15. Осы баптың 11-13-тармақтарында аталған тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының өзінің ғана тәуекелі және оның пайдасына ғана шешілетін тәуекел сақтандырылуы мүмкін.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен (бұр. ред . қара) 8 -бап өзгертілді
8-бап. Сақтандыру салалары мен сыныптарын бiрiктiру
1. Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру ұйымының қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша лицензия немесе "жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензия негiзiнде сақтандырудың лицензияда көрсетiлген тиiстi сыныптары шегiнде жүзеге асырылады.
2. "Жалпы сақтандыру" саласындағы қызметтi:
1) "өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметпен бiрiктiруге;
2) жинақтаушы сақтандыру нысанында жүзеге асыруға болмайды.
3. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған сақтандыру сыныптары шегіндегі тәуекелдерді сақтандыруды қоспағанда, "өмірді сақтандыру" саласындағы қызметті "жалпы сақтандыру" саласындағы қызметпен, сондай-ақ сақтандырудың міндетті нысанындағы тиісті сыныптарды біріктіре алмайды.
4. Сақтандыру ұйымы, өзiнде сақтандырудың тиiстi сыныптары көрсетiлген және осы Заңда белгiленетiн сақтандыру сыныптарын бiрiктiру жөніндегі шектеулер ескерiлген лицензия болған жағдайда, сақтандырудың екi және одан көп сыныптарының белгiлерi мен мазмұнын ұштастыратын сақтандыру түрiн әзiрлеуге құқылы.
5. алып тасталды
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр. ред . қара)
9-бап. Қайта сақтандыру жөніндегі қызмет
1. Қазақстан Республикасының аумағында қайта сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі қызмет осы Заңда көзделген тәртіппен лицензиялануға тиіс.
2. Сақтандыру ұйымы қайта сақтандыру жөніндегі лицензиясыз сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруді жүзеге асырады.
3. Сақтандыру ұйымы қайта сақтандыру жөніндегі лицензия болғанда ғана сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға қабылдауға құқылы.
4. "Жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымы тек қана "жалпы сақтандыру" саласында сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыру жөнінде лицензия алуға және қызметті жүзеге асыруға құқылы.
5. "Өмірді сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымы тек қана "өмірді сақтандыру" саласында сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыру жөнінде лицензия алуға және қызметті жүзеге асыруға құқылы.
6. Қайта сақтандыруды қайта сақтандыру жөніндегі лицензия негізінде қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымы "өмірді сақтандыру" және "жалпы сақтандыру" салаларында сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыруды жүзеге асыруға құқылы.
7. Сақтандыру ұйымын құру, оның қызметін лицензиялау, реттеу және тоқтату бөлігіндегі осы Заңның нормалары қайта сақтандыруды қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымдарын құру, олардың қызметін лицензиялау, реттеу және тоқтату талаптарына қолданылады.
ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Өзара сақтандыру қоғамы қайта сақтандыру тәуекелдерін қабылдауға құқылы емес.
3-тарау. Сақтандыру рыногы
10-бап. Сақтандыру рыногының қатысушылары
Қазақстан Республикасы сақтандыру рыногының қатысушылары:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы;
2) сақтандыру брокерi;
3) сақтандыру агентi;
4) сақтанушы, сақтандырылушы, пайда алушы;
5) актуарий;
6) 2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
7) ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8) сақтандырумен байланысты кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын өзге де заңды және жеке тұлғалар болып табылады.
