99-бап. Жалдау ақысының мөлшерi
1. Жалдау ақысының мөлшерi тараптардың келісімiмен белгiленедi. Тараптардың келісімi болмаған жағдайда жалдау ақысының мөлшерi жүктi тиеу орнында және жүктi тиеу кезiнде қолданылатын ставкалар негiзге алына отырып есептеп шығарылады.
2. Жүк кемеге жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделгеннен көп мөлшерде тиелген жағдайда жалдау ақысының мөлшерi тиiсiнше ұлғайтылады.
3. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделгеннiң орнына кемеге басқа жүк тиелiп, оның тасымалданғаны үшiн жалдау ақысының мөлшерi жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделгеннен көп болған жағдайда, жалдау ақысы шын мәнiнде тиелген жүктiң тасымалданғаны үшiн төленедi.
4. Шын мәнiнде тиелген жүктiң тасымалданғаны үшiн төленетiн жалдау ақысының мөлшерi жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделген жүктiң тасымалдағаны үшiн төленетiн жалдау ақысынан кем болған жағдайда, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделген жалдау ақысы төленедi.
100-бап. Тасымалдау кезiнде жоғалған жүк үшiн жалдау ақысы
1. Тасымалдау кезiнде жоғалған жүк үшiн жалдау ақысы алынбайды немесе қайтарылуға тиiс. Жоғалған жүк құтқарылған жағдайда, тасымалдаушының кеме жүрiп өткен қашықтыққа бара-бар мөлшерде жалдау ақысын алуға құқығы бар.
Кеменің iс жүзiнде жүрiп өткен қашықтығы үшiн жалдау ақысын есептеу кезiнде жолдың кеме жүк алып өткен бөлiгi мен кеменiң келісілген рейсiнiң бүкiл жолының ұзақтығымен арақатынасы есепке алынады.
2. Жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) табиғи қасиеттерiнiң немесе жөнелтушiге байланысты себептердiң салдарынан болған жүктер үшiн жалдау ақысы толық төленедi.
101-бап. Тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы тасымалдау үшiн қабылданған жүктің жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, сондай-ақ жүктi қабылдаған кезден бастап берген кезге дейiн оның жеткiзiлу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн жауапты болады.
2. Егер жүк түсiру портына жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделген, тараптардың келісімiмен белгiленген мерзiмде, мұндай келісім болмаған жағдайда - салыстырмалы мән-жайлар кезінде талап етiлетiн мерзiмде жүк берiлмесе, тасымалдаушы жүктiң жеткiзiлу мерзiмiн өткiзiп алған деп танылады.
3. Тасымалдаушыға жүктің жоғалуына байланысты талап мәлiмдеуге құқығы бар тұлға, егер жүк түсiру портындағы жүктi алуға уәкiлеттi тұлғаға осы баптың 2-тармағында белгiленген жүктi беру мерзiмi бiткеннен кейiн жүк күнтiзбелiк отыз күн iшінде берiлмесе, жүктi жоғалған деп есептей алады.
4. Осы Заңның 105-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тараптардың келiсуiмен тасымалдаушыны жауапкершiлiктен босатуға немесе оның жауапкершiлiгi мөлшерiн шектеуге жол берiлмейдi.
