3. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртібі сотталушы мен жәбiрленушiден жауап алудан тұрады. Сот жарыссөзi және қаралған iстi аяқтау осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Қысқартылған сот талқылауы он күн мерзімде аяқталуға тиіс, ерекше жағдайларда бұл мерзім судьяның дәлелді қаулысымен ұзартылуы мүмкін.
4. Сот, егер айыпталушыдан немесе жәбiрленушiден жауап алу барысында сот отырысында зерттеудi талап ететiн мән-жайлар белгiленген болса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы қабылдауы мүмкiн.
43-тарау. Сот жарыссөзі және сотталушының
соңғы сөзі
364-бап. Сот жарыссөзiнiң мазмұны мен тәртібі
1. Сот тергеуi аяқталған соң төрағалық етушi соттың сот жарыссөзiне көшетiнiн хабарлайды.
2. Сот жарыссөзiне қатысушының өтiнiшi бойынша оған сот жарыссөзiне дайындалу үшiн уақыт берiледi, ол үшiн төрағалық етушi оның ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысында үзiлiс жариялайды.
3. Сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердiң және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушы мен қорғаушының сөздерiнен тұрады. Iске қатысушылардың сөздерiнiң реттілігiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайларда бiрiншi болып айыптаушы сөз алады.
4. Егер мемлекеттік айыптауды бiрнеше мемлекеттік айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi өз сөздерiнiң кезектілігiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысында үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер аталған адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектілігi туралы келісімге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз кезегi туралы қаулы алады.
5. Сот жарыссөзiне қатысушылар өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасауға құқылы емес. Сотқа жаңа айғақтар ұсыну қажет болса, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiш жасай алады.
6. Сот сот жарыссөзiнiң ұзақтығын белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысушы азаматтардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
7. Сот отырысына қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылғандар бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертпелерiн /репликаларын/ бiлдiруге құқылы. Соңғы ескертпенi айту құқығы барлық жағдайларда сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
8. Әрбiр сот жарыссөзiне қатысушы сотқа осы Кодекстiң 371-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-6-тармақтарында аталған мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымын жазбаша түрде табыс ете алады. Ұсынылатын тұжырымның сот үшiн мiндеттi күшi жоқ.
365-бап. Сотталушының соңғы сөзi
1. Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
2. Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
366-бап. Сот тергеуiн қайта бастау
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сот тергеуiн қайта бастайды. Қайта басталған сот тергеуi сот аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан ашады және сотталушыға соңғы сөз бередi.
367-бап. Соттың кеңесу бөлмесiне кетуi
1. Сотталушының соңғы сөзiн тыңдап, сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi, ол туралы төрағалық етушi сот отырысы залындағы қатысушыларға хабарлайды.
2. Үкiмнiң жарияланатын уақыты процеске қатысушыларға судьялар кеңесу бөлмесiне кетер алдында хабарлануы мүмкiн.
44-тарау. Үкім шығару
368-бап. Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығару
Қазақстан Республикасындағы соттар Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығарады.
369-бап. Үкiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi
1. Сот үкімі заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Егер үкiм заңның барлық талаптары сақтала отырып және заң негiзiнде шығарылса, ол заңды болып танылады.
3. Егер үкiм сот отырысында сотқа ұсынылған дәлелдемелердi жан-жақты және объективтi зерттеу негiзiнде шығарылса, ол негiздi деп танылады.
370-бап. Судьялар кеңесiнiң құпиясы
1. Сот үкiмдi сотқа қандай болмасын ықпал ету мүмкiндiгiн болдырмайтын жағдайда кеңесу бөлмесiнде шығарады. Үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде осы iс бойынша соттың құрамына енетiн судьялар ғана болады. Өзге адамдардың, соның iшiнде запастағы судьяның болуына жол берiлмейдi.
2. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде сот (судья) демалу үшiн кеңесу бөлмесiнен шығып, үзiлiс жасауға құқылы.