ҚР 11.06.03 ж. № 436-11 Заңымен (бұр. ред. қара); ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен (бұр. ред . қара) 11-бап өзгертілді
11-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметi
1. Сақтандыру қызметi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметтiң негiзгi түрi болып табылады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру қызметiнен басқа қызметтiң мынадай түрлерiн:
1) инвестициялық қызметтi;
2) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде өзiнiң сақтанушыларына қарыз берудi «өмірді сақтандыру » саласында қызметті жүзеге асыратын (сақтандыру ұйымы үшін);
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын арнаулы бағдарламалық қамтамасыз етудi сатуды;
4) ақпарат берiлiмдерiнiң кез келген түрлерiнде сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi жөнiнде арнаулы әдебиет сатуды;
5) бұрын өз мұқтаждары үшiн сатып алынған (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы үшiн) немесе оның қарамағына сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты келiп түскен (сақтандыру ұйымы үшiн) мүлiктi сатуды немесе жалға берудi;
6) сақтандыру қызметiне байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызмет көрсетудi;
7) сақтандыру (қайта сақтандыру) саласында мамандардың біліктiлiгiн арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастыру мен жүргiзудi;
8) сақтандыру агентi ретiнде сақтандыру делдалы болуды;
9) осы Заңның 52-бабының 1-тармағында аталған қызметтi;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар портфелiн басқару жөніндегі қызметтi ("өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары үшiн) ;
11) сақтандыру ұйымдары арасындағы не сақтандыру ұйымдары мен ассистанс қызметін көрсететін өзге де заңды тұлғалар арасындағы бірлескен қызмет туралы шарттың негізінде жүзеге асырылатын ассистансты;
12) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қызметті жүзеге асыруға құқылы.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кәсiпкерлiк қызмет ретiнде осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген мәмiлелердi жүзеге асыруы мен операцияларды жүргiзуiне тыйым салынады.
4. Сақтандыру ұйымдары, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға кепiлдiк беретiн қор құруға құқылы. Қордың құрылу тәртібі мен қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
Сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылардың (сақтандырушылардың, пайда алушылардың) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қорға сақтандыру ұйымдарының міндетті қатысуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделуі мүмкін.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 11-1-баппен толықтырылды ; 2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 11-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-1- бап. Сақтандыру қызметін жүзеге асырудың жалпы талаптары
ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 11-1-бап толықтырылды
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру қызметін (қайта сақтандыру жөніндегі қызметті) жүзеге асыру құқығына лицензиясы, сақтандыруды белгілі бір түрі бойынша жүзеге асырудың жалпы талаптарын айқындайтын сақтандыру ережелері және ішкі ережелер болғанда ғана сақтандыру қызметін жүзеге асыруға құқылы.
Өзара сақтандыру қоғамы Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда сақтандыру қызметін лицензиясыз жүзеге асыруға құқылы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ішкі ережелері:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бөлімшелерінің құрылымын, міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін;
2) ішкі аудит қызметінің және басқа да тұрақты жұмыс істейтін органдардың құрылымын, мүшелерінің санын, міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының техникалық (сақтандыру), инвестициялық, кредиттік, операциялық, рыноктық және басқа да тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатын ашып көрсететін тәуекелдерді басқару жүйесін;
4) құрылымдық бөлімшелер басшыларының құқықтары мен міндеттерін;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері оның атынан және оның есебінен мәмілелерді жүзеге асырған кезде солардың өкілеттіктерін;
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 6), 7) және 8) тармақшалармен толықтырылды
6) сақтанушылардың (сақтандырылушылардың), жәбірленушілердің (пайда алушылардың) және олардың өкілдерінің жазбаша және ауызша өтініштерін, сондай-ақ сақтандыру жағдайлары мәселелері бойынша келіп түсіп жатқан өтініштер мен құжаттарды тіркеу тәртібін;
7) сақтандыру жағдайларының мәселелері жөніндегі өтініштер мен құжаттар бойынша оларды қарау және сақтанушыларға (сақтандырылушыларға), жәбірленушілерге (пайда алушыларға) жауап беру тәртібін;
8) сақтандыру төлемі туралы шешімді қабылдау рәсімін айқындауға тиіс.
3. Сақтандыру ережелерін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ішкі ережелерін директорлар кеңесі бекітеді.
Осы абзацтың талабы «жалпы сақтандыру» саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары үшін 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өз штатында актуарийі болмаса, сақтандыру қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.
Актуарий өз қызметін басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында қоса атқаруға құқылы емес.
12-бап. Жинақтаушы сақтандыру жөніндегі қызметтi жүзеге асырудың ерекшелiктерi
1. Жинақтаушы сақтандыру жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарын ескере отырып, өзiнiң сақтанушыларына сатып алу сомасы шегiнде қарыз беруге құқылы.
