4. Бір көзден сатып алу тәсілімен ТЖҚ сатып алу
57. Бір көзден сатып алу тәсілімен ТЖҚ сатып алу мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) конкурс өтпеді деп танылса;
2) сатып алынатын ТЖҚ қандай да бір нақты қазақстандық немесе шетелдік жеткізушіде ғана болса;
3) қандай да бір жеткізушіден ТЖҚ сатып алған сатып алуды ұйымдастырушыда қолда бар ТЖҚ-мен біріздендіру, стандарттау немесе қоса атқаруды қамтамасыз ету мақсатында осы жеткізушіден басқа ТЖҚ сатып алу қажеттілігі туындаса;
4) дүлей зілзалалар (жер сілкіну, сел, қар көшкіні, су тасқыны және басқалар), табиғи өрттер, індеттер мен эпизоотиялар туғызған төтенше жағдайларды, сондай-ақ өнеркәсіптік, көліктік және басқа да авариялар, өрттер (жарылыстар), күшті әсер ететін улы радиоактивті және биологиялық қауіпті заттар шығаратын (шығару қатері бар) авариялар, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауы, бөгеттердің бұзылуы, тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің электр энергетикалық және коммуникациялық жүйелеріндегі, тазалау құрылыстарындағы авариялар туғызған төтенше жағдайларды жариялау салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, сондай-ақ аталған жағдайлардың басталу қаупі болған, сатып алудың басқа тәсілдерін қолдану мүмкіндігін жоққа шығаратын осы ТЖҚ-ға жедел қажеттіліктер туындаған жағдайда.
58. Бір көзден сатып алу туралы шарт жасасқан күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде сатып алуды ұйымдастырушы уәкілетті органға жеткізушіні, оның мекен-жайын, сондай-ақ сатып алынған ТЖҚ-ның номенклатурасын, көлемін, сапасын көрсете отырып, жүргізілген сатып алу туралы хабарлайды.
5. Бағалық ұсыныстарға сұрау салу тәсілімен ТЖҚ сатып алу
59. Бағалық ұсыныстарға сұрау салу тәсілімен сатып алу жеке лот үшін қандай да болсын біртекті ТЖҚ сатып алу көлемі құндық мәнде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 14000 (он төрт мың) АЕК-ден (айлық есеп көрсеткіш) аспайтын және осындай ТЖҚ-ның егжейлі-тегжейлі ерекшелігі сатып алуды ұйымдастырушы үшін елеулі мәнге ие болмаған жағдайда жүргізіледі.
60. Сатып алуды ұйымдастырушы бағалық ұсыныстарға сұрау салу тәсілімен ТЖҚ сатып алуды жүргізу үшін кемінде екі әлеуетті жеткізушіден, оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімінен және осы номенклатура бойынша оларды өндірушілерден сатып алынатын ТЖҚ-ға жазбаша және/немесе электрондық түрде бағалық ұсыныстар сұратады.
61. Бағалық ұсыныстарға сұрау салу жоспарланып отырған ТЖҚ сатып алу туралы ақпаратты, оның ішінде:
1) сатып алуды ұйымдастырушының атауын және орналасқан жерін;
2) әрбір лот бойынша сатып алынатын тауардың, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемін, сапасын, номенклатурасын;
3) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің талап етілетін мерзімдері мен орнын;
4) бағалық ұсыныстарды қабылдаудың басталу және аяқталу мерзімін;
5) сатып алуды ұйымдастырушы анықтайтын өзге де ақпаратты қамтиды.
62. Сатып алуды ұйымдастырушы уәкілетті органның веб-сайтында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізіліміне енгізілген ТЖҚ өндірушілер үшін қол жетімді болып табылатын бағалық ұсыныстарға сұрау салуды орналастыра алады.
63. Бағалық ұсыныстарды қабылдау мерзімін сатып алуды ұйымдастырушы белгілейді және бағалық ұсыныстарға сұрау салу жіберілген сәттен бастап кемінде үш жұмыс күнін құрайды.
64. Кез келген әлеуетті жеткізуші өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болмайтын бір ғана бағалық ұсыныс бере алады.
65. Бағалық ұсыныстар беру мерзімі аяқталғаннан кейін берілген бағалық ұсыныстар қаралмайды.
66. Бағалық ұсыныстар болмаған не бағалық ұсыныстар қабылдау мерзімі ішінде бір ғана ұсыныс болған жағдайда сатып алуды ұйымдастырушы бағалық ұсыныстар қабылдауды бес жұмыс күніне дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін.
67. Бағалық ұсыныстарды талдауды сатып алуды ұйымдастырушы бағалық ұсыныстарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
68. Сатып алуды ұйымдастырушы үшін неғұрлым тиімді бағалық ұсыныс жасаған әлеуетті жеткізуші шарт жасасудан бас тартқан жағдайда сатып алуды ұйымдастырушы:
1) аталған бағалық ұсыныстан кейін неғұрлым тиімдісін ұсынған басқа әлеуетті жеткізушімен шарт жасасуы;
2) бағалық ұсыныстарға сұрау салу тәсілімен ТЖҚ-ны қайтадан сатып алуды жүзеге асыруы мүмкін.
6. Электронды сатып алу жүйесі арқылы ТЖҚ сатып алу
69. Электронды сатып алу жүйесі арқылы ТЖҚ сатып алу ТЖҚ-ны нақты уақыт режимінде сатып алуды қамтамасыз ететін электрондық сауда жүйелері арқылы жүзеге асырылады.
70. Әлеуетті өнім берушілерге электрондық сатып алу жүйесіне рұқсат беру, электрондық сатып алу жүйесінде жасалған сатып алу туралы шарттарды тіркеу, сондай-ақ электрондық сатып алу жүйесі арқылы ТЖҚ сатып алу туралы ақпаратты жинау, қорыту және талдау Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын және пайдаланылатын мемлекеттік ақпараттандыру жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2009.20.12. № 2138 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу
ҚР Үкіметінің 2009.20.12. № 2138 Қаулысымен 71-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
71. Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Қорытынды ережелер
72. Сатып алуды ұйымдастырушылар осы Ереженің қағидаларына сәйкес уәкілетті органға беретін ақпаратты уәкілетті және құзыретті органдар жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарттық міндеттемелерді орындауының мониторингін жүзеге асыру үшін олардың Қазақстанда жасалған ТЖҚ сатып алуы бөлігінде пайдаланады.
73. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ТЖҚ сатып алу барысында осы Ереженің талаптары бұзылған жағдайда ТЖҚ сатып алатын кез келген әлеуетті жеткізуші сатып алуды ұйымдастырушының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағымдана алады.