3. Судьялардың талқылау және үкiм шығару кезiнде орын алған пайымдауларды жария етуге құқығы жоқ.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңдарымен 371-бап өзгертілді
371-бап. Соттың үкiм шығару кезiнде шешетiн мәселелерi
1. Сот үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде мынадай мәселелердi шешедi:
1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл әрекет қылмыс болып табыла ма және ол нақ қандай қылмыстық заңда көзделген (бабы, бөлiгi, тармағы);
3) сотталушының бұл әрекеттi жасағаны дәлелдендi ме;
4) сотталушы бұл қылмыстың жасалуына кiнәлi ме;
5) оның жауаптылығы мен айыбын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар бар ма;
6) сотталушы жасаған қылмысы үшiн жазаға тартылуға тиiс пе;
7) сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiс;
8) жаза тағайындамай үкiм шығару үшiн немесе жазада босатуға не қылмыстық жазаны өтеудi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында және 74-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда кейiнге қалдыру туралы негiздер бар ма;
9) бас бостандығынан айыруға сотталушы түзеу немесе тәрбие беру мекемесiнің қандай түрi мен режимдегiсiнде жазасын өтеуге тиiс;
10) азаматтық талап-арызды қанағаттандыруға жата ма, кiмнiң пайдасына және қандай мөлшерде, сондай-ақ егер азаматтық талап берiлмесе, мүлiктiк зиян өтелуге жата ма;
11) азаматтық талап-арызды немесе ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктi не iстеу керек;
12) заттай дәлелдемелердi не iстеу керек;
13) iс жүргiзу шығыстары кiмге, қандай мөлшерде жүктелуге тиiс;
14) сот сотталушының құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыруға (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізуге) тиiс пе;
15) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 88-бабында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы;
16) қылмысты жасауға әсер ететiн мән-жайлардың болуы туралы;
17) сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы;
18) бұрынғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы.
2. Ақтау үкімін шығару кезiнде сот тергеу, прокуратура, сот органдарының заңсыз iс-әрекетiмен ақталушыға келтiрiлген зиянды өтеу туралы мәселе жөнiнде шешiм қабылдайды.
3. Сотталушы бiрнеше қылмыс жасағаны үшiн айыпталған кезде сот әрбiр қылмыс бойынша жеке-жеке осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-7 тармақтарында көрсетiлген мәселелердi шешедi.
4. Егер қылмыстың жасалуына бiрнеше сотталушы айыпталса, сот оның жасалған әрекеттегi ролi мен дәрежесiн айқындай отырып, әрбiр сотталушыға қатысты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген барлық мәселелердi шешедi.
5. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiзгi мәселелердi шешiп, мынадай қосымша мәселелердi шешуге көшедi:
1) сотталушының, ал қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң ата-анасыз қалған, кәмелетке толмаған балаларын жайғастыру туралы;
2) сотталушының мүлкiн, қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң мүлкiн қорғау туралы;
3) жеке қаулы шығару қажеттiгi туралы.
372-бап. Сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселенi шешу
1. Алдын ала тергеу немесе сот талқылауы кезiнде сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселе туындаған жағдайларда сот үкiм шығару кезiнде бұл мәселенi тағы да бiр рет талқылауға мiндеттi.
2. Сотталушыны әрекет жасаған уақытта есi кiресiлi-шығасылы күйде болған немесе қылмыс жасағаннан кейiн оның өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауiптілігiн ұғыну не оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын психикалық науқаспен ауырған деп таныған сот, қылмыстық iстi тоқтатуға және егер қорғаушы iске айып тағылған сәттен бастап қатысса және iс құрамында үш судья бар сотта қаралса, сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 373-бап өзгертілді
373-бап. Iстi алқада қарау кезiнде судьялардың
кеңесу және шешiм қабылдау тәртібі
1. Iстi алқалы қарау кезiнде үкiм шығарудан бұрын судьялардың кеңесуi болады. Төрағалық етушi мәселелердi судьялардың шешуiне, осы Кодекстiң 371-бабында олар қалай аталса, сондай реттілікте және тұжырымда қояды.
