1. Ақылы медициналық қызметтерді мемлекеттік және жекеше медициналық ұйымдар, аурудың бейіні және медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы сәйкес келгенде жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар көрсетеді.
2. Ақылы медициналық қызметтер:
1) пациенттердің бастамасы бойынша, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының және денсаулық сақтау ұйымдарының жолдамасынсыз алғашқы медициналық-санитариялық көмек, диагностикалық және емдік қызметтер көрсету;
2) дәрілік формулярға енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кірмейтін медициналық зерттеулер жүргізу;
4) тиісті жолдамасыз санаториялық емдеу;
5) медициналық айғақтарсыз медициналық-генетикалық зерттеулер жүргізу;
6) азаматтарды жұмысқа кіру және оқуға түсу үшін медициналық зерттеп-қарау;
7) ұйыммен шарт бойынша, оның ішінде ерікті сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету;
8) қосымша сервистік қызметтер ұсыну;
9) осы Кодекстің 87-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету кезінде ұсынылады.
3. Ақылы медициналық қызметтер пациент пен осы көрсетілетін қызметтерді ұсынатын денсаулық сақтау субъектісінің арасында жасалатын шарт негізінде көрсетіледі.
Ақылы медициналық қызметтер көрсетуге арналған шарт мынадай негізгі талаптарды:
1) медициналық көмектің түрлері мен көлемін;
2) медициналық көмек көрсету мерзімдерін;
3) медициналық және медициналық емес қызметтерге арналған тарифтерді және оларды төлеу тәртібін;
4) тараптардың құқықтары мен міндеттерін;
5) шартқа өзгерістер, толықтырулар енгізу және оның қолданылуын тоқтату тәртібін;
6) тараптардың шарт міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті белгілеуін қамтуға тиіс.
4. Ақылы қызметтер көрсетудің түрлері мен олардың баға прейскуранты мемлекеттік, жекеше медициналық ұйымдардағы және жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалардағы көрнекі ақпарат арқылы халықтың назарына жеткізіледі.
5. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетудің бағасы медициналық, сервистік қызметтерді көрсетумен байланысты барлық шығын түрлерін және өзге де қосымша шығыстарды ескере отырып айқындалады және ол жарты жылда бір реттен аспайтын жиілікпен қайта қаралуы мүмкін.
Ақылы қызметтер көрсетудің бағасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі үшін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі белгілейтін осыған ұқсас медициналық қызмет тарифінен төмендетілмей белгіленеді.
6. Азаматтарға ақылы қызметтер көрсеткен кезде есепке алу және есеп құжаттамасын жүргізу уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша жүзеге асырылады.
7. Денсаулық сақтау ұйымы азаматтар өтініш жасаған кезден бастап оларға ақылы медициналық қызметтердің уақтылы және сапалы көрсетілуі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
8. Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетудің тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3-Бөлім. Медициналық қызмет
10-тарау. Медициналық қызметтің мазмұны мен түрлері
36-бап. Медициналық қызметтің мазмұны
Медициналық қызмет жоғары немесе орта кәсіптік медициналық білім алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың кәсіптік қызметін қамтиды.
37-бап. Медициналық қызметтің түрлері
Қазақстан Республикасында медициналық қызметтің мынадай түрлері:
1) медициналық көмек;
2) зертханалық диагностика;
3) патологиялық-анатомиялық диагностика;
4) қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызмет;
5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет;
6) қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы қызмет;
7) денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі мен ғылыми қызмет;
8) денсаулық сақтау саласындағы сараптама;
9) осы Кодексте тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлері жүзеге асырылады.
11-тарау. Медициналық көмек
38-бап. Медициналық көмектің түрлері
Медициналық көмектің негізгі түрлері:
1) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;
2) білікті медициналық көмек;
3) мамандандырылған медициналық көмек;
4) жоғары мамандандырылған медициналық көмек;
5) медициналық-әлеуметтік көмек болып табылады.
39-бап. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек
1. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек - аурулардың профилактикасы мақсатында, сондай-ақ диагностика, емдеу мен медициналық оңалту әдістерін дәрігердің қатысуымен пайдалануды талап етпейтін аурулар кезінде орта медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек.
