретiн құтқару операциялары жүзеге асырылардан бұрын туындаған, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген басқа да барлық талаптардың алдында кеменi құтқару үшiн сыйақы талаптары қанағаттандырылады.
2. Осы Заңның 203-бабы 1-тармағының 1), 2), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптар әрбiр кезек шегiнде талаптардың мөлшерiне бара-бар қанағаттандырылады.
3. Осы Заңның 203-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген, кеменi құтқару үшiн сыйақы талаптары кезектiлiк шегiнде осындай талаптардың туындаған уақытына керi тәртiппен қанағаттандырылуға тиiс. Талап құтқару операциясы аяқталған кезде туындады деп есептеледi.
206-бап. Кемеге теңiз кепiлінiң тоқтатылуы
1. Егер аталған мерзiм бiткенге дейiн кеме мәжбүрлеу тәртібімен сатылмаған болса, кемеге теңiз кепiлi осы Заңның 203-бабының 1-тармағында көзделген, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптардың туындаған күнiнен бiр жыл өткен соң тоқтатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм:
1) осы Заңның 203-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптар бойынша - осындай талап қойған экипаж мүшесiнiң кемеден босатылу кезiнен бастап;
2) осы Заңның 203-бабы 1-тармағының 2)-5) тармақшаларына сәйкес, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптар бойынша - осындай талап туындаған кезден бастап есептеледi.
Аталған мерзiм тұтқынға алуға жол берiлмейтiн кезеңге тоқтатыла тұрады.
207-бап. Талап құқығын басқаға беру немесе талап құқығының ауысуы
1. Кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талап құқығын басқаға беру немесе талап құқығының ауысуы сонымен бiрге кемеге теңiз кепiлi талабы құқығын басқаға беруге немесе оған құқықтың ауысуына әкеп соғады.
2. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптардың және теңiзде сақтандыру шарты бойынша кеменің меншiк иесiне тиесiлi сақтандыру төлемiн төлеу туралы талаптардың кемеге теңiз кепiлi құқығы бар тұлғаға ауыстырылуына жол берiлмейдi.
208-бап. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi ұстап қалуға құқық
1. Кеменi жасауға, сондай-ақ кеменi жөндеуге, соның iшiнде оны реконструкциялауға байланысты туындайтын талаптарды қамтамасыз ету үшiн кеме жасау және кеме жөндеу ұйымдарының (мердiгер) мұндай кеменi, пайдаланылмаған материалдардың қалдықтарын және тапсырысшы тиiстi сомаларды төлегенге дейiн өздерiнiң қолындағы тапсырысшының басқа да мүлкiн ұстап қалуға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген кеменi ұстап қалуға құқық, егер бұл тек оның тұтқындалуының салдары болмаса, кеме жасау немесе кеме жөндеу ұйымының (мердiгердiң) иелiгiнен кеме немесе жасалып жатқан кеме шығып қалған кезден бастап тоқтатылады.
3. Кеме немесе жасалып жатқан кеме мәжбүрлеп сатылған жағдайда кеме жасау және кеме жөндеу ұйымдарының (мердiгердiң) осы Заңның 220-бабының 4-тармағына сәйкес әлгiндей кеменi сатудан алынған сома есебiнен өз талаптарын қанағаттандыруға құқығы бар.
209-бап. Кеме ипотекасын белгiлеу
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 209-баптың 1-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кеме ипотекасы ақша мiндеттемесiнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кеменiң меншiк иесi (кепiл берушi) мен кредитор (кепiл ұстаушы) арасында осы Заңның 211 және 212-баптарына сәйкес, мемлекеттік тiркелуге тиiстi шарт жасасу арқылы белгiленедi.
2. Кеменiң меншiк иесiнiң келісімiмен, оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар тұлға да кеме ипотекасының кепiл берушiсi болуы мүмкін.
210-бап. Кеме ипотекасының нысанасы
1. Шартта өзгеше көзделмеген жағдайда, кеме ипотекасы нақ сол меншiк иесiне жататын кеме сияқты кеменiң керек-жарағына, сондай-ақ кеменiң опат болуы мен зақымдануына жауаптылық жағдайларында кеменiң теңiздегi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерiне де қолданылады.
Кеме ипотекасы жалдау ақысына қолданылмайды.
