G сыныбы әуе кеңiстiгi бақыланбайтын әуе кеңiстiгi болып табылады. Бұл әуе кеңiстiгіндегі ұшулар № 3 кестеге сәйкес көзбен шолып ұшулар Ережесiне сәйкес және байланыссыз жүргiзiледi.
Бақыланбайтын әуе кеңiстiгiнде диспетчерлiк рұқсат қажет етiлмейдi. Тиiстi органға iздестiру мен құтқару үшiн хабарландыру ұйымдастыру авиакомпания мен ұшу аппараттарының иелерiне жүктеледi.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн сыныптау туралы ақпарат ҚР Қорғаныс министрлігінiң тиiстi органымен келісім бойынша уәкiлеттi орган бекiткен нормативтiк құжаттарда баяндалған.
125. Бақыланбайтын әуе кеңiстiгi тiгiнен қауiпсiз эшелоннан 300 м (900F) төмен, әуеайлақтар, аэротораптар аудандарынан және басқа айрықша ұшу режимдерi бар аймақтардан тысқары жерлерде белгiленедi.
Бақыланбайтын әуе кеңiстiгіндегі ұшулар диспетчерлiк, ұшу-ақпараттық, консультациялық қызметтер көрсетiле отырып, көзбен шолып ұшу ережелерi бойынша ғана жүзеге асырылады.
126. Әрбiр сыныптың әуе кеңiстiгi шегіндегі ұшуларға қойылатын талаптар осы Ереженiң 5-қосымшасындағы кестеде көрсетiлген талаптарға сай келедi.
11-тарау. Әуе қозғалысына қызмет көрсетудi ұйымдастырудың тәртібі
127. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсетудi ұйымдастыруды азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсетудi ұйымдастыру жөніндегі ақпарат Әуе айлағы ауданында ұшуларды жүргiзу жөніндегі нұсқаулықта (әуежайдың аэронавигациялық паспортында) жазылған. Осы деректер негiзiнде ҚР ААЖ АІР RK-да осындай қызмет көрсетудi пайдалану үшiн қажет болатын тиiстi ақпараттарды жариялауға дайындайды.
128. Әуе қозғалысына қызмет көрсету қамтамасыз етiлуi тиiс әуе кеңiстiгiн шектеу бағыттар құрылымының сипатына, әуе қозғалысының тығыздығына, әуе кемелерiнiң түрлерiне және тиiмдi қызмет көрсетудiң қажеттілігiмен байланыстырылады.
129. Шектес мемлекеттiң әуе қозғалысына қызмет көрсетудi ұйымдастыру әуе қозғалысына қызмет көрсететiн шекаралас аудандардың келiсу рәсiмдерiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
130. ӘҚҚ органдары азаматтық әуе кемелерiнiң қауiпсiз ұшу мәселелерiн қатысы бар қызметтi жүзеге асыруға жауапты әскери органдармен өзара тығыз iс-қимылды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мен тиiстi әскери органдар арасында азаматтық әуе кемелерінің қауiпсiз және кедергiсiз ұшуына қатысты жедел ақпарат алмасу жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiзiледi.
131. Әскери әуе кемелерiнiң жекелеген ұшулары әуе қозғалысы ережелерiнiң бұзылуына әкеп соқтыратындықтан, ұшу қауiпсiздiгi мақсатында тиiстi әскери органдар азаматтық авиацияның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын алдын ала осындай ұшулар орындалатыны жөнiнде хабардар етедi.
132. Әуе қозғалысын ұйымдастыру органы тиiстi әуе кемелерiне құқықтық иелiгi бар уәкiлеттi органнан нақты жазбаша сұрау алған жағдайда ғана әскери органдардың iс-әрекетiнен және басқа төтенше жағдайлардан туындайтын қажеттілікке байланысты эшелондауды барынша қысқартуға келісім бередi, мұндай жағдайда қысқартылған минимумдар осы әуе кемелерiне қатысты ғана қолданылатын болады.