2. Шұғыл жағдайларда дәрігерге дейінгі медициналық көмекті медициналық білімі жоқ, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті даярлықтан өткен адамдар (парамедиктер), сондай-ақ зардап шегушілердің өмірін құтқару мақсатында өзге де адамдар көрсетуі мүмкін.
3. Дәрігерге дейінгі медициналық көмектің түрлері мен көлемін уәкілетті орган белгілейді.
40-бап. Білікті медициналық көмек
1. Білікті медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек.
2. Білікті медициналық көмектің түрлері мен көлемін уәкілетті орган белгілейді.
41-бап. Мамандандырылған медициналық көмек
1. Мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың арнаулы әдістерін талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Мамандандырылған медициналық көмекті денсаулық сақтаудың көпбейінді ұйымдары консультациялық-диагностикалық немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетеді.
3. Мамандандырылған медициналық көмектің түрлері мен көлемін уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары белгілейді.
42-бап. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек
1. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектің түрлері мен көлемін уәкілетті орган белгілейді.
43-бап. Медициналық-әлеуметтік көмек
1. Медициналық-әлеуметтік көмек - тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен науқастанған азаматтарға бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға ұсынылатын медициналық-әлеуметтік көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
44-бап. Медициналық көмекті ұсыну нысандары
Медициналық көмек:
1) амбулаториялық-емханалық көмек:
алғашқы медициналық-санитариялық көмек;
консультациялық-диагностикалық көмек;
2) стационарлық көмек;
3) стационарды алмастыратын көмек;
4) жедел медициналық көмек;
5) санитариялық авиация;
6) төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек;
7) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
8) паллиативтік көмек және мейірбике күтімі;
9) дәстүрлі медицина, халық медицинасы (емшілік) нысандарында ұсынылуы мүмкін.
45-бап. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек
1. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек - адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін:
1) неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді;
2) инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды;
3) халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды;
4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын, тәулік бойы медициналық бақылауы болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер және мейірбикелер көрсетеді.
3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдардың қызметі азаматтарға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы ескеріле отырып, тұрғылықты және (немесе) бекітілген жері бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық принцип бойынша құрылады.
4. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету түрлерін, көлемін, тәртібін, сондай-ақ азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
5. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыруды жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
46-бап. Консультациялық-диагностикалық көмек
1. Консультациялық-диагностикалық көмек - тәулік бойы медициналық бақылау жасалмайтын, мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек.
2. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
47-бап. Стационарлық көмек
1. Стационарлық көмек - тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары азаматтарға тиісті күтім жасалуын және олардың тамақтануын қамтамасыз етеді.
3. Стационарлық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
48-бап. Стационарды алмастыратын көмек
1. Стационарды алмастыратын көмек - бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін медициналық бақылау жасалатын, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
49-бап. Жедел медициналық көмек
1. Жедел медициналық көмек - денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жай-күй туындаған кездегі медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Жедел медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгілеген тәртіппен жедел медициналық көмектің мамандандырылған ұйымдары мен қызметтері құрылады.
3. Жедел медициналық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
50-бап. Санитариялық авиация
1. Санитариялық авиация - пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну әртүрлі көлік түрлерімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.
2. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
51-бап. Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек
1. Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде апаттар медицинасы қызметінің медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек ұсыну тәртібін, оның түрлері мен көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
52-бап. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту
1. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту туа біткен және жүре келе пайда болған аурулардан, сондай-ақ қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі.
2. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ санаториялық-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.
3. Азаматтарға Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен санаториялық-курорттық емделуге жолдамалар беріледі.
4. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
53-бап. Паллиативтік көмек және мейірбике күтімі
1. Паллиативтік көмек аурудың терминалдық (соңғы) сатысындағы дауасыз науқастарға мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистарда) немесе үйдегі стационар нысанында дәрігердің басшылығымен көрсетіледі.
2. Мейірбике күтімі дәрігер бақылауы талап етілмейтін жағдайларда мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ауруханаларында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
3. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
54-бап. Дәстүрлі медицина, халық медицинасы (емшілік)
1. Дәстүрлі медицина әдістеріне гомеопатия, гирудотерапия, мануальдық терапия, рефлекс-терапия, фитотерапия және табиғаттан алынатын құралдармен емдеу жатады.
2. Медициналық білімі бар, тиісті лицензия алған адамдардың дәстүрлі медицина саласындағы қызметке құқығы бар.