102-бап. Тасымалдаушыны жауапкершiлiктен босату
1. Егер жоғалу, кем шығу, зақымдану (бүлiну) немесе мерзiмiн өткiзiп алу:
1) еңсерілмейтiн күш;
2) теңiздегi және басқа да кеме жүзетiн сулардағы қауiптер немесе кездейсоқтықтар;
3) теңiзде адамдарды немесе мүлiктердi құтқару жөніндегі шаралар;
4) тасымалдаушының кiнәсiнсiз шыққан өрт;
5) мемлекеттік органдардың iс-әрекеттерi немесе өкiмдерi (ұстау, тұтқындау, карантин және басқалар);
6) соғыс қимылдары;
7) жөнелтушiнiң немесе алушының әрекетi (әрекетсiздiгi);
8) жүктiң, оның қасиеттерiнiң байқалмайтын кемшiлiктерi немесе табиғи кемуi;
9) жүктiң ыдыстары мен буып-түйiлуiнiң байқалмайтын кемшiлiктерi;
10) жүктi таңбалаудың жетiспеушiлiгi немесе көмескiлiгi;
11) теңiз портының жұмысын толық немесе iшiнара тоқтатуды не шектеудi туғызған ереуiлдер немесе өзге де мән-жайлар;
12) тасымалдаушының, оның қызметкерлерiнiң немесе агенттерiнiң кiнәсiнсiз туындаған өзге де мән-жайлар салдарынан болғанын дәлелдесе, тасымалдаушы жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, сондай-ақ оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
2. Жүк баратын портына:
1) жүк қойылатын жарамды жайларда, жөнелтушiнiң пломбалары бұзылмай;
2) жолда ашылған iзi жоқ жарамды ыдыста;
3) жөнелтушiнiң немесе алушының өкiлi бiрге келген жағдайда;
4) тасымалдаушының кiнәсi жоқ екенiн дәлелдейтiн өзге де мән-жайлар болған кезде, егер алушы тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) тасымалдаушының кiнәсiнен болғанын дәлелдей алмаса, тасымалдаушы жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
103-бап. Жүктің жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жауапкершiлiгінiң мөлшерi
1. Тасымалдаушы жүктi тасымалдау кезiнде келтiрiлген залалды:
1) жүк жоғалған немесе кем шыққан жағдайда - жоғалған немесе кем шыққан жүктiң құны мөлшерiнде;
2) жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал зақымданған (бүлiнген) жүктi қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайда - оның құны мөлшерiнде;
3) тасымалдауға бағасы жарияланып өткiзiлген жүк жоғалған жағдайда жүктің жарияланған құны мөлшерiнде өтейдi.
2. Жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) туғызғаны анықталған залалды өтеумен қатар, тасымалдаушы жоғалған, кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жүктi тасығаны үшiн өндіріп алынған жалдау ақысын, егер ол жүктің құнына кірмесе, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) қайтарып бередi.
3. Тасымалдауға өткiзiлген жүктiң құны оның сатушы шотында көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасы негiзге алына отырып, ал шот болмаған немесе шартта бағасы көрсетiлмеген жағдайда - мән-жайлар (жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес жүк түсiрiлген немесе түсiрiлуге тиiс болған жердегi және сол күнгi) салыстырыла отырып, әдетте сондай тауарлардан алынатын баға негiзге алына отырып анықталады.
4. Жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн өтелуге тиiстi сомадан жүк иесi жасауға тиiс болған, бiрақ жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) салдарынан жасалмаған жүк тасымалына жұмсалған шығыстар (жалдау ақысы, баж және басқалар) шегерiледi.
104-бап. Тасымалдаушының жауапкершiлiгiн шектеу
1. Жүктiң тегi мен түрiн, сондай-ақ құнын жүк тиелгенге дейiн жөнелтушi жарияламаған және коносаментке енгiзiлмеген жағдайда, тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi, қай соманың жоғары екендiгiне қарай, орын үшiн 666,67 есептiк бiрлiктен немесе жүк түсiрудiң басқа бiрлiгiнен не жоғалған, кем шыққан немесе зақымданған жүк брутто массасының бiр килограмы үшiн екi есептiк бiрлiктен аспауға тиiс.
2. Тасымалдау үшiн қабылданған жүктің жеткiзiлу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес төленуге тиiс жалдау ақысы мөлшерiнен аспауы керек.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес тасымалдаушы өтеуге тиiс жалпы сома осындай жауапкершілік туындаған жүкке қатысты оның толық жоғалғаны үшiн осы баптың 1-тармағына сәйкес белгiленген жауапкершiлiк шегiнен аспауы керек.
4. Жүктi тасымалдауға контейнер немесе арнаулы құрылғы (тұғырық немесе өзгелерi) пайдаланылатын жағдайда, осындай құрылғымен тасымалданғандар ретiнде орындар саны немесе түсiру бiрлiктерi болып коносаментте тiзiп келтiрiлген орындар саны немесе жүк түсiру бiрлiктерi есептеледi. Өзге жағдайларда, мұндай құрылғы жүктiң орны немесе бiрлiгi болып есептеледi.
5. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының тараптары өздерiнiң келісімiмен осы баптың 1-3-тармақтарында көзделгендерден асып түсетiн жауапкершiлiк шектерiн белгiлей алады.
105-бап. Жауапкершiлiктi шектеу құқығын жоғалту
Егер тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) не оны жеткізу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны тасымалдаушының қасақана немесе өрескел абайсыздықтан жасаған әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан болғаны дәлелденсе, оның осы Заңның 104-бабында көзделген жауапкершілiктi шектеуге құқығы жоқ.
106-бап. Нақты тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Осы тараудың тасымалдаушы жауапкершiлiгi жөнiнде белгiленген ережелерi нақты тасымалдаушының өзi жүзеге асырған жүк тасымалы үшiн жауапкершiлiгiне де қолданылады.
2. Егер жүктi немесе оның бiр бөлiгiн тасымалдауды нақты тасымалдаушы жүзеге асырғанның өзiнде де, осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес бүкiл тасымалданған жүк үшін тасымалдаушы жауапты болады.
3. Тасымалдаушы өзiне осы тарауда көзделмеген мiндеттемелердi алғанда немесе осы тарауға сәйкес берiлетiн құқықтардан бас тартқанда негiз болатын келісім, нақты тасымалдаушыға, ол бұған жазбаша нысанда келісім берген жағдайда ғана қолданылады.
4. Тасымалдаушы мен нақты тасымалдаушы жауапты болған жағдайда олардың жауапкершiлiгi ортақ болып табылады.
5. Тасымалдаушының және нақты тасымалдаушының тасымалдау үшiн қабылданған жүктің жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) не оны жеткізу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны үшiн жауапкершiлiгiнiң мөлшерi осы тарауда көзделген шектi жауапкершiлiк мөлшерiнен аспауға тиiс.
107-бап. Жүкті толассыз тасымалдау
1. Тасымалдаушы жүктiң бiр бөлiгiн тасымалдауды тасымалдаушы емес, басқа тұлға жүзеге асыруға тиiс екендiгi көзделетiн толассыз коносамент беретiн жағдайда, толассыз коносаментте тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жүк басқа тұлғаның қарауында болып, ол жүктiң бiр бөлiгiн тасымалдауды жүзеге асырған кезде орын алған мән-жайлардан туындаған жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) не оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынуы үшiн тасымалдаушының жауапты болмайтыны көзделуi мүмкiн. Тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалуын, кем шығуын немесе зақымдануын (бүлiнуiн) не оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынуын осындай мән-жайлар туғызғанын дәлелдеу мiндетi тасымалдаушыға жүктеледi.
2. Жүк тасымалдаудың бiр бөлiгiн жүзеге асырушы тұлға жүк өзiнiң қарауында болған кезде орын алған мән-жайлардан туындаған тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн не оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi туралы осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес жауапты болады.
108-бап. Жөнелтушi мен кеменi жалдаушының жауапкершiлiгi
Егер зиянның өз кiнәсiнен немесе әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн өздерi жауап беретiн тұлғалар кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдемесе, тасымалдаушыға келтiрiлген зияндар үшiн жөнелтушi мен кеменi жалдаушы жауапты болады.
11-тарау. Теңіз арқылы жолаушылар тасымалдау шарты
109-бап. Теңiз арқылы жолаушылар тасымалдау шартының анықтамасы
Теңiз арқылы жолаушылар тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны және жолаушы өткiзген жағдайда багажды баратын портына (пунктiне) апаруға және багажды жолаушыға немесе алуға уәкiлеттi тұлғаға беруге мiндеттенедi, ал жолаушы жол жүргенi, ал багажды өткiзген жағдайда багажды алып жүргенi үшiн де ақы төлеуге мiндеттенедi.