2. Әрбiр мәселенi шешу кезiнде, осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Барлық мәселелер көпшiлiк дауыспен шешiледi. Төрағалық етушi барлық жағдайларда өз дауысын соңғы болып бередi.
3. Сотталушыны ақтау үшiн дауыс берген және азшылықта қалған судьяға қылмыстық заңды қолдану мәселелерi бойынша дауыс беруден қалыс қалу құқығы берiледi. Егер қылмыстық саралануы туралы немесе жазалау шарасы туралы басқа судьялардың пiкiрлерi сәйкес болмаса, онда ақтау үшiн берiлген дауыс неғұрлым жеңiл қылмысты көздейтiн заң саралануы бойынша және неғұрлым жеңiл таза тағайындау үшiн берiлген дауысқа қосылады.
4. Ерекше жаза түрi - өлiм жазасы - кiнәлiге тек барлық судьялардың бiрауызды шешiмi бойынша ғана тағайындалуы тиiс.
5. Азшылықта қалған судья кеңесу бөлмесiнде ерекше пiкiрiн жазбаша түрде баяндауға құқылы. Ерекше пiкiр төрағалық етушiге тапсырылады және ол оны жабық конвертпен iс материалдарына тiгедi. Ерекше пiкiрмен апелляциялық қадағалау сатысындағы сот осы iстi тиiстi сатыда қарау кезiнде танысуға құқылы. Судьяның ерекше пiкiрi барлығы туралы iске қатысушыларға хабарланбайды, ерекше пiкiр сот отырысы залында жария етiлмейдi.
374-бап. Үкiмдердiң түрлерi
Сот үкімі айыптаушы немесе ақтаушы болуы мүмкiн.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 375-бап толықтырылды
375-бап. Айыптау үкімі
1. Айыптау үкімі сотталушыны қылмыс жасауға кiнәлi деп тану туралы сот шешiмiнен тұрады.
2. Айыптау үкімі:
1) сотталушы өтеуге тиiс қылмыстық жаза тағайындала отырып;
2) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып;
3) қылмыстық жаза тағайындала және оны өтеуден босата отырып;
4) қылмыстық жаза тағайындалмай;
5) қылмыстық жазаны өтеу кейiнге қалдырыла отырып шығарылады.
3. Айыптау үкімі болжауларға негiзделуге тиiс емес және сот талқылауы барысында сотталушының қылмыс жасаудағы кiнәсi соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен дәлелденген жағдайда ғана шығарылады.
4. Сотталушы өтеуге тиiс жазаны тағайындаумен айыптау үкімін шығара отырып, сот оның түрiн, мөлшерiн, режимiн және мерзiмдi өтеудi есептеудiң басталуын дәл айқындауы қажет.
5. Сот, егер осы қылмыс үшiн адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмi өтiп кетсе, сондай-ақ осы Кодекстiң 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда айыптау үкімін адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, шығарады.
6. Сот, егер үкiм шығару кезiнде:
1) сотталушыға осы үкiммен тағайындалған жазаны қолданудан босататын кешiрiм актiсi шығарылған;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62-бабында белгiленген алдын ала қамауды есептеу ережелерiн ескере отырып, осы iс бойынша сотталушының қамауда болу уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыған жағдайларда, айыптау үкімін жазаны тағайындап және одан босата отырып шығарады.
7. Егер оны шығару кезiнде сотталушы қайтыс болса, сот iстi тоқтатады немесе тараптардың өтiнiшi бойынша айыптау үкімін жазаны тағайындамай шығарады.
8. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында және 74-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот айыптау үкімін қылмыстық жазаны өтеудi кейiнге қалдыра отырып шығарады.
