Қырғызстан Үкіметі 2008 - 2009 жылдарда рұқсат беру құжаттарына толық түгендеу жүргізіп және олардың санының жартысынан астамын қысқартуды жоспарлап отыр.
Осылайша, халықаралық тәжірибеде оларды жүзеге асыру үшін рұқсат беру құжаттарын алуға негізделген қызмет түрлерін және операцияларды едәуір қысқарту үрдісі белгіленіп отыр. Сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын берудің бірыңғай режимін енгізу есебінен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатысты талаптар белгіленді.
Әлемдік озық тәжірибені қорытындылау негізінде:
толық түгендеу жүргізу жолымен рұқсат беру жүйесі саласындағы нормативтік құқықтық актілердің сапасын қамтамасыз ету;
реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекітетін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және мазмұнына қойылатын талаптарды біріздендіру;
әрбір рұқсат беру құжатын беру үшін тексеру парақтарын қолдану;
рұқсат беру құжаттарының электронды тізілімін жүргізу;
мемлекеттік реттеуді өнімнің қауіпсіздігінің икемді стандарттарымен ауыстыру;
бизнес-қауымдастықтарға немесе кәсіпкерлердің өзіне жекелеген реттеу функцияларын біртіндеп беру (өзін-өзі реттеу);
реттеу рәсімдерін оңайлату орынды.
Реттеу реформасы экономиканың тиімділігін арттыруға жәрдемдеседі. Алайда экономикалық өсу қарқынына әсер етуді бағалау қиын. ЭЫДҰ жүргізген талдау оның әсері бірнеше жылдар өткеннен кейін ғана белгілі болуы мүмкін екендігін болжайды. Мысалы, әуе тасымалдары саласындағы талаптарды заңдастырғаннан кейін Еуропада 800 жаңа лицензия берілген болатын. Бәсекенің дамуы тарифтердің төмендеуіне әсерін тигізді, АҚШ-та тарифтер үштің біріне төмендеді. Телекоммунникация саласында тарифтер Ұлыбританияда 63%-ға, Жапонияда - 41 %-ға, Финляндияда - 66%-ға төмендеді. Жұмыспен қамтылу 10%-ға ұлғайды.
Соңғы жылдары көптеген елдер рұқсат беру жүйесін реформалауға кірісті. 2008 жылы бизнесті жүргізу жеңілдігі үшін жағдай жасау бойынша Египет, Хорватия, Гана, Грузия, Колумбия, Сауд Арабиясы, Кения, Қытай, Болгария, Молдова жетекші елдер болды. Осы елдерде салыстырмалы түрде қысқа кезеңде бизнес ашу уақыты мен шығыстар бірнеше есе қысқарды, құрылыс салуға рұқсат алу кезінде әкімшілік кедергілер едәуір әлсіреді, көптеген рұқсат беру құжаттарын беру «жалғыз терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады, бұл шағын бизнестің өсуін, инвестициялар ағынын қамтамасыз етті.
Шетел тәжірибесін шолу көрсеткендей, соңғы жылдары 50-ден астам ел кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жүйесіне кең ауқымды және іргелі реформалар жүргізді.
Реформалау процесінде әрбір нормативтік құқықтық актінің және рұқсат беру құжатының белгілі бір мақсаттарға, қағидаттарға, талаптарға сәйкестігін бағалау және растау мақсатында "гильотина" әдісі кеңінен қолданылды. Көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген нормативтік актілер мен рұқсат беру құжаттары алынып тасталды немесе біліктілік талаптары оңайлатылды. Осы жұмыс қоғамдық тыңдауларды, бұқаралық ақпарат құралдарын коса алғанда, мемлекеттік және жеке секторлардың барлық мүдделі тараптарының қатысуымен жүргізілді.
«Гильотина» азғана мерзім ішінде саны көп реттеулерді және экономикалық тиімсіз, орынсыз болып табылатындарын, мемлекеттің, мекемелердің, азаматтардың шығындарын көбейтетіндерін қайта қарауды көздейді. Осындай аса реттеу стратегиясын енгізу шаруашылық қызмет субъектілеріне реттеушілік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ экономикалық тиімсіз нормативтік құқықтық актілердің санын қысқартуға мүмкіндік береді.
