6. Үкiмге ол жарияланғаннан кейiн өзгерiс енгізуге жол берiлмейдi.
378-бап. Үкiмнiң кiрiспе бөлiмi
Үкiмнiң кiрiспе бөлiмiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны; Судьялар бiрнеше күн бойы кеңескен жағдайда, үкiмнiң шығарылған күнi оның жария етiлген күнiмен айқындалады;
3) үкiм шығарған соттың атауы, соттың құрамы, сот отырысының хатшысы, процеске қатысушылар, олардың өкiлдерi, аудармашы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты, оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты орны, жұмыс орны, кәсiбi, білімi, отбасы жағдайы және сотталушының жеке басы туралы iс үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасағанына сотталушы айыпталып отырған қылмысты көздейтiн қылмыстық заң (бабы, бөлiгi, тармағы) көрсетiледi.
379-бап. Айыптау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi
1. Айыптау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi жасалған орны, уақыты, оның жасалу тәсiлi, кiнә нысаны, қылмыстың себептерi мен салдарлары көрсетiле отырып, сот дәлелденген деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасын қамтуы қажет. Үкiмде соттың сотталушыға қатысты шешiмi негiзделген дәлелдер және сот басқа дәлелдердi жоққа шығарған себептерi келтiрiледi. Жауаптылықты жеңiлдететiн не ауырлататын жағдайлар, ал айыптаудың бiр бөлiгi негiзсiз деп танылған немесе қылмыстың терiс саралануы белгiленген жағдайда - айыптауды өзгертудiң негiздерi мен себептерi көрсетiледi.
2. Сот сондай-ақ қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелер шешiмiнiң себептерiн көрсетуге мiндеттi.
3. Сипаттамалы-дәлелдi бөлiкте осы Кодекстiң 371-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01. № 238 Заңдарымен 380-бап өзгертілді
380-бап. Айыптау үкімінiң қорытынды бөлiгi
1. Айыптау үкімінiң қорытынды бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) сотталушыны қылмыс жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiм;
3) сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық заң (бабы, бөлiгi, тармағы);
4) жасағанына кiнәлi деп танылған әрбiр қылмысы үшiн сотталушыға тағайындалған жазаның түрi мен мөлшерi, сондай-ақ бұрынғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы шешiм және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58, 60-баптарының негiзiнде өтеуге жататын түпкiлiктi жаза түрi. Жаза түрi ретiнде бас бостандығынан айыру тағайындалған кезде сот үкiмде сотталушының оны өтеуге тиiс мекемесiнiң түрi мен режимiн көрсетедi;
5) шартты түрде сотталған кезде сынақ мерзiмнiң ұзақтығы мен сотталушыға жүктелетiн мiндеттер;
6) сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыру (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізу) туралы шешiм;
7) егер үкiм қабылдағанға дейiн сотталушы ұсталса және оған қамау, үйде қамап ұстау түрiнде бұлтартпау шаралары қолданылса немесе ол арнаулы медициналық мекемеге орналастырылса, алдын ала қамауда ұстауды есепке алу туралы шешiм;
8) мәжбүрлеп емдеудi қолдану және сотталушыға қорғаншылық белгiлеу туралы шешiм;
9) үкiм заңды күшiне енгенге дейiн сотталушыға қатысты бұлтартпау шаралары туралы шешiм көрсетiлуге тиiс.
2. Егер сотталушыға қылмыстық заңның бiрнеше бабы (баптың бөлiктерi, тармақтары) бойынша айып тағылса, онда үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде сотталушы олардың қайсысы бойынша ақталғаны және қайсысы бойынша сотталғаны көрсетiлуi тиiс. Сотталушының iс-әрекеттерiн қайта дәрежелеу қажеттiгi туралы тұжырымға келiп немесе кейбір баптардың (бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының) артық тағылғанын анықтап, сот үкiмнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде әрекеттi сол бойынша дәрежелеу керек болатын қылмыстық заңның бабын (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) көрсетедi және артық тағылған бапты (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) алып тастау керектiгiн көрсетедi.
3. Сотталушы қылмысты өтеуден босатылған немесе үкiм жаза тағайындалмай шығарылған немесе жазасын өтеудi кейiнге қалдыру қолданылған жағдайда, бұл туралы үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде көрсетiледi.
381-бап. Ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi
1. Ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнiсi; сот белгiлеген iстiң мән-жайы; сотталушының қылмыс жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдердi сот дұрыс емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болатын дәлелдер; азаматтық талап-арызға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады.
2. Ақтау үкімінде ақталушының кiнәсiздiгiне күмән тудыратын тұжырымдарды қолдануға жол берiлмейдi.
382-бап. Ақтау үкімінiң қорытынды бөлiгi
Ақтау үкімінiң қорытынды бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм; ақтау негiздерi;
3) егер бұлтартпау таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) мүлiктi тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ егер мұндай шаралар қабылданған болса, залалды өтеудi қамтамасыз ету шараларын жою туралы шешiм қамтылуға тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 383-бап өзгертілді
383-бап. Үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде шешуге жататын
өзге де мәселелер
Айыптау, сондай-ақ ақтау үкімінiң де қорытынды бөлiгiнде осы Кодекстiң 380, 382-баптарында санамаланған мәселелерден басқа:
1) ұсынылған азаматтық талап-арыз бойынша шешiм;
2) заттай айғақтар туралы мәселенi шешу;
3) iс жүргiзу шығыстарын бөлу туралы шешiм;
4) апелляциялық шағымдардың не үкiмге наразылық келтiрудiң тәртібі мен мерзiмiн түсiндiру қамтылуға тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 384-бап өзгертілді
384-бап. Үкiмдi жариялау
1. Сот үкiмге қол қойғаннан кейiн сот отырыс залына оралады және төрағалық етушi не басқа судья, не судьялар кезек-кезегiмен үкiмдi жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрi, сот құрамын қоса алғанда, сот үкімін тұрып тыңдайды.
2. Егер үкiм сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде оқылса, онда аудармашы үкiм жарияланысымен немесе iлеспе түрде оны сотталушының ана тіліне немесе ол бiлетiн басқа тiлге дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталушыға (ақталушыға), процестiң басқа да қатысушыларына үкiмге шағым жасаудың тәртібі мен мерзiмiн, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстi апелляциялық қарауға қатысу туралы өтiнiш беру құқығын түсiндiредi. Ақталушыға оның заңсыз ұстаумен, айыпкер ретiнде тартумен, бұлтартпау шараларын қолданумен, сотқа заңсыз тартумен келтiрiлген зиянның орнын толтыруға деген құқығы, сондай-ақ осы құқықты жүзеге асыру тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.
4. Егер сотталушы ерекше жаза түрi - өлiм жазасына кесiлген болса, төрағалық етушi оған кешiрiм жасау туралы өтiнiш беру құқығын түсiндiредi.
385-бап. Сотталушыны қамауда ұстаудан босату
Сотталушы ақталған кезде не жаза тағайындамай немесе жазаны өтеуден босатумен, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес немесе бас бостандығынан шартты түрде айыруға жаза кесу арқылы айыптау үкімін тағайындаған кезде қамауда ұсталған сотталушы сот отырысы залында қамаудан дереу босатылуға жатады.
386-бап. Үкiм көшiрмесiн табыс ету
Үкiм жарияланғаннан кейiн бес тәулiктен кешiктiрмей оның көшiрмесi сотталушыға немесе ақталушыға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етiлуге тиiс. Егер сотқа аталған адамдардың өтiнiшi түскен болса, үкiмнiң көшiрмесi жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне нақ сол мерзiмде табыс етiледi.
387-бап. Жеке қаулы алу
1. Сот оған негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жеке қаулы шығарады, онда мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заңның бұзылу фактiсiне, қылмыс жасауға себепшi болған және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның iс-әрекетiнен қылмыс жасауға себепшi болатын әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.
2. Жеке қаулы, сондай-ақ сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде немесе iстi төменгi сот қараған кезде жiберiлген, азаматтардың құқықтарын бұзу және заңның басқа да бұзылуы байқалған кезде шығарылуы мүмкiн.
3. Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк не азаматтық борышын бұзуына аударуға құқылы.