376-бап. Ақтау үкімі
1. Сот ақтау үкімімен сотталушы қылмыстық жауаптылыққа тартылып, сотқа берiлген айыптау жөнiнде оның қылмыстың жасалуына кiнәсiздiгiн таниды және жариялайды.
2. Егер:
1) қылмыс оқиғасы болмаса;
2) сотталушының әрекетiнде қылмыс құрамы болмаса;
3) қылмыс жасауға сотталушының қатысуы дәлелденбесе, ақтау үкімі шығарылады.
3. Аталған негiздердiң кез келгенi бойынша ақтау соттың сотталушының кiнәсiздiгiн тануды бiлдiредi және оның толық ақталуына әкеп соғады.
4. Егер ақтау үкімі шығарылған жағдайда қылмыс жасаған адам анықталмай қалса, үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн сот қылмыстық iстi прокурордың өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттiгi туралы мәселенi шешуi үшiн соған жiбередi.
377-бап. Үкiмдi жасау
1. Осы Кодекстiң 371-бабында көрсетiлген мәселелердi шешкеннен кейiн сот үкiмдi жасауға көшедi.
2. Үкiм сот талқылауы жүргiзiлген тiлде баяндалады.
3. Үкiм кiрiспе, сипаттамалы-дәлелдi және қорытынды бөлiмдерден тұрады.
4. Үкiм қолдан жазылуға, оны шығаруға қатысушы судьялардың бiрi машинкаға басқан не компьютерлiк тәсiлмен дайындаған және барлық судьялардың қолы қойылуға тиiс. Ерекше пiкiрiнде қалған судья да үкiмге қол қояды.
5. Үкiмдегi түзету ескертiлуге және үкiм шығарылғанға дейiн кеңесу бөлмесiнде барлық судьялардың қол қоюымен куәландырылуға тиiс.
6. Үкiмге ол жарияланғаннан кейiн өзгерiс енгізуге жол берiлмейдi.
378-бап. Үкiмнiң кiрiспе бөлiмi
Үкiмнiң кiрiспе бөлiмiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны; Судьялар бiрнеше күн бойы кеңескен жағдайда, үкiмнiң шығарылған күнi оның жария етiлген күнiмен айқындалады;
3) үкiм шығарған соттың атауы, соттың құрамы, сот отырысының хатшысы, процеске қатысушылар, олардың өкiлдерi, аудармашы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты, оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты орны, жұмыс орны, кәсiбi, білімi, отбасы жағдайы және сотталушының жеке басы туралы iс үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасағанына сотталушы айыпталып отырған қылмысты көздейтiн қылмыстық заң (бабы, бөлiгi, тармағы) көрсетiледi.
379-бап. Айыптау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi
1. Айыптау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi жасалған орны, уақыты, оның жасалу тәсiлi, кiнә нысаны, қылмыстың себептерi мен салдарлары көрсетiле отырып, сот дәлелденген деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасын қамтуы қажет. Үкiмде соттың сотталушыға қатысты шешiмi негiзделген дәлелдер және сот басқа дәлелдердi жоққа шығарған себептерi келтiрiледi. Жауаптылықты жеңiлдететiн не ауырлататын жағдайлар, ал айыптаудың бiр бөлiгi негiзсiз деп танылған немесе қылмыстың терiс саралануы белгiленген жағдайда - айыптауды өзгертудiң негiздерi мен себептерi көрсетiледi.
2. Сот сондай-ақ қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелер шешiмiнiң себептерiн көрсетуге мiндеттi.