Әуе қозғалысын ұйымдастырудың тиiстi органы эшелондаудың осындай қысқартылған минимумын толық көрсете алатын белгiленген жазбаша нысандағы нұсқаулықтар шығаруы тиiс.
12-тарау. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлерi
133. Әуе қозғалысына қызмет көрсету Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияға 2, 11-қосымшалар және DOC. 4444 ИКАО талаптарына сәйкес мынадай қызмет көрсетудiң үш түрiнен тұрады:
1) әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару), осы ҚР ӘК ҰHE-нiң 120-тармағының 1, 2 және 3-тармақшаларының мiндеттерiн шешуге арналған, ал бұл тармақшалар өз кезегiнде мынадай үш бөлiкке бөлiнедi:
аудандық диспетчерлiк қызмет көрсету - бақыланатын ұшуларға диспетчерлiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ету;
жақындау диспетчерлiк қызмет көрсету - әуе кемелерiнiң ұшып келуi мен ұшып кетуiне байланысты бақыланатын ұшулардың бөлiктерiне диспетчерлiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ету;
әуеайлақтық диспетчерлiк қызмет көрсету - жоғарыда көрсетiлген ұшу бөлiктерiнен басқа әуеайлақтық қозғалыстарға диспетчерлiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ету;
2) 120-тармақтағы 4-мiндеттi шешуге арналған ұшу-ақпараттық қамтамасыз ету;
3) 120-тармақтағы 5-мiндеттi шешуге арналған авариялық құлақтандыру қызметi.
134. Әуе қозғалысына қызмет көрсетудi мынадай түрде құрылған және бөлiнген органдар қамтамасыз етедi:
1) аэронавигациялық ақпараттар қызметi және ұшу-консультациялық ақпараттар қызметiн қамтамасыз ететiн брифинг;
2) ұшу ақпараттары аудандары шегіндегі авариялық құлақтандыру қызметi;
3) әуе трассаларында, ӘҚБ бағыттарын әуе қозғалысына қызмет көрсететiн диспетчерлiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ететiн диспетчерлiк аудандар, (3-кесте);
4) диспетчерлiк аудандарға кiрмейтiн әуе кеңiстiгi бөлiктерiнде диспетчерлiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ ұшып келiп және ұшып кетiп жатқан немесе күту аймағындағы әуе кемелерiне қызмет көрсететiн диспетчерлiк аймақтар.
135. Әуеайлақ ауданында диспетчерлiк қызмет көрсетудi әуеайлақ ауданының диспетчерлiк пунктi қамтамасыз етедi, ол әуеайлақтағы немесе әуеайлақтың маңында (ұшу-қону аймағында):
1) әуеайлақ төңiрегiнде әуеайлақтық қозғалыс шеңберiнде ұшатын әуе кемелерiне;
2) маневр жасау алаңы бойынша қозғалатын әуе кемелерiне;
3) жерге қонатын және ұшып шығатын әуе кемелерiне;
4) маневр жасау алаңында қозғалатын әуе кемелерi мен көлiк құралдарына;
5) маневр жасау алаңындағы әуе кемелерiне және осы алаңдағы кедергiлерге өзара соқтығысып қалуды болдырмау мақсатында өзiнiң басқаруындағы әуе кемелерiне: қауiпсiз, реттi және жедел әуе қозғалысының тасқынын қамтамасыз ету үшiн ақпарат бередi және рұқсат етедi.
Перронда көзделген қызмет көрсетудi қамтамасыз ету әуеайлақтың диспетчерлiк пунктiне немесе жеке органға тапсырылуы мүмкiн.
136. Әуеайлақ аудандарындағы диспетчерлiк пункттер, сондай-ақ ұшу қауiпсiздiгi қызметiн құлақтандыру үшiн де жауап бередi және әуеайлақтағы қозғалысты реттеу және әуе кемелерiн ұшқыштардың бағдарлап отыруы үшiн әуеайлақта орнатылған кез келген тетiктiң, шамдардың немесе басқа құрылғылардың кез келген бұзылуы немесе ақаулықтары туралы дереу хабарлайды.
