Сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдарды және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі
жұмыстарды орындайтын сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеуді өзара тану туралы
келісім
(Санкт-Петербург қ., 2009 жылғы 11 желтоқсандағы)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 5 наурыздағы № 178 Қаулысымен бекітілді
Бұдан әрі Тараптар аталатын кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негізге ала отырып,
тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін бірыңғай принциптерді негізге ала отырып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы интеграциялық процестерді тереңдету және кеден одағын құру мақсатында,
аккредиттеу саласындағы келісілген саясатты жүргізудің орындылығын тани отырып,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
1994 жылғы 15 сәуірде Марракеш қаласындағы көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундының қорытындылары бойынша қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық тосқауылдар жөніндегі келісімінің және Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі келісімінің ережелері мен принциптерін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімде белгілеген мәндерде пайдаланылады.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін аккредиттеу жүйесі ережелерінің, рәсімдерінің және оған қатысушылардың Тарап мемлекеті белгілеген жиынтығы ұлттық аккредиттеу жүйесі ретінде түсіндіріледі.
2-бап
Тараптар мына:
Тараптар мемлекеттерінде халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес аккредиттеуді жүзеге асыру үшін ережелер мен рәсімдерге ие ұлттық аккредиттеу жүйесі жұмыс істеу;
Тараптар мемлекеттерінің аккредиттеу жөніндегі органдары қолданылатын рәсімдердің тең мәнділігіне қол жеткізу мақсатында өзара салыстыра бағалауды жүзеге асыру талаптары сақталған жағдайда Тараптар мемлекеттерінің ұлттық аккредиттеу жүйелеріндегі сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдар мен сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеуді өзара таниды.;
Аккредиттеу:
еріктілік;
аккредиттеу ережелерінің ашықтығы және қол жетімділігі;
аккредиттеуді жүзеге асыратын органдарды құзыреттілігі мен тәуелсіздігі;
аккредиттеуді алуға үміткер өтінім берушілерге бірдей жағдайлардың қамтамасыз етілуі;
аккредиттеу және сәйкестікті растау жөніндегі қызметті қоса орындауға жол бермеу принциптері негізінде жүзеге асырылады.
3-бап
Тараптар мемлекеттерінде аккредиттеу жөніндегі органдар:
ұлттық аккредиттеу жүйелеріндегі сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдар мен сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын аккредиттелген сынақ зертханаларының (орталықтарының) тізілімін жүргізеді;
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың ақпараттық жүйесіне аккредиттеуге қатысты және 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы келісімде көзделген мәліметтер мен құжаттарды береді;
Тараптар мемлекеттерінің аккредиттеу жөніндегі органдарының өкілдеріне қолданылатын рәсімдердің тең мәнділігіне қол жеткізу мақсатында өзара салыстыра бағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін береді;
Тараптар мемлекеттерінің ұйымдарынан (кәсіпорындарынан) түсетін өздері аккредиттеген сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органдар мен сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмыстарды орындайтын сынақ зертханаларына (орталықтарына) шағымдар мен талаптарды қарайды және оларға қатысты шешімдер қабылдайды.
4-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
Егер Тараптардың бірінің екінші Тарапқа жіберген консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші түскен күнінен бастап алты ай ішінде Тараптар дауды реттемесе, онда Тараптар арасында дауды шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде Тараптардың кез келген осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.
5-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
6-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім оған басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық, қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.
Санкт-Петербург қаласында 2009 жылғы 11 желтоқсандағы орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |