9. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым бюджеттен қоса қаржыландыруды қажет ететін концессиялық жобаны іске асыру жөнінде ұсынылатын шешімдердің экономикалық сараптамасының сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
10. Концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйымның экономикалық сараптамасының нәтижелері бойынша бюджеттен қоса қаржыландыруды қажет ететін концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бекітеді.
11. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды қажет ететін концессиялық жобаларды ұсыну, қарау, іріктеу, мониторингін жүргізу және бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
156-бап. Мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жоспарлау
1. Мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жоспарлауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген осы заңды тұлғаларды дамытудың стратегиялық құжаттары болған кезде жүзеге асырылады.
2. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру туралы ұсыныстарын және олардың қаржы-экономикалық негіздемелерін енгізеді.
Бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесі заңды тұлғалардың жарғылық капиталына бюджет қаражатын салудың негіздемесін, орындылығын және нәтижені бағалауды қамтитын құжатты білдіреді.
Заңды тұлғаның қызметін дамыту немесе кеңейту мақсаттарында заңды тұлғаның жарғылық капиталын бюджет қаражаты есебінен ұлғайтуға рұқсат етіледі.
245-бапқа сәйкес 156-баптың 3-тармағы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
3. Мемлекеттің ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруы кезінде аталған заңды тұлғалар акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтары жоқ бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдинг акцияларының эмиссиясын төлей алады.
Республикалық бюджеттік бағдарламалардың осы әкімшілері тиісті бюджеттік бағдарламалардың жоспарлануын, негізделуін және іске асырылуын, осы Кодекске сәйкес олар бойынша нәтижелердің есептілігін, мониторингін және бағалануын қамтамасыз етеді.
4. Мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы іске асыру жоспарланып отырған бюджеттік инвестицияларды іріктеу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар дайындайтын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесі жөніндегі қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
5. Қаржылық-экономикалық негіздеменің мазмұнына, әзірлену тәртібі мен мерзіміне қойылатын талаптарды, сондай-ақ мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы іске асырылуы жоспарланып отырған бюджеттік инвестицияларды іріктеу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
31-тарау. Бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру
157-бап. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру
1. Бюджеттік инвестициялық жобалар олардың белгіленген тәртіппен бекітілген техникалық-экономикалық негіздемелеріне сәйкес іске асырылады.
2. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде көзделетін құрылыс қызметі белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде көзделетін шет мемлекеттер аумағындағы құрылыс қызметі осы жоба аумағында іске асырылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Бірыңғай техникалық параметрлері бар инвестициялық жобалар бойынша үлгілік жоба әзірлеу жүзеге асырылады.
Үлгілік жобаларды әзірлеу мен оларға сараптама жүргізуді қаржыландыру құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның тиісті бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде үлгілік жобаларды қолдану құрылыстың нақты алаңына бекіту жолымен жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік инвестициялық жобалардың құнын бюджет комиссиясы қарамастан және оның ұсынысынсыз ұлғайтуға жол берілмейді.
6. Республикалық немесе жергілікті бюджетке енгізілмеген бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге жол берілмейді.
7. Бюджеттік инвестициялық жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын бюджет комиссиясының ұсынысын ескермей бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын техникалық шешімдерді өзгертуге байланысты түзетуге жол берілмейді.
Республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттердің есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына техникалық шешімдерді өзгертуге байланысты және бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын түзету енгізу Республикалық бюджет комиссиясының ұсынысы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
8. Бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде көзделмеген және бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын бюджеттік инвестициялық жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына қосымша құрамдас бөліктерді бюджет комиссиясының ұсынысын ескермей енгізуге жол берілмейді.
Егер бюджеттік инвестициялық жоба республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттердің есебінен қаржыландырылатын жағдайда, бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде көзделмеген және бюджеттің қосымша шығыстарға әкеп соғатын бюджеттік инвестициялық жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына құрамдас бөліктер Республикалық бюджет комиссиясының ұсынысы ескеріле отырып қосылады.
9. Республикалық бюджет, оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын аяқталған инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруды бағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген орган жүргізеді.
Жергілікті бюджет, оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды іске асыруды бағалауды жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген орган жүргізеді.
10. Инвестициялық жобаларды іске асыруды бағалауды жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
158-бап. Бюджеттен концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру
1. Бюджеттен концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялар концессия шартының негізінде іске асырылады.
2. Бюджеттен концессиялық жобаларды қоса қаржыландыруды концедент тиісті бюджеттік бағдарлама шеңберінде жүргізеді.
