8. Салыстырымды экономикалық шарттарда «қол созу» принципіне сай келмейтін, осы Заңның 16-бабына сәйкес жүзеге асырылатын пайданы бөлу фактісі анықталған кезде салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету есепті салық кезеңінің қорытындылары бойынша өзара байланысты тараптар арасында жасалады.
Осы тармаққа сәйкес түзету Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес талап етілетін құжаттардың нысандарын ресімдей отырып, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жөнелтілгенін растайтын төлем құжаттарын және бастапқы құжаттарды тиісті өзгертусіз, салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді өзгерту жолымен жүзеге асырылады.
Мәмілеге қатысушының жалпы пайданың бір бөлігін өзара байланысты тараптар арасында бір мезгілде аудара отырып, осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жасаған түзетуі жағдайында алынған пайда есепті салық кезеңінде өткізуден түскен табыс ретінде қаралады, ал берілген пайда есепті салық кезеңінде өткізуден түскен табысты азайту ретінде қаралады.
Осы тармаққа сәйкес салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге жасалатын түзету әрбір мәміле бойынша жеке-жеке, осы баптың 9-тармағында көзделген шарттарды сақтай отырып, тиісті есептер қоса беріле отырып, салық қызметі органдарына табыс етілетін тиісті салық есептілігінде көрсетілуге тиіс.
9. Егер мұндай түзету салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларының өсуіне әкеп соғатын немесе одан әрі өсуіне әкеп соғуы мүмкін болса, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасалады.
10. Бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы кезінде салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге мынадай жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта мәміле бағасы және (немесе) баға белгілеу тәртібі (әдістемесі) белгіленген немесе айқындалған;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен басқа да мемлекеттердің үкіметтері арасындағы келісімдерде мәміле бағасы белгіленген;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мәміле бағасы және (немесе) баға белгілеу тәртібі (әдістемесі) белгіленген кезде түзету жасалмайды.
11. Салық төлеуші кешенді салықтық тексеруді (трансферттік баға белгілеу мәселелері енгізілген жағдайда) және трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тақырыптық тексеруді жүргізу басталғанға дейін салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге дербес түзету жасаған кезде, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомалары қосымша салық есептілігін ұсыну жолымен айыппұл есептелмей енгізілуге тиіс.
12. Осы Заңның 13-бабының 5-тармағында көрсетілген дифференциал қатысушылары жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген мәмілелерге ықпал етпейді және салық салу объектілеріне және салық салумен байланысты объектілерге түзету осы Заңның 13-бабы 5-тармағының ережелері ескерілмей жасалады.»;
8) 11-баптың 3) және 4) тармақшасындағы «байланысты» деген сөз «өзара байланысты» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі салыстырымды экономикалық шарттарда тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) арналған мәміле бағасын бірдей (ал олар болмаған жағдайда - біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша бағалар ауқымы ескеріле отырып, нарықтық бағамен салыстыру жолымен қолданылады.
Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын айқындау кезінде осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізетін кездегі тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары туралы ақпарат ескеріледі.
Егер тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу келісімшартының талаптарында белгіленім кезеңін қолдану көзделген жағдайда, биржалық тауарлардың, сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың бағасы дифференциал ескеріле отырып, белгіленім кезеңіндегі тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) күнделікті белгіленімдердің кез келген бір ақпарат көзінде жарияланған орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалады.
Белгіленім кезеңіндегі баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні мынадай формула бойынша айқындалады:
мұнда:
S - белгіленім кезеңіндегі тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні;
P1, P2, …, Pn - белгіленім кезеңі ішінде баға белгіленімдері жарияланған күндерде тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні;
n - баға белгіленімдері жарияланған белгіленім кезеңіндегі күндердің саны.
Белгіленім кезеңіндегі тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні мынадай формула бойынша айқындалады:
мұнда:
Pn - тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні;
Cn1 - тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімінің ең төменгі (min) мәні;
Cn2 - тиісті тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) күнделікті баға белгіленімінің ең жоғарғы (max) мәні.
Бір күнге ең төменгі және ең жоғарғы баға белгіленімдері болмаған кезде орташа арифметикалық мән ретінде тиісті күндегі белгіленімнің нақты мәні қолданылады.
2. Осы Заңның мақсаттары үшін шарт шеңберінде тауардың (орындалған жұмыстың, көрсетілген қызметтің) құжаттамалық расталған әрбір берілімі мәміле болып танылады, ал өткізу бағасын нарықтық бағамен салыстыру сатып алушының тіркелген еліне қарамастан тиісті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығында ғана жүзеге асырылады.
Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, сатып алушыға меншік құқығының ауысқан күні тауардың өткізілген кезі болып табылады.
Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу келісімшартында белгіленген белгіленім кезеңі ол белгіленген күннен бастап он екі айлық кезең ішінде өзгертуге жатпайды.
Осы Заңның мақсаттары үшін белгіленім кезеңі келісімшарт талаптарына сәйкес мынадай уақыт аралығында айқындалуға тиіс:
мұнай бойынша - тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін күнтізбелік бес күннен аспауға және тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін күнтізбелік бес күннен аспауға;
мұнайды қоспағанда, биржалық тауарлар бойынша - тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін күнтізбелік отыз күннен аспауға және тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін күнтізбелік отыз күннен аспауға;
бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлар бойынша - тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін күнтізбелік отыз күннен аспауға және тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу келісімшартында белгіленген белгіленім кезеңі осы бапта белгіленген белгіленім кезеңін айқындау шарттарына сәйкес келмеген жағдайда тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарықтық бағалары осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу кезінде қабылданады.
Ұзақ мерзімдік бағасы көрсетілген биржалық емес тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) ұзақ мерзімдік келісімшарттар бойынша нарықтық бағаны айқындау үшін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу кезі, мына шарттар бір мезгілде сақталған жағдайда, шарттың жасалған кезі болып табылады:
1) шарт бойынша мәмілелердің жасалуы шарт жасалған күннен бастап бір ай ішінде басталады;
2) нарықтық баға ұзақ мерзімдік келісімшарттар үшін осы Заңға сәйкес шарт жасалатын күннің алдындағы соңғы күнге белгіленген, ресми түрде танылған ақпарат көздерінен айқындалады;
3) ұзақ мерзімдік баға бір жылдан артық қолданылмайды және мәмілеге қатысушылар арасындағы түпкі келісімшартпен немесе трейдер, мәмілеге қатысушымен аффилиирленген Қазақстан Республикасының резиденті және тәуелсіз тарап болып табылатын түпкі тұтынушы арасындағы келесі келісімшартпен расталады. Уәкілетті органдардың сұратуы бойынша ұсынылған құжаттар келісімшарттың орындалуының дәлелдемесі болып табылады.
3. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі сыртқы немесе ішкі салыстыру жолымен нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылады. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісін сыртқы салыстыру жолымен қолдану мүмкін болмаған кезде салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі ішкі салыстыру жолымен қолданылады. Бұл ретте, сыртқы салыстыру кезінде мәмілеге қатысушы мен өзара байланысты тарап арасындағы және тәуелсіз екі және одан да көп тарап арасындағы салыстырымды мәмілелер салыстырылады. Ішкі салыстыру кезінде мәмілеге қатысушы мен өзара байланысты тарап арасындағы және сол мәмілеге қатысушы мен тәуелсіз тарап арасындағы салыстырымды мәмілелер салыстырылады.
4. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісін қолданған кезде нарықтық баға былайша айқындалады:
1) ақпарат көзінде бағасы бар тиісті рынокқа тасымалдау бағыты туралы құжаттамалық расталған ақпараты бар тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) мәмілелер жасасу үшін нарықтық баға бағалар ауқымы ескеріле отырып, ақпарат көзінен алынған баға ретінде айқындалады. Мәміленің бағасы дифференциал арқылы нарықтық бағасы бар салыстырымды экономикалық шарттарға келтіріледі;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес келмейтін тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) мәмілелер жасасу үшін нарықтық баға тиісті рыноктағы ақпарат көзінен алынған бағаны дифференциал арқылы бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасы бар салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру жолымен айқындалады.
5. Дифференциалға:
1) тиісті рынокқа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жеткізу үшін қажетті, негізделген әрі құжаттамамен және (немесе) ақпарат көздерімен расталған шығыстар;
2) осы баптың 7-тармағында көрсетілген мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін жағдайлар;
3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы кіреді.
6. Дифференциалды құрайтындар құжаттамамен немесе ақпарат көздерімен расталуға тиіс.
7. Мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін жағдайларға:
1) берілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің саны (көлемі);
2) мәмілелердің осы түрінде қолданылатын төлемдердің шарттары, сондай-ақ бағаларға ықпал етуі мүмкін өзге де жағдайлар;
3) мәмілелер жасасу кезінде қолданылатын, оның ішінде:
тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тұтынушы сұранысының маусымдық ауытқулары;
тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасының немесе өзге де тұтынушылық қасиеттерінің жоғалуы;
тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жоғалған сапасының және (немесе) өзге де тұтынушылық қасиеттерінің ішінара жақсаруы немесе қалпына келтірілуі;
тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жарамдылық немесе өткізу мерзімдерінің өтуі (өту күнінің жақындауы);
ұқсастары жоқ жаңа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) нарыққа шығарған кездегі, сондай-ақ тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жаңа нарықтарға шығарған кездегі маркетинг саясаты;
тұтынушыларды тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тәжірибелік модельдерімен және үлгілерімен таныстыру мақсатында оларды өткізу нәтижесінде туындайтын баға жеңілдіктері немесе баға үстемелері;
4) рыноктағы өтімділігі, шығарған елі және тауар белгісінің болуы;
5) маржа, сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің комиссиялық (агенттік) сыйақысы не олардың сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақысы жатады.
8. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген дифференциал бойынша мәмілеге қатысушының мынадай мәмілелер мониторингі бойынша тиісті есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне:
1) тексерілетін салық кезеңіне - трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кешенді және тақырыптық тексерулер өткізу кезеңінде;
2) шағым жасалған салық кезеңіне - салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) шағым берудің қалпына келтірілген мерзімі ескеріле отырып, хабарлама бойынша шағымды қарау нәтижелері жөніндегі салық қызметінің жоғары тұрған органы шығарған шешімге шағымды беру және қарау мерзімі кезеңінде жол берілмейді.»;
10) 14-баптың 2-тармағының екінші сөйлемі «қалыптасқан» деген сөзден кейін «, салыстырымды экономикалық шарттарда рентабельділік нормаларының ауқымы негізінде есептелетін» деген сөздермен толықтырылсын;
11) 15-бапта:
бірінші сөйлемдегі «үстеме бағасының» деген сөздер «маржасының» деген сөзбен ауыстырылсын;
екінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте, маржа маржаның ауқымына сәйкес келуге тиіс.»;
12) 18-баптың 1-тармағының бірінші абзацында:
«бағаны айқындау» деген сөздерден кейін «әдістерін қолдану» деген сөздермен толықтырылсын;
«пайдаланылуы мүмкін» деген сөздер «пайдаланылады» деген сөзбен ауыстырылсын.
4. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 23, 113-құжат; 2009 ж., № 13-14, 63-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):
1) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«32-бап.
2010 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша:
2002 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салынған салықтық құқық бұзушылықтар;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін салық органдары салған, салық салу саласындағы құқық бұзушылықтар, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және (немесе) міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін төленбеген айыппұл сомасы салық берешегі болып танылмайды және бюджетке енгізілуге жатпайды, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептен шығарылуға жатады деп белгіленсін.
Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен әкімшілік жазаны орындаудан босатылуға жатады.
Осы баптың ережелері:
2010 жылғы 1 шілдеге дейін заңды күшіне енген сот үкімінің не қаулысының негізінде жалған кәсіпорындар болып танылған;
осы Заңның 48-1-бабының талаптарына сәйкес келетін;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексі (Салық кодексі) 623-бабының талаптарына сәйкес келетін;
мынадай қызмет түрлерінің бірін немесе бірнешеуін:
акцизделетін өнім өндіруді;
акцизделетін өнімді сақтауды және көтерме саудамен өткізуді;
бензин, дизель отыны мен мазут өткізуді;
жер қойнауын пайдалануды;
түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауды (дайындауды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді;
құрылысты (тиісті лицензиясы болған кезде);
қаржы немесе сақтандыру қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.»;
2) мынадай мазмұндағы 32-1, 48-2 және 48-3-баптармен толықтырылсын:
«32-1-бап. 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін есепке жазылған және 2010 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша төленбеген өсімпұлдар сомасы салық берешегі болып танылмайды және бюджетке енгізілуге жатпайды, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептен шығарылуға жатады деп белгіленсін.
Бұл ретте 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2010 жылғы 1 мамыр аралығы кезеңінде салықтардың және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің барлық түрлері бойынша төленген өсімпұлдар сомасы 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін түзілген, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің осындай түрлері бойынша өсімпұлдар сомасын төлеу есебіне бюджетке есепке алынуға жатады.