3. Халық медицинасы (емшілік) - халық жинақтаған емшілік құралдар туралы, сондай-ақ емдеу және гигиена тәсілдері мен дағдылары және оларды денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу мен оларды емдеу үшін практикада қолдану туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы.
4. Жеке тұлғалардың халық медицинасы (емшілік) әдістерін пайдалануы уәкілетті орган аккредиттеген денсаулық сақтау ұйымдары беретін сертификат негізінде жүзеге асырылады. Осы сертификатты алған жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының емшілер тізіліміне енгізілуге жатады. Сертификаттың және Қазақстан Республикасы емшілері тізілімінің нысанын, сондай-ақ оны жүргізу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
5. Жаппай емшілік сеанстарын, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып өткізуге тыйым салынады.
55-бап. Зертханалық диагностика
1. Зертханалық диагностика - аурудың (жай-күйдің) болу немесе болмау фактісін пациенттен алынған биоматериалдарды зертханалық зерттеу жолымен анықтауға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені.
2. Зертханалық диагностиканы жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының және (немесе) осы ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы ережені, сондай-ақ олар жүргізетін зерттеулердің көлемі мен түрлерін уәкілетті орган белгілейді.
56-бап. Патологиялық-анатомиялық диагностика
1. Патологиялық-анатомиялық диагностика патологиялық-анатомиялық ашып қарау барысында мәйіттің тіндері мен ағзаларындағы, сондай-ақ науқастың хирургиялық операция және (немесе) биопсия жолымен алынған ағзаларындағы (ағзаларының фрагменттеріндегі) және тіндеріндегі өзгерістердің жиынтығын талдау арқылы диагноз қою мақсатында жүргізіледі және ол тікелей тексеріп-қараудың (макроскопиялық зерттеулердің), үлкейткіш аспаптарды (микроскопиялық зерттеулер), өзге де технологияларды пайдалану арқылы зерттеулердің нәтижелеріне, сондай-ақ клиникалық-анатомиялық салыстыруларға негізделеді.
2. Патологиялық-анатомиялық ашып қарау өлімнің себептерін белгілеу және аурудың диагнозын нақтылау мақсатында жүргізіледі.
Ана және сәби өлімі, сондай-ақ аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болу жағдайларын қоспағанда, өлімнің күш қолданудан болғанына күдік болмаған және жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша өтініші не осы адамның тірі кезінде берген жазбаша ырық білдіруі болған кезде, мәйітті патологиялық-анатомиялық ашып қарау жүргізілместен, өлімнің болу фактісін куәландыратын уәкілетті орган бекіткен нысандағы құжатты бере отырып, беруге рұқсат етіледі.
Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып қарауды тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізуі мүмкін.
3. Патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының және (немесе) осы ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы ережені, сондай-ақ патологиялық-анатомиялық ашып қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
12-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы сараптама түрлері
57-бап. Денсаулық сақтау саласындағы сараптама
1. Денсаулық сақтау саласындағы сараптама азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласындағы сараптаманың мынадай түрлері:
1) медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама;
2) еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама;
3) әскери-дәрігерлік сараптама;
4) сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамалар;
5) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама;
6) дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға сараптама;
7) ғылыми-медициналық сараптама жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу кезінде дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға сараптаманы қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы сараптаманы жүргізуді жеке және заңды тұлғалар тиісті лицензия және (немесе) аккредиттеу туралы тиісті куәлік негізінде жүзеге асырады.
58-бап. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама
1. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама - жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық қызметтер көрсету сапасының деңгейі жөнінде қорытынды жасау үшін медициналық қызметтер көрсетудің тиімділік, толымдылық және стандарттарға сәйкестік көрсеткіштерін бейнелейтін индикаторларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы.
2. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.
3. Ішкі сараптама жүргізу үшін әрбір медициналық ұйымда ішкі бақылау (аудит) қызметі құрылады. Осы қызметтің құрылымы мен құрамын ұйым басшысы көрсетілетін медициналық қызметтер көлеміне қарай бекітеді.
Ішкі бақылау (аудит) қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруына, клиникалық қызметіне, медициналық көмек көрсету тәртібін және стандарттарды бұзу фактілерінің анықталуына, сондай-ақ емделуде жатқан пациенттер жолданымдарының бес күннен аспайтын мерзімде қаралуына ағымдағы талдау жүргізеді.