3. Сипаттамалы-дәлелдi бөлiкте осы Кодекстiң 371-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01. № 238 Заңдарымен 380-бап өзгертілді
380-бап. Айыптау үкімінiң қорытынды бөлiгi
1. Айыптау үкімінiң қорытынды бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) сотталушыны қылмыс жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiм;
3) сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық заң (бабы, бөлiгi, тармағы);
4) жасағанына кiнәлi деп танылған әрбiр қылмысы үшiн сотталушыға тағайындалған жазаның түрi мен мөлшерi, сондай-ақ бұрынғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы шешiм және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58, 60-баптарының негiзiнде өтеуге жататын түпкiлiктi жаза түрi. Жаза түрi ретiнде бас бостандығынан айыру тағайындалған кезде сот үкiмде сотталушының оны өтеуге тиiс мекемесiнiң түрi мен режимiн көрсетедi;
5) шартты түрде сотталған кезде сынақ мерзiмнiң ұзақтығы мен сотталушыға жүктелетiн мiндеттер;
6) сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыру (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізу) туралы шешiм;
7) егер үкiм қабылдағанға дейiн сотталушы ұсталса және оған қамау, үйде қамап ұстау түрiнде бұлтартпау шаралары қолданылса немесе ол арнаулы медициналық мекемеге орналастырылса, алдын ала қамауда ұстауды есепке алу туралы шешiм;
8) мәжбүрлеп емдеудi қолдану және сотталушыға қорғаншылық белгiлеу туралы шешiм;
9) үкiм заңды күшiне енгенге дейiн сотталушыға қатысты бұлтартпау шаралары туралы шешiм көрсетiлуге тиiс.
2. Егер сотталушыға қылмыстық заңның бiрнеше бабы (баптың бөлiктерi, тармақтары) бойынша айып тағылса, онда үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде сотталушы олардың қайсысы бойынша ақталғаны және қайсысы бойынша сотталғаны көрсетiлуi тиiс. Сотталушының iс-әрекеттерiн қайта дәрежелеу қажеттiгi туралы тұжырымға келiп немесе кейбір баптардың (бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының) артық тағылғанын анықтап, сот үкiмнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде әрекеттi сол бойынша дәрежелеу керек болатын қылмыстық заңның бабын (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) көрсетедi және артық тағылған бапты (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) алып тастау керектiгiн көрсетедi.
3. Сотталушы қылмысты өтеуден босатылған немесе үкiм жаза тағайындалмай шығарылған немесе жазасын өтеудi кейiнге қалдыру қолданылған жағдайда, бұл туралы үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде көрсетiледi.
381-бап. Ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi
1. Ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнiсi; сот белгiлеген iстiң мән-жайы; сотталушының қылмыс жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдердi сот дұрыс емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болатын дәлелдер; азаматтық талап-арызға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады.
2. Ақтау үкімінде ақталушының кiнәсiздiгiне күмән тудыратын тұжырымдарды қолдануға жол берiлмейдi.
382-бап. Ақтау үкімінiң қорытынды бөлiгi
Ақтау үкімінiң қорытынды бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм; ақтау негiздерi;
3) егер бұлтартпау таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) мүлiктi тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ егер мұндай шаралар қабылданған болса, залалды өтеудi қамтамасыз ету шараларын жою туралы шешiм қамтылуға тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 383-бап өзгертілді
383-бап. Үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде шешуге жататын
өзге де мәселелер
Айыптау, сондай-ақ ақтау үкімінiң де қорытынды бөлiгiнде осы Кодекстiң 380, 382-баптарында санамаланған мәселелерден басқа:
1) ұсынылған азаматтық талап-арыз бойынша шешiм;
2) заттай айғақтар туралы мәселенi шешу;
3) iс жүргiзу шығыстарын бөлу туралы шешiм;
4) апелляциялық шағымдардың не үкiмге наразылық келтiрудiң тәртібі мен мерзiмiн түсiндiру қамтылуға тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 384-бап өзгертілді
384-бап. Үкiмдi жариялау
1. Сот үкiмге қол қойғаннан кейiн сот отырыс залына оралады және төрағалық етушi не басқа судья, не судьялар кезек-кезегiмен үкiмдi жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрi, сот құрамын қоса алғанда, сот үкімін тұрып тыңдайды.