«Гильотина» принципіне сәйкес белгілі бір мерзім өткеннен кейін Үкімет кәсіпкерлік қызметті реттеу үшін қажетті деген көзқарас тұрғысынан негізделетін нормативтік құқықтық актілерді ғана бекітеді. Негіздемелер рұқсат беру құжаттарына реттеушілік әсерді талдау, яғни қоғамға әсер етудің және қандай да бір рұқсат беру құжаттарын енгізудің жағымды және жағымсыз жақтарын бағалау негізінде құрылуы тиіс.
Барлық осы елдердегі реформалардың нәтижелері мен олардың тиімділігі саяси қолдауды барынша жоғары деңгейде және ведомстволар тарапынан реттеу салалары мен құралдарын сақтап қалуға бағытталған қысымға қарсы тұруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерге толық түгендеу жүргізуге тікелей байланысты болды. Толық түгендеу қолданыстағы барлық рұқсат беру құжаттарының электрондық тізілімін қалыптастыруға ықпал етті, рұқсат беру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етті.
5. Тұжырымдаманы іске асыру бағыттары мен тетіктері
Заңнама және барлық қоғамның мүддесі дәл және жалтармай сақталған жағдайда бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мемлекеттің басым міндеті болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі рұқсат беру жүйесін одан әрі реформалау кезінде мынадай негізгі басымдықтарды айқындады. Бұл:
мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру;
кәсіпкерлік қызметке әкімшілік жүктемені азайту және мемлекет шамадан тыс араласатын салаларды тәртіпке келтіру;
«электронды үкіметтің» элементтерін дамытуды жалғастыру, ең алдымен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік қызметтерді кеңінен ұсынуды қамтамасыз ету.
Рұқсат беру жүйесін реформалау нақты экономикалық тиімділік алуды қамтамасыз етуі тиіс - бұл жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын құру, салықтық түсімдерді көбейту, елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайту.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде барлық рұқсат беру жүйесіне, ең алдымен лицензиялауға, сертификаттауға, аккредиттеуге қағидатты жаңа тәсілдер тұжырымдау қажет.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып, рұқсат беру жүйесін жетілдіру мынадай негізгі қағидаттар мен тәсілдер негізінде жүзеге асырылуы тиіс:
реттеудің орындылығы;
адамдардың өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғаудың қолайлы деңгейін ұстап тұру;
рұқсат беру құжаттарының тізбесін және оларды беру рәсімдерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен ғана нақты регламенттеу;
мемлекеттік реттеу саласына жатқызылған қызмет түрлеріне және рұқсат беру құжаттарын беруге қол жетімділікті барынша оңайлату;
реттелетін қызмет түрлеріне қойылатын талаптарды ырықтандыру;
рұқсат беру рәсімдерінің және біліктілік талаптарының транспаренттілік;
барлық мүдделі мемлекеттік органдардың кәсіпкерлермен және олардың қауымдастықтарымен өзара іс-қимылының тиімділігі;
мемлекеттік органдардың рұқсат беру құжаттарын беру рәсімдеріндегі өкілеттіктерінің аражігін айқын ажырату және олардың қайталануын болдырмау;
қойылған міндеттерді іске асырудың үзіліссіздігі, дәйектілігі және кешенділігі, қабылданған шешімді іске асыру мониторингі бизнестің өзін-өзі реттеу құралдарын дамыту;
бизнестің дамуына бөгет болатын әкімшілік кедергілерді жою, оларды жою бойынша іс-шаралардың экономикалық тиімділігі;
рұқсат беру жүйесін оңтайландыру;
рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі әлемдік тәжірибені пайдалану.
Қойылған міндеттерді шешу үшін бұдан әрі ұсынылған шаралар жүзеге асырылатын болады.
