«Жол-құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1331 Қаулысы
(2011.28.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 901 Қаулысымен күші жойылды
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Жол-құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1331 қаулысымен
бекітілген
«Жол-құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті
1. Қолданылу саласы
ҚР Үкіметінің 2011.28.02 № 193 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы «Жол-құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі және «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Техникалық регламент объектілері болып мыналар саналады:
1) Қазақстан Республикасында импортталатын және өндірілетін, Қазақстан Республикасының климаттық жағдайына байланысты жалпы пайдаланымдағы барлық техникалық санатты автомобиль жолдарын және ондағы құрылыстарды салу, жөндеу, қайта жаңарту, пайдалану саласында қолданылатын, сондай-ақ шектелген көлемде пайдалануға рұқсат етілетін қайта пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарына;
2) жол-құрылыс материалдарының өндіру, тасымалдау және сақтау, қолдану (оның ішінде қайта қолдану), пайдаға асыру және көму сияқты өмірлік циклы процестеріне қолданылады.
3. Техникалық регламент ережелері жер төсемін, жол жамылғысының құрастырылымдық қабаттарын, инженерлік құрылыстарды орнатуға, шикізатты өңдеу кезеңдеріндегі жолдың және белгілердің жағдайы, жол құрылыс материалдарын өндіру, сақтау, тасымалдау, іске асыру және қолдану, қалдықтарды пайдаға асыру және (немесе) жоюға арналған жол құрылыс материалдарына қойылатын негізгі қауіпсіздік талаптарын белгілейді.
4. Осы Техникалық регламенттің қауіпсіздік талабына қатысты қойылатын, жол-құрылыс материалдарының тізімі 1 қосымшасында келтірілген.
5. Техникалық регламентті қолдану мақсаттары үшін жол-құрылыс материалдарын бірдейлендіру көзбен шолып бақылау, Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының жіктеуіші бойынша - ҚР СЭҚ ТН кодтары, таңбалау, өндірушінің ілеспе құжаттамасында берілетін ақпарат негізінде жүргізіледі.
Жол-құрылыс материалдарын бірдейлендіру үшін ақпарат жеткіліксіз болған кезде, жол-құрылыс материалдарының нақты түрлеріне арналған талаптары осы Техникалық регламентпен үйлестірілген нормативтік және (немесе) техникалық құжаттарда көзделген физика-химиялық көрсеткіштерін анықтау бойынша сынақтар өткізеді.
6. Процеске қатысушы, заңды және жеке тұлға үшін Техникалық регламент талаптары болуы міндетті: өндіріс, тасымалдау, сақтау, қолдану (соның ішінде қайта қолдану), жол-құрылыс материалдарын сақтау және жылыту, олардың территориялық маңыздылығына және ұйымдастыру құқықтық формасына тәуелсіз және Қазақстан Республикасының барлық территориясында істейді.
2. Терминдер мен анықтамалар
7. Техникалық регламентте «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мыналар пайдаланылады:
1) асфальт-бетон қоспасы - қондырғыда араластырумен алынатын, қыздырылған күйінде белгілі бір қатыныстарда алынған, ұтымды іріктелген шағылтас (қиыршықтас), құм, минералдық ұнтақ және мұнай жол битумы қоспасы;
2) автомобиль жолдарының жол белгілеулеріне арналған бояу (эмаль) - жол жамылғысына жаққаннан және еріткіш буланғаннан кейін жол белгілеуіне қойылатын талаптарға сәйкес болатын, анық көрінбейтін қатты үлдір түзетін органикалық еріткіштер полимерлерінің ерітінділеріндегі шашыраңқылығы жоғары бояудақтар мен толтырғыштардың қойыртпағы;
3) автомобиль жолдарының жол белгілеулеріне арналған термопластик - құрамында құрауыштар немесе құйма көлемді пішіндердің ұнтақ қоспасы түріндегі бояудақтар мен толтырғыштар болатын полимерлік байланыстырғыш негізіндегі, қатқаннан кейін жол белгілеулерінің анық көрінбейтін қатты элементтері пайда болатын терможұмсартқыш созылымды материал;
4) автомобиль жолдарының жол белгілеулеріне арналған салқын пластик - химиялық реакция нәтижесінде қататын және қатқаннан кейін жол белгілеулерінің анық көрінбейтін қатты элементтерін түзетін, құрамында бояудақтар мен толтырғыштар болатын полимер байланыстырғыш негізіндегі көпқұрауышты созылымды материал;
5) битумдалған жыныстар (кирлер) - әртүрлі тұтқырлықтағы табиғи битумдар сіндірілген, көбінесе ұсақ және шаңды құмдарды, борпылдақ жыныстарды білдіретін табиғи құрамында битум болатын жыныстардың бір түрі;
6) белсендірілген минерал ұнтақ - әктастар мен доломиттерді ұнтақтау кезінде алынатын және оларды тарту кезінде өңделетін материал;
7) жол тұтқыр мұнай битумдары - мұнайды тікелей айдау қалдығы түрінде алынатын немесе мұнайды тікелей айдау өнімдерін тотықтыру және мұнай өнімдерін (асфальттарды асфальтсіздендіру, сығындыларды сұрыптап тазалайтын) сұрыптап бөлу, сондай-ақ көрсетілген тотыққан және тотықпаған өнімдерді компаундтау жолымен дайындалатын органикалық тұтқыр материалдар;
8) жол сұйық мұнай битумдары - тұтқыр аққыштық қоюлығы болатын белгіленген түйіршік құрамдағы мұнай өнімдерінің тұтқыр сұйық битумдарын сұйылтып дайындаған битумдар;
9) жол бетон - тұтқырдың, толтырғыштың, судың және оның үстемелердің, оның пішімделуіне және қатуына дейін тиімді іріктелген және мұқият араластырылған қоспасы;
10) жол битум эмульсиясы - эмульстағыштарды қатыстырып, екі бір-бірінде ерімейтін сұйықтықтар су және битумнан тұратын дисперсиялық;
11) Зиянды химиялық зат - адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін, жануарлар мен өсімдіктердің және қоршаған ортаның тіршілік әрекетіне қолайсыз әсерін тигізетін химиялық зат;
12) қиыршықтас - табиғи қиыршықтас-құм қоспаларын елеу жолымен алынатын, ірілігі 5 мм жоғары түйірі болатын, органикалық емес түйіршікті сусымалы материал;
13) қоспалар (құрғақ және сұйық) - цемент немесе битум, қарамай, эмульсияны дайындау кезінде, оларға талап етілетін қасиеттерді беру үшін араластыру кезінде, тұтқырға немесе қоспаларға тікелей қосылатын химиялық заттар (беттік-белсенді заттар, полимерлер, белсендіргіштер және басқалар);
14) құм - табиғи қиыршықтас-құм қоспаларын елеу, тау жыныстарын, қиыршықтас пен қойтастарды, жолшыбай өндірілетін аршылған және араласушы тау жыныстарын немесе кендерді (металлургия өнеркәсібінің қара, түсті және сирек кездесетін металдарын) және өнеркәсіптің басқа салаларының биметалл қазбаларын уату өнімдерін кейін елеу арқылы қайта өңдеу жөніндегі тау-кен кәсіпорындарының кондициялық емес қалдықтарын уатып алынатын, ірілігі 5 мм кем түйірі болатын органикалық емес түйіршікті сусымалы материал;