137. Тiркеп сүйрелетiн әуе кемелерiн қоса есептегенде, адамдардың немесе көлiк құралдарының әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы қозғалысын оларға және жерге қону, рөлдеу немесе ұшып көтерiлудi орындайтын әуе кемелерiне қауiп төнуiн болдырмау үшiн әуеайлақ ауданының АА диспетчерлiк пунктi басқарады.
138. Бақыланатын ұшу кез келген уақытта бiр ғана диспетчерлiк пункттiң басқаруында болады. Әуе кеңiстiгiнiң нақты бөлiгiнде ұшуларды орындайтын барлық әуе кемелерiн басқару жауапкершiлiгi бiр диспетчерлiк пунктке жүктеледi.
139. Әуе қозғалысын басқару органдарының диспетчерлiк рұқсат беруi әуе кемесiне белгiлi әуе қозғалысына қатысы бар iс-әрекеттердi ғана жасау өкiлеттiгiн беру ретiнде қарастырылады.
140. Диспетчерлiк рұқсат беру тек әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ету талаптарына ғана негiзделедi және мыналарды қамтиды:
1) әуе кемесiнiң ұшу жоспарында көрсетiлген айырым индексi;
2) рұқсаттың қолданылу шекарасы;
3) ұшу бағыты;
4) бүкiл бағытқа немесе оның бөлiгiне арналған ұшу эшелоны;
5) басқа мәселелер бойынша кез келген қажеттi нұсқаулар мен ақпарат (ұшу немесе қонуға бет алу кезiнде маневр жасау, рұқсаттың қолданылу мерзiмi өткенде уақытты белгiлеу жөнiнде).
141. Ұшып шығатын әуе кемелерiне арналған диспетчерлiк рұқсатта ұшу бағыты, егер ол аэронавигациялық ақпараттар (АНА) құжаттарында жарияланғаннан өзгеше болса, ұшудан кейiнгi бұрылу, керектi бағытқа шыққанға дейiн жүрiп өтуге қажеттi жол сызығы; берiлген эшелонға дейiнгi биiктiктi алу алдында ұстану қажет болатын эшелон; эшелон өзгертiлетiн кездегi уақыт, пункт және/немесе тiгiнен алғандағы жылдамдық, сондай-ақ ұшу қауiпсiздiгiн негiзге алатын кез келген басқа да қажеттi маневр көрсетiлуi мүмкiн.
142. Ұшуға рұқсат әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне әсер ететiн белгiлi бiр қозғалыс жағдайларын ескере отырып берiледi. Мұндай қозғалыс жағдайларына әуедегi және маневр жасау алаңындағы қозғалысы басқарылып отыратын әуе кемелерi ғана емес, сондай-ақ пайдаланылатын маневр жасау алаңына тұрақты орналастырылмаған жер бетіндегі көлiк құралдарының немесе басқа да кедергiлердiң кез келген қозғалысы жатады.
143. Егер диспетчерлiк рұқсат әуе кемесiнiң командирiн (ұшқышын) қанағаттандырмайтын болса, ол ӘҚҚ диспетчерiне баяндап және егер бұл iс жүзiнде мүмкiн болса, өзгертiлген диспетчерлiк рұқсатты ала алады.
144. ӘҚҚ органдарының өзгертiлген диспетчерлiк рұқсаты әуеайлақтағы қозғалыс пен метеорологиялық жағдайларға ғана байланысты болады және ол ұшқышты қолданылатын ережелер мен қағидалардың кейде орын алатын бұзылуына байланысты белгiлi бiр жауапкершiлiктен босатпайды.
145. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгіндегі ӘҚҚ диспетчерлiк пункттердiң қызметi мен тиiстi рәсiмдерi әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары персоналының iс-әрекетiн регламенттеп отыратын нормативтiк құжаттарда белгiленедi, ұшқыштар экипажы бұларды оқып үйренуге және орындауға мiндеттi.