110-бап. Теңiз арқылы жолаушылар тасымалдау шартының нысаны
Теңiз арқылы жолаушылар тасымалдау шарты - билетпен, ал багаж өткiзiлген жағдайда багаж квитанциясымен де ресiмделедi. Билет пен багаж квитанциясының нысаны уәкiлеттi орган бекiтетiн тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
111-бап. Багаж және каюталық багаж
1. Жолаушының баратын портқа (пунктке) багаж және каюталық багаж алып жүруiне құқығы бар.
2. Егер теңiз арқылы жолаушылар тасымалдау шартының талаптары бойынша автокөлiк құралдарын тасымалдау жүзеге асырылса, автокөлiк құралдарына салынған багаж да каюталық багаж деп саналады.
112-бап. Жолаушының жол жүргенi үшiн және оның багажды алып жүргенi үшiн төленетiн ақы
1. Жолаушының жол жүргенi үшiн және оның багажды алып жүргенi үшiн төленетiн ақы тараптардың келісімiмен белгiленедi.
2. Жолаушының жол жүргенi және оның багажды жалпыға ортақ пайдаланылатын көлiкпен алып жүргенi үшiн төленетiн ақыны тасымалдаушы белгiлейдi.
3. Жолаушының:
1) бөлек орын беру құқығынсыз өзiмен бiрге - жетi жасқа дейiнгi, ал халықаралық жол қатынастарында бес жасқа дейiнгi бiр баланы тегiн алып жүруге;
2) жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларға Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы жүзеге асыратын тасымалдау кезiнде билеттiң толық құнының елу процентiн төлеп, билет сатып алуға;
3) бес жастан он екi жасқа дейiнгi балаларға халықаралық жол қатынасында билеттiң толық құнының елу процентiн төлеп, билет сатып алуға;
4) өзiмен бiрге белгiленген норма шегiнде каюталық багажды тегiн алып жүруге;
5) багажды тасымалдауға белгiленген ақы төлеп өткізуге құқығы бар.
113-бап. Жолаушылар мен багажды тасымалдау кезеңдерi
1. Жолаушылар мен багажды тасымалдау мынадай кезеңдердi қамтиды:
1) жолаушыға және оның каюталық багажына қатысты - жолаушыны кеме бортына отырғызу, одан түсiру, сондай-ақ жолаушының және каюталық багаждың кеме бортында болу кезеңi. Жолаушы мен багажды тасымалдауға, егер оның құны билет құнына енгiзiлсе немесе егер қосымша тасымалдау үшiн кеменi тасымалдаушы жолаушының билiгiне берсе, жағалаудан су жолымен кемеге не, керiсiнше, жағалауға жеткізу кезеңi енгiзiледi;
2) кемеге немесе баратын порттың (пункттiң) айлағына (вокзалына) жеткізу үшiн жолаушы өткiзетiн каюталық багажға қатысты - тасымалдаушы, оның қызметкерi немесе агентi каюталық багажды қабылдаған кезден бастап, оны кеме бортындағы немесе баратын порттағы (пункттегi) жолаушыға бергенге дейiнгi кезең;
3) багажға қатысты - тасымалдаушы, оның қызметкерi немесе агентi багажды жағалауда не кеме бортында қабылдаған кезден бастап, багажды жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiнгi кезең.
2. Жолаушыға қатысты тасымалдауға жолаушы теңiз вокзалында, айлағында немесе өзге де порт ғимаратында болған кездегi кезең енгiзiлмейдi.
114-бап. Теңiз арқылы жолаушы тасу шартынан бас тарту
1. Жолаушы кеме кеткенге дейiн, сондай-ақ рейс басталғаннан кейiн, жолаушыларды отырғызу немесе түсiру үшiн кеме кiрген кез келген портта теңiз арқылы жолаушы тасу шартынан бас тартуға құқылы.
2. Тасымалдаушы теңiз арқылы жолаушы тасымалдау шартын орындаудан өзiне байланысты емес мынадай мән-жайлар туындаған кезде:
1) соғыс қимылдары және кеменi басып алу қатерiн төндiретiн өзге де iс-қимылдар;
2) жөнелту портының (пунктiнiң) немесе баратын портының (пунктiнiң) қоршауға алынуы;
3) кеменi мемлекеттік қажеттерге тарту;
4) кеме опат болған немесе оны басып алған;
5) кеме жүзуге жарамсыз деп танылған;
6) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларда;
7) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда бас тартуға құқылы.