15) қиыршықтас - тау жыныстарын, қиыршақтас пен қойтастарды, жолшыбай өндірілетін аршылған және араласушы тау жыныстарын немесе кендерді (металлургия өнеркәсібінің қара, түсті және сирек кездесетін металдарын) және өнеркәсіптің басқа салаларының биметалл қазбаларының уату өнімдерін кейін елеу арқылы қайта өңдеу жөніндегі тау-кен кәсіпорындарының кондициялық емес қалдықтарын уатып алынатын, іріліп 5 мм жоғары түйірі болатын органикалық емес түйіршікті сусымалы материал;
16) қара қиыршықтас - түйіршікті немесе белгілі бір температурада органикалық тұтқыр араластырғыш қондырғыда өңделген түйіршік қоспасы түріндегі қиыршықтас;
17) полимер-битумды тұтқырғыш - жолдың полимерлер (термопластикалық каучуктер, эластопластар және басқалар) қосылған тұтқыр немесе сұйық мұнай битумынан жасалатын битумды тұтқырғыш;
18) топырақ - адамның инженерлік-шаруашылық қызметінің объектісі болып табылатын көпқұрауышты және әр түрлі геологиялық жүйені білдіретін тау жыныстары, топырақ, техногендік пайда болулар;
19) технологиялық регламент - жұмыс жүргізу процесін көрсететін, сақталу орындалатын жұмыстардың сапасына кепілдік беретін қажетті жабдықтар тізбесі мен технологиялық параметрлері бар техникалық құжат;
20) цемент - пластиктендірілген немесе белсендендіргіш қоспалармен, немесе түйіршіктелген қожбен, ғанышпен бірге тарту кезінде күйдірілген цемент тасын жұқалап ұнтақтау нәтижесінде алынатын минералды гидравликалық тұтқырғыш;
21) шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) - ұзақ уақыт ішінде күн сайын әсер еткен кезде адам ағзасында қазіргі заманғы әдістермен байқалатын аурулық өзгерістер туындатпайтын көлем бірлігіндегі зиянды химиялық заттың ең көп мөлшері; қоршаған ортаның (жұмыс аймағының және елді мекендердің ауасының, судың және топырақтың) санитариялық жай-күйін бағалау кезінде гигиеналық критерий болып табылады;
22) шағылтас-қиыршықтас-шағылтас-құмды қоспалар - құмды (шағылтас-құмды, қиыршықтас-құмды және шағылтас-қиыршықтас-құмды) шағылтас, қиыршықтас пен құмның қоспасынан құрастырылған түріндегі материалдар.
3. Қазақстан Республикасының рыногында өнімді орналастыру шарттары
8. Жол-құрылыс материалдары осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес болған жағдайда, Қазақстан Республикасы рыногында орналастырылуы мүмкін.
Осы сәйкестік шарттары мыналар болып табылады:
а) сәйкестік сертификатының (көшірмелері), сәйкестік белгісінің және (немесе) сәйкестік туралы декларацияның немесе сәйкестікті растау нысандары мен ерекшеліктеріне байланысты өрт сөндіру және санитарлық-эпидемиологиялық органдар қорытындыларының болуы;
б) химиялық жолмен жасалған өнімнің қауіпсіздік паспортының болуы;
в) өндірушінің (дайындаушының) құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын шығару жөніндегі жұмыстарға арналған лицензияның болуы (сертификатталатын өнімді қоспағанда);
г) таңбалауда және (немесе) ілеспе құжаттарда өнім туралы қажетті ақпараттың болуы.
4. Негізгі қауіпсіздік талаптары
9. Жол-құрылыс материалдарын (бұдан әрі - материалдар) өндіру және қолдануға құрылыс материалдарын (сертификатталатын өнімді қоспағанда) шығару жөніндегі жұмысты орындауға лицензиясы, қажетті техникалық құралдары, өндірістік-техникалық базасы және білікті кадрлары бар заңды және жеке тұлғаларға рұқсат етіледі.
10. Жол-құрылыс іс материалдарын өндіру және қолдану кезінде қауіп көздері мен қауіп-қатер факторлары ескерілуге тиіс.
Қауіп көздеріне мыналар жатады:
1) шикізат және материалдар;
2) технологиялық процесс;
3) тасымалдау, сақтау, қолдану, оның ішінде қайта қолдану;
4) пайдаға асыру және көму.
Физикалық және химиялық қауіптер қауіп-қатер факторлары болып табылады.
Физикалық факторларға:
1) беріктігі;
2) тозуға төзімділігі;
3) аязға төзімділігі;
4) суға төзімділігі;
5) жылуға төзімділігі;
6) түйір (ұнтақталған) құрамы;
7) түйіршік құрамы;
8) тұтқырлық;
9) адгезия, кіріктену;
10) өрт қауіптілігі (отқа төзімділігі);
11) жарамдылық мерзімі жатады.
Химиялық факторларға:
1) радиоактивтілігі (табиғи радионуклидтердің меншікті тиімді белсенділігі);
2) уыттылық сыныбы;
3) жұмыс аймағының ауасына, елді мекендердің атмосфералық ауасына, суға және топыраққа зиянды химиялық заттардың бөлінуі жатады.
11. Жол-құрылыс материалдарының өмірлік циклының барлық сатысында мыналарға бағытталған шарттар ескерілуі тиіс:
1) материалдардың немесе олардың қоспаларының біреуінің қолайсыз әсері нәтижесінде адам және қоршаған орта үшін қауіптің туындау қатерін жою немесе азайту;
2) нақты материалдардың технологиялық ерекшеліктеріне, олар қолданылатын табиғи-климаттық жағдайлардың әр түрлілігіне және басқа факторлар мен жағдайларға байланысты материалдарды дайындау, тасымалдау, қолдану және сақтау кезіндегі қауіптерден қорғауды жою мүмкін емес;
3) материалдарды өндіру және оларды автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде қолдану кезінде және төтенше жағдайлар пайда болған кезде ықтимал қалдық қауіптер туралы ақпаратқа қол жеткізілуін қамтамасыз ету.
12. Жол-құрылыс материалдарын өндіру, тасымалдау, сақтау, қолдану (оның ішінде қайта қолдану), пайдаға асыру және көмумен айналысатын заңды және жеке тұлғалар, олардың функционалдық қолданысына сәйкес адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті деп есептейтін қосымша талаптарды белгілей алады.
13. Жол-құрылыс материалдары табиғи факторлар әсеріне төзімді болуға тиіс.
14. Нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес қолданылатын, осы Техникалық регламенттің талаптарымен үйлестірілген жол-құрылыс материалдары оның талаптарына сәйкес деп есептеледі.
Жол-құрылыс материалдары осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес болу шартымен өзге де нормативтік құжаттарға сәйкес жасалуы және қолданылуы мүмкін.
Осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейтін жол-құрылыс материалдары қабылдауға және қолдануға жатпайды.
15. «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес жол-құрылыс материалдарына, сондай-ақ химиялық жолмен жасалған препараттарға немесе заттарға қауіпсіздік паспорты қоса берілуі тиіс.
16. Жол-құрылыс материалдарымен жұмыстарға олардың өмірлік циклының барлық сатыларында 18 жасқа толған, қажетті біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі бар, осы Техникалық регламентте белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін, жұмыстарды жүргізудің қауіпсіз тәсілдері мен әдістерін үйренген тұлғалар жіберіледі.
Жұмыс персоналы жол-құрылыс материалдарының түріне байланысты, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен, жеке бас гигиенасы және алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарымен жабдықталған болуы, белгіленген тәртіппен медициналық тексерулерден өтуі тиіс.
17. Шикізат жол-құрылыс материалдарын өндіруге арналған негіз ретінде не жол-құрылыс материалы болып қолданыла алады.
18. Жол-құрылыс материалдары мынадай материалдарға бөлінеді:
а) шикізат пен материалдан оларды қайта өңдеу немесе өңдеу жолымен алынған;
б) бір мезгілде әрі шикізат және дайын өнім болып табылатын (топырақтар, малтатас-құмды қоспалар, табиғи құм, битумдалған жыныстар).
19. Шикізатқа және дайын жол-құрылыс материалдарына өмірлік циклының барлық сатыларында қойылатын жалпы талаптар:
1) Дайын өнімнің табиғи радионуклидтерінің тиімді меншікті жиынтық белсенділігі елді мекендер аумағы және болашақта құрылыс салынатын аймақтар шегінде жолдар мен әуеайлақтар салу кезінде 740 Бк/кг аспауға (материалдардың радиациялық қауіптілігінің II сыныбы) және елді мекендерден тыс жолдар салу кезінде 1500 Бк/кг аспауға (материалдардың радиациялық қауіптілігінің III сыныбы) тиіс.
2) Жарылыс қауіпсіздігіне және өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптар.
Жол-құрылыс материалдарының жарылыс қауіптілігі мен өрт қауіпсіздігі олардың құрамына кіретін, жарылыстың болуын және (немесе) өрттің өршуін тудыруға қабілетті химиялық заттардың физика-химиялық қасиеттері мен көрсеткіштеріне байланысты.
Шикізатты өңдеу кезінде және жол-құрылыс материалдарының өмірлік циклының барлық сатыларында жарылыс қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігі жарылыс және (немесе) өрт туындау жағдайларының алдын алатын шаралармен, соның ішінде:
а) өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен;
б) жарылыс қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігінің барынша ықтимал деңгейін қамтамасыз ететін әдістер мен тәсілдерді пайдаланумен;
в) ұшқынбасқыштарды, ұшқынтұтқыштарды, статикалық электр тоғынан қорғайтын отты баяулатқыш, отбөгегіш жүйелерді пайдаланумен;
г) ұшпа органикалық қосылыстардың өрт және жарылыс қауіпті шоғырлануының пайда болуын болдырмайтын желдету жүйелерін пайдаланумен;
д) тиімді өрт сөндіру құралдарын қолданумен қамтамасыз етілуі тиіс.
3) Жұмыс аймағының және елді мекендердің ауасындағы зиянды химиялық заттардың шекті жол берілген шоғырлануы осы Техникалық регламентке 2-қосымшада белгіленген талаптардан аспауға тиіс.
Зиянды заттар шоғырлануының жиынтығы оларды жинақтау әсерімен бірге қосқан кезде мынадай топтарда 1 (бірліктен) аспауы тиіс:
а) азот диоксиді мен күкірт диоксиді, көміртек оксиді мен фенол;
б) күкірт пен фенол диоксиді;
в) ванадий пентаксиді мен күкірт диоксиді;
г) азот диоксиді мен күкірт диоксиді.
Егер минералды ұнтақтар мен әртүрлі тау жыныстарынан және өнеркәсіптің техногенді қалдықтарынан жасалған басқа минералды тұтқырғыштарды алу кезінде зиянды химиялық заттардың шекті қолжетімді шоғырлануының құрамы әртүрлі болатын шаңның бір мезгілде бөлінуі мүмкін болса, онда олар да жиынтықтау тобын құрайды, себебі бір шаңның уытты әсері басқа (немесе басқалар) бір түрі (өзгеше түрлері) араласқанда артады;
4) Жол құрылысында пайдаланылатын топырақтар өндірілуі, құрамы, табиғи орнындағы жағдайы, ісінуі, шөгуі және басқа параметрлері бойынша үйлестірілген нормативтік құжаттарда белгіленген, топырақтардың қолданыстағы жіктелуіне сәйкес бөлінуге тиіс.
20. Шикізатқа қойылатын арнайы талаптар.
1) Жол-құрылыс материалдарына арналған шикізат мыналар болып табылады:
а) ауылшаруашылық өндірісі үшін жарамсыз, орман қоры жерлерінен - орман жапқан немесе бұталар және бағасы аз өзге өсімдіктер басқан жерлердегі карьерлерден қазып алынған тау жыныстарының және минералдар түйірінің әртүрлі деңгейінде жұмырланған қалдықтарынан (құм, қиыршықтас және қойтас) тұратын борпылдақ немесе әлсіз цементтелген тау жыныстары;
б) мұнайды өңдеу өнімдері;
в) өнеркәсіп өндірісінің қалдықтары және олардың негізіндегі тұтқыр материалдар (әртүрлі өндірістердің қождары, боксит қожы, ЖЭО күлі және басқалар);
г) борпылдақ жыныстар, көбінесе әртүрлі тұтқырлықтағы табиғи битумдар сіңдірілген ұсақ және шаңды құмдар (битумдалған жыныстар).
2) Бетон ерітінділерде және бетонда қолданылатын тас материалдарды өндіруге арналған шикізаттағы зиянды құрауыштар мен қоспалар (жыныстар мен минералдар) құрамы мыналардан артық болмауға тиіс:
а) сілтілерде еритін кремний диоксидінің аморфты өзге түрлері үшін - 50 ммоль/л;
б) SO3 қайта есептегенде, сульфаттардың (гипс, ангидрит және басқалар) массасы бойынша - 1,5 %;
в) пириттің массасы бойынша - 4 %;
г) егер слюдалар, гидрослюдалар, хлориттер немесе басқалар жыныс түзетін минералдар болып табылатын болса, қабатты силикаттардың көлемі бойынша - 15 %;
д) хлор ионына қайта есептегенде галоидты қосылыстардың (галит, сильвин және суда еритін хлоридтерді қоса алғанда басқалары) массасы бойынша - 0,1 %;
е) асбесттің бос талшықтарының массасы бойынша - 0,25 %;
ж) көмірдің және ағаш қалдықтарының массасы бойынша - 1,0 %;
и) аталған жыныс түзуші минералдардың (магнетит, гетит, гематит және басқалар, апатит, нефелин, фосфорит) әрбіреуінің көлемі бойынша - 10%, немесе олардың қосындысынан 15 %-дан артық емес көлемде.
3) Минералды ұнтақтарды дайындау үшін пайдаланылатын шикізаттағы бір жарым тотықтың құрамы (Al2O3+Fe2O3) массасы бойынша мынадай пайыздан (%) аспауы тиіс:
а) 5,0 - белсендендірілген ұнтақтар үшін;
б) 1,7 - белсендендірілмеген ұнтақтар үшін.
4) Жылу электр станцияларының желмен ұшырылған күл және күлқожды қоспаларының қыздыру кезіндегі кемулері массасының 20 %-нан артық болмауы тиіс.
5) Белсендендірілген ұнтақтарды дайындау үшін пайдаланылатын битумдалған жыныстарда органикалық заттардың құрамы массасы бойынша 2% бастап 15 %-5а дейін болуға тиіс.
6) Ұнтақтар дайындау үшін пайдаланылатын қатты жыныстарда және ұнтақ қалдықтарында мыналардың болуына жол беріледі:
а) белсенді СаО+MgO - массасы бойынша 3 %-дан артық емес;
б) суда еритін қосылыстар - массасы бойынша 6 %-дан артық емес.
7) Минералды ұнтақтарды дайындау үшін пайдаланылатын фосфорлы қождарда Р2O5 құрамы массасы бойынша 2 %-дан артық болмауға тиіс.
8) Түріне байланысты шикізат жол-құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне әсер ететін мынадай негізгі көрсеткіштермен сипатталады:
а) беріктігі (уатылуы, мүжілуі);
б) тозуға төзімділігі;
в) аязға төзімділігі;
г) суға төзімділігі;
д) жылуға төзімділігі;
е) минералогиялық (петрографикалық) құрамы;
ж) түйірлік (ұнтақталған) құрамы;
и) түйіршіктік құрамы;
к) тұтқырлығы;
л) адгезия, кіріктенуі;
м) өртке төзімділігі;
н) жарамдылық мерзімі.
21. Жол-құрылыс материалдарына қойылатын арнайы талаптар.
Жер төсемін көтеру және жол төсемесінің құрастырылымдық қабаттарын, инженерлік құрылыстарды, жол жағдайын және белгілеулерін орнату үшін физика-химиялық қасиеттері бойынша (беріктігі, тозуға төзімділігі, суға төзімділігі, аязға төзімділігі, жылуға төзімділігі, минералогиялық, түйірлік және түйіршіктік құрамы, тұтқырлығы, адгезия және кіріктенуі және басқалар) оларды және көліктік жүктеме мен табиғи факторлар бірлесіп әсер еткен кезде төзімділікті қамтамасыз ететін жол-құрылыс материалдары қолданылуға тиіс.
1) Беріктік (ұсақталғыштығы, аязға төзімділігі, жылуға төзімділігі, үйкелуі, шөгуге орнықтылығы, жарылуға төзімдігі) суға төзімділік, тұтқырлық көрсеткіштері қарқындылығы мен қозғалу құрамы, қысқы және жазғы температураларға материалдың төзімділігі және олардың өңірдің климаттық жағдайларында автомобиль жолдарында жер төсемін көтеру және жол төсемесінің құрастырылымдық қабаттарын, жолдың инженерлік құрылыстарын, жол жағдайы мен белгілеулері үшін жол-құрылыс материалдарының қолданылуын қамтамасыз етеді.
2) Аязға төзімділігі мен жылуға төзімділігі жол-құрылыс материалдарының әртүрлі климаттық жағдайларда қолданылуын сипаттайды.
3) Түйірлік (түйіршіктелген) құрамы қабат материалының тығыздығын, беріктігін және шөгуге орнықтылығын қамтамасыз етуге және жабынның ілінісу (автомобиль доңғалағының жабынмен ілінісуі) сапасына ықпал етеді.
4) Адгезия, кіріктену органикалық және минералды материалдардың бірлескен жұмысын сипаттайды және көлік имараттарын (автомобиль жолдары, көпірлер, құбырлар, өтпе жолдар және басқалар) пайдалану процесінде олардың суға төзімділігін қамтамасыз етеді.
5) Осы Техникалық регламентте олардың функционалдық қолданысына байланысты көзделген жол-құрылыс материалдарының физика-химиялық қасиеттерінің (параметрлерінің) нақты мәндері үйлестірілген нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес болуға тиіс.
6) Жол-құрылыс материалдары және оларды автомобиль жолдарын салу, жөндеу және қайта жаңарту кезінде қолдану судан немесе желден мүжілудің туындау ықтималдығын азайтуды қамтамасыз етуі тиіс.
7) Жаңа жол-құрылыс материалдарын (жаңадан жасалған немесе бұрын қолданылғандардың жақсартылғаны) оларды белгіленген тәртіппен өндіріске қойғаннан кейін ғана қолдануға рұқсат етіледі.
8) Бетондарға арналған толтырғыштар ретінде қолданылатын шағылтас пен қиыршықтас цемент сілтілерінің химиялық әсеріне орнықты болуға тиіс. Белсендендірілмеген минералды ұнтақ үшін, оларды тасымалдағанда, қолданғанда және сақтағанда табиғи факторлардың әсерінен қорғау шаралары қамтамасыз етілген болуы тиіс.
9) Жолшыбай өндірілетін аршылған және араласушы тау жыныстары мен келдерді (металлургия өнеркәсібінің қара, түсті және сирек кездесетін металдарын) және өнеркәсіптің басқа салаларының бейметалл қазбаларын қайта өңдеу жөніндегі тау-кен кәсіпорындарының кондициялық емес қалдықтарынан алынған шағылтас ыдыраудың барлық түрлеріне қарсы орнықты болуы тиіс.
10) Шағылтас, қиыршықтас, және құмның құрамында қоқым түсіретін басқа қоспалар, оның ішінде жол құрылыстарына арналған шағылтас үшін металл - 5 %-дан артық және қожды құм үшін 3%, шаң-балшық бөлшектер 1-ден 3%-ға дейін, сондай-ақ қолданылатын материалдың арналуына, түріне және беріктігіне байланысты кесектердегі балшық 0,25 бастап 1%-дан артық болмауы тиіс.
11) Жол-құрылыс материалдары ретінде пайдаланылатын битумдалған жыныстар кейіннен кедір-бұдырлы беттік өңдеу орнатумен елді мекендерден тыс автомобиль жолдарын салу кезінде қолданылуы мүмкін.
12) Геосинтетикалық материалдар жанғыштықтың 2-тобына жататын уыттылығы аз құрауыштардан дайындалуға тиіс.
13) Майғындар - адамның мүшесіне әсер ету деңгейі бойынша аз қауіпті заттар және қауіптіліктің 4-сыныбына жатады. Майғындар өрт және жарылыс қауіпті материалдар болып табылмайды.