5.1. Рұқсат беру құжаттарын түгендеу және қайта қарау
Алда тұрған жұмыстардың ауқымы анықталмайынша рұқсат беру жүйесін жетілдіру проблемаларын шешу мүмкін емес. Қазіргі уақытта жүзеге асыру үшін кемінде бір рұқсат беру құжатын алуды талап етпейтін бірде-бір кәсіпкерлік қызмет түрі жоқ екенін атап көрсетуге болады. Кәсіпкерлік қызметті реттеу саны артып жатқан рұқсат беру құжаттарының жаңа талаптары мен түрлерін белгілеу арқылы іске асырылуда.
Бүгінгі күні берілген рұқсат беру құжаттарының саны, олардың берілу мақсаты, оларды беруге арналған мемлекеттің шығындары, оларды алу кезіндегі кәсіпкерлердің шығындары туралы толық ақпарат жоқ.
Осының негізінде, Үкіметтің рұқсат беру жүйесін реформалау процесіндегі ең бірінші міндеті барлық рұқсат беру құжаттарына кешенді түгендеу жүргізуден тұрады.
Түгендеуді тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып ведомстволардың өздері және кәсіпкерлердің салалық бірлестіктері жүргізеді. Түгендеу жүргізу нәтижесінде барлық рұқсат беру құжаттарының тізбесі жасалатын болады.
Бұл тізбе барлық рұқсат беру құжаттарын қайта қарау үшін негіз болады. Қайта қарауды жүргізудің барлық кезеңінде қандай да бір жаңа рұқсат беру құжаттарын енгізуге мораторий жарияланатын болады.
Түгендеу рұқсат беру жүйесін реформалау нәтижелерінің мониторингі процесінің негізі де болады және осы реформаны кеңінен қоғамдық қолдауды қамтамасыз етеді.
Рұқсат беру құжаттарын қайта қарау реформаны іске асыру процесіндегі екінші маңызды міндет болады және мынадай ұстанымдар мен критерийлер негізінде жүргізіледі:
рұқсат беру құжатының орындылығы (тиісті рұқсат беру құжаты қандай проблеманы шешеді: адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға аса жоғары қауіптің алдын алу, проблеманың ауқымы, аргументтер, кәсіпкерлердің мақсатты тобын қысқарту мүмкіндігі);
қайталанатын рұқсат беру құжаттарын алып тастау;
біліктілік талаптарын заңнамалық актілермен белгілеу, олардың ашықтығы;
нақты емес және артық біліктілік талаптарын алып тастау;
кәсіпкерлік қызметтің дамуына жәрдемдесу;
рұқсат беру құжатын хабарлама тіркеуімен алмастыру;
рұқсат беру құжатын беру туралы өтінішті қарау және оны беру мерзімін нақты айқындау.
Рұқсат беру құжаттарын қайта қарауды мемлекеттік органдар мен Үкіметке бағынысты тәуелсіз сарапшылар тобы рұқсат беру құжаттарын қайта қараудың және оның сапасын қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңде жүргізетін болады.
Қайта қарау процесінде рұқсат беру құжаттарының жоғарыда аталған критерийлерге сәйкестігі үшін жауапкершілік қандай да бір рұқсат беру құжатын сақтау қажеттілігін негіздеуі тиіс мемлекеттік органдарға жүктеледі. Мемлекеттік органдар ұсынған негіздемелерді бағалау және Үкіметке тиісті ұсынымдарды әзірлеу тәуелсіз сарапшылар тобының міндеті болады.
Қайта қарау процесінде жоғары деңгейдегі ашықтық және барлық мүдделі тараптардың кеңінен қатысуы қамтамасыз етілуі қажет, бұл қоғамның сенімін арттырады, рұқсат беру құжаттарын қайта қарау жөніндегі жұмыстардың сапасын арттырады және тұтас алғанда рұқсат беру жүйесі реформасының ілгерілеуіне ықпал етеді.