4. Сот, егер мұны қажет деп таныса, сот талқылауының материалдары бойынша, басқа да жағдайларда жеке қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына қылмыстың жолын кесуге немесе ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығы, ерлiгi туралы жеткiзе алады.
6. Жеке қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қабылдануы және оның нәтижелерi туралы жеке қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 388-бап толықтырылды
388-бап. Сот үкiм шығарумен бiр мезгiлде
шешетiн мәселелер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамның кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, қараусыз қалған басқа да асырауындағылар бар болған кезде, сот айыптау үкімін қабылдаумен бiр мезгiлде аталған адамдарды қамқоршылыққа немесе туысқандарының не басқа адамдарының немесе мекемелердiң қорғаншылығына өткізу туралы, ал сотталушының қараусыз қалатын мүлкi немесе үй-жайы бар болған кезде оларды күзету жөнiнде шара қолдану туралы қаулы шығарады. Қажет болған жағдайда сот қылмыстың салдарынан жәбiрленушiнiң ауыр жарақат алуына немесе қайтыс болуына байланысты оның қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларын, еңбекке жарамсыз ата-аналарын, қамқорлығындағы басқа да адамдарды орналастыру туралы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң мүлкi мен тұрғын үйiн қорғау туралы қаулы шығарады.
2. Iске тағайындау бойынша қорғаушы қатысқан жағдайда, сот үкiм қабылдаумен бiр мезгiлде сотталушыға заң көмегiн көрсеткенi үшiн төлеуге жататын сыйақының мөлшерi туралы қаулы шығарады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде аталған iс жүргiзу шешiмдерi мүдделi адамдардың өтiнiштерi бойынша үкiм жария етiлгеннен кейiн де қабылдануы мүмкiн.
45-тарау. Жеке айыптау істері бойынша іс
жүргізу ерекшеліктері
389-бап. Жеке айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу
тәртібі
Осы Кодекстiң 33-бабында көзделген қылмыстар туралы iске қатысты жеке айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, осы тараумен белгiленген, алынып тасталатындарды қоспағанда осы Кодекстiң жалпы ережелерiмен айқындалады.
390-бап. Жеке айыптау iсiн қозғау
1. Жеке айыптау қылмыстық iсi адам (бiрнеше адам) сотқа адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғалады. Анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға шағым берген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық оқиғаның сипаттамасы, дәлелдерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы сотқа өтiнiш, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам туралы мәлiметтер, сотқа шақырылуы қажеттi куәлердiң тiзiмi қамтылуы қажет. Шағымға оны берген адам қол қояды. "Домалақ" шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.
3. Шағымда сондай-ақ азаматтық талапты қарау туралы өтiнiш болуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа жеке айыптау iсi қозғалуға қатысты адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен берiледi.
5. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген адам жеке айыптаушы болып табылады және оған осы Кодекстiң 76-бабында және 392-бабының төртiншi және алтыншы бөлiгiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, ол туралы судья және шағым берушi адам қолдарын қойған хаттама жасалады.
6. Егер айыптауды бiрнеше адам бiр адамға қатысты қозғаса, олар шағымды бiр-бiрiнен тәуелсiз бередi.
7. Егер бiр ғана қылмыстық жазаланатын әрекетке қатысты жеке айыптау қорғауға бiрнеше адам құқылы болса және олардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша iс қозғалса, қалған адамдар басталып та кеткен iс жүргiзуге кiруге құқылы. Бұл жағдайда аталған адамдардың әрқайсысының өтiнiшi бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
8. Егер ол iс қозғалған қылмыстық жазаланатын әрекеттiң мәнiмен байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге ықпал етпейдi.
9. Қайтарып алынған жеке айыптау бойынша қылмыстық iс қайта қозғалмайды.
391-бап. Судьяның жеке айыптау iсi бойынша сот талқылауы
басталғанға дейiнгi iс-әрекеттерi
1. Егер берiлген шағым осы Кодекстiң 390-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья оны берген адамға шағымды сол талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген адамды бұл туралы хабардар етедi.
2. Жеке айыптау iсi бойынша шағымды қарап, судья үш тәулiк iшiнде:
1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;
2) шағымды тергелуi немесе сотталуы бойынша беру туралы;
3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
3. Шағым бойынша қабылданған шешiм туралы қаулының көшiрмесi өтiнiш иесiне, ал осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1-тармағында көзделген жағдайда, сол сияқты айыпталушыға жiберiледi.
4. Сот мәжілісiн тағайындау үшiн негiздер болған ретте судья шағымның сотқа келiп түскен күнiнен бастап жетi тәулiкке дейiн мерзiмде үстiнен шағым берiлген адамды шақыруға, оны iс материалдарымен таныстыруға, берiлген шағымның көшiрмесiн тапсыруға, осы Кодекстiң 69-бабымен көзделген сот отырысындағы сотталушының құқықтарын түсiндiруге және осы адамның пiкiрi бойынша сотқа қорғаудың куәгерлерi ретiнде кiмдi шақыру қажет екендiгiн анықтауға мiндеттi, ол туралы қолхат алынады. Үстiнен шағым берiлген адам сотқа келмеген жағдайда, шағымның көшiрмесi сотталушының құқықтары, сондай-ақ бiтiмге келу мүмкiндiктерi түсiндiрiле отырып почтамен жiберiледi.
5. Судья тараптарға бiтiмге келу мүмкiндiктерiн түсiндiруге мiндеттi. Олардан бiтiмге келу туралы өтiнiш түскен жағдайда осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 6-тармағы негiзiнде судьяның қаулысымен iс бойынша iс жүргiзу тоқтатылады.
6. Егер тараптардың арасында бiтiмге келуге қол жеткiзiлмесе, судья осы баптың төртiншi және бесiншi бөлiктеріндегі талаптар орындалғаннан кейiн, осы Кодекстiң 302-бабының ережелерi бойынша iстi сот мәжілісiнде қарауды тағайындайды.
392-бап. Тараптардың бастамашылығы бойынша
дәлелдемелердi табыс ету және жинау
1. Жәбiрленушi, қылмыстың жасалғаны туралы шағым берген өзге адам, қылмыстық мән-жайлар және оны жасауға күдiк келтiрiлген адамның кiнәлiлiгi сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкiн екендiгiн шағымда көрсетуi қажет.
2. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер өзi немесе өкiлi арқылы қандай адамдардың (тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi) куәлiк етумен, құжаттармен, өзге де дәлелдермен өздерiнiң мүддесiн қорғауы үшiн мәнi бар мән-жайларды белгiлеуге болатынын iс қаралғанға дейiн судьяға хабарлайды. Егер шағым анықтау органына, анықтаушыға, прокурорға, тергеушiге берiлсе, бұл мәлiметтер шағым берiлген лауазымды адамға немесе органға iс сотқа жiберiлгенге дейiн хабарланады.
3. Сезiктi, оның заңды өкiлi, қорғаушы сезiктiнiң пайдасына кiм (тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi) куәлiк бере алатынын, қандай құжаттар мен өзге де дәлелдемелер бұл мақсатқа қызмет ете алатынын iс қаралғанға дейiн судьяға хабарлауға құқылы.
4. Заттар мен құжаттар, мүмкiн болғанынша, судьяға немесе шағым берiлген өзге адамға (органға) берiледi.
5. Сезiктi, оның қорғаушысы, заңды өкiлi, сондай-ақ жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi барлық жағдайларда дәлелдемелердi тiкелей сотқа беруге және дәлелдемелер жинауға қызмет етуi мүмкiн мәлiметтердi судьяға хабарлауға құқылы.
6. Судья тараптарға олардың өтiнiшi бойынша дәлелдемелердi жинауға жәрдемдесуге тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 393-бап өзгертілді
393-бап. Жеке айыптау iсiн сот мәжілісiнде қарау
1. Жеке айыптау iсiн сот мәжілісiнде қарау, осы баппен белгiленген алынып тасталатындарды қоспағанда сот талқылауының жалпы ережелерi бойынша жүргiзiледi.
2. Сот талқылауы шағымның сотқа түскен сәтiнен бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға, алайда айыпталушының оның құқықтары түсiндiрiле отырып шағымның көшiрмесiн алған кезiнен бастап үш тәулiктен ерте басталмауға тиiс.
3. Сот талқылауына жеке айыптаушы мен айыпталушының жеке өздерi қатысуға немесе өз өкiлдерiнiң өкiлдiк етуiне құқылы.