3. Осы бапта көзделген мән-жайлар туындаған кезде теңiз арқылы жолаушы тасымалдау шартын орындаудан бас тартқан тасымалдаушы өз есебiнен жолаушыны оның талап етуi бойынша шыққан портына (пунктiне) жеткізуге немесе жолаушыға шеккен шығыстарын өтеуге мiндеттi.
4. Жолаушы теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан кеме кеткенге дейiн бас тартқан жағдайда оған жол жүргенi және багажды алып жүргенi үшiн төленген соманың бәрi, ал рейс басталғаннан кейiн - жолаушыны тасымалдау жүзеге асырылмаған қашықтыққа бара-бар мөлшерде жол жүруi және багажды алып жүруi үшiн төленген соманың бiр бөлiгi қайтарылады.
5. Жол жүргенi және багажды алып жүргенi үшiн төленген ақыны қайтару уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен жүргiзiледi.
115-бап. Теңiз арқылы жолаушы тасымалдау шартының өзгертiлуi
1. Егер жөнелтiлу портындағы (пунктіндегі) баратын порттағы (пункттегi) немесе жолаушы тасымалдау маршрутымен жүрiп келе жатқан жолдағы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан, сондай-ақ тасымалдаушыға байланысты емес басқа да мән-жайлардың салдарынан осындай әрекеттер жасау қажет болса, тасымалдаушы кеменiң кетуiн кiдiрте тұруға, жолаушыны тасымалдау маршрутын, жолаушыны отырғызу және (немесе) түсiру орнын өзгертуге құқылы.
Осы тармақта аталған жағдайларда тасымалдаушы өз есебiнен жолаушыны оның талап етуi бойынша шыққан портына (пунктiне) жеткізуге немесе жолаушыға шеккен шығыстарын өтеуге мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелердiң жолаушының теңiз арқылы жолаушы тасу шартынан бас тарту құқығына қатысы жоқ.
116-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлгенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Егер зиян жәбiрленушiнің қасақана пиғылы немесе еңсерiлмейтiн күш салдарынан келтiрiлгенiн дәлелдей алмаса, тасымалдаушы жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлуi салдарынан туындайтын мән-жайлар бойынша Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жауапкершiлiктi мойнына алады.
Егер тасымалдаушы басқа адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерi салдарынан кеме өз иеленуiнен шығып қалғанын дәлелдесе, ол келтiрiлген зиян үшiн жауап бермейдi. Мұндай жағдайларда жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн кеменi құқыққа қарсы иеленiп алған тұлғалар жауапты болады. Кеменiң өз иеленуiнен құқыққа қарсы алып қойылуына тасымалдаушының кiнәсi болған жағдайда тасымалдаушыға да, кеменi иеленiп алған тұлғаларға да жауапкершiлiк жүктелуi мүмкiн.
2. Егер жолаушының өрескел абайсыздығы оның қайтыс болуына немесе денсаулығының зақымдануына себеп болғанын не оның қайтыс болуына немесе денсаулығының зақымдануына себепшi болғанын дәлелдесе, тасымалдаушы жауапкершiлiктен iшiнара босатылуы мүмкiн.
117-бап. Тасымалдаушының багаждың жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Егер багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) өз кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жолаушы багажының жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жауап бередi.
2. Тасымалдау кезiнде багажға келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген тәртiппен өтеледi.
3. Егер ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмiстен, асыл заттардан жасалған бұйымдар, әшекей заттар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар, оларды тұтас күйінде сақтауға келiскен тасымалдаушының сақтауына өткiзiлмесе, тасымалдаушы мұндай құндылықтардың жоғалуына, кем шығуына немесе зақымдануына (бүлiнуiне) жауап бермейдi. Сақтауға өткiзiлген құндылықтар үшiн тасымалдаушы толық көлемiнде жауапты болады. Шартта жауапкершiлiктiң осы Заңның 104-бабында белгiленгенiнен артық шектi мөлшерi көзделуi мүмкiн.