2. Сақтандыру ұйымы аннуитет шарты қолданылатын кезеңде актуарийдiң қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген тәртiппен тұрақты берiлiп тұратын сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн ұлғайтуға құқылы.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 13-бап өзгертілді ( бұр. ред . қара)
13-бап. Ортақ сақтандыру жөніндегі қызмет
1. Сақтандыру пулын жасау арқылы тәуекелдерді сақтандыруды жүзеге асыру кезінде ортақ сақтандыру шарты жетекші сақтандыру ұйымының функциялары мен өкілеттіктерін өзіне қабылдайтын сақтандыру ұйымының талаптары негізінде жасалады.
2. Лицензиясында тиiстi сақтандыру сыныбы көрсетiлмеген сақтандыру ұйымының ортақ сақтандыру iсiне қатысуына тыйым салынады.
2006.05.05 № 139-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді; ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Лицензиясыз қызметке тыйым салу
1. Уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлғаның:
1) өз атынан сақтандыру, қайта сақтандыру жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға, негiзгi немесе Қосымша қызмет түрi ретiнде сақтандыру брокерiнiң, актуарийдiң қызметiн көрсетуге;
2) өзiнiң атауында, құжаттарда, хабарландырулар мен жарнамада "сақтандыру ұйымы", "қайта сақтандыру ұйымы", "сақтандыру брокерi" деген сөздердi немесе оның өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру операцияларын жүзеге асыруды бiлдiретiн не сақтандыру брокерi, актуарий ретiнде көрiнетiн туынды сөздердi (сөз тiркестерiн) пайдалануға құқығы жоқ..
2. Өзара сақтандыру қоғамдарының, Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актісінде белгіленген қызметін қоспағанда, сақтандыру қызметін лицензиясыз жүзеге асыруына тыйым салынады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред . қара) 15-бап өзгертілді
15-бап. Трансшекаралық сақтандыру және қайта сақтандыру
1. Сақтандыру ұйымының басқа мемлекеттiң аумағында сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға байланысты сақтандыру трансшекаралық сақтандыру болып табылады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзі қайта сақтандыруға қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін беруі пруденциялық нормативтерді есептеу тәртібіне қойылатын талаптар ескеріліп жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге шығатын автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымының атынан сақтандыру шартын жасасу жөніндегі делдалдық қызметке жол берiлмейдi.
4. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымының атынан Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге шығатын автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметтi тиiстi сақтандыру сыныбы көрсетiлген уәкiлеттi органның лицензиясы бар Қазақстан Республикасының резиденттерi - сақтандыру ұйымдары және аталған Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымымен жасалған тиiстi шарты болған жағдайда Қазақстан Республикасының резиденттерi - сақтандыру брокерлерi жүзеге асыра алады.
5. 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен алып тасталды ( бұр. ред . қара)
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды
15-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларына жеңілдікті жағдайлар жасалуына тыйым салу
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларына жеңілдікті жағдайлар жасауына тыйым салынады.
2. Жеңілдікті жағдайлар жасау:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасымен мәмілеге келуді немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзінің табиғаты, мақсаты, ерекшеліктері мен тәуекелі бойынша аффилиирленген тұлға болып табылмайтын клиенттермен оның мүддесі үшін мәмілеге келмеуін;
2) сақтандыру тарифін төмендетіп қолдануды не басқа сақтанушыларға қарағанда жоғары сақтандыру төлемін жүзеге асыруды білдіреді.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қандай да бір тұлғамен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасы алдындағы міндеттемесін төлеу мүмкіндігін оған беру мақсатында мәмілеге келе алмайды.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасымен мәміле осы баптың 1-тармағының талаптары ескеріле отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесінің шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларына берілген (орналастырылған) активтерге қатысты талап құқықтарынан бас тарту кейіннен акционерлердің жалпы жиналысын хабардар ету арқылы жүзеге асырылады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және:
өзі;
өзінің кез келген жақын туыстарының бірі;
өзі немесе жақын туыстарының бірі лауазымды адамы немесе ірі қатысушысы болып табылатын кез келген заңды тұлға арасындағы кез келген мәмілені қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатыспауға тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасы арасындағы кез келген мәміле бойынша директорлар кеңесінің шешімі оның барлық шарттарын директорлар кеңесі қарағаннан кейін ғана қабылдануы мүмкін.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларымен жасалатын барлық мәмілелер туралы ақпаратты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген нысандар бойынша беруге міндетті.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Сақтандыру ұйымына сақтанушыларға ақпарат беру жөнiнде қойылатын талаптар
1. Тұрақты жұмыс iстейтiн органының орналасқан жерi өзгерген, атауы өзгерген жағдайда сақтандыру ұйымы бұл жөнiнде өзiнiң сақтанушыларына республикалық екi газетте хабарландыру жариялау арқылы бiр айдан кешiктiрмей хабарлауға мiндеттi.