3. Бюджеттен концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
159-бап. Мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру
1. Мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға және олардың еншілес ұйымдарының жарғылық капиталына заңды тұлғалардың жарияланған акцияларын төлеуге ақша аудару бағалы қағаздар нарығын реттеуді және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның тиісті куәлігімен расталатын жарияланған акцияларын (бағалы қағаздарды) шығару мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
9-бөлім. Концессиялық міндеттемелер
32-тарау. Концессиялық міндеттемелер
160-бап. Концессиялық міндеттемелер туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Концессиялық міндеттемелер:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелеріне;
2) жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелеріне бөлінеді.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді орындауы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді орындауы жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдары бір-бірінің концессиялық міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелері жасалған концессия шарттары бойынша концессиялық міндеттемелерді толық төлеген кезде орындалды деп саналады.
7. Концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындар өтемақысын беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
161-бап. Концессиялық міндеттемелердің есепке алынуы және мониторингі
1. Концессиялық міндеттемелер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органда тіркелуге және есепке алынуға тиіс.
2. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерінің мониторингін жүзеге асырады.
3. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерінің мониторингін жүзеге асырады.
4. Концессиялық міндеттемелердің мониторингі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
162-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді қабылдауы және орындауы
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелер қабылдауы:
1) жоспарлы кезеңге концессияға ұсынылған объектілер тізбесін қалыптастыру;
2) концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың қаржылық шектерін және басымдықтарын белгілеу негізінде жүзеге асырылады
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді қабылдауын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әрбір жеке концессиялық жоба бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді қабылдауы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимитпен шектеледі.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді орындауын республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджет қаражаты есебінен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
33-тарау.
Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелері
163-бап. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауы
1. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауы:
1) жоспарлы кезеңге концессияға ұсынылған объектілер тізбесін қалыптастыру;
2) концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың қаржылық шектерін және басымдықтарын белгілеу негізінде жүзеге асырылады.
2. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауын бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әрбір жеке концессиялық жоба бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты шешімінің негізінде жүзеге асырады.
164-бап. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелер қабылдауын шектеу
1. Жергілікті атқарушы органның концессиялық міндеттемелерді қабылдауы тиісті жергілікті атқарушы органның концессиялық міндеттемелерінің белгіленген лимитімен шектеледі.
2. Жергілікті атқарушы органның концессиялық міндеттемелерінің лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
165-бап. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді орындауы
Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді орындауын жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады.
10-бөлім. Гранттар
34-тарау. Байланыссыз және байланысты гранттар туралы жалпы ережелер
166-бап. Байланыссыз гранттар
Байланыссыз гранттарды тарту, пайдалану, мониторингін жүргізу және пайдаланылуын бағалау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
167-бап. Байланысты гранттарды жоспарлау
1. Орталық мемлекеттік органдардың донорлардың өтеусіз қаржылық және техникалық көмек беру туралы ұсыныстарына негізделген байланысты гранттар тартуға өтінімдер қалыптастыру, ұсыным жасау және іріктеу жөніндегі қызметі байланысты гранттарды жоспарлау болып табылады.
2. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді орталық мемлекеттік органдар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өтінімдерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
3. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді іріктеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) байланысты грантты тартуға арналған өтінімнің Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкестігі;
2) байланысты грантты тартуға арналған өтінімнің донорлардың байланысты гранттарды беру саясатына сәйкестігі негізінде жүзеге асырады.
4. Байланысты гранттарды тартуға арналған іріктелген өтінімдердің негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдердің тізбесін қалыптастырады.
168-бап. Байланысты гранттарды тарту
1. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдер тізбесінің негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган донорларға байланысты гранттар беруге арналған өтінімдер жібереді.
2. Байланысты гранттар беруге арналған өтінімдерді толтыруды донорлар белгілеген нысан бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның сұрау салуы негізінде тиісті орталық мемлекеттік немесе жергілікті өкілді немесе атқарушы органдар жүзеге асырады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісіп алмай донорларға өтініш жасауға тыйым салынады.
3. Байланысты грантты тартуға өтінімді донор мақұлдаған жағдайда, оны тартудың орындылығын тиісті бюджет комиссиялары айқындайды.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдер тізбесін қалыптастырады және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді, сондай-ақ оны жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджет комиссияларының қарауына өтінімдер енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін жібереді.
4. Байланысты грант туралы келісім республикалық немесе жергілікті бюджеттер бекітілгеннен кейін жасалады.
