2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстің 49-тарауында көзделген тәртіппен орындауға беріледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 519-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
519-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тоқтату,
өзгерту және мерзiмiн ұзарту
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы мәселелердi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93-бабында көзделген тәртiппен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот қарайды, ал егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану осы соттың қызмет ету аумағынан тыс жерде жүзеге асырылса - осы шараны қолдану орны бойынша тиісті сот қарайды.
2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтiрмейдi.
3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы мекеменiң ұсынысы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысушы адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән тудыратын болса, сот отырысқа қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот психиатриялық сараптамасын тағайындай алады, қосымша құжаттарды талап етедi, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы мәселесi шешiлiп отырған адамнан, егер бұл оның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, жауап алады.
4. Сот бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын адамның осындай психикалық жай-күйi жағдайында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған ретте мәжбүрлеп емдеудi ұзартады.
5. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы, сондай-ақ тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығарады және оны сот отырысында жариялайды.
520-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған
адамға қатысты қылмыстық iстi қайта жалғастыру
1. Егер қылмыс жасағаннан кейiн оның психикасы бұзылып ауруының салдарынан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды психиатр дәрiгерлер комиссиясы сауыққан деп таныса, онда сот мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы медициналық мекеме қорытындысының негiзiнде осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағына және 454-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдануды тоқтату туралы қаулы шығарады және iстi анықтау немесе алдын ала тергеу жүргiзу, осы адамды айыпталушы ретiнде тарту және iстi жалпы тәртiппен сотқа беру туралы мәселенi шешедi.
2. Медициналық мекемеде өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
55-тарау. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың
шет мемлекеттердің қылмыстық істер
бойынша құзыретті мекемелерімен және
лауазымды адамдарымен өзара іс-қимылының
тәртібі туралы негізгі ережелер
521-бап. Құқықтық көмек көрсету тәртібімен жүргiзiлетiн
iс жүргiзушiлiк және өзге де iс-әрекеттер
1. Құқықтық көмек көрсету ретiмен Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы халықаралық шарт жасасқан шетел мемлекеттерiнiң тергеу органдарына және соттарына не өзара негiзде осы Кодексте көзделген iс жүргiзушiлiк iс-әрекеттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен халықаралық шарттарында көзделген өзге де iс әрекеттер жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттың ережелерi осы Кодекске қайшы келетiн жағдайда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығындарды, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, оны сұраған мекеме өз мемлекетiнiң аумағында өтейдi.
522-бап. Iс жүргiзу құжаттарының күшi
Осы Кодекстiң 521-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген аумақтағы мемлекетте оның аумағында қолданылатын заңдарға сәйкес жасалған және елтаңбалы мөрмен бекітілген iс жүргiзушiлiк құжаттар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ешқандай шектеусiз iс жүргiзу құжаттары ретiнде қолданылады.
523-бап. Құқықтық көмек көрсету мәселелерi бойынша
қарым-қатынас жасау тәртібі
1. Тергеу қимылдарын жүргiзу туралы тапсырма Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, ал сот iс-әрекетi - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi не тиiсiнше олардың орынбасарлары, не уәкiлеттi лауазымды адамдар арқылы жiберiледi, олар қажеттi жағдайларда Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігінiң делдал болуын сұрайды.
2. Тапсырманы ресiмдеу кезiнде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ол жiберiлетiн шет мемлекеттiң тілі пайдаланылады.
3. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы басқа мемлекеттiң аумағында iс жүргiзу және өзге де iс-әрекеттердi орындау жөнiнде құқықтық көмек көрсету туралы тиiстi бланкiде тапсырма жасайды, қол қойып, қылмыстық iс жүргiзушi органның елтаңбалы мөрiмен куәландырады.
4. Тиiстi прокурордың, соттың дәлелдi өтiнiшi бойынша құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма тиiсiнше Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Әдiлет министрiне немесе уәкiлеттi прокурорға жiберiледi.