4. Жеке айыптау iсi бойынша шағымды қарау қарсы шағымды қараумен бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлуi мүмкiн. Бiрiктiруге судьяның қаулысы бойынша сот тергеуi басталғанға дейiн жол берiледi. Шағымдарды бiр iс жүргiзуге бiрiктiрген кезде оларды берген адамдар iске бiр мезгiлде жеке айыптаушы және сотталушы ретiнде қатысады. Қарсы шағымның түсуiмен және iс жүргiзулердiң бiрiктiрiлуiмен байланысты қорғауға дайындалу үшiн үстiнен қарсы шағым берiлген адамның өтiнiшi бойынша iс үш тәулiктен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Өздерiнiң шағымдарында баяндалған мән-жайлар туралы бұл адамдардан жауап алу жәбiрленушiден жауап алу ережелерi бойынша, ал қарсы шағымдарда баяндалған мән-жайлар туралы - сотталушыдан жауап алу ережелерi бойынша жүргiзiледi. Сот отырысында айыптауды жеке айыптаушы немесе оның өкiлi қолдайды.
5. Сот тергеуi басталудан бұрын төрағалық етушi тараптарды бiтiмге келтiруге шара қолдануға мiндеттi. Тараптардың бiтiмге келуi соттың кеңесу бөлмесiне кетуiне дейiн бола алады.
6. Сот тергеуi жеке айыптаушының немесе оның өкiлiнiң шағымын баяндаумен басталады. Жеке айыптау iсi бойынша қарсы шағымды бiр мезгiлде қарау кезiнде, оның дәлелдерi негiзгi шағымның дәлелдерi баяндалғаннан кейiн, нақ сол ретпен баяндалады. Айыптаушы дәлелдерiн ұсынады, ол оларды зерттеуге қатысуға, сотқа айыптаудың мәнi бойынша сотталушыға қылмыстық заңды қолдану және оған жаза тағайындау туралы, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге құқылы. Айыптаушы сот мәжілісiнде, егер мұнымен сотталушының жағдайы нашарламайтын және оның қорғауға деген құқығы бұзылмайтын болса, айыптауды өзгерте алады, сондай-ақ айыптаудан бас тартуға құқылы.
7. Жеке айыптаушының немесе оның өкiлiнiң осы Кодекстiң 208-бабының бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген дәлелдi себептерсiз сот отырысына келмей қалуы iстiң тоқтатылуына әкеп соғады, алайда сотталушының өтiнiшi бойынша iс мәнi бойынша олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
394-бап. Жеке айыптау iсi бойынша соттың шешiмi
1. Жеке айыптау жөніндегі iстi қарап, судья осы Кодекстiң ережелерiн басшылыққа ала отырып, мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) айыптау немесе ақтау үкімін шығарады;
2) жеке айыптаушы айыптаудан бас тартқан және тараптар бiтiмге келген жағдайда iстi тоқтатады;
3) iс бойынша анықтау немесе алдын ала тергеу жүргiзу туралы мәселенi шешу үшiн iстi прокурорға жiбередi. Бұл ретте сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
2. Жеке айыптау iсi бойынша сот шешiмiне тараптар осы Кодексте көзделген тәртiп пен мерзiмде жалпы негiздерде шағым жасай алады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 395-бап өзгертілді
395-бап. Жеке айыптау iсiн қысқарту
1. Жеке айыптау қылмыстық iсi осы Кодекстiң 37-бабында көзделген мән-жайлар бар болған кезде, сондай-ақ, жәбiрлеушiнiң не айыпталушының жақын туыстары iстi қарауды талап еткеннен басқа жағдайларда, жеке айыптаушының қайтыс болуымен байланысты қысқартылуға жатады. Iс, сондай-ақ осы Кодекстiң 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша да қысқартылуы мүмкiн.
2. Жеке айыптау iсi бойынша iс жүргiзудi қысқарту тәртібі, осы тараумен белгiленген алынып тасталатындарды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы ережелерiмен айқындалады.