Осы жұмыстың нәтижесінде жоғарыда санамаланған критерийлерге сәйкестігі дәлелденбеген рұқсат беру құжаттары алып тасталады, ал белгіленген критерийлерге сәйкестігі дәлелденетін рұқсат беру құжаттары оңайлатылатын болады.
Қайта қарау сапасы үшін рұқсат беру құжаттарының әрбір түрі үшін тексеру парақтары әзірленетін болады. Қайта қарау критерийлері адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қауіптіліктің жоғарғы деңгейін туғызатын қызметтермен немесе операциялармен байланысты әлеуетті тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз ететін керекті рұқсат беру құжатының бірде-бірін алып тастамайтындай болып таңдалатын болады.
Қайта қарау нәтижесінде толық түгендеу жүргізу процесінде анықталған рұқсат беру құжаттарының кемінде жартысы қысқартылуы тиіс.
5.2. Рұқсат беру жүйесі саласындағы заңнаманы біріздендіру
Рұқсат беру жүйесі саласындағы заңнаманы лицензияланатын қызмет түрлерін оңтайландыруға, рұқсат беру құжатын беру рәсімдерін, оны алуға арналған өтінімнің нысанын оңайлатуға, реттелетін қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарының мазмұнын айқындауға қатысты бөлікте одан әрі жетілдіру көзделіп отыр.
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру түсінігіне тең келетін «лицензия» ұғымына анықтама берілген. Бұл терминдердің аражігі нақты ажыратылуы тиіс. Осыған байланысты, «рұқсат беру» ұғымына анықтама беріледі, лицензиялар мен рұқсат беру түрлерінің тізбесі бекітілетін болады.
«Рұқсат беру» деген ұғым мемлекеттік әкімшілендіру түрлерінің бірі ретінде оның тізбесіне енгізілетін болады.
Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу үшін лицензиялау ережелерін бекіту жөніндегі Үкіметтің өкілеттігін алып тастау ұйғарылып отыр.
Бұл ретте, рұқсат беру жүйесінің негізгі қағидаттарын іске асыру тетіктері әзірленетін болады: "үндемегені келіскені" және "бірыңғай терезе" қағидаттары. Сонымен бірге, рұқсат беру жүйесінің басқа елдерде кеңінен қолданылатын жаңа қағидаты - алдын ала рұқсат беру құжаттарын алмастан қызметін бастау туралы хабарлау қағидаты белгіленетін болады.
Лицензияланатын қызмет түрлерін кіші түрлерге бөлу алынып тасталатын болады, бұл тиісінше лицензияларға қосымшалар беруді алып тастауға мүмкіндік береді.
Лицензиялау ережесін, лицензиялар берудің талаптары мен тәртібін, қайта ресімдеуді, телнұсқалар беруді, лицензияның қолданылуын тоқтатуды және тоқтата тұруды регламенттейтін барлық заңға тәуелді актілер жойылады, өйткені бұл рәсімдер заңнамалық тәртіппен бекітіліп беріледі.
Лицензияланатын қызмет түрлеріне қойылатын талаптар заңнамалық деңгейде белгіленетін болады және Үкімет қабылдайтын қаулылардың және ведомстволық нормативтік актілердің санын қысқарту қамтамасыз етілді.
Осы шара құқықтық актілердің нормаларындағы әр түрлі оқылуды жояды (мысалы, этил спиртін жене алкоголь өнімдерін өндіру және айналымы саласында және кейбір басқа да салалардағы сияқты салалық заңның және заңға тәуелді актілер - қызметтің осы түріне қойылатын біліктілік талаптары осы уақытқа дейін реттелмеген).
Осы тәсіл лицензиялаудың белгіленген қағидаттарына қатысты біліктілік талаптарын нақтылауды және біріздендіруді және олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге көздейді.
Осы мақсатта қосымша ақпарат сұратуды жойып, ұсынылатын құжаттардың түпкілікті тізбесі бар лицензиялаудың үлгі ережелері әзірленетін болады.
Бланкеттік нормаларды яғни мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға іс-әрекет ережесін, тыйымдарды және т.б. дербес белгілеу құқығын беретін құқықтық нормаларды анықтау және жою мақсатында рұқсат беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді талдау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Лицензиарлар лицензиядан кейінгі қажетті бақылауды қамтамасыз еткен жағдайда біліктілік талаптарын жыл сайын растау жойылуы тиіс.
Сонымен бірге, рұқсат беру жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру процесінде электронды бірыңғай терезе және рұқсат беру құжаттарының электронды тізілімін жүргізу үшін негіз жасалады және осы екі құралдың жұмысын қамтамасыз ету үшін институционалдық негіз айқындалатын болады.
Кәсіпкерлердің елеулі шығындарын талап ететін құжаттарды (жарғыны, дипломдарды және т.б) нотариалдық растау қажеттілігі құжаттардың түпнұсқасы міндетті түрде болған кезде нотариалдық растаусыз мемлекеттік органның растау құқығымен ауыстырылатын болады. Бұл норма заңнамалық тәртіппен бекітілетін болады.
Сонымен бірге, мемлекеттік органдарға басқа ведомстволардан ақпарат алуды жеделдету және оны қағаз тасығыштарда беруді болдырмау үшін рұқсат беру құжаттарын беру рәсімдерінде қажетті ақпараттар бар мемлекеттік электрондық дерек қорға және тізілімдерге қол жеткізу қамтамасыз етілетін болады.
5.3. Рұқсат беру құжаттарын беру рәсімін оңайлату
«Жалғыз терезе» қағидатын енгізу арқылы рұқсат беру құжаттарын беру рәсімін оңайлату көзделіп отыр. Бұл ретте, іс-шаралардың келесі кешені екі кезеңде жүргізілетін болады.
Бастапқы кезеңде кейіннен барлық мүдделі органдар мен ұйымдарға басшылыққа алу үшін жіберілетін қолда бар оң тәжірибені есепке ала отырып лицензияларды «жалғыз терезе» қағидаты бойынша берудің үлгі регламентін әзірлеу қажет.
Үлгі регламентте кәсіпкерлер үшін қажетті ақпаратты алу көздері, құжаттардың барынша аз тізбесі, құжаттар пакеттерімен бірге өтінішті қабылдау, лицензиарлардың лицензиялар беруді қадағалау органдарымен жедел келісу тәртібі, лицензияларды белгіленген мерзімде беру көзделетін болады.
Бұл ретте, лицензиялар мен басқа да рұқсат беру құжаттарын беруді ведомствоаралық келісу жөніндегі артық рәсімдерді жою көзделетін болады. Атап айтқанда, лицензиарлардың өкілетіне тиісті қызмет салаларындағы - санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қызмет, қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, өнеркәсіп қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық бақылау саласындағы мемлекеттік бақылау кіретін органдармен лицензиялар беруді келісу рәсімін алып тастау. Бұдан басқа, мемлекет бақылауды лицензиялық заңнама нормалары бойынша емес, осы салалардағы салалық заңдардың нормалары бойынша жүргізеді.
«Жалғыз терезе» қағидаты бойынша лицензиялар және басқа да рұқсат беру құжаттарын беру үшін:
рұқсат беру құжаттарын берудің электрондық «бірыңғай терезесін» әзірлеу және енгізу;
рұқсат беру құжаттарының электрондық тізілімін әзірлеу және енгізу;
Интернет арқылы жіберілуі мүмкін лицензия алуға арналған құжаттардың барынша аз пакетін белгілеу;
лицензиар органдардың мамандарын оқыту қажет.
Рұқсат беру құжаттарының электрондық тізілімін жасау қажеттілігі лицензиялаудан кейінгі бақылауды күшейтуге, лицензиялар беру кезінде мүдделі органдарды үйлестіруге, сондай-ақ реттеу тиімділігінің мониторингі, бағалау, ашықтық, берілген лицензиялар мен рұқсаттарды бақылау, мүдделі органдар және бизнес-қауымдастықтар үшін ақпараттарға қол жетімділік беру мақсатында барлық қолданыстағы мемлекеттік лицензиялар мен рұқсаттарды есепке алуға негізделген.