5. Басқа мемлекеттiң құзыреттi мекемесiне құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма жiберу жөніндегі мәселенi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Әдiлет министрi шешедi.
6. Ұстап беру және қылмыстық қудалау мәселелерi жөнiнде құқықтық көмек көрсету тәртібі осы Кодекстiң 527, 529-баптарымен белгiленедi.
524-бап. Iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу туралы
тапсырманың мазмұны
1. Тергеу және сот iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырма жазбаша нысанда жасалуы, тапсырманы жiберушi лауазымды адам қол қоюы, мекеменiң елтаңбалы мөрiмен куәландыруы және:
1) тапсырманы берiп отырған органның атауын;
2) тапсырма жiберiлiп отырған органның атауы мен мекен-жайын;
3) iстiң атауын және тапсырманың сипатын;
4) өздерiне қатысты тапсырма жасалып отырған адамдар, олардың азаматтығы, кәсiбiнiң түрi, тұратын жерi немесе жүрген жерi, заңды тұлғалар үшiн олардың орналасқан жерi туралы деректердi;
5) анықталуға жататын мән-жайларды баяндауды, сондай-ақ сұралынатын құжаттардың, заттық және басқа да айғақтардың тiзбесiн;
6) жасалған қылмыстың iс жүзіндегі мән-жайларын және оның саралануы туралы мәлiметтердi, қажет болғанда - iс-әрекетпен келтiрiлген залалдың мөлшерi туралы деректердi;
7) тапсырманы атқару үшiн қажет басқа да мәлiметтердi қамтуға тиiс.
2. Ұстап беру және қылмыстық қудалауды қозғау туралы талаптардың мазмұны осы Кодекстiң 529, 530-баптарымен белгiленедi.
525-бап. Iс жүргiзушiлiк iс-әрекеттер жүргiзу туралы
тапсырманы атқарудың тәртібі
1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтау органы тергеу немесе сот iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы шетел мемлекеттерiнiң тиiстi мекемелерi мен лауазымды адамдарының белгiленген тәртiппен өздерiне берген тапсырмаларын осы Кодекстiң жалпы ережелерi бойынша атқарады.
2. Тапсырманы атқару кезiнде, егер бұл Қазақстан Республикасының осы мемлекетпен халықаралық шартында көзделген болса, шетел мемлекетiнiң iс жүргiзу нормалары қолданылуы мүмкiн.
3. Тапсырманы орындау кезiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі не орыс тілі қолданылады.
4. Тапсырманы атқару кезiнде халықаралық шартта көзделген жағдайларда осы Кодекстiң 523-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған лауазымды адамдардың рұқсатымен басқа мемлекеттiң құзыреттi мекемесiнiң өкiлi қатыса алады.
5. Егер тапсырманы атқару мүмкiн болмаса, алынған құжаттар тиiсiнше Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы немесе Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі арқылы тапсырма берiлген шетел мекемесiне оны атқаруға кедергi келтiрген себептер көрсетiле отырып қайтарылады. Тапсырма, егер оны атқару Қазақстан Республикасының егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне залал келтiретiн не оның заңдарына қайшы келетiн болса, барлық жағдайда да қайтарылады.
526-бап. Куәнi, жәбiрленушiнi, азаматтық талапкердi,
азаматтық жауапкердi, олардың өкiлдерiн,
сарапшыны шақыру және олардан жауап алу
1. Куә, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкiлдерi, сарапшы, егер олар шетел мемлекетiнiң азаматтары болса, қылмыстық iс жүргiзушi тиiстi лауазымды адам олардың келісімiмен Қазақстан Республикасының аумағында тергеу немесе сот iс-әрекеттерiн жүргiзу үшiн шақыруы мүмкiн.
2. Шақырылатын адамның келуi туралы өтiнiш осы Кодекстiң 523-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен жiберiледi.
3. Тергеу және сот iс-әрекеттерiн куәнiң, жәбiрленушiнiң, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген iс жүргiзуге басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзу осы Кодекстiң ережелерi бойынша мыналардан басқа реттерде жүзеге асырылады: мәжбүрлеп келтiруге, ақшалай өндiрiп алуға, сондай-ақ айғақтар беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi немесе көрiнеу жалған қорытынды жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берiлмейдi. Оларды мемлекеттік шекарадан өткенге дейiн жасаған әрекетi үшiн Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық және әкiмшiлiк жауапқа тартуға, қамауға алуға және жазаға ұшыратуға болмайды.Мұндай адамдарды қаралып жатқан қылмыстық iске байланысты олардың куәлiк айғақтар немесе сарапшылар ретіндегі қорытындыларына орай жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе жазаға ұшыратуға болмайды.
4. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген шақырылатын адам қылмыстық жауапқа тартылса немесе сұратушы мемлекеттiң аумағында басқа қылмысы үшiн сотталса ол өзiнiң азаматтығына қарамастан, белгiлi бiр уақытқа берiлуi мүмкiн.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар, егер олардың мүмкiндiгi бола тұрып, Қазақстан Республикасының аумағынан өздерiне қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың бұдан әрi болуы қажет еместiгiн хабарлаған күннен бастап он бес тәулiк өткенге дейiн кетпесе, осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген кепiлдiктерден айырылады. Бұл мерзiмге сол адамдардың Қазақстан Республикасының аумағынан кете алмауына өздерi кiнәлi болмаған уақыт есептелмейдi.
527-бап. Iстiң материалдарын қылмыстық қудалауды
жалғастыру үшiн жiберу
Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетiп қалған шетелдiк Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған жағдайда қылмыстық iс жүргiзушi орган осы Кодекстiң 50, 265 және 304-баптарында көзделген тәртiппен iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы дәлелдi қаулы, сондай-ақ осы Кодекстiң 192, 306-баптарында көзделген тәртiппен қылмыстық iстердiң тергелуi немесе сотта қаралуы бойынша берiлуi туралы қаулы шығарады. Iстi басқа мемлекетке халықаралық шартқа сәйкес жiберу туралы мәселенi шешу үшiн iстiң материалдары қылмыстық iзге түсудi жүзеге асыру жөнiнде өтiнiшпен бiрге Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға жiберiледi.
528-бап. Қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе
қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау
1. Шетел мемлекетi тиiстi мекемесiнiң шетел мемлекетiнiң аумағында қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасына қайтып оралған Қазақстан Республикасының азаматына қатысты қылмыстық iстi әрi қарай тексеру үшiн беру туралы өтiнiшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор қарайды. Алдын ала тергеу мен сот талқылауы мұндай жағдайларда осы Кодексте көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Шетел мемлекетiнiң аумағында iстi тексеру кезiнде осыған уәкiлеттi органның немесе лауазымды адамның өз құзыретi шегiнде және белгiленген нысан бойынша алған дәлелдерi тергеудi Қазақстан Республикасында жалғастыру кезiнде iс бойынша жиналған басқа дәлелдермен тең заң күшiне ие болады.
3. Қазақстан Республикасының азаматы шетел мемлекетiнiң аумағында қылмыс жасаған, содан соң Қазақстан Республикасына қайтып оралған жағдайда оған қатысты қылмыстық iзге түсу қозғалғанға дейiн қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының алдын ала тергеу органдары шетел мемлекет мекемесiнiң Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына табыс етiлген осы қылмыс туралы материалдары бойынша қылмыстық iс қозғауы және тексеруi мүмкiн.
4. Қылмыстық iс жүргiзушi орган iс бойынша қабылданған түпкiлiктi шешiм туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарлауға және бұл шешiмнiң көшiрмесiн жiберуге мiндеттi.
529-бап. Адамды қылмыстық жауапқа тарту немесе
үкiмдi орындау үшiн ұстап беру туралы талапты жiберу
1. Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайда және тәртiпте Қазақстан Республикасының Бас прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор шетел мемлекетінiң құзыреттi мекемесiне Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын қылмыс жасаған адамды, егер осы адамға қатысты айыптау үкімі немесе оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығарылса, оны ұстап беру туралы талаппен шетел мемлекетiнiң тиiстi мекемесiне өтiнiш жасайды.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және заңдарында көзделген жағдайда және тәртiпте қылмыстық iс жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасап, оның аумағынан кетiп қалған адамды ұстап беру туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға өтiнiш жасап, оған қажеттi құжаттарды қоса тiркейдi.
3. Беру туралы талапта:
1) қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан органның атауы;
2) сотталушының (айыпталушының) тегi, аты, туған жылы, азаматтығы туралы деректер, сыртқы бет-пiшiн сипаттамасы, фотосуретi;
3) осы қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн заңның мәтiнiн келтiрiп, жазаны мiндеттi түрде көрсете отырып, жасалған қылмыстың iс жүзіндегі мән-жайларының баяндалуы;
4) заңды күшiне енген үкiмнiң, не тиiстi құжаттардың куәландырылған көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулының шығарылған жерi мен уақыты туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
4. Ұстап беру туралы өтiнiшке: айып тағу туралы қаулының көшiрмесi, қамауға алу туралы қаулының көшiрмесi, ұстап берiлуге тиiстi адамның азаматтығын растайтын құжаттар, тиiстi прокурордың ұстап беру туралы өтiнiшiнiң заңдылығы мен негiздiлiгi туралы қорытындысы қоса тiркелуге тиiс.
530-бап. Берiлген адамның қылмыстық жауаптылық шектерi
1. Шетел мемлекетi ұстап берген адам беруге қатысы жоқ өзге қылмысы үшiн қылмыстық жауапқа тартылмайды, жазаланбайды, сондай-ақ оны ұстап берген мемлекеттiң келісімiнсiз үшiншi бiр мемлекетке берiлмейдi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi адамның ол ұстап берiлген соң қылмыс жасаған жағдайларға қолданылмайды.
531-бап. Шетел мемлекетiнiң азаматын ұстап беру туралы
талапты атқару
1. Қылмыс жасады деп айыпталушы немесе шетел мемлекетiнiң аумағында сотталған шетел мемлекетiнiң азаматын ұстап беру туралы талапты Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор қарайды, оның нұсқаулары ұстап берудi орындау үшiн негiз болып табылады. Адамды ұстап беру туралы бiрнеше мемлекеттiң талаптары болған ретте адамның қандай мемлекетке ұстап берiлуге жататындығы туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қабылдайды.
2. Ұстап берудiң шарты мен тәртібі осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының шетел мемлекетiмен жасасқан халықаралық шартымен айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында басқа қылмысы үшiн жазасын өтеп жүрген мемлекетiнiң азаматына қатысты ұстап беру туралы өтiнiш келiп түскен жағдайда ұстап беру мерзiм жазасын өтегенге дейiн немесе кез келген заңды негiз бойынша жазасынан босатылғанға дейiн ұзартылуы мүмкiн. Шетел мемлекетiнiң азаматы қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда, оны ұстап беру мерзiмi үкiм шығарылғанға дейiн, жазасын өткерген немесе кез келген негiз бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылғанға немесе жазадан босатылғанға дейiн ұзартылуы мүмкiн. Егер ұстап берудiң мерзiмiн ұзарту қылмыстық iзге түсу мерзiмi өтуiне алып баратын немесе қылмысты тексеруге залал келтiруi мүмкiн болса, ұстап беру өтiнiшi бойынша талап етiлетiн адам тараптардың келісімiмен айқындалатын белгiлi бiр уақытқа берiлуi мүмкiн.
4. Белгiлi бiр уақытқа берiлген адам өзi берiлген қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу әрекеттерi жүргiзiлген соң, бiрақ адамды берген уақытынан бастап үш айдан кешiктiрiлмей қайтарылуы тиiс. Өзара уағдаластық бойынша бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ сот кескен жазасының мерзiмiнен немесе Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмысы үшiн заңға сәйкес кесiлуi мүмкiн мерзiмнен аспайды.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкiлеттi прокурордың ұстап беру туралы нұсқауын алғаннан кейiн қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi ұстап берiлетiн адамның ол ұстап берiлген мемлекеттiң органына айдап жөнелтiлуi мен берiлуiн отыз тәулiк iшiнде ұйымдастыруға және орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарлауға мiндеттi.
532-бап. Ұстап беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасы осы адамға саяси баспана берсе;
2) Ұстап беру туралы талапқа негiз болған әрекет Қазақстан Республикасында қылмыс деп танылмайтын болса;
3) ол адамға қатысты дәл сол қылмысы үшiн заңды күшiне енген үкiм шығарылып үлгерсе немесе iс бойынша iс жүргiзу тоқтатылса;
4) Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қылмыстық iс қозғалмайтын болса немесе ескiру мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде немесе өзге заңды негiз бойынша үкiмнiң орындалуы мүмкiн болмаса, ұстап беруге жол берiлмейдi.
2. Егер ұстап беру туралы талап мәлiмденген қылмыс Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегiнен тыс жерде жасалған болса, бiрақ Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған болса ұстап беруден бас тартылуы мүмкiн.
533-бап. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң
азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсудi
жалғастыру және оларды ұстап беру
1. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсу материалдарын жiберудiң және қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау тәртібі осы Кодекстiң 527, 528-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2. Азаматтығы жоқ адамдарды, үшiншi бiр елдiң азаматтарын ұстап беру тәртібі осы Кодекстiң 529, 530, 531, 532-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 534-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
534-бап. Әдеттен тыс қамау (ұстап беру үшiн тұтқындау
және қамап қою)
1. Шетел мемлекетiнiң құзыреттi органынан тиiстi түрде ресiмделген талапты алу кезiнде және адамды ұстап беру үшiн заңды негiздер болған ретте ол ұсталуы мүмкiн және оған әдеттен тыс қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады. Сұраушы мемлекеттiң өтiнiшi бойынша адам ұстап беру туралы талап алынғанға дейiн де қамалуы мүмкiн. Өтiнiште қамауға алу туралы қаулыға немесе заңды күшiне енген үкiмге сiлтеме болуы және ұстап беру туралы талаптың қосымша табыс етiлетiндiгi айтылуға тиiс. Ұстап беру туралы талап мәлiмделгенге дейiн қамауға алу туралы өтiнiш почта, телеграф, телекс немесе факс бойынша берiлуi мүмкiн. Табыс етілген материалдар зерделеніп, ұсталған адамды іздеу жарияланған адам деп санауға жеткілікті негіздер болғанда және осы Кодекстің 532-бабында жазылған негіздер жоқ болған кезде прокурор аудандық және оған теңестірілген сотқа экстрадициялық қамауға алу туралы өтініш енгізеді. Аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы осы Кодекстің 150-бабында көзделген ережелер мен мерзімдерді сақтай отырып, өтінішті қарайды және мынадай: экстрадициялық қамау туралы; экстрадициялық қамаудан бас тарту туралы қаулылардың бірін шығарады. Судьяның осы қаулысына шағымдану, наразылық білдіру және оны апелляциялық қарау осы Кодекстің 110-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Адам, егер оның басқа мемлекеттiң аумағында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс жасағандығына сезiк келтiретiн заңмен көзделген негiздер болса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген өтiнiшсiз-ақ үш тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұсталуы мүмкiн.
3. Прокурор адамның қамауға алынғаны туралы ұстап беру туралы өтiнiштi, қамау туралы өтiнiштi жiберген немесе жiберуi мүмкiн шетел мемлекетiнiң мекемесiне ұстап беру уақыты мен орнын ұсына отырып, дереу хабарлайды.