118-бап. Багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы мәлiмдеме
1. Жолаушы мынадай мерзiмдерде тасымалдаушыға немесе оның агентiне:
1) каюталық багаж жоғалған, кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жағдайда - жолаушы түскенге дейiн немесе түскен кезде;
2) багаж жоғалған, кем шыққан жағдайда - жолаушы түскен күннен немесе багаж берiлуге тиiс болған кезден бастап он бес күн iшiнде;
3) багаж зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның берiлген кезiнде;
4) багаж немесе каюталық багаж байқалмайтындай зақымданған (бүлiнген) жағдайда - ол берiлгенiнен бастап он бес күн iшiнде жазбаша нысанда мәлiмдеме жiберуге тиiс.
2. Жолаушы осы бапта көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, егер өзгеше дәлелденбесе, жолаушы өз багажын зақымданбаған күйiнде алды деп саналады.
3. Егер багажды алу кезiнде тасымалдаушы жолаушымен бiрге багажды қарап шықса немесе оның жай-күйiн тексерiп, ол туралы тиiстi акт жасаса, жолаушының жазбаша нысандағы мәлiмдемесi талап етiлмейдi.
119-бап. Сақтаудың шектi мерзiмiнiң өтуi бойынша багажға билiк ету
Егер жолаушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған болса, тасымалдаушы оны билетке сәйкес жолаушыны тасымалдау аяқталған теңiз портына өткізуге құқылы.
Мұндай багажды сақтау мен оған билiк ету тәртібі тасымалдау ережелерiмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
120-бап. Тасымалдаушының кеменi жөнелтудi кiдiрткенi немесе кеменiң кешiгiп келгенi үшiн жауапкершiлiгi
Егер тасымалдаушы кеменi жөнелтудi кiдiрткенi немесе оның кешiгiп келуi тасымалдаушыға байланысты емес мән-жайлардың салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушыларды тасымалдаушы кеменi жөнелтудiң кiдiртiлгенi немесе кеменiң баратын портқа (пунктке) кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы жолаушыға кiдiрiстiң әрбiр сағаты үшiн билет құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бiрақ ол жолаушының жол жүруi үшiн төлеген және оның багажды алып жүруi үшiн төлеген ақысының елу процентiнен аспауы керек.
121-бап. Нақты тасымалдаушы
1. Жолаушы тасымалдау немесе тасымалдаудың бiр бөлiгін жүзеге асыру нақты тасымалдаушыға тапсырылған жағдайда, тасымалдаушы бүкiл жолаушы тасымалы үшiн осы тарауда белгiленгендей жауапты болады. Бұл орайда нақты тасымалдаушының өзi жүзеге асыратын жолаушы тасымалдауға қатысты осы тарауда көзделген құқығы мен мiндетi болады.
2. Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын жолаушы тасымалдауға қатысты өз мiндеттерi (өкiлеттiктерi) шегiнде әрекет еткен нақты тасымалдаушының, оның қызметкерлерiнiң немесе агенттерiнiң әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн тасымалдаушы жауапты болады.
3. Нақты тасымалдаушының қосымша мiндеттерi жазбаша нысанда жасалған келісімде белгiленедi.
4. Егер жауапкершiлiктi тасымалдаушы мен нақты тасымалдаушы мойнына алған жағдайда олардың жауапкершiлiгi ортақ болып табылады.
122-бап. Жолаушылар тасу кестесі
Жолаушылар тасымалдайтын кемемен жолаушылар тасымалдауды кесте бойынша тасымалдаушы ұйымдастырады.
Жолаушылар тасымалдау кестесiн өзгерту тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
123-бап. Мүдделi тұлғалардың ұсыныстары бойынша жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру
Жолаушылар тасымалдау тиiстi шарт жасала отырып, мүдделi тұлғалардың ұсыныстары бойынша ұйымдастырылуы мүмкiн. Мұндай тасымал үшiн төленетiн ақы, соның iшiнде жолаушы мен оның багажын алып жүру үшiн төленетiн ақы тараптардың келісімiмен белгiленедi.