35-тарау. Байланысты гранттарды пайдалану
169-бап. Байланысты гранттарды пайдалану
1. Байланысты гранттарды пайдалану жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді және оны байланысты грант туралы келісімге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ұйымдар - гранттарды алушылар жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік ұйымдар - байланысты гранттарды алушылар:
1) байланысты грант туралы келісімде көзделген өздеріне қабылдаған міндеттемелерді уақтылы орындауға;
2) алынған байланысты гранттардың нысаналы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
3) байланысты гранттардың есебінен сатып алынған жабдықтар мен материалдардың балансқа қойылуын қамтамасыз етуге;
4) гранттардың есебінен сатып алынатын тауарлар импорты кезінде кедендік ресімдерді уақтылы жүзеге асыруға;
5) ай сайын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға байланысты гранттарды пайдалану туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
3. Байланысты грантты пайдалану аяқталған соң мемлекеттік ұйымдар - байланысты гранттарды алушылар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға донордың уәкілетті өкілі және өтінімі бойынша байланысты грант беру жүзеге асырылған орталық мемлекеттік немесе жергілікті өкілді немесе атқарушы органдардың бірінші басшысы қол қойған байланысты грантты пайдалану туралы түпкілікті есепті ұсынады.
170-бап. Байланысты гранттарды пайдалану мониторингі және бағалау
1. Байланысты гранттарды пайдалану мониторингі:
1) орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ақпарат жинауын және оны өңдеуін;
2) орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы есептерді мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдарға табыс етуін көздейді.
2. Есептілікті табыс ету тәртібі мен мерзімдерін және нысандарын, сондай-ақ байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдар айқындайды.
3. Байланысты гранттарды пайдалануды бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттарды пайдалану мониторингінің негізінде жүзеге асырады және:
байланысты гранттарды тартудың орындылығын бағалауды;
байланысты гранттарды пайдаланудың жоспарланған және қол жеткізілген нәтижелерін салыстыруды, сондай-ақ олардың республика мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етуін талдауды;
байланысты гранттарды пайдалануға әсер еткен әртүрлі сыртқы факторларды бағалауды және талдауды көздейді.
4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган оларды бағалау нәтижелеріне негізделген байланысты гранттарды пайдалану туралы жиынтық есепті қалыптастырады және оны есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне табыс етеді.
11-бөлім. Бюджеттік кредиттеу
36-тарау. Бюджеттік кредиттеудің жалпы ережелері
171-бап. Бюджеттік кредиттеу туралы негізгі ережелер
1. Бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешім қабылдау рәсімдерін қамтитын процесті білдіреді.
2. Кредитор, бюджеттік бағдарлама әкімшісі және қарыз алушы арасындағы бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу кезінде тараптардың құқықтық қатынастарын белгілейтін келісім кредиттік шарт болып табылады.
3. Бюджеттік кредиттер заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу мақсаттарына, қарыз алушылардың шаруашылық қызметінің залалдарын жабуына, сенім білдірілген өкілдердің (агенттердің) көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге берілмейді.
4. Бюджеттік кредиттер мынадай талаптар сақталған жағдайда беріледі:
1) салық берешегінің болмауы;
2) қарыз алушының бюджеттік кредит бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін жағдайының болуы;
3) қарыз алушының бұрын берілген бюджеттік кредиттер бойынша берешегінің болмауы.
172-бап. Бюджеттік кредиттеу принциптері
Бюджеттік кредиттерді беру мынадай:
1) бюджеттік кредитті кредит шартына сәйкес өтеу міндеттілігін көздейтін қайтарымдылық;
2) міндеттемелердің орындалуын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәсілдермен қамтамасыз ететін жағдайының болуын көздейтін қамтамасыз етілу;
3) бюджеттік кредиттің берілгені үшін қарыз алушының сыйақы төлеуін көздейтін ақылылық;
4) бюджеттік кредитті беру мерзімін белгілеуді көздейтін мерзімділік принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
173-бап. Бюджеттік кредиттеу өлшемдері
Бюджеттік кредиттер мынадай өлшемдер сақталған жағдайда беріледі:
1) іс-шараларды бюджеттік кредиттеу арқылы іске асырудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
2) бюджеттік кредит есебінен іске асырылатын іс-шаралардың өзін-өзі ақтауы;
3) қарыз алушының Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өлшемдерге сәйкес кредиттік қабілеті.
174-бап. Бюджеттік кредиттеу субъектілері
1. Кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі, қарыз алушы, соңғы қарыз алушы және сенім білдірілген өкіл (агент) бюджеттік кредиттеу субъектілері болып табылады.
2. Бюджеттік кредиттеу субъектілерінің құқықтары мен міндеттері осы Кодекске және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес кредиттік шартпен және (немесе) тапсырма шартымен айқындалады.
175-бап. Кредитор
1. Қазақстан Республикасының бюджеттік және азаматтық заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беретін кредит шартының тарабы кредитор болып табылады.
2. Республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі кредитор болып табылады.
Бюджеттік кредиттеу кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Yкіметінің атынан кредитор ретінде әрекет етеді.
3. Жергілікті бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде тиісті жергілікті атқарушы орган кредитор болып табылады.