13-тарау. ӘҚҚ қызметiнiң жұмысын ұйымдастыру
146. ӘҚҚ қызметiнiң жұмысы ауысым бойынша ұйымдастырылады. Ауысымды ауысым бастықтары басқарады. Аудандық диспетчерлiк орталықтар (АӘҚҚ) мен әуеайлақ диспетчерлiк орталығы (бұдан әрi - ӘДО) ауысымдарын - тиiсiнше ұшу орталықтарының (бұдан әрi - ҰОБ) немесе ӘҚҚ ауданының (АҰБ) және әуеайлақ (аэроторап) диспетчер орталығының басшылары (ӘДО ҰБ) немесе әуеайлақ ауданының аға диспетчерi басқарады.
Аға ұшқыш ұшулардың басшысы ӘДО (АҰБ) болып табылады. Әрбiр ауысымның жұмысы барлық диспетчерлiк пункттерде мамандар толық құрамда шыққан кезде ұйымдастырылуы тиiс.
147. Жеделдiгiне қатысты алғанда ұшуларды және ӘҚҚ қамтамасыз ететiн тиiстi объектiлер мен қызметтердiң кезекшi ауысымдарының бастықтары ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты (радиотехникалық жабдықтар мен байланысты пайдалану, ұшуды электр жарығымен техникалық қамтамасыз ету, метеорологиялық, штурмандық, әуеайлақтық, авариялық-құтқару) мәселелер бойынша ұшу жетекшiсiне (aғa диспетчерге) бағынады.
148. Әуеайлақтың ұшу жетекшiсi (aғa диспетчер) әуеайлақтағы әуе кемелерiнiң ұшып-қонуына рұқсат беретiн және тыйым салатын басты лауазым иесi болып табылады. Ұшуды қамтамасыз ететiн барлық қызмет үшiн оның шешiмдерi мiндеттi болып саналады.
149. Әуеайлақтағы ұшу жетекшiсi (аға диспетчер):
1) ҰҚЖ мен әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы жұмыстарға жеке өзi рұқсат етуге, тоқтатуға, тыйым салуға;
2) есептелген (нақтыланған) қону уақытынан кемiнде 5 минут бұрын, сондай-ақ әуе кемесiнiң тiкелей ұшуы алдында ұшу алаңының техникалық және басқа құралдардан босатылуын бақылауға;
3) старт беретiн диспетчерлiк пункттiң (бұдан әрi - СДП) (Мұнара) диспетчерi мен әуеайлақ қызметi бригадасының жетекшiсi арасындағы байланыс болмаған немесе жоғалған жағдайларда ҰҚЖ-дағы жұмыстардың атқарылуына тыйым салуға;
4) жарық сигналдық жабдықтары ҚР AA АҚН талаптарына сай келмейтiн техникалық құралдармен барлық жұмыс түрлерiн жүргiзу үшiн ҰҚЖ-на, сондай-ақ жұмысты жүргiзетiн қызметтiң жауапты адамдардың арнайы машиналармен алып жүрусiз баруына тыйым салуға мiндеттi.
150. Ұшу басшысының (аға диспетчер):
1) ұшудың басталуы, шектелуi, тоқтатылуы және жаңғыртылуы туралы шешiм қабылдауға;
2) әуе қозғалысы тәулiктiк жоспарының орындалуы мен ӘҚҚ кезіндегі қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуiне байланысты ұшуды қамтамасыз ететiн қызметтердiң кезекшiлiк ауысымдарының бастықтарына өкiмдер беруге;
3) ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етпейтiн лауазымды тұлғаларды қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге, сондай-ақ; тәуліктен жоспарда ұшулар көрсетiлмеген кезде, әуе кемелерi экипажының ұшып шығуына тыйым салуға;
4) экипаж ұшу қауiпсiздiгi талаптарын бұзған жағдайда ұшу тапсырмаларын орындауды тоқтатуға құқығы бар.