12-тарау. Кемені экипажымен жалдау
(тайм-чартер) шарты
124-бап. Тайм-чартердiң мазмұны
Тайм-чартерде тараптардың атауы, кеменiң атауы, оның техникалық және пайдаланылу деректерi (жүккөтергiштiгi, жүксыйымдылығы, жылдамдығы және басқалар), жүзу ауданы, кеменi жалдау мақсаты, кеменiң берiлетiн және қайтарылатын уақыты, орны, жалдау ақысының ставкасы, шарттың қолданылу мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
125-бап. Кеменi қосалқы жалдау (субтайм-чартер) шарты
1. Тайм-чартерде өзгеше көзделмеген жағдайда, кеменi жалдаушының тайм-чартерде берiлген құқықтар шегiнде өз атынан субтайм-чартер жасасуға құқығы бар. Субтайм-чартер жасасу кеменi жалдаушыны кемесiмен жалданушымен жасасқан тайм-чартердi орындаудан босатпайды.
2. Субтайм-чартерге осы тарауда көзделген ережелер қолданылады.
126-бап. Тайм-чартер бойынша кеменің теңiзде жүзу жағдайын қамтамасыз ету
1. Кеме иесi кеменi жалдаушыға кеменi берер кезде оны теңiзде жүзу жағдайына келтiрiп қоюға - тайм-чартерде көзделген кемені жалдау мақсаттары үшін кеменің (оның корпусының, двигателiнің және жабдықтарының) жарамдылығын қамтамасыз ету жөнiнде, кеме экипажын жасақтау және кеменi тиiсiнше жарақтандыру жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Кемесiмен жалданушы да тайм-чартердiң қолданылу мерзiмi ішінде кеменi теңiзде жүзу жағдайында ұстауға, кеменi және өзiнiң жауапкершілігiн сақтандыруға, сондай-ақ кеме экипажы мүшелерiн ұстауға жұмсалатын шығыстарды төлеуге мiндеттi.
127-бап. Кеменi жалдаушының кеменi коммерциялық мақсатта пайдалану және оны қайтару жөніндегі мiндеттерi
1. Кеменi жалдаушы кеменiң және оның экипажы мүшелерiнiң көрсететiн қызметтерiн олардың тайм-чартерде белгiленген мақсаттары мен талаптарына сәйкес пайдалануға мiндеттi. Кеменi жалдаушы кеменi коммерциялық мақсатта пайдалануға байланысты шығыстарды төлейдi.
Жалдап алынған кеменiң және оның экипажы мүшелерiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану нәтижесiнде алынған кiрiстер кеменi жалдаушының меншiгi болып табылады, бұған осы Заңның 132-бабына сәйкес кемесiмен жалданушы және кеменi жалдаушы арасында бөлiнетiн құтқарудан түскен кiрiстер қосылмайды.
2. Тайм-чартердiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн кеменi жалдаушы кемесiмен жалданушыға, кеменiң қалыпты тозуын ескере отырып, ол қандай күйде алынған болса, сондай күйде қайтаруға мiндеттi.
3. Кеменi уақтылы қайтармаған жағдайда кеменi жалдаушы кеменi кiдiрткенi үшiн тайм-чартерде көзделген жалдау ақысы мөлшеріндегі соманы немесе, егер ол тайм-чартерде көзделген жалдау ақысы ставкасынан асып түссе, жалдау ақысының рыноктық ставкасына сәйкес соманы төлейдi.
128-бап. Кеменi жалдаушының жүк иесi алдындағы жауапкершiлiгi
Кеме жүк тасымалдау үшiн кеменi жалдаушыға берiлген жағдайда, кеменi жалдаушы өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға, чартерлерге қол қоюға, коносаменттер, теңiз жүк құжаттарын беруге құқылы. Бұл жағдайда кеменi жалдаушы осы Заңның 101-108-баптарының нормаларына сәйкес жүк иесiнің алдында жауапты болады.
129-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң бағыныстылығы
1. Кеме капитаны мен кеме экипажының басқа да мүшелерi кеменi жалдаушының кеменi басқаруға, соның ішінде кеменi жүргiзуге, кемедегi iшкi тәртiпке және кеме экипажының құрамына қатысты өкіміне бағынады.