Мамандарды тиімді оқыту мақсатында лицензиарлар мамандарды лицензиялар мен басқа да рұқсат беру құжаттарын "жалғыз терезе" қағидаты бойынша беру жөніндегі жұмыс дағдыларына оқыту бойынша тренингтер өткізетін болады.
Лицензиялар және басқа рұқсат беру құжаттарын берудің ақпараттық жүйесін құру процесінде мемлекеттік органдар үшін әкімшілік регламенттер, бірыңғай мемлекеттік стандарттар және лицензиялау саласындағы техникалық талаптар әзірленетін болады, осылардың негізінде мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйесі оңтайландырылып бірыңғай сипатқа келтіріледі, жаңа ақпараттық жүйелер жүзеге асырылады және «электрондық лицензиялаудың» бірыңғай жүйесіне кіріктіріледі.
Екінші кезеңде «электрондық үкімет» шеңберінде барлық лицензиар органдарда электрондық лицензиялаудың «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Осы жүйе лицензиар органның орталық аппаратының және тұтастай оның аумақтық бөлімшелерінің және берілген, бас тартылған, тоқта тұрылған және қайта қалпына келтірілген мемлекеттік лицензиялар бойынша ақпаратты жинауды, бақылау мен есепке алуды жүзеге асыратын жекелеген мамандар қызметінің тиімділігін арттыруға, өтінім берушілердің уақыт шығынын азайтуға, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың туындау жағдайларын жоюға мүмкіндік береді.
5.4. Реттеудің балама нысандарын енгізу
Қазірдің өзінде елімізде жеке сектордың аудит, үшінші тұлғалардың алдындағы жауапкершілікті сақтандыру, өнімдердің сәйкестігін бағалау сияқты бақылауды жүзеге асыруының мысалдары бар.
Мысалы, адвокаттық, нотариалдық, аудиторлық, сәулет қызметі, мүлікті (материалдық емес активтер құнының объектілерінен басқа) және зияткерлік меншікті бағалау жөніндегі қызмет, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт қызметін көрсету, турагенттік пен туроператорлық қызмет және басқа да түрлер азаматтық-құқықтық жауапкершілік шартының міндетті болуымен өзін өзі реттейтін аккредиттелген ұйымдар институттарын енгізу арқылы реттелуі мүмкін.
Қызметтің осы түрлері мемлекеттік реттеуді ұйымдардың стандарттарымен ауыстыруды, ерікті түрде бизнес-қауымдастықтардың немесе дербес кәсіпкерлердің адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін реттеуді жүзеге асыруын көздейтін әлемдік үздік тәжірибені ескере отырып, сондай-ақ бизнестің өзін-өзі реттеудің әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалануды ескере отырып, рұқсат беру жүйесінен шығарылуы тиіс, өйткені белгіленген біліктілік талаптарына қарағанда өздігінен салынатын талаптар едәуір тиімді болуы мүмкін. Қызметтің осы түрлері ұйымдардың стандарттары, ерікті бастамалар, кодекстер, келісімдер, яғни декларация тетігі арқылы реттелуі мүмкін. Өзін-өзі бақылау қызметі кәсіпорын деңгейінде бұл тетіктің құралы болуы тиіс.
Бұдан басқа, бұл бағыт "бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" ұғымының алдағы заңнамалық анықтамасы тұрғысынан негізделген. Бұл ұғым кез келген ірі компанияның өркениетті қызметінде аса маңызды, қажетті және жалпы қабылданған факторы болып табылады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін батыс компаниялары экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салалардағы қаржы емес тәуекелдерді басқару жөніндегі құралдардың бірі болып табылатын бизнестің прагматикалық бағыты ретінде қабылдайды.
Аутсорсинг (лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу саласындағы жекелеген функцияларды бәсекелі ортаға, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктеріне беру) рұқсат беру құжаттарына тиісті қайта қарау жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылатын болады.
