Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі
(1999 ж. 1 шілдедегі № 409-1)
(ерекше бөлім)
(2009.11.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 30 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Кодекске енгізілетін өзгерістерді қара:
2009.28.08 № 192-ІV ҚР Заңы (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)
Жалпы бөлім
4 бөлім. Міндеттемелердің жекелеген түрлері (406 - 960 баптар)
25-тарау. Сатып алу-сату (406 - 500 баптар)
1. Сатып алу-сату туралы жалпы ережелер (406 - 444 баптар)
2. Бөлшектеп сатып алу-сату (445 - 457 баптар)
3. Тауар жеткiзiлiмi (458 - 477 баптар)
4. Келісім-шарт жасасу (478 - 481 баптар)
5. Энергиямен жабдықтау (482 - 492 баптар)
6. Кәсiпорынды сату (493 - 500 баптар)
26-тарау. Айырбас (501 - 505 баптар)
27-тарау. Сыйға тарту (506 - 516 баптар)
28-тарау. Рента және өмір бойы асырауда (517 - 539 баптар) ұстау
1. Жалпы ережелер (517 - 522 баптар)
2. Тұрақты рента (523 - 529 баптар)
3. Ғұмырлық рента (530 - 534 баптар)
4. Өмiр бойы асырауда ұстау (535 - 539 баптар)
29-тарау. Мүлік жалдау (аренда) (540 - 600 баптар)
1. Жалпы ережелер (540 - 564 баптар)
2. Лизинг (565 - 572 баптар)
3. Кәсiпорынды жалдау (573 - 580 баптар)
4. Үйлер мен ғимараттарды жалдау (581 - 584 баптар)
5. Көлiк құралдарын жалдау (585 - 594 баптар)
6. Прокат (595 - 600 баптар)
30-тарау. Тұрғын үйді жалдау (601 - 603 баптар)
31-тарау. Мүлікті тегін пайдалану (604 - 615 баптар)
32-тарау. Мердігерлік (616 - 682 баптар)
1. Мердiгерлiк туралы жалпы ережелер (616 - 639 баптар)
2. Тұрмыстық мердiгерлiктiң ерекшелiктерi (640 - 650 баптар)
3. Құрылыс мердiгерлiгiнiң ерекшелiктерi (651 - 666 баптар)
4. Жобалау және iздестiру жұмыстарына (667 - 672 баптар)
мердiгерлiктiң ерекшелiктерi
5. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық (673 - 682 баптар)
және технологиялық жұмыстарға мердiгерлiктiң ерекшелiктерi
33-тарау. Өтелмелі қызмет көрсету (683 - 687 баптар)
34-тарау. Тасымалдау (688 - 707 баптар)
35-тарау. Көлік экспедициясы (708 - 714 баптар)
36-тарау. Заем (715 - 728 баптар)
37-тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (729 - 738-1 баптар)
(факторинг)
38-тарау. Банктік қызмет көрсету (739 - 767 баптар)
1. Жалпы ережелер (739 - 746 баптар)
2. Банктiк шот (747 - 753 баптар)
3. Ақша аудару (754 - 755 баптар)
4. Банк салымы (756 - 767 баптар)
39-тарау. Сақтау (768 - 803 баптар)
1. Сақтау туралы жалпы ережелер (768 - 783 баптар)
2. Сақтаудың жекелеген түрлерi (784 - 790 баптар)
3. Тауар қоймасында сақтау (791 - 803 баптар)
40-тарау. Сақтандыру (803 - 845 баптар)
41-тарау. Тапсырма (846 - 854 баптар)
42-тарау. Басқаның мүддесіне тапсырмасыз (855 - 864 баптар)
іс-әрекет жасау
43-тарау. Комиссия (865 - 882 баптар)
44-тарау. Мүлікті сенімгерлікпен басқару (883 - 895 баптар)
45-тарау. Кешенді кәсіпкерлік лицензия (896 - 909 баптар)
(франчайзинг)
46-тарау. Конкурстық міндеттемелер (910 - 916 баптар)
47-тарау. Зиян келтірудің салдарынан (917 - 953 баптар)
туындайтын міндеттемелер
1. Жалпы ережелер (917 - 935 баптар)
2. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына (936 - 946 баптар)