2. Шартта өзгеше көзделмеген жағдайда, жасалып жатқан кеменiң ипотекасы оны жасауға арналған және кеме жасау ұйымы орналасқан жерде жатқан және таңбалау арқылы немесе өзге де әдiспен анық бiрдейлендiрiлген материалдар мен жабдықтарға, сондай-ақ жасалып жатқан кеменiң теңiздегi сақтандыру шарты бойынша жасалып жатқан кеменiң опат болуы мен зақымдануына жауаптылық жағдайларында сақтандыру төлемдерiне де қолданылады.
3. Егер екi немесе одан да көп кеме не жасалып жатқан кеме ипотека нысанасы болса, жеке алғанда әрбiр кеменiң мiндеттеменi қамтамасыз ету мөлшерi туралы келісім болмаған жағдайда, мұндай кемелер мiндеттеменi толық мөлшерiнде қамтамасыз етушi болады.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 211-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
211-бап. Кеме ипотекасын мемлекеттік тiркеу
1. Кеме ипотекасы нақ сол кеме тiркелген тiзiлiмде тiркеледi.
2. Осы Заңның 11-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзуге құқық уақытша берiлген шетел кемесiнiң ипотекасын, сондай-ақ шетелдiк алушы үшiн жасалып жатқан кеменiң ипотекасын Қазақстан Республикасында тiркеуге болмайды.
3. Жасалып жатқан кеменiң ипотекасы жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы тiркелген жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде тiркеледi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
212-бап. Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеудiң тәртібі
1. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы кемеге немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын мемлекеттік тiркегеннен кейiн кепiл берушiнің өтiнiшi негiзiнде тiркеледi.
2. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiште:
1) кеменi (кеменiң атауы, порт немесе оның тiркелген орны, кеменiң тiркелiм нөмiрi, үлгiсi және сыныбы, тоннажы) немесе жасалып жатқан кеменi (кеме жасалу жүзеге асырылып жатқан орын, жасалу нөмiрi, кеменiң үлгiсi, кильдiң ұзындығы және басқа негiзгi өлшемдер, тiркелiм нөмiрi) бiрдейлендiретiн деректер;
2) ипотекаға кепiл берушiнiң есiмi мен мекен-жайы;
3) ипотекаға кепiл ұстаушының есiмi мен мекен-жайы немесе оның ұсынушыға белгiленгенi туралы мәлiметтер;
4) екi немесе одан да көп кемелерге не жасалып жатқан кемелерге ипотеканы белгiлегенде, ипотекамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ең жоғары мөлшерi - тараптардың ол туралы келісімi болған жағдайда, мiндеттеменi жеке алғанда әрбiр кеме қамтамасыз ететiн мөлшер;
5) кеме немесе жасалып жатқан кеме ипотекасының аяқталу күнi көрсетiлуге тиiс.
Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiшке кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы туралы шарт осындай шартта аталған құжаттармен қоса берiледi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 3-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын тiркейтiн орган, егер кеменiң немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасы туралы шарт не осындай шартқа қоса берiлетiн құжаттар кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу талаптарына сай келмесе, оны мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.
4. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш алынған күнi тiркеледi.
Теңiз кемелерiнің мемлекеттік кеме тiзілiмiне, кеме кiтабына немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiне, осы баптың 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiште аталған барлық мәлiметтер енгiзiледi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 5-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын тiркейтiн орган кепiл берушi мен кепiл ұстаушыға, Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде, кеме кiтабында немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде бар жазбаларға сәйкес, кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу белгiленген үлгiдегi куәлiк беруге тиiс.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 6-тармағы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен алым алынады.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы ақпарат беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
7. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы тiркелетiн Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiмi, кеме кiтабы немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмi мен тiркеу органына берiлуге тиiстi құжаттар ашық болып табылады және мүдделi тұлғаның олардан үзiндi жазбалар мен осындай құжаттардың көшiрмелерiн алуға құқығы бар.
8. Кеме ипотекасын мемлекеттік тiркеген кезде кеме құжаттарына ол туралы қандай да бiр жазбалар енгізу талап етiлмейдi.
213-бап. Кеме ипотекасымен қамтамасыз етiлген талаптарды басымдықпен қанағаттандыру
1. Орындалуы кеменiң тiркелген ипотекасымен қамтамасыз етiлетiн мiндеттемелер бойынша талаптар, 203-баптың 1-тармағында және 220-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген талаптарды қоспағанда, өзге де барлық талаптар алдында басымдықпен қанағаттандырылуға тиiс.
2. Осы Заңның 220-бабының 4-тармағында көзделген талаптарды қоспағанда, жасалып жатқан кеменiң тiркелген ипотекасымен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерден туындайтын талаптардың алдында ешқандай талаптар басымдықпен қанағаттандырылмауға тиiс.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 214-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
214-бап. Кеме ипотекасымен қамтамасыз етiлген талаптардың қанағаттандырылу кезектiлiгi
1. Егер ипотека белгiленген кеме кепiл берушiнiң басқа талаптарын қамтамасыз ететiн тағы бiр ипотеканың нысанасына айналса, одан кейiнгi кепiл ұстаушының талаптары оның алдындағы кепiл ұстаушылардың талаптарынан кейiн қанағаттандырылады. Кеме ипотекасымен қамтамасыз етiлген мұндай талаптардың қанағаттандырылу кезектiлiгi ипотеканың мемлекеттік тіркелген күнiмен белгiленедi.
2. Кеменің немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасымен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерден туындайтын талаптардың осы баптың 1-тармағында көзделген қанағаттандырылу кезектiлiгi кепiл берушi мен кепiл ұстаушының келісімiмен өзгертiлуi мүмкiн. Мұндай келісім Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде, кеме кiтабында немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
215-бап. Кеме ипотекасының шарты бойынша құқықтарды басқаға беру
1. Кепiл ұстаушы талапты басқаға беру арқылы негiзгi мiндеттеме бойынша кредитордың құқықтарын беру туралы ережелердi сақтай отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес, өзiнiң кеме ипотекасының шарты бойынша құқықтарын басқа тұлғаға беруге құқылы.
2. Кеме ипотекасының шарты бойынша құқықты басқаға берген жағдайда ол тiркелген Теңiз кемелерiнің мемлекеттік кеме тiзілiмiне, кеме кiтабына немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiм не басқаға берiлген датасы туралы және пайдасына берiлген басқа тұлғаның атауы мен мекен-жайы туралы жазба енгiзiледi.
216-бап. Ипотекамен қамтамасыз етiлген кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң сақталуы
Кепiл берушi ипотекамен қамтамасыз етiлген кеменi немесе жасалып жатқан кеменi сақтау және күтiп ұстау жөнiнде тиiстi шаралар қолдануға мiндеттi. Егер осындай мiндеттi орындамау кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң едәуiр құнсыздануына әкеп соқса, кепiл ұстаушы оны мiндеттеменiң орындалу мерзiмi басталғанға дейiн мәжбүрлеу тәртібімен сатуға құқылы.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 217-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
217-бап. Кемеге немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығының ауысуы немесе мемлекеттік тіркеудің өзгертiлуi
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 217-баптың 1-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң тiркелген ипотекасымен қамтамасыз етiлген талаптар қанағаттандырылмаған не барлық кепiл ұстаушылардың жазбаша келісімi болмаған жағдайда порттың теңiз әкiмшiлiгiнiң, осы Заңның 219 және 220-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеменi Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығарып тастауға не жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын мемлекеттік тiркеу туралы жасалып жатқан кемелердiң тiзiлiмiнен алынған жазбаға өзгерiс енгізуге құқығы жоқ.
2. Кеменi Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан не жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын жасалып жатқан кемелер тiзiлімiнен шығарып тастау (ерiктi сату жағдайларын қоспағанда) мiндеттi болып табылған жағдайларда, тiркеу органы кепiл ұстаушылар өз мүдделерiн қорғау жөнiнде тиiсiнше шаралар қолдану үшiн кепiл ұстаушыларға кеменi немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын тиiстi тiзiлiмдерден алдағы уақытта шығарып тасталатыны туралы хабарлама жолдауға тиiс. Олардың келісімi алынбаған жағдайда, кеме немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы тиiстi тiзiлiмдерден ақылға қонымды кезең бiткеннен кейiн, бiрақ кепiл ұстаушыларға хабарланған соң кем дегенде үш айдан кейiн шығарылып тасталады.
218-бап. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi мәжбүрлi сатудың негiздерi
Кепiл берушi борышты төлеу жөніндегі мiндеттеменi орындамаған жағдайда, ипотека салынған кеме немесе жасалып жатқан кеме тұтқындалған кеменiң немесе тұтқындалған жасалып жатқан кеменiң тұрған орнында сот шешiмiнiң негiзiнде сатылуы мүмкін.