5.5. Сертификаттау және аккредиттеу саласындағы саясатты
Жетілдіру
Сертификаттау саласында рұқсат беру жүйесін шектеу тауарлардың жекелеген атауларының адамдардың өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкестігі тұрғысынан ғана оларды сертификаттау жолымен жүзеге асырылатын болады. Берілетін құжат өнімнің қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сертификат деп аталады.
Тауарлардың сәйкестігін растауды декларациялау принциптерін қолдану есебінен сертификаттау нысанында сәйкестікті міндетті растауға жататын тауарлардың тізбесі кемінде екі еседен қысқартылатын болады.
Жауапкершілік сәйкестікті растау жөніндегі жауапкершілік органға жүктелетін болғанда декларациялау сертификаттауға қарағанда өндірушінің толық жауапкершілігін көздейді. Бұл практиканы ЕО елдері табыс қолданып отыр, мұнда еуропалық сарапшылардың бағалауы бойынша нарықта айналымда жүрген өнімдердің 30 %-дан астамы декларациялауға жататын. Германия және Ұлыбритания сияқты елдерде бұл рәсім талаптардың артықтығымен сипатталмайды - өнімдердің едәуір сипаттамалары ғана декларацияланады, ал жауапкершілік шаралары үлкен - көлемді айыппұлдардан қылмыстық жауапкершілікке дейін.
Міндетті сертификаттауға жататын объектілерді қысқарту Қазақстан Республикасы аумағында айналымға шығарылатын өнімге ғана қатысты сәйкестікті міндетті растауды енгізу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін, ал елден тыс өндірілетін және біздің елдің аумағына әкелінетін өнімдер үшін міндетті сертификаттау міндетті декларациялауға немесе сертификаттарды автоматты түрде мойындауға ауыстырылуы тиіс. Бұл сертификатталатын өнімнің тізбесін қысқартуға мүмкіндік береді.
"Аккредиттеу" терминінің қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәні бойынша әртүрлі мағынасы бар, тек рәсімдік сипаты болады және субъектінің қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуының жекелеген сапаларын тануды білдіреді. Осыған байланысты, аккредиттеу - бұл субъектінің ерекше қасиетін (сапасын) растау.
Аккредиттеу саласында ерікті сипаты бар «аккредиттеу» терминін заңнамамен бірыңғай түсіндіру көзделетін болады.
6. Күтілетін нәтижелер
Осы Тұжырымдамада көзделген шараларды іске асыру рұқсат беру жүйесін жетілдіруді қамтамасыз етеді деп күтілуде, бұл бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуды, рұқсат беру жүйесін жеңілдетуі тиіс.
Тұжырымдама ережелерін іске асыру нәтижесінде ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесінің айтарлықтай ұлғаюы күтілуде, осыған байланысты, кәсіпкерлер үшін жаңа бизнес бастамаларын іске асыруда бір қатар мүмкіндіктер ашылады.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру нәтижесінде бизнес ортаны бағалау бойынша халықаралық есепте Қазақстанның рейтингісінің артуы да күтілуде.
Рұқсат беру режимінен қызметтің, операциялардың және іс-әрекеттердің жекелеген түрлерін шығару салдарынан рұқсат беру құжаттарының айтарлықтай қысқаруы (екі еседен астам) күтілуде.
Рұқсат беру жүйесі мен рәсімдер халықаралық практиканың прогрессивті жүйесіне барынша жақындатылады.
Бұдан басқа, рұқсат беру жүйесін жетілдіру нәтижесінде қайталанатын рұқсат беру құжаттары жойылады, оларды беру рәсімдері оңайлатылады, біліктілік талаптарының ашықтығы артатын болады. Бұл шараларды іске асыру бизнестің шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ оны одан әрі қарқынды дамыту үшін алғы шарттар жасауға мүмкіндік береді, өйткені нарықтық инфрақұрылымды мемлекеттік әкімшілендіру оңайлатылады.