Ішкі бақылау (аудит) қызметі жүргізілген аудит нәтижелері бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен жағдайларын жою жөнінде медициналық ұйым басшысына ұсыныстар енгізеді.
4. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сыртқы сараптаманы уәкілетті орган және (немесе) тәуелсіз сарапшылар жүргізеді.
5. Медициналық қызметтер көрсету сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
59-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама
1. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізіледі.
2. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізудің, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
60-бап. Әскери-дәрігерлік сараптама
1. Әскери-дәрігерлік сараптама денсаулық жағдайы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке немесе ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарындағы, әділет органдарының қылмыстық-атқару жүйесінің, өртке қарсы қызмет, қаржы полициясы, кеден органдарындағы, прокуратура органдарындағы қызметке (бұдан әрі - әскери қызмет немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызмет) жарамдылықты белгілеу үшін, сондай-ақ азаматтардың әскери қызметті немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметті және әскери жиындарды өткерумен (міндеттерді орындаумен) байланысты ауруының, мертігуінің (жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының) (бұдан әрі - мертігу) және қайтыс болуының себепті байланыстарын айқындау үшін жүргізіледі.
2. Әскери-дәрігерлік сараптама:
1) мыналарды:
шақыру учаскелеріне тіркелетін, әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылатын және әскери (арнайы) оқу орындарына, республикалық әскери мектеп-интернаттарға (лицейлерге) түсетін азаматтарды;
әскери қызметке немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметке, оның ішінде келісім-шарт бойынша қызметке кіретін азаматтарды;
әскери қызметті шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша өткеретін әскери қызметшілерді;
әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарын, кадеттер мен тәрбиеленушілерді;
радиоактивтік заттармен, иондандырушы сәулелену көздерімен, зымыран отыны компоненттерімен, электр-магниттік өрістер көздерімен қызметке (жұмысқа) іріктеп алынатын және қызмет өткеріп (жұмыс істеп) жүрген әскери қызметшілерді (Қарулы Күштер қызметшілерін);
мемлекеттік авиацияның авиация персоналын;
әскери жиындарға немесе әскери қызметке шақырылған кезде немесе есепке алу мақсатында запастағы азаматтарды медициналық куәландыру кезінде;
2) ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер және құқық қорғау органдарына қызметке кіретін азаматтарға психологиялық-физиологиялық іріктеуді жүзеге асыру кезінде;
3) әскери қызметті (әскери жиындарды) немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметті өткерген әскери қызметшілердің немесе азаматтардың мертігуінің, ауруының себепті байланыстарын айқындау кезінде;
4) азаматтар әскери қызметтен немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметтен босатылған кезде олардың денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметке жарамдылық санатын айқындау кезінде;
5) әскери қызметшілердің, әскери міндеттілердің, қызметкерлердің әскери қызмет (әскери жиындар) немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызмет кезеңінде не әскери қызметтен (әскери жиындардан) немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметтен босатылғаннан кейін әскери қызметті (әскери жиындарды) немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметті өткеру кезеңінде алынған мертігу, ауру салдарынан қаза табуының (қайтыс болуының) себепті байланыстарын айқындау кезінде жүргізіледі.
3. Әскери-дәрігерлік сараптама органдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізеді.
4. Денсаулық жағдайының Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер және мемлекеттік авиация органдарындағы қызметке сәйкес келуіне қойылатын талаптарды қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдар және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орталық мемлекеттік орган уәкілетті органмен келісім бойынша бекітеді.
61-бап. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамалар
1. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамаларды тағайындау мен жүргізудің процестік тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген.
2. Көрсетілген сот сараптамасы түрлерін ұйымдастырудың және сот-сараптама зерттеулерін жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасында белгіленген.
62-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама
1. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама - физикалық факторлардың ағзалық-лептикалық, санитариялық-гигиеналық, эпидемиологиялық, микробиологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық, биохимиялық, токсикологиялық, радиологиялық, радиометриялық, дозиметриялық өлшеулерінің және басқа да зерттеулер мен сынаулардың кешені, сондай-ақ жобалардың, өнімдердің, жұмыстардың, қызмет көрсетулер мен кәсіпкерлік және (немесе) өзге қызмет объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігін бағалау мақсатында жобаларды сараптау.