келтiрiлген зиянды өтеу
3. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет (947 - 950 баптар)
көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi
салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу
4. Моральдық зиянды өтеу (951 - 952 баптар)
48-тарау. Негізсіз баю салдарынан туындайтын (953 - 960 баптар)
міндеттемелер
5 бөлiм. Интеллектуалдық меншік құқығы (961 - 1037 баптар)
49-тарау. Жалпы ережелер (961 - 970 баптар)
50-тарау. Авторлық құқық (971 - 984 баптар)
51-тарау. Сабақтас құқықтар (985 - 990 баптар)
52-тарау. Өнертабысқа, пайдалы модельге, (991 - 1005 баптар)
өнеркәсіптік үлгіге құқық
53-тарау. Селекциялық жетістіктерге құқық (1006 - 1012 баптар)
54-тарау. Интегралды микротәсімдер (1013 - 1016 баптар)
топологиясына құқықтар
55-тарау. Ашылмаған ақпаратты заңсыз (1017 - 1019 баптар)
пайдаланудан қорғау құқығы
56-тарау. Азаматтық айналымға, тауарларға (1020 - 1037 баптар)
және қызмет көрсетулерге қатысушыларды дараландыру құралдары
1. Фирмалық атау (1020 - 1023 баптар)
2. Тауар белгiсi (1024 - 1032 баптар)
3. Тауар шығарылатын жердiң атауы (1033 - 1037 баптар)
6 бөлiм. Мұрагерлік құқық (1038 - 1083 баптар)
57-тарау. Мұрагерлік туралы жалпы ережелер (1038 - 1045 баптар)
58-тарау. Өсиет бойынша мұрагерлік (1046 - 1059 баптар)
59-тарау. Заңды мұрагерлік (1060 - 1071 баптар)
60-тарау. Мұра алу (1072 -1083 баптар)
7 бөлім. Халықаралық жеке құқық (1084 - 1124 баптар)
61-тарау. Жалпы ережелер (1084 - 1093 баптар)
62-тарау. Коллозиялық нормалар (1094 - 1124 баптар)
1. Тұлғалар (1094 - 1102 баптар)
2. Жеке мүлiктiк емес құқықтар (1103 бап)
3. Мәмiлелер, өкiлдiк, талап мерзiмi (1104 - 1106 баптар)
4. Заттық құқықтар (1107 - 1111 баптар)
5. Шарттық мiндеттемелер (1112 - 1115 баптар)
6. Шарттан тыс мiндеттемелер (1116 - 1119 баптар)
7. Интеллектуалдық меншiк (1120 бап)
8. Мұрагерлiк құқық (1121 - 1123 баптар)
9. Қорғаншылық және қамқоршылық (1124 бап)
4 бөлім
Міндеттемелердің жекелеген түрлері
25-тарау. Сатып алу-сату
1. Сатып алу-сату туралы жалпы ережелер
406-бап. Сатып алу-сату шарты
1. Сатып алу-сату шарты бойынша бiр тарап (сатушы) мүлiктi (тауарды) екiншi тараптың (сатып алушының) меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе жедел басқаруына беруге мiндеттенедi, ал сатып алушы бұл мүлiктi (тауарды) қабылдауға және ол үшiн белгiлi бiр ақша сомасын (бағасын) төлеуге мiндеттенедi.
2. Бағалы қағаздар мен валюталық құндылықтарды сатып алу-сатуға, егер заң актілерінде оларды сатып алу-сатудың арнаулы ережелерi белгiленбесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Ислам банкінің банк қызметін жүзеге асыруы кезінде оның тауарларды сатып алу-сату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді.
3. Осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда тауарлардың жекелеген түрлерiн сатып алу-сату ерекшелiктерi заң актілерінде және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi.
4. Осы параграфта көзделген ережелер, егер бұл құқықтардың мазмұнынан немесе сипатынан өзгеше туындамаса, мүлiктiк құқықтарды сатуға қолданылады.