8-бөлім. Соттың заңды күшіне енбеген үкімдері
мен қаулыларын қайта қарау
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 46-тараудын тақырыбы өзгертілді
46-тарау. Апелляциялық шағымдар мен заңды
күшіне енбеген сот шешімдеріне наразылық білдіру
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 396-бап өзгертілді
396-бап. Үкiмге апелляциялық шағым беру, наразылық
бiлдiру құқығы
1. Тараптар заңды күшіне енбеген сот үкімдеріне осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес апелляциялық тәртіппен шағым жасауы және наразылық білдіруі мүмкін.
2. Үкiмге шағымдану құқығы сотталушыға, ақталушыға, олардың қорғаушылары мен заңды өкiлдерiне, жәбiрленушiге және оның өкiлiне тиесiлi. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi үкiмге, оның азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде шағым жасауға құқылы.
3. Наразылық бiлдiру құқығы iстi қарауға мемлекеттік айыптаушы ретiнде қатысушы прокурорға тиесiлi. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен оның орынбасарлары, облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың орынбасарлары iстi қарауға қатысуына қарамастан өз құзыретi шегiнде үкiмге наразылық бiлдiруге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 397-бап жаңа редакцияда
397-бап. Заңды күшiне енбеген үкiмдерге шағымдарды, наразылықтарды
қарайтын соттар
1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың қылмыстық iстер жөніндегі алқасы қарайды.
2. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегі алқасы қарайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 398-бап өзгертілді
398-бап. Үкiмге шағымдар, наразылықтар беру тәртібі
1. Шағымдар, наразылықтар үкiм қабылдаған сот арқылы берiледi. Апелляциялық сатыларға тiкелей келiп түскен шағымдар, наразылықтар осы Кодекстiң 401-бабының және 402-бабының екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкiм қабылдаған сотқа жiберуге жатады.
2. Iстi екiншi қайтара қараған кезде шығарылған үкiмге жалпы тәртiпте шағым берiлуi, наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 399-бап өзгертілді
399-бап. Үкiмге шағымдану, наразылық бiлдiру мерзiмдерi
1. Бірінші сатыдағы соттың үкіміне шағымдар, наразылықтар апелляциялық тәртіпте үкім жарияланған күннен бастап он бес тәулік ішінде берілуі мүмкін, ал қамауда отырған сотталған адам оны өзіне үкім көшірмесі табыс етілген күннен бастап нақ сондай мерзімде бере алады.
2. Үкiмге шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iс соттан талап етiле алмайды.
3. Мерзiмi өткеннен кейiн берiлген шағым, қарсылық қараусыз қалдырылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 400-бап өзгертілді
400-бап. Шағым беруге, наразылық бiлдiруге арналған
мерзiмдi қалпына келтiру тәртібі
1. Шағым беруге, наразылық бiлдiруге арналған мерзiм дәлелдi себептермен өтiп кеткен жағдайда шағым беруге, наразылық бiлдiруге құқығы бар адамдар үкiмдi қабылдаған сотқа өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш жасай алады. Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi iстi сот талқылауы кезiнде төрағалық етушi судья, ал ол ұзақ уақыт бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы сот мәжілісiнде қарайды, ол өтiнiштi қозғаған адамды түсiнiк беру үшiн шақыртуға құқылы.
2. Өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiруден бас тарту туралы судьяның қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым берiлуi, наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн, ол өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiруге және осы Кодекстiң 401-бабында және 402-бабының екiншi бөлiгiнде баяндалған талаптарды сақтай отырып шағым, наразылық бойынша iстi қарауға құқылы.
401-бап. Шағым беру және наразылық бiлдiру
туралы хабардар ету
1. Үкiмдi қабылдаған сот шағым беру немесе наразылық бiлдiру туралы сотталушыны немесе ақталушыны, қорғаушыны, айыпталушыны, жәбiрленушiнi және оның өкiлiн, сондай-ақ, егер шағым, наразылық олардың мүдделерiн қозғайтын болса, азаматтық талапкердi, азаматтық жауапкердi немесе олардың өкiлдерiн хабардар етедi. Шағымның, наразылықтың көшiрмесi аталған адамдарға беру мерзiмi көрсетiле отырып оларға жазбаша түрде қарсылық беру мүмкiндiгi түсiндiрiлiп жiберiледi.