151. Ұшу жетекшiсi (аға диспетчер):
1) ұшудың басталуы, шектелуi немесе тоқтатылуы туралы қабылданатын шешiмдер үшiн;
2) ӘҚҚ кезiнде әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшiн;
3) нұсқау беру мен талдауды сапалы өткізу, қозғалыс қызметi ауысымының жұмысын ұйымдастыру мен оның нәтижесi үшiн жауапты болады.
152. ӘҚҚ мамандарының мiндеттерi, құқықтары мен жауапкершiлiгi осы Ережемен, жұмыс технологияларымен және лауазымдық нұсқаулықтармен белгiленедi.
153. Ұшу қауiпсiздiгiне айқын қауiп төнгенде әуе кемесiнiң командирi өзiнiң iс-әрекеттерi туралы дереу баяндай отырып ұшу жоспарынан және диспетчердiң нұсқауынан тартына алатын жағдайларды қоспағанда, диспетчердiң барлық нұсқаулары әуе кемелерiнiң экипаждары үшiн мiндеттi болып табылады.
14-тарау. Әуе кеңiстiгiн ұйымдастыру
154. Ұшуды орындаудың белгiлi бiр тәртібін белгiлеу және әуе кемелерi қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi тiгiнен алғанда жоғарғы және төменгi әуе кеңiстiгiне бөлiнедi.
155. Жоғары және төменгi әуе кеңiстiгi арасындағы шекара 760 мм сын. бағанасы (1013,2 мб) атмосфералық қысымына сай келетiн деңгейден 6100 м биiктiкте белгiленедi. Жекелеген жағдайларда жергiлiктi жағдайларға байланысты, уәкiлеттi авиация органының келісімi және рұқсат етуi бойынша жоғары және төменгi әуе кеңiстiгiнiң арасындағы шекара басқа биiктiкте белгiленуi мүмкiн.
156. ӘҚҚ функцияларын жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi ӘҚҚ аудандарына бөлiнедi.
157. Әуе қозғалысына қызмет көрсету ауданы - әуе трассалары және жергiлiктi әуе желiлерi (бұдан әрi - ЖӘЖ) бойынша жүзеге асырылатын, сондай-ақ аудандық диспетчерлiк орталық немесе АӘҚҚ жүзеге асыратын белгiленген бағыттар бойынша әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету жүзеге асырылатын белгiленген шекарадағы әуе кеңiстiгi.
158. ӘҚҚ ауданына жеделдiлiк жағынан ӘҚҚ-ның осы ауданына кiретiн әуежайлардың ӘҚҚ қызметтерi бағынады.
159. Қазақстан Республикасының теңiздегi мемлекеттік шекарасына тiкелей жақын орналасқан ӘҚҚ аудандарының құрамына белгiленген тәртiппен шекараға таяу жерде жанасып жатқан теңiз айдыны үстіндегі әуе кеңiстiгi қосылуы мүмкiн.
160. ӘҚҚ аудандарына жергiлiктi диспетчерлiк пункттердiң (бұдан әрi - ЖДП) аудандары, сондай-ақ әуеайлақтар мен аэротораптардың аудандары кiредi.
161. ЖДП аудандары ЖӘЖ-да және төменгi әуе кеңiстiгіндегі әуе кемелерiнiң тұрақты ұшу бағыттарында әуе қозғалысына қызмет көрсету және ұшуды қамтамасыз ету үшiн ұйымдастырылады.
ЖДП ауданында ЖӘЖ бойынша ұшу биiктiгiнiң диапазоны Қазақстан Республикасының жергiлiктi әуе желiлерiнiң тiзбесiнде белгiленедi.
162. Жақын орналасқан әуеайлақтар оларда ұшуды үйлестiру мақсатында аэротораптарға бiрiгедi.