5. Сатып алу-сату шарттарының жекелеген түрлерiне (бөлшек саудамен сатып алу-сату, тауарлар жеткiзiлiмi, энергиямен жабдықтау, контрактация, кәсiпорынды сату), егер осы Кодекстiң ережелерiнде бұл түрлердiң шарттары туралы өзгеше көзделмесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
407-бап. Тауар туралы шарттың талабы
1. Осы Кодекстiң 116-бабындағы ережелердi сақтай отырып, кез келген зат шарт бойынша сатып алу-сату тауары бола алады.
2. Шарт жасасқан кезде сатушының қолында бар тауарды, сондай-ақ заң актілерінде өзгеше белгiленбесе немесе тауардың сипатынан өзге жағдай туындамаса, сатып алушының болашақта шығаратын немесе сатып алатын тауарын сатып алу-сатуға шарт жасалуы мүмкiн.
3. Егер шарт тауарлардың атауын және санын айқындауға мүмкiндiк берсе, тауар туралы талап (елеулi талаптар) келісілген деп есептеледi.
408-бап. Сатушының тауар беру жөніндегі мiндеттерi
1. Сатушы шартта көзделген тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы тауарды берумен бiрге сатып алушыға оның керек-жарақтарын, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген, соған қатысты құжаттарды (тауардың жиынтықтылығын, қауіпсіздігін, сапасын, пайдалану тәртібін және т.б. куәландыратын құжаттарды) беруге мiндеттi.
409-бап. Тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi
1. Сатушының сатып алушыға тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi шартта белгiленедi, ал егер шартта мерзiмдi белгiлеуге мүмкiндiк болмаса, осы Кодекстiң 277-бабында көзделген ережелерге сәйкес белгiленедi.
2. Егер мерзiм бұзылған кезде сатып алушының шартты орындауға мүдделiлiгi жоғалатындығы шарттан айқын туындайтын болса, сатып алу-сату шарты оны қатаң белгіленген мерзімде орындау талабымен жасалды деп танылады.
Сатушының мұндай шартты онда белгiленген мерзiм басталғанға дейiн немесе бiткеннен кейiн сатып алушының келiсуiнсiз орындауға құқығы жоқ.
Заң актілерінде немесе шартта сатып алу-сату шартын бөлiп орындау жағдайлары (шартты орындаудың аралық мерзiмдерi) белгiленуi мүмкiн.
410-бап. Сатушының тауар беру мiндетiн орындау кезі
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатушының сатып алушыға тауар беру мiндетi:
1) егер шартта тауарды жеткiзiп беру бойынша сатушының мiндетi көзделсе, сатып алушыға немесе ол атаған адамға тауарды берген;
2) егер тауар сол тауар орналасқан жерде сатып алушыға немесе ол атаған адамға берiлуге тиiс болса, сатып алушының билiгiне тауар берген кезiнде орындалған болып есептеледi.
Тауар шартта көзделген мерзiмде тиiстi жерде беруге дайын тұрған және сатып алушы шарт талаптарына сәйкес тауардың беруге дайын екендiгi туралы хабардар болған кезде тауар сатып алушының билiгiне берiлген болып есептеледi. Егер тауар таңбалау арқылы немесе өзгеше түрде шарт мақсаттары үшiн сәйкестендiрiлмесе тауар берiлуге дайын емес деп танылады.
2. Тауарды жеткiзiп беру немесе сатып алушыға оның орналасқан жерiнде тауар беру жөнiнде сатып алу сату шартынан сатушының мiндетi туындамаған жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды тасымалдаушыға немесе сатып алушыға жеткізу үшiн байланыс ұйымына берген кезде сатушының тауарды сатып алушыға беру мiндетi орындалған болып есептеледi.
411-бап. Тауардың кездейсоқ жойылу қаупiнiң ауысуы
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатушы заң актілеріне немесе шартқа сәйкес сатып алушыға тауар беру жөніндегі өз мiндетiн атқарды деп есептелетiн кезден бастап сатып алушыға ауысады.