Осы баптың ережелері:
2010 жылғы 1 шілдеге дейін заңды күшіне енген сот үкімінің не қаулысының негізінде жалған кәсіпорындар болып танылған;
осы Заңның 48-1-бабының талаптарына сәйкес келетін;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексі (Салық кодексі) 623-бабының талаптарына сәйкес келетін;
олар бойынша 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін есепке жазылған өсімпұлдар сомасы 2009 жылғы 1 қаңтардан басталған кезеңде қосымша және (немесе) хабарлау бойынша қосымша салық есептілігін табыс ету нәтижесінде түзілген;
мынадай қызмет түрлерінің бірін немесе бірнешеуін:
акцизделетін өнім өндіруді;
акцизделетін өнімді сақтауды және көтерме саудамен өткізуді;
бензин, дизель отыны мен мазут өткізуді;
жер қойнауын пайдалануды;
түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауды (дайындауды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді;
құрылысты (тиісті лицензиясы болған кезде);
қаржы немесе сақтандыру қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.»;
«48-2-бап.
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап осындай шешім шығарылған күн аралығындағы кезеңінде түзілген салық берешегін өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдауға құқылы деп белгіленсін.
Осы бапта көзделген салық берешегі жер қойнауын пайдалану келісімшартының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылған қызмет шеңберінде түзілген және (немесе) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) ережелеріне сәйкес жүргізілген салықтық тексеру нәтижелері бойынша, сондай-ақ төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша салық берешегін қамтымайды.
Бұл ретте салық берешегін өтеу мерзімін кейінге қалдыру осы тармақта көзделген шешім шығару күнінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы екінші бағытының қатысушысы болып табылатын салық төлеушілерге Қазақстан Республикасының Үкіметі мүлік кепілінсіз және (немесе) банк кепілдігінсіз шешім қабылдаған күннен бастап үш жылдан аспайтын мерзімге бір рет беріледі.
2. Салық берешегін өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінішті салық төлеуші 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап осындай өтініш берілген айдың алғашқы күні аралығындағы кезеңде түзілген салық берешегі сомасын растайтын құжатпен қоса уәкілетті органға береді. Бұл ретте өтініште салық берешегінің жалпы сомасы, оның ішінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түрлері бойынша көрсетіледі.
3. Уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне салық берешегін өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім жобасын оның сомасын көрсетпей осындай құжаттардың көшірмелерімен қоса жібереді.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі салық берешегін өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім шығарған күннен бастап уәкілетті орган бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осындай шешім қабылданғаны туралы салық төлеушіге жазбаша түрде хабарлайды және 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап осындай шешім шығарылған күн аралығындағы кезеңінде түзілген салық берешегі сомасын көрсетеді. Бұл ретте мерзімі кейінге қалдырылатын салық берешегінің жалпы сомасы салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түрлері бойынша көрсетіледі.
5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің салық берешегін өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешімі күшіне енген күннен бастап, салық төлеушіге 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап осындай шешім шығарылған күн аралығы кезеңінде түзілген салық берешегі сомасына мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 85, 86-тарауларында көзделген салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмайды.
48-3-бап.
1. 2010 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ және бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін:
1) әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген;
2) ұйымдастыру-құқықтық нысаны Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес келмейтін заңды тұлғалар бойынша мәліметтер салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде алып тастауға жатқызылады деп белгіленсін.
Салық органдары 2010 жылғы 1 қазаннан кешіктірмей осы тармақта көрсетілген салық төлеушілердің тізімін қалыптастырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық төлеушілер бойынша мұндай есептен шығаруды жүргізу күніне:
салықтардың, төлемдердің және өсімпұлдардың артық төленген сомасы;
салықтардың, басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың қате төленген сомасы;
есепке жатқызылатын қосылған құн салығының есептелген салық сомасынан асып кеткен сомасы салық органдарының есептен шығаруына жатады және есепке жатқызылуға және (немесе) бюджеттен қайтарылуға жатпайды.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық төлеушілер бойынша осындай есептен шығаруды жүргізу күніндегі жағдай бойынша төленбеген салық берешегі салық органдарының есептен шығаруына жатады және бюджетке енгізуге жатпайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық төлеушілер салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан бір ай ішінде алып тасталған күнінен бастап Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар мен өсімпұлдар сомаларын есептеу (азайту) тізілімі негізінде салық органдары уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және тәртіппен олардың жеке шоттарын жабуды жүргізеді. Бұл ретте, жеке шотта артық төлем және (немесе) салық берешегі сомалары болған жағдайда, мұндай сомалар Тізілімде тиісінше есептелуге немесе азайтылуға жатады.».
2-бап. Осы Заң, 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 1), 5), 6), 7), 9) және 11) тармақшаларын, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1 және 4-тармақтарын, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағын қоспағанда, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 9-ы.
№ 288-IV