Өзiнiң оқшауланған бөлiмшесiнiң орналасқан жерi өзгерген жағдайда сақтандыру ұйымы бұл жөнiнде өзiнiң сақтанушыларына тиiстi екi облыстық газетте хабарландыру жариялау арқылы бiр айдан кешiктiрмей хабарлауға мiндеттi.
2. Сақтандыру ұйымы сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияның тиiстi түрде куәландырылған көшiрмесiн оны көрiп, танысуға болатын жерге орналастыруға мiндеттi.
3. Сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушының сақтандыру ұйымынан оның қызметінің кірістері мен шығыстары туралы баланс пен есептен тұратын жылдық қаржы есебін және аудиторлық ұйым куәландырған аудиторлық есепті сұратып алуға құқығы бар.
4-тарау. Сақтандыру делдалдығы
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-1- баппен толықтырылды
16-1-бап. Сақтандыру брокерін құру
1. Сақтандыру брокерінің ұйымдық-құқықтық нысаны жауапкершілігі шектеулі серіктестік не акционерлік қоғам болып табылады.
2. Сақтандыру брокерінің атауы "сақтандыру брокері" деген сөздерден немесе осы сөздерден туындайтын сөздерден құралуға тиіс.
3. Сақтандыру брокеріне өз атауында "ұлттық", "орталық", "бюджеттік", "республикалық" деген сөздерді пайдалануға тыйым салынады.
4. Бұрын құрылған сақтандыру брокерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру брокерлерінің атауларымен аралас дәрежеге дейінгі бірегей немесе ұқсас белгілерді атауы ретінде пайдалануға жол берілмейді. Осы тыйым салу еншілес сақтандыру брокері өзінің бас ұйымының атауын пайдаланған жағдайда қолданылмайды.
5. Сақтандыру брокерін мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-2-баппен толықтырылды
16-2-бап. Сақтандыру брокерінің құрылтайшыларына қойылатын
талаптар
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының немесе оның қызметкерлерінің сақтандыру брокерін құруына немесе оның қызметіне қатысуына тыйым салынады.
2. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары мен қызметкерлеріне бір мезгілде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында қызмет атқаруға болмайды.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-3-баппен толықтырылды
16-3-бап. Сақтандыру брокерінің жарғылық капиталын
қалыптастыру
1. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары, қатысушылары не акционерлері сатып алынатын қатысу үлестерін не акцияларды ұлттық валютадағы ақшамен ғана төлеуге міндетті.
2. Құрылатын сақтандыру брокерінің жарғылық капиталының ең аз мөлшерін оның құрылтайшылары оны мемлекеттік тіркеу сәтіне дейін толық төлеуге тиіс.
3. Жарғылық капиталдың ең аз мөлшеріне және сақтандыру брокері қызметінің өзге де шарттарына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 17- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
17-бап. Сақтандыру брокерінің қызметі және оған қойылатын
талаптар
1. Сақтандыру брокерінің қызметі ерекше қызмет түрі болып табылады және уәкілетті органның лицензиялауына жатады.