163. Әуеайлақтар (аэротораптар) аудандарында кiру және шығу әуе дәлiздерi, ұшу және қону, күту аймақтары және басқа аймақтар белгiленедi.
164. Әрбiр әуеайлақ үшiн ұшу және қону аймағы осы әуеайлақтан ұшуды орындайтын әуе кемелерiнiң ұшу-техникалық деректерiн ескере отырып белгiленедi және өзiнiң көлемi жөнiнен радиолокациялық бақылау, ұшып-көтерiлген соң қажеттi биiктiктi алу және қонуға келерде оны төмендету үшiн белгiленген маневрдi қауiпсiз орындау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс.
Ұшу және қону аймағының жоғары шекарасы әдетте күту аймағының екiншi эшелоны бойынша белгiленедi.
165. ӘҚҚ аудандарының және азаматтық авиация әуеайлақтары (азротораптары) аудандарының әуе кеңiстiгi жоспары жағынан да және биiктiгi бойынша да секторларға (бағыттар) бөлiнуі мүмкiн.
166. ӘҚҚ аймақтарының, аудандарының, жергiлiктi диспетчерлiк пункттер аудандарының, әуеайлақтар (аэротораптар) аудандарының, диспетчерлiк пункттердiң әуе қозғалысына қызмет көрсету секторларының (бағыттарының) көлемi мен шекарасы, әуе дәлiздерiн, күту аймақтарын орналастыру және олардың саны, әуеайлақтар аудандарында әуе кемелерiнiң қозғалу схемасы әуе кемелерiмен байланыстың сенiмдi және үздiксiз болуы және әуе қозғалысын радиотехникалық бақылау талаптарын, пайдаланылатын әуе кемелерiнiң ұшу-техникалық деректерiн, сондай-ақ ұшу қауiпсiздiгi мен тиiмдiлiгiн қамтамасыз етудi ескере отырып белгiленедi.
167. Әуе кеңiстiгi құрылымының элементтерi Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) халықаралық құжаттарына және басқа нормативтiк актiлерге сәйкес әзiрленедi, белгiленедi және өзгертiледi.
15-тарау. Әуе қозғалысын жоспарлау және қамтамасыз ету
168. Әуе қозғалысын жоспарлау әр түрлi ведомстволардың әуе кеңiстiгiн пайдалану қажеттілігiн, әуе трассаларының, ЖӘЖ, ӘҚҚ органдары мен әуеайлақтардың өткізу мүмкiндiктерiн, тыйым салу мен шектеулердi, сондай-ақ ұшу қауiпсiздiгiне әсер ететiн факторларды ескере отырып жүзеге асырылады.
169. Жоспарлауды, үйлестiрудi және тәулiктiк жоспарды қамтамасыз етудi Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығы (бұдан әрi - ӘҚЖ БО) жүзеге асырады. Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығының құрылымы, қызметi, олардың лауазымды тұлғаларының құқықтары мен мiндеттерi Бас орталық туралы Ережеде, жұмыс технологиясында және лауазымдық нұсқаулықтарда айқындалады.
170. Әуе трассаларында, ЖӘЖ, белгiленген бағыттарда және авиация жұмыстары жүргiзiлiп жатқан аудандар әуе қозғалысы тасқынын жоспарлау мен ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде - Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығы, ӘҚҚ аудандарында - әуе қозғалысына аудандық қызмет көрсету органы, әуеайлақтарда - әуеайлақтық диспетчерлiк пункт (бұдан әрi - ӘДП) жүзеге асырады.
171. Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығы әуе қозғалысына аудандық қызмет көрсету органымен және әуеайлақтардың ӘДП-мен (брифинг) бiрлесе тәулiктiк ұшу жоспарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
172. Әуеайлақтарда әуе қозғалысының тәулiктiк жоспарларын әуе кемелерiнiң қозғалыс кестесi, ӘДП (брифинг) ұсынатын пайдаланушылардың ұшуға берген өтiнiмдерi, басқа әуежайлардан түсетiн ұшу және қону жоспарлары, әуеайлақтардың әуе кемелерiн қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге дайындығы туралы мәлiметтердiң негiзiнде ӘДП жасайды.