4. Егер отыз тәулiк iшiнде ұстап берiлмесе, қамауда отырған адам прокурордың қаулысы бойынша босатылуға тиiс. Осы баптың екiншi бөлiгiне сәйкес тұтқындалған адам оны ұстап беру туралы талап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тұтқындалу мерзiмiнiң iшiнде келiп түспесе, босатылуы тиiс. Қайта қамауға алуға осы баптың бiрiншi бөлiгiне сәйкес ұстап беру туралы жаңа талапты қараған соң ғана жол берiледi.
5. Осы Кодекстiң 531-бабына сәйкес ұсталған адамды әдеттен тыс қамауды сот бiр айға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырады.
6. Бұл мерзiмде iздеу жариялаған мемлекеттiң құзыреттi органынан ұстап беру туралы өтiнiш түспеген жағдайда, бiрақ қамауға алу туралы өтiнiш және ұстап беру туралы кейiннен өтiнiш жiберуге кепiлдiк болған ретте, прокурордың өтініші бойынша экстрадициялық қамау мерзімін сот екi айға дейiн ұзартуы мүмкiн, бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
7. Осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған жағдайлар болған ерекше реттерде облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың өтiнiшi бойынша әдеттен тыс қамау мерзiмiн сот үш айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
8. Қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi қамалушының қамауда ұстау мерзiмi өткенге дейiн жетi тәулiктен кешiктiрмей бұл жөнiнде прокурорға хабарлауға мiндеттi.
9. Қамалған адамды оны ұстап беру үшiн босату прокурордың қаулысы негiзiнде, соның iшiнде осы бапта аталған мерзiм өткеннен кейiн де, егер бұл мерзiмде адам ұстап берiлмеген болса, жүзеге асырылып, бұл жөнiнде дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
535-бап. Транзиттiк тасымалдау
1. Шетел мемлекетi мекемесiнiң осы мекемеге үшiншi бiр мемлекеттiң ұстап берген адамын Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк тасымалдау жөніндегі өтiнiшi оны ұстап беру туралы талап қаралған тәртiппен қаралады.
2. Транзиттiк тасымалдаудың тәсiлiн тиiстi ведомстволардың келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
536-бап. Заттарды беру
1. Адамды шет мемлекеттiң мекемесiне ұстап беру кезiнде қылмыс жасау құралдары болып табылатын заттар, сондай-ақ қылмыс iзi бар немесе қылмыстық жолмен алынған заттар берiледi. Бұл заттар өтiнiш бойынша және адамды ұстап беру оның қайтыс болуы салдарынан немесе басқа себептер бойынша iске аспаған жағдайда берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген заттар басқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн қажет болса, белгiлi бiр уақытқа кiдiртiлуi мүмкiн.
3. Үшiншi адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшiн осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған заттарды беру шетел мемлекетi мекемесiнiң iс бойынша iс жүргiзудi аяқтаған соң заттарды қайтару туралы кепiлдiктерi болған ретте ғана жүргiзiледi.
56-тарау. Жазасын өзі азаматы болып табылатын
мемлекетте өтеу үшін бас бостандығынан
айыруға сотталған адамды беру
537-бап. Жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте
өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған
адамды беру негiздерi
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшiн беруге, нақ сол сияқты шетел мемлекетiнiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматын жазасын Қазақстан Республикасында өтеу үшiн беру Қазақстан Республикасының тиiстi шетел мемлекетiмен халықаралық шарты не Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шетел мемлекетiнiң құзыреттi органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара шарттағы жазбаша келісімi негiз болып табылады.
538-бап. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын
өтеу үшiн сотталушыны берудiң шарттары мен тәртібі
1. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн Қазақстан Республикасында сотталған адамды беруге сотталушының, оның заңды өкiлiнiң немесе жақын туған-туыстарының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ сотталушының келісімiмен тиiстi мемлекеттiң құзыреттi органының өтiнуi бойынша оның бас бостандығын айыру туралы жазасын өтеуiне дейiн жол берiледi.