2. Жолда келе жатқан кезде сатылған тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер шартта немесе iскерлiк айналым ғұрпында өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап сатып алушыға ауысады.
Егер шарт жасасқан кезде сатушы тауардың жоғалтылғанын немесе бүлiнгенiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса және бұл туралы сатып алушыға хабарламаса, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушының талап етуi бойынша тауар бірінші тасымалдаушыға өткізілген кезден бастап сатып алушыға ауысатындығы туралы шарт талабын сот жарамсыз деп тануы мүмкiн.
412-бап. Сатушының сатылған тауарды сақтау жөніндегі мiндетi
Меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығы сатып алушыға тауарды берместен бұрын ауысқан кезде сатушы тауарды бергенге дейiн оның нашарлауына жол бермей сақтауға мiндеттi.
Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, сатып алушы сатушыға бұған қажеттi шығындарды өтеуге мiндеттi.
413-бап. Сатушының үшiншi тұлғалардың құқықтарынан тыс тауарды беру мiндетi
1. Сатып алушы үшiншi тұлғалардың құқықтары жүктелген тауарды қабылдауға келiскен жағдайды қоспағанда, сатушы үшiншi тұлғалардың кез келген құқықтарынан тыс тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi.
Егер тауарға үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы сатып алушының бiлгендiгi немесе бiлуге тиiс екендiгi дәлелденбесе, сатушының бұл мiндеттердi орындамауы сатып алушыға сол тауардың сатып алу бағасын кемiтудi не шартты бұзуды және залалдарды өтеудi талап ету құқығын бередi.
2. Тауарды сатып алушыға беру кезiнде үшiншi тұлғалардың оған қатысты талаптары болып, ол жөнiнде сатушы білген жағдайда да, егер бұл талаптар кейiннен белгiленген тәртiппен заңды деп танылса, тиiсiнше осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
414-бап. Сатып алушыдан тауарды алып қойған жағдайдағы сатушының жауапкершiлiгi
1. Шартты орындауға дейiн пайда болған негiздер бойынша үшiншi тұлғалар сатып алушыдан тауарды алып қойған кезде сатушы, егер сатып алушы осы негiздердiң болғаны туралы бiлгенiн немесе білуге тиіс екенін дәлелдей алмаса, сатып алушыға оның шеккен залалын өтеуге мiндеттi.
2. Үшiншi тұлғалардың сатып алушыдан сатып алған тауарын талап еткен жағдайда тараптардың сатушыны жауапкершiлiктен босату немесе жауапкершiлiгiн шектеу туралы келісімi жарамсыз болады.
415-бап. Тауарды алып қою туралы талап арыз берiлген жағдайдағы сатып алушы мен сатушының мiндеттерi
1. Егер үшiншi тұлға шарт орындалғанға дейiн туындаған негiздер бойынша сатып алушыға тауарды алып қою туралы талап арыз қойса, сатып алушы сатушыны бұл iске қатысуға тартуға мiндеттi, ал сатушы бұл іске сатып алушы тарапынан араласуға міндетті.
2. Егер сатушы iске қатыса отырып, сатылған тауарды сатып алушыдан алып қоюды болдырмайтынын дәлелдей алса, сатып алушының сатушыны iске қатысуға тартпауы сатушыны сатып алушы алдындағы жауапкершіліктен босатады.
3. Сатып алушы iске қатысуға тартқан, бiрақ оған қатыспаған сатушы сатып алушының iстi дұрыс жүргiзбегенiн дәлелдеу құқығынан айырылады.
416-бап. Тауар беру мiндетiн орындамаудың салдары
1. Егер сатушы сатып алушыға сатылған тауарды беруден бас тартса, сатып алушы сатып алу-сату шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Сатушы белгiлi бiр жеке затты беруден бас тартқан жағдайда сатып алушы сатушыға осы Кодекстiң 355-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
417-бап. Тауарға қатысты керек-жарақтар мен құжаттарды беру мiндетiн орындамаудың салдары
1. Егер сатушы өзi беруге тиiстi (осы Кодекстiң 408-бабының 2-тармағы) Тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды сатып алушыға бермесе немесе беруден бас тартса, сатып алушы оларды беру үшiн оған қисынды мерзiм тағайындауға құқылы.