173. Әуе қозғалысын қамтамасыз ету әуе қозғалысына қызмет көрсету қызметi органдарының өздерiне бекiтіліп берiлген әуе кеңiстiгiнде ұшуды бақылайтын және оған рұқсат ететiн органдарға алда тұрған ұшуды орындауға алдын ала жоспар (өтiнiм) беру және ресiмдеуден, ұшуға рұқсат туралы хабарды алудан және беруден, сондай-ақ жедел түрде әуе кемелерi қозғалысының қауiпсiздiгi мен жүйелiлiгiн қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан тұрады. Әуе қозғалысын диспетчерлiк қызметпен қамтамасыз ету белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
16-тарау. Әуе қозғалысына диспетчерлiк
қызмет көрсету органдары (пункттерi)
174. ӘҚҚ ауданында - аудандық диспетчерлiк орталық немесе ӘҚҚ ауданы. ӘҚҚ ауданы әуе жолдарындағы әуе қозғалысына қызмет көрсетедi.
175. Жергiлiктi әуе желiлерiнде (ЖДП ауданы шегiнде) - жергiлiктi диспетчерлiк пункттер (бұдан әрi - ЖДП).
176. Әуеайлақтар (аэротораптар) аудандарында, әдетте:
1) әуе дәлiздерiнде, жақындау және күту аймақтарында, әуеайлақтар (аэротораптар) аудандарында - әуеайлақтық (аэротораптық) диспетчерлiк жақындау пункттерi (бұдан әрi - ЖДП);
2) ұшу және қону аймағында - айналу (бұдан әрi - АДП), қону (бұдан әрi - КДП), старт (бұдан әрi - СДП) және «Мұнара» диспетчерлiк пункттерi;
3) ЖӘЖ әуеайлақтар аудандарында - жергiлiктi әуе желiлерiнiң старттық және командалық-диспетчерлiк пункттерi (ЖӘЖ СДП, ЖӘЖ КДП);
4) әуеайлақтың маневр жасау алаңында - рөлдеу диспетчерлiк пункттерi (бұдан әрi - ӘДП) ұйымдастырылады.
Әуе қозғалысының қарқындылығына байланысты жақындау, шеңбер, қону, старт және рөлдеу диспетчерлiк пункттерi «Мұнара» диспетчерлiк пунктiне біріктірілуі мүмкін.
Iрi әуеайлақтарда әуеайлақтық диспетчерлiк орталықтар (ӘДО) ұйымдастырылады, онда жоғарыда көрсетiлген диспетчерлiк пункттер бөлiнуi мүмкiн. Диспетчерлiк пункттердiң құрамы әуеайлақта ұшуды ұйымдастыру нұсқаулығымен анықталады.
177. Бiрлесiп пайдаланатын әуеайлақтарда - бiрыңғай командалық-диспетчерлiк және старттық команда пункттерiнен (КДП, СКП) бiрлесiп басқару топтары (ӘКБ БТ). Әуе қозғалысына қызмет көрсетудi ұйымдастыру тәртібі әуеайлақ ауданында ұшуды ұйымдастыру нұсқаулығымен анықталады.
178. Азаматтық авиацияның ұшқыштар училищесіндегі оқу әуеайлақтарында азаматтық авиацияның оқу орындары қозғалыс қызметiнiң командалық-диспетчерлiк пункттерi.
179. ӘҚҚ органдары арасында қызмет көрсетудi тапсыру белгiленген шептерде жүзеге асырылады. ӘҚҚ тапсыру шептерi әдетте әуе қозғалысына аудандық қызмет көрсету органдары (ӘҚҚА) ӘҚҚ аудандарының шекарасында (секторлар, бағыттары, диспетчерлiк пункттер), радиолокациялық бақылау аймақтары шегіндегі сипатты бағдарлардың үстiнде белгiленедi; ұшуды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарда, диспетчерлiк пункттердiң карталары мен сызбаларында және диспетчерлердiң жұмыс технологияларында көрсетiледi.