4. Кредитор осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беруді қамтамасыз етеді, кредит шарты талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
176-бап. Бюджеттік кредиттеу субъектісі ретіндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік кредит беру кезінде кредиттік шарттың тарабы болып табылады және:
1) қаржы агенттіктерін қоспағанда, мамандандырылған ұйымдар мен сенім білдірілген өкілдерді (агенттерді) конкурстық негізде айқындауды;
2) бюджеттік кредиттердің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оларға қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингін жүзеге асырады.
177-бап. Қарыз алушылар
1. Бюджеттік кредитті алушы, негізгі борышты өтеу және сыйақы, сондай-ақ кредиттік шартқа сәйкес басқа да төлемдерді төлеу жөнінде міндеттемелер алатын кредит шартының тарабы қарыз алушы болып табылады.
2. Мыналар:
1) мамандандырылған ұйымдар - банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке не ұлттық холдингке, не Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымдар;
2) жергілікті атқарушы органдар;
3) шет мемлекеттер;
4) жеке тұлғалар қарыз алушылар бола алады.
178-бап. Түпкілікті қарыз алушылар
1. Мамандандырылған ұйым оған кредитор немесе қаржы агенттігі айқындаған шарттармен беретін бюджеттік кредитті соңғы алушы түпкілікті қарыз алушы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар түпкілікті қарыз алушылар бола алады.
3. Түпкілікті қарыз алушыларды іріктеуді және кредиттеуді бюджеттік бағдарламаның нысаналы мақсатына, сондай-ақ өздерінің кредиттік саясатына сәйкес мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
179-бап. Сенім білдірілген өкілдер (агенттер)
1. Тапсырма шартының негізінде кредитордың (сенімгердің) атынан және оның есебінен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттік кредит беруге байланысты белгілі бір тапсырмаларды жасайтын тұлға сенім білдірілген өкіл (агент) болып табылады.
2. Сенім білдірілген өкіл (агент) кредитордың (сенімгердің) тапсырмасы бойынша мынадай іс-әрекеттерді орындай алады:
1) бюджеттік кредиттерге қызмет көрсету;
2) қарыз алушылармен есеп айырысу;
3) бюджеттік инвестициялық жобалардың қаржыландырылуы мен іске асырылуына мониторинг жүргізу;
4) қарыз алушылардың қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өндіріп алу;
6) қарыз алушы-жеке тұлғаларды анықтау және олармен кредиттік шарттар жасасу.
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйым сенім білдірілген өкілдер (агенттер) бола алады.
4. Қаржы агенттігін қоспағанда, сенім білдірілген өкілді (агентті) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган немесе бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындайды.
5. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиісті бюджет қаражаты есебінен сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшін сыйақы төлеуді жүзеге асырады.
Сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшін төленетін сыйақының мөлшері тапсырма шартында белгіленеді.
37-тарау. Бюджеттік кредиттеу талаптары
180-бап. Кредиттік шарттың негізгі талаптары
1. Кредиттік шартта бюджеттік кредиттің мынадай негізгі талаптары міндетті түрде болуға тиіс:
1) берудің мақсаты;
2) мөлшері;
3) валютасы;
4) мерзімі;
5) игеру кезеңі;
6) сыйақы ставкасы.
2. Бюджеттік кредиттің негізгі талаптары және қарыз алушылардың санаты кредитордың шешімімен белгіленеді.
3. Кредиттік шартқа қосымша талаптар, оның ішінде бюджеттік кредитті беру тәсілін айқындайтын талаптар, бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі, бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері енгізіледі.
181-бап. Бюджеттік кредиттің мерзімі
1. Қарыз алушы бюджеттік кредит алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететін және оны өтейтін уақыт кезеңі бюджеттік кредиттің мерзімі болып табылады.
2. Бюджеттік кpeдиттің мерзімі бюджеттік кредиттің қаражатын кредитордың шотынан аударған кезден бастап есептеледі.
3. Бюджеттік кредиттер берілу мерзіміне қарай мынадай түрлерге бөлінеді:
1) қысқа мерзімді - 1 жылға дейін;
2) орта мерзімді - 1 жылдан 5 жылға дейін;
3) ұзақ мерзімді - 5 жылдан 30 жылға дейін.
182-бап. Бюджеттік кредитті игеру кезеңі
Бюджеттік кредиттің берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін қарыз алушы бюджеттік кредитті пайдалана алатын уақыт кезеңі бюджеттік кредитті игеру кезеңі болып табылады.
183-бап. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
1. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуы кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі.
Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенттіктеріне республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер міндеттемелерді орындау қамтамасыз етілмей бөлінуі мүмкін.
Қаржы агенттіктерін республикалық бюджеттен қамтамасыз етілмейтін бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу тәртібі мен өлшемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.