Сақтандыру брокерінің сақтандыру агенті қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2. Сақтандыру брокері мынадай брокерлік қызмет түрлерін:
1) өз атынан және сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын немесе өз атынан және цеденттің тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) мәселелері бойынша консультация беру қызметін;
3) сақтандыруға (қайта сақтандыруға) жеке және заңды тұлғаларды іздеу мен тартуды;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары көрсететін қызметтерге және қаржылық жағдайына салыстырма талдау жасауды;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары көрсететін қызметтерге салыстырма талдау жасау мақсатында сақтандыру объектілері туралы ақпарат жинауды;
6) клиенттердің тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын, сақтандырушыларды (қайта сақтандырушыларды) таңдау өлшемдерін әзірлеу, сақтандыру тәуекелдерін анықтау жөніндегі сараптамалық қызметтер көрсетуді;
7) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасасуға қажетті құжаттарды дайындау және (немесе) ресімдеуді, сақтандыру мәселелері бойынша ақпарат жинауды;
8) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын ресімдеуді;
9) сақтанушымен (цедентпен) тиісті келісім болғанда, оларды кейіннен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына аудару үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтанушылардан (цеденттерден) сақтандыру сыйлықақыларын жинауды;
10) клиенттердің тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) немесе ортақ сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру тәуекелдерін орналастыруды;
11) сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасасу, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, сақтандыру жағдайы басталғанда шағымдарды қарау кезіндегі құжаттардың, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға байланысты басқа да құжаттардың дұрыс және уақтылы ресімделуін қамтамасыз етуді;
12) консультация өткізуді және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (цеденттің), пайда алушының сақтандыру төлемін алуына жәрдемдесуді;
13) берілген өкілеттіктерге сәйкес сақтандыру төлемін алуға қажетті құжаттарды ресімдеуді;
14) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін оларды кейіннен сақтанушыға (цедентке), пайда алушыға беру үшін жинауды;
15) мүдделі тұлғалардың тапсырмасы бойынша сақтандыру жағдайы туындаған кезде шығынды қарау және реттеу жөніндегі құжаттар дайындауды;
16) залалды бағалау және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау жөніндегі сарапшылар қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады.
3. Сақтандыру брокері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының тарапы болып табылмайды.
4. Сақтандыру брокерінің негізгі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі сақтандыру брокері қызметін жүзеге асырудың ішкі ережелерінде айқындалуға тиіс.
18-бап. Сақтандыру агентiнiң қызметi
1. Сақтандыру агентiнiң сақтандыру рыногында делдалдық қызметтi жүзеге асыруға өкiлеттiгi сақтандыру ұйымының тиiстi құжаттарымен белгiленедi.
Сақтандыру агентiнiң өкiлеттiгi болмаған жағдайда оның сақтандыру агентi ретіндегі қызметiне жол берiлмейдi.
2. Сақтандыру ұйымы, өзiнiң атынан сақтандыру агентi сақтандыру ұйымынан алған өкiлеттiк шегiнде жасаған сақтандыру шарты бойынша қабылдаған мiндеттемелердi сақтандыру ұйымының өзi тiкелей қабылдаған мiндеттемелер ретiнде орындайды.
3. Сақтандыру агентi сақтауға мiндеттi талаптар, оның iшiнде сақтандыру құжаттамасы бланкiлерiнiң есебiн жүргiзу мен сақтау, қолмақол ақшамен жұмыс жүргiзу мәселелерi жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары ескерiле отырып, сақтандыру ұйымының iшкi құжаттарында белгiленедi.
4. Сақтандыру ұйымы сақтандыру делдалдығы операцияларын жүргiзуге өзi уәкiлдiк берген сақтандыру агенттерiнiң тiзiлiмiн жүргiзiп отыруға мiндеттi.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 18-1- баппен толықтырылды
18-1-бап. Сақтандыру агентіне қойылатын талаптар
1. Жеке тұлғаның заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болса, ол сақтандыру агенті бола алмайды.
2. Сақтандыру агенті өз қызметінде:
1) сақтанушыға агенттік келісімді немесе сақтандыру ұйымының атынан және оның тапсырмасы бойынша өзінің сақтандыру шартын жасасуға құқығын куәландыратын өзге де құжатты көрсетуге;
2) сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына сақтандыру ұйымы (сақтандыру ұйымдары) лицензиясының көшірмесін қоса алғанда, өзі соның (солардың) сақтандыру агенті болып табылатын сақтандыру ұйымы (барлық сақтандыру ұйымдары) туралы ақпарат беруге;
3) сақтанушының талап етуі бойынша жасалған сақтандыру шарты бойынша сақтандыру талаптарымен таныстыруға міндетті.
5-тарау. Актуарийлік қызмет және аудит
19-бап. Актуарийлiк қызмет
1. Актуарийлiк қызметтi жүзеге асыруға уәкiлеттi орган берген лицензиясы бар жеке адам актуарий болуға құқылы.