17-тарау. Әуе кемелерi қозғалысына қызмет көрсетудi тапсыру шептерi
180. Ұшу кезiнде:
1) рөлдеу диспетчерлiк пунктi (бұдан әрi - РДП) мен старттық диспетчерлiк пункт арасында - алдын ала старт;
2) СДП пен шеңбер диспетчерлiк пунктi (бұдан әрi - ШДП) арасында ұшуларды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта белгiленген биiктiк;
3) шеңбер диспетчерлiк пунктi мен жақындау диспетчерлiк пунктi (бұдан әрi - ЖДП) арасында - күту аймағы екiншi эшелонының биiктiгi немесе әуеайлақтан белгiленген қашықтықтағы шеп (ұшу және қону аймағының шекарасы);
4) ЖДП мен ЖДП арасында - әуеайлақ ауданы шегіндегі төменгi қауiпсiз эшелон (жақындау аймақтары);
5) ШДП мен ЖДП арасында - әуеайлақ шекарасынан белгiленген қашықтықтағы шеп, әдетте ұшу және қону аймағының шекарасы (бұдан әрi ҰҚА);
6) ЖДП мен ӘҚҚА арасында - қашықтығы немесе биiктiгi жөніндегі әуеайлақ ауданының шекарасы, әдетте төменгi ӘК жоғарғы эшелоны;
7) ӘҚҚА мен ЖДП арасында - әдетте ӘҚБ ауданы шегiнде 2400 м эшелон, ЖӘЖ тiзбесiмен және Қазақстан Республикасының ӘЖ тiзбесiмен анықталады.
2400 м эшелон ЖӘЖ жоғарғы эшелоны болып табылады.
181. Ұшып келу кезiнде:
1) ӘҚҚА мен ЖДП арасында - әдетте ӘҚБ ауданы шегiнде 2700 м эшелон, ЖӘЖ тiзбесiмен және Қазақстан Республикасының ӘЖ тiзбесiмен айқындалады. 2700 м эшелон ӘҚҚА төменгi эшелоны болып табылады;
2) ӘҚҚА мен ЖДП арасында - қашықтығы немесе биiктiгi жөнiнен әуеайлақ ауданының шекарасы, әдетте төменгi ӘК жоғарғы эшелоны болып табылады;
3) ЖДП пен ЖДП арасында - әуеайлақ ауданы шегiнде төменгi қауiпсiз эшелон (жақындау аймақтары);
4) ЖДП мен ШДП арасында - күту аймағының екiншi эшелонының биiктiгi немесе әуеайлақтан белгiлi қашықтықтағы шеп (ұшу және қону аймағының шекарасы);
5) көзбен шолып қонуға бет алу кезiнде АДП мен СДП арасында - көзбен шолып қонуға бет алудың басталу нүктесi;
6) ШДП мен КДП арасында - 4-бұрылу ауданында, әуеайлақтан белгiленген қашықтық пен азимутта;
7) КДП мен СДП арасында - РЖЖР ұшып өткен соң СДП диспетчерiнiң әуе кемесiн көзбен шолып анықтау сәтi;
8) СДП пен РДП арасында - әуе кемесiнiң ҰҚП босату сәтi.
Жақындау, шеңбер, қону, старттық және рөлдеу диспетчерлiк пункттерiн бiрiктiрген кезде Мұнара ДП қабылдау-тапсыру шектерi белгiленбейдi. Мұнараның диспетчерi тiкелей ӘҚҚ-ты жүзеге асырады. Осыған ұқсас, жергiлiктi диспетчерлiк пункттер мен ӘҚҚА-ның пункттерiн бiрiктiруге жол берiледi және ол лауазымды нұсқаулықпен, ӘҚҚ үшiн жұмыс технологияларымен анықталады.