2. Егер үкiм сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде оқылса, онда аудармашы үкiм жарияланысымен немесе iлеспе түрде оны сотталушының ана тіліне немесе ол бiлетiн басқа тiлге дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталушыға (ақталушыға), процестiң басқа да қатысушыларына үкiмге шағым жасаудың тәртібі мен мерзiмiн, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстi апелляциялық қарауға қатысу туралы өтiнiш беру құқығын түсiндiредi. Ақталушыға оның заңсыз ұстаумен, айыпкер ретiнде тартумен, бұлтартпау шараларын қолданумен, сотқа заңсыз тартумен келтiрiлген зиянның орнын толтыруға деген құқығы, сондай-ақ осы құқықты жүзеге асыру тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.
4. Егер сотталушы ерекше жаза түрi - өлiм жазасына кесiлген болса, төрағалық етушi оған кешiрiм жасау туралы өтiнiш беру құқығын түсiндiредi.
385-бап. Сотталушыны қамауда ұстаудан босату
Сотталушы ақталған кезде не жаза тағайындамай немесе жазаны өтеуден босатумен, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес немесе бас бостандығынан шартты түрде айыруға жаза кесу арқылы айыптау үкімін тағайындаған кезде қамауда ұсталған сотталушы сот отырысы залында қамаудан дереу босатылуға жатады.
386-бап. Үкiм көшiрмесiн табыс ету
Үкiм жарияланғаннан кейiн бес тәулiктен кешiктiрмей оның көшiрмесi сотталушыға немесе ақталушыға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етiлуге тиiс. Егер сотқа аталған адамдардың өтiнiшi түскен болса, үкiмнiң көшiрмесi жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне нақ сол мерзiмде табыс етiледi.
387-бап. Жеке қаулы алу
1. Сот оған негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жеке қаулы шығарады, онда мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заңның бұзылу фактiсiне, қылмыс жасауға себепшi болған және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның iс-әрекетiнен қылмыс жасауға себепшi болатын әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.
2. Жеке қаулы, сондай-ақ сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде немесе iстi төменгi сот қараған кезде жiберiлген, азаматтардың құқықтарын бұзу және заңның басқа да бұзылуы байқалған кезде шығарылуы мүмкiн.
3. Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк не азаматтық борышын бұзуына аударуға құқылы.
4. Сот, егер мұны қажет деп таныса, сот талқылауының материалдары бойынша, басқа да жағдайларда жеке қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына қылмыстың жолын кесуге немесе ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығы, ерлiгi туралы жеткiзе алады.
6. Жеке қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қабылдануы және оның нәтижелерi туралы жеке қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 388-бап толықтырылды
388-бап. Сот үкiм шығарумен бiр мезгiлде
шешетiн мәселелер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамның кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, қараусыз қалған басқа да асырауындағылар бар болған кезде, сот айыптау үкімін қабылдаумен бiр мезгiлде аталған адамдарды қамқоршылыққа немесе туысқандарының не басқа адамдарының немесе мекемелердiң қорғаншылығына өткізу туралы, ал сотталушының қараусыз қалатын мүлкi немесе үй-жайы бар болған кезде оларды күзету жөнiнде шара қолдану туралы қаулы шығарады. Қажет болған жағдайда сот қылмыстың салдарынан жәбiрленушiнiң ауыр жарақат алуына немесе қайтыс болуына байланысты оның қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларын, еңбекке жарамсыз ата-аналарын, қамқорлығындағы басқа да адамдарды орналастыру туралы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң мүлкi мен тұрғын үйiн қорғау туралы қаулы шығарады.
2. Iске тағайындау бойынша қорғаушы қатысқан жағдайда, сот үкiм қабылдаумен бiр мезгiлде сотталушыға заң көмегiн көрсеткенi үшiн төлеуге жататын сыйақының мөлшерi туралы қаулы шығарады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде аталған iс жүргiзу шешiмдерi мүдделi адамдардың өтiнiштерi бойынша үкiм жария етiлгеннен кейiн де қабылдануы мүмкiн.