5) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты деп жорамалдауға негіздер болған кезде, құқық қорғау органдарына олардың құзыреттеріне сәйкес іс жүргізу шешімін қабылдауы үшін ақпарат жібереді;
6) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;
7) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында республикалық дерекқор қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастырады, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің әдіснамалық бірыңғайлығын және келісімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
8) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүргізеді;
9) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан алынатын ақпараттың негізінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын қорытады, сондай-ақ оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
10) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі мен практикасын зерделейді;
11) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар жүргізеді;
12) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ұйымдардың қызметіне белгіленген тәртіппен қатысады;
13) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді және қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттік органмен келісім бойынша осы Заңның мақсаты үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін айқындайды және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жібереді.
17-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері
1. Уәкілетті орган:
1) қаржы мониторингінің субъектілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан қаржы мониторингіне жататын операциялар бойынша қажетті ақпаратты сұратып алуға;
2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру белгілері анықталған жағдайда ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды күнтізбелік үш күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім шығаруға;
3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысуға;
4) сұрату бойынша немесе дербес түрде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы шетел мемлекетінің органымен ақпарат алмасуға;
5) мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық, банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны қорғау бойынша талаптарды сақтай отырып, қаржы мониторингі саласында сараптама жүргізу, оқыту бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды әзірлеу, бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерді құру үшін ғылыми-зерттеу және басқа да ұйымдарды, сондай-ақ жекелеген мамандарды жұмысқа тартуға, оның ішінде шарттық негізде тартуға;
6) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы хабарламаны тиісті мемлекеттік органдарға жіберуге құқылы.
2. Уәкілетті орган:
1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі шараларды қабылдауға;
2) өз қызметін жүргізу процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың тиісті режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
3) қаржы мониторингін жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
18-бап. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы
1. Қаржы мониторингі субъектілерінің заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтауын бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қаржы мониторингін және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру үшін уәкілетті органға қажетті ақпаратты ұсынуға;
2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын қарауға және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде уәкілетті органға хабарлауға;
3) қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын, өз қызметі процесінде алынған ақпаратты тиісінше сақтау, қорғау режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
4) бақылау функцияларын жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
1) дербес анықтаған кезде күдікті операциялар туралы, оның ішінде нарық бағаларынан көпе-көрінеу алшақ бағаларымен тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) экспорты (импорты) бойынша мәмілелер туралы уәкілетті органға хабарлауға;
2) дербес анықтаған кезде қаржы мониторингі субъектілерінің осы Заңның нормаларын бұзуы туралы уәкілетті органға хабарлауға;
3) уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көлемде және тәртіппен өздерінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер беруге міндетті.
Күдікті операция туралы ақпаратты уәкілетті органға ұсыну қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету болып табылмайды.
19-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасы уәкілетті органының және өзге де мемлекеттік органдарының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты әрекеттердің алдын алу, анықтау, жолын кесу және тексеру, сондай-ақ аталған кірістерді тәркілеу саласындағы шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасындағы заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық сауал салу және ақпарат алмасу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Уәкілетті орган заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарынан ақпарат пен құжаттарды сұратуға құқылы.
Уәкілетті орган сұрату бойынша алынған ақпарат пен құжаттарды заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ғана пайдалануға құқылы.
Уәкілетті органның заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарының алдын ала келісімінсіз олардан сұратып алынған ақпаратты және құжаттарды шет мемлекеттің құзыретті органдары белгілеген шарттар мен шектеулерді бұза отырып үшінші тарапқа беруге немесе пайдалануға құқығы жоқ.
4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) егер уәкілетті орган ақпарат беру қажеттілігін сұратуда келтірілген фактілер мен мән-жайлар заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға күдік тудыруға жеткіліксіз деп есептесе;
2) егер ақпарат беру Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу барысына ықпал ететін болса, шет мемлекеттің құзыретті органдарының сауалын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
Уәкілетті орган бас тартуы туралы негіздерін көрсете отырып, шет мемлекеттің сауал салушы құзыретті органын бас тартуы туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарына берілетін ақпаратты пайдаланудың қосымша шарттары мен шектеулерін белгілеуге құқылы.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы баптың ережелері халықаралық ынтымақтастыққа қатысты қолданылады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
20-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ өздерінің қызметтік міндеттерін жүзеге асыру кезінде қызметтік, коммерциялық, банктік немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қол жеткізе алатын адамдар, оларды жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
3. Уәкілетті органның өз функцияларын орындауына байланысты уәкілетті органның немесе оның қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерінен жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізудің тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы тамыздың 28-і.
№ 191-ІV ҚРЗ