2. Сатушы тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды аталған мерзiмде бермеген жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы тауарды қабылдаудан бас тартуға құқылы.
418-бап. Тауардың саны
Сатып алушыға берiлуге тиiс тауар саны шартта тиiстi өлшем бiрлiктерiне сәйкес немесе ақшалай түрде көзделедi. Тауарлардың саны туралы талап оны айқындау тәртібін шартта белгiлеу жолымен келісілуi мүмкiн.
419-бап. Тауардың саны туралы шарт талаптарын бұзудың салдары
1. Егер сатушы шарт талаптарын бұза отырып, сатып алушыға тауар санын шартта белгіленгенінен кемірек берсе, сатып алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, не тауардың жетiспейтiн санын берудi талап етуге, не берiлген тауардан және оған ақы төлеуден бас тартуға, ал егер ақысы төленiп қойған болса, оған төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Сатушы сатып алушыға тауарды шартта көрсетiлгенiнен артық мөлшерде берген жағдайда сатып алушы бұл туралы сатушыға осы Кодекстiң 436-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен хабарлауға мiндеттi. Егер сатып алушыдан хабар алынғаннан кейiн қисынды мерзiмде сатушы тиiстi тауарға билiк етпесе, шартта өзгеше көзделмегендiктен, сатып алушы бүкіл тауарды қабылдауға құқылы.
3. Сатып алушы тауарды шартта белгiленгенiнен артық мөлшерде қабылдаған жағдайда тиiстi тауарға ақы, егер тараптардың келісімiнде өзгеше баға белгiленбесе, шартқа сәйкес қабылданған тауар үшiн белгiленген баға бойынша төленедi.
420-бап. Тауарлардың түр-түрi
Егер сату-сатып алу шарты бойынша түрлерiне, үлгiлерiне, мөлшерiне, түстерi мен өзге де белгiлерiне (түр-түрi) қарай белгiленген тауарлар берiлуге тиiс болса, сатушы сатып алушыға тауарларды тараптар келiскен түр-түрi бойынша беруге мiндетті.
421-бап. Тауарлардың түр-түрi туралы шарт талаптарын бұзудың салдары
1. Сатушы шартта көзделген тауарлардың түр-түрiн шартқа сәйкес келмейтiн етiп берген кезде сатып алушы оларды қабылдаудан және ақы төлеуден бас тартуға, ал егер оларға ақы төленіп қойған болса, төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Егер сатушы сатып алушыға түр-түрi шартқа сәйкес келетiн тауарлармен қатар, олардың түр-түрi туралы шарттың талаптарын бұза отырып тауарлар берсе сатып алушы өз қалауы бойынша:
1) түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келетiн тауарды қабылдап, қалған тауарлардан бас тартуға;
2) берiлген барлық тауарлардан бас тартуға;
3) түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келмейтiн тауарларды шартта көзделген түр-түріндегі тауарлармен алмастыруды талап етуге;
4) берiлген барлық тауарларды қабылдап алуға құқылы.
3. Түр-түрі шарттың талаптарына сәйкес келмейтін тауарлардан бас тартқан немесе түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келмейтiн тауарларды алмастыру жөнiнде талап қойған жағдайда сатып алушы бұл тауарларға ақы төлеуден бас тартуға да, ал егер ақы төленіп қойған болса, төленген соманың қайтарылуын талап етуге құқылы.
4. Егер сатып алушы түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келмейтiн тауарларды алғаннан кейiн он бес күн мерзiмде өзiнiң тауарлардан бас тартатынын сатушыға хабарламаса, олар қабылданған болып есептеледi.
5. Егер сатып алушы түр-түрi шартқа сәйкес келмейтiн тауарлардан бас тартпаса, оларға сатушымен келісілген баға бойынша ақы төлеуге мiндеттi. Сатушы бағаны он бес күн мерзiмде келiсу жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда, сатып алушы тауарға шарт жасалған кезде әдетте сол сияқты мән-жайларда ұқсас тауарлар үшiн алынатын баға бойынша ақы төлейдi.
6. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың ережелерi қолданылады.
422-бап. Тауардың сапасы
1. Сатушы сатып алушыға сапасы шартқа сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
2. Шартта тауардың сапасы туралы талаптар болмаған жағдайда сатушы сатып алушыға әдетте осы сияқты тауар пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауар беруге міндетті.
Егер сатушы шарт жасасу кезінде сатып алушыға тауарды сатып алудың нақты мақсаттары туралы хабарламаған болса, сатушы сатып алушыға осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауар беруге міндетті.
3. Тауарды үлгiсi бойынша және (немесе) сипаттамасы бойынша cатқан жағдайда сатушы сатып алушыға үлгіге және (немесе) сипаттамасына сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
4. Егер сатылатын тауардың сапасына заң актілерінде белгiленген тәртiпке сәйкес, мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға осы мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
Сатушы мен сатып алушы арасындағы келісім бойынша, заң актілерінде көзделген тәртіппен белгіленген міндетті талаптармен салыстырғанда, сапаға қойылатын жоғары талаптарға сәйкес келетiн тауар берiлуi мүмкiн.
5. Сатушы сатып алушыға беруге мiндеттi тауар оны сатып алушыға берер кезде, егер тауардың бұл талаптарға сәйкестiгiн айқындаудың өзгеше жағдайы шартта көзделмесе, осы бапта көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiс және қисынды мерзiм шегінде әдетте осы тектес тауар пайдаланылатын мақсаттар үшін жарамды болуға тиіс.
423-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмi
1. Заңдарда, мемлекеттік стандарттардың мiндеттi талаптарында немесе басқа да мiндеттi ережелерде бітуiне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi (жарамдылық мерзiмi), сондай-ақ тауарда оның жарамдылық мерзiмi көрсетiлетiн жағдайлар белгіленуi мүмкiн.
2. Сатушы жарамдылық мерзiмi белгiленген тауарларды сатып алушыға жарамдылық мерзiмi бiткенге дейiн олардың мақсаты бойынша пайдалануға болатындай есеппен беруге мiндетті.
424-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмін есептеу
Тауардың жарамдылық мерзiмi оның дайындалған күнiнен бастап есептелетiн, осы мерзiм iшiнде тауар пайдалануға жарамды болатын уақыт кезеңiмен, не ол басталғанға дейін тауар пайдалануға жарамды болатын күнмен белгiленедi.
425-бап. Тауар сапасына кепiлдiк беру
1. Шартта сатушының тауар сапасына кепiлдiк беруi көзделген жағдайда сатушы шартта белгіленген белгiлi бір уақыт кезеңi (кепiлдi мерзiм) iшiнде сатып алушыға осы Кодекстiң 422-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiстi тауар беруге мiндеттi.
2. Тауар сапасына кепiлдiк, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның барлық құрамдас бөлiктерiне де (жиынтықтаушы бұйымдарына) қолданылады.
426-бап. Кепiлдi мерзiмдi есептеу тәртібі
1. Кепiлдi мерзiм, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар сатып алушыға берiлген кезден (осы Кодекстiң 410-бабы) есептеле бастайды.
2. Егер сатып алушының сатушыға байланысты мән-жайлар бойынша шартта кепiлдi мерзiм белгiленген тауарды пайдалану мүмкiндiгi болмаса, сатушы тиісті мән-жайларды жойғанға дейін кепiлдi мерзiм өтпей тұрады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 436-бабында белгiленген тәртiп бойынша сатып алушыға тауардың кемшiлiктерi туралы хабарланған жағдайда, кепiлдi мерзiм тауар ондағы байқалған кемшiлiктер себептi пайдаланыла алмаған уақытқа ұзартылады.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жинақтаушы бұйымға берiлген кепiлдi мерзiм негiзгi бұйымға берiлген кепiлдi мерзiмге тең болып есептеледі және негізгі бұйымға берілген кепілді мерзiммен бiр мезгiлде өте бастайды.